ҚР Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты



Дата25.02.2016
өлшемі74.73 Kb.
#21399
ҚР Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты
Қазақстан 1990 жылғы желтоқсанда республиканың егемендігі жарияланғаннан кейін нарықтық экономика талаптарына жауап беретін өзінің банк жүйесін құруға кірісті. 1990 жылғы желтоқсанда «Қазақ КСР банктер және банк қызметі туралы» заң, ал 1993 жылғы 13 сәуірде заң қабылданып, оның негізінде КСРО Мембанкінің Қазақ Республикалық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта құрылды. Банк жүйесін реттейтін ұлттық нормативтік және құқықтық базаны түбегейлі қалыптастыру үдерісі басталды.

Өткен уақыт тұрғысынан қарағанда республиканың Ұлттық Банкін құру туралы шешім әрі өзекті, әрі пісіп-жетілген, сонымен қатар келешекті көздейтін шешім ретінде бағаланады.

Бұл шешім әрі өзекті, әрі пісіп-жетілген шешім ретінде бағаланды, оның үстіне осы уақытта бірыңғай ақша жүйесін сақтап тұрудың мүмкін еместігі, меншікті валютаны енгізудің және дербес ақша-кредит саясатын жүргізудің қажеттігі айқындалды, мұның өзі меншікті банк жүйесінің болуын табанды түрде талап етті.

Бұл шешім келешекті көздейтін шешім ретінде бағаланады, себебі Ұлттық Банкті жоғары деңгейге шығара отырып, экономиканы кредиттеудің өркениетті нысанын қамтамасыз ететін екі деңгейдегі банк жүйесін енгізбейінше, банк жүйесі нарық экономикасының қалыптасуына қолдау көрсете алмас еді. Нәтижесінде республика қазіргі даму деңгейіне қол жеткізбеген болар еді.

Саяси тұрғыдан бұл оңайға түскен жоқ, өйткені соңғы сәтке дейін Қазақстан үшін бұдан әрі экономикалық дамудың ең озық нұсқасы болып саналған Ресеймен бірыңғай ақша жүйесін сақтап қалу идеясына қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ жыл сайын өндірістің құлдырауы 10,9%, инфляцияның деңгейі төрт таңбалы болу жағдайында жаңа банк жүйесін құру экономикалық тұрғыдан оңай болған жоқ.

1993 жылы 13 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін құру туралы заңды қабылдау ел экономикасының даму барысына жақсы ықпал етті, себебі банк жүйесін реттеудің ұлттық нормативтік және құқықтық базасын түбегейлі қалыптастыру үрдісін бастауға және меншікті валютаны ендіруге дайындалуға мүмкіндік берді.

Банк жүйесі өткен 15 жылда бүкіл экономикамен қатар дамыды, және оның даму уақытын 3 кезеңге бөлуге болады.



1993 жылғы қараша – 1995 жыл аралығындағы кезең – гиперинфляцияны ауыздықтау кезеңі. Теңгені енгізу сәтінде Қазақстанның экономикасы өте ауыр жағдайда болды. 1993 жылы инфляция 2165% құрады, ал 1991-1995 жылдары тұтастай алғанда өндіріс 50% жуық құлдырады.

Осындай жағдайларда Ұлттық Банк үшін бірінші кезектегі міндет инфляцияны төмендету болып табылды.

Ұлттық валютаны ендіру сәтіндегі тарихи қалыптасқан ахуал нәтижесінде Ұлттық Банк іс жүзінде коммерциялық банктердің функциясын орындады: кәсіпорындарға тікелей кредиттер берді, мемлекеттік бюджет тапшылығын тікелей қаржыландыруды жүзеге асырды, бұл орталық банктің мәртебесіне қайшы келді. Сондықтан Ұлттық Банк бірінші кезекте банк жүйесін реформалауды жүзеге асырды.

1994 жылы жеңілдікті кредиттер беру және кәсіпорындардың кредит үшін Ұлттық Банкке тікелей өтініштерін қарау практикасы тоқтатылды. Үкіметке бюджет тапшылығын жабуға арналған кредиттер ақылы негізде беріле бастады. 1995 жылы Үкіметтің шешімі бойынша Ұлттық Банктің экономикаға кредиттер беруі тоқтатылды. Банктерді қайта қаржыландыру тетігі айтарлықтай өзгерді: кредиттік ресурстарды Ұлттық Банк кредиттік аукциондар арқылы және ломбардтық негізде орналастыра бастады. 1995 жылы Ұлттық Банк туралы заң қабылданды, оған сәйкес Ұлттық Банктің тәуелсіздігі заң жүзінде айқындалды, ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсаты алға қойылды.


Нәтижесінде экономиканы кредиттеу функциясы банктерге өтті, олар кредит ресурстарын қалыптастыру үшін халықтың жинақ ақшасын, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражатын және сыртқы заемдарды тарта бастады.
Банк жүйесін дамытумен қатар Ұлттық Банк халықаралық қағидаттар мен стандарттарға негізделген тиімді банктік қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізді. 1993 – 1994 жылдары пруденциалдық реттеудің нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, банктерге арналған ең төменгі резервтік талаптар, жарғылық қордың ең төменгі мөлшері, тәуекелді активтерге қатынасы бойынша банктердің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті, өтімділік коэффициенті, бір заемшыға арналған ең жоғары тәуекел мөлшері белгіленді.

Ұлттық Банк экономиканы кредиттеу функцияларын екінші деңгейдегі банктерге бере отырып, бар күшті инфляцияны төмендету және ақша-кредит саясатының әдістерін және құралдарын дамыту арқылы ұлттық валютаның тұрақтылығына қол жеткізу міндетіне шоғырландырды. 1998 жылы Ұлттық Банктің республикалық бюджет дефицитін тікелей кредиттеу практикасы тоқтатылды.

Осы іс-әрекеттің нәтижесі 1993-1995 жылдары инфляцияны 60% дейін төмендету болды.

1996 жыл – 1999 жыл аралығындағы кезең (макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу кезеңі). Осы кезеңде инфляция қарқынды төмендей бастады және 1995 жылғы 60,3%-дан 1998 жылғы 1,9%-ға дейін төмендеді.

Банк жүйесін бұдан әрі дамыту халықаралық стандарттарға қол жеткізу бағытында жүзеге асырылды. Банк жүйесін реформалаудың бірінші Бағдарламасы 1996 жылы қабылданды. Онда банк жүйесінің нарықтық экономиканың маңызды бөлігі ретінде экономиканың неғұрлым қарқынды дамитын секторларының бірі болуы тиіс екендігі атап көрсетілді. 1996 жылы желтоқсанда Ұлттық Банк Банктердің елдің барлық банктерінің капиталдың жеткіліктілігіне, активтердің сапасына, менеджмент деңгейіне, бухгалтерлік есепке, банктік телекоммуникациялық байланыс жүйесін автоматтандыруға қатысты халықаралық банк практикасында қалыптастырылған стандарттарға сәйкес келуін көздейтін халықаралық стандарттарға көшу тәртібі туралы ережені бекітті.

Ұлттық Банк банктерді капиталдандыру деңгейін арттыру бойынша басқа нормативтерге де қатаң талаптар қойды. Бұл банктерді қосу немесе тарату арқылы ірілендіру үдерісін тудырды, мұның өзі банк жүйесінің сапалы дамуын білдірді.

Банк жүйесін дамытумен қатар Ұлттық Банк осы жылдары халықаралық қағидаттар мен стандарттарға негізделген тиімді банктік қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізді. Ұлттық Банк Қазақстандағы банк қадағалауының жалпыға ортақ қабылданған стандарттарға, ең алдымен Базель банк қадағалауы жөніндегі комитетінің тиімді банктік қадағалау бойынша негізгі қағидаттарына сәйкес келтіруге қол жеткізуге бағытталған жұмысты тұрақты түрде жүргізді.

1998-1999 жылдары Ресей қаржы дағдарысы және мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы жас ұлттық валютаның мықтылық деңгейіне жасалған өзгеше сынақ болды. Теңге 1998-1999 жылдары күшті құнсыздану қысымына ұшырады, бұл ретте инфляция 1999 жылы 17,8% дейін өсті. Мұның өзі ақша-кредит саясаты үшін төтенше ахуал тудырды.

Теңгенің бәсеке қабілеттілігін қалпына келтіру үшін 1999 жылғы сәуірде теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы режимі енгізілді. Бұл Қазақстан тауар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік жасады, сонымен қатар Қазақстан экономикасы өсуінің жаппай дамуына «түрткі» болды.



2000 жыл – 2006 жыл аралығындағы кезең – қаржылық тұрақтылық және экономиканың жаппай даму кезеңі.

2000 жылдан бастап әлемдік қаржы нарықтарының тұрақтануы, әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы, әлемдік экономиканың жандануы Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалға оң ықпал етті. Айтарлықтай капитал ағыны байқалуда, халықтың банктерге салымдары мен банктердің экономикаға кредиттері қарқындап өсті. Бүкіл кезең бойына инфляция бір қатарлы санмен өлшенетін деңгейде сақтаулы (6,4%-8,4%), ал ЖІӨ орташа жылдық өсуі 10,3% құрады.

Баға тұрақтылығына қол жеткізу өндіріске қолайлы әсер етті. 2000 жылдан бастап елде тұрақты өсу байқалды, ал соңғы 8 жылда (2000-2007 аралығында) ЖІӨ орташа жылдық өсуі 10% астам болды.

Осы кезеңде Қазақстанда қаржы институттарының қызметін мемлекеттік реттеудің жаңа жүйесін қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды, оған сәйкес барлық қадағалау және реттеу функциялары бір мамандандырылған органның шеңберіне біріктірілді. Мәселен, сақтандыруды қадағалау органының (1998 ж.), зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар мен кастодиан банктердің қызметін реттеуді жүзеге асырған Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның (2001 ж.), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттеу жөніндегі комитетінің функциялары мен өкілеттіктері біртіндеп Ұлттық Банкке өткізілді.

7 жылдың ішінде елімізде қаржы жүйесі жаппай дамыды. Халықтың депозиттеріне кепілдік беру қоры, тұрғын үй құрылысы саласындағы ипотекалық кредиттеу жүйесі құрылды, сақтандыру және қор нарықтары дамуда.

2004 жылға қарай Ұлттық Банк елдің қаржы нарығын реттеуде басты позицияны алды. Реттеу және қадағалау функцияларын Ұлттық Банкте осылайша шоғырландыру осындай өкілеттіктері бар дербес органды бөліп шығаруда жасалған аралық қадам болды. 2004 жылдың басынан бері осы барлық функция арнайы құрылған, Қазақстан Президентіне бағынатын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне берілді.

Қаржы нарығының субъектілерін реттеу және қадағалау жөніндегі өкілеттіктерді Ұлттық Банктің құзыретінен бөлу елдің бас банкіне орталық банктің классикалық функцияларына шоғырландыруға мүмкіндік жасады. 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық Банктің негізгі мақсаты ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мақсаты заңды түрде жарияланды. Ұлттық Банктің алға қойылған мақсатты іске асыратын міндеттері жарияланды: мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал жасау.

2007 жылдың өткен жылдарға қарағанда қаржы тұрақтылығының кейбір өсуімен айырмашылығы бар.

2007 жылы Қазақстанның экономикалық дамуын екі кезеңге бөлуге болады. Жылдың бірінші жартысында өткен жылдары байқалған оң үрдістер (өнеркәсіптің, жылжымайтын мүлік нарығының, құрылыстың, сауданың, банк қызметі нарығының жоғары даму қарқыны) сақталды. Бірінші жарты жылда экономикаға кредиттер 47% жуық, резиденттердің банк жүйесіне депозиттері 24% ұлғайды.

2007 жылғы тамызда АҚШ ипотекалық заемдар нарығындағы 2007 жылдың басында туындаған дағдарыс әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуалға айтарлықтай ықпал ете отырып, жергілікті сипаттан ауқымды сипатқа ұласты. Әлемдік нарықтар өтімділіктің жетіспеуін бастан кешірді.

Алдыңғы кезеңде айтарлықтай көлемде сыртқы қарыз алған қазақстандық банктер бірқатар қиындықтарды бастан кешірді. 2007 жылы қазақстандық экономикаға сондай-ақ әлемдік азық-түлік нарықтарындағы сілкініс теріс ықпал етуімен жағдай күрделене түсті. Мәселен, дәнді дақылдарды негізгі өндіруші елдерде өнімнің төмен болуының, өсімдік шикізаты (биоэтанол) түріндегі отынның балама түрлерін әлемдік өндірудің өсуі нәтижесінде астықтың, күнбағыс майының әлемдік бағасы өсті. Осының барлығы елдегі инфляциялық қысымның өсуіне себепші болды.

Өтімділікті қолдау жөнінде тиісті шаралар қабылдау банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік жасады. Дегенмен, олар 2007 жылға арналған инфляция бойынша болжамды бағдарлардың орындалмауына әкеліп соқтырды. 2007 жылғы орташа жылдық инфляция 10,8% құрады, бұл ретте мұнайдың әлемдік жоғары бағасы сценарийі бойынша 2007-2009 жылдарға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарымен айқындалған болжамды дәлізі 8,2-9,2% құрады.

Таяу жылдары ықпал етудің күйзеліс факторлары болмаған жағдайда жылдық инфляция деңгейінің айтарлықтай бәсеңдеуі күтілуде.



Қорыта келгенде, Қазақстанның соңғы 15 жылдағы экономикалық дамуының табыстары біршама деңгейде Ұлттық Банктің қаржы секторын дамыту жөніндегі қызметіне және атап айтқанда бағаны тұрақтандыруға бағытталған ақша-кредит саясатына байланысты болғанын тағы да атап айтқымыз келеді.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет