Құрбанов А. Г. – ф.ғ. к., доцент, Үкібасова Қ. А. –ф.ғ. к., аға оқытушы, Қайырбекова Ұ.Қ



Дата27.06.2016
өлшемі105.85 Kb.
#160779
түріСтатья
ӘОЖ 811.512.122ʹ373
КІРМЕ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЕНУ СЕБЕПТЕРІ
Құрбанов А.Г. – ф.ғ.к., доцент,

Үкібасова Қ.А. –ф.ғ.к., аға оқытушы,

Қайырбекова Ұ.Қ.- ф.ғ.к., аға оқытушы,

ОҚМПИ, Шымкент қ.


Резюме

Статья посвящена актуальным проблемам займствование в казахский язык вводных слов.

Summary

The article is devoted the actual problems of borrowinps of introductory words to Kazakh language.

Тіл – қоғамдық құбылыс. Тіл – адамзат баласына ғана біткен ырыс. Ол қоғамның дамуындағы толып жатқан түрлі өзгерістердің куәсі ғана емес, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін дәнекер.

Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам немесе лексика деп аталады. Тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Тіл - адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын, пікір алысатын, өзара түсіністің құралы. Халықтар бір-бірімен тілдесу үшін ортақ сөздерді пайдалануға тырысады, яғни кірме сөздер сөздік құрамға енеді. Бұл әрине қалыпты құбылыс. Әр халықтың тарихи дәуірдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени қарым-қатынасы ең алдымен оның тілінен көрініс табады. Ал бір-біріне көршілес жатқан халықтардың тілдік ауыс-түйісі - тіл байлығының сөздік қорын арттыра түсуге септігін тигізетін заңды құбылыс.

Қандай құбылыстың болсын, өткен тарихи даму жолдарын жете меңгермей тұрып, оның қазіргі жай-күйін зерттеп білу мүмкін емес. Тілдік жүйенің орнығып, қалыптасқан категориялары да оның тарихын зерттеу арқылы айқындалады. Тілдің сөздік қорын және өзге тілдермен қарым-қатынасын, онда болатын түрлі өзгерістерді зерттеу қазіргі таңда теориялық жағынан да, практикалық жағынан да маңызды екені сөзсіз.

Қазақ тілі де өз басынан түрлі кезеңдерді өткізіп, біздің заманымызға жетті. Қазіргі біздің қолданылып жүрген тіліміздің құрамынан араб-парсы, моғол, орыс тілдерінің элементтерін көптеп кездестіреміз.

Кірме сөздер (заимствование) дегеніміз тілдің өзіндік сөзжасам тәсілмен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни сөздің дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөздер делінеді. Жер шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі. Мәдениеті кенжелеп дамыған ұсақ халықтарды былай қойғанда, мәдениеті гүлдеп өскен ең озат деген халықтардың сөздік құрамы да таза тума сөздерден құралмайтындығы дәлелденген [1, 139].

Тіл туралы Н.Д. Оңдасынов «Таза тіл деген жоқ, ол болмақ та емес. Ондай тілді іздеп, арам тер болудың тіпті қажеті де жоқ»-десе [2, 3], ал Л.З. Рүстемов «Тілдің лексикалық құрамында шеттен алынған кірме элементтері жоқ, мүлдем «таза» тіл өмірде болған емес» [3, 12], - дейді. Дегенмен, түркологтардың зерттеуінше салыстырмалы түрде қазақ тілі түркі тілдес елдердің ішіндегі өзгеріске көп ұшырамаған таза тіл деп көрсеткен.

Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу кезеңдерін, туыстас тілдердің қатарынан алатын орнын, басқа тілдерге қатыстығын байқау үшін тіл мәселелерін нақты фактілер арқылы зерттеудің маңызы зор.

Қай тілдің болсын сөздік қоры негізінен өзінің байырғы төл сөздері мен өзге тілдерден енген кірме сөздерден тұратыны белгілі. Өйткені кез келген тілдің сөздік қорына қоғамдағы түрлі тарихи оқиғалар өз әсерін тигізбей қоймайтыны түсінікті. Дәл осы заңдылық қазақ тіліне де тән. Кез келген тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Мұның қазақ халқының даму тарихына саралап көз жүгіртсек, олардың көптеген көрші елдермен үнемі тығыз қарым-қатынаста болғандығын көреміз. Мысалы, орыс, қытай, монғол, грек, латын тілдерінен қазақ тіліне сөз ауысқанын тарихи деректерден келтіруге болады.

Тілдің тарихын зерттеуде қашан да кірме сөздердің орны ерекше. Осы бағытта шығыс тілдерінің соның ішінде араб, иран, монғол, орыс элементтерінің өзіндік орны бар.

Қазақ тілінің сөздік қоры да өзінің сан қилы өмір тарихында талай тарихи кезеңдерді басынан өткізгенін ескерсек, осының негізінде тіліміздің сөздік қорына өзге тілдердің көптеп сөз ауысқанын көреміз.

Шығыс халықтары тілдерінен соның ішінде араб, иран тілдерінен сөз ауысу процесін ғалымдарымыз түрліше түсіндіріп жұр. Кей ғалымдар араб, иран тілдерінен сөз ауысуын ислам дінінің келуімен байланыстырса, енді біреулер ертедегі ІV ғасырдан бастап-ақ керуен саудасы болғанын айтады. Тіпті, оның күшейе бастағанын ХІХ ғасырдағы қоғамдық-саяси құбылыспен байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда кірме сөздердің қалыптасуы мен даму жолдарын қарастырып, тарихи тұрғыдан талдау жасау қашанда маңызды болмақ. Бұл араб сөздері мен иран сөздерінің өзіндік ену жолдары барлығын көрсетеді. [4, 6-10]



Араб кірме сөздерінің ену себептері. Күні бүгінге дейін араб шапқыншылығының мақсаты жергілікті бұқараны ислам діні негезінде бағындыруды көздеген делінген тарихи көзқарастар тарих беттерінде тайға таңба басқандай болып көрініп тұр. Біздіңше, бұған тарихи тұрғыдан нақтылап талдау жасау қажет сияқты. Мұнда араб шапқыншылығының мақсаты емес әр кезде халифалық құрған халифалардың көздеген жеке көзқарастары мен мақсатынан деп білу керек. Оны тарихтағы умеяттар, саманилер, аббасилер заманына көз жүгіртіп қарасақ көруге болады.

Халифалық құрған умеяттар тұсында қатал болды деп жазады біздің тарихшылар. Олар жаулап алған жерлерде жергілікті халықты күштеп бағындырды. Нәтижесінде, Орта Азия жорықтарында түркі тілдес ру-тайпалардың мәдениетін, әдебиетін, жазу-сызуын жойып, жазба ескерткіштерді қиратты делінген. Шындығында, бұл солай болуы мүмкін. Алайда Орта Азия халықтары ең алғаш Ислам дінімен умеяттар тұсында қауышты, оны таныды, діннің қыр-сырымен танысты, оның көп тұстарынан хабардар болды деген мәліметтерді де ескеру керек.

Ал саманилердің тұсында діннің таралуына негіз болған діни оқу орындарының ашылуы. Бұхара, Самарқанд, Үргенч үлкен мәдениет ошағына айналған. Осы қалаларда көптеген медреселер ашылып, тек қана шариғат ілімдері оқытылатын болған. Бұл кезінде ислам дінінің таралуына негізгі арқау болған деуге болады. Мұндай медреселердің ашылып, онда діни мамандарды әзірлеу ислам дінін Орта Азияда таратудың дәуірлегені соншалық, тіпті, халифат заманында да мұншалықты болмаған деседі.

Халифалықтың күрделі аббасилер заманында ислам дініне құрмет көрсетіліп, беделін арттыруды мақсат еткен. Ислам тарихын жазу, құран сүрелерін түсіндіретін тафсирді жазу кеңінен дами бастады. Әсіресе, аббасилік халифа әл-Мамун тұсында ислам діні үлкен беделге ие болды

Жалпы алғанда, ислам діні тарихи тұрғыдан алып қарағанда күрделі кезең екені белгілі. Алайда осындай саясат сөз етіп отырған тілге, сөздік қорына өз кезегінде септігін тигізеді. Бұл араб сөздерінің тілімізге енуінің алғашқы дәуірі. Өйткені араб халифаларының жасаған жорықтарының негізгі мақсаты жерді жаулау, дүние алу емес, бейбіт жолмен мұсылмандықты тарату, оны дәріптеп қана қоймай сол дінге енгізу. Ендеше мұндай мақсатқа жетуде түрлі амал-тәсілдердің болатыны жасырын емес. Бұл өз кезегінде араб сөздерінің тілімізге енуіне жол ашады.

Иран кірме сөздерінің ену себептері. Түркі тілдеріне иран тілінен енген сөздердің орын алуының өзіндік маңызы бар. Бұл түркі халықтары иран халқымен исламнан бұрын да тығыз қарым-қатынаста болғандығының айғағы. Бір кездері Орта Азияның бірқатар өлкелері иранмен аралас өмір сүрген. Тіпті осы өлкелерде өздерінің сөйлеу тілі қалыптасқан. Атап айтқанда, Самарқанд, Бұхара, Хорасан және Әндіжан өлкесіндегілер қос тілді халық жасаған өлке болып саналаған. Осы өлкеде жасаған түркі халықтары түркі тіліне қоса парсы-иран тілінде де сөйлеу қабілетіне ие болған. Оны кезінде белгілі ғалым М.Оразов «қос тілділік» деп атаған болатын. Ол: «ХІ ғасырға дейін-ақ Мавренахр, Тохарстан мен Соғды қалаларында қос тілділік қалыптасқан болатын» деп келтіреді. М.Қашқари де кезінде түркі тілдері туралы айта келе түркілердің парсылармен араласқан өлкеде қос тілде сөйлейтін тайпаларды атап өткен. Оның айтуынша: «Екі тіл білетін және шахарлармен араласып қалған кісілердің тілінде бұзықтық бар. Соғдақ, кенжек, арғу тайпалары сондай екі тіл білетіндерге кіреді. Шетелдіктермен араласатын және қалалықтармен араласатын хотан, түбіт халықтары мен таңғұттардың бағзылары сондай».

Осы мәліметтер негізінде түсіндірме сөздікте парсы тілінен емес иран сөздері негізінде қарастырған. Ал парсы терминімен алсақ онда парсы сөзі белгілі бір аймақпен ғана шектеліп, тілдік тұрғыдан барлық иран өлкесін, оның тілін толық қамти алар ма еді деген ой қалыптасқан.

Қазақ тіліндегі шығыс элементтері соның ішінде араб және иран тілдері туралы сөз болғанда, біздің ғалымдарымыз осы күнге дейін «араб-парсы» деп қосарлап айтып келеді. Бұны кейбір ғалымдар дұрыс емес деп санайды. Өйткені араб тілі мен парсы тілі ешқандай туыс тілдерге жатпайды. Араб тілі семит, ал парсы тілі болса үндіевропа тобына кіреді. Сондықтан оларды туыс тілдер сияқты дефиспен қосарлау орынды болмаса керек. Әрине, кейбір араб сөздері парсы тілі арқылы немесе парсы сөздері араб тілі арқылы қазақ тілінің сөздік қорына енгені рас. Бірақ араб тілінің өз тарихы, иран тілінің өзіндік жасалу тарихы барлығы анық.

Араб және иран елдері де, өзгелер тәрізді ғасырлар бойы, көрші қоныстанған мемлекет. Олар өзара экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынас жасап келді. Тіпті, бұл екі тілдің өздері де бір-бірімен араласып-құраласып кеткен. Мысалы, парсы тілінің сөздік құрамының жартысынан көбі араб сөздері. Бірақ бұған сүйеніп, ол екі тілді «араб-парсы» деп қосарламай, араб және парсы сөздері деп бөліп айтқан ләзім» деген пікірді Ж.Есеналиева ұсынған болатын.

Бұл пікірді Г.Бүркітбай да қолдайды. Ол: «Тіл білімінде араб-парсы кірме сөздері түрінде қолданылып жүрген ұғымды араб және иран тілдерінен кірме сөздер түрінде қалыптастырған абзал» - дейді [5, 10-15].

Қазақ тілі білімінде бұған дейінгі зерттеулерде араб, иран сөздері араб-парсы ретінде қарастырылды да, тілімізге термин ретінде қалыптасты. Бұл «парсы тілінде өзгеріске ұшырап барып, қазақ тіліне енген араб сөздері» деген ұғым беретін. Өйткені араб сөздері тікелей емес, негізінен парсы тілі арқылы келгендігі белгілі. Атап айтқанда, иран тілінің 60 пайызға жуығы араб сөздері. Осы негізде бұл мәселеге ғылыми тұрғыда терминдік нақтылықты қажет. Себебі, дүние жүзі тілдерінің классификациясында парсы тілдері деген атау жоқ. Иран тілдері деп аталады. Бұл тілдік атау Иранның оңтүстік провинциясының дәуірлеп, дамыған кезеңінде парсы атауын алып, тек қана тіл емес халық атауына да ие болған еді. Содан бері иран, парсы есімдері қатар қолданылып келеді. Сондықтан біз ресми атауын негізге алдық. Сондай-ақ араб-парсы термині қолданылғанда көбіне араб сөздеріне көбірек көңіл бөлінеді де парсы сөздері толық қамтылмай қала береді.

Бүгінгі күнге дейін араб және парсы тілдеріне жүргізілген зерттеу жұмыстары осыны аңғартады. Араб, парсы сөздеріне зерттеу жасай келе түсіндірме сөдіктер ұсынған ғалымдарымыз Л.З.Рустемов, Е.Бекмұхаметов, Н.Оңдасыновтар араб-парсы деп арасына сызықша қою арқылы ұсынды. Ондағы мақсаттары, әрине, араб және парсы (иран) тілдерінің тіліміздегі қолданыста жүрген көптеген кірме сөздерін сөз ете келе оларға түсінік беріп өтеді. Бірақ араб сөздері мен парсы сөздері шартты түрде ар. ир. белгілері арқылы берілген.

Орыс кірме сөздерінің ену себептері. В.В.Радлов кірме сөздерді екі үлкен топқа бөліп қарастырады [6, 35-37]; араб, парсы және орыс тілінен енген сөздер.

Орыс тілі элементтерінің қазақ тілі лексикасына енуі ресей империясының қазақ жерін жеріне жүргізген саясатымен тығыз байланысты. Орыс елі мен қазақ жерінің сауда-саттық қарым-қатынасы нәтижесінде көптеген сөздер қазақ тіліне енген. Өткен ғасырдың басынан бастап 60-70 жылдарына дейін қазақ тілінің алдыңғы кезеңдерден бір айырмашылығы – оның лексикалық құрамына орыс сөздерінің ене бастауы. Қазақстанның көп жерінің Ресейге қосылып болуына байланысты халықтың күнделікті өмір тіршілігінен бастап, әкімшілік, сот-заң, т.б. салаларға қатысты жаңа зат, ұғым атаулары орыс тілінен алына бастады. Сонымен қатар қазақ жеріне келіп қоныс тебе бастаған орыс адамдарымен қазақтардың күнделікті қарым-қатынасына байланысты халықтың сөйлеу тіліне енген орыс сөздері болатын.

Осы сияқты кірме сөздердің тарихына тереңірек үңілетін болсақ, В.В.Родлов өмір сүрген дәуірде орыс тілінен енген волостной повозка, полковник, купец, т.б. көптеген тіл элементтері қазақ тілі заңдылықтарына лайықты фонетикалық өзгеріске ұшырағанын дәлелдеуге болады. Мысалы, бір ғана «купец» сөзінде бірнеше алмасудың болуы, үндестік заңдылығының нәтижесінде «көпес» болып дыбысталуы – заңды құбылыс. Осы сияқты сәйкессіздіктерді зерттеу үстінде белгілі бір тіл заңдылықтарына сүйене отырып сөздік құрамындағы жеке дыбыстарды түсіріп айтуға, қазақтың төл дыбыстарымен алмастыруға тура келеді.

Ғ.Мұсабаев қазақ тіліне орыс тілінен сөз ауысу процесін үш кезеңге бөліп, І кезең – ХҮІІ ғасырға дейінгі дәуірде оның өте әлсіз болғанын, ХҮІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі кезеңде едәуір жандана түскенін атап көрсетеді. Үшінші кезең –ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан кейінгі кезең, қазақтың әдеби тіліне, оның ішінде көркем сөз дүниесіне орыс сөздерінің молынан ене бастаған және жазба әдебиеті арқылы енген тұсы [7, 32-41].

Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» (Алматы. Санат, 1997ж.) оқулығында кірме сөздерді үш топқа бөліп қарастырады. Олар: араб-парсы тілдерінен енген сөздер, монғол тілінен енген сөздер, орыс тілінен енген сөздер. Орыс тілінен енген сөздерді екі кезеңге бөліп қарастырады. 1) Қазан революциясына дейінгі кезең; 2) Қазан революциясынан кейінгі кезең.

Орыс тілінен енген сөздердің өзін басқа тілден орыс тілі арқылы енген сөздер (көбінесе термин сөздерді атап көрсетеді), орыс тілінен тікілей енген сөздер деп қарастырған жөн.

Сонымен қатар қазіргі қазақ тілінде тіл білімінің даму барысында орыс тілінен енген сөздерді екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады.

1. Қазақ әдеби тілінде қолданылатын сөздер тобы. Мәселен, жәшік, бөрене, түрме, үстел, тәрелке, т.б.

2. Қазақ әдеби тілінде қолданылмайтын, жергілікті ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын сөздер. Мәселен, тәпкі, күпәйке, спешке, бедре, рушке, көшір, т.б.

Монғол кірме сөздерінің ену себептері. Қазақ тілінің монғол тілдерімен қарым-қатынас екі түрлі жағдайда қарастырылады. Бірінші, қазақ тіліндегі монғол тілдерінен тікелей ауысып кірген сөздер жайында. Бұған ең алдымен екі халықтың ғасырлар бойы көршіліес тұрып, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауы себеп болған. Сонымен бірген ХІІ ғасырда монғолдардың Қазақстан және Орта Азия жерін жаулап алып, ол жерлерде Шыңғыс әулеті билеген ұлыстар мен олардың ХV ғасырға дейін үстемдік етуінің әсері тиген. Тіпті қазақ хандықтары құрылған ХV-ХVІІІ ғасырларда да монғолдармен тегі бір Жоңғар қалмақтары (олар тарихи деректерде ойрат тайпаларынан тұратын батыс монғолдар деп аталады) жасап отырғаны тарихтан белгілі.

Адам қоғамының экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени өмір-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, басқа елдермен қарым-қатынасы және ежелгі дәуірдегі тарихы оның тілінен білінеді. Сондықтан да әр халықтың өз тұрмысы мен мәдениетінің, оның материалдық және рухани қазынасының айнасы саналатын тілдің сөздік қорының элементтерін, тілдердің өзара қарым-қатынасын, ондағы ауыс-түйіс негізінде болатын өзгерістерді жан-жақты зерттеп, анықтаудың теориялық та, практикалық та мәні айрықша зор.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алмты. Санат, 1997.

2. Оңдасынов Н. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. Алматы. Қазақстан, 1969 жыл.

3. Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Алматы. Ғылым, 1982 жыл.

4. Мансұров Н. «ХІХ ғ. поэзиясындағы Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармаларындағы араб, иран кірме сөздері», Филолог. ғыл. канд. дисс. Алматы, 2006 жыл.

5. Бүркітбай Г. Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде арабизмдердің лексикаграфиялануы. Филолог. ғыл. канд. дисс. Алматы, 2003 жыл.



6. Шнайдер В. «Кірме сөздердің қалыптасу мәселелері», Қазақ тілі мен әдебиеті журналы, №6. 2003ж. 35-37 бет.

7. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. Алматы, 1962 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет