Өтеубай Қожақұлы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Абылай хан тәуелсіздік күрескері
Абылай- қазақ халқының саяси өмірінде ұзақ уақыт жарқырап жанған жұлдызы. Оның жанған жарығы мен шапағаты халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Абылай қазақ халқының мемлекеттігінің тәуелсіздігін сақтап қалуға, оның егемендігін қамтамасыз етуге Жаратылыс молынан берген таудай талап-талантын, таусылмас ақыл-ойын айбатын, күш-жігерін аямай-ақ жұмсаған ардагер азамат еді (1, 37б).
Әлемдік үдерістер биігінен қарайтын болсақ, Әбілмансұрды Абылай атандырған, қазақты «Елім-айлап» зарлатқан ХVIII ғасыр барша адамзат үшін де үміт пен күдікке, кереғарлықтар мен қайшылықтарға, бір-бірімен арпалысқан Еуропа мен Америка мемлекеттері тағдырынан Азия мен Африка аумағын шарпыған тарихи-өркениеттік іркілістерден байқауға болады. Өнеркәсіптік төңкеріс артықшылығын басқалардан бұрынырақ ерттеп мінген Ұлыбритания мүмкіншілігі, дұрысы кемесі мен от қаруы жеткенше жат ел мен жерді отарлауын жалғастырып жатты. Еуропа мен Азияға терезе ашқан Ресей бөтеннің есебінен ұлғайып, империя мәртебесін иеленді. Шығыстағы көршіміз Қытай манчжурлардың отарына айналғанына қарамастан басқаларды жұтып жіберуге бейім ниетін жасырмады.
Еуропалық жаңа империялар күн санап нығайып жатқанда, Азияда мүлде басқаша ахуал қалыптасты. Өндіргіш күштер, ғылым мен техника дағдарысқа ұшырап, бұрынғы күш-қуат сарқылды. Өзара талас-тартыстан Индиядағы моғолдар державасы, парсылық Нәдір Шахтың державасы ыдырады. Осман империясының дәурені ұзаққа созылмайтыны белгілі болды (2,6б).
Осылайша, тарихи үдерісте адамгершілік пен ізгіліктің маңызы артқанымен дүлей күшке зорлық-зомбылыққа сүйенумен байлық жинау, тұтас халықтардың талайын тағдыр тәлкекке салу үдей түсті. Ұлы дала қанша кең болғанымен қазақтың да тынысы тарылды.
Елмен жердің тағдыры Отан қорғауға халықты жұмылдыра алатын билеуші мен билердің, батырлар мен жыраулардың, байырғы түркі заманында айтылғандай «батыл, игі кісілердің» қолында қалды.
Саяси аренаға жиырмадан жаңа ғана асқанда шығып, дүниеден қайтқанға дейін Абылай қатардағы мемлекет қызметкері ғана емес, жоғары мәртебелі адамдардың, ұлы саясатшылардың қатарына жататыны сөзсіз деп есептеймін.Оның негізгі себептері: бірінші- өз халқының мемлекетіне тәуелсіздікті адам айтқысыз жойқын ауыр жағдайларда сақтап қалуы. Екіншіден, Жоңғар, Қытай және Россия сияқты күшті де қуатты мемлекеттерді өзімен санасуға мәжбүр етуінде.
Дегенмен де Абылайға саяси мінездеме беру үшін кейбір жағдайларды қайталауға тура келеді. Бірінші- Абылай өжет, ер жүрек, ешнәрседен сескенбейтін, тайсалмайтын тұлға болған. Соғыста болсын, тұтқында болсын, елді билеп, ел арасында жүріп, Абылай айтқанынан қайтпаған, алдына қойған мақсатына жетпей тынбаған. Екінші, Абылай өткір ойлы, терең білімді шешен адам болғаны айтылады. Түркі халықтарының тілін айтпағанда, Абылай парсы, қытай, орыс тілдерін жете білген. Жоңғарияда тұтқында болғанда Абылай моңғол тілін жетік үйреніп, оқи да, жаза да білген. Князь Урусов Абылайдың осы қасиетін еске алып былай дейді:
«Ханнан гөрі Абылай барлық әлемге араласып, жауапты лезде және орынды қайтарып отырды», Абылай қазақтың заңдарын, қазақ қоғамының саяси жүйесін, оның дәстүрлерін өте терең білген және соларды мемлекеттік тәуелсіздігін сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға қолдана алатын ел басшысы болған. Ел басшысы қандай болу керек екенін, халқына қызмет көрсету әміршілерге тапсырылған тағдырдың бұйрығы екенін толығымен түсінген. Соны жүзеге асыруға бар ынта жігерін, күшін жұмсаған Абылай. Біз тарихымызды көп біле бермейміз. Ежелден түркі тілді халықтардың даналары Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн хандарды, ел басыларын халық үшін қызмет істеуге шақырған болатын. Мысалы, Ж. Баласағұн өзінің «Құтты білігінде» былай дейді:
«Әділ заң құр. Ел марқайып көсілсін.
Доға қылыш өркеніңді өсірсін.
Заңмен түгел өмір сүрсін алаңсыз.
Арылсын жаман қылықтан, түзетіп тұр, таза жүріп тұр, елге өзің боласың кенішің.
Әскер сайлап жатқан бірінші қасыңда,
ашты тойғыз,байыт кедей тақырды»
Міне, осы айтылған бағытта Абылайдың сана-сезімі қалыптасты десек, асыра айтқандық болмас. Ал, осы тұста мына бір деректі келтірейік. 1760 жылы патша чиновниктерімен бір кездесуінде ел жағдайы туралы әңгіме болғанда Абылай былай дейді:
«Әр халық өз түсінігі бойынша өмір сүрет, орыстар даналығымен, қалмақтар тапқырлығымен, ал біз қазақтар байлығымен». Осы сөздерді тыңдаған қазақтар бұл әділ сөз деп құптаған. Абылай шекаралас мемлекеттердің- Россияның, Жоңғарияның, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының әскери, шаруашылық жағдайларын үнемі бақылап, ойға салып, соған байланысты өзінің саясатын анықтап отырған. Көпшілікті таңдантыратын Абылайдың шебер саясаты- көршілес мемлекеттердің жағдайларын терең түсініп, соны пайдасына жұмсауға негізделгенінде. Бірақ кейбір «зерттеушімін» деп өздерін атайтындар бұл саясатты «жалтақтау,бұлтақтау саясаты» дейді. Бұл мүлде дұрыс емес. Себебі, жалтақтау саясатының нәтижесінде тәуелсіздікті сақтап қалу мүмкін емес.
Үшінші, Абылай реалист саясатшы болған. Былайша айтқанда, қоғамдық өмірге халықаралық жағдайларға шындық тұрғысынан қараған мемлекеттік қайраткер. Деректерге қарағанда Абылай мәселені кеңеске салудың алдында мұқият зерттеп, соның дұрыс шешілуіне бар күшін салып отырған. Өз пікірін тұжырымдағанда ғана ханға, хан болмай тұрып, не басқаларға, сұлтандарға, билерге батырларға жалтақтамаған. өз ойын, пікірін дұрыс деп есептесе, соны дәлелдеп жүзеге асыруға бар күшін салған.
Төртінші, көрегендікпен қатар Абылай сабырлы, шыдамды саясатшы болған. Алдына қойған мақсатына жету үшін ол қандай да болсын қиыншылыққа, ауыртпашылыққа төзіп, күте білген. Мысалы, 1756 жылы Қытайлар Жоңғар хандығын жойғаннан кейін Абылай олардың алдына мәселе қояды. Бұрын Жоңғарлар жаулап алған қазақтың жерін елсіз, сонда көшіп-қонуға рұқсат берді. Алғашында, мұны Қытайлар есіткісі келмеді. Бірақ Абылай бұл мәселені реті келген сайын айта береді. Арада он жыл өткеннен кейін 1767 жылы қазақтарға Тарбағатайда және қазіргі Шығыс Қазақстанның кейбір жерлеріне қыстауға рұқсат берілді. Осы айтылғандар Абылайдың барлық қасиеттерін сипаттайды дегеннен аулақпыз. Абылай сегіз қырлы, бір сырлы болған мемлекет басшысы. Әрине ол да тірі пенде болған ғой. Оның қателіктері де, қатігездіктері де болған шығар. Оның барлығына шындық тұрғысынан әділетті баға беру қажет. Біздің ойымызша Абылайдың айтылған қасиеттері азып-тозған, құлдырай бастаған қазақ мемлекетін қайтадан жаңғыртып, қазақтың сана-сезімін ұлттық деңгейге көтеруге септігін тигізді.
Түптеп келгенде, Абылай басқарған Қазақ хандығы да, кол астындағы халқы да тәуелсіздігін жоғалтпады. Патшалы Ресей әкімшілігінің шенеунігі И.И.Крафт айтқандай, Абылай Ресейге де, Қытайға да, Жоңғарға да бағынған жоқ. Қазақ халқында туралықпен тыныштық орнатты.
Абылай аманаты мен мұраты тәуелсіздік тұсында толығымен жүзеге асырылды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Абылай хан- Кенесары (ұлт- азаттық қозғалыс мәселелері) - Алматы «Ғалым» 1993-119 б.
-
Әбжанов Х.М. Абылай хан және Тәуелсіз Қазақстан //Отан тарихы №3(63)-2013.
-
Қожақұлы Ө. Абылайхан //Сыр бойы. 5 қазан 2013.
Достарыңызбен бөлісу: |