«Пошта туралы» Қазақстан Республикасының Заңы



бет1/3
Дата11.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#127778
  1   2   3



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ

Жаңа редакциядағы «Пошта туралы»

Қазақстан Республикасының Заңы

 

 



Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, пошта және өзге де қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Пошта Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады, ол жеке және заңды тұлғалардың пошта операторларының қызметіне деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға және қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған. 

2. Пошта байланысының құралдары мен объектілері пошта жөнелтілімін қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) тапсыру, жеткізу және (немесе) табыс ету процесін қамтамасыз етудің материалдық-техникалық базасын құрайтын пошта операторының меншігі болып табылады.



 

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:

  1. абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiнде орнатылатын, адресаттар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын құлыпталатын арнайы жәшiк;

  2. абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттар пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн тұрғын үйлерде, сондай-ақ ауылдық жердегi жеткiзу учаскесінде орнатылатын, құлыпталатын жәшіктері бар арнайы шкаф;

  3. адресат – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;

  4. атаулы зат – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауын, сондай-ақ пошта операторы анықтаған өзге ақпарат көрсетіп бедерлер салуға арналған құрылғы;

  5. бандероль – өлшемі, массасы және буып-түю тәсілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іс қағаздары, құжаттар, ұсақ тауарлар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;

  6. гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат түрде жеткізілетін электрондық хат (хабарлама) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабарлама) түрінде жеткізетін хат;

  7. гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет - бастапқы кезеңде ақпараттық жүйелерді, байланыс желілерін, интернет-ресурстарды не басқа да электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабарлама) нысанындағы және кейінгі кезеңде тіркелмейтін немесе тіркелетін пошта жөнелтілімі түріндегі жөнелтілімді жіберу бойынша пошта операторының қызметі;

  8. Дүниежүзілік пошта одағы – халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін аумақтары біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;

  9. Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;

  10. жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;

  11. жазылым бойынша мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның уәкілімен (жеке немесе заңды тұлғасымен) жасалған шарт негізінде мерзімді баспа басылымына жазылымды, оның ішінде Интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау бойынша қызметтерді ұсынуы және мерзімді баспа басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыруы;

  12. жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақы төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;

  13. жедел пошта қызметтері - пошта байланысының пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режимінде көрсетілетін қызметтері;

  14. жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберу үшiн оларды пошта операторына тапсыратын, пошта операторының көрсетілетiн қызметтерін пайдаланушы;

  15. курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін қабылдаған сәттен бастап осы жөнелтілімді адресатқа немесе жөнелтушіге табыс еткенге дейін алып жүретін, пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;

  16. курьерлік пошта қызметтері – пошта байланысының курьерді пайдалана отырып көрсетілетін, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтері;

  17. Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы (бұдан әрі – Ұлттық пошта операторы) – Қазақстан Республикасы Үкiметінің шешiмiмен құрылған, ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, пошта байланысының әмбебап қызметтерiн, арнаулы байланыстың көрсетілетін қызметтерiн, банктік операциялар мен қаржы қызметтерін ұсыну жөнiнде мiндеттемелер жүктелген акционерлiк қоғам;

  18. өндiрiстiк объект – пошта операторының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға арналған және сол үшiн жабдықталған пошта желiсінің жылжымайтын мүлік объектісі және көлік құралы;

  19. пошта – Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтер кешенін ұсынуын қамтамасыз ететiн экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымның бір бөлiгi;

  20. пошта байланысы саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде пошта байланысы саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

  21. пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері – уәкілетті орган белгілеген пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырылатын тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

  22. пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жiберу бойынша пошта операторының қызметі;

  23. пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар мен технологиялар;

  24. пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;

  25. пошта желiсi – пошта операторы қызметтерді ұсынуы кезiнде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта бағыттарының жиынтығы;

  26. пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;

  27. пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекен-жай бойынша апару;

  28. пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi жiберу үшiн пошта операторының ресiмдеуi;

  29. пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз етiп, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;

  30. пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың жеке өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;

  31. пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiне дейiн апару (тасымалдау);

  32. пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдайтын жазбаша хат-хабар, сауқаттар, пошта контейнерлерi, мерзімді баспа басылымдары, сондай-ақ пошталық ақша аударымы.

  33. пошта жүйесi – пошта қызметі мен өзге қызметті қамтамасыз ететiн пошта желiлерi мен пошта операторларының жиынтығы;

  34. пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендiру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекен-жайдың шартты сандық және әріптік белгiлемесі;

  35. пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабарлама жазылған тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;

  36. пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну;

  37. пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіпте тіркелген, пошта қызметі саласында қызметтерді ұсынатын жеке және заңды тұлға;

  38. пошта операторының қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – пошта операторы ұсынатын қызметтерді пайдаланушы, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде пайдаланушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

  39. пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері және өзге де белгiлер;

  40. пошта төлемінің белгілері - пошта операторының пошта байланысы қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта жөнелтілімдеріне жапсырылатын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электронды және өзге де белгілер;

  41. пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: жөнелтілу орнында пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауын, пошта жөнелтілімiнiң қабылданған күнi мен уақытын; межелі жерде пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауын, алынған күнi мен уақытын, сондай-ақ пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауын, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;

  42. пошта-жинақ жүйесi – базасында Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта қызметін және өзге қызметті жүзеге асыратын пошта жүйесi;

  43. пошталық ақша аударымы – уәкiлеттi орган бекiткен, пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтырып, осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне сәйкес адресатқа ақша жіберуге арналған жіберушінің тапсырмасын пошта операторының орындауы бойынша пошта байланысының көрсетілетін қызметі;

  44. пошталық құпия – пошта байланысы қызметтерін пайдаланушылардың мекен-жай деректері туралы, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер.

  45. пошталық қызмет – пошта операторлары ұсынатын, пошта байланысының көрсетілетін қызметтері;

  46. пошталық мекен-жай (бұдан әрi – мекен-жай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторының көрсетілетін қызметтерiн пайдаланушы анықтайтын жер;

  47. пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа немесе жөнелтушіге жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын пошта операторының жұмыскері;

  48. поштомат – пошталық ақша аударымын қоспағанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтауға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

  49. сауқат – салымы, өлшемі, массасы және буып-түю тәсілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген, тауарлар және басқа да заттар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;

  50. тағайындалған оператор – пошталық қызметтерді пайдалануды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;

  51. тариф – пошта операторының көрсетілетiн қызметтеріне ақы төлеудiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген мөлшерi;

  52. тiркелетiн пошта жөнелтілімi – жөнелтушiге түбiртек беріліп қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн пошта жөнелтілімi;

  53. тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері – жіберу мұндай жөнелтілімдер қабылданғаны және (немесе) табыс етілгені туралы құжаттай растаусыз жүзеге асырылатын пошта жөнелтілімдері;

  54. ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жұмыс істейтін және пайдаланушыларға пошта саласындағы қызметтер ұсынылатын, пошта байланысының стационарлы, жылжымалы бөлімшелерінен және пошта маршруттарынан тұратын Қазақстан Республикасы Ұлттық пошта операторының пошта желiсi;

  55. үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгіленген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнелтушінің мекен-жайы бойынша жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі;

  56. факсимильді байланыстың көрсетілетін қызметтерi – қағаз жеткізгіште орындалған мәтiндер мен иллюстрацияларды арнаулы аппараттың көмегiмен телефон арналары арқылы беруден тұратын байланыстың көрсетiлетін қызметтері;

  57. филателиялық өнім – коллекциялау объектілері болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта айналымынан алынған, пошта төлемінің мемлекеттік белгілері;

  58. франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерiне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған машина;

  59. халық салымдарының сақталуын қамтамасыз ету – пайдаланушы мен Ұлттық пошта операторы арасында жасалатын шарт талаптарымен белгiленген сыйақы ескеріле отырып, номиналды түрдегі салымды қайтару кепiлдiгi;

  60. халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, салмағы 20 грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;

  61. халықаралық пошта алмасу орны (мекемесі) – кіріс және шығыс халықаралық пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ кеден органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін, пошта операторының өндірістік объектісі;

  62. халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттармен бірге жүретін пошта жөнелтiлімі;

  63. хат өлшемі, массасы және буып-түю тәсілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген, жазбаша салыммен (хабарламамен) және басқа да ұсақ бұйымдармен, заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі;

  64. ішкі пошта жөнелтілімі - Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі;

  65. электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттарды (хабарламаларды) және құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторы құратын, жылжымайтын мүлік объектісінің немесе пайдаланушының электрондық мекен-жайы;

  66. электрондық пошта қызметтері – пайдаланушыларға электрондық хатпен (хабарламалармен) немесе қағаз жеткізгіштерді қолданбай электрондық құжаттармен алмасуға мүмкіндік беретін байланыстың көрсетілетін қызметтері;

  67. электрондық хабарлама – пайдаланушылар телекоммуникациялар желісі арқылы берген немесе алған ақпарат;

  68. электрондық хат – телекоммуникациялар желісін немесе электронды жеткізгіштерді пайдалана отырып, электронды нысанда жіберілетін хат.


3-бап. Пошта туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

1. Пошта туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылатын қағидалардан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері

Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу принциптері мыналар болып табылады:

1) заңдылықты сақтау;

2) пошта байланысының көрсетілетін қызметтері қолжетiмдiгі;


3) пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiн сақтау;

4) пошта жөнелтiлімдерi қозғалысының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы еркiндiгi, оның iшiнде транзит еркіндiгi;

5) жеке және заңды тұлғалардың пошта байланысы мен осы қызметтiң нәтижелерiн пайдалану саласындағы құқықтарының теңдiгi;

6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, пайдаланушылардың жазысқан хаттарының, пошта, телеграф арқылы және өзге де жолдармен алысқан хабарламаларының құпиялығы сақталу құқығын қамтамасыз ету;

7) пошта желiсiнiң сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын және оның басқарылуын қамтамасыз ету;

8) пошта байланысы саласындағы қағидалар мен талаптардың бiрлiгi.


2-тарау. Пошта байланысы саласындағы мемлекеттік реттеу

 

5-бап. Пошта байланысы саласындағы операторлардың қызметін мемлекеттік реттеу

1. Пошта байланысы саласындағы операторлардың қызметін мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету және Пошта туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады. Пошта туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

6-бап. Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері



Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1) пошта байланысы қызметтері нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін пошта байланысы саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

2) пошта байланысы саласындағы қызметті бақылауды жүзеге асыру;

3) Қазақстан Республикасының поштасын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары мен басымдылықтарын әзірлеу және іске асыру;

4) халықаралық одақтар мен ұйымдарда басқа мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасау кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау.
7-бап. Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары

Пошта байланысы саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің қағидаттары мыналар болып табылады:

1) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін көрсету үшін жағдайлар жасау;

2) пошта жөнелтілімін қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткізу және (немесе) табыс ету және олардың транзиттеу еркіндігі;

3) адал бәсекелестік;

4) Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай стандарттардың негізінде желілік технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, бірыңғай пошта желісінің қауіпсіздігін, сенімділігін және басқарылуын қамтамасыз ету;

5) пошта байланысы саласында, пошта байланысының әлемдік жүйесіне интеграциялауда халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесу.

 

 8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті



Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) пошта саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен  пошта қызметiн жүзеге асыруға байланысты үкiметаралық келiсiмдердi жасасады;

3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңымен және өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.


9-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының аумағында пошта байланысы саласындағы қызметтi мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асырады;

2) пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

3) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларын бекітеді;

4) пошта төлемi белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастырады;

5) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекітеді;

6) пошта байланысы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;

7) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

8) Ұлттық пошта операторы жұмыскерлерінің нысанды киiмiнің (погонсыз) үлгiлерiн, оны киiп жүру тәртiбiн, онымен қамтамасыз ету нормасын бекiтедi;

9) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi, басқа мемлекеттермен, халықаралық одақтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезiнде Қазақстанның пошта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды;

10) кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша тағайындалған оператордың өтініші бойынша халықаралық пошта алмасу орындарын (мекемелерін) бекітеді;

11) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алу қағидаларын бекітеді;

12) операторды тағайындайды және тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алады;

13) пошта жөнелтілімдерінде пошта штемпелін қолдану қағидаларын бекітеді;

14) пошта байланысының қызметтерін көрсету қағидаларын бекітеді;

15) пошта операторының пошта төлемі белгілерін келіседі және пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің белгілерін қолдану тәртібін анықтайды;

16) филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады;

17) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесін қолдану және пайдаланушыларды авторластыру қағидаларын бекітеді;



18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте, пошта операторларының қызметін пошта байланысы саласындағы талаптар сақталуына тексеруді жүзеге асырады;

19) абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекітеді;

20) Қазақстан Республикасында пошта қызметін жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;

21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету

1. Мемлекет әрбір пайдаланушыға жазысқан хаттарының, пошта, телеграф арқылы және өзге де жолдармен алысқан хабарламаларының құпиялылығы сақталу құқығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасында заңдармен тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіпте ғана осы құқықты шектеуге жол беріледі.

2. Пошта саласындағы құпия пошталық құпия және банктік құпия болып бөлінеді. Пошталық құпия және банктік құпияны сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі талаптар осы Заңмен, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және өзге де заңнамалық актілермен белгіленеді.

3. Пошта байланысы қызметтерін пайдаланушылардың мекен-жай деректері туралы, пошта жөнелтілімдері, оның ішіндегілер мен орналасқан жері туралы мәліметтер пошталық құпия болып табылады.

4. Пошта операторлары пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жағдайларда, пошта жөнелтілімдерін ашу процесіне қатысқан пошта операторларының жұмыскерлері пошталық құпияны сақтаумен байланысты ақпаратты жариялауға құқылы емес.

5. Пошта саласындағы құпияның ашылуына жол берген пошта операторларының лауазымды тұлғалары мен басқа да жұмыскерлері, сондай-ақ өзге жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

6. Пошта жөнелтілімдерін қарауды, алуды және тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген жағдайларда ғана мемлекеттік органдар жүзеге асырады.


11-бап. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен өзара іс-қимылы

  1. Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға пошта байланысының барлық желісінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратқа рұқсат беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды өткізу нысандары мен әдістері ашылуын болдырмау бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

Пошта операторлары пошта желілерінде пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды қамтамасыз ететін, техникалық құралдарды және жабдықты қолданады.

  1. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен өзара іс-қимылы осы Заңмен және «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.


12. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер

1. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді, егер өзге Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта операторлары дербес белгілейді.

2. Пошта операторлары көрсететін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтерді (бағалар, алым мөлшерлемелері) және олардың шекті деңгейі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпте уәкілетті орган реттейді.



Пошта саласындағы тиісті нарықта үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын пошта операторларының көрсетілетін қызметтеріне баға қалыптастыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3-тарау. Пошта қызметі және өзге қызмет


13-бап. Қызмет пен көрсетілетін қызметтердің түрлері

1. Қазақстан Республикасында пошта саласында қызметтің мына түрлері қолданылады:

1) пошта қызметі;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге қызмет және өзге де көрсетілетін қызметтер.

2. Пошта қызметіне мына көрсетілетін пошта қызметтері жатады:

1) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері;

2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

3) пошта байланысының жедел және курьерлiк көрсетілетін қызметтері;

4) пошталық ақша аударымы;

5) жазылым бойынша мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек сату бойынша көрсетілетін қызметтер;

6) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді сату бойынша көрсетілетін қызметтер;

7) электрондық пошта қызметтері;

8) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта байланысының өзге де көрсетілетін қызметтері.

4. Өзге әрекетке мыналар жатады:

1) осы Заңның 30-бабының 1-тармағы 7) және 8) тармақшасында көзделген банктік операциялар, қаржылық қызметтер;

2) тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймалау және сақтау бойынша қызметтерді көрсетуге байланысты логистикалық қызмет;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шартын жасасу жағдайларындағы агенттік қызмет.

4. Өзге қызметтерге мыналар жатады:

1) зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді төлеу және жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер;

2) заңды тұлғалардың тапсырмасы бойынша бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң чектерiмен мемлекеттiк мекемелерге қызмет көрсетуге арналған есеп айырысуларды жүзеге асыру;



3) ауылдық елді мекендерге тауарларды жеткізу және сату;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көрсетілетін қызметтер.

5. Пошта операторлары осы баптың 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырады және қызметтерді көрсетеді.


14-бап. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері

  1. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдеріне жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек бермей (поштаның тіркеу нөмірін, әріптік-сандық сәйкестендіру кодын қоймай) қабылданатын және адресаттардан қолхат алмай жеткізілетін тіркелмейтін хаттарды, пошта карточкаларын және бандерольдерді жіберуден тұратын тіркелмейтін жазбаша хат-хабар жатады.

Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ оның шегінен тыс та қабылданады.

  1. Тіркелмейтін жазбаша хат-хабарға жататын, жіберілетін тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерінің салымдарына қойылатын талаптар Пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларымен анықталады.

  2. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері түрінде мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдар арасында жөнелтілімдерді жіберуге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға жазбаша жауап хаттарды жіберуге тыйым салынады.


15-бап. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері

  1. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері пошта жәшіктерінен жинап алынған және (немесе) өндірістік объектілерде қабылданған пайдаланушылардың тіркелмейтін жазбаша хат-хабарын жіберу бойынша пошта операторының қызметтерінен тұрады.

Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне мына қызметтер кіреді:

  1. тіркелмейтін хатты жіберу бойынша көрсетілетін қызмет;

  2. тіркелмейтін пошта карточкасын жіберу бойынша көрсетілетін қызмет;

  3. тіркелмейтін бандерольді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет.

3. Пошта операторының пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіткен, пайдаланушылардың пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолжетімділігіне, ұсынылу сапасына және бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
16-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер

  1. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерінің жіберілгені құжаттай не электронды нысанда қабылдау, сондай-ақ өндірістік объектілер, поштоматтар және (немесе) абоненттік жылжытпалы желі құрылғылары арқылы, сондай-ақ пошта жөнелтілімінде көрсетілген жөнелтушінің немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылатын тіркелетін пошта жөнелтілімдерін табыс ету арқылы расталады.

  2. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметке енгізілетін пошта жөнелтілімінің түрі мен санатына қарай қызмет түрлерінің тізбесі Пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларымен белгіленеді.

  3. Мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдар арасында жөнелтілімдерді жіберу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға жазбаша жауап хаттарды жіберу тіркелетін пошта жөнелтілімдері түрінде жүзеге асырылады.


17-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері

1. Тіркелетін пошта жөнелтілімі пошталық тіркеудің әріптік-сандық сәйкестендіру коды берілетін және жөнелтушіге пошта операторы жұмыскерінің тегі көрсетілген пошта штемпелінің бедері немесе бақылау-кассалық машинаның, дербес компьютердің клишесі (атаулы модуль) бар түбіртек берілетін жөнелтілім болып табылады.

Тіркелетін пошта жөнелтілімдері жіберуге Қазақстан Республикасының аумағы бойынша да, сондай-ақ оның шегінен тыс жерге де қабылданады.

2. Тіркелетін пошта жөнелтілімдеріне жатқызылған пошта жөнелтілімдерінің түрлері мен санаттарының тізбесі және оларды жіберу тәртібі, сондай-ақ тіркелетін пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін салымдарға қойылатын талаптар Пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларымен анықталады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет