Пікір жазғандар: М.Өтемісов атындағы БҚму доценті, философия докторы (PhD) И. С. Сұлтаниязова


Дәріс 2.16.Әсет Найманбаев шығармашылығы, Мұхит Мералыұлы



бет43/49
Дата03.01.2022
өлшемі0.92 Mb.
#451191
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   49
УМК Шарипова

Дәріс 2.16.Әсет Найманбаев шығармашылығы, Мұхит Мералыұлы

шығармашылығы, Мәди Бәпиұлы шығармашылығы.
Дәріс жоспары:
1.Әсет-көпқырлы дарын иесі

2. Мұхит сыршыл әндерімен-қазақ даласына танылған аса ірі тұлға



3.Мәди Бәпиұлы-дала дүлділі

Әсет Найманбаев – асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса әдеби қорымызға көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен де оқшауланатын тұлға. Бұл тұрғыда ол – әлеуметтік ойларын, демократиялық-ағартушылық идеяларын өлеңмен, әнмен таратқан Абайдың бағытындағы ақын және оның алдын көрген талантты шәкірттерінің бірі. Әсет Найманбаев 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Мақанша ауданындағы Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің ән мен өлеңге әуестігі медреседе оқып жүргенде-ақ байқалады. Жаттау, есту қабілеті аса жоғары болған ол ауылға келген әншінің әнін, жыршының мақамын бір естігеннен қағып алатын болған. Әлімғазы деген болыс оның әншілігін, ақындығын білген соң өзінің жанына тартады. Ол Әсетті ер жетіп, айналаға әншілік даңқы щығып, әбден атақты өнерпаз болғанша көз жазбай қадағалайды. Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқаның ән мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізуші, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратушы болады. Әсеттің ақындық мұрасын, яғни поэзиялық шығармаларын үш топқа бөліп қарауға болады. Олар: 1) өлеңдері 2) айтыстары 3) қисса-дастандары. Әсет өлеңдерінің ішінде халыққа айрықша танымал бөлігі – оның ән-өлеңдері. Барша халық оның басқа өлеңдерін, айтыстары мен қисса-дастандарын көп білмесе де, «Інжу-маржан», «Қысмет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қоңыр қаз» тәрізді әндері жақсы біледі. Ақынның ән-өлеңдерінің дені жастық шақ, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбына арналған. Сазгер Ахмет Жұбанов «Әсет шығармашылығының шыңы» деп баға берген «Інжу-маржан» әні – сөзі мен әуені шебер ұштасқан, өзіндік өрнегі, мәнерімен ерекшеленетін қазақ әндерінің ғажап дүниесі. Өлеңдегі ақынның өзі жайында мағлұмат беруі, өз ерекшелігі, өнердегі, өмірдегі жолы, ата тегі жайлы баяндау ежелгі дәстүрдегі суырыпсалма ақындарға, сал-серілерге тән әдіс. Бұл дәстүрді Әсет те жалғастырған. Әсеттің сөзден бал тамызар шешендігін, суреткерлігін, маржан сөзді нөсерлете төгетін асқақ шабыты мен ақындық қуатын танытатын өлеңдерінің бірі – «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деп басталатын өлеңі. Бұл өлеңде төкпе ақындарға тән шалқар шабыт та, сұлу үйлесімділік те орын тепкен. Әсеттің айтыскерлігіне тоқталсақ, Әсет пен Ырысжанның айтысы – сипаты жағынан қыз бен жігіт айтысы түріне де, жұмбақ айтыс түріне де жатқызуға болатын айтыс. Айтыстағы қалыптасқан дәстүр бойынша, әр ақын өз руының атақты адамдарын, бай-мырзаларын, жер, суын, елін айтып мақтанатын, сол арқылы өздерінің артықшылықтарын көрсеткісі келетін. Әсет пен Ырысжанның айтысы бұндай көзбояушылыққа жол бермеді. Ақынның мол мұраларының бірі – қисса-дастандар. Бұл салада әдеби қауымға оның тұңғыш белгілі болған шығармасы -  «Евгений Онегин». Абайдан кейін Евгений Онегинді қазақ халқына жеткізу – Әсеттің әдебиет тарихынан үлкен орын алатын еңбегі, қазақ және орыс әдебиетіне қосқан үлесі десек болады. Біраз дастандарын Шығыс әңгіме-аңыздарының оқиғасынан алып жырлаған Әсет Найманбаев бірінші рет өз дастанының оқиға желісін орыс өмірінен алып жырлаған. Сертке беріктік, уәдеге адалдық – Әсет шығармаларында ең көп жырланған тақырып. Әсет дастандарында махаббат, байлық, мансап, зұлымдық, адамгершілік бірдей қатар орын алып, шытырман оқиғалардың дамуы да, шешілуі де қызықтырып отырады. Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Оның әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Өлең сөздерінен Әсеттің арманы, өнер жолындағы өмірі, өкініші мен қуанышы – бәрі, бүкіл жан дүниесі сезіледі. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына. 
 Мәди  Бәпиұлы  1880  жылы  бұрынғы   Семей губерниясы,       Қарқаралы     уезі, Едірей болысы, №3 ауылда дүниеге келген. Туып,  өскен жері Үшқара  деген  биік  коңыр тау.  Оның   руы   өзі   асқақ   әніне   қосқан —   Қаракесек.  Арғы  аталары  Үш  жүзге  бәтуалы   билік   айтқан аузы  дуалы   Қаздауысты   Қазыбек,   одан   туған   Бекболат   билер   болып   келеді  де  бұдан  бергі   Алшынбай,  одан  Жанықұл, Қақабай,  Қосық,  Шәпи,   Бәпи  болып   тарайды. Мәди   Бәпидің   баласы.  Алшынбайдың   алғашқы  төрт ұлы  «сен тұр да мен атайын»   төрт   құбыласы   түгел    бай-манаптар   болса,  Бәпи шаруасы коңторғай, әрі басқа да жарымаған, ешкімге жасар қиянаты жоқ момын адам екен. Ол осылай қам көңіл күй кешіп жүргенде маңдайына жұлдыз еткен, жалғызы Мәди өмір есігін ашады.

Алшынбай бидің кенжесі Бәпиден туған Мәди ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша қара шаңырактың иесі атанып, мейірбан әже Алшынбайдың бәйбішесі Ұлжанның бауырына салынып, тәрбиесіне беріледі. Көпті көрген көкірегі ашық зерделі әженің ешкімге бетінен қақтырмай, жасытып, жабырқатпай өсірген немересі Мәди жасынан-ақ алғыр басынан өзгенің өктемдігін асырмайтын өжет болып өседі. Ол оңы мен солын тани келе ақындық, әншілік, сазгерлік, атбегілік, тіпті зергерлік пен етікшілік өнерге де бой ұрады. Ер жігітке сегіз өнер де аз дегендей табиғатынан тал бойына серілік дарыған Мәди шын мәнінде ел еркесі, той-думанның серкесі атанады. Сөйте жүріп ол қиянатқа жаны қас, озбырлыққа жүрегі тас азамат болып қалыптасады.

Сөзін де, әнін де өзі шығарып, оны әуелете шырқайтын Мәди «Жігіттік ақ семсердің жүзі емес пе, қайрап ап қалың жауға сермегендей» деп қанаты талмас қырандай саңқылдайды. Бірақ өнерді-есерлік, бетке тура айтылған әділ сөзді -бас бұзар тентектік деп бағалайтын қолында билік бар оның дөкір кеуде ағайындары алмас қылыштай жарқылдаған Мәдиді телі-тентекпен шайқасуға, кедей-кепшіктің жағасына жармасуға айдап салмақшы болады. Алайда дүниеқоңыздықты, зорлық-зомбылықты жастайынан жек көретін дарын иесі олардың ойлаған жерінен шыға қоймайды. Қайта ел тыныштығы үшін қиянатқа қасқая қарсы шығады, жарлы-жақыбайларды қанатының астына алуға тырысады.

Халқымызда «Сүтпен біткен мінез сүйекпен бірге кетеді» деген даналық сөз бар. Адамға құрмет, аяныш сезіммен қарау Мәдидің бойына Тәңір жазған мінез болып қалыптасады. Оны ауыздан-ауызға тарап, қалың ел арасында айтылып жүрген әңгімелер бекіте түседі. Сірә, оның жүрегіңде адамгершілік асқақ сезімді оятқан, сөз жоқ Абай өлеңдерінің шарапаты болса керек. Демек Мәди ұлы ақынның өлендерін жастайынан жаттап өскен. Бұған Абайдың оған жезде болуы  (Абайдың үлкен әйелі — Ділда Бәпидің  ағасы Жүсіптің қызы) игі әсерін тигізген. Ол он жасында-ақ Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Татьянаның қырдағы әні» өлең  әңдерін шырқаған. Сонымен бірге Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбрай, Шөже мен Кемпірбай — Мәдидің рухани ұстаздары. Сары-арқада саф өнердің туын тіккен осыңдай саңлақтардың әсем әндері мен кестелі көркем жырлары Мәдидің жүрегіне ертеден-ақ ұялаған.

«Атадан ала да, құла да туады», демекші Қақабай сияқты тек алдындағы малы мен аз күндік бағына лепірген қарашоқпармен катар оның інісі Бәпиден сөйлесе төрт аяғы тең жорғадай көсілген, ән салса даусы алты қырдың астынан естілетін, күрессе жауырыны жерге тимеген, әділдік десе қоң етін кесіп беретін Мәдидің дүниеге келуі сирек кездесетін құбылыс. Қақабайдың айналасына әділетсіз каһарын жүргізген болыстық озбырлығы Мәдидің адамгершілігіне әсерін тигізе қоймайды. Еңді жарты патшамыз деп жүрген одан гөрі өнер иесі жалынды жігіт Мәдидің ел арасында қадірі артып, аз уакыттың ішіңде көптің сүйіктісі болып алады. Бұл жәй көркеуде Қақабайдың ішін удай ашытты, жүрегін сыздата түседі. Соңдықтан ол өзінен абыройы артып бара жатқан Мәдиге тор құра бастайды. Ақыры болыстың озбыр мінезі, ожар іс-әрекеті салдарынан Мәди Атбасар жағына жер аударылып, абақтыға жапқызылады.

Иә,  Мәди  ат  басын  тіремеген  жер     жоқ     шығар.    Ол кеудесіне нан піскен шонжар-шодырлардың талақтай жабысқан пәле-жаласынан ұры-қары, бас бұзар барымташы атанып, берісі Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Семей, әрісі Кереку, Омбы түрмелерінің ащы дәмін татты. Ол кезде бүгінгідей ақ-қараның жігін ашып, адамшылдық пен озбырлықты талдап, таразылап жатқан кім бар, мойынға бұғау түсіп, қол-аяқ кісенделіп, Мәди түрмеден-түрмеге айдалып кете барды…

Арқаның азаттықты ту етіп кетерген сегіз қырлы, бір сырлы табиғи талант иесінің өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеп, оның туған халқымен қауыштыруға алғашқылардың бірі болып академик, дарынды сазгер   Ахмет   Жұбанов кіріскен еді. Ол сонау 1942 жылы Қазақтың біріккен баспасы арқылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақ композиторларының   өмірі  мен творчествосы», одан кейін жазылған «Замана бұлбұлдары» кітаптарында Мәдидің азаматтығы, ақылдығы мен әншілігі,   қажырлы   күрескерлігі  жайында толғана қалам тартқан екен.

«Замана бұлбұлдары» кітабында Ахаң түрмеден-түрмеге қамалған Мәди туралы былай деп сыр шертеді: «…Қайратты жігіт қанша күшіне мінгенімен, қолды бұғау, аяқты кісен тырп еткізбейді, налытады, ойға шомылдырады. Қазақтың ескі салтында тәрбиеленген Мәди қысылған жерде аруақты, ата-бабасын айтып, өзінің трагедиясына тоқтайды.

 

Бабамыз кешегі өткен Алшынбайды,



Ақылы өткел бермес терең сайды.

Әруағың Алатаудай бабаларым,

Көрдің бе ғарып болған біздің   —  жәйді.

— деп   оларға  да   жалбарынып   қояды.

Түрменің   қатал   тәртібін,   күннің  өтіп   болмайтынын,   іздеп

Келген  ағайынмен   де  дұрыстап  сөйлестірмейтінін  өлеңге  қосады.

Бұл күңде абақтыда біз жатамыз,

Көңілді құмалақпен жұбатамыз.

Алыстан іздеп келген ағайынмен,

Тесіктен алақандай тіл қатамыз, —

деп біресе «Үшқара» әнінің,  біресе «Қаракесек» әуенімен    түрмені    басына     көтеріп,    шырқай жібереді.   Қанша  қатал  болғанымен   күзетшілер өздерінен үлкен әкімдері келіп қалғанда болмаса, Мәдиді   қимайды.   Ал  басқа   еріксіздер  болса, олар   айта   түссе   екен   дегеннен   басқа   тілек тілемейді.   Мәди   осылай   біраз   уақыт   болып, мәселенің шеті көрінбей бара жатқан соң қалай да қашудың жоспарын жасайды. Қарулы жігіт түрменің іргесін қазып, күндіз оны жауып қойып, бір  күні  аман-есен   қашып  шығады.  Бұл   1915 жылдар.

Мәдидің «Үшқарасы», «Қаракесегі» өзінің тұсында ауыздан-ауызға көшіп, Қыр мен Сырға тегіс тарайды. Халық Мәдиді әнінен біледі, түсін көрмегендер оның бейнесін өздерінше неше саққа жүгіртіп, көз алдарына басқа адамнан өзгеше бір алып етіп суреттейді. Мәди халықтың қиялында ертегінің батырларындай эпикалық образға енеді. Мәди әкімдерден, оның ішінде Қақабайдан  қауыптеніп,  ұзақ уакыт еліне бармай, алыстан хабарласып   жүреді. Сол  алаң кездің өзінде де ол ән шығаруын тоқтатпайды.  Қапастан   босап,  елінің  еркін  ауасын жұтып, кенеліп қалған Мәди бір сәтте болса көңілі көтеріліп, атақты «Шіркін-ай» әнін шығарады. Ал, Бектасов пен Адамбековтың «Қазақстан» баспасынан 1969 жылы жарық көрген «Мәди» атты өмірбаяндық очеркінде: «Оның ақылы мен мінезіне сұңғақты, кең иықты келбеті, атжақты, қыр мұрынды, жазық маңдайлы бет-пішіні, шамшырақтай шаралы, жалынды көздері жарасып, жарқырап тұратын. Ол ер тұлғалы сұлу денесіне жарасымды киімді де қымбаттан таңдап, жаңа үлгімен киінетін. Орысша киіміне қарағанда ол оқыған ғалымға, ширақ қимылына, ісіне қарағанда әскери адамға ұқсайтын. Омбыда оны соттаған процеске қатысқан бір қарт офицердің Мәдидің сұлу да сымбатты сүйегіне қызығып, тілмаш арқылы қасында отырған Қасенге: Шіркін-ай, мына тұлғасына, ақылына. жүректілігіне лайық европаша білім алса, әскери тәрбие берсе, өзінен қандай қабілетті генерал шығар еді» дегені бар деп жазған болатын.

Бүгінде Мәдиді көрген адамдардың көзі тірісі некен-саяқ. Алайда оның туыстары Мәди туралы айтқан әңгімелерінің бірқатары бізге жетіп отыр. Солардың арасынан 1980-шы жылдары дүние салған Мәдидің күйеу баласы Тоқаш Кәдікеев (Ол Мәдидің қарыңдасы Мәрпузаға үйленген) ерекше құнды. Ақиық ақынның қазір елдің қолында жүрген жалғыз суретін бой тұмардай сақтап ұрпағына табыс еткен де сол Тоқаң. Мәдидің суреті әуелі Атбасарда  руы  Қаракесек Жайсаң деген қажының баласы Қәмалдың, қолында болады да, кейінде 1953 жылы оның, әйелінен Тоқаш алады. Патша жендеттері Мәдиді 1914 жылы тұтқындап, басында Қараөткелге, одан кейін Атбасарға айдағаны мәлім. Жаңағы суретке ол 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде түскен. Тоқаш ақсақал бұл жөнінде «Мәди бір сөзінде: «осы суретке 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргеңде туысым Кәмал бір суретшіні үйге ертіп әкеліп, түсірткен еді. Басымдағы тымақты Алшын-Жаппас елінің азаматы, абақтыда бірге болған жолдасым беріп еді» дегені есімде», деп айтқан екен.

Тоқаш ақсақалдың баяңдауынша Мәди жазда басына елтірі тымақ, қыста түлкі тымак, үстіне плащ пен пальто киетін. Кейде шаш қоятын, тіпті шылым да тартатын. Бұл оның түрмеден-түрмеге түсіп жүрген кездеріңде басқа ұлт адамдарынан көрген әсерден болса керек. Дауысы кеудеден күңгірлеп шығатын, құлаққа жағымды қоңыр үн болған. Ол көбіне-көп өзі шығарған әндерін орындайтын. Оның қазіргі айтылып жүрген әндерінен басқа да бірқатар әндері бар екен. Ал араб әліппесімен жазған жазулары тасқа таңба басқандай анық болған. Қыста ақ байпақты саптама етік киген.

Сексеннен асып, тоқсанға таяп барып өмірден өткен Тоқаң:

«Мәди ат сайысының пірі еді, шауып келе жатқан аттап қарғып түсіп, қарғып мініп кете беретін. Талай рет шаршы топ алдында балуанға түсіп, күш сынасқанын да көрдім. Қоянды жәрмеңкесі кезінде Жалғызтөбе деген жерде Керекудің түйе балуанын — жыққаны есімде қалыпты. Керекуліктер балуанын шынжырлап әкелді. Ол кезде шынжырлау балуанның күшгілігін көрсететін, жұрт алдында айбынын асыратын белгі, әрі өзінше бір сәні болатын. Өзі де бір атан түйедей неме екен, онымен күресуге дәті барып, жөпәлемде ешкім шыға қоймады. Бір кезде қарасам Мәди үндеместен шешініп жатыр. Шапанын бізге қарай лақтырып тастады да бешпетшең ортаға шықты. Аяғында өкшесінің биіктігі бір сүйем қара былғары етігі бар. Оны өзі тіккен. Апар-ай тобығы шьвып кетіп, жазым болар ма екен деп Аллалап біз түрмыз. Екі балуан жанаса бергеңде карасам, Мәди анадан әлде кайда биік, әлде кайда жіңішке. Түйе балуан оны олайда шиырып лактырады, былайда шиырып лактырады. Бірақ, Мәди жерге мысық сияқты тік ете түседі. Осылайша қарсыласын әбден қалжыратып, титықтатып алған Мәди бір кезде «әуп!» деп оны көтеріп арқалай жөнелді. Енді көзді ашып-жұмғанша анадай жерде алқа-қотан отырған би-төре, бай-бағлан, ақсақал-қарасақалдардың алдына апарып, жерге бір-ақ ұрды, шаң бұрқ ете түсті. Аржағында не болғанына қарағамыз жоқ, жүрегіміз жарыла қуанған көп жігіт Мәдиді тік көтеріп әкеткенімізді білемін, әйтеуір. Сол жолы балуанға түсіп, алған бәйгіден Мәди сыңар суыртпақ иеленген жоқ. Жиналған елге пышақ үстіңде үлестіріп берді…» дейтін.

Токаш қария Мәдидің қолынан мөр төгілетін ісімерлігін да тамсана отырып айтады екен. «Тамаша етікші еді, аякөз арулар Мәдиді қолқалап етік тіктіріп алатын. Киімді өзі пішіп, өзі тігетін. Оның орысша киінетінін мескарын байлар сөз етіп, Мәди шоқынған деп кемсітпек те болатын. Міне, Мәди Бәпиұлын тек әнші, ақын, сазгер ғана емес сегіз қырлы, бір сырлы сері деп отырғанымыз да осыдан.

Жастайынан әділетті ту еткен сері өзінің дүниеқоңыз қарау ағасы Қақабайдың қарына тап болып, патша өкіметі тұсыңда қуғын-сүргіннен көз ашпай түрмеден-түрмеге түскенін жоғарыда біршама сөз еттік. Ал ол қазан төңкерісі тендікке жеткізетін   жақсылық  әкелгендей  көріп,   Кеңес өкіметін Қарқаралы өңірінде жүру ісіне белсене араласады. Бұл жолда көзі ашық інісі Нығымет Нұрмақовты басшы санап, оның соңынан ереді. Сөйтіп,   Қарқаралыдағы   елді   басқара   бастаған Совдепке мүше болып кіреді.  Оның тапсырмасымен   ауылдық   жерлерде   бірсыпыра   игілікті істердің жүзеге асырылуына мұрындық болады. Бұдан кейін ақ гвардияшылар жасаған бүліншілік және   елді   жайлаған   азамат  соғысы   кезінде қайтадан тұтқындалады.  Мәдилерді  1919 жылы қызылдар түрмеден босатады.  Басқалар сияқты Мәди де жаңа заман ісіне бел буа кіріседі.

Оның:

Қырықта бостаншылық шықтым тауға,



Совдеппін, қимылдайтын басым сауда.

Николай, Колчактардың заманы өтті,

Болғанда тілім қышып, қалам найза,

Сілтейік, кетпесін кек залым жауға, —

деп жар салуы соның нақты дәлелі болса керек.

Осыдан Үшқарадағы туған ауылында алаңсыз жаңа өмірмен араласып жүрген Мәди сол тұста нақақ жаламен Қарқаралы түрмесіне қамалған досы, Алашорда жағында қызметте болған Мұстақым Молдыбаевқа жолықпақ болып, Қарқаралыға келеді. Мұнда ол ат басын реальное училищесінде сабақ  беретін, бұрыннан көңілдері жараскан Кәмелдің үйіне тірейді. Оның, қасына ауылдан жақын туысы Мөшірап жәке бірер жігіт ере келеді, Мәдиді қуана қарсы алған үй иесі Садырбектің Әмейі, Сатыбалдының  РымСайы, Сәду, Бекен қари, ағайынды Әбіш пен Мұстапа молда дейтін адамдарды шақырып, бәрі көңілді бір мәжіліс құрады. Ертеңінде Мәди Мұстақымға жолықпақ болып абақтыға барады. Бірақ, мұндағы бастықтар оны Мұстақымға жолықтырмайды. Бұған ызаланған от жүрек әнші түрме бастығымен байланысуға дейін барады. Осы қылығы үшін мылтығын шоштандатқан, шаш ал десе бас алуға дейін баратын тобырлар Мәдиді дереу тұтқындап, ояздың кеңсесіне алып барады. Бәпиұлы өздерінің үстінен жоғары жаққа арыз түсіргендіктен уездік атқару комитетінің төрағасы Мейде және басқалар да оған қырын қабақпен қарап жүрген-ді.

Бұдан кейін оқиғаның немен тынғанын сол кезде Семейде шығып тұрған «Қазақ тілі» деп аталатын газетте басылған «Мәдидің өлімі» атты қайғылы қазанамадан оқып көрелік:

«Осы жыл (бұл 1921 ж. Б.М.) 1-февральда Мәди Бәпиұлын күндіз сағат 12-де Қарқаралы қаласында 5-ші учаскенің районный начальнигі Жасанов атып өлтірді. Мәдидің жасы 42-де. Екі қатынынан да баласыз еді. Өлім былайша болды.  Декабрь басында Едірей еліне продразвертканы (азық-түлік салығы) бөлгенде байлар Теміржанов, Малаев дейтін волпредседательді қолына қондырып алып, малды ауылдарға бөліп, кедейлерге аудара салды. Өткен замандарда стражник болып қан сорған, бүгінде коммунистің тонын айналдырып киіп, түрлі қиянаттар істеп жүрген Малаевтің істерін Мәди қуа Қарқаралы барып, онда отырған үкімет адамдарының кейбіреулері қазақ өміріне қолайсыз, мына заманға ұғымсыз һәм түрлі қиянаттарын, һәм алған параларын айтып, губисполком, губкрайотделге арыз беріпті. Мәди Қарқаралыдан сескеніп, енді Семейге кетемін деп жүргенде Қарқаралының әкімішілік бөлімі Едірей елінің жер құмар байлары Уранов, Теміржановтың доносымен оның жақсы көретін адамы Малдыбаевтардың малын заңсыз конфисковать етеді. Осы мал тұралы Қарқаралы барған Малдыбаевты жауып қояды. Осындай жұмыстар тақырыпты Бәпиұлы Мәди Қарқаралыға келеді. Өзінің ондағы хакімдер үстінен жазған арызынан қорқып, біреудің қатыны арқылы ескі бастықпен танысады. Мойынға түлкі оралады. Бірақ шы-райлары келмейді. «Менің губисполкомға жазған арызымды осында бір орыс оқып отыр екен, өзім қауыптеніп  шықтым» деп жолдастарына айтады. Мәди «Колчак заманында Едірейдің ескі болысы Теміржанов мені үкіметке қарсы деп көрсетіп, неше айлар абақтыда жаттым, енді мына үкімет заманында Малаевті қырғи қылып соңыма салып, мынандай қорқынышты халде жүрмін» деп отырады екен. Мәди достарына сырын айтып»…

Міне, газет осылай деп айта келіп, «Конвой түрмеге таяна бергенде келе жатқан Мәди Бәпиұлын аты тастағанын бірнеше адам көріп тұрады. Оқ қарақұстан тиіп, маңдайынан шығып кеткен…» деп жазған.

Осы жан түршігерлік қайғылы оқиғаны көргендердің аузымен айтылып бүгінде бізге мәлім болғанындай қар үстіне құлаған Мәдидің қасына ауылдан бірге келген туысы Мәшірап, Рымбай, Әмеш жүгіріп барады. Рымбай иманын айтады. Көлік әкеліп, Кәмалдың үйіне апарып, ақ жауып, арулап, Қарқаралының солтүстік кіре берісіндегі Мәлік сайының табанындағы Ақбейтке апарып жерлейді. Бұл жайыңда Мәдидің жиені, Қазақ ССР-інің тұңғыш жер-су наркомы, одан кейін де бірқатар жауапты қызметтер атқарып, дербес зейнеткерлікке іліккен, Алматыда тұрып, бертінде қайтыс болған Әшімбек Бектасовтың «Жазушы баспасынан 1973 жылы жарық көрген «Мәди» атты деректі кітабында егжей-тегжейлі баяндалады…

Әділеттілік жатындағы күресте құрбан болған Мәди ұзақ уакыт бойы ескерусіз қалып келген болатын. Ол — кеңестік заманның мұздағының ы,ірсьпъі да болар. Алайда сол сірескен мұзды алгаш бұзушылардың бірі қарқаралылық қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы болды. Ол алпысыншы жылдардың, бас кезінде Мәди туралы көлемді дастан жазды. Бұл туылды әуелі сол тұстағы облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде басылды да іле-шала «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Осының артынша халык жазушы-сы Әлжаппар Әбішевтің Мади туралы «Найзағай» романы жарық ете түсті, Әшекеңнің жоғарыда аталғаи кітабы шықты.

Әшімбек Бектасов болса атақты нағашысы жөнінде калам тартып қана қойған жоқ. Бірінші болып Мәдидің қабіріне белгі койды. Ол жоғары жаққа қуына жүріп, ақыры 1974 жылы Мәдидің басына тамаша ескерткіш орнатып, келісті қоршау қойғызды. Бұл ізгілікті істен қолынан келіснінше Сапарғали да аянып қалған жоқ. Ол жөнінде кезінде аудандық, облыстық және респубдикалық  газеттерде суретімен материалдар басылды. Енді  Қазыбек би ауданындағы үлкен бір іргелі шаруашылық, Қарқаралы қаласындағы орталық көшелердің бірі Мәди есімімен аталып отыр.

Бұрнағы жылы іргесі қаланғанына 170 жыл толған Қарқаралыда мемлекет камқорлығына алынған саусақпен санарлық тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында бірегей тәуірі делініп, Мәди Бәпиұлына қойылған ескерткіш аталып өтілді. Ал бүгін біз осынау қолжазбамызды ақиық ақын, тамаша әнші, әрі сазгер серілігімен қоса қамшының сабындай қысқа өмірінде әділетті ту етіп еткен күрескердің қаза болғанына 65 жыл толуына орайластырып отырмыз.

Сөз соңыңда айтарымыз Мәдидің бүгінгі ұрпағына қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы әлі толық табылып, олардың қатына тиіп отырған жоқ. Ендеше оны іздестіріп, жалт еткізіп жарыққа шығаруға ел болып ат салысу қасиетті парыз деп білеміз.



Мұхит (Мұхаметкерей) Мерәліұлы қазіргі Орал облысы, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің бойындағы Ақбақай деген жерде 1841 жылы ауқатты жанұяда туған. Мұхиттың туған ағалары Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер домбырашы, әншілер болған. Европалық аспап – скрипкада да ойнау өнерінде меңгерген. Мұхит жас кезінен — ақ әнге, домбыраға әуес болып өсті. Оның дарынының Жан – жақты ашылып оянуына өнерпаз ағаларының мол әсері тиді. Өсе келе Мұхит елге билік жүргізетін төреліктен, байлық – дәулеттен бас тартып, бар өмірін өнерге бағыштайды. Ауылға келген әнші, күйші, ақын – жыраулардың қасында жүріп, өнер үйренеді. Ел аралап, жәрмеңкелерге қатысып, той – думанның сәнін, халық мұрасын дәріптеуші насихаттаушы болып, “әнші Мұхит”, “сал Мұхит” атанды
Әндерін тыңдау: “Айнамкөз”, “Кіші айдай”, “Зәуреш”
Мұхиттың жүрегінен жарып шыққан күйінішті шығармасының бірі -“Зәуреш әні”. Қайғылы көңілдің зарын, жоқтауын баян ететін бұл әннің әуені аса терең, үні мұңды. “…Медеттің үш әйелінен отыз ұл, бір қыз болады. Елге келген ауру – апаттан Медеттің отыз ұлы бірдей қайтыс болып, жалғыз Зәуре деген қызы қалады. Медет Орынборға жолаушылап кетіп, қайтып келгенінде, Зәуре де дүниеден өтеді. Тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап күңіренеді. Міне, осы трагедия Мұхитты қатты қобалжытады. Ол домбырасын алып, “Медет айтыпты” деген сөздерге ән шығарады. Әннің аты халық арасында “Зәуреш” болып тарайды. Мұхитты толқытып, оның шығарған әні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады.” Айтушылар Мұхит Қобда бойын аралап жүргенде біреудің үйіне түсіп, ән салып, ауыл адамдары жиналып, кеш бойы сауықтайды. Ертеңінде сол үйдің бойжеткен қызы Құралайдың шай құйып отырғандағы сыпайылығы, мінезі, ажары Мұхитқа қатты ұнап, сол арада бір ән шығарады. Әншіге қыздың көзі ұнайды. Сондықтан ол: «Шырағым, мына бір әнді саған арнадым, нағыз айнамкөз екенсің, әннің аты да
«Айнамкөз» болсын дейді. Бұл ән халық арасында көп тараған, « Айнамкөзді» айтпайтын адам аз. Әсіресе жай үйде болған мәжілістерде көпшіліктің қосылып айтатын әннің бірі — « Айнамкөз». Бұл Мұхитқа тән диапазонды, үлкен дауыс шеңберңн тілейтін ән. Басынан аяғына шейін лирика, ешбір қайғының ұшқыны жоқ, сүйгенін, жақсы көргенін сағынған әуен бар. Әннің кеудесі мен қайырмасы бірімен бірі жалғасып кетеді. Ән байсалды, орнықты екпінде жүреді. Әрбір дыбысы қатталып, орындаушыдан дауыс регисторінің тегістігін тілейді. «Айнамкөз» — үлкен, жылы жүректен шыққан ән.
Шандоз ән шебері, халық психологиясының білгірі сал Мұхит дыбыстар жүйесін әр қырынан құбылта құруымен тыңдаушысын эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып отырған. Мәтінде бейнеленген ойлау формаларының сезімдік әсерін әуен арқылы арттырып, күшін өсіре түскен. Бұған оның қай шығармасы да толық дәлел. Соның бірі – байтаққа жақсы таныс әйгілі «Зәуреш» әні. Өрнегі бөлек. Бітімі өзгеше. Қалың қарындасқа Ғарекеңнің, Ғарифолла ата Құрманғалиевтің (1903 – 1993) орындауында тарап еді. Бірегей орындаушысы-тын.

Зәуреш еліне дәріпті Медет есімді кісінің қызы екен дейді аңызға айналған дерек. Обадан опат болған отыз ұлдан соңғы жалғыз тұяқ. Әкенің бар үміті, бар жұбанышы – Зәуреш-ті, өмірімнің шырағы болар деген. Тағдыр оны көп көреді. Ажал тырнағына ілінеді. Саулы інгендей боздап келіп, суық қабірді құшақтап айтқан Медеттің сондағы сөздерін Мұхит кейін өлеңге айналдырып, зар – әнге қосқан дейді.

Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім,

Баяғы өзің өскен жерден келдім.

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Иіскеп бір сүйейін деген едім?

Құланның жонда көрдім шоқырағын,

Қайыңның жаста көрдім жапырағын.

Қарамай кетіп қалып әкең сорға,

Бір уыс көп көрді ме топырағым.

(Ғарифолла Құрманғалиев. Мұхиттың әндері. Алматы. «Дастан» дыбыс жазу студиясы, 2001 ж.)

Ән терең психологиялық тебіреніске құрылған. Бейжай қалдырмайды.Өлең шумақтарында қаралы жанның көрініс тапқан ішкі сезімі тыңдаушы жүрегінен орын алып, оның қоғамдық санаға айналуының бір сыры мелодиясына тығыз байланысты-тын. Эстетикалық танымы да, мәні де осында жатыр. «Зәуреш» әнінің тарихы терең.Философиялық тербеністерге толы Мұхиттың “Дүние – ай” әні музыкалық мазмұнының тереңділігімен ерекшеленеді.

Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармашылығында кеңінен пайдаланды.Мысалы, Е.Г. Брусиловский «Алуаш» әнін «Жалбыр», «Үлкен Ораз» әнін «Қыз Жібек», «Дүние-ай » әнін «Ер Тарғын» операларында пайдаланған.

Мұхит жүректі тебірентер сыршыл әндерімен бүкіл қазақ даласына танылған аса ірі тұлға, ғажайып дарында талант иесі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет