«Педагогиканы оқыту әдістемесі» пәнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар



бет5/7
Дата11.07.2016
өлшемі1.28 Mb.
#190242
1   2   3   4   5   6   7

Бақылау сұрақтары:

1.Курстың мақсат, міндеттерін айтыңыз?

2.Пән бойынша университеттерге арналған типтік және оқу –жұмыс бағдарламалары дегеніміз не?
Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Рыжов В.Н. Дидактика .Москва,2004

2.Құлшанова С.Мектеп педагогикасы. Алматы 2005

3.Хмель Н.Д.Біртұтас педагогикалық процесті жүзеге асырудың теориясы мен технологиясы Алматы, 2005



Дәріс 7

Дәріс тақырыбы: «Дидактика» бөліміне әдістемелік сипаттама
Дәріс мазмұны:

1.Болашақ мұғалімдерді жалпы педагогикалық дайындаудағы бөлімнің маңызы.

2.Бөлімнің мақсат, міндеттері
Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).

Оқу теориясының негізгі құрылым бірліктері – бұл ғылым тарапынан анықталған заңдар мен заңдылықтар. Заңдар мен заңдылықтар құбылыстар, процестер мен олардың нəтижелері арасындағы жалпы, объектив, тұрақты жəне қайталанып келетін байланыстар мен тəуелділіктердің мəнін ашады. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды жəне негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мəн-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пəндерін өтуде жəне оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мəнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте əрекетке келеді. Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А. Коменский қалаған. Ғұлама- педагог пікірінше, оқудың негізі – табиғи сəйкестік принципі, ал барша қалған принциптер осы табиғи сəйкестікке сай бірізді іске асырылып барады.

Қазіргі заман гуманистік дидактикасында оқу принциптері табиғи сəйкестік басты принципінің төңірегінде жүйелі біріккен. Бұл жүйедегі дидактикалық принциптер төмендегідей:

1) саналылық жəне белсенділік; көрнекілік; жүйелілік жəне бірізділік; беріктік; түсіністік; ғылымилық; көңіл-күй; теория мен практиканың байланысы.

Оқудың əрқилы заңдылықтарын реттестіріп, жинақтауға орай, оларды жалпы жəне жеке (нақты) заңдылықтар деп бөлу қабылданған.

Жалпы заңдылықтар қалаған білім беру процесіне тəн болып, оқудың бүкіл жүйесін қамтиды. Олардың арасында аса көп еленетіндері:

- оқу мақсаттары. Оқу мақсаты қоғам дамуының деңгейі мен қарқынына, оның қажеттері мен мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымы мен практикасының даму деңгейі мен жетістіктеріне байланысты;

- оқу мазмұны. Оқу мазмұны қоғамдық қажеттер мен оқу мақсаттарына, ғылыми-техникалық жəне əлеуметтік процестің қарқынына, оқушылардың жас мүмкіндіктеріне, оқу теориясы мен практикасының даму деңгейіне, оқу мекемелерінің материалды- техникалық жəне экономикалық жағдайларына тəуелді келеді;

- оқу сапасы. Оқу сапасы өткен кезеңдегі оқу процестерінің нəтижелілігіне, оқу материалының сипаты мен көлеміне, мұғалімнің ұйымдастыру – педагогикалық шеберлігіне, оқушының оқып-үйренуге болған қабілетіне, оқу уақытына байланысты;

- оқу əдістері. Дидактикалық əдістер тиімділігі əдістерді білу мен қолдану ептілігіне, оқу-мақсаттарына, мазмұнына, оқушылардың жеке деңгейі мен оқуды меңгеру қабілетіне, материалдық-техникалық қамсыздығына, оқу процесінің ұйымдасуына тəуелді;

- оқуды басқару. Оқудың нəтижелі болуы оқу жүйесіндегі кері байланыстың жеделдік сипатына, реттеу-түзету ықпалдарының орынды келуіне орайласады;

- оқуға ынталандыру. Оқу нəтижесі шəкірттің білім игеруге деген іштей ынта-ықыласы мен оқу əрекеттерінің өзіне тəн тартымына (внутренние стимулы); оқу əрекетіне мүмкіндік жасаушы сыртқы жағдайлар (қоғамдық, экономикалық, педагогикалық).

Білімдену процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқу əдістеріне тəуелді.

Оқу əдісі – білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс -əрекеттік қимыл - тəсілдері. Оқу мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шəкірттің оқып- үйрену əрекеттерінің өзара байланыстылығы жəне анайылығы осы оқу əдісінен көрінеді.

Оқу тəсілдері- оқу əдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “əдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым. Бұл екі ұғымды өз алдына шектеп болмайды, олардың ара қатынасы ауыспалы, өзгермелі. Кей жағдайларда əдіс педагогикалық міндетті шешудің дербес жолы есептелсе жəне бір ықшам оқу-тəрбие мəселесіне орай- тəсіл болуы мүмкін. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімдерді сөздік, ауызша əдіспен (түсіндіру, əңгімелеу, сұхбат) ұсыну барысында көрнекі құралдарды пайдаланса, онда бұл көрнекілік –тəсіл ретінде қабылданады. Егер де көрнекіліктер білім игертудің негізгі құралы болып, солар негізінде оқушылар жаңа білім ақпараттарын қабылдаса, онда көрнекілік - əдіс, ал мұғалімнің қалған оқу іс-əрекеттерінің бəрі тəсіл болып есептеледі.

Сонымен, əдіс көптеген тəсілдерден құралады, бірақ олардың жəй жиынтығын білдірмейді. Тəсілдер арқылы оқытушы мен оқушының оқу жұмыстарын орындаудағы өзіндік ерекшелігі көрініп, оқу субъекттері іс-əрекеттеріне даралық сипат береді.

Оқу ережелері (дидиактикалық ережелер) – оқу процесінің қалыпты педагогикалық жағдайларында қандай жəне қайтіп əрекет жасау қажеттігін көрсететін нақты ұсыныс.

Оқу əдістерін топтастыру

Қазіргі күнде педагогикада əдістерді топтастырудың үш жолы кең танылған.

1. Оқу əдістерін дидактикалық мақсаттарға орай топтастыру.

Мұндай топтастыруға байланысты əдістерді бөлу ең алдымен оқу мақсатын назарға алады. Бұл жағдайда оқу мақсатына қол жеткізуге бағытталған мұғалім əрекетіне көп көңіл бөлінеді. Мақсатты көздеген əдістер тобына енетіндер:

- білім жинақтау əдісі;

- ептілік жəне дағды қалыптастыру əдісі;

- білімді қолдану, пайдалану əдісі;

- білім, ептілік, дағдыларды бекіту мен тексеру (бақылау) əдістері.



2. Оқу əдістерін білім көзі бойынша топтастыру.

Тəжірибеде негізгі үш білім көзі нақты танылған: сөз, көрнекілік, іс-əрекеттік (практика). Осыған орай ажырататынымыз: сөздік əдістер (білім көзі ретінде ауызша не жазба сөз қызмет етеді); көрнекі əдістер (білім көзі- бақылауға түскен заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар) жəне іс-əрекеттік əдістер (білім жəне ептіліктер ойын, оқу, қарапайым еңбектік істер процесінде қалыптасады).

Оқу əдістері жүйесінде басты орын сөздік əдістерге беріледі. Олар-əңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, сөз-жарыс, пікір-талас, дəрісбаян (лекция), кітаппен жұмыс.

Əңгімелеу – оқу материалын тыңдарманға сипаттама не баян формасында монологты, бірізді сөйлеп жеткізу.

Түсіндіру – бұл игеруге қажет обьект, құбылыс, кейбір ұғымдар заңдылықтары мен мəнді қасиеттерін талқы, талдау, мысал келтіру жолымен дəлелдеп, оқушы санасына енгізу. Сұхбат – оқудың диалогтық əдісі: педагог бірізді сұрақтар қоя отырып, оқушыны жаңа материалды түсіну, ұғу деңгейіне көтереді не ұсынылған материалдың қаншалықты меңгерілгенін тексереді.

Дəрісбаян (лекция) - көлемді материалды монологтық жолмен баяндау. Дəрісбаянның басқа сөздік əдістерден өзгешелігі – қатаң құрылымды, мол ақпаратты, баяндалуы қисынды, білім мəнін ашу жүйелікке негізделеді.

Дəрісбаян ғылыми-көпшілік жəне академиялық болып ажыралады. Өткен материалды қорытындылауға, қайталауға шолу дəрісбаяндары қолданылады.

Қазіргі кезеңде дəрісбаян əдісін қолданудың көкейкестілігі ірі бөлімдер мен жеке тақырыптарды игеруде оқу материалын топтап ұсыну (блок) тəсілін пайдалану қажетттігінен туындап отыр.



Оқу сөз-жарысы (дискуссия) əдіс ретінде нақты проблема бойынша пікір алмасуға, жекеленген көзқарастар білдіруге негізделеді. Сөз-жарыс барысындағы оқушының ой-пікірі өзінің меншікті шешімі не басқа тұлғалардың ғылыми –теориялық ұсыныстары болуы мүмкін. Оқу сөз –жарысының басты қызметі –шəкірттердің танымдық ұмтылыстарына дем беру.

Сөз жарыс жəрдемімен оған қатысушылар жаңа білімдерді игереді, өз пікірлерінің дұрыстығына не қателігіне көзін жеткізеді, өз көзқарастарын қорғап қалуға үйренеді, басқалар ой топшылауларымен есептесу қажеттігін түсінеді.

Кітаппен (оқулықпен) жұмыс – кітап оқу сөздік əдісінің аса маңызды түрлерінің бірі. Бұл əдістің тиімділігі –оқушы өзіне қолайлы жағдайда, өз түсініміне орай оқу материалын қалауынша қайталап игеруге мүмкіндік алады.

Баспа көздерімен оқу жұмысын атқарудың бірнеше жолы бар:

- конспектілеу - оқылған ақпараттың қысқаша жазбасы не баяны. Конспектілеу түрлері- түгелдей көшіру, іріктеумен таңдап жазу, толық не қысқа конспект түзу. Оқушы конспектіні үшінші тұлғаның атынан емес, өз атынан жасағаны жөн, осы жағдайда оның дербес ойлау қабілеті дамиды;

- тезистер түзу - негізгі идеяларды белгілі бірізділікпен қысқаша баяндау;

- реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;

- мəтін жоспарын жасау - мəтінді бөлімдерге келтіріп, əрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;

- сілтемелер беру (цитирование)- мəтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: əдептілік болуы, мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дəл келтіру;



- түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мəнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба);

- пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.

- анықтама (справка) түзу –ізденіс нəтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мəлімет. Анықтамалар түрі - өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық жəне т.б.

- формальды –қисынды модель жасау - оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;

- тақырыптық тезаурус құрастыру - тақырып, бөлім не түгелдей пəн бойынша тірек ұғымдардың реттелген жиынтық тізімін жасау;

- идеялар матрицасын жасау - біртекті заттар, құбылыстар жөнінде келтірілген түрлі авторлар еңбектеріндегі салыстырмалы сипаттамаларда кесте формасына келтіру;

- пиктографиялық жазба –сөзсіз бейнелеу.

Оқудың практикалық əдістері - оқушының іс-əрекетіне, оқу қызметтеріне негізделеді. Бұлардың басты міндеті –тəжірибелік ептіліктер мен дағдылар қалыптастыру. Мұндай топтастыруда жаттығу, лабораториялық жəне тəжірибелік əдістері бірігеді.

Жаттығулар – материалды игеру не игерілгеннің сапасын көтеру мақсатында оқу əрекеттерін (ақыл не қызметтік) көп мəрте қайталаумен орындау.

Жаттығулар ауызша, жазба, графикалық жəне оқу-еңбектік болып ажыралады.

Ауызша жаттығулар оқушылардың сөйлеу мəдениетінің, қисынды ойлау, ес, зейін, таным мүмкіндіктерінің дамуына ықпал жасайды.

Жазба жаттығулардың басты міндеті игерілген білімді бекіту жəне олар бойынша қажетті ептіліктер мен дағдыларды қалыптастырып, қолдануға бейімдеу.

Оқу-еңбектік жаттығулар ерекше əдістер тобын құрайды. Бұларды пайдалану нəтижесінде оқушылар теориялық біліктерін еңбек іс-əрекеттерінде қолдануға үйреніп, еңбек құрал-саймандарымен, лабораториялық жабдықтармен қатынас жасауға дағдыланады, құрастырушылық-техникалық ептіліктерін дамытады.

Оқушылардың өзіндік əрекеті мен дербес жұмыс істеуіне байланысты қалаған жаттығу қайта жасау, дағдылану, шығармашылдық сипатына ие.

Оқу процесінің белсенділігін көтеру, оқу тапсырмаларының сапалы орындалуына түсіндірмелі жаттығулардың тиімділігі орасан. Бұлардың мəні – оқушы орындап жатқан əрекетіне сипаттама береді, осыдан жаттығу ісі мен білімі көтеріңкі саналылықпен меңгеріледі.

Лабораториялық жұмыстар əдіс ретінде оқушылардың өз бетінше арнайы приборлар мен құралдарды пайдалана отырып, тəжірибе не эксперимент жүргізуіне негізделген. Жұмыс дара не топта жүргізіледі. Бұл əдісті қолдану барысында оқушылар жоғары белсенділік жəне дербестікпен қатысып, зерттеу істеріне етене араласуға мүмкіндік алады.



3. Оқу əдістерін шəкірттердің танымдық əрекеттеріне орай топтастыру

Танымдық іс-əрекет сипаты оқушының ойлау белсенділігінің деңгейінен көрінеді. Мұндай топтастыру тұрғысынан келесі əдістер түрі ажыралады: түсіндірме – көрнекілі (ақпаратты – рецептивті, іштей түсіну), қайталай жасау (репрадуктивті), проблемді баяндау, бөлшектеп ізденіс (эвристикалы) жəне зерттеу.

Түсіндірме – көрнекілі əдістің мəні – оқытушы əрқилы құрал-жабдықтар көмегімен дайын ақпаратты хабарлайды, ал оқушылар оны қабылдайды, түсінеді жəне есте қалдырады. Оқушылардың танымдық іс-əрекеті дайын білімдерді есте қалдыруымен еленеді, бірақ бұл бейсаналық деңгейде де болып, ақыл-ой белсенділігіне ешқандайда əсер етпеуі ықтимал. Осыдан түсіндірме, яғни ақпаратты- іштей түсіну əдісі əрдайым тиімді бола бермейді.

Қайта жасау (репродуктивті) əдісте оқытушы ақпаратты дайын күйінде хабарлап, түсіндіреді, ал оқушылар оны меңгеріп, ұстаз тапсырмасымен сол күйінде қайталап айтып береді. Білім өзгеріске түспейді, оқушыдан шығармашыл белсенділік талап етілмейді.

Қайта жасау əдісінің, ақпараттық іштей түйсіну əдісіндегідей басты тиімділігі- уақыт, күш қуат үнемділігі. Бұл əдіс қысқа уақытта, көп күш жұмсамай ауқымды көлемдегі білім қоры мен ептіліктерді түсіндіріп жеткізуге мүмкіндік береді. Сабақ барысындағы көп қайталаудан білім бекімі бірқанша жоғары болады. Бірақ бұл əдіс те оқушылардың ой белсенділігін көтеруде өзінің тиімсіздігімен байқалады.

Проблемді оқу əдісі - оқу процесіндегі орындаушылық қызметтен шығармашыл іс-əрекетке өту құралы ретінде танылады. Бұл əдістің мəні – оқытушы мəселе ұсына отырып, оның шешімін береді, таным процесіндегі ой өрісінің даму жолын көрсетеді. Оқушылар дайын білімдерді, қорытындыларды тек қана түсініп, есте қалдырумен шектеліп қалмай, дəлелдер қисынына, ой пайымдау тəсіліне бақылау қояды. Мұндай əдісті қолдану барысында оқушылар таным процесінің тікелей қатысушысы болмағанымен, мұғалімнің ой топшылауларына зер сала отырып, өздеріде проблема шешуге үйреніп барады.

Танымдық процестің біршама жоғары деңгейде танылғаны - бұл бөлшектеп ізденіс (эвристикалық) əдісі. Бұл əдіске байланысты оқушылар күрделі оқу проблемасын толықтай бастан-аяқ шешпестен, проблеманы бөлшектерге келтіріп, оларды бірінің ізімен екіншісіне жауап тауып отырады.

Оқудың зерттеу əдісі – оқушының білім игерудегі шығармашылдық ізденісіне басты назар аударады. Бұл əдісті қолданудағы басты мақсат- оқушының білім игерудегі саналылығын көтеру, құбылыстар мен оқиғаларды нақты күйінде қабылдамай, олардың мəн-мағынасына тереңдей ұғынуға үйрету, қорытындылар жасауға баулып, игерген білім, ептілік жəне дағдыларын тұрмыста қолдануға жаттықтыру.


Бақылау сұрақтары:

Болашақ мұғалімдерді жалпы педагогикалық дайындаудағы бөлімнің маңызын айтыңыз?

2.Бөлімнің мақсат, міндеттеріне сипаттама беріңіз?

Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Бабаев С.Б, Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика» Алматы 2006.

2.С.Ш. Әбенбаев, А.М. Құдиярова, Ж.Ә. Әбиев «Педагогика» Астана 2003.

3.Ж. Әбиев, А.М. Құдиярова, С. Бабаев «Педагогика» Алматы 2004.

4.Бержанов К.Б., Мусин С.М., Педагогика тарихы. Алматы-2004.

5.Дүсембекова Ш.Д. Педагогика. Семей 2004 ж.
Дәріс 8

Дәріс тақырыбы: «Тәрбие теориясы» бөліміне әдістемелік сипаттама
Дәріс мазмұны:
Мақсаты: Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері жөнінде түсінік беру, тәрбие жұмысының түрлерімен таныстыру.

Жоспар:

Жеке тұлғаны дамыту мен қалыптастыруда тәрбиенің бірлігі.

Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері.

Тәрбие жұмысының түрлері.

Тәрбие құралдары.

Тәрбие принциптері.


Тәрбие теориясының жалпы сұрақтары студенттердің меңгеруі үшін күрделі болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да студенттерге оқылатын сұрақтар тізімін бірізділікпен айқын ажыратып алған дұрыс. Аталған бөлімнің тақырыптары мемлекеттік саясатпен және қоғамдық демократиялық идеялармен байланысты болғандықтан, жаңа сұрақтармен толықтырылып отырады.

1-тақырып «Тәрбиенің теориялық негіздері» деп аталады, ол төмендегі сұрақтарды қамтиды: тәрбие тарихи-қоғамдық, педагогикалық және әлеуметтік құбылыс ретінде; тәрбие мәні, қазіргі таңдағы тәрбиенің ерекшеліктері; тәрбие үдерісінің негізгі заңдылықтары мен принциптері; тәрбиенің құрылымдық компоненттері (мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдістері, тәсілдері, формалары, тәрбие нәтижесі); «балалықтың экологиясы» саласының ерекшелігі.

Тәрбиелеуші орта, «тәрбиелеуші кеңістік» және ортаны педагогтандыру туралы сұрақ маңызды орын алады. Студенттер бұл құбылыстардың тәрбиелеудің заманауи жағдайларында өзекті болып табылатынын білулері керек.

Осыдан келіп мақсаты – тәрбиенің теориялық негіздері туралы білімдер жүйесін қалыптастыру туындайды.

Аталған тақырып аясында тәрбиенің үдерісін ұйымдастырудағы әдіснамалық бағыттары ретінде жүйелі, тұлғалық-бағытталушы, философиялық-антропологиялық, синергетикалық, этномәдени секілді заманға лайық амалдарын қарастыру мақсатқа сай болып келеді.

Даулы мәселенің бірі ретінде жалпы принциптер, соның ішінде тәрбие принциптері туралы сұрақтар анықталған. Бүгінгі таңда мынандай сұрақтар нақты өз шешімін таппаған болып саналады: «Принцип» деген сөз нені білдіреді?», «Принциптің неше түрі бар?», «Принциптердің қандай типтері мен түрлері кездеседі?», «Принциптердің құрылымы мен мазмұны қандай?».

Студенттерге принциптердің саны, түрі, типтері ғылыми амалдардан (жүйелілік, іс-әрекеттік және т.б.), қолданылу аясынан (жоғары білім жүйесі, ғылыми және практикалық іс-әрекет саласы), принципті алу тәсілінен (контент-анализ, тәжірибені оқу, жинақтау және т.б.) туындайтынын түсіндіру керек. Барлық принциптер өзара тығыз байланысты. Принциптерден ережелер туындайды. Ережелер практикада принциптерді жүзеге асырудың алғы шарттары ретінде болады.

Аталған тақырыпты оқу барысында ақпарат-дәрісі, визуалдау-дәрісі типтерін қолданған жөн.

Семинар сабақтарын пресс-конференция, семинар-пікірталас, жоспар негізінде кеңейтілген әңгіме және т.б. түрінде өткізуге болады.

СӨЖ үшін тапсырманы жазбаша сұрақтар түрінде беру ұсынылады:

1) Тәрбие үдерісінің диалектілігі неден көрінеді? Тәрбие үдерісінің қозғаушы күштері нелер?

2) «Тәрбие принциптерінің байланыстылығы» деген сызба сызу. Олардың тәрбиені ұйымдастыру барысында сақтау (сақталмау) салдарын мысалдар арқылы көрсету.

3) «Балалықтың экологиясының» мәні неде?



2-тақырып «Тәрбиенің мақсаты, міндеттері, мазмұны». Бұл тақырып «Тәрбие теориясы» бөлімінде маңызды болып саналады. Өйткені студенттердің тәрбие тиімділігі айқын мақсатты ұстанымдардан тұрады деген сенімдері оларға одан кейінгі кезеңде тәрбиенің әдістемелік негіздерін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.

Мақсаты – тәрбие үдерісінің теориялық негіздері туралы білімдер жүйесін қалыптастыру.

Дәріс басталғанға дейін мақсат, идеал, міндеттер, мазмұн; амал, концепция, парадигма деген ұғымдардың философиялық түсінігін қарастырып алу керек, одан кейін барып дәріс барысында осы ұғымдардың педагогикалық мәнін ашып көрсеткен жөн. Түсініктілік аппаратымен осындай жұмыс жүргізу студенттерге ғылымаралық ұғымдарды жақсы түсініп, бірыңғай қабылдаулары үшін қажет.

Бұл тақырып студенттердің мына жайттарды түсінулеріне бағытталған: тәрбиенің жүйеқұраушы компоненті мақсат болып табылады; тәрбие мақсаты болашақтың (адамның, топтың, ұжымның, қоғамның, адамзаттың, цивилизацияның) пір тұтар бейнесіндей қарастырылады; тәрбие мақсатының әлеуметтік (қоғамдық) және тұлғалық (өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру) деп аталатын екі деңгейі бар.

Тәрбие мақсаты тәрбиелеу үдерісінде тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау болып табылады. Жан-жақты даму адамды әр түрлі іс-әрекетті атқаруға икемдейді, мысалы: ақыл-ой-танымдық, еңбек, қоғамдық-пайдалы, көркем, спорттық, ойындық және т.б.

Аталған тақырып аясында тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің қисындық байланысын анық байқауға болады, оларды дұрыс таңдай білгенде заңды түрде адамның қоғамдық, кәсіби және жеке өміріндегі өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі таныта білуіне жол ашады.

Студенттерге мақсат ұғымы диалектикалық мәнге ие екенін және оның тарихи сипаты барын түсіндіру керек.

Мақсатты қоя білу оны нақтылауды талап етеді, яғни тәрбиенің стратегиялық және тактикалық міндеттерін айқындау. Стратегиялық міндеттер тәрбиенің барысымен анықталады, оны орындау ұзақ мерзімді сипатқа ие, ал тактикалық міндеттер жақын арадағы істерді шешуге бағытталған (мысалы, ата-аналар жиналысын жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу).

Мақсат пен міндеттер тәрбие мазмұнын айқындайды. Тәрбиенің қазіргі таңдағы мазмұны бірден қалыптасқан жоқ. Ол көне грек философтарының (Аристотель) еңбектерінен бастап қалыптасу мен дамудың ұзақ кезең бастан кешірді, қайта өрлеу дәуірінің (Ф. Рабле, М. Монтень) гуманистік идеяларымен, диалектикалық материализм өкілдерінің (К. Маркс, Ф. Энгельс) материалистік көзқарастарымен, коммунистік тәрбие идеяларымен (В.И. Ленин) толықтырылса, қайта құру кезінде тәрбиені демократияландыру белең алды. Студенттер тәрбие мазмұны ерікті әрі стихиялы түрде қалыптаспайтынын, керісінше, тұтасымен әрі толықтай тәрбие мақсаты мен міндеттеріне, қоғам дамуының нақты кезеңдерінің мазмұнына тәуелді болатынын білуі керек.

Тәрбие мазмұны дене бітімдік, ақыл-ой танымдық, еңбек, адамгершілік, эстетикалық, азаматтық-құқықтық, экологиялық, экономикалық бағыттарда көрініс беруі шарт. Әрбір бағыттың өзінің нақтылы міндеттері мен жүзеге асу механизмі бар. Басқаша айтқанда, тәрбие мақсаты біреу, ал тәрбие міндеттері көп; тәрбиенің мақсаты мен міндеттері тәрбиенің мазмұнын айқындайды, және осы қисындық байланысты келесі сызбадан көруге болады:


Арнайы қарастыруды қажет ететін маңызды сұрақтардың бірі тәрбиенің заманауи концепциялары мен парадигмалары. Студенттерді тәрбиенің заманауи концепцияларының негізгі идеяларымен таныстыру қажет: тәрбие үдерісін жүйелі құру (В.А. Караковский Л.И. Новикова, Н.Л. Селиванова); бала тұлғасын қалыптастырудың жүйелі-рөлдік теориясы (Н.М. Таланчук); тәрбие баланы әлеуметтендірудің педагогикалық компоненті ретінде (М.И. Рожков, Л.В Байбородова, О.С. Гребенюк); ұжымдық-шығармашылық іс-әрекетте тәрбиелеу (И.П. Иванов); адамға лайық өмір салтын қалыптастыру (Н.Е. Щуркова); баланы мәдениет адамындай етіп тәрбиелеу (Е.В. Бондаревская); мектеп оқушыларының гуманистік тәрбиесі (В.Т. Кабуш); тәрбиелеушілік түсінік (Л.М. Лузина); балаға және оның дамуына педагогикалық көмек көрсету (О.С. Газман); жеке тұлғалық тәрбиелеу (Е.Н. Степанова); оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуі (Г.К. Селевко); адам қажеттілігі негізінде тәрбиелеу (В.П. Созонов) және т.б.

Әр бағыт өкілдері қалыптастырған тәрбиенің әр түрлі концепциялары мен парадигмалары түрлі амалдарға сүйенетінін және бұл демократиялау мен плюрализация жағдайында өзекті болып саналатынын студенттерге түсіндіру абзал.

Бұл тақырыпты оқыту үшін дәрістің ақпараттық-проблемалық дәріс, визуалдау-дәрісі типтерін пайдаланған жөн, семинар сабақтарын семинар-пікірталас, жоспар негізіндегі әңгіме және т.б. формасында өткізуге болады.

СӨЖ үшін топтық тапсырмалар беруге болады. Студенттердің 1-тобы тәрбие мақсаты туралы педагогикалық дәйексөздерді іріктейді, кейін оны семинар сабағында талдайды. Студенттердің 2-тобы тарихи-педагогикалық әдебиеттермен танысып, жан-жақты дамуының идеясын салыстырмалы талдамасын жасау нәтижесінде мультимедиялық презентация әзірлейді. Студенттердің 3-тобы «Әрбір сыныптағы тәрбие мазмұны қалай анықталады? Педагог тәрбие мазмұнын таңдауда қаншалықты ерікті?» деген сұрақтарымен мұғалімдермен, сынып жетекшілерімен өткен бейнеинтервьюдің жазбасын жүргізеді.

3-тақырып «Тәрбие әдістерінің жүйесі». Мақсаты – студенттер тәрбие компоненттерінің арасындағы байланысты айқын аңғарулары және де тәрбие әдістері, оларды таңдау тәрбиенің мақсат, міндеттерімен, мазмұнымен анықталғанын сезініп, сонымен қатар тәрбие әдістері мен принциптерінің арасында диалектикалық байланыстың бар екенін білулері керек.

Тақырыпты оқу барысында студенттер философиялық және педагогикалық аспектілері бар әдіс, тәсіл, құрал, жүйе деген ұғымдармен танысады. Тәрбие әдісінің мәндік сипаты, оның басты ерекшелігі педагог пен тәрбиеленушінің өзара әрекеттестігінде жатыр деген ой басты болып табылады.

Осы тақырып аясында қаралатын сұрақтар: тәрбие әдістерінің жіктелуі, олардың мазмұндық сипаты; тәрбие тәсілдері мен құралдары; тәрбие әдістерін, тәсілдерін, құралдарын таңдау критерийлері.

Бұл тақырыпты өту барысында бинарлы (интеграцияланған) дәріс типін таңдап алуға болады, дәріскерлердің бірі болып сынып жетекшісі, арнайы шақырылған мұғалім болуы мүмкін. Олардың міндеті – оқытушының дәріс материалының мазмұны бойынша өз жұмысының тәжірибесін нақтылы мысалдар көрсету арқылы толықтырып отыру.

Осы тақырып бойынша семинар сабағы семинар-пікірталас, жоспар негізіндегі әңгіме, проблемалық семинар формаларында өткізуге болады. Сабақты «Мұғалімнің педагогикалық тактісі» тақырыбындағы педагогикалық техниканы жетілдіруге байланысты тренинг элементтерімен де толықтыруға мүмкіндік бар.

СӨЖ тапсырмалары студенттер оқу қызығушылықтарымен байланысты дифференциалды болуы дурыс:

1) «Тәрбие әдістерінің жүйесі» деген сызбасын құру.

2) «Тәрбиенің әдістері, тәсілдері, құралдары» атты сөзжұмбақ құрастыру.

3) «Тәрбие әдістері» тақырыбында аңдатпалық әдебиет тізімін құру (ең азы 5-7 дереккөздер болуы шарт).

4-тақырып «Тәрбиенің ұйымдастыру формалары». Мақсаты – тәрбиені ұйымдастыру формалары, олар тәрбиенің мазмұны, әдістері, тәсілдері және құралдарымен байланысы туралы білімдер жүйесін қалыптастыру.

Тақырып тәрбие жұмысының формалары ұғымының мәні, тәрбиелік іс-шара, тәрбиелік іс; тәрбие үдерісі формаларының көптүрлілігі; тәрбиені ұйымдастыру формаларының критерийлері деген сұрақтарды қарастырады. Бұл тақырып студенттердің қабылдауына еш қиындық туғызбайтынын айта кеткен жөн, сол себепті тәрбие жұмысының кез келген түрін жоспарлау және ұйымдастыру алгоритмі, сынып сағаты тәрбие үдерісінің негізгі формасы ретінде, тәрбие жұмысының картотекасы деген кейбір жекелеген сұрақтарды студенттердің өз бетімен қарауларына беріп кейін семинар сабағында бірлесіп талдауға болады.

Оқытушы ақпарат-дәрісті визуалдау элементтерімен қолдана алады. Семинар сабағын мұғалім-практикті шақыруымен тақырыптық семинар түрінде өткізуге болады.

СӨЖ ұйымдастыру үшін үздіксіз педагогикалық іс-тәжірибе мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Студенттерге мынандай топтық тапсырма беріледі: бір тәрбиелік іс-шараға қатысып, талдау жасап, талқылауға ұсыну керек, сонымен қатар студенттер тәрбие жұмыстарының бірнеше формаларын көрсете алулары керек, мысалы, ауызша журнал, «Не?» «Қайда?» «Қашан?» викторинасы, байқаулар, тақырыптық сынып сағаттары, «Көңілді старттар» атты спорттық жарыстары және т.б.



5-тақырып «Тәрбиелеуші орта және оның дамуы». Мақсаты – студенттердің отбасы, оқушы ұжымы, балалар мен жастар қозғалысы, бірлестіктер мен ұйымдар әлеуметтік ортаны құрып, тұлға дамуының негізгі факторлары болып табылатынын түсінуі керек.

Дәріс барысында ұғым аппаратымен жұмыс жүргізу керек: тәрбиелеуші орта, тәрбие кеңістігі, әлеуметтік орта, әлеуметтік кеңістік; әлеуметтік бейімделу және персонизациялау, ортаны педагогтандыру.

Одан кейін отбасы тұлғаны дамыту мен тәрбиелеу факторы ретінде, қазіргі отбасылардың ерекшелігі, отбасының тәрбиелік әлеуеті; оқушылар ұжымы тұлғаны тәрбиелеу факторы ретінде, ұжым белгілері, оның құрылуы мен дамуы, оқушы ұжымындағы тұлға төзімділігін тәрбиелеу; балалар мен жасөспірімдер қозғалысы, бірлестіктер мен ұйымдар балалар мен жасөспірімдік жастағы дамудың факторы ретінде, олардың мәртебесі мен қызметі, балалар мен жасөспірімдер бірлестіктері мен ұйымдары қызметінің мазмұны мен ұйымдастырушылық-әдістемелік негіздері деген сұрақтар жинақталып қарастырылады. Оқу материалын осылайша беру семинар сабағында қаралатын негізгі сұрақтар қатарын арттырады.

Бұл тақырыпты оқу барысында ақпарат-дәріс, белсенді үлестірмелі материалдарды қолданған жинақтаушы-қорытындылау дәрісі типтерін қолдануға болады.

Семинар сабағын пікірталас немесе «Ата-ана мәртебесінің түрлері», «Ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасының стилі» және т.б. тақырып бойынша рөлдік ойын элементтері бар «дөңгелек үстел» формасында өткізілуі тиіс.

СӨЖ тапсырмалары ретінде мыналарды ұсынуға болады:

1) Үздіксіз педагогикалық іс-тәжірибе кезінде бөлініп берілген оқушылар ұжымының жағдайы туралы хабарлама әзірлеу.

2) Ата-аналар жиналысының жоспарын дайындау.

3) Сабақ үлгерімі мен тәртібі нашар оқушының ата-анасымен жеке әңгіме жүргізудің жоспарын құру.

4) Бекітіліп берілген сынып оқушыларымен «Өз-өздеріңді игере аласыңдар ма?» деген тест өткізу, оның қорытындысын талдап, диаграмма жасау.



6-тақырып «Сынып жетекшісінің жұмысы». Мақсаты – сынып жетекшісі іс-әрекетінің мақсаты, қызметі, құрылымы мен мазмұны туралы білімдер жүйесін қалыптастыру. Қазақстанда әр түрлі типтегі жалпы білім беретін мектептер (лицей, гимназия, жеке және интеллектуалдық мектептер т.б.) көп екендігін ескере отырып, кураторлар жұмысының ерекшеліктерін де қарастыра кеткен жөн.

Семинар сабағында тәрбие жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыру әдістемесін практикум элементтерімен толық қарастыру керек.

Осы тақырыпты меңгерту барысында ақпарат-дәріс, визуалдау-дәрісін қолданған орынды. Семинар сабақтарын практикум элементтерімен байланыстыру орынды, себебі қарастырылатын сұрақтардың көп бөлігі сынып жетекшісінің практикалық іс-әрекетімен тығыз байланысты, ал ол үшін оқушылардың түрлі іс-әрекеттерін ұйымдастыру, тәрбие жұмыстарын жоспарлау іскерлігі мен дағдысын қалыптастыру қажет.

СӨЖ мынандай тапсырмалардан тұрады:

1) Тәрбие жұмыстарының құрылымдық моделін құрастыру.

2) Сыныптың тәрбие жұмысының перспективті-күнтізбелік жоспарын құру (сыныпты студент өзі таңдап алады).

3) Ұжымдық шығармашылық қызметті қолдана отырып, бір тәрбиелік іс-шараны өткізу конспектісін әзірлеу.

7-тақырып «Педагогикалық мониторинг». Мақсаты – мониторинг мәні, оның принциптері мен қызметтері туралы білімдер жүйесін қалыптастыру; оқушыларды диагностикалау әдісімен, оқушының (сыныптың) тәрбие және білімділік деңгейін бағалау критерийлерімен танысу; педагогикалық мониторинг орнын педагогикалық үдеріс қисынында көрсету.

Аталған тақырыпты меңгеруде студенттер педагогикалық мониторинг педагогикалық диагностикалаумен тығыз байланысты екенін ұғынулары керек. Ол жеке тұлғаның немесе ұжымның қабілеттілігін, педагогикалық үдеріске қатысушылардың жағдайы мен ерекшеліктерін педагогикалық мақсатқа және сол үдерістің нәтижелілігіне қол жеткізуге бағытталғандығын анықтап, есепке алатын танымдық-қайта құрылымдық іс-әрекет түрі болып табылады.

Педагогикалық диагностика педагогикалық үдеріс кезеңдерінде белгілі бір бағдарлама бойынша жүйелі жүргізіледі және осы үдерістің қатысушылары, шарттары, мазмұны мен нәтижесі туралы нақты ақпарат алуды көздейді.

Тақырыпты меңгеру педагогикалық мониторинг, педагогикалық диагностика, педагогикалық болжалдау, педагогикалық мониторинг әдістемесі, педагогикалық диагностика әдістемесі, білім алушылардың білімі мен тәрбиесі педагогикалық үдерістің нәтижелі көрсеткіштері ретінде деген жаңа ұғымдарды қараудан басталады.

Дәріс сабағының аясында педагогикалық мониторинг, педагогикалық диагностика, олардың мақсаты, негізгі міндеттері, қызметтері, нысандары мен әдістері туралы ақпарат беріледі. Дәріс кезінде педагогикалық мониторинг әдістемесінің әрбір әдісі мен жекелеген кезеңдеріне тоқталу мүмкін емес болғандықтан, бұл сұрақтарды семинар-практикум аясында қарастырған жөн.

Бұл тақырыпты меңгеру барысында белсенді үлестірмелі материалдарды қолданумен өткен ақпарат-дәрісті пайдалануға болады. Семинар мен практикум сабақтарын бір сабақ аясында үйлесімді етіп өткізу педагогикалық мониторинг әдістемесін оқыту кезінде орынды болып табылады. Сабақтың осындай ерекшелігі нақтылы бір әдістің мәні, құрылымы, мазмұнын меңгеруде, курс жұмысын жазу барысында мониторинг нәтижелерін қолданудан тұрады.

СӨЖ үшін үздіксіз педагогикалық іс-тәжірибе кезінде бекітіліп берілген сынып оқушыларына айқын бір әдістемені қолдана отырып диагностика жүргізу туралы жеке немесе топтық тапсырмалар беріледі.

Топтық тапсырма түрлері:

1) Сынып оқушыларының іс-әрекеті мен мінез-құлқына тікелей бақылау жүргізу, бақылау нәтижелерін тіркеп, мәліметтер бойынша қорытындылар жасау.

2) Сынып оқушыларымен диагностикалық әңгіме ұйымдастырып, өткізу, оның нәтижесін талдау, қорытынды жасау.

3) Сынып оқушыларының жеке істерімен танысу, сынып журналы, оқушылардың «өнімдерімен» (реферат, шығарма, эссе, модель, сурет және т.б.) танысу, алынған мәліметтерді жүйелеу, қорытындыларын шығару.

4) Сынып жетекшісінің педагогикалық іс-әрекетіне тікелей бақылау жүргізіп, оқушылар тұлғасының дамуына педагогикалық ықпал етудің тиімділігін зерттеу, алынған қорытындылар бойынша жүйелі талдаулар жасау.

Осылайша, біз «Тәрбие теориясы» бөлімінің тақырыптарын қарастырып шықтық. Педагогика бойынша сабақты ұйымдастыру мен өткізуге байланысты берілген ұсыныстар нұсқаулық сипатқа ие, сондықтан әр оқытушы «Тәрбие теориясы» бөлімінің тақырыптарын өзінің әдістемелік ерекшелігімен жандандырып өткізуіне болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет