УДК 37.035.6:351.85
ОҚУШЫЛАРҒА ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫ АРҚЫЛЫ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Оңалбаева Гүлзат Маратқызы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті, педагогика және психология ғылымдарының магистрі
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін оқу орындарына қойылатын талап – тәуелсіз еліміздің азаматын тәрбиелеу, жастардың ұлттық сана-сезімін ояту, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік көзқарастарын қалыптастыру. Ал ұлттық тәрбие берудің ең басты жолы – ұлттық қадір-қасиетті дәріптеп, ана тілімізді сақтап, мәдениетімізді дамыту. Тәуелсіз еліміздің алдына қойған жаңа мақсаттар мен талаптардың бірі – азаматтардың бойына патриотизмді қалыптастыру. Бұл тұрғыда оқушыларға қазақ этнопедагогикасы арқылы патриоттық тәрбие берудің ерекшелігі маңызды орын алады.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының «Қазақстан -2030» стратегиялық Жолдауында «Олар... күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады» делінсе, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеттері: азаматтық пен елжандылықты, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру» деп атап өтілген.
Осыған орай, бүгінгі күні жас ұрпақты мәдени мұралар арқылы патриоттыққа тәрбиелеу, өз халқының тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін меңгерген, мәдениетті, адами қасиеті мол шығармашылық тұлға етіп қалыптастыру – заман талабы, қоғам қажеттілігі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп атап өткен болатын: «Қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеу – білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орнына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы».
Сонымен бүгінгі күннің жаңару бағыты – жалпыазаматтық және ұлттық құндылықтардан сусындаған, ұлттық дүниетанымы, мінез-құлқы қалыптасып, жан-жақты жетілген парасатты азаматтар тәрбиелеп шығару. Ұлттық дүниетаным мен мінез-құлық, сезім ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс береді. Ата-бабаларымыз өздерінің сан ғасырлар бойы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана мен әдет-ғұрпын, дәстүр-рәсімдерін қалыптастырды. Бұлар - адамдардың тұрмысына сіңген жөн-жосық, жол-жоралғылары, әр адамның іс-әрекетінің қоғамдық ортада қалыптасқан көріністері.
Мектептерде ұлттық тәлім-тәрбие берудің қайнар көзі болып табылатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғы секілді этностық ерекшеліктеріміздің психологиялық мәнін зерттеп,бұлардың өзіндік қайталанбас белгілерін, күнгейі мен көлеңкелі жақтарының даму, қалыптасу жолдарын ғылыми тұрғыдан талдау қажеттігі бүгінгі күннің талабы. Өйткені, өз халқымызды жақсы танып білуіміз үшін әрбір салт-дәстүрімізде қалыптасып қалған жағымды-жағымсыз қасиеттерді өзге этностардың мәдени құндылықтарымен салыстыра қарастыруымыз керек. Мысалы, ұлттық психологияны қалыптастыратын факторлардың бірі салт-дәстүрлерге тоқталайық. Салт-дәстүрлер халықтардың тіршілік кәсібіне, наным-сенімдеріне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Оның жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері дамып, жаңа мағынаға ие болады. Ұлттық келбетімізді қалыптастыру жолындағы ұрпақ тәлім-тәрбиесінде біз мұны әрқашан да есте ұстауымыз керек. Өркениетті қоғам құру жолындағы Қазақстан жағдайында ескірген, көне салт-дәстүрлерден арылып, жас ұрпақтың ұлттық мақтаныш сезімін туғызатындай дәрежеде көрсете білуіміз керек.
Ерте кездерден бері өскелең ұрпаққа тәрбие беріп, олардың сана-сезімін, ақыл-ойын дамыту мен жетілдіру - әрбір ұлт пен халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен жан-дүниесінің сырын айқын білдіретін қоғамдық құбылыс. Ал қоғамдық құбылыс сол халықтың тіршілік бейнесімен, жан дүниесінің сан қырлы сырларымен тығыз байланысты сипатта дамып отыратындығы тарихи шындық. Міне, осы ұстанымдарға сүйене отырып біз өскелең ұрпаққа халықтық тәрбиеге негіздей отырып, ұлттық тәрбие мен өнеге көрсетудің бірсыпыра жәйттерін педагогикалық және психологиялық тұрғыда сөз еттік. Өскелең ұрпаққа білім беріп тәрбиелеу халықтың салт-дәстүрімен, сана-сезімімен тығыз байланыста жүргізілетін болса, оның нәтижесі де соғұрлым жемісті болмақ.
Патриоттық тәрбие мәселесі барлық сабақтарда өз дәрежесінде қаралуы қажет. Әсіресе, әр сабақта оқушыға тәрбие беруіміз керек. Себебі, ұлы бабамыз Әбу Насыр әл Фарабидің өзі: «Тәрбиесіз берілген білім апат әкеледі» деген. Олай болса, «Тәлім сөз – тәрбие құралы» деген нақыл сөз өмірден алынған шындық екені белгілі. Сондықтан да болар, халық тәрбиесі ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келеді. Егер біз, адамды адам еткен еңбек десек, сол еңбекті балаға үйретіп, адамгершілік қасиетке баулып, жол сілтейтін - халық тәрбиесі. Халқымыздың ұлттық тәлім-тәрбиесіне қатысты сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мол. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей халық атадан балаға жалғасып келе жатқан жақсы қасиеттерін келер ұрпаққа сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан.
Ұлттық тәрбиенің басты ерекшеліктерінің бірі – халқымыздың қайырымдылығына байланысты. Ата-бабамыз ұрпағын қайырымды жұртқа қамқор болуға, кемтарларға әрдайым көз қиығын салып, қол ұшын беруге баулыған. Ата-анасының алдында перзенттік парызын өтеуге, имандылыққа тәрбиелеген. Халқымыздың жазуы болмағанмен ұрпақты ата-баба үлгісімен тәрбиелеуге айрықша мән берген. Оларды жеті атасын білуге, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға үйреткен.
Халқымыздың патриоттық үлгісін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Ақтамберді, Бұқар жырау және ХХ ғасырдың басында қалыптасқан А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Б.Сырттанов, Ғ.Мұсағалиев сынды қазақ қайраткерлері жасап берді деуге негіз бар.
Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп, халыққа қызмет етудің, патриотизмнің айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан бері қазақ қоғамында патриотизм байлықтан да жоғары бағаланды.
Бүгінгі таңда қазақ этнопедагогикасының негізінде жастарды патриотизмге тәрбиелеу мүмкіндіктеріне жол ашылуымен қатар этнопедагогика ғылымына тән өзіндік анықтамалар, негізгі қағидалар ғылыми тұрғыда анықталу үстінде.
Тәрбиенің іргетасы қаланатын тұсы – отбасы мен тұрмыс. Сондықтан өмірде жастар арасында кездесіп жататын ана тілін ұқпау, салт-дәстүрді білмеу, үлкенді сыйламау сияқты келеңсіздіктердің пайда болуы, отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігі ата-ананың бала тәрбиесіне аса мән бермеуінен болып отыр. Осыған орай З.Ахметова Б.Момышұлының мынадай сөзін келтіре отырып «Тәрбиенің қайнар көзі – ата-ана. Олардың тыныс-тіршілігі, өмірге көзқарасы, рухани өрісі, өзара қарым-қатынасы, бүкіл болмысы балаға тәрбие» дей келе атасының ар-ұят, намыс, имандылық секілді адамның азаматтық қасиеттері туралы ой-пікірлерін насихаттайды.
Адамның бойында ұят сезімі қалыптасқан күнде ғана Отан алдындағы парызды орындау үшін саналы түрде қауіп-қатерге бас тіге алады. Б.Момышұлы «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге міндетті» деген. Бұны отбасында өсіп келе жатқан жас буындарды патриотизмге тәрбиелеуде ерен үлес қосатын аса маңызды әлеуметтік орта деп ой түюге болады. Сол себепті де жастарды патриотизмге тәрбиелеуді ғылыми-педагогикалық тұрғыдан ұйымдастыруды қарастыру өз алдына бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселесі екендігін атап көрсетуге болады. Ендеше жастарды оқытумен қатар тәрбиелеу үрдісінде қазақ этнопедагогикасын басшылыққа алу қажеттігі сезіледі.
Дала мінезді қазақтың көңілі шалқар, кейде сағымдай бұлдырап, жұмбақ болып қалатын сәттері де бар, өрлік пен кеңдік, батырлық рух, патриоттық сезім бойына дарыған қазақ халқы ешқашан өз рухын түсірмек емес. Көшпенді күй кешсе де, үлкен мәдениет тұрғызды, отырықшы күй кешсе де, далаға тән рухын, өзіндік болмысын сақтап отырды. Орта адамды қалыптастырады, оның даралық қасиеттерін айқындай түседі. Олай болса, халқымыздың ұлттық рухын, этнопедагогикалық құндылықтарын қастерлеп, жастардың патриоттық сезімдерін жоғарылата түсу керек деп есептейміз.
Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие беру жоғары оқу орындарында зерттелетін жаңа сала ретінде қарастырылады. Этнопедагогика – педагогика ғылымдары жүйесінің табиғи бір бөлігі. Этнопедагогика негізінде патриоттық тәрбие беру бойынша зерттеулерді педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн. Этнопедагогика ғылымы жайлы С.Ұзақбаева, К.Қожахметова, Қ.Бөлеев, Ж.Асановтардың ой-пікірлері көңілге қонады.
Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие берудің мақсаты - этностық ерекшеліктерді пайдалана отырып этнос субъектісін қалыптастыру. Жалпы тәрбие этностық тәжірибедегі құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгенде ғана іске асады. Осы орайда этностық ерекшеліктерді ескере отырып, алға қойған міндеттерді шешудің қайнар бастауы этнопедагогикада жатқанын білеміз. Қазақ этнопедагогикасындағы патриоттық тәрбиенің қалыптасуына басты ықпал етуші себептер: ұлтқа деген ерекше құрмет, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап, құрметтеу, әдеп-ғұрыптарды білу, т.б.
Әдеп пен салт-сана сабақтастығы демекші, қадым замандардан бастау алатын мақал-мәтел, шешендік сөздер сияқты асыл сөздерді исі қазақтың бар ұрпағы бесік жырымен естіп, зердесіне құйған. Талқылауға жатпайтын, сөзсіз орындалуы тиіс ақиқат ретінде қабылдаған. Дәстүрсіз халық жоқ. Дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана қоғамдағы әлеуметтік қатынастар түрлерін, қоғамның мәдени деңгейін көрсетумен қатар, тәрбие талаптарының негізін құрайды, адамдардың қоғамдасып өмір сүруінің және ұйымдасуының маңызды формаларын көрсетеді. Ол тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан – ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп, әдеп-инабат нормасы болып табылады. Дәстүр өзінің негізі мен қалыптасуы, өмір сүруі жағынан барынша ұлттық сипатта болады, әрбір халық жалпы адамзат мәдениетіне сонысымен үлес қосады. Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасында өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру.
Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қай халықтың да өзіне тән ғұрып салттары, дәстүрлері болады, олар халықтың тарихи өмір – тіршілік өзгешеліктеріне, әлеуметтік қарым-қатынас сипаттарына, наным-сенімдері мен адамгершілік, әдептілік жайындағы түсініктеріне байланысты және жеке ұлт ретінде сақталуында басты рөл атқарады.
Жас ұрпақ дәстүрде жинақталған ақпарлар арқылы ата-бабадан қалған материалдық және рухани мәдениетке мұрагер болады. Мысалы, халқымыздың «Ата салған жол бар, ене пішкен тон бар», «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деуінің мәні бұрынғыдан қалған жөн-жосық, әдет-салттың басшылыққа алынуға міндеттілігін білдіреді. «Түбірлі мәселені шешерде, түп атадан келе жатқан жолды ұстар» дейтін әлгі мақалдардың бір әулеттен келесі әулетке ұмытылмай жетуінің өзі – дәстүр. Халық осындай дәстүр жалғастығын зор мұрат санайды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген ұлы арман соған мегзейді.
Осындай халқымыздың асыл мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, олардың зердесіне дарыту – ата-аналар мен ұстаздардың еншісінде. Себебі, бала тәрбиесі – баршамызға ортақ.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қағиданы ескерсек, өз еліміздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпы бай қазына деп түсініп, оларды келешек ұрпаққа жеткізу қазіргі таңдағы ұстаздардың басты борышы деп түсінемін.Осыған орай, қандай пән болмасын оны оқу барысында тәрбиелік мәні бар, халық тәрбиесі үлгісімен патриоттық тәрбиеге баулитын жақтарын көп қарастырған жөн.
Бүгінде көптеген отандастарымыз, әсіресе, еліміздің талантты да талапты ұл-қыздары білім – ғылым, өнер қуып, кәсіпкерлікпен айналысып, әлемнің әр қиырын шарлап кетті. Біздің мақсатымыз - олардың жүрегінде туған жерге сүйіспеншілік алауын маздата түсу, перзенттік сезімнің елінің қадір-қасиетін бұрынғыдан да терең танып, оның игілігі мен атақ-абыройы үшін аянбай жемісті қызмет етуге жігерлендіре түсу.
Бүгінгі таңда қазақ этнопедагогика арқылы жастарды тәрбиелеу
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н. «Қазақстан жолы» кітабы
2. Назарбаев Н. «Еуразия жүрегінде» кітабы.
3. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы.
4. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру. Астана.2007ж.
5. Б.Момышұлы. «Ел басына күн туса». Алматы. 1970.
6. Қазақстан мектебі № 9,2008ж
7. Ә.Қалмырзаев. «Қазақстандық патриотизм қалай қалыптасады?». Егемен Қазақстан, 10 қаңтар, 1998
Достарыңызбен бөлісу: |