Осы уақыттың ішінде қазақ халқының басынан әр түрлі кезеңдер өтті. Қазақ халқы қайсарлық, қайтпас күрестердің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді



Дата17.09.2023
өлшемі18.86 Kb.
#477746
эссе


Осы уақыттың ішінде қазақ халқының басынан әр түрлі кезеңдер өтті. Қазақ халқы қайсарлық, қайтпас күрестердің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздікке жету — қазақ халқы үшін даңғыл жол болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ ұлттық мемлекеттің іргетасы осы тарихи кезеңдерде қалыптасқан болатын, сондықтан да азаттық жолындағы қасиеті де, қасіретті күрестің тарихын зерттеу қазіргі таңда зор маңызға ие болып отыр.
Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысының шежіресіндегі ең бір жақын белес болып табылады. Кеңестік тарихнамада жүздеген көтеріліс таптық сүзгіден өткізіліп, саусақпен санарлық бірнешеуі ғана оқулықтарға енгізілді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс осы санаулының бірі болды. Бұған дейін, Кеңестік тарихтану 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқиғаларды баяндауда, тарихи шындықты ашуды мұрат тұтпай, қалай болғанда да көтеріліске қатысушыларды реакциялық бағыт ұстанған күш ретінде көрсетуді көздеді. Патша өкіметінің отарлық саясаты, шұрайлы жерлерді тартып алуы да көтеріліс отын үрлейді. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Торғайда Амангелді Имановтың, Жетісуда Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болып, аңызға айналды. Әсіресе, Амангелді батырдың қазасын кеңестік билік Алаш зиялыларына қарсы 1920-1930 жылдардағы сот-тергеу амалдарында барынша кең пайдаланып, Алашты қалың жұртшылық алдында құбыжық ретінде көрсетуге жанын салды.1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін артыруда зор рөл атқарды. Шын мәнінде мәселе анағұрлым күрделірек болатын. Бұрын азды-көп мәлім, сондай-ақ зеттеу жұмыстарына әлі тартылып үлгермеген тың деректік материалдарға сүйене отырып, көтеріліс қарсаңындағы және барысындағы жағдайлар шынайы түрде жазыла бастады. Әрине, Қазақстанның шынайы тарихын жазу- тәуелсіздікке қол жеткізудің жемісі.
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері академик Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Асылбек Бисенбаев бастаған тарихшылар мәселеге жаңаша ұстаныммен қарауға, ұлт-азаттық көтерілістерді ірі-ұсақ деп бөліп-жармай, таптық көзқарастан арылып, кең ауқымда қарастыруға бағыт түзеді.
Тарих ғылымында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті зерттеудің тағы бір тәсілі сол кезеңде ауыздан-ауызға тараған өлең-жыр, фольклор арқылы қарастыру. Аталған көтерілісті шығармашылығының ең негізгі тақырыбының бірі еткен – Жамбыл Жабаев. Ол осы көтеріліске қатынасқан, тарихи оқиғаның куәсі болған. Қолындағы домбырасын қару етіп, елді рухтандырып, патша өкіметінің қанауына қарсы көтеріліске шақырған. Жамбылдың шығармалары – біз үшін қымбат қазына. Өйткені ол 1916 жыл оқиғасына арналған жырларында тарихи шындықты нақты түрде баяндап бере алған. Солардың бірі, атап айтқанда, жырда Қарғалы көтерілісі туралы былай делінеді:
Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
«Қарғалы» деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп,
«Көресің бұл істі, – деп, – кезегінде».
Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға қаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап…
Жалпы, Жамбыл жырларында көтерілістің тууы, өрбуі, халықтың сана-сезімінің оянуы жан-жақты жырланады. Көтеріліске тікелей қатынасушы Көдек Маралбайұлы кезінде 1916 жылға арналған дастан шығарған. Ол қазақстандық оқырмандарға әлі толық таныс емес. Осындай дүниелердің қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны мен олардың көтеріліс тарихнамасына қатысы мен дерек көздері ретіндегі маңызын да ғылыми тұрғыдан қарастырсақ.
Қазақ зиялыларының көтеріліске деген көзқарасы, патша жарлығы жарияланғаннан кейінгі әртүрлі әлеуметтік топтардың бірігу дәрежесі, көтерілісші сарбаздар мен олардың отбасыларының Қазақстаннан тыс жерлерге кетіп қалу жағдайлары және оның себептері, майданның қара жұмысына алынған жігіттердің тағдыры тағы басқа көптеген мәселелер қазақ халқының тарихына жаңа көзқарас тұрғысынан жазыла бастады. К.Нүрпейісов «Азаттық үшін арпалыс» деген мақаласында көтерілістің Торғай және Қазақстанның басқа аймақтарындағы оқиғаларды сипаттай келіп: «Ұлттық және әлеуметтік езгінің күшеюі, соғыс тудырған қиыншылықтарға байланысты халық бұқарасының қайыршылануы, қымбатшылық пен аш-жалаңаштылықтың өріс алуы, міне, осының бәрі еңбекші бұқара тарапынан жаппай наразылық тудырады.
1916 жылғы көтеріліс жайлы баяндағанда көп айтыла бермейтін, бірақ зерттеуді қажет етенін дін мәселесі. 1916 жылғы көтеріліс себептерін түгендегенде отандық тарихшының пікірімен қырғызстандық тарихшы Толобек Абдырахманов та келіседі. Дін мәселесі жергілікті халықтың көтеріліс жасауына жанама түрткі ретінде әсер еткен. Мәселен, сол кездері 200-дей ауылда шіркеулер жұмыс істеп тұрды. Шіркеу салуға ешқандай шектеу болмады. Ал мешіт салу үшін отаршыл генерал-губернатордың арнайы рұқсаты керек болған, – дейді қырғыз ғалымы. Осындай шетін жағдайда патшаның тылға адам алу жарлығы жетті. Ол дәл ораза кезі еді. Молдалар «оразаны ешкімнің бұзуға хақы жоқ» деп жастарды қарсылыққа алып шықты, – дейді тарихшы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет