Проф. Қ.Жұбановтың ғылыми көзқарасы бойынша, тіл – өз алдына
дербес, қоғамға тәуелсіз құбылыс емес, адамның қарым-қатынас
тәжірибесінің іс жүзіндегі қажеттілігінен туындайтын қоғамдық-тарихи
эволюцияның өнімі. Себебі тіл тарихы кездейсоқ және әр тараптағы
өзгерістердің стихиялық ағымы емес, қоғамдық-тарихи дамудың ретті
қозғалысымен тәртіптелген, төменгі сатылардан жоғары деңгейлерге
иерархиялық принциппен өрлеудің көрінісі. Тіл құрылысының қалыптасу
заңдылығы, жалпы алғанда, лексемалардың мағыналық өзгерісі тұрғысынан,
грамматикалық формалар мен категориялар диалектикасы бойынша, тілдік
тұлғалар арқылы берілетін ойлау динамикасының сатылай алмасуы туралы
қағидалар сипатында барлық тілдерге бірдей қызмет етеді.
Ғалымның «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» атты еңбегін нағыз
социологиялық очерк десе де болғандай. Автор бұл еңбегінде «қазақ елінің
басын қосып, қонысын біріктіріп, ұлан-байтақ даланы шарлап көшкен
жұрттың ұлттық тілін бір арнаға тоғыстырып, бiр тектi мәдениет тұрғызған
жағдай Ресей патшалығының қол астына кіріп, соның билігіне мойын
ұсынған кез емес, одан бірнеше заман әрідегі кезең еді» деп түйеді. Қазіргі
түркі текті жұрттардың көпшілігін бір қазанда қайнатып, бір ұядан өрбіткен
Алтын Орда мәдениетінің іргесі шайқалғаннан кейін көптеген ру-
тайпалардың ұсақ-түйек халықтарға ыдырап кеткені мәлім. Егер жазба
тарихтың ауқымымен өлшесек, Қ.Жұбанов меңзеген тіл тұтастығының қазақ
қоғамында қалыптасу кезеңі сол заманға дөп келеді. Қазақ хандының
құрылуы да осы бір ірі тарихи оқиғаларлың жаңғырығы іспеттес. «Басқасын
қойып, бiрлескен қоғамның iшкi қатынасының негiзгі айнасы болатын тiлдi
алсақ», – дейді Қ.Жұбанов жоғарыда аталған еңбегінде, – «қазақ тiлiндегiдей
бiр өңкейлiктi, бiр қалыптылықты басқа тiлдерден сирек ұшыратамыз».
Ғалым мұндай тіл бірлігінің ешқандай ұлтта кездеспейтіндігіне, «қазақ жеріндей ұшы-қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып, қалайша мұндай
тіл тұтастығын сақтай алды деген сұрауға таң қалмасқа болмайды» деп,
бұл құбылыстың себебіне тереңнен үңіледі. Тілдегі тұтастық, бірөңділік
тұрмыста ұзаққа созылған тығыз қатынастың болғандығынан деп түсіндіреді