ОҢТҮстік-батыс алтайдан табылған ортағасырлық ат үЗЕҢгісі хақында



Дата20.06.2016
өлшемі94.27 Kb.
#148661
УДК 902/904(574.4)

Омаров Ғ.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақстан, Алматы gany_omarov@mail.ru

Сапатаев С.А.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

магистрант. Қазақстан, Алматы

samat.1991@mail.ru


ОҢТҮСТІК-БАТЫС АЛТАЙДАН ТАБЫЛҒАН ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АТ ҮЗЕҢГІСІ ХАҚЫНДА
Түйіндеме

Мақалада Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Боран ауылдық округінің территориясында, Қара Ертіс өзенінің оң жағалауында орналасқан Түйетас қорымынан, 2014 жылы жүргізілген археологиялық қазба барысында табылған, IX-X ғғ. мерзімделетін жылқы әбзелдері қарастырылады. Авторлар осы әбзелдердің құрамындағы үзеңгіге кеңінен тоқталған. Бұдан басқа Корея, Жапония және Қазақстанмен көршілес орналасқан мемлекеттердің аумағынан табылған үзеңгілердің зерттелуіне байланысты мағлұматтар келтірген.



Кілт сөздер. жылқы, әбзелдер, Алтай, Күршім ауданы, түркі кезеңі, үзеңгі.
Еуразия көне тарихында Алтай-Тарбағатай өңірі ерекше маңызға ие. Өйткені бұл мәдени-тарихи өңір ілкі замандардан бері адамзат дамуындағы күрделі үдерістермен тығыз байланысты. Мұнда алғашқы қауым кезінің өзінде-ақ бірнеше археологиялық мәдениеттер қалыптасып, дамығандығын археологиялық мәліметтер толыққанды растап отыр [1, 3]. Осы мәліметтердің көмегімен аймақтағы мәдениет пен өркениет бөлшектерінің әр қайсын жеке зерттеуге, олардың бір-бірімен ұқсастығы мен ерекшеліктерін анықтауға, бастау алған мекендері мен таралу аудандарын көрсетуге, даму кезеңдерін қарастыруға болады. Көшпенді халықтардың мәдениетінде мал шаруашылығы кең орын алады. Атап айтқанда мал шаруашылығының бір бөлігі жылқыны қолға үйрету процесі және оның даму тарихының да маңыздылығы жоғары.

Жылқы және оның бейнесі көшпенді халықтардың дәстүрлі мәдениетінде ерекше орын алды. Жылқының қолға үйретілуі көшпенділердің өміріне көптеген өзгерістер мен жаңалықтар алып келді. Олардың қатарына түрлі мақсатта қолданылатын әбзелдерді, арбаны, шалбар мен етікті, қайқы қылышты жатқызуға болады [2, 6]. Алтай қорғандарында мініске қолданылған жылқылар жерленген. Дендрохронологиялық, радиокөміртектік, археологиялық және топографиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған Алтайдың үлкен қорғандарының арқасында жылқы әбзелдерінің кезеңделуін көрсетуге болады [3, 104].

Ерте орта ғасырлардағы атты адамдардың ең алдымен жоғары кәсіби жауынгерлік дайындығы болған. Олар сол заманға тән, яғни IX-XIII ғасырларда кеңінен қолданылатын ат әбзелдерімен жабдықталған. Бұл жабдықтар негізінен өзінің ыңғайлығымен ерекшеленетін. Осы уақытқа жататын археологиялық ескерткіштерден табылған әбзелдердің құрылысына қарап, жазба деректерді де қоса отырып олардың жоғарды дәрежелі ұсталардың жасағанын байқауға болады. Жалы алғанда Шығыс Еуразияның осы кезеңге жататын халықтары ат әбзелдерін әзірлеуі барысында өздік этникалық құндылықтарын сақтап отырған. Әбзелдердің безендірілу сапасы жерленген адамның тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын, қоғамдағы қызметін анықтауға септігін тигізеді [4, 86]. Археологиялық жәдігерлердің кезеңделуін анықтау барысында өзіндік септігін тигізетін жылқы әбзелінің бір бөлігі үзеңгі болып табылады. Үзеңгінің пайда болуы да біршама жаңалықтарға, яғни қатты тоқымнын және қылыштын қалыптасуына әсерін тигізді.

Археология ғылымында адамзаттың жылқыны мініске қолдануында төңкеріс жасаған үзеңгінің кезеңделуі мен пайда болған орнына байланысты нақты бір тұжырым жоқ. Біріншілер біздің заманымыздың басында сарматтарда, екіншілер Қытайдың аумағында кейінгі Хань империясы тұсында, үшіншілер б.з. III-V ғасырлары Оңтүстік Сібірде, төртіншілері казіргі Корея аумағындағы Когуре мемлекеті кезінде пайда болды дейді. Алғашқы үзеңгілер ғұндардың кезінде түркі тайпалары арасында қолданылды деген тұжырымдар да бар. Корея аумағындағы ертерек уақытпен кезеңделетін үзеңгілер негізінен V ғасырға жататын ескерткіштерден көптеп кездеседі. Солардың бірі Кенчжу қаласының маңындағы бірнеше нысаннан табылған жәдігерлер жайлы Акио Ито өзінің еңбегінде толық қарастырып кетеді [5]. Ол анықталған үзеңгілерді екі типке бөліп хронологиясын көрсетеді. V ғасырмен кезеңделетін Конгю-Кейшу қорғанынан аршылған алтын және қоламен қапталған үзеңгілер ғұндардың үзеңгілері секілді қабыршақты өрнекпен безендірілген. Үзеңгілердің пішіндерін осы аймақтардан табылған тағы бір ерекше жәдігер ат үстіндегі жауынгердің бейнесінде саздан жасалған көлемі кішірек келген мүсіндерден байқауға болады. V ғасырға жататын Жапония аумағындағы ескерткіштерден де үзеңгілер анықталған. Оларды Сетсу Онояма екі типке, біріншісі корейліктерге ұқсас V ғасырдың алғашқы жартысымен кезеңделетін үзеңгілер [6]. Екіншісі жергілікті пішіндермен ерекшеленетін V ғасырдың екінші жартысына кіретін әбзелдер [7, 24].

А.Н. Кирпичниковтың еңбегінде келтірілгендей ең алғашқы үзеңгі Корея мен Жапония аумағында тіркелген. Ол үзеңгілер негізінен ағаштан жасалып металлмен қапталатын болған. Кезеңделуі бойынша бұл үзеңгілер б.з. V-IV ғасырларға жатқызылған. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларынан бастап үзеңгіні пайдалану Орталық Азия халықтарына да өтеді. Бастапқыда жалғыз үзеңгі қолданыста болып, бара-бара қос үзеңгіні пайдалану кеңінен тарады. Сосын VI ғасырдан бастап Византияға жетіп, ары қарай Еуропа халықтары арасында сұранысқа ие болды [8, 83].

Көп ғалымдардың пайымдауынша үзеңгі негізінен тұрмысында мал шаруашылығы мен жартылай мал шаруашылығы маңызды орын алатын қырлы аймақ халықтары арасында пайда болуы тиіс. Дегенмен кейбір ғалымдар үзеңгі отырықшы халықтардың көмегімен қолданыла бастады деген ойды айтады [7, 25]. И.Л. Кызласовтың айтуы бойынша үзеңгілі тоқымдар таулы-қырлы аймақтардың тұрғандарында алғаш қолданылуы керек, себебі үзеңгісіз тоқыммен таулы жерлермен жүру ыңғайсыз.

IX-XIII ғасырдың археологиялық ескерткіштерінің жерлеу дәстүрінде ат әбзелдерін пайдалану қарқыны кеңейді, әсіресе ер адамның жерлеу орындарынның негізгі бөлшегі болып табылады. Тек кейбір жағдайларда ғана әйел адамды жерлеуде қолданылды. Мұндай белгілер Шығыс Қазақстан облысының ескерткіштерінде де байқалады.

Табиғи географиялық жағдайы әрқилы болып келетін Шығыс Қазақстан облысы Күршім өлкесінде, әрбір тарихи кезеңдерде тұрмыс тіршілігі әртүрлі халықтар өмір сүрген. Ежелгі дәуірде өмір сүрген тайпалар тарихының қайнар көзін ашар, мәдениетін анықтайтын жазба деректердің тым аздығына байланысты өлкені мекендеуші ежелгі тұрғындар қалдырған археологиялық ескерткіштер материалдары осының орнын толтырар бірден-бір дереккөзі болып табылады. Осы ауданның ежелгі дәуір тарихына қатысты археологиялық деректер ХІХ ғасырдың өзінде-ақ жинала бастағанымен, ғылыми құндылығы жоғары шынайы дереккөздері ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жинақталынған болатын. Олардың қатарына С.С. Черников, Ә.М. Оразбаев, З.С. Самашев, Ф.Х. Арсланова, Ғ.Қ. Омаров, Г.А. Кущ, Г.И. Суворова және т.б. зерттеушілердің жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде жинақталған археологиялық материалдарды жатқызуға болады [9, 13].

Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері 2012-2014 жылдар аралығында Ғ.Қ. Омаровтың жетекшілігіндегі Алтай археологиялық экспедициясының гранттық жобасы бойынша зерттеу жұмыстары орын алды. Осы зерттеулердің нәтижесінде Қазақы Алтай даласында орналасқан көптеген археологиялық нысандар анықталды. Барлау барысында бұрынғы деректерде кездесетін археологиялық ескерткіштер жайлы толығырақ сипаттамалар алынып, бір шамасында қазба жұмыстары жүргізілді. Сондай ескерткіштердің бірі Түйетас қорымы.

Түйетас қорымы Күршім ауданының Боран ауылдық округінің территориясында орналасқан. Боран ауылы Түйетас қорымынан солтүстік-шығысқа 20 шақырым жерде. Оңтүстік-батыс бағытта 17 шақырым ара қашықтығында Игілік (бұрынғы Прииртыш) ауылы бар. Қорымнан батыс бағытта 6 шақырым жерде Ұзынұра тауы (биіктігі 465 м) жатыр. Боран-Игілік тас жолының 20-шы шақырымында жолдың сол жағында оңтүстіктен солтүстікке 1 шақырым, шығыстан батысқа 2 шақырым аумақты алып жатыр. Қорымның оңтүстігінен солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс бағытымен Қара Ертіс өзені ағып өтеді [10, 35-38].

Осы қорымның Қара Ертіс өзенінен солтүстікке 400 м, тас жолдан оңтүстікке қарай 700 м қашықтықта жатқан № 29 қорғанынан 2,17 м тереңдіктен қорғанның оңтүстік-батыс қабырғасынан басы шығысқа қаратыла қойылған жылқы сүйегі табылды. Жылқының алдыңғы екі аяғы сәл бүйіріне қарай бүгілген. Сүйектердің сақталу деңгейі нашар. Сүйектер шіріген, мойын және көкірек тұсында органика қалдықтары сақталған. Жылқының дене тұрқы 0,83 м. Қабір шұңқырының 2,85 м тереңдігінен оңтүстік-шығысындағы ағаш құрылыстан оңтүстікке қарай 0,5-0,6 м аумақта ер тоқым анықталды. Ер тоқымды қабір шұңқырына қойылған ағаш құрылыстың сыртына қарай тастаған. Ер тоқым ағаш пен қайыстан жасалған. Шығыстан батысқа 1,1 м, оңтүстіктен солтүстікке 0,58 м көлемінде созыла жатыр. Тоқымның екі бүйірі ағаштан жасалған, шірінді мата қалдықтары сақталған. Сақталған мата қалдығында ою-өрнек байқалады [10, 35-38] (1 сурет).

Ер тоқымның батыс бөлігінен екі темір үзеңгі аршылды (2 сурет). Үзеңгілердің шеңберлерінің ішкі бөліктерінің диаметрі – 10 см, биіктігі – 18 см, ені – 12 см, ал табан тірелетін астыңғы бөлігі ыңғайлы болу үшін жалпақтана жасалған. А.Н. Кирпичниковтың еңбегіндегі 1905 жылғы Гнездово қорымының № 29 қорғанындағы қазба барысында табылған үзеңгілерге ұқсайды. А.Н. Кирпичников бұл үзеңгілерді б.з. IX-XI ғасырларымен кезеңдейді [8, 201] (3 сурет).

А.Н. Кирпичников өз зерттеуінде IX-XIII ғасырларға жататын үзеңгілерді екі топқа бөліп қарастырады. Олардың біріншісі IX-XI ғасырлар, екіншісі XII-XIII ғасырлар аралығы. Бұдан басқа сараптама жүргізу кезінде қолданылған үзеңгілерді 12 типке жіктеп, өзінің кестесін ұсынады [8, 89] (4 сурет).

Бұдан басқа тоқымның жиектеріне өрнектеле орнатылған қола әшекейлер анықталды. Қола әшекейлер жүгенге орнатылған әшекейлер іспеттес. Ер тоқымның үстіңгі беті бүлінген. Ер тоқым алынған соң астыңғы бөлігінде де қоладан істелген бұйымдардың бары анықталды. Тоқым мен жүген арнайы құралдармен оралып, монолит түрінде зертханаға арнайы саралаудан өтуге жөнелтілді. Жалпы, алдын ала мерзімдеуімізге сәйкес қорған IX-X ғасырлармен мерзімделеді [10, 35-38].


Омаров Г.К.

Казахский национальный университет им. аль-Фараби

Казахстан, город Алматы. gany_omarov@mail.ru

Сапатаев С.А.

Казахский национальный университет им. аль-Фараби

Казахстан, город Алматы. samat.1991@mail.ru
Резюме

В статье рассматривается конское снаряжение IX-X вв., найденное в 2014 году, в ходе археологических работ в могильнике Туйетас, который находится в правом берегу реки Черный Иртыш на территории сельского округа Буран в Курчумском районе, Восточного Казахстана. Авторы, в основном, останавливаются на описании стремян. Также дается информация об исследованиях стремян из археологических материалов Кореи, Японии и соседних стран.



Ключевые слова: конь, снаряжение, Алтай, Курчумский район, тюркский период, стремена.
Omarov G.K.

al-Farabi Kazakh National University

Kazakhstan, Almaty. gany_omarov@mail.ru

Sapataev S.A.

al-Farabi Kazakh National University

Kazakhstan, Almaty. samat.1991@mail.ru
Summary

In the article the horse equipment found in 2014 during archaeological work in the cemetery of Tuyetas, which is located on the right bank of Kara Ertish River, in the territory of the Buran rural district in Kurchum district of East Kazakhstan is considered. Authors stops from all equipment mainly in the stirrups. Also provides information about the research of archaeological materials stirrupsfrom Korea, Japan and neighboring countries.



Keywords: нorse, equipment, Altai, Kurshum area, turkic period, stirrups.

1 сурет. Жылқы жүгенінің жалпы көрінісі


2 сурет. ШҚО Күршім ауданы Түйетас қорымынан табылған үзеңгі


3 сурет. IX-XI ғасырларға жататын үзеңгілер:

1 - Михайлов (№ 2); 2 - Шокшово (№ 5); 3 - Бұрынғы Владимир губерниясы (№ 8); 4 - Гнездово (№ 26); 5 - Гнездово (№ 29); 6 - Шестовицы (№ 50); 7 - Васильки (№ 4); 8 - Шестовицы (№ 49); 9 - Васильки, Шокшово (№ 11); 10 - Подболотье (№ 21); 11 - Бұрынғы Владимир губерниясы (№ 12); 12 – Княж Тауы (№ 63).

4 сурет. Үзеңгілердің типологиялық тізбегі Кирпичников бойынша


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Омаров Ғ.Қ. Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы): автореф. … канд. ист. наук.: 07.00.06. – Алматы, 2010. – С. 31.

  2. Тоқтабай А.У. Ботайдан басталған әлемдік жылқы тарихы // Қазақ әдебиеті. –Алматы, 2010. – №45. 19-25 қараша.

  3. Омаров Ғ.Қ., Сапатаев С.А. Алтай аумағының археологиялық ескерткіштерінде кездесетін жылқы әбзелдері // Казахи в Евразийском пространстве история, культура и социокультурные процессы. – Омск: Амфора, 2014. – 326 с.

  4. Амброз А.К. Стремена и сёдла раннего средневековья как хронологический показатель (ІV-VIII вв.) // СА. – 1973. – №4. – С. 81-98.

  5. Akio Ito. Zur Chronologie der frühsillazeitlichen Gräber in Südkorea. Text und Tafelband. BAW [Bayerische Akademie der Wissenscnaften], Philosophische-historische Klasse Abhandlungen. Neue Folge. Heft 71, München, 1971, Abb. 91, 56.

  6. Setsu Onoyama. Early Horse Equipment Discovered in Japan. Kokogaku zasshi. JASN [Journal of the Archaeological Society of Nippon], LII, 1966, July, 1, p. 1-2.

  7. Кызласов И.Л. О происхождении стремян // СА. 1973. №3. – С. 24-36.

  8. Кирпичников А.Н. Снаряжение всадника и верхового коня на Руси IX-XIII вв // Археология СССР. Свод археологических источников. – ­ М.: Наука. – Вып. Е1-36, 1960. – С. 213.

  9. Омаров Ғ.Қ. Күршімнің археологиялық ескерткіштері (зерттелу тарихынан) // Қазақ тарихы. – 2013 жыл. – № 3, 13 б.

  10. Омаров Ғ.Қ. ШҚО Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері. Есеп 2014 жыл


References


  1. Omarov G.K. Altai-Tarbagatai aralygyndagy erte temir dauirinin arheologjalyk eskertkishteri (kezendelui, merzimdelui zhane madeni atrebutsjasy): avtoref. …kan.ist.nauk.: 07.00.06. – Almaty, 2010. – S. 31

  2. Toktabai A.U. Botaidan bastalgan alemdik zhylky tarihy // Kazakh tarihy. – Almaty, 2010. – №45. 19-25 karasha

  3. Sapataev S.A. Altai aumagynyn arheologjalyk eskertkishterinde kezdesetin zhylky abzelderi // Kazaki v Ebrazijskom prostranstve istorja, kultura I sotsiokulturnye protsesy. – Omsk:, 2012. – S. 104-107.

  4. Ambroz A.K. stremena I sedla rannego srednebekovja kak hronologicheski pokazatel V-VIII вв.) // SA. – 1973. – №4. – S. 81-98.

  5. Akio Ito. Zur Chronologie der frühsillazeitlichen Gräber in Südkorea. Text und Tafelband. BAW [Bayerische Akademie der Wissenscnaften], Philosophische-historische Klasse Abhandlungen. Neue Folge. Heft 71, München, 1971, Abb. 91, 56.

  6. Setsu Onoyama. Early Horse Equipment Discovered in Japan. Kokogaku zasshi. JASN [Journal of the Archaeological Society of Nippon], LII, 1966, July, 1, p. 1-2.

  7. Kyzlasov I.L. O proishozhdenja stremjan. // SA. 1973. №3. – S. 24-36.

  8. Kirpichnikov A.N. Snarezhenie vsadnika I verhobogo konja na Rusi IX-XIII vv. // Arheologja SSSR. Svod arheologicheskih istochnikov. – ­ M.: Nauka. – Vyp. Е1-36, 1960. – S. 213.

  9. Omarov G.K. Kurshimnin arheologijalyk eskertkishteri (zerttelu tarihynan) // Kazakh tarihy. – 2013 zhyl. – № 3, 13- b.

  10. Omarov G.K. SHKO Kurshim audanynyn arheologijalyk eskertkishteri. 2014 zhyl.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет