Пушкин. Жәңгір хан және...Махамбет
Иә, баспасөз беттерінде жазылып жүргенімен басы әлі ашыла қоймаған бұл мәселелерге байланысты не айтуға болады?
Ақын 1833 жылдың тамыз айында Петербургтен шығып, Мәскеу, Қазан, Симбирск қалалары арқылы 18 қыркүйекте Орынборға жетеді. Мұнда оны губернатор В.А. Перовский мен Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г.Ф. Генс қарсы алады. Бұл екі орыс шенеунігі қызмет бабына байланысты Бөкей ордасындағы жағдайды жақсы білетін, қазақтар жөнінде де, оларға әңгір таяқ орнатып отырған Орал казактары туралы да Пушкинге мол мағлұмат бере алатын еді.
Осы арада Перовскийге (1795-1857) ерекше тоқталған жөн. Ол Пушкинмен, оның ұстазы В.А.Жуковскиймен ертеден таныс еді. 1825 жылдың 17 тамызында Жуковскийге жазған хатында ақын Перовскийді ортақ танысы ретінде еске алады. Олар кейін де кездесіп тұрады. Орынборда Пушкин оның қала сыртындағы үйіне тоқтайды.
Ақынның Орынборда болған екі күн шамасындағы сапары жөнінде әдебиетте аз жазылмаған. Бірақ авторлар осы мерзім ішінде (19, 20 қыркүйек) Пушкиннің Орынбор мұрағатында қаншалықты жұмыс істеп үлгергенін және қандай құжаттарды алғанын нақтыламайды. Алайда “Пугачев тарихының” деректік негізіне ыждағатты көз жүгіртсек, керекті құжаттар әскери министрлік мұрағатынан алынғанға ұқсайды. Ал, Орынбор мұрағатында Пушкин қысқа уақыт болып, кейбір құжаттарға ғана көз жүгіртіп өткен деп шамалауға болады. 21 қыркүйекте ақын Орал қаласына келіп, ондағы үш күнді казактар қауымында өткізеді. 23-і күні қайтар жолға шығады.
Орынбор мен Оралда, Сорочинская, Переволоцкая, Нижнеозерная станицаларында, Бердск слободасында көнекөздермен, көтеріліс куәгерлерімен сұхбаттасады. Солардың бірі Бердскідегі 75 жастағы И.А.Бунтова деген казак жесірі болатын. Мұнда кезінде алты ай бойы Пугачевтің штабы орналасқаны мәлім.
Осы кездесулер барысында алған мағлұматтары негізінде “Пугачев тарихына” көтеріліс басшысының Бударинск бекінісінде отырып, Нұралы ханға хат жазғаны туралы жолдар түседі. Шығармада қазақтардың соғысқа қатысуы нақтылы суреттеледі.
“Өзін патшамын деп жар салған жалған атақты турасындағы қауесет тез тарады. Пугачев қырғыз-қайсақ ханына өзін ІІІ Петр деп атап, одан аманатқа ұлын және көмекші қол есебінде жүз адам беруін сұрады. Нұралы хан Жайық қалашығына қызмет көрсетуге мойынұсынғандай болып, басшымен келісім жасауға келді... Хан Орынбор губернаторына жалған аттының келгені жөніндегі алғашқы татарша жазылған хабарлама хатын жолдады. “Біз, далада күн кешушілер, — деп жазады Нұралы губернаторға, – жағаны жайлап жүргеннің өтірікші ме, немесе ақиқат тақсыр ма – кім екенін білмейміз. Біздің елшіміз оны айқындай алмай қайтты, тек сары сақалды екенін айтып келді”. Бірақ: “Сол шақта, – деп көрсетеді одан әрі ақын – Нұралы жалған атақты адаммен сыбайлас бола отырып, өзінің императрицаға берілгендігі жөнінде Рейнсдорпты нандырумен жүрді, ал қырғыздар шапқыншылыққа дайындала берді” (Т.8, 120-121-б.б.). Кітаптың осыдан кейінгі жолдарында Пушкин қазақтардың сонау ертедегі өткеніне, қалмақтармен қарым-қатынасына да көңіл қояды.
Шығарманың бірінші тарауына берілген түсініктемеде: “Кіші жүзде Нұралы, Орта жүзде Абылай, Ұлы жүзде Ералы басқарған қазақ жасақтарының 1771 жылғы “шаңды жорықта” қалмақтарды үлкен шығынға ұшыратқаны” (206-б.) жөнінде дерек бар. Бұл мәлімет ақынға біз айтып өткен П.И.Рычковтың кітабынан да белгілі болатын.
Орал казактары жөнінде мол мағлұмат келтіріп, олар “тұзды қырғыздар даласы шекарасына жақын жердегі Индер мен Грязное ащы көлдерінен, не Жем жағалауындағы көлдерден алады”, – деп жазады. Пушкиннің “Пугачев тарихы” үшін жинақтаған материалдарының арасында көтеріліс басшысының қазақ халқына арнаған үндеуі де ұшырасады (Антонов В.Ф. “Чтение по истории”. М., 1984 С.144). Соғыс қимылдарына қатысқан Жантас, Жантілес, Құлбаба, Есеней, Құттықадам деген қазақ батырлары ерен ерлік көрсетеді. Орал казак орысы Ф.Курицын 1774 жылы Пугачев көтерілісінің құрамындағы қазақ жасағын Сырым Датұлы басқаратынын хабарлайды. Ал, А.Суворов 1775 жылдың 22 маусымында граф П.И.Панинге жазған хатында Сырым батырды Пугачев көтерілісінің ең белсенді мүшелерінің бірі ретінде баяндайды. Әрине, мұндай мәліметтердің орыс ақынына бәрі бірдей жетпеген де болар, бірақ ол өз еңбегінің өне бойында қазақ даласы, қазақ халқы тақырыбына үнемі соғып отырады, сол жылдардағы оқиғаларға талдау жасайды. Жайық бойында ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге ден қояды. Солардың бірі – “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” жыр-аңызының жазылып алынуы.
А.С.Пушкин мұрағатынан осы лиро-эпос мазмұнының табылғаны жөнінде ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап айтылып келеді. Зерттеушілердің біразы ақын оны осы сапары барысында, Орынборда, не Оралда болған кезінде естіді деген пікірде. Кейбір авторлар (М.И. Фетисов, т.б.) “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” жырының мазмұнын Пушкин В.И.Дальден, тіпті қазақтардың өзінен жазып алғаны жөнінде сыңай танытады. Оған дәлел ретінде ақынның татар тілін білгендігін алға тартады. Бұл тілдің қазақ тіліне ең жақын тілдердің бірі екендігі, сол кезеңде білімді қазақтардың татар тілінде сөйлегендігі белгілі. Пушкиннің “Арзрумға саяхат” өлеңінде мынадай жолдар бар: “Ешқандай тіршілік белгісін кездестірмей ұзақ жүрдім. Ақырында оқшау тұрған сакляны көрдім. Есік қақтым. Иесі сыртқа шықты. Мен одан жол жағдайын орыс тілінде, сонан кейін татар тілінде де сұрадым”.
Пушкин қандай деңгейде де татар тілін білген болсын, бірақ одан ақын “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” жырын 1833 жылы тікелей қазақтардан естіп, жазып алды деген ұғым тумайды ғой. 1825 жылы “бұл лиро-эпостың халық аузындағы нұсқасын С.Б.Броневский жазып алған болатын. Оның Пушкинмен таныстығы түрлі әдебиеттерден зерттеушілерге жақсы белгілі. Оған дейін (1807) қазақ көпесі Мұртаза Файзуллин Семейден Шығыс Түркістанға барған кезінде эпостың сюжетін жазып алып, қайтып келгеннен кейін Г.Ф.Генске тапсырады. Мүмкін, Пушкинге жыр мазмұнын Генс берген шығар. Зерттеушілердің көпшілігі Пушкин “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” жырын А.И.Левшиннің кітабынан білді деген тұжырымға бейімділік танытады. (ҚСЭ. Т.7 212-бет). Бұл пікір де орыс ақынының қазақ эпосының мазмұнын қашан, қай жерде, кімнен жазып алды деген сұраққа жауап бермейді.
Ақынның Орынбор мен Оралға сапарына байланысты жұмбақ жәйттер мұнымен шектелмейді. Ең алдымен Пушкин мен орыс жазушысы В.И.Дальдің (1801-1872) Орынборда жүздесуі жөнінде.
Соңғы кезде Дальдің Орынбордан Оралға барарда Пушкиннің серіктесі болмағаны жөніндегі пікірлер де көрініс беруде. Ол 1916 жылы Петербургте жарық көрген “Пушкин және оның замандастары” (23 және 24-ші шығарылымдары) деген жинақтағы Д.Н.Соколовтың “Пушкин Орынборда” атты мақаласынан бастау алып, 1980 жылы “Простор” журналында басылған А.Д.Белыйдың “Даль рапорты” деген мақаласында қосталады.
Мұндай тұжырымға кейбір негіз де бар сияқты. Мұрағатта 1833 жылдың 21 қыркүйегінде В.И. Дальдің “Орал әскері жеріне” барып қайтқан сапары туралы Орынбор генерал-губернаторына жазған рапорты бар. Дәл сол күні Пушкин Орал қаласына жолға шығады. Осыған байланысты аталмыш авторлар 2500 шақырым сапардан келген В.И. Дальдің қайта жолға шығуы мүмкін емес қой деген пікір білдіреді.
Бұл жөніндегі талас-тартысқа, “Даль рапортының” қай күні жазылғандығына тереңдемей, қалай болғанда да оның Орынборда Пушкинмен жүздескенін, Орал қаласына дейін оған еріп жүргенін теріске шығаруға болмайтындығын айтуымыз қажет. В.И.Дальдің өзі Бердск слободасына Пушкинмен бірге баруын еске алып: “Біздер Пугачевты білетін, көрген және есінде ұстаған кемпірді тауып алдық”, — деп жазады. (Пушкин в воспоминаниях современников. М., 1950 С. 454). Оған қоса Дальдің 25 қыркүйекте Орал қаласынан Н.И.Гречке жазған хаты тағы бар. Яғни, ол 23 қыркүйекте Пушкинді шығарып салған.
В.И Дальдің қызы да әкесінің Пушкинмен бірге Орынбор мен Оралда болғанын растайды ( Русский архив. 1899. № 5.с. 137-138).
Басқа деректерде Дальдің Пушкинмен 1832 жылдың күзінен таныс екендігін, 1833 жылдың 18-19 қыркүйегінде олардың Орынбор мен Бердск слободасында бірге болғандығы көрсетіледі. Пушкиннің кітапханасында Дальдің бірнеше кітаптары да сақталған.
1835 жылдың наурыз-сәуір айлары шамасында Пушкин Петербургтен Орынборға В.А.Перовскийге хат жазып, онда “Бердскідегі серуеннің естелігі ретінде сізге “Пугачев тарихын” жіберіп, оған тағы 3 данасын қосып отырмын, Дальге, Покотиловқа және сондағы аңшыға...” деп көрсетеді ( т.10, 411-412-б). Мұндағы В.А.Покотилов – ақынды Оралға дейін-ақ Орынбордың өзінде қарсы алған казак әскерінің атаманы; “аңшы” — К.Д.Артюхов, инженер-капитан.
Қазақ халқының тұрмысы мен ауыз әдебиетінің білгірі, кейін Исатай мен Махамбет көтерілісіне бүйрегі бұрған орыс жазушысының қазақтар хақындағы шабытты әңгімелері Пушкинге әсер етпей қоймаса керек.
Қазақ даласына шеккен сапары Пушкинді шытырман сезім құшағында қалдырып, Ақ Жайық, даланың өзіндік өзгеше келбеті ақыл қиялына қанат бітіреді. Жергілікті әндер (“Гурьевтен-қаладан”, “Жайық казактары”), қалмақ ертегілері, қазақ аңыздары бірігіп азаттықты аңсаған орыс, башқұрт, қалмақ, қазақ халықтарының көтеріліске қатысуы жөніндегі шығармасының психологиялық аурасын анықтайды.
* * *
Басы ашылмаған мәселелерінің бірі – А.С.Пушкиннің Жәңгір хан (1801-1845), Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) және Г.С.Карелинмен (1801-1872) қарым-қатынасы жөнінде.
1821 жылы Орынборға жер аударылған Карелин бұл қалада А.И.Левшин, В.Д.Вольховский, Г.Ф.Генспен достық қарым-қатынаста болады. 1826-1828 жылдары ол Бөкей ордасына сапар шегіп барады. Сөйтеді де 1828-1830 жылдары Жәңгір ханның іс басқарушысы ретінде оның Нарынқұмдағы ставкасында тұрады. 1829 жылы Бөкей ордасы жерінің картасын құрастырады. 1832 жылы наурызда Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын зерттеуге жіберіледі. Сол жылдың жазында Петербургке шақыртылып алынып, оған жаңа тапсырмалар жүктеледі. 1834 жылы мамырда Ново-Александровск қамалының негізін қалайды. Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына жіберілген экспедиция жұмысының барысында адай руының батыры Сүйінқарамен ұшырасады. Сүйінқара Карелинге “хиуалықтардың шабуылынан қорғау” жөнінде хат тапсырады. Сонда Г.С.Карелин мен Пушкиннің жолдары қалай қиылысты деген сұрақ туады. Бұл орайда олардың ортақ таныстары арқылы бірін-бірі жақсы білгендігіне сілтеме жасаймыз. Ең алдымен, Карелин де, Пушкин де – декабристердің көзқарастарын бөліскен адамдар. Карелиннің зайыбы А.Н.Семенова Пушкиннің досы А.Дельвигтің әйелінің құрбысы болатын. Карелин Пушкиннің танысы А.П.Свиньинмен де хат жазысып тұрады. Оған қоса Бөкей ордасында талай рет жүздескен В.И.Дальмен таныстығы, оның Пушкинге осы өңірде болған уақытында Карелин жөнінде әңгіме айтпауы мүмкін емес. (Архив АН СССР Л., 1933 г. С. 160-162).
Біз Карелин Пушкинмен Оралға барған сапарында кездесті деген пікірден аулақпыз. Себебі Карелиннің 1833 жылдың қыркүйегінде қайда болғаны әлі де болса зерттей түсуді қажет етеді. Соның өзінде Григорий Силычтың Махамбет ақын мен Жәңгір ханды Пушкинге апарар жолдағы көпір болғандығына көп негіз бар.
Бірақ мүмкіндік пен оның шындыққа айналуының арасы – жер мен көктей. Мұны ескермеген авторлардың бірі Жәңгір ханды Пушкиннің “жақсы танысы” (“приятель”) деп жазады. Бір қарағанда солай да шығар деген ой түрткілейді. Олардың да, В.И.Дальді айтпағанның өзінде, профессорлар А.Казембек, К.Ф.Фукс, т.б. ортақ таныстары болады. Оқиғалар тізбегі, уақыт пен кеңістік секілді факторлар да орыс ақынымен қазақ ханын жолықтыруға итермелейді. Жәңгір хан Петербургке алғаш рет 1826 жылы Фатима ханыммен бірге І Николайдың таққа отыру салтанатына байланысты келген-ді.
Осы сапар барысында хан Каспий жағалауындағы шұрайлы аймақты “иемденген” князь Юсуповпен кездеспеді ме деген ой туады. Біздің айтып отырғанымыз – ата-бабалары шоқынған орыс ақсүйегі, сенатор, меценат Николай Борисович Юсупов (1750-1831); оның Архангельскідегі үйінде Пушкин 1827 жылдың күзінде қонақта болады. Ақынның 1830 жылы жазылған “К вельможе” деген өлеңі де осы Юсуповке арналған.
Жәңгір Петербургте оншақты күн болып, барлық ойын-сауықтарға, оның ішінде К.Ф. Фукс ұйымдастырған әдеби кешке де қатысады.
Карл-Фридрих (Федорович) Фукс (1776-1846) – дәрігер, профессор, 1805-1828 жылдары Қазан университетінің ректоры, әдебиетші, Еділ бойы өлкесінің білгірі. Бұл адаммен Пушкин 1821 жылдан таныс еді. Ақынның кітапханасында Фукстің “Башқұрт Оралы бойынша саяхат” деген кітабының болуы, Орынборға бара жатқан жолда 1833 жылы Қазанда оның үйінде бір күнге тоқтауы, әйелі Александра Андреевнамен 1833-1836 жылдары хат жазысып тұруы және оған 1835 жылы “Пугачев тарихын” жолдауы (Т.10, 423,433-2б.) көп нәрсені аңғартады. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Фукс Жәңгір хан мен 1826 жылы елге оралып келе жатқанда Қазанда тағы жолығысады.
Сонымен, орыс ақынының қазақ ханымен кездесуіне барлық жағдай болған сияқты. Алайда олардың жолдары қиылыспады. 1826 жылы Жәңгірдің Петербургте болған кезінде Пушкин Михаиловское селосында айдауда жүрді, қалған уақытта да олар жүздеспеді.
Енді әңгіме арнасын Махамбетке бұрайық. Осыдан үш жылдай бұрын, яғни 2003 жылғы 15 тамызда “Қазақ әдебиеті” газетінде “Махамбет пен Пушкин” деген көлемді дүние жарияланып, оның авторы екі ақынды бір-бірімен “шүйіркелестіріп” қояды. Жарайды, оны жазушының қиялынан туған делік. Бірақ “Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясындағы” “Хан тоғайы” деген мақалада осы жағдай қайталанып, Махамбет пен Пушкин Нарын құмында кездеседі. Мұндай мәлімет орыс ақынының әр күні мен сағатына дейін тәптіштеп жазып жүрген зерттеулердің бірде-бірінде ұшыраспайды.
Олардың ортақ таныстарының болуы Махамбет пен Пушкиннің сырттай білістігі жөнінде ғана тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Қазақ ақынының Дальмен хан сарайында да, қазақ ауылдарына барған шақтарында да жүздесіп, әңгімелескені сол уақыттағы оқиғалармен біршама дәлелденеді. Дальдің қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауы, қазақ тақырыбына арналған шығармаларын жазуы барысында Махамбетке соқпай кетуі қисынсыз сияқты. 1833 жылдың жазында Гурьев (қазіргі Атырау), Орал қалаларына, Бөкей ордасына екі айлық іссапарда болғанда Даль қазақ ауылдарын аралап, жергілікті халықтың қам-қарекетімен, рухани дүниесімен терең танысады. 1833 жылдың мамыр-маусым айларында Махамбет оқуға бара жатқан Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборға аттанады. Олар мұнда Карелиннің үйінде тұрады. Ресей Ғылым академиясы мұрағатының Петербург филиалында 1833 жылдың 11 қарашасында Жәңгір ханның Таубұйрат деген жерден жазған хаты сақталған. Онда: “Барлық уақытта менің сізге деген ықыласымды ұмытпайтын боларсыз деп сенемін. Бұл хатты мен жолай Әлмұхамед арқылы жіберіп отырмын... Асығыс жаздым, кешірерсіз. Менің Жұлқаш (Зұлқарнай.) баламды сізге тапсырамын, өз балаңыздай көріңіз” (Петербургский филиал архива РАН. Ф. 137. Оп. 2. Д. 79. Л. 23), — делінеді.
Олай болса бұрыннан да таныс, аралас-құралас Махамбет пен Карелин арасында олар тұрып жатқан қалаға ұлы орыс ақынының келіп-кеткені жөнінде әңгіме болғандығы сенім туғызады. Бірақ Пушкин мен Махамбетті Хан тоғайында “жолықтырып”, жоқтан өзгені тілге тиек ету ғылыми ізденіске жатпайды. Рухани сабақтастық, дарындылық ықпалдастығы тек жүзбе-жүз кездесіп сұхбаттасудан ғана тұрмайды. Пушкиннің көзі тірісінде де, кейін де қазақ даласында Пушкинге апарар жолдар аз болмады.
Дабысым ұлы Ресейге кетер жалпақ,
Тіл біткен жүрер менің атымды атап,
Славян елдерінің ер ұрпағы,
Қазіргі тағы тұңғыс, қырда қалмақ, – деген, өзінің қазасынан бір жыл бұрын жазылған “Ескерткіш” атты өлеңінің бірінші нұсқасында “қырғыз, қалмақ” деп көрсетілгені оқырманға мәлім. Қалмақ пен қазақ бірде атысып, бірде табысып жатса да, олардың бір географиялық мекенде орналасқаны ескеріліп, “қырғыз” сөзі сонау Сібірдегі “тұңғыспен” ауыстырылған-ау деген ой келеді.
Қазақ (қырғыз) деген сөздің Пушкин шығармаларында аталуы, не аталмауында тұрған ештеңе жоқ. Әңгіме қазақ даласы, оның тұрғындары туралы сан алуан мағлұматтардың Пушкиннің рухани әлемінде алған орны жөнінде.
Жоғарыда айтылған 1835 жылдың көктемінде Перовскийге жазған хатының: “Далада, не Жайық бетінде кездескенше сау бол” (Т. 10. 412-б.) деген сөздермен аяқталуы Пушкиннің қазақ жеріне тағы бір рет соғуға ниеттенгенін білдіреді.
Пушкиннің өлімінен кейін ақын мұрасын қазақ даласында насихаттағандардың бірі С.А.Раевский еді. Ол да – М.Ю.Лермонтовтың “Ақын өлімі” деген өлеңін таратқаны үшін Бөкей ордасына жер аударылған Пушкиннің досы. Жәңгір ханның кеңсесінде орыс канцеляриясының бастығы болып істейді. Ханның тапсырмасымен ол Бөкей ордасының картасын толықтырады. Олай болса хан сарайында да, Ордада да Пушкинді білген, өлеңдерін тыңдаған.
Қазақ даласы орыс ақынын жатсынбайды, оны “кім?” демейді. Пушкин мұрасы қазақ тілінде сөйлей бастайды. “Татьянаның әні” қазақ елінің әр түкпірінде шырқалады.
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде-ақ қазақтар Пушкинді есте қалдыру іс-шараларына атсалысады. Қазақстанның Орталық мұрағаты қорында “А.С.Пушкинге ескерткіш орнатуға қаржы жинау туралы Орынбор және Самара генерал-губернаторымен хат-хабар алмасулар” деген 1861 жылғы құжаттар бар (ҚР ОММ. 4-қ.1-тізбе. 3040-іс. 14-парақ). Осыған байланысты елден қаржы жиналғанда қазақтың дарынды ұлдарының бірі М.С.Бабажанов (1832-1871) бөкейліктерді өзі бас болып ұйымдастырып, бір мың сомның үстінде ақша өткізген. Бұл ескерткіш Мәскеуде 1880 жылы ашылғаны белгілі.
“А.С.Пушкинге ескерткіш орнату үшін қайырылымдылыққа шақыру туралы” деген тағы бір құжат осы мұрағаттың 44-ші қорында (Жетісу облыстық кеңесі (1868-1918)) ұшырасады.
Бірте-бірте Пушкин шығармалары қазақ жеріндегі мектеп қабырғаларынан, театр сахналарынан орын ала бастайды. 1901 жылдың сәуір айында Бөкей ордасы Уақытша кеңесінің залында қазақ балалары мен қыздар мектебінің оқушылары ақынның “Балықшы және балық туралы ертегісі” бойынша спектакль қояды (Тургайская газета. 1901. 14 сәуір). Пушкиннің жақын танысы декабрист Н.В.Басаргиннің (1800-1861) ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында Шоқан Уәлихановпен танысуы да Пушкин шығармашылығын қазақ даласында насихаттаудың тағы бір арнасын меңзейді. Сол кезеңде Басаргин Сібір казактарының кеңсесінде қызмет істеп жүріп, Құсмұрын округіндегі Шоқанның туған жерін аралайды; 1843-1848 жылдары Омбыға жұмысқа ауысады. Ал 1847 жылы Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түседі. Оларды тағдыр Омбы интеллигенциясы жиі жиналып тұратын Капустиндердің үйінде жолығыстырады. Басаргинмен пікір алмасулар Шоқанның Пушкин шығармашылығына ықыласын арттырады. Е.И.Капустинаның әдеби қонақүйінде Пушкиннің өлеңдері оқылып тұрады.
Шоқан Петербургте ұлы ақынның редакциясымен шығып тұрған “Литературная газетаның” тігіндісімен, оларда басылған В.Г.Крюковтың “Қырғыз шапқыншылығы” повесімен танысады. Пушкин шығармашылығының бір қайнары іспеттес И.Бичурин, А.Левшин еңбектері, “Современник” журналы Шоқанның да рухани әлемін кеңітеді. Ш.Уәлихановтың бір хатында Пушкиннің “Бақшасарай фонтаны” поэмасынан кейбір жолдардың келтірілуі кездейсоқ емес.
Осылайша қазақ даласының көңілі ояу, көзі ашық ұлдары Пушкин мұрасына бойұрады. 1856 жылдың 14 желтоқсанында Ф.М.Достоевскийдің Ш.Уәлихановқа Семейден жазған хатында: “Бәрінен де дұрысы, дала тұрмысы, сіздің ондағы өміріңіз және т.б. туралы жаза алсаңыз жұрттың барлығының қызығушылығын тудыратын мақала болар еді. Сондай жаңалық болып көрінер еді, ал сіз, әрине, не туралы жазуды білер едіңіз (мысалы, есіңізде болса, Пушкиннің аудармасындағы Джон Теннер секілді)”, – деп жазады.
Хат мәтінінен Шоқанның ұлы ақын шығармашылығын жақсы білетіндігі аңғарылады. Мұндағы Джон Теннер деген кім? Ол – 1830 жылы Нью-Йоркте Джемс деген сауатсыздау автордың баяндауында жарық көрген “Джон Теннердің жазбалары” атты кітабының кейіпкері. Пушкин оның 1835 жылғы француз тіліндегі аудармасымен танысады да, 1836 жылы “Современник” журналында (Т.3, 205-256-б.) “Шолушы” (“The Revіewer”) деген бүркеншік есіммен көлемді памфлет жариялайды. “Жазбаларда” құрып кетуге душар американ үндістерінің қасіретті өмірі туралы баяндалады. Пушкинді қызықтырған да кітаптың осы қыры еді.
– Ақын оқырмандарға жергілікті тұрғындарды қырғынға ұшыратып отырған американ демократиясының екі жүзділігі мен қатыгездігін толық жеткізуге тырысады. Достоевскийдің Шоқанды, мысал ретінде болса осындай “Джон Теннердің жазбаларына” қарай бағыттауында да терең сыр жатқан жоқ па деген ой келеді. Мүмкін қазақтардың да сол кезде үндістердің жағдайын бастарынан кешіріп отырғанын сездіргісі келген шығар. Мұндай тұжырымға келуге Пушкиннің памфлетіндегі мына жолдар да итермелейді: “Европа мәдениеті оларды (үндістерді) өз атамекендерінен ығыстырып шығарып, оқ-дәрі мен қорғасын сыйлады; осымен оның ізгілікті ықпалы бітеді”. Мұның өзі орыс ақынының отарлық бұғаудағы халықтарға жанашырлық танытуының көрінісі секілді.
Әрине, Достоевскийден де, Пушкиннен де “интернационалист” жасаудың қажеті жоқ; олар – өз дәуірінің перзенттері, өз халқының патриоттары. Дегенмен, жолындағы тау-тасты бұзып өтіп, теңізге келіп құлайтын арынды өзен секілді шын талант та ұлттық шеңберден шығып, әлемдік құбылысқа айналмай тұрмайды. Бұл жағдай Пушкин мен Абайға да тән.
Пушкин және қазақтар
Ұлы ақын өзінің жеке кітапханасына дала перзенттері – біздің бабааларымыз туралы кітаптарды не үшін жинаған?
Көшім Лекерұлы Есмағамбетов 1938 жылы туған. 1965 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін үздік бітірген. Содан соң 1965 жылдан бастап КазГУ-де оқытушы болып, кейін республика Жоғары және арнаулы орта білім, Сыртқы істер министрліктерінде лауазымды қызметтер атқарды. Ұзақ жылдар Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында редакция меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар орталығының бастығы болды. Қазір Білім және ғылым министрлігінің Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. “Шындық және бұрмалаушылық”, “Көне Қазақстанды көргендер”, “Біз туралы батыста не жазған”, “Қазақтар шет ел әдебиетінде” атты кітаптардың авторы. Дж.Демконың “Орыстардың Қазақстанды отарлауы”, С.Пфинханың “Құқық философиясы” еңбектерін ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударған.
ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының орта кезінен А.С. Пушкиннің өз елінің тарихына, оның Б. Годунов, Бірінші Петр, Е.Пугачев секілді тұлғалары өміріне бой ұруы жай қызығушылықтан емес, оның адамзат өркениетіндегі орнын анықтауға тырысушылықтан туындаған мұраты еді. Осыған байланысты Ресей империясының құрамына енген түрлі ұлыстар мен халықтарды танып-білу де ақын мұрасының бір арнасын құрайды.
Пушкиннің бұл бағыттағы ізденістеріне ХІХ ғасырдың өзімен бірге ала келген тарихи үдерістің тұтастығы туралы ой-пікір шешуші әсер етті. Осы кезеңде қалыптаса бастаған тарихилық принципі қоғам дамуын әлеуметтік прогрестің біртұтас тізбегі ретінде қарауды қажет деп таппайтын XVІІІ ғасырдың ағартушылық көзқарасынан өзгеше еді. Ағартушылық жүйеде тарихи оқиғалар бірімен-бірі қатар тұратын, бірақ олар бірінен бірі туындамайтын.
XVІІІ ғасырда, тіпті ХІХ ғасырдың бастапқы онжылдығында тарихшылар қоғамды тану үшін “адам табиғатын”, оның сезім құбылыстарын зерттеудің қажеттілігін айтса, жаңа тарихи мектеп, керісінше, қоғам табиғаты, “дәуір рухы” адамның ой-пікірін қалыптастырады деп есептеді. Пушкин осы мектептің өкілі ретінде қалыптасты. Оның да прозалық шығармаларында тарихи дамудың белгілі бір баспалдағында тұрған қоғамды, оның ерекшелігін, сұраныстарын, әдет-ғұрпын, психологиясын танып-білу маңызды орын алды.
Мұндай жаңа көзқарасқа көшу Францияда ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында қалыптасты, яғни Пушкиннің тарихи ой-пікірі көкжиегінің анықталуы осы құбылыспен тұстас келді. Ақын батыс тарихнамасы мен әлеуметтік ой-пікірінің барлық ағымдарынан хабардар еді. Оның М. Вольтер жөнінде “тарихтың қараңғы мұрағатына философия сәулесін түсірді”, – деуі осының куәсі болатын.
Тарих пен уақыт диалектикасы, өткенді зерттеудің бүгінгі күн мен болашақ үшін маңыздылығы туралы жаңа заманның ұстанымы Пушкиннің сана-сезімін баурады. Осылайша ақын көзқарасы адамзат ой-пікірінің озық жетістіктері мен өз дарынының арнасында тоғысып, “Пугачев тарихы”, “Капитан қызы” секілді сом дүниелерге жол ашты. Пушкиннің жақын досы П.А.Плетнев: “Табиғат ақындық талантына қоса оған таңқаларлық зерде мен көрегенділік қасиет сыйлаған. Бірде-бір оқыған дүниесі, бірде-бір әңгіме, бірде-бір ой тебіренісі оның өмірінен біржолата сызылып қалмайтын. Оның басы түрлі қазыналар қоймасы секілді сан алуан істерге дайын материалдарға толы болатын”, – деп жазды.
Ресейдің қазақ жерінде табан тіреуінің нығая түсуі орыс әдебиетінде “қырғыз (қазақ – ред.) тақырыбының” орнығуына әкеледі. Пушкиннің “Құранға еліктеу” циклі бұл үрдіске оң септігін тигізеді. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде А.П. Крюковтың “Қаратай” поэмасы (1824), П. Кудряшовтың “Қырғыз-қайсақ тұтқынының мұңы” (1828), В.И. Карлгофтың “Қырғыз элегиясы” (1829) сияқты шығармалар дүниеге келеді.
Бұлардың қай-қайсысы да – Пушкинмен ұшырасқан, оның поэзиядағы құдіретін таныған адамдар-тын. Мұндағы Карлгоф – жазушы, аудармашы, генерал-майор. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында А.Ф. Воейков Д.И. Хвостовқа жазған хатында өздерінде Пушкин, Карлгоф, басқа да адамдардың қонақта болғанын айтады. Карлгоф пен Пушкин 1832 жылдың 19 ақпанында және 1836 жылдың 28 қаңтарында жолығып әңгімелеседі. Бұған дейін (1829 ж.) оның “Қырғыз элегиясы” шығармасы Санкт-Петербургте шығатын “Северная звезда” альманағында жарық көрген-ді. Қазақ тақырыбы әдеби кештердегі сұхбаттардың, шығармашылық ізденістердің ортақ желісіне айналып, Пушкин мен оның таныстарының қиялына қанат бітіреді.
Ақынның күрделі тарихи ізденістерге дайындығын атақты орыс тарихшысы П.М. Карамзиннің шығармашылығына берген бағалауынан айқын аңғаруға болады. 1827 жылы бұл жөнінде ол былай деген еді: “Қайталап айтамын, “Ресей мемлекетінің тарихы” — ұлы жазушының туындысы ғана емес, адал адамның ерлігі. Көптеген кісілер өзінің “Тарихын” Карамзин самодержавиелік мемлекетте басып шығарғанын, осындай сенім білдірумен бірге Карамзинге, бар мүмкіндігінше сыпайыгершілік пен шектеуліктің жүктелгендігін ескере бермейді”.
Ақын қазақтар туралы біршама мағлұматтарды қамтыған көп томдық бұл еңбектің сыр-сипатын, идеялық бағытын да жете түсінеді.Соның бір дәлелі – “Карамзинге” эпиграммасы.
Пушкиннің үй кітапханасында қазақ жерінің тарихы, табиғаты мен пайдалы кен қазбалары, тұрғындарының кәсібі, әдет-ғұрпы туралы мәліметтерге толы П.С.Палластың, И.Г. Георгидің, И.И. Лепехин, И.П. Фальк, Н.П. Рычков, тағы басқа ғалымдардың еңбектері болатын.
Н.П. Рычков (1746-1784) – Орынбор губерниясына қарасты қазақ даласын шарлап, оның тұрғындарының өмірі және табиғатымен танысқан адам. Ол 1771 жылы мамырда қазақ даласы арқылы Шығысқа қарай жөңкіген қалмақтардың ізіне түскен орыс әскерінің құрамында болады. Қазақ халқы жөніндегі мағлұматтары “Капитан Рычковтың Ресей мемлекетінің түрлі провинциялары бойынша саяхатының журналы немесе күнделігі” деген кітабына енеді. Ақынға керегі Н.П. Рычковтың Е. Пугачев бастаған орыс шаруаларының көтерілісін терең зерттеуі еді. Бірақ оның бұл еңбегі жарияланбай қалады.
Петербург ылым академиясының академигі П.С. Палластың (1741-1811) “1768-1773 жылдардағы Ресей империясының түрлі провинциялары бойынша саяхат” деген неміс тіліндегі кітабында Пушкин қазақтар туралы соны этнографиялық материалдармен, Индер тұзды көлінің маңындағы даланың суреттемесімен кезігеді. Паллас Петербургтен Орынборға келіп, Орал және Гурьев қалаларына сапар шегеді. Бұл жолмен 1833 жылдың күзінде Пушкин де жүріп өтеді. Палластың суреттеуіндегі Жайық пен Еділ аралығындағы кеңістік ақынға қайта ұшырасады.
Лепехиннің (1740-1802) 1768-1771 жылдары жасаған саяхатында қазақтардың тілі, діни нанымдары, тұрмыс тіршілігі туралы айтылып, Нарынқұм, Қамыссамар, Жайық өзенінің оң жағалауындағы басқа да мекендер суреттеледі. Ал академик И.И.Георгидің (1729-1802) “Ресей мемлекетін мекендеуші барлық халықтардың сипаттамасы” деген монографиясы 1776-1777 жылдары төрт том болып, біреуі неміс, үшеуі орыс тілінде басылып шығады. Еңбектің екінші томындағы “Қырғыздар туралы” бөлімінен қазақтардың бет-пішіні, ұлттық киімдері, әдет-ғұрпы жөнінде мағлұматтар алуға болатын еді.
Сібірге академиялық экспедицияға қатысқан швед Ф. Страленбергтің “Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктерінің, әсіресе, Ресей, Сібір және Ұлы Татарияның тарихи-географиялық сипаттамасы” (1730) деген кітабын сатып алуы ақынның Ресей бодандығындағы халықтар өмірін танып-білуге қаншалықты көңіл бөлгендігін көрсетеді. Страленбергтің неміс тілінде шыққан бұл кітабы тез арада ағылшын, француз, испан тілдеріне аударылады. Автор: “Үлкен Татарияда өзбек, түркімен, қырғыздар..., сонымен бірге қарақалпақтар, Қазақ ордасы (Kosachі Hordae) бар, олардың бәрі – мұсылмандар”, деп жазады. Әсіресе Страленбергтің 732-734 жылдар шамасындағы “жұмбақ жазулар” (көне түркі жазулары), Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанның ескерткіштері, Ұлытау шыңдарының біріндегі жартастағы суреттер, Ертіс пен Есіл өзендері жазығындағы көне мазарлар туралы хабарлары Пушкин үшін үлкен жаңалық болатын.
Пушкин мәскеулік жазушы А.С. Норовтың (1795-1869) бай кітапханасынан 1681 жылы Амстердамда шыққан голландтық Ян Стрейстің “Московия, Татария, Персия және Индияға саяхат” деген шығармасын, Степан Разин туралы Парижде жарық көрген кітапты алдырып оқиды. 1833 жылы қарашаның орта кезінде Норовқа хат жазып, Ресей тарихы туралы басылымдарды сұратады(Пушкин А.С. Полн. собр. соч. В десяти томах. Изд. четвертое. Т. Х. С. 356)
Ян Стрейс Мәскеуден Астраханьға дейінгі сапары жөнінде жаза келіп, ноғайлардың өмірі, 1669 жылы қыркүйекте Астраханьда Степан Разинмен кездесуі, бұл өңірдегі халықтардың ауыз әдебиеті жөнінде қызықты деректер келтіреді. Өзі естіген “Патша қорғаны” туралы аңыздың қысқаша мазмұнын баяндайды.
Міне, осындай кітаптарды ақын назар аудара отырып оқып, ой-елегінен өткізеді. Оның бір мысалы – Пушкиннің француз астрономы Шапп д'Отроштың “Сібірге саяхат” деген кітабы жөнінде “Современник” журналына мақала жазуға ниеттенуі (Т.8, 103-105=бб.), бірақ бұл жоспары аяқталмаған күйінде қалады.
Пушкин 1814 жылы Галицияда басылып шыққан Антон-Фридрих Бюшингтің “Жаңа тарих пен география жинағы” деген еңбегімен танысып шығады. Ақын назарына шығармадағы Шарль-Луи Лезюрдің “Казактар тарихы” деген мақаласы ілінеді. Е.Пугачевтің Ырғыз даласындағы мекендерге шабуылы жөніндегі баяндаулар Пушкин танымын жергілікті тұрғындарға қырғидай тиіп отырған Жайық казактары туралы кейбір мәліметтермен толықтырады.
Ақын өзінің досы, атақты библиограф С.Семевскийдің кітапханасында С.Герберштейннің “Московия істері жөніндегі жазбалар” (Базель, 1551), Дж. Флетчердің “Орыс мемлекеті және осы елдегі тұрғындардың мінезі мен әдет-ғұрпының сипаттамасы жөнінде” (Лондон, 1591) деген кітаптарға назары түседі. Оларда да қазақтардың кәсібі мен орналасуы жөнінде, тіпті тарихшылардың өздеріне белгісіз, мүлдем жаңа мәліметтер кездесетін. Мысалы С. Герберштейннің еңбегінде Қасым хандығы туралы айтылып, бұл мемлекет тұрғындары “қазақ” деп аталатыны, олардың араларындағы әлеуметтік топтар жөніндегі баяндаулар аса құнды мағлұматтар болып табылатын. Басқаша сөзбен айтқанда Пушкин қазақтардың Ресейге бодан болуына дейін көп бұрын өз мемлекетінің болғандығы жөнінде мағлұмат алады.
Немістердің энциклопедист ғалымы А. Гумбольдт (1769-1869) қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына дейінгі саяхатынан кейін 1829 жылы Пушкинмен Петербургта кездесіп, Орынборда генерал-губернатордың оның құрметіне ұйымдастырған қазақ әншілері мен жырауларының концертіне қатысқандығын, қазақ даласының тұрғындары туралы әсерін ала келеді.
Ақын замандастарының ішінен әскери топограф, генерал-лейтенант И.Ф.Бларамбергтің (1803-1878), Омбы облысының бастығы С.М Броневскийдің (1786-1858) есімдерін ұшыратамыз. Бірі 1836 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауын зерттесе, екіншісі “Сібір қырғыздары туралы жарғыға” сәйкес “сыртқы округтер” құру үшін қазақ даласына жіберілген әскери экспедицияны басқарады. “Генерал-майор Броневскийдің Орта жүздің қырғыз-қайсақтары туралы жазбалары” деген еңбегі 1830 жылы “Отечественные записки” журналының бірнеше сандарында жарияланады. 1834 жылы жарық көрген “Омбы облысындағы, әсіресе, қырғыздардың арасында тараған түрлі дақылдардың егістігі” деген мақаласы да Пушкинге қазақтардың “таза көшпелі” еместігін білдіреді.
Орыс ақынының қазақ, өзбек халықтары туралы танымының кеңейе түсуін Ф.А. Бекович-Черкасскийдің (1790-1835) Хиуаға жорығы туралы пікірлерінен байқауға болады. Орыс қызметіндегі кабардалық 1829 жылдың жазында Пушкинмен кездесіп, шығыс өңірлері жөніндегі ой-түсініктерімен бөліседі.
Ресей империясының қазақ даласы арқылы Орталық Азияға қарай ұмтылысы да ақын назарынан тыс қалмайды. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында ол Бас штабтың капитаны Е.К. Мейендорфтың Бұхараға жасаған саяхатының материалдарын парақтап шығады. 1831 жылдан бастап Мейендорфтың өзімен де достық қарым-қатынас орнатады.
Пушкин Петербургтегі “Қасиетті артель” (1817-1818) деп аталатын ұйымға қатысушы В.Д. Вольховский, А.А. Дельвиг, И.И. Пущинмен араласып жүрген уақытында Н.Н. Муравьевпен танысады. Онымен кездесулері жөнінде ақын “Арзрумға саяхат” өлеңінде еске алады. Олардың бірінде Н.Н. Муравьев 1828 жылы жарық көрген “Қырғыз тұтқыны” деген өлеңмен жазылған повесін ақынға табыс етеді.
Н.Н.Муравьев 1819 жылы әскери отрядпен дипломатиялық келіссөздер және барлау жүргізу мақсатында Хиуа хандығына жіберіледі. Сол жылы ол Қарақұм арқылы Хиуаға жетеді. 1822 жылы Мәскеуде жарық көрген “1819 және 1820 жылдардағы гвардиялық Бас штабтың капитаны Н.Н. Муравьевтың Түркімения мен Хиуаға жасаған саяхаты” деген еңбегінде бұл өңірлер жөнінде қамтылған деректердің молдығы мен құндылығы соншалық, оны бірден Франция мен Германия бастырып шығарады. Француз тіліндегі нұсқасы Пушкиннің кітапханасынан орын алады. Кітапта Пушкин түркімендер мен қазақтардың материалдық мәдениеті, керуен жолдарындағы құдықтар, Үстірт қазақтарының тұрмысы, олардың арғымақ жылқыларды Қият қаласына әкеліп, хиуалықтарға сататыны туралы жолдарды ұшыратқаны сөзсіз.
Ақын 1818-1825 жылдары “Сибирский вестник” журналындағы материалдармен, оны шығарушы Петербург академиясының корреспондент-мүшесі, тарихшы Г.И.Спасскиймен (1774-1864) танысады. 1825 жылы ағасы Лев арқылы Михайловское селосына “Сибирский вестниктің” барлық санын түгел салып жіберуді сұрайды. Ақын өтінішінің орындалғанын оның кітапханасында осы басылымның 1818-1822 және 1824 жылдардағы сандарының болуынан көреміз. Оларда қазақ тақырыптарына мол орын берілген еді. Журналдың Пушкин кітапханасындағы сандарында Г.М.Спасскийдің “Үлкен және Кіші орданың қырғыз-қайсақтары туралы тарихи мәліметтерін” (1820, 9 және 10-бөлімдері), оған қоса “Едіге” жөніндегі аңыз (1820, 10-бөлім, 189-214=б.б.), Сібір мен Қазақ елі хақындағы И.Г. Андреев (1743-1801), Г.С. Бурпашев (1771-1850), М. Поспелов (1813 ж. қаза тапқан), И.П. Шангин (1785-1822), Ф.М. Назаров (1785ж.т.), т.б. авторлардың туындыларын ұшырастыруға болатын еді. Спасский өз еңбегінің кіріспе бөлімінде Бердіқожа туралы аңызды да келтіреді.
Пушкиннің шығармашылық ортасына қатысы бар қазақ тақырыбымен шұғылданып жүрген адамдардың көпшілігі “Сибирский вестникпен” қатар, “Отечественные записки”, “Литературная газета” сияқты Ресей жұртшылығына кеңінен мәлім басылымдармен тығыз байланысты еді. “Отечественные записки” тарихи-филологиялық журналының беттерінде 1818-1830 жылдары жазушы, тарихшы П.П. Свиньиннің (1787-1839) қазақ өлкесі туралы бірнеше мақалалары жарық көреді (Вопросы истории. 1967. № 4. С. 208-212). “Орынбор және оның төңірегінің бейнелері” (1828, 35-бөлім, №99, 33-38-б.б.), “Орта Азияның қырғыз-қайсақтары хақында” (1829, 3-4 том, №26, 342-354-беттер) мақалаларында Орынбор қаласының салыну тарихы, Кіші жүздің Ресей боданына айналуы, қазақтардың қонақжайлылығы, достықты, үлкендерге құрмет көрсетуді қадір тұтатындығы жазылады. Бір қызығы автор қазақтардың орыс бодандығын еріксіз қабылдағанын ескертеді. Ақынның П. Свиньинмен таныстығы оның жер аударылғанынан кейін 1827 жылдың маусымында Петербургке оралған кезімен тұстас келеді. 30-шы жылдары Пушкин Свиньиннің материалдарын зерде қойып оқып шығады. Оған ақын кітапханасындағы деректер анық дәлел.
* * *
Пушкиннің қазақ тақырыбымен шұғылдануы көбіне Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі туралы шығарма жазу жоспарына байланысты еді. Оған қазақтардың отарлық бұғауға бас имей, көтеріліске белсенді қатысқаны да түрткі болады.
Болашақ жұмысына дайындық барысында ақын қазақтар туралы мағлұматтарын толықтыра түседі. Бұл орайда Пушкиннің лицейден бергі досы В.Д.Вольховский (1798-1884) ойға оралады. Ақынның “19 қазан” деген өлеңіндегі “спартандық жанымен бізді баураған” деген жолдар осы Вольховскийге арналған. Лицейді бітіргеннен кейін ол Орынборда қысқа уақытқа тұрақтап, А.Ф. Негри миссиясының құрамына жіберіледі. 400 адамнан тұратын бұл экспедиция Бұхарада болып, қазақтар жөнінде де біршама материалдар жинайды. Жолай керуенді Қызылқұмнан Жаңадария өзеніне дейін Арынғазы Әбілғазыұлы шығарып салады. Экспедиция Орынборға 1824 жылы оралады.
1825 жылдың тамызында Вольховский Каспий мен Арал теңіздері аралығындағы өңірлерді барлау мақсатында жіберілген Ф.Ф. Бергтің экспедициясына қатысады. Ол Сағыз, Жем өзендері бойында болып, сол маңдағы қазақ руларының орналасуын картаға түсіреді. Онда Жоламан Тіленшіұлының қонысын бөліп көрсетеді. Картада аталған екі өзеннен басқа да, Ойыл, Жақсыбай, Қарабұлақ, Қуағаш, Қарасу өзендері, Тайсойған құмы секілді нысандар белгіленеді.
Экспедиция 1826 жылы Сарайшық бекінісіне оралады. Оның жұмысының нәтижелері ретіндегі Вольховскийдің (А. Дельвигпен бірлесіп жазған) “Каспий мен Арал теңіздері аралығындағы қырғыз даласының топографиялық журналы” деген еңбегі дүниеге келеді. Кітаппен Пушкин танысып шығады.
Орыс ақынының Вольховский зерттеулеріне ынтызарлық танытуының себебі бар. Қазақстанның батыс өңірінде ұзақ уақыт бойы жасаған сапарлары барысында Вольховский Пугачевті және ол басқарған көтерілісті көргендердің естелік-әңгімелерін жинастырып, жазып алып отырады.
Вольховский 1824 жылы Петербургте балалық шақтағы досымен кездесіп, сыр шертіседі. Зерттеушілер Пушкиннің ойына “Пугачев тарихын” жазу туралы пікір Вольховскиймен осы кездесуінде келген болар” деген болжам айтады.
1834 жылдың аяғында “Пугачев тарихы” жарық көргеннен кейін Пушкин кітапты Вольховскийге жіберіп хат жазады. “Саған “Пугачев бүлігінің тарихы” деген еңбегімді жіберіп отырмын. Мен онда сол кезеңдегі әскери қимылдарды зерттеуге тырыстым және оларды анық баяндау туралы ғана ойладым, бұл маған оңай шаруа болмады... Ол барлығын да салыстыруды, тексеруді керек етті, кітабым туралы сенің пікірің барлық тұрғыдан да маған аса қымбат болар еді”,– делінеді хатта. Бұдан Пушкиннің бір оқиға жөнінде бірнеше деректерді жинастырғанын, олардың танымдық, шындық деңгейін анықтау үшін қаншалықты ыждағаттылық танытқанын көреміз.
“Пугачев тарихының” басты дереккөздерінің бірі П.И. Рычковтың (1712-1777) еңбектері болғаны сөзсіз. Рычков – шаруалар көтерілісінің себептері туралы Пугачевпен жүздесіп, пікірлескен бірден-бір тарихшы ғалым, Орынбор қорғанысының және осыған байланысты көптеген оқиғалардың куәгері. Ол өзінің көріп-білгендері жөнінде, алған әсерлері мен басқа да материалдар негізінде “Орынборды қоршаудың шежіресі” деген еңбек жазып қалдырады. Мұны Пушкин жоғары бағалап, “Пугачев тарихының” екінші бөліміне қосымша ретінде бастырып шығарады.
Пушкиннің кітапханасында Рычковтың “Орынбор тарихы” деген еңбегі де болады. Мұндағы “Қырғыз-қайсақтар немесе қырғыздар” деген тарауда айтылған мағлұматтарды ақын жай қабылдап қана қойған жоқ, сонымен бірге “Пугачев тарихына” берілген ескертуде қазақтар мен қырғыздардың бір-бірінен айырмашылығы жөнінде сөз қозғайды. Басқаша айтқанда Пушкинді қазақ халқының шын атын білген сол кезеңдегі саусақпен санарлық авторлардың бірі деуге болады.
1762 жылы Рычковтың екінші күрделі еңбегі – “Орынбор губерниясының топографиясы” дүниеге келеді. Онда қазақ жерінің Ресейге қосылып алынуы, қазақ-башқұрт, орыс-қазақ қарым-қатынастарының дамуы, кәсібі, діни нанымдары, қазақтардың шаруалар көтерілісіне қатысуы сипатталады. Рычков Ресей ылым академиясына, нақтылап айтқанда, В.Н.Татищев пен Г.Ф. Миллерге қазақтар және Орынбор өлкесі жөніндегі көптеген құжаттар мен қолжазбалардың көшірмелерін тапсырады. Карамзин тәріздес, Рычков та Қадырғали Жалаиридің “Жами ат-тауарих” жұмысымен жете таныс болады, оны қазақтар жөніндегі кейбір баяндауларында пайдаланады.
1833 жылдың шілде айында, яғни Орынборға сапары алдында Пушкин Г.И.Спасскийге хат жазып: “Сізде Пугачев заманына қатысты Рычковтың қолжазбасы бар деп естідім... Соны бірнеше күнге бере тұрсаңыз”, деген өтініш білдіреді.Кейін “Пугачев тарихы” еңбегінің үшінші тарауына берілген ескертуінде кітап қолжазбасының үш нұсқасының барлығы туралы айтады. Бұл орайда ақын тағы да аса зерделілігімен, зерттеушілік қырымен көрінеді.
Пушкиннің тарихшы, археолог Миллердің (1705-1783) еңбектері мен оның соңында қалған қолжазбаларына қызығушылық танытуы да түсінікті. Миллер өз заманында барлық таныстары мен байланыстарын пайдалана отырып, Пугачев көтерілісі жөнінде өте құнды материалдар жинастырады. Рычковты айтпағанның өзінде, оған Орынбор губернаторы И.А. Рейнсдорп, князь П.М.Голицын сияқты адамдар көптеген құжаттар, қолжазбалар тапсырады. Нәтижесінде қазіргі кезде Мәскеудегі Көне актілер мұрағатында Миллердің “Пугачев портфелі” деген материалдар құралады (оны қазір “Миллер портфелі” деп атайды). Пушкин міне, осы “портфельді” кеңінен пайдаланады. Демек, ақынға Миллердің “Сібір тарихы” кітабы, “Қазақтардың шығу тегі туралы” мақаласы да белгілі болғанына күмән жоқ.
“Пугачев тарихында” “біздің тарихымыз туралы өз ізденістерімен және мәліметтерімен белгілі” деген Миллер туралы А.И. Левшиннің сөздері қайталанады. Пушкиннің басқа шығармаларында Миллерге жеті рет сілтеме жасалады.
Ақынның аса қадірлеген шығыстанушыларының бірі Н.Я. Бичурин еді. Пушкин онымен 1828 жылдан таныс секілді. Сол жылдың 28 сәуірінде Бичурин “Тибеттің қазіргі жағдайына шолу” кітабын тарту етеді. 1829 жылы “Чжунгария мен Шығыс Түркістанның көне заманғы және қазіргі кездегі жағдайының сипаттамасы” деген қытай тілінен аудармасы жарық көреді. Мұндағы бір бөлім тұтастай қазақтарға арналған. “Пугачев тарихында” (І-тарауында) Бичуриннің “XV ғасырдан бүгінге дейінгі ойраттар немесе қалмақтар жөніндегі тарихи шолу” атты еңбегі пайдаланылады. Ақын оны жоғары бағалап, Бичуриннің “терең білімі мен ыждағатты еңбегі біздің Шығыспен қарым-қатынасымызды тамаша айқындап берді” деп жазады (Т.8, 293-б.). 1830-1831 жылдары Бичурин “Литературная газетаға” мақалалар жазып тұрады. Пушкин “Пугачев тарихына” кірісерде көтеріліске қатысқан башқұрттар мен қалмақтар жөніндегі әдебиеттерді де қамтиды. Ал, олардың өз тарапында қазақтармен күрделі қатынаста болғаны белгілі.
Ақын кітапханасындағы Бенджамин Бергманның қалмақтар туралы кітабының француз тіліне аударылған нұсқасы да Пугачев көтерілісінің кейбір қырларымен танысуға мүмкіндік береді (Voyage de Benjamіn Bergman chez la Kalmuks. 1825).
Пушкиннің тарихшы және этнограф, Ресей Географиялық қоғамын ұйымдастырушылардың бірі А.И. Левшинмен (1799-1879) қарым-қатынасы оқырманға жақсы мәлім. Ақын оның 1823 жылы жарық көрген “Орал казактарына тарихи және статистикалық шолу” туралы жұмысына “Пугачев тарихының” бірінші тарауында: “Автордың басқа да шығармалары іспеттес бұл еңбегі де шынайы ғылымилығы және байсалды сынымен ерекшеленеді”, – деген пікір білдіреді.
1827 жылдың ақпан айында ескі танысы В.И. Туманскийге жазған хатында Пушкин Левшиннің “Московский вестник” журналына мақала жазуын сұрайды. Туманский наурыз айында: “Сіз үшін Левшиннің қолжазбасынан қырғыздар туралы тамаша үзінді жіберемін”, деген хабар айтады.. Мақала сол жылы “Қырғыз-қазақ халқының атауы және оның нағыз, немесе жабайы қырғыздан айырмашылығы” деген атпен басылымның 16-санында жарық көреді. 1831 жылы Санкт-Петербургте шығып тұрған “Литературная газетада” Левшиннің “Қырғыз-қайсақтар немесе қырғыз-қазақтар” деген мақаласы беріледі. Ол да Пушкиннің редакциялауымен және ескертулерімен жарияланады. Көптеген деректер ақынның Левшиннің “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген үш бөлімнен тұратын монографиялық зерттеуін назар қоя отырып оқығандығын куәландырады. 1832 жылы жарық көрген бұл еңбек қазақ жерінің тарихы, географиясы және этнографиясына арналады.
Пушкин жеке зерттеулермен шектеліп қана қойған жоқ, 1833 жылдың жазы ортасына дейін әскери министрлік мұрағатының Петербург пен Мәскеу бөлімшелеріндегі Пугачев көтерілісі туралы құжаттарды әбден сараптап шығады. Тек осыдан кейін ғана Еділ бойы мен Орынбор өлкесіне бару жөнінде шешімге келеді. 22 шілде күні Бенкендорфтың атына жазған өтінішінде Нижегород губерниясы, Қазан мен Орынборға екі-үш айға барып келуге жіберуді сұрайды. Осы сапардың мақсаты жөнінде баспагер Н.И. Греч (1787-1867) өзінің “Парижге хаттар” деген еңбегінде: “Үстіміздегі жылдың (1833) екінші жартысында Пушкин тарихи еңбегіне қажетті мәліметтерді жергілікті жерде жинау үшін Орынборға барды”,– деп жазады. Бұл оның ұлы даланы жиектей жүріп отырып Орынборға, одан қазақ жеріне дендей еніп отырып Оралға соққан атақты сапары еді. Онда не болды, кімдермен жүздесті, бұл енді келесі мақаланың желісі.
Авторы: Көшім ЕСМААМБЕТОВ, Тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Достарыңызбен бөлісу: |