Өз қатарыңның талантты өкілі
Жұмағали Ысмағұлов туралы мұңды сыр
Жұмағали ағамыз да дүниеден өтті. Еліміздің ғылымы мен білімі саласында шоқ жұлдыздай болған арыстар: Шайсұлтан Шаяхметов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Жұмағали Ысмағұлов... Бұл арыстарын Қостанай елі атақ-даңқтары үшін ғана емес, кісілігі мен кішілігі үшін аспанға көтеретін.
Осы эссенің тақырыбына шығарған сөздерді академик Серік Қирабаев айтыпты. «Жұмекең өз қатарының жан-жақты талантты өкілі болды. Шебер журналист, кәнігі аудармашы, сыншы-әдебиетші, филолог ғалым істеген ісін тиянақты, үстінен біреу қарап жөндемейтіндей етіп жасаушы еді. Қысылған кезде оған елдің бәрі қолқа салып жататын. Енді ондай маман қайда?!» – депті ғұлама ғалым.
Қазақтың тағы бір оқымыстысы Шерияздан Елеукенов: «Стендальдің әлем әдебиетінің інжу-маржаны «Қызыл мен қара» атты романын аударып шығуын өз басым үлкен шығармашылық ерлікке балаймын», депті.
«Қолына қаршадайынан қалам алып, қазақ журналистикасын өгіздей өрге сүйреген өрен қаламгердің өрі-қыры бірдей бесаспап еді». Мұны ұзақ жылдар Жүкеңмен қызметтес, пікірлес, сырлас болған жазушы-публицист Сарбас Ақтаев айтыпты.
«Қазақ жұрты кісілігі мол, ішкі мәдениеті өте жоғары, биік зерде, аса білімдар азаматынан, ұлттық көркем аударма әдебиетінің классигінен айырылды. Бұл орны толмас өкініш, ауыр қаза» депті Қазақстан Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Байланыс және ақпарат министрлігі, Қазақстан Мәдениет министрлігі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған қазанамада.
Енді азды-кем Жұмағали ағамыздың өмірбаянына тоқтала кетейік.
Жұмағали Ысмағұлов 1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған. 1942 жылы орта мектептің 8 класын бітіргеннен кейін, Қостанайдағы оқытушылар институтының дайындық курсына барып түсіп, сол жылдың күзінде физика-математика факультетінің 1-курсына студент болып қабылданды. Алайда, соғыс уақытының қиын жағдайында оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, еңбекке араласты.
Еңбек жолын Әулиекөлдегі аудандық газетте бастаған ол 1946-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Коммунист» журналында (қазіргі «Ақиқат») қызмет істеді. 1954-1958 жылдары жауапты партия қызметін атқарып, СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқыды.
1961-1963 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Алматы облыстық «Жетісу», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттерінің редакцияларында жауапты қызметтер атқарды және Партия тарихы институтында сектор меңгерушісі болды.
1973 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) директорының орынбасары, 1982-1987 жылдары ҚазТАГ-тың директоры болып істеді.
1985 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1986 жылы Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Орталық Комитет мүшелігіне кандидат болып сайланды.
Оның қаламынан Стендальдің, Бальзактың, М.Горькийдің, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Островскийдің, Н.Добролюбовтың, тағы басқа авторлардың еңбектері қазақ тілінде жарық көрді.
Ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істей жүріп, Жұмағали ЬІсмағұлов үнемі баспасөз бетінде публицистикалық толғау, очерк, эссе, әдеби-сын мақалаларымен оқырман қауымының жылы ықыласына бөленді.
Жұмағали Ысмағұлов 1987 жылдан өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеп, қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерімен шұғылданды. Осы кезеңде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларын зерттеді. Институт жарыққа шығарған он томдық «Қазақ әдебиеті тарихына» белсене қатынасты. Міржақып Дулатұлының 2002-2004 жылдары жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағының жауапты редакторы болды.
Жұмағали Ысмағұловтың ғылыми-зерттеу жұмысында ұлы Абай мұрасын жаңа тұрғыдан зерделеу ісі ерекше орын алады. Ол 1996 жылы «Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Халықтар достығы, «Құрмет белгісі»,«Құрмет» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Жүкең Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор болатын.
Жұмағали ағамыз елді Колбин билеп тұрғанда орынсыз қыспақ көріп, қызметінен аластатылып еді. Сонда оған тағылған кінә не дейсіз ғой. ҚазТАГ-тың директоры бола тұра Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың соттағы суреттерін түсіріп, бұқаралық ақпарат құралдарына таратып, «саяси соқырлық көрсетті»...
Сол суретті біздің редакция да алып еді. Соттың шешімін қасқая тұрып қарсы алған жігіттердің көзінен жалын ұшқындап тұр еді. Редакцияның секретариатында істейтін кезім, фототелеграф арқылы келген әлгі суретке қайта-қайта таңдана қарап, нөмірге салып жібермекші болғаным бар, бірақ газеттің сол санында орын болмай, келесі нөмірге деп белгі соғып кейінге қалдырып едік...
Ертеңіне сол суретті жариялаған газеттердің басшылары орындарынан алынды, суретті таратқан ҚазТАГ директоры Жұмағали ағамыз да қызметтен кетті. Бір қызығы сол тұста Ысмағұлов тіпті өзге елде іссапарда жүрген екен. Бірақ азуы алты қарыс партия кімнің жағдайымен санасқан, «өзі – би, өзі – төс».
Ал шынына келсек, сағы сынбаған жап-жас жігіттердің мына суретін көрген шенеуніктердің шалқасынан түскеніне таңдануға болмас еді. Өйткені өз істерінің дұрыстығына сенген желтоқсандықтардың жігерлі жүзі мен өткір көзқарасы сезікті болып секіргендерінің өңменінен өтіп бара жатыр еді...
Бірақ бұл сорақы шара ағамызды мұқалта алмады. Ол ғылым жолына дендеп түсіп, тау қопарды. Қашан ақырғы демі біткенше қайсарлықпен қаракет етті, артына өшпес мұра қалдырды. Ондаған өзінің іні-қарындастарын ғылымның қиын соқпағына салып, ұстаздық етті. Жүкеңнің сондай шәкірттерінің бірі – Қостанайдың қайраткер қызы Мәрияш Қадырәлинова. Ол аға жетекшілігімен докторлық диссертация қорғады, профессор қарындасымыз бүгіндер білім беру саласының тәжірибелі ұйымдастырушысы, колледж директоры.
Қостанай өңірінің мақтанышы Жұмағали Ысмағұлов ағамыздың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен ағайын-туғандарына облыс басшысы Сергей Кулагин көңіл айтты, облыстан арнайы адамдар Алматыға барып, жерлеу рәсіміне қатысты. Жүкеңнің туған ауданы – Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары Солдат Дүтбаев пен Жүкеңнің туған ауылы – Соналыдағы орта мектеп директоры Қаду Сақауов аға қабіріне топырақ салып, жерлестері атынан қоштасу сөздерін айтты.
Азалы жиында Жүкеңнің жақсы көретін інілерінің бірі, ағасының 80 жылдық мерейтойы өткен 2008 жылы Қостанайға ғалыммен бірге келген қазақтың көрнекті ақыны Шөмішбай Сариев өзінің көңіл-күйін өлеңмен өрген екен Солдат ініміз ақынның сол өлеңін әдейі алып келіп, редакцияға жолдаған еді. Шөмішбай шайырдың азалы жиында оқыған сол өлеңі мынау:
Түнеріп түн қайғысын жамылады,
Қазақтың өтті бүгін саңлағы.
ЖҰМЕКЕҢ – ЖҰМАҒАЛИ ағамызбен,
Тоғыстырған ӘУЕЗОВ шаңырағы.
Қас-қағым, неткен жүйрік өмір еді,
Ағаның қимас асыл көңілі еді.
ЖҰМЕКЕҢ ағамызбен жолықтырған,
Асқар шың – АБАЙТАНУ бөлімі еді.
Бір жасап ЖҰМЕКЕҢМЕН нұрланды Елі,
Бір жасап келген кезде думанды Елі,
Кеше ғана сексенін тойлап біздер,
Қарсы алған САРЫКӨЛ туған жері.
Қашан көрсең қаймықпай нұрланады,
Ұйқыға шомдырса да түн қаланы,
ЖҰМЕКЕҢ –ЖҰМАҒАЛИ ағамыздың,
Қолынан түспеген-ді бір қаламы.
Бұл ажал тілге келіп сұрамайды,
Жолдарда келе жаттың нұр арайлы.
ҚазТАГ-пен қайраткері болдың Елдің,
Зерттеумен болдың ғалым ұлы АБАЙДЫ!
Қарай ма көңіліңе өмір енді,
Жүйрік қой көк дөнендей көңіл енді,
Кеше ғана Міржақып Дулатқа да,
Көл көсір сөзін айтып тебіренді.
Қанатын қыран құстай қомдап алып,
Сөз айтты, өз жүрегі таңдап алып.
Сол сөзі – соңғы сөзі екенін біз,
Сол сәтте біз бәріміз аңдамадық.
Адам өтер Құдайға құлшылықпен,
Жыр жазып отырмын-ау күрсініп мен,
Міржақып Дулатқа айтқан сөзіңменен,
Қоштасқан екенсің-ау, тіршілікпен.
ЖҰМЕКЕ! Заманыңмен дүбірлестің,
Еркелетіп ініні – інім дестің.
Бұл ажалға, не амал бар, қош бол аға,
Өмірде бір Адамдай ғұмыр кештің...
Атымды адам қойған соң...
Ұлы Абайдың бұл сөзін
Масғұт (Василий Амельянович) Шалабаев аға
жиі қайталаушы еді
1. Шыққан тегі асылдан
Бұл оқиға Абылайхан дүние салғаннан кейін, шамасы 1782 жылы болған. Қараөткел жерінде Өстемірұлы Нияз би мәңгілік сапарға аттанады. Қара суық күз айы болса керек. Елі, балалары өздерінің әйгілі бабаларын көктем шыға Түркістанға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне апарып жерлеуге келісіп, мәйітті қыс бойы сақтайды. Бірақ, алда қандаи күн болады деген күдікпен арнайы ақ тастан там да соғып қояды. Жаз шыға Түркістанға жеткізіп, арулап қояды. Өздерімен бірге ала барған алпыс қара ат сойып, ас береді. Ал Қараөткелде ақ тастан салынған ақтам солай бос қала береді. Қазақ бос қалған бейітті мола дейді. Ақмола деген атау содан шыққан деген де дерек бар. Әрине, бұл байлам аңыз ба, ақиқат па – біз кесіп айта алмаймыз, біздің білетініміз Нияз Өстемірұлының өз заманының белді тұлғасы болғандығы.
Қолдағы деректерге қарағанда, Өстемірден үш ұл туады: Нияз, Қалдар, Айтуған. Нияз 18 ғасырдың орта тұсында 40 мың үй қыпшақпен Бұхарға барып, сонда 12 жыл әмір болған. Қара қазақ оны хан деп түсінген, бірақ ол хан тұқымынан емес еді, сондықтан да әмір атанған. Өзбек тарихындағы Бек-Нияз осы Нияз. Нияз би Сарыарқаға 1756-58 жылдары жоңғарлармен күрес шарықтау шегіне жеткен тұста оралады. Кейбір мәліметтер бойынша, Нияз Өстемірұлы 11 мың қыпшақпен сол кескілескен ұрыстардың бел ортасында болады.
Абылайхан қайтыс болғаннан соң Нияздың үш әйелінен туған он бір ұлы үш аймаққа бөлініп кетеді. Бірге туған бауырлардың сол кездегі саяси көзқарастары осылай етуге мәжбүр қылады. Саяси көзқарас туысқандық қылды үзеді. Тарихқа үңілсек, саяси көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келіп, ат құйрығын шорт кесіскен ағайын-туған аз болмаған. Әбілхайырдың Көк ордасынан Жәнібек пен Керей кетеді.Абылайдың ұлдары да екі топқа бөлінеді. Бірі Қасымды жақтаса, екіншісі кейіннен Ресей саясатшылары Орта жүздің ханы деп таныған Уәлиді сағалады. Бірге туған қандастар ғана емес, ру, тайпа, жүз де бытырап жатты. Міне, дәл осындай жағдай Курлеуіттердің де басына келді. Нияздың он бір ұлы әкесінің көзі тірісінде-ақ жан-жаққа көшті. Күрлеуіттердің екі жүздей отбасы Қасым сұлтанға қосылды. Олардың ішінде Нияздың төрт ұлы болады, басқарушысы сол төртеудің біреуі – Төлеген би еді. (Сөз реті келгенде айта кетейік, Төлеген би белгілі Құл ақынның әкесі. С.М.). Бұл топ Ертісте қалады. Екінші топ Уәлиханға қосылды. Бұлар Тобыл мен Обаған бойына көшеді. Мұнда Нияздың Атығай деген баласы өзінің төрт бауырымен бірге басшылық жасайды. Ал Нияз би болса, өзінің кенжелері Көрпе және Биғожамен бірге Есілді, Қараөткел бойын мекендейді.
Көп кешікпей сыртқа кеткен Нияз балалары әкелерінің ауыр науқас екенін естиді. Тобыл бойындағы ұрпақ Артықбайды әке мекеніне көшіреді. (Артықбай Ғ.Мүсірепов жазған Ұлпанның әкесі. Артықбай есімі С.Мұқановтың "Аққан жұлдызында" да кездеседі. С.М.). Әке ордасына аттанған Артықбай бауырларымен ақылдаса отырып, әкелері олай-пұлай болып кетсе, оның мәйітін Абылай хандікі сияқты жаз шыға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеуге келіседі. Ал Қараөткелде атаусыз қалдырды демесін деп там салмақ болады. Ақыры солай болғанын біз мақаламыздың басында айттық.
Нияз би Бұхардан Арқаға көшкен соң әкесі Өстемір мен жары Нарқыз дүние салады. (Нарқыз – Нұрпейіс Байғаниннің осы аттас поэмасының кейіпкері. С.М.). Өстемір болса, кезінде Қаздауысты Қазбекпен досжар адам екен. Әкесі Өстемірге, жары Нарқызға көңіл айта алмаған Қазбек би Ниязға «ат-шапан айыбы ретінде» қарындасы Кенжесарыны қосады. Одан Байғожа, Атығай, Барлыбай, Төлеген, Артықбай, Биғожа, Көрпе атты жеті ұл туады. Оларды ел-жұрты «жеті сары» деп атап кетеді. Ел ішінде мынандай да әңгіме бар. Бірде Нияз қайнағасы Қазбек биге:
– Би-аға, қырағысыз ғой, мына жиендеріңізді сынап беріңізші, – дейді.
Сонда Қаздауысты Қазбек:
«Апырмай, мына Байғожа – жуан қоныш,
Сарқылмас дәулетті бай болады екен»,– депті.
Расында да, Байғожаға кезінде 11 мың жылқы бітіпті.
«Ал, мынау Атығайың маңдайы тайқы, кеудесі қайқы – көп дәулет бітпес, ал бақ – тепсе кетпес», – деген екен.
Бұл кісі айтулы би болады. 300 үй күрлеуіт-қыпшақты ертіп жоғарыда айтқандай, Обаған-Тобылдан қоныс алған. Біздің өңірде оның талай ұрпағы бейқуат өмір кешуде. Кезінде Парламент депутаты болған В.А.Шалабаев ағамыздың тікелей атасы Төлегенді көрсетіп:
«Кеудесінің асылы-ай,
Бөксесінің жасығы-ай», – депті.
Төлегеннен жалғыз ғана бала болады. Құл ақын – сол бала.
Өзге де жиендеріне берген бағасы бұлжымай келіпті деседі.
Осы Нияз бабамыздың тікелей ұрпағының бірі, көргені мен түйгені мол, аса білімпаз ағамыз, тарихшы, лингвист Масғұт Әлімжанұлы Шалабаевпен (ресми құжатта Василий Амельянович Шалабаев) ұзақ әңгіме-дүкен құрғанымыз бар. Ата-бабапары туралы жазған орысша да, қазақша да зерттеу еңбегі де бар екен.
– 1991 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаты кезімде Түркістанға арнайы барып, Нияз бабамыз туралы деректер іздестірдім, – дейді ол. – Әзірет Сұлтан кесенесінің сол кездегі директоры Назаров Қараөткелден әкеліп қойылған Нияздың зираты осында екенін, кезінде басына тас қойылғанын айтты. Бабамыздың басына зиярат етіп, құран оқып қайттым, – деп еді Масғұт.
2. Асқар таудай биік,
айдын көлдей тұнық еді
Василий Амельянович 1934 жылы 3 қарашада Түмен облысы Криволугское селосында туды. Оның бүкіл еңбек жолы педагогикалық және қоғамдық жұмыстармен байланысты болды. Мектепті, содан кейін Петропавл пединститутының тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін ол мұғалім болып істеді, кейін 30 жылдай уақыт бойы Урицкий (Сарыкөл) ауданы мектептерінің директоры болды. 1991 жылы 12 шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, республиканың мемлекет болып қалыптасуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдауына тікелей ат салысты.
Василий Амельянович біртуар, жан-жақты қабілетті, ішкі мәдениеті аса жоғары, білімдар жан болатын. Жаңашыл педагог ретінде жұмыс пен педагогтық тәсілдердің жаңа, тосын түрлерін талмай іздеп, жүзеге асыратын. Сонымен бірге ол тамаша публицист, аудармашы және ақын еді. Оның өлеңдері 1956 жылдан бастап «Простор», «Ай» журналдарында және басқа көптеген басылымдарда жарияланды. 2001 жылы онің «Дорогами жизни» атты кітабы басылып шықты. Сол кітапқа алғысөз жазып, пікірімді білдірген едім. Ол белгілі шахматшы еді, бүкіл бос уақытын соған арнады және бұл ойынның белсенді насихатшыларының бірі болды. Бұл бағыттағы нақтылы жұмыстардың бірі В.Шалабаев кубогі үшін шахматтан облыстық турнирдің тұрақты ұйымдастырылуы еді. Оған жыл сайын облыстың көптеген таңдаулы шахматшылары қатысып жүр. Ағамыз дүниеден өткен соң да оның ізбасар інілері Шалабаев атындағы шахмат мемориалын жалғастырып жүр.
Республиканың қалыптасуына қосқан елеулі еңбегі және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты ол үкімет наградасы – «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 10 жыл» ескерткіш медалімен марапатталды.
Василий Амельянович ағамызды құрмет тұтып, соңына ерген іні-қарындастары да көп еді. Солардың бірі – «Мотор-деталь» серіктестігінің директоры Бауыржан Тебеев. Ол былай дейді:
– Масғұт аға біздің арқа сүйер ағамыз, пана болар саямыз, ақылшымыз, қамқоршымыз еді. Біздерді өз балаларынан кем көрмей алақанына салып, аялаушы еді. Өмірден көргені мен түйгені мол жан-жақты білімді, адамгершілігі кемел, ішкі мәдениеті жоғары тамаша ұстаз, білікті тарихшы, арқалы ақын, тынымсыз өлкетанушы, белгілі қоғам қайраткері еді. Ол өзінің жазған мақалалары мен өлеңдерінде адамгершілікті дәріптеді. Кейінгі жастарға үлгі болар өнегелі сөз бен пәтуалы істің адамы еді ол.
Василий Амельянович – ең алдымен ұлағатты ұстаз болатын. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол әрбір шәкіртіне ерекше сүйіспеншілікпен, ерекше үмітпен, ерекше сеніммен қарайтын. Оның сол сенімін ұстаздың мыңдаған шәкірттері ақтап та жүр.
1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, тәуелсіз Қазақстанның кәсіби парламентін құрушылардың бірі болды ол.
Ресей жерінде туып, мектепті сонда бітірсе де өз ана тілін жетік меңгерген, елінің тарихына бойлаған, халқының салт-дәстүрлерінен нәр алған нағыз ұлтжанды, парасатты жан еді ол. Кемшілікке төзбейтін, тура, ақ адал азамат еді ол. Соңғы жылдары ұлы ұстаздар Ыбырай мен Спандиярдың мұраларын зерттеуді қолға алып, бұл салада қыруар істерге мұрындық болып еді ағамыз.
Спандияр Көбеев мұрасына ден қойып жүргенде Масғұт ағамызбен көрнекті жазушы, ұлағатты ұстаздың ауылы Ақсуатта бірге болдық. Ел шетіне кірер-кірместе машинаны зиратқа бұрып, құран оқыды. Көбеев қабірінің басында тұрып, ұзақ ойға берілді.
Елге келісімен ұстаз атындағы мектепке соғып, мұғалімдермен, ел азаматтарымен, шәкірттермен кездесіп, салиқалы әңгіме өрбітті. Өзінің кітабын сыйлады. Осындағы орталау мектептің директоры Қарлығаш Ерментаева ағасына ерекше ілтипат көрсетті. Оның да сыры бар екен. Кезінде ағамыз Докучаев орта мектебінің директоры болып жүргенде Қарлығаш сол мектепте оқыпты. Масғұт ағамыздан тәлім-тәрбие алыпты. Ұстаз да шәкіртін танып, оның хал-жағдайын тәптіштеп сұрап жатты.
Спандияр атамыз тұрған үйге келіп, сақталған дүние-мүлік, құжаттармен танысып, жиналған жұртты әңгімеге тартып, өзі де әңгіменің майын ағызып, ұзақ отырды. Ерекше әсерлі жүздесу болды. Бір көргеннен елді баурап алған ағаға ақсуаттықтар түгел риза болып, қимас көңілмен шығарып салды.
Әттең, осы сапар Мәкеңнің ел аралаған соңғы сапары болды. Көп уақыт өтпей ұлағатты ұстаз, қайраткер азамат Шалабаев жүрек талмасынан дүние салды. Ел-жұрт, туған-туыс, шәкірттері асыл ағаны соңғы сапарға қимас көңіл, ізет-құрметпен шығарып салды.
3. Ақын еді ағамыз
Өлеңді негізіне орысша жазатын. Қазақша жазғанда да мөлдірететін. Оның ел-жер тарихы, оның атаулары туралы зерттеулері үнемі назар аудартатын, кейде талас та тудыратын. Ол нені жазса да біліп жазатын, терең жазатын, қисыны мен дәлелі көңілге қонымды болатын.
Ауыз-екі сөзінің өзі мақал-нақыл еді. Бірде «Жердің үсті тар, асты кең» деген тіркесті сол Мәкеңнің аузынан естіп, жөн-жапсарын сұраған едім.
– Мен солай дедім бе, онда өзімнің сөзім болғаны ғой, – деп күлді.
Байқап отырсақ, осынау нақылға қаншама ой сыйып тұр, қаншама пәлсәпа бар, қаншама ғибрат бар. Ал ағамыздың аузынан шыққан мұндай ұрымтал сөздер аз емес еді.
Масғұт ағамыздың ақындығы қандай асқақ болса, аудармашылығы да ғажап еді. Бір ғана мысал келтірейікші. Абайдан жасаған тәржіме.
Тоты құс түсті көбелек,
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харакет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Бұл ұлы Абайдың сөзі.
Енді Масғұт аға аудармасын көріңіз:
Вот порхает мотылек,
Облетев за логом лог,
Осень! – и увял цветок,
И мотыль усох и слег.
Человек чего б не смог,
Он всесилен и высок.
Он умен, сноровист, строг,
И в речах искусен слог.
Но могущественный рок!
Встань, попробуй, поперек.
Если слаб, так вовсе впрок,
Будешь смят – таков итог...
Масғұт Шалабаевтың Ахмет Байтұрсынов өлеңдерін орысшаға аударуы да ғажап. Фариза ақынды да орысшаға тәржімелегені бар. Жерлес ақындарымыздың да өзіне ұнаған шумақтарын орысшаға аударып, қойын кітапшасына жазып қоятыны бар екен. Осы мақаланы жазу үстінде өзі қайтыс болардан аз уақыт бұрын маған сыйлаған сол дәптерін парақтап отырмын. Сондағы әрбір сөзге үңіліп, оның терең астарын сезінгендеймін. Өзіне жазған эпитафиясының бірінде ағамыз былай депті:
«Пускай – от пули, от отравы,
Но ты оставь за мною, Смерть,
Непотеряемое право –
По-собственному умереть!"
Иә, ұстаз, өлкетанушы, ақын, қайраткер аға өнегелі өмір еүрді, өмірден де өз өрнегімен өтті. Артында өнегелі ұрпағы, ізбасар шәкірттері, пәтуалы сөзі қалды.
Ғажап жан еді
Қайраткер, қарымды қаламгер
Бақытжан Жангисин туралы сөз
«Қостанай таңы» (бұрынғы «Коммунизм таңы») газетін үзбей оқып жүрген жандарға бұл есім жақсы таныс. Өйткені Бақытжан Хұсайынұлы осы басылымда табан аудармастан отыз бір жыл еңбек етті. Әдеби қызметкерден газет редакторлығына дейінгі жолдан өтті. Облыстық газеттің бет-бейнесін айқындап, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруда Бәкең атқарған іс ұшан-теңіз.
Қазақ «Көргені бар көш бастайды» дейді. Бақытжан Хұсайынұлының көргені де, көңілге түйгені де мол еді. Ол бала жастан зерек, алғыр болды. Өзі туып-өскен Орджоникидзе ауданында орта мектепті бітірісімен ұстаздық етті. 1942 жылы майданға шақырылып, әскери-пулеметтік училищені аяқтап, кіші лейтенант шенімен ұрысқа кіреді. Белгород түбінде жаралы болып, госпитальға түседі. Сауыққан соң қайтадан сапқа тұрып, жаумен алысады. Шабуыл кезінде тағы да қатты жараланып, үш ай госпитальдың тар төсегінде сарғаяды. Бірақ жаралы қол көтертпейді. Содан резервке шығып, елге оралады.
Елдің де жетісіп тұрған жері жоқ. Жаралы жауынгерді аудан жастары аудандық комсомол комитетінің екінші, кейіннен бірінші хатшысы етіп сайлайды. Кейіннен Алматы жоғары партия мектебіне түседі. Сонда оқып жүріп ҚазПИ-дің тарих факультетіне сырттай емтихан тапсырып, екі оқу орнын да үздік бағамен аяқтайды. Одан кейін Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінде жауапты ұйымдастырушы, Қостанай облыстық комсомол комитетінің хатшысы болады.
Комсомол жұмысында жүріп жастар өмірінен қалам тартып жүрген қабілетті жасты облыстық газеттің сол кездегі редакторы Беген Байсақалов бірден аңғарады. Бәкеңді редакцияға қызметке шақырады. Міне, сол 1953 жылдан Жангисиннің журналистік жолы басталады. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор – Бақытжан Хұсайынұлының журналистік жолы осылай жалғасады.
Тың өлкесі құрылғанда облыстық қазақ газеттері жабылғаны аян. Сол кезде екі тілге бірдей, қаламы жүйрік, білімі терең әріптесін облыста орыс тілінде шығатын «Ленинский путь» газетінің редакторы М.А.Леденов қызметке алады. Мұнда ол меншікті тілші, газет редакторының орынбасары болады. Ал 1966 жылы қазақ газеті қайта ашылғанда оның редакторы болып бекітіледі. Осы қызметте ол он сегіз жыл бойы жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Оның журналистика саласындағы еңбегі екі «Құрмет белгісі», Халықтар достығы ордендерімен аталып өтілген. Бәкең Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері еді.
Ұстазымыздың өмірбаянын тәптіштеп отырғанымыздың да сыры бар. Кешегі партиялық диктат кезінде әлдекімдер домалақ арыз жазды деп, ұжымның бір мүшесімен де ақылдаспай осындай адамды обкомның бюросы асығыс-үсігіс қызметтен босатты да жіберді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған партияның шешіміне қарсы айтылған ұжымның уәжі еске алынбады. Бірақ Бәкең де мәрттік танытты. «Шәкірттерім, өздерің барсыңдар ғой» деп, қағаздарын салған папкасын қолтығына қысып, өзі отыз жылдан астам тер төккен ұжым есігінен нық басып шығып бара жатты...
«Ағасы бардың жағасы бар» дегендей, Бәкеңді көрген сайын оған сыр айтып, ақыл сұрап, тіпті еркелегің келіп тұратын. Оның қаламымызды ұштап, журналистика деген қиын да қызық мамандыққа деген құлшынысымызды арттырғаны, қате кетсек, ақыл айтып, арқамыздан қаққаны, белгілі бір белеске жетсек бізден бетер қуанып, мәз болатыны жадымызда сайрап жатыр.
Әдетте, басшы адамға сын да, мін де көп. Ал шығармашылық ұжымға басшы болу тіпті қиынның қиыны. Сондай қиындықтарды қайыспай жеңе білген, мәрт мінезді, майдангерлік тұлғасымен, комсомолдық жастық жігерімен, журналистік алымымен үлгі-өнеге көрсеткен ағамызға біз, шәкірттері де, тәнтіміз.
Соның айқын айғағындай газетімізде бұдан бірнеше жыл бұрын жарияланған Бәкеңнің шәкірті, менің досым Қайсар Әлімовтың «Бақытжан мен Сырлыбай» атты мақаласынан үзінді келтіре кетейін:
«Әңгіменің төркіні осы қос есімнен де сезіліп қалар-ау деймін. Иә, кәдімгі Бәкең мен Сырекең ғой жанымызға жақын, – деп жазады Қайсар: – «Коммунизм таңы» десек, екеуі де көз алдымызға көлбеңдеп тұра қалады. Газеттерімен қосылып ажырамас ұғым қалыптастырған сүйікті ағалар-тын. Менің ұғымымда үшеуін бөле қарау мүмкін емес сияқты. Бірінің бірінсіз қадірі кететіндей, айтатын сырың да сұйылып жүре беретіндей. Газет және қос журналист: бірі редактор – Жангисин де, екіншісі оның орынбасары – Бүркітбаев еді.
Бәкең кесек мінезді, қарауындағы адамға сеніммен қарайтын, жаны жомарт, үлкен жүректі тұлға. Жақсыларға тән қасиетке және бай – сабасынан аспайды да таспайды, нені де болсын бір мінезбен қабылдайтын көнтерлі жан».
Қайсар әріптесіміздің осынау сөздеріне Бәкеңнің алдын көрген кез келген шәкірті қол қояры анық. Өзім Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде өндірістік тәжірибеден өтуге жыл сайын осы «Қостанай таңына» келетінмін. Өйткені мұнда өз баласындай құшақ жая қарсы алатын Бақытжан ағам бар. Келген бетте арнайы бұйрық беріп, мені кәдімгі штаттағы журналист етеді. Айына 100 сом еңбекақы береді. Студенттің 35 сом стипендиясымен салыстырғанда бұл дегенің қыруар пұл және алатын қаламақың тағы бар. Ең бастысы редакция басшылығының саған деген оң көзқарасы, «өз баласына» деген сенімі зор.
– Оқуды бітірген соң өзімізге кел, – дейді Бәкең өндірістік тәжірибе аяқталған сәтте. – Бізге өзің сияқты жас жігіттер керек...
Содан 1969 жылы оқуды бітіріп, одан кейін екі жыл бойы әскери қызметті атқарып, жұмысқа осы «Қостанай таңына» келейін. Бәкең қуана қарсы алды. Бірден аға әдеби қызметкер етіп, бұйрық берді. Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Бексұлтан Бекентаев ағамыздың қарамағына жіберді.
Жұмысқа құлшына кірісіп кеттік. Бірақ партия тұрмысы бөлімінің жұмысы көп тәжірибе – машықты қажет етеді екен. Қиналған кездеріміз де аз болған жоқ. Ондай сәтте Бексұлтан аға да, Бақытжан аға да көмек қолын созып, жөн-жоба нұсқаудан, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.
Партия комитеттерінің толып жатқан іс-шаралары – бәрі-бәрі газеттен көрініс табуға тиіс. Соның бел ортасында жүремін. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Бүгінгі болған оқиға ертеңгі газеттен көрініс табуы керек. Кейбір орысша келген ресми материалдарды табан астында қазақшаға аудару шарт. Редакцияға жаңа келген адамға бұл оңай емес. Сондықтан да ондай дүниелерді көбіне көп бөлім меңгерушісінің өзі дайындайды. Бірақ мен де оған іштей дайындалып жүргенмін. Ең алдымен күйделікті үйреншікті сөздермен жазылатын үндеулер мен қаулыларды аударып машықтандым. Бірде Бексұлтан ағамыз іссапарға кетіп, облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы А.М.Бородиннің обкомның пленумында жасаған баяндамасы келді. Нөмірге беру керек. Бәкең шақырып алып:
– Тездетіп дайындап бер, – деді. – Аудармасын өзіме көрсетіп аларсың, – деп тапсырды.
Жұрттың бәрі түскі үзіліске кеткен кезде алдын ала баяндаманы бір оқып шығып, кейбір тұстарын ойша аударып, машбюроға барып, Мәрияш Дөңасарова апамызға диктовка жасай бастадым. Мәрияштың машинкасы зіріл қағып ала жөнелді. Бір сөйлемді аяқтай салысымен «нүкте» деймін Мәрияшқа.
– «Тыныс белгілерін айтпай-ақ қой, өзім қоямын, – дейді ол. Өйткені өмір бойы машинка басып, диктовканың небір кереметтерін көрген Мәрияш өз ісінің нағыз маманы болатын. Сенің аузыңнан шыққан сөзді қағып алып, келесі бір тіркесті қашан айтар деп өзіңе қарап отырады.
Сонымен не керек, жұрт түскі үзілістен келгенде баяндама аударылып, машинкаға басылып, дайын болды. Бәкеңе алып бардым.
– Бұл не? – деді редактор.
– Манағы баяндаманың қазақшасы ғой...
– Болып та қалдың ба, асығыстық болған жоқ па, бұл партиялық документ, әр сөзі қаққан шегедей болуы керек, – деп сенімсіздікпен қарағандай болды.
Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, Бәкең қайта шақыртты. Селк ете қалайын. «Бітті. Аударманың быт-шыты шықты» деп ойладым. Кең кабинетке кірсем, Бәкең жайдары.
– Жарадың, жігітім, – деді. – Әдейі сынау үшін берген едім. Беруін беріп алып, тәжірибесіз адамның қолынан келе ме, келмей ме деп екі ойлы болып отыр едім. Қолмен қойғандай екен. Құттықтаймын!
Бәкеңнің алдынан мәз-мәйрам болып, қанаттанып шықтым. Кейін Бәкең мені реті келген сәтте қызмет баспалдақтарымен жоғары өрлетті. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне бекітті. Одан бес-алты жылдан соң жауапты хатшылықты сеніп тапсырды.
Бәкең ерекше қамқор, бауырмал, алды кең басшы болатын. Бірде Алматыдан «Лениншіл жас» газетінің шаруа жастар бөлімінің меңгерушісі, студент күнгі досым Ырым Кененбаев келіп, екеуміз іссапарға бірге шықтық. Екеуміз де жаспыз, үлкен бір той-думанға кіріп кетіп, шыға алмай, жұмыстан бірер күн кешігіп қалайын. Оның үстіне берілген тапсырма да уақытылы орындалмады.
Редактор дәлізде кездесіп қалып:
– Кіріп кет, – деді.
«Сезікті секіреді» деген. Жүрегім зу ете қалды. Бірақ ағаның алды кең жайлау. Жайдары.
– Бәріміз де жас болғанбыз. «Жастыққа» кешіріммен қарау маған да жат емес. Бірақ газет деген конвейер, оған салатын дүниені кезінде бермесең, ол өзіңді «жұтып» қоюы да мүмкін. Түсіндің бе? – деді.
Бөтен сөз айтқан жоқ.
Бірақ ұстазымның сол жанашырлық, бастық адамның өктем даусымен емес, тілектес жанның мейірман қалпымен айтқан сөздері күні бүгінге дейін есімде. Енді өзіміз де кейде кейінгі келген жастарға ақыл айтар тұста абзал ағаның сондағы бейнесі көз алдыма елестейді, сабырға шақырады, кешірімді болуға, кең болуға үндейді.
Расында да, ағаның алды кең жайлау еді. Бірақ мәселе қызмет бабына тірелгенде талапшыл, әділ болатын. Асыра мақтауды немесе жер-жебіріне жетіп жер қылуды қаны сүймейтін. Бірде жас журналист және жас коммунист ретінде редакция партия жиналысында шығармашылық есеп бердім. Азды-көпті атқарған жұмысымды, жазған дүниелерімді тәптіштедім. Шығып сөйлеген әріптестерім бірыңғай мақтауға көшті. Марқұм Бақытжан Нұрмұхамедов ағаның «Расул Гамзатов Дағыстанын қалай жырласа, біздің Сәлім өз Ақсуатын солай асқақтатады» дегені бар.
Жиналыс соңында Бәкең орнынан көтерілді.
– Жігітіміздің өзі қалай көретінін білмеймін, бірақ мен ыңғайсызданып отырмын. Бір-екі очерк, бес-алты мақала жазды деп осыншама марапат сөз не керек? Жазса, ол оның қызметтік міндеті. Білімді, жас осы Сәлімдер жазбаса, оны кім жазады? Және көп мәселеге қалам тарта бермейді. Өмірдің сан қырлы проблемаларына тереңдеп, оны қыртысымен көтерген мақаласы бар ма? Экономика мәселесіне неге дендеп бармайды? Шағын ауылдың, бөлімшенің проблемалары қайда? Шопандар өмірі неге қаламына ілінбейді? – деді. Тағы басқа да көптеген ой айтты. Жиналыс үстінде Бәкеңнің сол сөздерін қойын дәптеріме түртіп алған екенмін, жақында сол бір кездің суреттері көз алдымнан шықты.
Бүгін ойлап отырсам, Бәкеңнің сол айтқанының жаны бар екен. Әдетте шығармашылықпен айналысатын адамдар сәтті шыққан бір-екі дүниесіне мәз болып, кеуде қағып жүреді. Өзін-өзі жоғары бағалап, менмендікке басады. Жарықтық Бәкең сол бір сәтте жас журналисті сондай аурудан сақтандырған екен ғой...
Бәкең редактор болып тұрған кезде «Коммунизм таңы» Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Екі дүркін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Советская печать» павильонына қойылып, екеуінде де II дәрежелі Диплом алды. Көптеген журналистер сол көрменің күміс және қола медальдарын омырауларына тақты.
Сол кезде облыстық «Ленинский путь» газетін Николай Дегтярев басқарды. Бәкең екеуі айырылмас дос еді. Екі облыстық газет басшыларының осы достығы бүтіндей басылымға да игі ықпалын тигізетін. Бір-бірімен шығармашылық ынтымақта, ерекше түсіністікпен жұмыс істеді. Кейде екеуі екі-үш күнге іссапарға бірге шығатын. Келген бетте екі газетте бір сәтте екі үлкен қаламгердің мақалалар циклы жарияланып жатушы еді. «Жұмысты осылай істе, мәселені осылай көтер, сөзіңді осылай сапта» дегенді Бәкеңдер осылай аңғартатын. Өйткені шығармашылық ұжым басшысы құр басшы ғана емес, нағыз көш басшы болуы керектігін ол жақсы түсінетін. Расында да, көш басшымыз еді.
Бәкеңнің сол досы Николай Дегтярев былай деп жазды: «Бахитжан Жангисин наделен многими положительными качествами. Если бы мне пришлось создавать образ выдающегося благородством героя, я не задумываясь списал бы его с моего друга. Многое в этом скромном человеке было приятно мне. Его выдержка, мудрая рассудительность, неспешность в принятии решений, верность убеждениям импонировали не только мне".
Біз білетін Бәкең нақ осындай жан болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |