ПОӘК 042-18-29.1.8/03-2013
|
№1 басылым 05.09.2013
|
10беттің 8-беті
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3-деңгейлі СМЖ
құжаты
|
ПОӘК
|
ПОӘК 042-18-29.1.8/03-2013
|
ПОӘК «Тіл білімінің және әдебиеттанудың өзекті мәселелері»пәнінің оқытушыға арналған жұмыс бағдарламасы
|
______2013 жылғы
№ 3 басылым
|
6М020500- «Филология:қазақ» мамандығына арналған
«Тіл білімінің және әдебиеттанудың өзекті мәселелері»
ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2014
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәріс сабақтарының мазмұны
3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны
4 Студенттердің оқытушының басшылығымен орындайтын жұмыс
шеңберіндегі тапсырмалар
5 Студенттердің өз бетімен орындайтын жұмысы шеңберіндегі
тапсырмалар
6 Емтихан сұрақтары
7 Курст жұмыстарының тақырыптары
8 Студенттердің өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары
Глоссарий
-
Азаматтық лирика-лирикалық поэзияның заман жайын,әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.
-
Ақын - поэзиялық туынды, өлен, жыр - дастандарды ауызша немесе жазбаша айтып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері.
-
Альбомдық лирика- орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры.Бұл жанырға жататын өлеңдерге тән басты қасиет-сыршылдық,нәзік сезімге берілу.Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту,көлденең адамға білдірмейтін ішкі сезімді,жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан.
-
Арнау - әдеби шығарма басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автор сөзі.
-
Әдеби қаһарман-әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.Әдеби қаһармандар шығармада өзіне тән рухани және қоғамдық жүк көтереді.
-
Әдеби процесс-көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс.
-
Әдеби сын-көркем шығармаларды талдап,баға беріп,олардың идеялық-көркемдік мәнін,әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы.
-
Әңгіме-оқиғаны баяндап айтуға негізделетін,қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма.
-
Драма-(грекше drama-қимыл- әрекет )-сахнаға арналған,уақиғаны,оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін,көңіл күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығарма.
-
Жанр-әдеби шығармалардың жеке түрлері,көркем әдебиеттің салалары.
-
Кейіпкер (персонаж) –көркем әдебиетте роман,повесть,әңгімеде, драмалық шығармада, поэмада бейнеленетін уақиғаға қатысушы.
-
Лирика-көркем әдебиеттің негізгі саласының,жанрының бірі, басты ерекшелігі–адамның көңіл–күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді.
-
Поэзия – көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең жыр түріндегі шығарма.
-
Поэма – оқиғаның өлеңмен баяндалып айтылатын, кейде жыр – толғау түрінде келетін көлемді шығарма.
-
Повесть–оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма,эпикалық жанрдың орташа түрі.
-
Реализм(латынша. realis–заттылық,шындық)-әдебиет пен өнердегі кең қанат жайған,өмір құбылыстарын бар қалпында, нақтылық сипат–белгілерін сақтай отырып, жинақтап, тұжырымдап, шыншылдықпен бейнелеуді мақсат ететін көркемдік әдіс.
-
Роман –сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта ауқымында, жан–жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма.
-
Символ–әдебиетте ойды астарлап,басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне.
-
Стиль-жазушының өмір шындығын танып–білу,сезіну қабілетін,бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға–бітімін танытатын даралық өзгешелігі,жазу мәнері, қолтаңбасы.
-
Сюжет(франц. sujet–зат)-өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі,біртұтас желісі.
-
Тақпақ-қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл-ғибраттылық, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы.
-
Тақырып-Әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы,айтылатын жай–жағдайлардың бағыт–бағдары.
-
Тарихи шындық–өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар,өмір сүрген тұлғалар арқау болады.
-
Трагедия–сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың,яғни драмалық жанрдың бір түрі.
-
Трилогия-мазмұн–мағынасы,сюжеті жағынан бір–бірімен тығыз байланысты,негізгі кейіпкерлері ортақ келетін,өзара жалғасып,тұтасып жатқан үш шығарма.
Дәрістердің қысқаша сипаттамасы
Дәріс 1 Қазіргі қазақ әдебиетінің даму тенденциялары
Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ әдебиетінің даму тенденцияларының даму жайын
меңгерту.
Дәрістің жоспары:
1.Қазіргі қазақ прозасының дамуы.
2.Қазіргі қазақ поэзиясының дамуы.
3.Қазіргі қазақ драматургиясының дамуы.
Қазіргі қазақ прозасы
Қазіргі қазақ прозасындағы жете зерттелмеген саланың бірі – сарындар, соның ішінде айқай сарыны. Т.Нұрмағанбетовтің «Айқай» повесі сонау грек-түрік соғысы тақырыбына арналған. Өткенге көз жіберіп, шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгіме желісі өрбиді. Автор айшықты прозаның өрнектерін қолданады. Т.Нұрмағамбетовтің бұл шығармасындағы түрлік ерекшелігінің бірі осы «айқай» сарынынан танылады. Қазіргі қазақ прозасына өз үнімен «айқайлап» келген Оралхан Бөкейдің Айқайы қандай еді? Абайдың айқайы жартасқа барып соғылып, кері жаңғырып қайтқан − сол Баяғы айқай еді. Ал, Оралхан Бөкейдің айқайы − Алтай тауын жаңғыртқан, қайта-қайта жаңғырығып тұрар – Анаулардың айқайы еді. Т.Нұрмағамбетовтің айқайы − алапеспен ауырған тіліне, нәсіліне, ұлтына қарамайтын адамдардың, яғни тәніне ғана емес жан-жүрегіне, жан-дүниесіне алапес дағы түскен барша адамзаттың баласының айқайы.
Жалғыздық сарыны. «…Жалғыз қалдым, тап шыным», − деп Абай айтқандай, қазіргі қазақ прозасында жалғыздық сарыны түрлі пішінде беріледі. Жиі кездесетін жалғыздықтың түрі − махаббаттағы жалғыздық.
Мәселен, Бейбіт Сарыбайдың «Жалғыздық жыры» әңгімесінің өзегі:«Мен адамды бір-біріне жақындататын тән емес, жан екендігін ұғынғандай болдым.Ол жалғыз екен. Жаны жалғыз екен. Жалғыздығынан қашып құтыла алмапты». Бұл − жас автордың тұжырымдамасы. Көп ішіндегі жалғыздық идеясы мұнда ерекше лирикалық қуатпен суреттеледі. Әңгіменің жұмбақ романтикалық мұңға оранып тұратыны сондықтан. Бірақ бұл әңгімеде адам баласының табиғатына тән бақытқа құштарлық сезімі күшті. Оқырманды түңілдірмейтіні сондықтан. Әйтпесе екі ғашықтың бейнесі толық ашылмаған. Олар бір символ тәрізді. «Алайда сезім диалогы дамымаса, бақыттың орнын қайғы басады. Қайғының досы – жалғыздық . Әңгімені тылсым мұң әсерлі қылып тұрады. Автор сенімді
күйретпейді, сонысымен ұтып тұр. Бұл әңгімедегі жалғыздық қазіргі қазақ қоғамын өрмекші торынша торлаған рухани жалғыздықты білдіреді.
Жазушы Р.Отарбаев «Аспандағы ақ көбелектер», «Қытайдан жеткен сәлемдеме» атты әңгімелер мен повестер жинағында жалғыздық тақырыбын аз көтермеген. Д.Амантай «Қайдан келдің жалғыздық?» деп өз прозасында талғамы биік кейіпкерлерінің жатсынуын жалғыздыққа әкеліп тірейді. Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ прозасында өмір мен өлім тұжырымдамасы тұрғысынан қарастыруға болады. Жалғыздық сарыны прозалық туындыларда алуан түрлі сипатта көрініс табады. Мәселен, М.Әуелханның әңгімесінде қарт көңілдің жалғыздығы айшықты прозаның өзгеше көркемдігімен кестеленген.
Р.Отарбаевтың «Аспандағы ақ көбелектер» атты кітабындағы «Торшақыз бен тотықұс» әңгімесінде өзгеше тағдыр тордағы тотықұстың атымен беріледі. Әңгіме тордағы құстың атымен беріледі. Бұл − тұспал. Жалғыздықтың шектен шығуы. Адамдардың психологиясындағы әсіресе, қалалықтардың көбінің төрт қабырғаға қамалып, елеспен өмір сүруі, қазақтың оқу оқыған қызының көбіне дұрыс отбасы құра алмай қалуы тақырып етіп алынған. Күндестіктің асқынған сипатын көрсету арқылы автор уыты күшті жалғыздық сипатына тереңдей енген. Ал, Р.Отарбаевтың «Дүние ғайып» повесінде. Аласапыранда жақсылық пен жамандықтың беттесуі арқылы баяғы аңыздағы Абыл мен Қабыл оқиғасының вариациясы беріледі. Автор өмір туралы толғауын Айнан бейнесі арқылы берген. Мұнда да жалғыздық азабы тым терең қаузалған. Иен даланың азынаған дауылды кеңістігінің өзі жалғыздықтың символы. Автор өзі де философиялық ойды тұғыр етеді.
Ал, Ә.Салықбайдың «Түн түнегіндегі екеу» атты әңгімесіне шығармашылық адамдарын шырмайтын жалғыздық арқау болған. Қабырғасымен кеңесу, жас жазушының арман, қиялының биіктігі әңгімеде әжептәуір шынайы көрініс тапқан. Үлкен әдебиет «раздвоение личности» деп атайтын дүние емес. «Құдай қарызға берген бес күн», − дейді автор санасы буырқанып, сол тіршілікті көркем, мағыналы жұмсау − жазушы атаулының мақсат, мүддесі. Ұйқысыздықтың өліарасында жатып, жазушы-кейіпкер өз-өзіне есеп береді. Қасындағы жауаптасқан серігі − ұйқы, ол кісі бейнесінде екен. Өзімен-өзі диалог құру − мидағы бір шығармашылық үдеріс, сол замат ол философқа айналып кетеді: «Біз өтірік айтуды ең әуелі өзімізді алдаудан бастаймыз. Шындық − шыңырау, өтірік өлермендігімен өміршең. Өтірікті шындыққа орап айтса, өтімді». Бұл − кейіпкердің ар алдындағы таза ойы. Өзімен-өзі қалу адам үшін кілең мойындаулардан тұрады. Бұл әңгімеде де айна идеясы бар. Айнадан бетін көру. Бұл жан тазалығына кепілдік. Жебеуші періштесі, ұйқы-кісі өзін солай атайды, мұның бетіне кінәсін басқанда, түкірмепті, соның иллюзиясын жасапты. Айна жанын жарқыратып жібергенін көріп, кейіпкер қатты қуанады. Бұл оған өмірден түңілмеу үшін қажет. Жалғыздық идеясын автор солай түрлендіреді.
Қазіргі поэзияның дамуы.
Қазақ өлеңінің құрылымдық жүйесі бүгінде қарқынды түрде дамып келе жатқаны дау туғызбайды. Мәселен, қазіргі өлеңнің бунағындағы буын сандары төрт буынмен шектелмей, енді алты, жеті, тіпті сегіз буынды бунақтардың пайда болуы, қазіргі өлеңдердің интонациялық ерекшеліктерінен туындайтын тармақаралық жіктен басқа өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік мазмұны талап ететін жіктердің көрінуі, өлеңдегі тыныс белгілер жүйесінің эмоционалдық, интонациялық маңызының артуы, жаңа ұйқас түрлерінің пайда болуы, буындар ассиметриясы сияқты құбылыстардың кең өріс алуы, дәстүрден тыс ырғақтық жүйе түрлерінің көбеюі сияқты мәселелер қазіргі өлеңдердің даму деңгейін көрсетеді.
Қазіргі қазақ өлеңіндегі кейбір тосын, жаңа ырғақтық-интонациялық сипаттардың орын алуын бүгінгі поэзиядағы мазмұндық-идеялық, тақырыптық ерекшеліктердің ықпалымен түсіндіруге болады. Қазіргі қазақ лирикасында интимдік сырлардың бірінші кезекке шығуын, сонымен қатар субьективті көңіл-күй мен ой-сезімнің поэзия тілінде тереңдікке,
нәзіктікке жетіп, жалпылық, обьективті мәнге ие болуын қазақ өлеңіндегі бүгінгі түбегейлі мазмұндық-сапалық жаңару тенденциясына жатқызуға болады.
Қазақ поэзиясының формалық тұрғыдан жаңаруының негізін сол поэзияның ішкі тақырыптық-көркемдік жүйесінің, экспрессивтік-эмоционалдық сипатының жаңғыруынан іздеу қажет. Қазақ өлең құрылысы да осыған сай эволюциялық тұрғыда жаңарады. Қазақ өлеңінің даму кезеңдері тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік жүйесімен қоса өлең құрылысын да жаңартты.
Сонымен, қазіргі қазақ поэзиясының жетістіктері, негізінен, тақырыптық-идеялық жаңалықтарында, мазмұн байлығында жатса да, сол мазмұнды ашуға жұмылдырылған форманың, яғни өлеңдердің өрнектік ерекшеліктерінің маңызын кемітуге болмайды. Қайта олардың пішіндік, түрлік ерекшеліктері мазмұнды шынайы жеткізер форма, оған қосымша көрік дарытып, сұлуландыра түсер көркемдік құрал ретінде баса айтылуға тиіс. Өйткені, «өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдегі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі. Тіпті өлеңді сөйлеп айтпай, іштей оқығанда да оның үні, әуезділігі, ырғақ-интонациясы, үйлесі адам жанына қалай да әсерін тигізбей қоймайды. Мұны қандай ақын болсын тәжірибе жүзінде анық байқайды. Сондықтан олар өлең сөздің Абай айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», «айналасы теп-тегіс, жұмыр келуін» құнттайды» Ал біз өз шамамызша қазіргі қазақ поэзиясындағы айтылмыш мақсаттағы ізденістер мен тәжірибелерді, жаңалықтар мен жетістіктерді мазмұн мен пішіннің қабысуы, үндесуі тұрғысынан сараптауға тырысамыз.
Өлеңтанудың негізгі зерттеу обьектілерінің бірі – өлшем мен ырғақ жүйесі. Өлеңнің өлшем, ырғақ сияқты бірліктері оның мазмұнына, идеясы мен мәніне әсер етіп отырады. Өлшем өлең тармақтарындағы буын саны негізінде пайда болса, оқу барысында олардың ырғағын анықтауға болады. Өлшемсіз ырғақ, ырғақсыз өлшем болмайды.
Қазіргі қазақ драматургиясының дамуы
Қазақ драматургиясының қазіргі жай-күйі - өте бір өзекті мәселе. Көрермен театрға сахнадан өмірді көруге барады. Алайда қазіргі қазақ театрларының сахнасынан бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын өткір спектакльдерді көру мүмкін болмай тұр. Бұған себеп біреулер мықты режиссерлік мектептердің жоқтығы десе, екінші біреулер драматургтер бүгінгі заман тақырыптарын арқау еткен шығармалар тудыра алмай жатыр деген уәж айтады. Сонда қазіргі қазақ драматургиясы бүгінгі қоғамның талаптарын орындай алмай отырғаны ма? Егер солай болса, онда қазақтың аты дардай драматургтері жазып жүрген шығармалардың салмағы болмағаны ғой. Әлде, мықты драматургтер бар, тек олардың еңбегін барынша бағалап, халыққа жеткізу жағы кемшін түсіп жатыр ма? Міне, осы мәселе бүгінгі ой-көкпардың таразысында таразыланбақ. Менің оымша, Қазақ драматургиясы
жоқ деген - бұл түбегейлі қате. Қазақ драматургиясын жоққа шығара беруді тоқтату керек. Драматургия аспаннан түспейді. Қазақ сөз өнеріне жақын әрі өте талантты халық қой. Драматургияның бір ерекшелігі, бұл - тәуелді жанр. Ол ең алдымен режиссерға, одан кейін актерға, ең аяғы сахнаны салатын суретшіге де тәуелді. Сондықтан драматургия тек осы төрт саланың мамандары бірлесе жұмыс істегенде ғана алға басады. Біздің мықты драматургтеріміздің шығармаларын оқып, керек қылып жатқан адам жоқ. Мәселе осында. Ал қазақ драматургиясы қашанда заманның талабына сай қызмет еткен, етіп те келеді. Бірақ осы туындыларымызды театрларымыздың керек етуі өте төмен болып тұр. Екінші әңгіме, журналистерге байланысты. Театрды жазатын қаламгерлер әр қойылымды кең түрде зерттеп, көріп, халыққа дұрыс насихаттаса жөн болар еді. Өйткені пьесаның алғашқы жазылған әдеби нұсқасы мен сахналанған нұсқасының арасында жер мен көктей айырмашылық болады. Кейбір жақсы драматургиялық шығармалар режиссерлердің кемшілігінен, кейде актерлердің әлсіздігінен, басқа да себептермен жұтаң тартып қалады. Ал керісінше, кейбір ортаңқолды спектакальдер жақсы режиссердің қолына түсіп, бағы жанып кетуі мүмкін. Сондықтан газет-
журналдар сахнадағы қойылымдарды жазғанда өте әділ болуы керек, ең алдымен жазатын адам пьесаны оқып алса дұрыс болар еді. Содан кейін сахнадағы нұсқасымен салыстыра отырып жазса, көп нәрсе шешілер еді. Сондықтан драмалық шығармалар редакцияланбаған мақала секілді сахнаға шыға береді. Актерлер спектакльдің мәтінін жаттамай сахнаға шығады. Шығарма екі қатаң талқыдан өтуі тиіс. Бірінші, драмалық шығарма сахнаға қоюға келе ме, келмей ме? Екінші, сахнаға спектакльдің премьерасы шығарда оны халыққа көрсетуге бола ма, болмай ма? Міне, осындай талаптардан кейін ғана спектакль халыққа ұсынылуы тиіс.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Қазіргі қазақ прозасындағы сарындар дегенді қалай түсінесіз?
2. Қазақ өлең құрылысы эволюциялық тұрғыда қалай жаңарады?
3. Қазіргі қазақ театрларының сахнасынан бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын өткір спектакльдердің болмау себебі не ?
Әдебиеттер:
1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998
2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977
3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968
4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975
5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б
6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994
7. Тоқсамбаева А.Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық;Семей, 2011ж;«Интелл».–279 б.
8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.
9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.
12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.
2 ДӘРІС Эстетикалық баға және құндылық өлшемі
Дәрістің мақсаты: Эстетикалық баға және құндылық өлшемінің басты принциптерін меңгерту.
Дәрістің жоспары:
1.Қазіргі қазақ әңгіме-повесіндегі өнер тұлғасы концепциясы.
2.Қазіргі қазақ романындағы қоғам және өнер адамы.
«Эстетика» (грек. Aisthetes – сезінуші, сезім қызметіне қатысты) – көркемдік таным теориясы; әсемдік туралы, көркем шығармашылықтың жалпы заңдары туралы, адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы ғылым. Эстетика ұғымы қолданысқа сұлулық, сезім жөніндегі ғылымды белгілеу мақсатымен тұңғыш рет неміс философы 1750 жылы А.Баумгартеннің ұсынысымен енгізілген.
Эстетика өнердің өзін зерттеумен ғана шектелмейді, адамның материалдық және эстетикалық көзқарасын зерттейді. Эстетика көркем шығармашылық эстетикалық бағасын әлеуметтік, саяси бағасымен біріктіре алып қарайтын көркем сынмен тығыз байланысты.
Эстетика дегеніміз - әлеуметтік, қоғамдық ой өрісінен, философиядан, социологиядан, моральды-этикалық қағидалармен құнарланған әсемдік ілім. Бұл ілім көркем творчествоның тарауларын талдап, табиғатын жете тануға қызмет етеді. Өрісті, үлгілі, озық әдебиетттерде әлдеқашан құнарлы да қажетті санаға айналған эстетика - қазақтың бергі заманындағы жазба әдебиетімізде Абайдан туындаса, бұнда тарихи сыр жатады, дәуірдің ділгірлігі жатады.
Адам болмысындағы дерексіз ұғымдарды деректендіру арқылы Адам тұлғасының күрделі қайшылығын ашу – виртуальды шығармалардың негізгі өзегі. Бұл дәстүрдің алғашқы арналары қазақ фольклорында, 20-30- жылдардағы Алаш әдебиетінде болғаны рас. Бірақ социалистік реализм әдісінің басымдық алуына байланысты үзіліп қалған. Жаңа ой-сезім еркіндігі арқасында қиял мен шындық синтезі арқылы символдық ой айтуға ұмтылыс тәуелсіздік жылдарындағы прозадағы соны жаңалықтардың бірі болып отыр. Жаңа заман прозасының жаңалығының бірі – прозалық туындылардағы мистикалық сарынның көрініс табуы.
Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа туындылардың бірі – Әлібек Асқардың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» повестегі әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының стильдік ерекшелігі. Өр Алтай төріндегі бір кезде айдарынан жел ескен, төрт құбыласы сай болған ауылдың бүгінгі мүшкіл халін суреткер сатылап көрсетеді. Кеңсе, ауылдың мектебі, дүкен, дәрігерлік пункт жабылады, яғни әлеуметтік құлдырау жолымен тұрмыс тауқыметі үдемелі жолмен беріледі. Жазушы әр алуан кейіпкерлерін болып жатқан өзгерістерге қатыстырып, көзқарас пен дүниетанымық ерекшеліктеріне тереңдеп бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын аша білген. Тіл, образ, сюжет, композиция тұтас бір өрілімде берілген. Бір кездері азан-қазан боп жататын базарлы ауылдан небәрі жеті үй қалғанымен, осы азғана шоғырдан тұратын сегіз отбасының басынан өткерген қилы, мұңлы да мұңсыз тағдыры бір повеске толық жүк болған. Жұртта қалған жеті үйдің жыры да жеті түрлі. Жазушы бір кездегі базары тарқамаған ауылдың қалай жетімсірегеніне тоқталып, сюжет желісін жетім қыз Сәлиманың тағдырымен ұштастыра суреттеумен жалғайды. Қоғам назарынан тыс қалса да, Алланың кең пейілінен кенде қалмаған алақандай ауылдың өгей тірлігі пошташы Сәлима қыздың пайымы арқылы берілген.
Шығарманың негізгі арқауы – қазақ қоғамының тұтастығын құраған отбасылық ұғымнан ірілеу бірлестік, татулықтың құт мекені саналған ауыл мәселесі. Повесть ауыл жастарының жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің бесігі болған ауыл өмірінің кері кетуі, ауыл баласының атажұрттан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Өркениеттің дәстүрлі өмірімен арақатынасын үйлестірмесе, ауыл мәдениетінің тоқырауға ұшырайтындығын қарапайым еңбек адамдарының психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы зерттеу барысында шығарма өзегіндегі бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған атажұртқа, туған топыраққа сүйіспеншілік, ауыл мен қала өмірінің алшақтық мәселелері жан-жақты талданады.
Н.Дәутайұлы соңғы кезде прозаның шағын жанры әңгімеге жиі қалам тартып жүр. Жазушының«Айғыркісі» атты көлемді әңгімесі ұлттық идеяның алтын қазығын айналшықтап шықпай қоюымен, қазақтықтың жаратылысын сүйіп жазуымен де дараланады.
Жылқы культі арқылы ұлттық рух асқақтайды. Ат мінсе, қазақ өз қалыбын сақтайды. Жаяу қазақ – жартылай қазақ. Әңгіме бір әулеттің өмір сүру пәлсәпасы арқылы ұлттық идеяның қайнар көзін ашады. Жылқы мен қазақ – бұл әңгімеде синоним, бір символға айналған, Жалғас Жылқыны құрту – қазақты ұлт есебінде құрту деген астарлы ойға жетектейді. Ауылдың күні батып барады. Урбандалу қазақты еңсеріп келеді, – дейді автор.
Әңгімедегі ұлының антиподы – әкесі. Жалғас пен Бұлди екеуі – екі түрлі адам. Қазіргі заманғы көкейін ақша тесіп, санасын тұрмыс билеген, ұлттық жаратылысын жатсынған, жат тұлыпқа емінген кейіпкер суреттеледі.
М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімесі оқыс хабардан басталады. «Жұрнақ көке жынданып кетіпті». Әңгіме оқиғаны оқушы баланың көзімен суреттеген. Жұрнақ – желтоқсан қасіретінің құрбаны болған жас жігіт. Бұл – жоғалған ұрпақтың символы. «Жынды Жұрнақ адамдарды бір-бірінен айырмайтын, кісі танымайтын, кімнің кім екенін мүлде білмейтін». Қазіргі қазақ баласының кейпіне ұқсайды, ана тілін білмейді, өзі мен
жатты, ақ пен қараны ажырата алмайды. Бұл образ арқылы ұлтсыздану мен жаһандану дертіне шалдыққан ұрпақ қасіреті бейнеленген. Ұлтының қасиетін танудан қалып, қазақтықтан аулақ кетіп барады.
Мұңлық әкенің күйі ол болса, көтеріліске қатысқаны үшін жазықты болып, жынданған бейшара ұлының күні тіптен мүшкіл еді. Барынан айрылған, адамзат баласына тән ең ұлы қасиет – санасынан, ақыл-есінен айрылған, жарым ес атанып, көрінгеннің есігінде қу құлқыны үшін өлместің күнін кешіп жүр. Қаламгер кезінде оқу озаты болған Мәскеу оқу орны студентінің бүгінгі мүшкіл халін суреттеу арқылы тағдыры да, заманы да, солақай саясаты да аямаған жас жігітті туып-өскен ортасы, кіндік қаны тамған ауылдастары да аяды ма, мүсіркегендері бір күндік боқ дүниемен теңелгендігін шебер суреттеген.
Жұрнақ жынды бола тұра туған табалдырығына тізерлеп, кіндік кескен үйіне басын иген қалпы өмірмен қоштасады. Жалпы шығарманың әлеуметтiк мазмұнын, жазушы үй, қара шаңырақ мотиві арқылы айқындап отырады. Демек, қаламгер ұлттық танымға тән мотивтер мен дәстүрлі символдарды шебер пайдалану арқылы Желтоқсан қасіретінің қазақтың халықтық рухына тигізген зардаптарын аша білген.
А.Асқардың «Қызыл бөлтірік» атты шығармасының оқиға желісі тылсым табиғаттың қойнындағы суретке құралған. А.Алтайдың шығармасындағы табиғат пен адам бейнесінің, олардың қайшылықтары мен ішкі дүниесінің тартысы екі аңыздың желісінің негізінде толық ашылған. Бірінші аңызда градациямен берілген авторлық таным төгілген тілмен шебер берілген. Пейзаж көрінісі психологиялық паралеллизммен тірі суретті көз алдына алып келеді. Демек табиғаттың, яки жаратылыстың өз шындығы бар, ал, адамдардың өз шындығы бар дегенге саяды. Адам табиғатқа үстемдік етіп, ойлағанын жүзеге асыра алмайтыны – А.Алтай шығармасының тұжырымдамалық ойы. Монологпен беріліп, қиялындағы қызыл бөлтірікпен іштей тілдесіп, сырласқан, мұңын шаққан бала танымы, психологиясы нанымды шыққан.
Қанды қол қырғыннан аман қалған қос бөлтіріктің көзін ашпай жатып, қаталдық көруі сан түрлі тарих соқпағынан аман жеткен қазақ жұртының тағдыры іспетті. Ал, оның киесіне жолыққан мергеннің өз баласын өзі жазым етуі – фольклорлық дәстүр қалыптастырған көне мотив. Жазушы бұл мотивті айтпақ идеясына шебер қиюластыра білген. Шығарма оптимистік рухта,оң шешімімен бітеді. Ал, жазушы болса, баланың тазалығын адам рухының тазалығына дейінгі деңгейге көтереді. Бір-бірімен ымыраға келмейтін екі дүниені біріктіргісі келеді.
Д.Рамазанның «Көкжалында» адам және табиғат арасының арпалысы ешбір бояусыз, бар қалпында суреттеледі. Олардың байланысының үзіліп қалуы адамның кінәсынан екенін ашып айтылады. Мұнда да астар байқалады, демек, табиғатты күштеп бағындыруға болмайды, оның да өз заңдылығы бар, онымен санасу керек.
С.Сағынтайдың «Тұмақ елесі» атты әңгімесінде қасқыр – бөрі бейнесі өз болмысын танытады. Бұл әңгімеде жас жазушы – С.Сағынтай қазақ даласының экологиялық апаттар алаңына айналғанын мистикалық оқиғалармен береді.
Тәуелсіздік тұсындағы шығармалар тек тақырыптық, образдық тұрғыдан ғана емес, көркемдік ерекшелік, поэтикалық стиль тұрғысынан да жаңарып, түлегені байқалады. Жаңа тақырып пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі тілдік айшықтар (орнаментальді) арқылы да қаламгерлердің даралық қолтаңбасы айқындалады. Адам және оның өмір сүріп, тіршілік етер ортасындағы заттық әлем арасындағы қарым-қатынасты суреттеу көркем әдебиетте үзіліп қалған үрдіс болатын. Бұл кемшілік, әсіресе, ұлттық әдебиеттерде туған жер, өскен орта, ұлттық ерекшеліктерін тануды тұмшалау салдарынан орын алды.
Өнер жолы – азапты жол деп жатады, бұған келісу қиын. Өнер азаптан тумайтын шығар, өнер құштарлықтан, тазалықтан туады. Ал, азап дегенде, шамасы, өнердің адамды
өзіне біржола берілуді “талап етері”, басыбүтін қызмет еткізу құдыреті айтылар болса керек.
Әдебиет пен өнер о бастан ақ егiздiң сыңарындай бiр-бiрiмен қабаттаса келе жатқан домбыраның қос iшегi десек артық айтқандық емес. Себебi әдебиетсiз өнер, өнерсiз әдебиет жоқ. Қазақты қазақ қылған осы өнер дейтiн болсақ, сол өнердiң ғасырдан ғасырға тарап, жанданып, өркендеуi әдебиет саласының құзырында. Әдебиеттiң өнерге, өнердiң әдебиетке тигiзетiн ықпалын тарихтың өзi талай дәлелдеп берген. Қай ұлттың, халықтың болмасын тағдыры басынан өткерген тарихи кезеңдерi алдымен сол елдiң әдебиетi мен өнерiнен орын алады. Ұлттың рухы көтерiлiп, еңсесi биiктегенде оның әдебиетi мен өнерiнiң де арнасы толыға түседi.
Достарыңызбен бөлісу: |