Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы



бет1/3
Дата24.02.2016
өлшемі0.57 Mb.
#14651
  1   2   3

Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы




Нысан

ПМУ ҰС Н 7.18.3/37





Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Қазақ филологиясы кафедрасы
5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттеріне арналған

«Батыс және орыс әдебиеті»

ПӘНІ БОЙЫНША ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ

(Syllabus)

Павлодар




Пән бойынша оқыту бағдарламасын (Syllabus) бекіту парағы




Нысан

ПМУ ҰС Н 7.18.3/38








БЕКІТЕМІН

ГП факультетінің деканы _______ Ж.Т.Сарбалаев « » 2013 жыл
















Құрастырушы: ф.ғ.к., доцент _________ Р.М. Муталиева

Қазақ филологиясы кафедрасы


5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығыныңстуденттеріне арналған



«Батыс және орыс әдебиеті»
пәні бойынша оқыту бағдарламасы (Syllabus)
Бағдарлама 2013 ж. «___» _________бекітілген жұмыс оқу бағдарламасының негізінде әзірленді.
Кафедра отырысында ұсынылды 2013 ж. «___» _________ № Хаттама
Кафедра меңгерушісі _____________ Жүсіпов Н.Қ. 2013 ж. «___» _________
Гуманитарлық-педагогикалық факультеттің оқу-әдістемелік кеңесімен мақұлданды 2013 ж. «___» _________ № Хаттама
ОӘК төрағасы ___________ Ксембаева С.К. 2013 ж. « »

1. Оқу пәнінің паспорты

Пәннің атауы «Батыс және орыс әдебиеті»

Кредит саны және оқу мерзімі

Барлығы – 3 кредит

Курс: 2

Семестр: 4



Аудиториялық сабақтар – 45 сағат

Дәрістер – 30 сағат

Тәжірибелік – 15 сағат

СОӨЖ – 22,5

Соның ішінде СӨЖ – 90

Еңбек сыйымдылығы барлығы – 135 сағат


Бақылау формасы

Емтихан – 4 семестр


Пререквизиттер

Әдебиеттану ғылымына кіріспе



Постреквизиттер

Кеңес дәуіріндегі әдебиет (1917-1990 жылдар)

Қазіргі қазақ әдебиеті (1990 жылдан бастап)

Шығыс және түркі халықтарының әдебиеті


2 Оқытушылар туралы мәліметтер және байланысу ақпараттары

Аты-жөні: Муталиева Раушан Мамырқызы

Ғылыми дәрежесі, атағы, қызметі: ф.ғ.к., доцент

«Қазақ филологиясы» кафедрасында «А» корпусында (Ломов к-сі, 64) 356 аудиторияда орналасқан.

Байланысу телефоны: Тел. (12-55) 356 кабинет
2 Пәні, мақсаты мен міндеттері
Пән нысаны: Әлем әдебиетінің тарихы

Пәнді оқыту мақсаты: Антикалық дәуірден бастап батыс әдебиеті, шығыс және орыс әдебиетінің классикалық туындыларын идеялық-көркемдік жағынан талдау, қазақ әдебиетімен салыстыру.

Пәнді оқытудың міндеттері:

- Ақын, жазушылар шығармалары жөнінде түсініктері болуы;

- шығармаларға идеялық-көркемдік талдау жасауды білуі;

- ақын, жазушы шеберлігін ашуда көркемдегіш құралдарды табуда икемді болуы;

- өлеңдерге, поэмаларға, романдарға, драмаларға талдау жасау бойынша практикалық машықтарды иемденуі қажет.
.

3 Білім, икемділік және дағды-машықтарға қойылатын талаптар

Пәнді оқу нәтижесінде студенттердің:

әлем әдебиетіндегі ақын, жазушылар шығармалары жөнінде түсініктері болуы;

білуі тиіс:

әлем әдебиетіндегі көркем шығармаларды теориялық тұрғыда талдау талаптарын;



дағды мен икемділігі:

ақын, жазушы шеберлігін ашуда көркемдегіш құралдарды табуда икемді болуы;



қолдана білуі:

әлем әдебиеті тарихын бағыт, ағымдарға қарай анықтап, стильдік ерекшеліктерді айқындай білу;



құзыреттілігі:

Әдебиет пен эстетика тұрғысынан көркем шығармаларға, әрі әдеби үрдістің құбылыстарына сыни баға беру.


5 Пәнді оқудың тақырыптық жоспары
Сабақ түрлері бойынша академиялық сағаттарды бөлу

р/с

Тақырып атауы

Сабақ түрлері бойынша дәрісханалық сағаттар саны

СӨЖ

дәрістер

Практикалық

(семинар)

Барлығы

оның ішінде СОӨЖ

1

1-тақырып. Антикалық әдебиет. Гомер поэмалары

2

1

10

3

2

2-тақырып. Қайта өрлеу дәуірінің әдебиеті. Шекспир шығармалары

2

1

10

3

3

3-тақырып. 17-18 ғасырлар әдебиеті. Мольер комедиялары

1

1


10

2

4

4-тақырып. 18 ғасыр әдебиеті. Д.Дефо.

1

10

3

5

5-тақырып. 19 ғасырдағы романтизм мен реализм. Гюго. Стендаль. Бальзак. Флобер. Мопассан. О.Уайлд.

8

4

15

3

6

6-тақырып. 20 ғасыр әдебиеті. Дж. Лондон. Хемингуэй, Голсуорси

5

3

10

3

7

7-тақырып. Орыс әдебиеті. Крылов, Пушкин, Лермонтов, Гоголь

5

2

10

2

8

8-тақырып. Толстой, Чехов, Достоевский, Горький, Есенин

6

3

15

3




Барлығы:135 (3 кредит)

30

15

90

22,5


6 Дәріс сабақтарының мазмұны

1-тақырып. Антикалық әдебиет. Гомер поэмалары

Жоспар:

1) Антикалық әдебиет кезеңдері;

2) Грек әдебиетінің кезеңдері;

3) «Илиада» мен «Одиссей» поэмалары туралы.

Шетел әдебиеті антикалық дәуірден басталады. Антикалық әдебиет грек, рим әдебиеті болып екіге бөлінеді.

Антикалық деп аталу себебі құл иеленуші қоғамға байланысты. Антикалық қоғамда адам өндіріс үшін пайдаланылды, ал кейінгі буржуазиялық қоғамда өндіріс адам үшін қолданылды.

Антикалық әдебиеттерде өз кезеңдері болды:

1) Қайта өрлеу дәуірі (ренесанс). Мұнда жердегі өмір мен жердегі адамға көбірек мән беріледі;

2) Классицизм дәуірі (ХVII–XVIII ғ.ғ.). Бұл дәуірде атақты «үш бірлік заңы» жасалды. Драмадағы мекен, мезгіл, әрекет бірлігі.

Грек әдебиеті. Грек әдебиеті тарихы мынадай кезеңдерге бөлінеді: Архаикалық (ерте әдебиет) – б.ғ.д. V ғасырға дейін, құл иеленушілікке өту дәуірі; антикалық (классикалық грек әдебиеті) б.ғ.д. V–IV ғ.ғ.; эллинистік – б.ғ.д. IV ғасырдың соңынан XVII ғасырдың соңына дейін; Римдік (Рим империясы кезіндегі грек әдебиеті) – б.ғ.д. І ғасыр соңынан.

Архаикалық іштей былай бөлінеді: әдебиетке дейінгі («Гомерге дейінгі») кезең; көне әдебиет ескерткіштері (Гомерлік поэмалар, Гесиод); антикалық құлиеленушілік қоғамындағы әдебиет (б.ғ.д. VII ғасыр мен V ғасырдың басы).

Көне жазба ескерткішке Гомердің «Илиада», «Одиссея» поэмалары жатады. Екі поэманың шыққан уақыты тарихи жағынан дәлелденбеген. Екі поэманың да сюжеті Троян соғысы туралы, гректің Троя (Илион) қаласына жорығы жайлы батырлық аңыздан алынған.

Гомер поэмалары эпопеяның классикалық үлгісі саналады, фольклорлық негіздегі эпикалық поэма. Гомер шығармалары реалистік болғанымен, стихиялы, қарапайым реализм.

Гомер кейіпкерлері өміршең, адами болғанымен, ішкі дүниелері дамымады, статистикалық түрде сипаттаалды. Грек эпосында ішкі қобалжу анализі жоқ. Мысалы, «Илиадада» Ахиллдің Агамемнонды өлтірер-өлтірмесін білмей құбылған кезін автор іштей көрсетпейді, құдай Афинаны араластыру арқылы жағдайды өзгертеді. Кейіпкер қобалжуы сыртқы түрлерімен көрсетілген.

«Илиада» мен «Одиссеяны» ежелгі дәуір энциклопедиясы деп ғалым Гнедич атаған.

Гомер поэмаларында хронологиялық сиымсыздық заңы сақталған: бір уақытта болып жатқан екі оқиға бір мезгілде баяндалмайды. Бірінен соң бірі айтылады. Әңгімеші шегініс жасамайды.

Оқиғаның дамуы, эпизодтың байланысуында құдайдың араласуы үлкен роль атқарады. Гомер құдайлары адамға көбірек ұқсайды, адамға тән түр, құштарлыққа ие. «Илиада» құдайлары жағымсыз қылықтарымен көрінеді: ұсақ, қатыгез, қыңыр, қырсық, әділетсіз. Ал «Одиссея» құдайлары әділеттік пен адамшылық үлгісі ретінде беріледі.

Гомер поэмаларында салтанатты стиль басым ( көтеріңкі стиль). Жануар, өсімдік, су, жер, қару, ат – бәрі де марапатталып отырады.

Эпос эпикалық еркіндікпен ақырын баяндалады. Сонымен бірге тез айтылатын қысқа әңгімелері де кездеседі.

Табиғат суреттерін сипаттағанда теңеу көп қолданылады.

«Илиада» мен «Одиссея» әлемдік эпопеялар арасынан өміршеңдігі мен адамияттылық дүниетанымы жағынан ерекше орын алады. Поэмалар айбындылық, ерлік, ақыл өткірлігі, адамшылық, тағдыр қиындығына төзе білу секілді қасиеттерді мадақтайды.

2-тақырып. Шекспир шығармалары

Жоспар:

1) Шекспир шығармаларының кезеңдері;

2) Шекспир шығармаларындағы ел билеушілер бейнесі;

3) Шекспир трагизмінің мәні.



Шекспир (1564–1616)

Стретфорд қаласында дүниеге келген. Бай қолғапшының баласы, әкесі бірнеше рет құрметті лауазымдарға сайланған, қала кеңесіне мүше болған, қала мэрі де болған. Шекспир жергілікті «грамматикалық» мектепте оқыған. Онда латын, грек тілдері оқытылған. Жастай үйленіп, 1587 ж. Лондонға көшеді. Мұнда бастапқыда әр түрлі театрларда суфлер немесе режиссер көмекшісі болады. 1593 ж. Лондондағы ең үздік труппаға актер, драматург болып орналасады. Труппа өз театрын құрып, тұрақты түрде Шекспирдің пьесаларын қойып отырды. Шекспир бұл труппаға кірмей жатып, драматург ретінде атақты болды. 1612 ж. өзінің туған қаласы Стретфордқа біржола кетеді.

Шекспирдің 154 сонетінде Италия әдебиетінің ықпалы байқалады. Бұл жинақтағы негізгі кейіпкер – қара шашты сұлу қыз.

Үшінші кезеңінде, 1608–1612 ж. Шекспир тек қана трагикомедиялар жазды (өткір драмалық мазмұнды, бірақ соңы жақсы болып аяқталатын пьесалар), мұнда өмірге деген арманшыл, лирикалық қатынас көрінеді. Мысалы, «Цимбелин» (1609), «Қысқы ертегі» (1610), «Боран» (1612).

Бірінші кезеңдегі комедияларында өткірлік, тапқырлық аңғарылады. 1875 ж. Энгельс Марксқа былай деп жазады: «Виндзорлық өсекшілердің» бірінші актісінің өзінде бүкіл неміс әдебиетіне қарағанда өмір шындығы көп берілген, Креб деген иті бар Ланстың өзі барлық неміс комедияларынан жоғары».

Шекспир пьесаларында сайқымазақтар маңызды орын алады. Сайқымазақтар екі түрлі: кәсіби сайқымазақтар, бұлар атақты адамдарға қызмет етеді; мұндай сайқымазақтар «Бұл сізге қалай ұнайды», «Он екінші түн», «Король Лир» трагедиясында кездеседі. Бұлардан басқа оқырманды күлдіріп отырушы шаруалар мен жалшылар кездеседі. Бұлар сайқымазақтар емес, сайқымазақтық персонаждарға жатады. Сайқымазақтар әзіл ретінде терең, батыл ойларды айтып отырады.

Шекспирдің «Гамлеті» – басқа шығармаларына қарағанда ең қиын талданатын күрделі трагедия. Әлемдік әдебиетте бірде-бір шығарма «Гамлет» сияқты әртүрлі көзқарас қалыптастырған емес. Принц Гамлет әкесін Клавдий өлтіргенін білген соң, кек алуға серт береді. Бірақ ол ұзақ уақыт бойы өзін, басқаларды кінәлап, философилық ойларға беріледі. Бірақ Гамлет ерік-жігері жоқ адам емес. Ойланбастан Полонийді өлтіреді, Англияға сапарында тапқырлық, ерлік танытады.

«Отелло» трагедиясында да жеке тұлға мен қоғам арасындағы конфликт беріледі. Бірінші акті махаббат мәселесімен басталады. Махаббат нәсіл мәселесін жеңіп шығады. Олардың махаббаты Ромео мен Джульетта секілді емес, өзара терең түсіністік, ішкі жақындық, махаббаттың ең жоғарғы формасы (адамның адамға деген махаббатының жоғары формасы). Бұлардың махаббаты Ягоға жинақталған атаққұмарлық, пайдакүнемдік қақтығысынан күйрейді.

«Король Лирде» отбасылық қатынас саяси-қоғамдық мәселемен тығыз байланысты.

Король Лир барынан айрылып, далада қалғанда ғана билеушілердің әділетсіздігі мен халықтың ауыр тұрмысын көреді. Лир басында өзін ғана ойлайтын, басқалардың еркіндігін жек көретін адам ретінде беріледі. Бақытсыздық оған өзінің қателескендігін түсінуге себеп болады. Кейін көзі ашылып, бәрін түсінгенде оған билік, байлық керек болмай қалады. Лир әке ретінде де, король ретінде де қателеседі.


3-тақырып. 17-18 ғасырлар әдебиеті. Мольер комедиялары

Жоспар:

1) Мольер комедияларының ерекшелігі;

2) Мольердің эстетикалық көзқарастары;

3) Мольер сомдаған бейнелер.



Мольер (16221673)

Ағылшын драматургы Сомерсет Моэм комедия туралы былай дейді: «Комедиядан реализмді талап ету ақылға сыймайды. Күлкі тек күлкі үшін болу керек». Әлем әдебиетінің классигі Мольер комедияға мұндай көзқарасты жоққа шығарады.

Оның комедияларында ақыл, философия бар. Оның комедиялары күлкі тудырады, бірақ бұл «күлкі үшін күлкі емес», оның күлкісі әлеуметтік және адамгершілік мәселелерін шешеді. Мольердің комедиясы туралы Белинский былай деп жазады: «Күлкі –шындықты жалғандықтан ажыратудың бірден-бір құралы. Мольер театры – үлкен мектеп, онда драматург көрермендерін қалжыңқой тілімен тәрбиелейді, саяси-қоғамдық, философиялық, адамгершілік мәселелерін көтереді. Сондықтан да ол өзінің кейбір комедияларын «Әйелдер мектебі», «Күйеулер мектебі» деп атаған».

Мольер (Жан Батист Поклен) Парижде 15 қаңтарда 1622 ж. туды. Әкесі сарайдың тұсқағаз жапсырушысы, баласына білім беруді ойлаған жоқ. Мольер 14 жасында жазып, оқуды әрең үйренеді. Ата-анасы балаларының өз жолдарын жалғастырғанын қалады. Бірақ әкесінің жұмысы баласын қызықтырмады. Мольердің білім алғысы келеді. Атасының көмегімен иезуиттік колледжге түседі. Бес жыл бойы Мольер ғылыми курстарды меңгереді.

Мольер жастайынан театрға әуестенді. Театр оның ең биік арманы болды. Заңгер дипломын алған соң, Мольер достарымен театр ашады (Парижде). Өзіне «Мольер» деп псевдоним ат қояды. Бұл кезде Парижде театр жаңа дамып келе жатты.

Мольердің театрында табыс болмай, жабылады. Мольер кезбе комедианттарға қосылып, 1645 ж. Франция қалаларын аралап шығады. Ел аралап жүргенде Мольер көп нәрсені бақылайды. Әр түрлі топтағы адамдарды көріп, халықтың тілімен танысады. Ол өз комедияларын жаза бастағанда отыздан енді асқан еді.

Мольер 1658 ж. Парижге оралады. Бұл кезде ол – тәжірибелі актер, драматург, өмір көрген адам. Мольердің труппасы король сарайында пьесаларын көрсетіп, табысқа жетеді. Олар астанада қалады. Бірақ жөнді театр болмайды. Олардан соң бір ғасыр өткеннен соң Вольтер де: «Францияда жақсы пьесалар бар, жақсы театр залдары – Италияда», – деп шағымданған екен.

Мольер он төрт жыл бойы өзінің талантын барлық қырынан көрсетті. Отыз шақты пьеса жазды. Оған король қолдау жасады.

Мольердің комедиялары үшін дұшпандары көп болды. Ол «Мнимый больной» пьесасында басты рольді ойнап болған соң, аяқ астынан 52 жасында, 1673 жылы қайтыс болады.

Архиепископ Мольерді христиан салты бойынша көмуге қарсы болады. Өйткені ол үшін Мольер – «тәубеге келмеген күнәһар».

Мольердің эстетикалық көзқарастары. Мольер «Тартюф» комедиясының алғысөзіне былай деп жазыпты: «Театрдың түзетушілік күші бар».

Демек, Мольердің өз сөзімен айтқанда комедияның екі міндеті бар: тәрбиелеу және көңіл көтеру». Мольер комедияға классицистикалық эстетика тұрғысынан қарады. Яғни, «жалпыға ортақ кемшіліктерін сахнада жағымды етіп көрсету».

1664 жылы «Тартюф» қойылды. Тартюф есімі бүкіл әлемге белгілі. Бұл есім әлем бойынша екіжүзділікті, қайырымды түр жамылған оңбағандықты білдіреді. Мольер кейбір атақты адамдардың үйінде спектакльді жасырын түрде қойып жүреді. 1664 ж. Ренсидегі принцесса Палантинскаяның сарайында көрсетілді.

1667 ж. король пьесаның қойылуына рұқсат береді. Париж архиескопы христиандарға комедияны оқуға, көруге, ойнауға тыйым салады. Мольер комедияны 3 рет жөндеді. Тартюф басында монахтың киімінде келетін, кейін шіркеу цензурасынан қашып Тартюфты зиялылардың киімінде көрсетеді.

Пьесада Оргонның шешесі Пернель Тартюфтан басқаның бәрін балағаттап ұрсады. Ол үшін Тартюф – әулие адам. Тартюф Оргонның сеніміне кіріп, үйдегілердің бәрін өзіне бағындырады. Оргонның қызы оған күйеуге шығатын болады, бүкіл байлық соның қолына өтеді. Оргон оған құпия заттарды да көрсетеді. Тартюф қызметші қыз Доринаға кеудесін орамалмен жабуын бұйырады да, өзі Оргонның әйелі Эльмираға қырындай бастайды. Корольдің көмегінің арқасында Тартюф тұтқындалады.

«Дон Жуан» (1665). Әлем әдебиетінде, өнерінде Дон жуанның 100 түрлі бейнесі бар. Дон Жуанның прототипі – алдамшы, жауыз Дон Жуан Тирсо де Молина. Байронның «Дон Жуан» поэмасында Дон Жуан сұлулыққа ғашық, бала секілді аңғал, қызба. Пушкиннің Дон Жуаны «жұрттың басын қызыл тілімен айналдырып, өмірді босқа өткізуші». Мопасанның естелігі бойынша, Дон Жуан туралы роман жазуды Флобер айтқан. Флобер бұл ойын іске асыра алмаған.



4-тақырып. 18 ғасыр әдебиеті. Д.Дефо.

Жоспар

1) Өмірі

2) Шығармалары

5-тақырып. 19 ғасырдағы романтизм мен реализм. Стендаль. Бальзак. Гюго. Флобер. Мопассан. О.Уайлд.
Стендаль (1783–1842)

Жоспар:

1) Стендальдің шығармашылық кезеңдері;

2) Стендаль шығармашылығындағы саяси-әлеуметтік мәселелер;

3) Стендаль және Ресей әдебиеті.

Стендаль кішігірім қалашықта адвокат отбасында туған. Жеті жасқа толмай анасы қайтыс болады. Әкесі жер сату мәселесімен айналысқандықтан, баласына көңіл бөлуге мұршасы болмайды. Атасы – медицина докторы, болашақ жазушының тәрбиесімен айналысады.

Стендальдың шығармашылық өмірбаяны үш кезеңнен тұрады: бірінші кезеңі 1801-1814 жылдар, бұл кезде ол өз білімін жетілдірумен айналысады, өз ой толғамдарын хаттар мен күнделікке түсіреді; екінші кезең 1814-1827 жылдар, өнер мәселелері туралы мақалалар жазады; үшінші – 1827 жылдан 1842 жылға дейін, көркем шығармалар жазған кезі.1816 жылдары Байрон шығармаларымен танысып, оның «шығыс поэмаларын» ерекше бағалайды. Шекспирді өзіне үлгі тұтады. Шекспирдің өз заманының келбетін шынайы көрсетіп, өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлай алғанын ерекше атайды.

«Қызыл мен қара» романы (1830) өмірлік оқиға негізінде жазылған. Стендальды өлім жазасына кесілген екі жас жігіттің тағдыры таң қалдырады. Олардың бірі – Берте, жас атаққұмар, өзі гувернер болып істеген үйдің балаларының анасына оқ атқан. Екіншісі – Лаффарг, үй жиһаздарын жасаушы жұмыскер, философия мен әдебиетпен айналысқан, кедей болса да тәкаппар. Оны ұнатқан бір қыз жігіт қарамаған соң, зорламақшы болды деген жала жабады. Стендаль бұл екі оқиғадан сол кездегі қоғамға тән жайтты көреді: қоғам төменгі топтан шыққан жастарды өлтіріп жатыр.

«Қызыл мен қара» – жанры жағынан саяси-әлеуметтік роман. Стендаль үшін Жюльен – сол кездегі қоғам көрінісі. Жюльендегі басты нәрсе – өзін және қоршаған ортаны тани білуі, соған ұмтылуы. Роман басындағы өмірден хабары жоқ жас жігіт кейін өмірлік тәжірибе жинаған, өз бетімен шешім қабылдай алатын дәрежеге жетеді. Роман соңында жастықтың отымен жалындап тұрған ақылды, адал жігіт бұл өмірде өзіндей адамға орын жоқтығын түсінеді.

Француздар түсінбеген «Қызыл мен қара» романы Ресейде бірден танымал болды. Пушкин, А.Тургенев, он төрт жастағы Л.Толстой бұл романды қызығып оқыды. Толстой соғыс өмірін қалай шынайы суреттеу керектігін Стендальдың «Парм мекені» романынан үйренгенін айтады.

«Қызыл мен ақ» (1834) деген атпен белгілі болған «Люсьен Левен» романы да әлеуметтік мәселелерді көрсетеді. Мұндағы Люсьен – миллионер банкирдің баласы. Жюльен ұмтылған нәрсенің бәрі Люсьенде бар. Жас Люсьен көзқарасы арқылы қоғам келбеті беріледі.


Бальзак (1799–1850)

1) Бальзак өмірбаяны мен шығармашылығы;

2) Философиялық этюдтері;

3) Адамгершілік этюдтері.


1829 жылы «Шуандар» – ешкімге еліктемей жазған алғашқы романы. Автор бұл туындыны жазу үшін оқиға болатын жерді зерттеп, көрген кісілермен әңгімелескен. Бальзак қайта туылғандай болды: ол «Адам комедиясы» деп аталатын ХІХ ғасырдағы Францияның әдеби тарихының авторына айналды.

Шығармаларды бір жүйеге келтіру идеясы 1833 жылы пайда болды. Франция өмірін кең суреттеу бір романда жүзеге аспайтынын ұқты. Сөйтіп «Адам комедиясы» бір романнан екінші романға персонаждары ауысып жатты. «Адам комедиясы» романының авторы мынадай бөлімдерге бөлген:

1) Адамгершілік этюдтері. Мұнда жеке, ауылдық, париждік, саяси, әскери өмірдің көріністері енді;

2) Философиялық этюдтері;

3) Аналитикалық этюдтер.

Философиялық этюдтері. «Белгісіз жауһар» (1830) өмір шындығы мен өнер шындығының арақатысына арналған.

«Шегірен былғары» философиялық повесін (1831) автор «біздің осы ғасырымыздың, біздің өміріміздің, өзімшілдігіміздің формуласы» деп атаған. Онда барлығы «миф пен символ» деген. Француз сөзі le chagrin «шегірен» болып аударылуы мүмкін, бірақ бұл омоним, le chagrin – «қайғы қасірет» дегенді білдіреді. Фантастикалық, бәрін істей алатын шегірен былғары қаһарманды кедейліктен құтқарған еді, ал шын мәнінде ол оған қайғы әкелді. Ол шығармашылық қабілетіне тосқауыл қойды, өмірді қызықтай алмады, руханилықты жойды. Повестің маңызды фигурасы «адам өмірінің құпиясын ашқан» антиквар болып табылады. Оның айтуынша, адам өмірі «тілеу», «істей алу», «білу» етістіктерімен анықталады. Мұнда Бальзактың ой-пікірі көрініс тапқан. «Тілеу» күйінде жас атаққұмарлар, ғалымдар мен ақындар – Растиньяк, Шардон, Сешар, Валентен, ал «істей білу» күйінде тек күшті ерігі бар және бәрі сатылып алынатын қоғамға икемділер ғана ие бола алады. Тек Растиньяк қана министр болып, миллионер мұрагерге үйленеді.

Адамгершілік этюдтері. Бальзак «Гобсек» повесін 1830 жылы жазды. Бұл шығарманың басты кейіпкері – өсімқор Гобсек, оның тегі голландия тілінен аударғанда «жалмауыз» дегенді білдіреді, яғни кейіпкердің өмірлік қызметіне сәйкес келеді. Бальзак Гобсектің тегін тура мағынада көрсетеді, оның кейіпкері шынында да, айдаһар жылан сияқты құрбандарын сұмдық пайыздармен тұншықтырып, олардың өздерімен қоса мүліктерін жұтады. Бальзак картинасы Н.В. Гогольдің «Өлі жандарындағы» Плюшкинді суреттеуімен ұқсас келеді. Ол өте сараң, ақшаның соңына түсем деп құрдымға кетеді.

«Горио атай» романындағы бейнелер жүйесі тек әлеуметтік қана емес, отбасылық ұстанымға да негізделген: мұнда Растиньяк, де Ресто, Нюсинжен, Тайфер, де Боссан, Горио отбасылары көрсетілген. Автор отбасылық қарым-қатынасты ақша қарым-қатынасына ауысатынын әрдайым көрсетіп отырады. Автор ойын Горио нақты жеткізеді: «Ақшаға бәрін де, тіпті қыздарыңды да сатып аласың».

Гюго (1802-1885)

Жоспар:

1) В. Гюгоның өмірбаяны мен шығармашылығы;

2) В. Гюго романдары.

В. Гюго – француздың ірі романтигі, француз романтизмінің көсемі, оның теоретигі. Ағаш ұста цехының шебері отбасында дүниеге келген Гюгоның әкесі Наполеонның кезінде генерал болған. Жазушының анасы керісінше Наполеонды жек көрді, ол роялист (қуылған Бурондар корольдік династияның жақтаушысы) болды. Әкесі Мадридте губернатор болғанда Гюгоның әке-шешесі айырылысып кетеді. Гюгоның анасы балаларымен Парижге кетеді.

1812-1819 жылдары жазылған алғашқы өлеңдер жинағы классицизм ережелері негізінде шыққан.

«Париждік құдай ананың шіркеуі» (1831) романында Гюго ХV ғасырға оралады. Дәуірдің таңдап алынуы негізгі идеяны ашуға бағытталған.

Квазимодо бейнесін жасағанда жазушы гротескті пайдаланады. Квазимодоның түрі мен денесі қорқынышты ұсқынсыз болғанымен, жаны таза. Гюго «Аласталғандар» романын 20 жыл бойы жазады. Роман 1862 жылы жарыққа шығады. Жанры жағынан «Аласталғандар» әлеуметтік-қаһармандық романтикалық эпопея.

Негізгі кейіпкерлер арасында байлар мен ақсүйектер жоқ. Олар қоғамның аласталған мүшелері: бұрынғы каторгода болған Жан Вальжан, жезөкше Фантина, кедей жігіт Мариус, бейшара Козетта, үйсіз бала Гаврош. Фантина мен Вальжан бейнелерінің прототипі өмірден алынған; Мариус тағдыры жас Гюгоның өміріне ұқсайды.

Романда жақсылық, қайырымдылық епископ Мириэль, Жан Вальжан бейнелерінде, жауыздық Тенардье, Жавер бейнелерінен көрінеді.

«Тоқсан үшінші жыл» романы (1873) да төңкеріс тақырыбына арналған. Негізгі кейіпкерлердің бірі – маркиз де Лантенак – контртөңкеріс көсемі, ол республикашылардан құтылу үшін Тург мұнарасын өртеп кетеді, бірақ оның ішінде қалған үш баланы құтқару үшін кері оралады. Осы ісі үшін Говен Лантенакты босатып жібереді. Говеннің ұстазы Симурден Говенді өлім жазасына кесіп, соңында өзін-өзі өлтіреді.

Гюго қайтыс болғанда жерлеуге екі миллиондай адам қатысады.

Л.Толстой, Ф.Достоевскийлер «Аласталғандар» романын жоғары бағалады. «Аласталғандар» Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романына ықпал еткен. Сондай-ақ «Өлім жазасына кесілгеннің соңғы күні» шығармасы мен Достоевскийдің «Нақұрыс», «Сайтандар» романдарының арасында байланыс бар.



Флобер (1821-1880)

Жоспар:

1) Г. Флобердің француз әдебиетіне әкелген жаңалығы;

2) «Бовари ханым» романының идеялық-көркемдік ерекшелігі;

Г.Флобер француз әдебиетінде объективті роман негізін қалаушы. Дәрігер отбасында дүниеге келген, оның бүкіл өмірі мен шығармашылығы буржуа әлеміне қарсы қойылды. Оның жазушылық таланты қалыптасып келе жатқан кезде ол өмір суретін толық, жан-жақты, шыншыл түрде беруге ұмтылды.

1851 жылы «Бовари ханым» романын жазуды бастайды. Оның шығармашылығы осы романнан басталды. 1856 жылы жарыққа шыққан бұл роман франция мен европа өнеріндегі жаңа құбылыс болды. Бұл кітап күнделікті өмір туралы, сюжеті көріне қоймайды. Бірақ бұл шығарма өмірде жиі кездесетін трагедиялардың бірі еді. Романда көп мағыналы тақырыпша бар: «провинциялық құлықтар». Флобер үшін ХІХ ғасырдың ортасындағы Франция провинция секілді болды. Бальзак өлімінен кейін жазылған бұл романда жазушы оның ұстанымдарын жалғастырады. Роман Шарль туралы басталып, соңында Эмма өлімінен кейін шіркеудегілердің екіжүзділігін, шіркеуде жасалатын әдет-ғұрыптың түкке тұрғысыз екенін, дәріханашы Оменің мансапқорлығын көрсетеді. Шарль Эмма өлімінен кейін шын сүю мен терең қайғыру арқылы басқаларынан биіктей түседі.

Флобер өзіне дейінгі романдарда қалыптасқан композиция түрін өзгертті, өйткені оңбағандықты дәл және қарапайым түрде жеткізу керек болды. Сондықтан романдағы негізгі бөлімнен гөрі экспозициясына көп орын берді. Флобер Эмманың монастырда алған тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Монастрьмен нақты өмірдің байланысының болмауы Эмманың романтикалық меланхолияға, экзальтацияға берілуіне ықпал етті. Флобер психолог, қоғам өмірін зерттеуші бола тұра, ой мен сезімнің бәрін сөзбен жеткізу мүмкін еместігін айтады. Жазушы «санадан тысқарғы поэтика» («подсознательная поэтика») қолдануды міндетті деп есептеді. Оны жеткізудің бірнеше стильдік ерекшеліктерін қолданады: оқырман назарын характердің бастапқы қалыбына аудару, бұрынғы көріністер мен детальдарды астарлы сөз (подтекст) арқылы қайта жаңғырту, алдыңғы оқиға мен бастан өткен сезім негізінде контексте ғана астарлы сөз түсінікті болады. Мысалы, Родольфтен айырылысқан соң Эмманың Лоенмен қайықта қыдырып жүріп, қайықшыдан Родольфтің сол қайықта басқа біреулермен көңіл көтергенін естуі. Бұл көріністе автор түсініктеме бермейді. Эмманың ішкі қобалжуы астарлы сөзбен беріледі.



Мопассан (1850-1893)

Жоспар:

1) Мопассанның өмірбаяны мен шығармашылығы;

2) Мопассан шығармашылығының кезеңдері;

3) Мопассан және Флобер;

4) Мопассан және Тургенев.

ХІХ ғасырдың европалық сыни реализмінің көрнекті өкілдерінің бірі, француз жазушысы Ги де Мопассан көркем сөз шеберлерінің оқырмандар қауымы үшін сүйіктілер қатарына жатады.

Мопассан шығармаларында кейінгі француз қоғамының өмірі кең суреттелген. Мопассаның шындық, әрі түрлі шығармашылық мұрасында, трагедиялық, жазушылық тағдырында сол дәуірдің қиындығы мен қайшылығы көрінеді.

Мопассанның шығармашылығы үш кезеңнен тұрады:

1) 1863-1879 жылдарындағы алғашқы өлеңдер, әңгімелер, драмалар;

2) 1880-1886 жылдардағы реалистік шығармалардың өркендеуі;

3) 1887-1891 жылдардағы суреткердің күрделі кезеңдері.

Мопассан 1850 жылы Нормандияда дүниеге келді. Оның әкесі бай болмаған. Дворян отбасына Париждік биржалық маклер болды. Ата-анасы ажырасып, болашақ жазушы және оның інісі шешесімен қалады. Шешесі аурушаң еді. Бірақ білімімен және ерекше талғамымен ерекшеленетін. Отбасы теңіздің жағасында, нормандық курорт қалашығында тұрды. Туған жеріне деген махаббат Мопассанның көптеген шығармаларында сезіледі.

Мопассан өлең жазуды 13 жасынан бастаған. Анасы баласының оқуын басқара отырып, оның алғаш шығарған өлеңдері жазылған дәптерлерді сақтап, жинақтап жүрді. Ал кейіннен, оның әдеби сыншысы және көмекшісі болып, оған көптеген әңгімелерінің сюжетін берді.

Лицейден кейін Мопассан Кан қаласында заң факультетінде оқиды. Бірақ 1870 жылы франк-прустық соғыстың себебінен аяқталмай қалады. Ол мобилизациядан кейін француз армиясының шегінуіне қатысады. Онда тұтқындықтан әрең құтылып, Париждің қоршауға алынуын көрді. Соғыс оқиғалары Мопассанға үлкен әсер еткенін шығармаларындағы патриотизмді суреттеуінен көруге болады. Соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтар Мопассанның да отбасына әсер етті. Әскерден келгеннен кейін университетте оқуын жалғастыруға материалдық мүмкіндігі болмады. Шығармашылықпен де толық айналыса алмайды.

70-жылдары Мопассанның әдеби ұстазы Флобер болады. Лицейлік жылдардан бастап жаза бастаған өлеңдері мен әңгімелерін ұстазы Флобердің айтуымен ұзақ уақыт оларды жариялаған жоқ.

Мопассанды 1880 жылы шыққан «Томпыш» атты повесі танымал етті.

Мопассанды алғаш рет 80-жылдардың басындағы француз әдебиетінің дарыны ретінде орыс оқырмандарымен И.Тургенев таныстырды. Орыс классиктері ішінен Мопассанды Л.Толстой да сүйсіне оқып, оған арнап үлкен мақала жазады. Чехов, Горький, Бунин, Куприндер де француз жазушысының оқырмандары бола тұра, оның көркем шыншылдығы мен өзіне тән шеберлігін бағалады.

«Мен әдебиетке метеор секілді кірдім», – деп Мопассанның өзі де қалжыңдайтын. Шынымен де, ол «Томпыштың» жарыққа шыққан күннің ертеңгісінде-ақ танымал болады. Осыдан бастап атағы шығып, аса танымал жазушылармен араласа бастайды. Жас ақын тынымсыз еңбек етеді. Ол өлеңдер, поэмалар, комедиялар, повестер, әңгімелер, сонымен қатар романтикалық драма да жазды. Ол 300-ден астам новелла, 6 роман, пьеса, мақалалар мен очерктер жазды. Қатал ұстаз оған шығармаларын бастыртуға рұқсат бермеді. Флобердің қатал жүйесі шәкіртінің бойына әдебиетке деген үлкен құрметті, өзінің шығармаларына ықыласпен қарауды үйретті.

Мопассан 1880 жылы өзіне атақ әкелген әйгілі «Томпыш» повесін жарыққа шығарды. Жазушы бұл повесте 1870-1871 жылдардағы Франция мен Пруссия арасындағы соғысқа деген француз қоғамының көзқарасы жайында әңгімелейді. 1883 жылы Мопассанның «Өмір» романы дүниеге келді. Бұл – пәк, сұлу Жанна деген қыздың тарихы жайлы болды. Романға И.Тургенев пен Л.Толстой үлкен баға берген.

Романның соңында философиялық мән бар екендігін, яғни өмірдің өз қайғысы мен қуанышы болатындығын көрсетеді.


Уайлд (1854–1900)

Жоспар:

1) О.Уайлд өмірбаяны;

2) О.Уайлд шығармашылығы.

Әкесі Уильям Уайлд, дәрігер, әуесқой этнограф, шешесі Джейн Франциски Элджи «Сперанца» лақап атымен жазушы болған. Олардың отбасында поэтикалық кештер өткізіліп тұрған.

Оскар Уайльд классикалық білім алады. Мектеп жасында Эсхилді түпнұсқада оқиды. Оксфорд студенті болып жүргенде «Равенна» өлеңі үшін премия алады. Бұл жылдары ол спортпен айналысып, қытай фарфорынан коллекция жинап, үйін музейге айналдырды. 1881 жылы алғашқы өлеңдер жинағы шығады.

1884 жылы үйленіп, екі ұл өсіреді. 1888 жылы «Бақытты ханзада» атты ертегілер жинағын шығарады. Ол ертегі жанрын шындықты басқаша айтуға мүмкін болғандықтан таңдайды. 1881 жылы екінші ертегілер жинағы «Анардан жасалған үй» деген атпен шығады. 1891 жыл жазушы үшін шығармашылық жемісті жыл болды. «Лорд Артур Сэвилдің қылмысы және басқа әңгімелер», «Герцогиня Падуанская» өлең түріндегі трагедия, басқа да сыни еңбектері шықты. Осы жылы атышулы «Дориан Грейдің портреті» романы жарияланды. Романдағы кейіпкер өмірін мораль азғындығымен өткізіп, соңында сол үшін жазасын алады.

Оның бүкіл шығармаларында қайырымдылық пен әсемдіктің қатынасы желі тартып жатады.

Оқырманды мойындатқан пьесалары – «Уиндермир бикештің желпуіші» (1892), «Көңіл аударуға тұрмайтын әйел» (1893), «Идеалды күйеу» (1895).


6-тақырып. 20 ғасыр әдебиеті. Дж. Лондон. Хемингуэй, Голсуорси
Лондон (1876-1916)

Жоспар:

1) Жазушының өмір жолы;

2) Шығармалары.
Америка прозашысы, новеллашы, көсемсөз жазушы. Ресейде батыс жазушыларының арасынан шығармалары ең көп басылған жазушы.

Дж. Лондонның балалық шағы Сан-Францискода өтеді. Әкесі профессор болғандықтан, ол сегіз жастан бастап кітап оқуға құмартады. Ол өмір бойы кітап оқуын тоқтатқан жоқ. Ол он үш жасында орта мектепті бітіреді. 1893 жылы он жеті жастағы Лондон матростыққа жазылады. Олардың кемесі Жапония жағалауына, Аляска, Чукоткаға дейін баратын. Бұл кеме теңіз мысығын аулаумен айналысатын.

Лондон қара жұмыспен тұңғиықтан шыға алмасын түсінеді. Өз бетімен білім алуға бел байлайды. Әуелі мектептің жоғары сыныптарын бітіру керек болады. Күніне он екі сағат дайындалу арқылы екі жылдық бағдарламаны үш айда меңгереді. Сөйтіп Калифорния университетіне оқуға түседі. Ол француз тілін үйреніп, әдебиет, биология, тарихтан оқиды. Бір семестр ғана оқып, отбасылық жағдаймен оқудан кетуге мәжбүр болады. Алғашқы жазғандары қабылданбайды. Бұл жөнінде «Мартин Иден» романында айтылады.

1896 жылы Аляскада алтын кені табылғаны туралы хабар шығып, Лондон сонда аттанады. Лондон алтын әкелмесе де, болашақ әңгімелеріне сюжет боларлық көп мәлімет алып келеді.

Ол әңгімелерін журналдарға жібере бастайды. Бірақ жіберген хаттары кері оралып жатады. 1899 жылы бір журнал оның «Жолда жүрген жолаушылар үшін» деген әңгімесін жариялайды. 1900 жылы «Қорқау баласы» әңгімелер жинағы шығады. 1902 жылы «Қар қызы» романын аяқтайды. Ол жазушылық атаққа ие болып, жоқшылықтан құтылады. Үйленіп, екі қызға әке болады.

Оның кәсіби жазушылық қызметі басталады. Ол реализмді қолдады, бірақ күнделікті күйбең тіршілік айналасындағы жазушы емес, поэтикалық, романтикалық реализмді жөн көрді.

«Солтүстік Одиссеядағы» Унга ерлігі мен ерік-жігер жағынан күйеуінен кем түспейді. Бұлар – намыстарын жоғары қоятындар.

Лондон анималистік әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі болды. Ол жануарлар әлемін бейімділікпен суреттеді. Негізгі кейіпкерлер – иттер. Олар солтүстік жағдайында адамдардың ең сенімді досы екендіктерін танытты. «Тектік сарын» повесінде Бэк атты ит туралы айтылады. «Ақ азу» повесі де атақты болды.

1904 жылы Кореяда орыс-жапон соғысының тілшісі ретінде болады.

Атақты романдарының бірі – «Теңіз қорқауы» (1904). Кеме капитаны Вульф Лорсеннің дене бітімі горилла секілді, қара күшке ие, қатыгез, адамгершіліктен жұрдай.

1902 жылы Горькийдің «Фома Гордеев» романы туралы мақала жариялайды.

Лондон өзінің «Снарк» яхтасымен ұзақ саяхатқа шығады (1907–1909). Саяхаттан оралған соң бүкіләлемдік атақты романы «Мартин Иден» (1909) шығады.



Хемингуэй (1899-1961)

Жоспар:

1) Хемингуэйдің өмірбаяны;

2) Хемингуэй шығармаларындағы соғыс тақырыбы;

3) Хемингуэй және орыс әдебиеті.


Э. Хемингуэй – америка жазушысы, новелла, романдардың авторы, журналист, Нобель сыйлығының иегері.

Оук-Парк қалашығында дәрігер отбасында туған, жазуды ерте бастаған. Алғашқы әңгімесі мектеп газетінде шығады. Он тоғыз жасында Европаға аттанып, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Жарақат алып, еліне қайтады.

Соғыс біткен соң Парижде тұрады. Америка газетінің тілшісі ретінде Швейцария, Германия, Түркия, Испания, грек-түрік соғысында болады. 1923 жылы алғашқы жинағы «Үш әңгіме мен он өлең» шығады.

1929 жылы жазушыны атақты еткен «Қош бол, қару» романы шығады. Роман оқиғасы 1917 жылы италия-австриялық соғысты қамтиды. Санитарлық қызмет лейтенанты американдық Генри мен Кэтрин махаббаты соғысқа деген қарсылық белгісіндей беріледі.

1952 жылы бүкіләлемдік даңқ пен Нобель сыйлығына ие болған «Шал мен теңіз» повесін жазды. Повестен 16 жыл бұрын бұл шығарма журналда «Көгілдір судың үстінде» деген атпен шыққан болатын. Балықшы Сантьяго табиғат аясында өмір сүргендіктен үлкен әлемде өзін жлғыз сезінбейді. Ол – өмір үшін күрескен адамның жинақталған бейнесі. Хемингуэй бұл шығармада өзінің стильге шебер жазушы екенін тағы да дәлелдейді. Повестің тілі жинақы, дәл, әрбір көркем деталь өз орнында жұмсалған.

Повесть философиялық тұрғыда өмір, адам, табиғат мәселесін сөз етеді, Сантьягоның тағдыры қиын болғанмен, ол мойымайды.

Хемингуэйді Флобердің «Бовари ханым», Стендальдің «Қызыл мен қара» романдары, «Парм мекені», «Киплинг таланты» романындағы Ватерлоо соғысының суреттелуі таң қалдырды.

Хемингуэй орыс әдебиетін де жақсы білді. Оған әсіресе Тургенев ұнады. Л.Толстойдың «Севастопель әңгімелері» мен «Соғыс және бейбітшілік» романын ХІХ ғасырдағы. соғыс туралы жазылған дүниелердің ең үздігі деп таныды. Ол ағылшын тіліндегі Гоголь, Тургенев, Толстой, Чеховтарды оқып шықты. Чеховтың кейбір әңгімелерін ғажап деп есептеді.

Хемингуэй өзіне жазушы ретінде мынадай талаптар қойды: шыншылдық, алаламай әділ жазу, адамды түсіне білу және не жазатыныңды білу.

Хемингуэй көзі тірісінде америка әдебиетінің классигі саналды.



Голсуорси (1867-1933)

Жоспар

1) Д. Голсуорси шығармашылығы;

2) Д. Голсуорси шығармаларындағы соғысқа қарсылық тақырыбы;

3) Д. Голсуорси новеллалары.


Ағылшын жазушысы, романшысы, новеллашасы, драматургы, ақыны, әдебиет сыншысы, көсемсөзшісі. Голсуорсидің хронологиялық қызметі ХХ ғ. сәйкес келеді.

Голсуорси шығармашылығы орыс әдебиетінің күшті ықпал етуімен дамыды. Голсуорси Тургеневтің шығармаларын проза өнерінің үлгісі деп санады. Жазушының «Рубейн вилласы» атты романында Тургеневтің ықпалы сезіледі. Толстой романдарындағы психологиялық анализдің тереңдігі Голсуорсиді таң қалдырады. Голсуорси Тургеневті «Бір кездерде романдар жазған нәзік талғамды ақын» деп атады.

Голсуорси шығармашылығындағы ең зор жетістік – «Форсайттар туралы аңыз» – Форсайттар отбасының бірнеше әулетінің кең эпикалық суреттемесі, олардың әдет-ғұрпы, салты, адамгершілігі, мінез болмысы және 1886-1926 жылдар аралығындағы қырық жыл бойы болған өзгерістер туралы. Романда дәуірдің ауысуы ағылшын бурск соғысы, Королева Викторияның өлімі, Бірініші Дүниежүзілік соғыс, 1926 жылғы жаппай ереуіл сияқты оқиғалармен бейнеленеді.

Шетел әдебиеті оқулықтарында Голсуорси новеллалары қарастырылмағандықтан, біз осы жанрдағы шығармаларына тоқтала кетуді жөн көрдік.

«Алманың албырап піскен шағы» новелласында қазіргі өзекті мәселе – суицид мәселесі көтерілген. Адамдардың алдап кету, бір мезеттік сәтке берілу, опасыздық жасаудың салдарынан осындай жағдайларға тап болатындығын баса суреттейді.

“Біріншілер мен ақырғылар» новелласында автор құқық негіздерінен мәлімет береді. Заңгердің өзіндік ұстанатын ұстанымдарын алға тартады. Ең алдымен, қандай да бір істі қарастырғанда «сөз бен қыспаққа» алуды бірінші кезеккке қояды. Бұл – новелладағы басты кейіпкер Киттің басты қаруы.

«Үміт» новелласында басты кейіпкер – ақсақ шал. Өмірінің қиындығына қарамай, өз ісімен айналысып, күндерін өткізеді. Шал өзі ақсақ, қайыршылықта күн кешсе де өмірден үмітін, күдерін үзбейді. Новелладағы негізгі идея – оптимизмге жетелеу.

«Шеберлік» новелласында аға-інілі Геслерлердің кәсібі туралы сөз болады. Олар өз кәсіптеріне аса берілген, барлық ғұмырын сол салаға арнағандар. Сапалы аяқ киімнің нақты шеберлері.

Голсуорси кейбір новеллаларында («Акмэ», «Шеберлік») адам заманға қарай икемделе білу керек деген ой тастайды. Автор өз ісінің, кәсібінің нақты шебері қандай болу керектігін көрсеткен. Мысалға, Брус («Акмэ»), ағайынды Геслер («Шеберлік») бейнелерін жатқызуға болады.
7-тақырып. Орыс әдебиеті. Крылов, Пушкин, Лермонтов, Гоголь



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет