Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдарын тіркеу және пайдалану қағидалары



Дата29.02.2016
өлшемі168.58 Kb.
#30360


Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2011 жылғы « »

№ қаулысымен бекітілген



Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдарын

тіркеу және пайдалану

қағидалары



  1. Жалпы ережелер

1. Осы Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдарын тіркеу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының аумағында радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдарын тіркеу және пайдалану тәртібін белгілейді.

2. Радиоәуесқойлық қызмет – тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалар жүзеге асыратын, өздігінен үйрену, сөйлесу байланысы және техникалық зерттеу мақсаттарына арналған радиобайланыс қызметі.

Қағидаларда Қазақстан Республикасының радиожиілік бойынша Мекемеаралық комиссияның кепілдемелері және 1988 жылғы 9 желтоқсандағы Халықаралық электробайланыс одағының (International Communication Unit (ITU), Мельбурн) Радиобайланыс регламентінің ережелері ескерілген.


2. Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық

құралдарын тіркеу тәртібі
3. Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдары (бұдан әрі әуесқойлық радиостанциялар) қатысушылар құрамының санына байланысты жеке радиостанциялар және ұжымдық қолданыстағы радиостанциялар болып бөлінеді, сондай-ақ кластарға байланысты төмендегідей санаттарға бөлінеді:

1) байланыс класы:

«экстра» санаты;

бірінші санат;

екінші санат;

үшінші санат.

2) техникалық класс:

спорттық радиопеленгацияға арналған жетектер;

тікелей қатысу арқылы сайысуға арналған радиостанциялар;

репитерлер, ретрансляторлар;

шалқарлар;

модельдерді радио арқылы басқару.

Байланыс класындағы әуесқойлық радиостанциялары радиоәуесқойлар арасында, радиоәуесқойлар мен автоматты радиоқондырғылар (автожауап қайтарушылар, репитерлер, ретрансляторлар, оның ішінде ғарыштық объектілерде орнатылған) арасында радиобайланыс жүргізуге арналған. Байланыс класындағы әуесқойлық радиостанцияларына рұқсат етілген жиілік жолақтары, қуаты және сәуле шығару түрлері осы Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген.

Техникалық кластағы әуесқойлық радиостанциялары спорттық радиопеленгация жөніндегі сайыстарды, радиоәуесқойлықтың үш жақты және көп жақты сайыстарын, радиоәуесқойлық сигналдарын ретрансляциялауды, әуесқойлық телемеханика модельдері мен жүйесін радиобасқаруға және радиошалқарды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге арналған. Осы Қағидалардың 2-қосымшасында техникалық кластағы әуесқойлық радиостанцияларға рұқсат етілген жиілік жолақтары, қуаты және сәуле шығару түрлері көрсетілген.

4. Әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға 8 жасқа толған адамдарға рұқсат етіледі. 18 жасқа толған тұлғалар ұжымдық радиостанциялардың басшылары бола алады.

5. Қазақстан Республикасының әуесқой радиостанциясының санаты радиоәуесқойдың біліктілігіне сәйкес беріледі. Әуесқойлық радиостанциясын пайдалануға рұқсат алғысы келген, үшінші санаттағы әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаттама алуға немесе санатын екінші санатқа жоғарылатқысы келген тұлғаның (бұдан әрі – талапкер) біліктілігін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық облыстарының аумағындағы байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың аумақтық органдарының жанында (бұдан әрі – аумақтық орган) біліктілік комиссиясы құрылады.

Аумақтық біліктілік комиссиясы үштен кем емес, бестен артық емес мүшеден тұрады. Комиссия құрамына «экстра» немесе 1-санаттағы әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаты және эфирде кем дегенде бес жыл жұмыс өтілі бар радиоәуесқойлар кіреді.

Облыс аумағында аумақтық біліктілік комиссиясы болмаған жағдайда, үміткерлердің тілегі бойынша біліктілікті айқындау аумақтық біліктілік комиссиясы бар басқа облыста өткізіледі.

6. Санатын бірінші немесе «Экстра» санатына жоғарылатқысы келген тұлғалардың біліктілігін анықтау үшін Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының жанынан (бұдан әрі – уәкілетті орган) үштен кем емес, бестен артық емес адамдардан тұратын жоғары біліктілік комиссиясы құрылады. Комиссия құрамына «экстра» санатындағы әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаты бар радиоәуесқойлар және радиоәуесқойлар мәселелерімен айналысатын уәкілетті органның қызметкері кіреді.

7. Уәкілетті орган аумақтық және жоғары біліктілік комиссияларының жұмысына қатысуға тілек білдірген өтініштерді тіркеудің басталуы туралы хабарландыру жариялайды. Өтініштер хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қабылданады және тіркеледі. Уәкілетті орган біліктілік комиссияларының құрамын өтініш берушілердің біліктілігін, радиоспорттағы спорттық атағын, қазылық санаттарын, эфирдегі жұмыс өтілін ескере отырып қалыптастырады. Уәкілетті орган өтініштер қабылдаудың мерзімі аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде біліктілік комиссия құрамының мүшелерін және төрағасын бекітеді және оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Біліктілік комиссияларының құрамы үш жылдық мерзімге бекітіледі.

8. Радиоәуесқойлардың біліктілігін айқындау емтихан нысанында жүргізіледі. Емтихан осы Қағидалардың 3-қосымшасында тізбеге сәйкес осы Қағидалардың талаптарын, сондай-ақ электр және радиотехника негіздерін, эфирде жұмыс істеу және техникалық қауіпсіздік ережелерін білуіне жүргізіледі.

9. Радиоәуесқойлық санаттарды алуға талапкерлердің біліктілігін бағалау бойынша емтихандарды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін барлық біліктілік комиссияларының пайдалануы үшін бірыңғай және міндетті болып табылады.

10. Әуесқойлық радиостанцияны ашуға немесе әуесқойлық радиостанцияның санатын жоғарылатуға тиісті біліктілік комиссиясына еркін нысанда өтініш береді. Біліктілік комиссиялары өз бетімен емтихан уақыты мен орнын дербес анықтап, үміткерді жазбаша нысанда хабардар етеді.

11. Егер біліктілік комиссиясы құрамының жартысынан астамы қатысқан жағдайда, олар емтихан қабылдауға құқылы. Өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс.

12. Емтиханда сұрақтардың жалпы санының 80 % немесе одан жоғары дұрыс жауаптарын жинақтаған үміткер емтиханды сәтті тапсырды деп есептеледі.

13. Осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес емтихан нәтижелері бойынша үміткерге біліктілік комиссиясының оның білімі мен машығына қарай әуесқойлық радиостанцияның қандай да бір санатына сәйкестігі және/немесе сәйкессіздігі туралы қорытындысы беріледі. Қорытынды біліктілік комиссиясы мүшелерінің қол қоюы арқылы расталып, аумақтық органда сақталады.

14. Ұжымдық радиостанция мүшелерінің біліктілігін тексеруді оның басшысы жүргізеді. Біліктілігін тексеру нәтижесі бойынша олар өздерінің біліктілігіне сәйкес келетін диапазондарда және сәуле шығару түрлері бойынша радиобайланыстар жүргізуге жіберіледі.

15. «Экстра» санаты радиоспорттан Қазақстан Республикасының спорт шеберінен төмен емес спорттық дәрежесі бар спортшыларға беріледі.

«Экстра» санатын және бірінші санатты беруді жоғары біліктілік комиссиясының қорытындысы негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.

16. Ұжымдық әуесқойлық радиостанция санаты оның басшысының біліктілігімен анықталады.

17. Кіші санаттағы радиостанцияны пайдалануға рұқсат алғаннан соң бір жыл өтпейінше, әуесқойлық радиостанция санатын келесі санатқа жоғарылату жүргізілмейді.

18. Үміткерлердің санатын заңсыз жоғарылату фактілері анықталған жағдайда, уәкілетті орган аумақтық біліктілік комиссиясының іс-әрекеттерін жарамсыз деп танып, ал қорытындыларын жоғары біліктілік комиссиясына жолдайды.

Уәкілетті органнан қандай да бір әуесқойлық радиостанция иесінің өзіне берілген санатқа сәйкес еместігі туралы өтініштер болған не ол жол берген бұзушылықтар белгіленген жағдайда жоғары біліктілік комиссиясы қосымша пікірлесу өткізеді, одан кейін сәйкестігі немесе санатты өзгерту туралы шешім қабылдайды және өзінің шешімі туралы уәкілетті органға хабарлайды.

19. Әуесқойлық радиостанцияларды пайдалануға рұқсаттарды ресімдеуді және тіркеуді аумақтық органдар жүзеге асырады.

20. Әуесқойлық радиостанцияларды тіркеу аумақтық органда осы Қағидалардың 10-қосымшасына сәйкес нысан бойынша аумақтық орган қызметкерлері жасаған әуесқойлық радиостанцияның техникалық тексеру актісі негізінде жүргізіледі.

21. Әуесқойлық радиостанцияның техникалық жай-күйін тексеру актісіне қосылуға тиіс мәліметтер тізбесі:

1) жеке (ұжымдық) пайдалану радиостанциясы иесінің (бастығының) тегі, аты, әкесінің аты;

2) орналасқан мекенжайы;

3) тарату құрылғыларының саны, қуаты, жиілік диапазондары;

4) өнеркәсіпте жасалған радиостанциялар үшін маркасы мен зауыттық нөмірі;

5) тексеру нәтижелері бойынша қорытынды.

22. Әуесқойлық радиостанция сатылған жағдайда оны тіркеуден шығаруды сатып алушының деректемелерін көрсету арқылы аумақтық орган жүргізеді (сатылған жағдайда).

3. Радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық

құралдарын пайдалану тәртібі
23. Егер сатып алынатын жабдықтың техникалык параметрлері осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес келетін болса, әуесқойлық радиостанцияны пайдалану құқығына рұқсат радиоәуесқойларға әуесқойлық радиостанцияларды сатып алуға немесе жасауға құқық береді. Бұдан өзге барлық жағдайларда радиоэлектронды құралдары сатып алу жалпы негізде жүзеге асырылады.

24. Әуесқойлық радиостанцияны пайдалану құқығына рұқсаттарды ресімдеу және тиісті санаттағы шақыру сигналдарын тағайындау аумақтық органда мына құжаттар негізінде жүзеге асырылады:

1) осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш-сауалнама;

2) біліктілік комиссиясының қорытындысы;

3) жеке куәлік (паспорт) көшірмесі;

4) 3,5х4,5см көлеміндегі екі фотосурет;

5) осы Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес үміткердің ата-анасының (қамқоршысының) әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат алуға қарсы болмайтыны және осы Қағидалар талаптарының сақталуына (16 жасқа толмаған тұлғаларға) жауапкершілікті өзіне қабылдайтыны туралы келісімі.

25. Ұжымдық радиостанцияны ашқан кезде бұған қоса үй-жайдың меншік иесінің келісімі тапсырылады.

26. Ұжымдық радиостанцияны пайдалануға рұқсат оның басшысының атына ресімделеді.

27. Әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаттарды ресімдеу мерзімі аумақтық органға құжаттар келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.

28. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат осы Қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес нысан бойынша бірыңғай үлгіде беріледі.

29. Әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат аумақтық органда жыл сайын ұзартылады.

30. Қазақстан Республикасының аумағында әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат алғысы келген шетелдік азаматтар уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Қағидалардың 8-қосымшасына сәйкес әуесқойлық радиостанция орналасқан жері көрсетілген өтініш;

2) әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат беру құжатының көшірмесі;

3) әкелінетін аппаратураның тізбесі;

4) 3,5х4,5см мөлшердегі екі фотосурет.

Қазақстан Республикасының аумағында әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға шетелдік азаматқа берілетін рұқсат уақытша болып табылады. Шетелдік азамат осы рұқсат негізінде аппаратураны көрсетілген мерзімде және көрсетілген мөлшерде әкеледі және әкетеді.

Бұрын Қазақстан Республикасының аумағында әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаты болмаған шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасында тұрақты мекенжайын растайтын құжаты болған жағдайда оны жалпылама негізде ресімдейді.

31. Иеленушісінің мекенжайы ауысуына байланысты радиостанция басқа облысқа (мемлекетке) ауыстырылған жағдайда пайдалануға рұқсат аумақтық органға тапсырылады. Аумақтық орган осы Қағидалардың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша радиоәуесқойға ол жайында анықтама береді.

32. Радиоәуесқойдың өзінде бұрын тұрған жерінде болған санаттағы жеке радиостанцияны осы анықтама негізінде, біліктілік емтиханын тапсырмай ресімдеу құқығы сақталады. Анықтама құжаттарға қоса тапсырылуы тиіс.

33. Әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсат Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

34. Әуесқойлық радиостанция радиостанцияны пайдалануға рұқсатта көрсетілген мекенжайға орналастырылады.

35. Ұжымдық радиостанциялар өрт және электр қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін, бөгде адамдардың таратқыш құрылғыларға қол жеткізуін болдырмайтын ғимараттарда орналасуы тиіс. Жеке радиостанцияның иесі оны техникалық қауіпсіздік қағидаларына сәйкес келетін, өзіне қолайлы жерге орналастырады.

36. Әуесқойлық радиостанция иесі өз радиостанциясында жұмыс істеуге Қазақстан Республикасында жеке пайдаланылатын әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаты бар кез келген тұлғаға рұқсат етеді. Бұл тұлға өз санатына рұқсат етілген жиіліктер диапазонында, қуатпен, сәуле шығару түрімен өз шақыру сигналымен жұмыс істей алады.

Ұжымдық радиостанция басшысы ұжымдық радиостанцияда жұмыс істеуге осы радиостанция операторларына және жеке радиостанция иелеріне рұқсат ете алады. Ұжымдық радиостанциядағы жұмыс тек қана оның шақыру сигналымен жүргізіледі.

37. Радиостанцияны басқа облысқа 12 айдан аспайтын мерзімге уақытша көшіруге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда радиоәуесқой, ауыстырған кезден бастап үш айдан кешіктірмей тиісті аумақтық органға бұл туралы хабарлайды.

Басқа облыс аумағындағы әуесқойлық радиостанциямен жұмыс істеген жағдайда шақыру сигналы бөлшекпен толықтырылады.

Мысалы: UN7АA/7

38. Жылжымалы әуесқойлық радиостанцияның жұмысын сәйкестендіру үшін шақыруға мынадай бөлшек қосылады: /М немесе /P.М – радиостанция автомобильге орнатылған, P – қолға алып жүретін радиостанция.

Мысалы: UN7АА/М

39. Радиостанция облыс шегінде баламалы орналасқан жерде жұмыс істеген жағдайда шақыру сигналына мынадай бөлшек қосылады: /А. 

Мысалы: UN7AA/А

40. Кеме бортынан (өзен, теңіз) әуесқойлық радиостанциямен жұмыс істеуге кеме капитанының (командирдің) келісімі бойынша рұқсат етіледі.

Бұл жағдайда әуесқойлық радиостанцияның шақыру сигналы мынадай бөлшекпен толықтырылады: /ММ немесе /AM. ММ – теңіз және өзен кеме бортынан.

Мысалы: UN7АА/ММ.

41. Санатына қарай және әуесқойлық диапазондар (жолақтар) шегінде сәуле шығарудың келесі түрлері қолданылуы мүмкін:

1) CW - жолақ ауқымы 100 Гц амплитудалық модуляциялы телеграфия (100НА1А);

2) SSB - жолақ ауқымы 3 кГц бір жолақтық модуляциялы телефония (3K00J3E, 3K00R3E );

3) АМ - жолақ ауқымы 6 кГц амплитудалық модуляциялы телефония (6K00АЗE);

4) FМ - жолақ ауқымы 6 кГц жиіліктік модуляциялы телефония (6K00А3E);

5) DIGIMODE - цифрлық байланыстың рұқсат етілген барлық түрі.

6) ATV - радиоәуесқойлық телевизия.

Әуесқойлық диапазондарды (жиіліктерді) бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің жылғы № қаулысымен бекітілген, Жиiлiктер белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) иелiкке беру, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды тiркеу және пайдалану, сондай-ақ азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiн есептеудi жүргiзу қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

42. Әуесқойлық радиостанциялардың таратқышы сәуле шығару жолағының ені мен қуатының нормасын қамтамасыз етуге, байланысқа шыққан сәттен бастап 15 минут ішінде жиіліктен абсолютты кету ретінде айқындалатын жиілік тұрақтылығына қойылатын мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

1) 300 Гц-тен артық емес (30 МГц төмен диапазондарда);

2) 1 кГц-тен артық емес (30 МГц жоғары 1300 МГц төмен диапазондарда).

43. Әуесқойлық радиостанциялардың таратқыштары шығаратын жанама сәуленің орташа қуаты мынадай болуы керек:

1) негізгі сәуле шығару қуатынан 40dВ төмен, бірақ 50 мВт-тан артық болмауы (30 Мгц төмен диапазондарда);

2) 25 мкВт артық болмауы (144-146 МГц, 430-440 МГц, 1260-1300 МГц диапазондарында).

1300 МГц-тен жоғары диапазондарда жанама сәуле шығару қуаты бұл Қағидалармен регламенттелмейді.

44. Ғимарат шатырына әуесқойлық радиостанциялардың антенналарын орнату қарамағында осы ғимараттар бар органдармен келісілуге тиіс.

45. Әуесқойлық радиостанциядан шығатын кедергілер болған жағдайда радиостанция иесі оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды. Радиоәуесқойлық аппаратурадан шығатын кедергілердің болуы аумақтық орган құралдар арқылы белгілеп, құжатпен растауға тиіс.

46. Санаттардың әрқайсысының әуесқойлық радиостанциясы осы Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген осы санаттағы станция үшін белгіленген жиілік диапазоны (жолақ), қуат деңгейі және сәуле шығару түрлері шегінде қатаң пайдаланылуға тиіс.

47. Радиоәуесқойлық қызметке қосалқы негізде берілген жиілікте жұмыс істейтін әуесқойлық радиостанциялар осы жиіліктерді бастапқы негізде қолданатын радиостанцияларға кедергі жасамауы керек және олардың талабы бойынша жұмыс істеу жиілігін өзертуі не тарату жұмысын тоқтатуы тиіс.

48. Әуесқойлық радиостанциялардың операторлары бөлінген диапазондар шегінде тек әуесқойлық радиостанциялардың операторларымен ғана радиобайланыс орнатады. Басқа қызметтегі радиостанциялармен радиобайланыс жасауға олар апат сигналдарын (SOS; MAYDAY) таратқан кезде ғана рұқсат етіледі. Мұндай радиобайланыстың әрқайсысы туралы әуесқойлық радиостанцияның иесі (ұжымдық радиостанцияның басшысы) аумақтық органға хабарлайды.

49. Әуесқойлық радиостанциялардың операторлары өз радиостанциясының шақыру сигналын радиобайланыстың әр сеансының басында және толық аяқталған кезде атайды, ал ұзақ байланыс сеанстарында өз шақыру сигналын 5 минутта кемінде бір рет қайталап тұруға тиіс.

50. Әуесқойлық радиостанцияның шақыру сигналы толық және қысқартусыз айтылуы керек.

51. Телефондық радиобайланыс жүргізу барысында шақыру сигналының әріптері осы Қағидалардың 11-қосымшасына сәйкес фонетикалық әліпби сөздерінің көмегімен беру ұсынылады. Телеграфтық радиобайланыс жүргізу барысында әуесқойлық радиостанцияларға осы Қағидалардың 12-қосымшасына сәйкес тек Морзе кодын (әліпбиін) қолдануға рұқсат етіледі.

52. Әуесқойлық радиостанциялармен радиобайланыс жүргізу уақытында ақпарат алмасу радиоәуесқойлық, компьютерлік тақырып және бағдарламалық қамтамасыз ету, радиоспорт мәселелерін, радиотолқындарды таратуды, әуесқойлық радиостанциялар аппаратурасының техникалық деректерін, антенналар мен ауа райын талқылаумен шектеледі.

53. Радиоалмасу көрсетілген тақырып шегінде ашық мәтінмен осы Қағидалардың 13-қосымшасына сәйкес қабылданатын сигналдарды бағалау осы Қағидалардың 14-қосымшасына сәйкес Q-кодын қолдану және осы Қағидалардың 15-қосымшасында көрсетілген радиоәуесқой кодын қолдану арқылы жүргізіледі.

54. Әуесқойлық радиостанция иелеріне:

1) жиілік диапазондарында әуесқойлық радиостанция санатына көзделмеген сәуле шығару түрі, қуаты бар жиілік диапазонында жұмыс істеуге;

2) тағайындалмаған шақыру сигналымен жұмыс істеуге, арнайы шақыру сигналдарын пайдалану қағидаларын немесе режимдерін бұзуға;

3) Қазақстан Республикасының аумағында әуесқойлық радиостанцияны пайдалану құқығына рұқсаты жоқ, ұжымдық радиостанцияның мүшелері болып табылмайтын тұлғаларды ұжымдық немесе жеке радиостанциялардан хабар тарату жұмысына жіберуге;

4) дөрекі, намысқа тиетін, боғауыз сөздер мен сөз орамдарын қолдануға;

5) телевизиялық, радио және басқа бағдарламаларды (радиоәуесқойлықтан басқа) ретрансляциялауға;

6) шақыру сигналынсыз жұмыс істейтін радиостанциялармен және әуесқойлық емес радиостанциялармен (апат сигналын беруден басқа) радиобайланыс жүргізуге;

7) спутниктерден сигнал қабылдау үшін бөлінген әуесқойлық диапазондар учаскелерінде хабар тарату жұмыстарына;

8) әуе және теңіз кемелерінде осы объектілер үшін жауапты тұлғалардың рұқсатынсыз әуесқой радиостанцияларды орнатуға;

9) қосалқы негіздегі әуесқойлық диапазонындағы қызметтік радиостанцияларға және авариялық байланыс қызметіне кіретін әуесқойлық радиостанцияларға қасақана кедергі жасауға;

10) әуесқойлық радиобайланыстан табыс табуға рұқсат етілмейді.

55. Әуесқойлық радиостанцияларға шақыру сигналдары Халықаралық Электрбайланыс Одағы регламентінің талаптарына сәйкес беріледі.

56. Қазақстан Республикасының радиоәуесқойында жеке пайдаланылатын радиостанцияға арналған тек бір ғана тұрақты негіздегі шақыру сигналы болады.

57. Қазақстан Республикасының радиоәуесқойлық қызметінің шақыру сигналдарының префикстері:

1) UN - Қазақстан Республикасы әуесқойлық радиостанцияларының барлығына беріледі;

2) UO - радиоәуесқойлар радиостанцияларына UN сериялы префикс таусылған кезде беріледі;

3) UP - арнайы әуесқойлық радиостанцияларға беріледі;

4) UQ - резерв (Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының арнайы шешімі шыққанға дейін берілмейді).

Әуесқойлық радиостанцияның санатына қарай шақыру сигналдарының мынадай конструкциялары қолданылады.

«Экстра» санаты:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі бір сан;

3) суффикс – осы Қағидалардың 16-қосымшасына сәйкес бір әріп;

Мысалы: UN0А.

Бірінші санат:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі бір сан;

3) суффикс – екі әріп,

біріншісі – осы Қағидалардың 16-қосымшасына сәйкес;

екіншісі – «А»-дан «Z»-ке дейін;

Мысалы: UN7АА.

Екінші, үшінші санат:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі бір сан;

3) суффикс – үш әріп:

біріншісі – осы Қағидалардың 16-қосымшасына сәйкес;

екінші - «А»-дан «Z»-ке дейін;

үшінші - «А»-дан «Z»-ке дейін

Мысалы: UN 7ААА.

Ұжымдық радиостанциялар:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі бір сан;

3) суффикс – үш әріп:

біріншісі – осы Қағидалардың 16-қосымшасына сәйкес;

екіншісі – «W», «Y», «Z»;

үшіншісі – «А»-дан «Z»-ке дейін;

Мысалы: UN 7АWА.

58. Шақыру сигналын таңдау мүмкіндігі әуесқойлық радиостанцияларға тек бір блок шегінде беріледі. Келесі блоктан шақыру сигналдарын беру, алдыңғы блоктан кемінде 20 әріп қолданылғаннан кейін ғана беріледі, ауытқуға жел берілмейді.

59. Шақыру сигналы латын әліпбиі тәртібімен беріледі. Жағымсыз естілетін әріптерден құрылған шақыру сигналдары, сондай-ақ SOS, QRA-QTZ берілмейді.

60. Шет мемлекеттердің азаматтарына мынадай конструкциядан тұратын бөлшек шақыру сигналдары беріледі.

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) бөлшек белгісі;

3) шет ел азаматының жеке шақыру сигналы.

Мысалы: UN/DL 2AB.

61. Радиостанция жабылған жағдайда, қолданылған шақыру сигналы басқа тұлғаға жаңадан қолдануға 5 жылдан кейін ғана беріледі.

62. Арнайы шақыру сигналдарына құрылым жүйесі өзгеше және экспедицияларды, салтанатты, мерейтойлық іс-шараларды өткізу үшін шектеулі мерзімге берілетін шақыру сигналдары жатады. Арнайы шақыру сигналдарын күнделікті қолдануға тыйым салынады.

63. Арнайы шақыру сигналдарын уәкілетті орган береді.

64. Әуесқойлық радиостанцияның арнайы шақыру сигналын алу үшін эфирдегі жұмысты бастаудың болжамды күнінен кемінде бір ай бұрын мынадай құжаттар ұсынылады:

1) арнайы шақыру сигналын беру туралы өтініш;

2) әуесқойлық радиостанцияны пайдалануға рұқсаттың көшірмесі.

65. Басқа мемлекеттердің азаматтарына арнайы шақыру сигналдары берілмейді, оларға Қазақстан Республикасының радиоәуесқойлары міндетті түрде қатысқан жағдайда халықаралық экспедициялар үшін жол беріледі.

66. Радиоәуесқойлық репитерлер мен ретрансляторлар – автоматты режимде жұмыс істейтін және әуесқойлық радиостанциялардың сигналдарын бір диапазон (репитер) шегінде немесе бір диапазоннан екіншісіне ретрансляциялау үшін пайдаланылатын қабылдап-таратушы радиостанциялар (ретранслятор).

67. Радиоәуесқойлық репитерлер мен ретрансляторларды кез келген радиоәуесқой не радиоәуесқойлар ұжымы орнатады.

68. Радиоәуесқойлық ретрансляторды орнатуға рұқсатты аумақтық орган ресімдеп, жұмыс істеу каналының нөмірі мен шақыру сигналдын беруді жүзеге асырады.

69. Радиоәуесқойлық репитерлерді немесе ретрансляторларды Интернет не басқа желілер арқылы басқа радиоәуесқойлық желілерге қосуға болады.

70. Осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес радиоәуесқойлық ретрансляторларға арналған қабылдап-тарату жиіліктері келтірілген.

71. Ретрансляторлардың қуаты 100 Вт аспаса, қолданылатын модуляция түрі – жиіліктік (F3Е) немесе сандық (DIGIMODE).

72. Ретрансляторларға мынадай конструкциядағы шақыру сигналдары беріледі:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі сан;

3) суффикс – үш әріп:

біріншісі – «U»;

екіншісі – осы Қағидалардың 16-қосымшасына сәйкес;

үшіншісі – «А»-дан «Z»-ке дейін.

73. Спорттық радиопеленгация бойынша жарыстар үшін («түлкі аулау») әрқайсысы 5 Вт, 3500-3650 кГц, 144-146 мГц және 430-440 мГц диапазондарында телеграфпен немесе телефонмен жұмыс істейтін отыз таратқышқа дейін қолдануға рұқсат етіледі.

74. Осы Қағидалардың 18-қосымшасына сәйкес спорттық радиопеленгацияға арналған таратқыштарға шақыру сигналдары беріледі.

75. Радиоспорттың тікелей қатысу түрлерін бойынша жарыстарға қатысу үшін әуесқойлық радиостанцияларға шақыру сигналдары мынадай нысанда беріледі:

1) префикс – осы Қағидалардың 57-тармағына сәйкес екі әріп;

2) 0-ден 9-ға дейінгі сан;

3) суффикс – екі әріп:

біріншісі – «W»;

екіншісі – «А»-дан «Z»-ке дейін.

76. Радиокөпсайыс бойынша жарыстарда 1830-1930 кГц және 3500-3650 кГц жиілік диапазондарында телеграфтық немесе телефондық режимде жұмыс істеу үшін қуаты 5 Вт дейінгі радиостанцияларды қолдануға рұқсат етіледі.


___________________________



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет