Таулы аймақ жануарлары
Кене.
Қазақстанның таулы аймақтарының да өзіне тән жануарлары бар. Мұндай аймақтар қатарына Алтай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань және Сарыарқаның аласа таулары жатады. Оларды мекендейтін жануарлар типі де біркелкі емес. Негізінен, оларда солтүстіктен және оңтүстіктен, Жерорта теңізінен, Қытайдан ауып келген аңдар көбірек кездеседі. Таулы аудандардың жалпақ жапырақты, қылқан жапырақты ағаштарынан қорек алатын, грек жаңғағын шағатын, пісте, бадам жемістерін жейтін аңдар (тиін, орман тышқаны, саңырау құр, қарабауыр шіл, үкі, қаршыға, тоқылдақтың кей түрлері, т.б.) мол. Бұлардан басқа Алтайда қоңыр аю, тундра құры, may ұлары кездеседі. Жерорта теңізінен ауысып, Алтайға жетпей, Тянь-Шань, Тарбағатай (Барқытбел) шекарасынан өтпей қалған құстар қатарына гималай ұларын, байғызды атауға болады. Жетісу Алатауы, Күнгей Алатауы бойын бұғы, сілеусін, шиқылдақ торғай, шақылдақ тышқан, шымшық, Батыс Тянь-Шаньды ұзын құйрық тышқан, жайра, көк қарға, суықторғай, шыбыншы торғай, ақтамақ бұлбұл мекендейді. Бұлардан басқа Орталық Тянь-Шаньда алтай суыры, имектұмсық балықшы, қызыл мойын бұлбұл ұшырасады. Іле Алатауының төменгі шөлмен ұласып жатқан зонасынан бастап, суармалы егістігі бойында, одан жоғарғы альпі шалғынында, мәңгі қар жататын тау басында өсіп-өнген жануарлар түрінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Алма, өрік, долана, шетен және т.б. бұталы жемістер алқабында кеміргіштер мен кұстардың ірі түрлері қоныстанған. Шыршалы орманда бұғы, сілеусін, елік, альпі шалғынында таутеке, барыс, арқар кездеседі. Құстардың да әр түрі ұшырасады.
Көлді аймақ, тоғайлы және бұталы жер жануарлары
Үкі.
Қазақстанның көлді аймақтарын, тоғайлы, бұталы жерлерін мекендейтін жануарлар түрі де әр алуан. Оларда құстар ұя салады. Тоғай ішінде бүркіт тұқымдас қарақұс, бөктергі, ұзын құлақты жапалақ, сұр шымшық кездеседі. Қырларда дала мысығы, Сырдария бойының тоғайларында шиебөрі, тоғай бұғысы жүреді. Өзенді алқаптар мен бұталы жерлерде қабан, елік, ақкіс мекендейді. Өзен-көлдер бойы құсқа бай, теңіздер мен су қоймаларында балық түрлері де мол. Аралда балықтың 40, Каспийде 50 түрі және итбалық мекендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |