Реферат kz Қазақша рефераттар сайты саяси партиялар және олардың жіктелуі саяси



Дата27.06.2016
өлшемі88.13 Kb.
#161152
түріРеферат

САЯСИ ПАРТИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ


Саяси партия ұғымы. Қазақстан өз дамуының жаңа белес­терін бастан кешіріп жатыр. Саяси партиялардың құрылуы – мемлекеттің саяси институттарының нығая түскендігінің белгі­сі. Партиялық құрылымдардың калыптасуының кәсіби кезеңі басталды. Мұның мемлекет үшін қажеттігі бар. Қазақстанда бүкіл қоғамдық-саяси институттар орнығып жатыр. Демек оның іргетасы әлдеқайда сенімді болмақ.

Елімізде демократиялық қоғам және құқықтық мемлекет құру кезеңінде саяси партиялардың тиімді қызмет атқаруы үшін құқылық базаларын қалыптастыру ерекше маңызды. Қазіргі уақытта республикамызда заңда белгіленген тәртіппен тіркелген 15-ке тарта саяси партия бар. Отан, Социалистік партия, Қазақстан халық конгресс партиясы, Демократиялық партия және Қазақстан халық бірлігі партиясы. Бұлардың қызметтері қоғамдық білестіктер жөніндегі заңмен реттеліп отырады. Сонымен қатар саяси партиялар жөніндегі арнаулы заң қабылау қажеттілігі де туындап отыр. Осыған байланысты бірқатар шетелдік саяси партияларға қатысты тәжірибелерді қарастырып көрелік.

Шетелдерде конституциялық (мемлекеттік) құқық ғылымын­дағы саяси партияның түсінігі мынадай: саяси партия – мемлекеттік өкіметті иеленуді мақсат тұтатын, немесе соны жүзеге асыруға шешуші ықпал жасауға тырысатын, ортақ мүд­деге біріккен, қоғамның белсенді, әрі ұйымдасқан бөлігі болып табылады.

Саяси партиялар осы терминнің қазіргі ұғымында алғаш рет Еуропада пайда болды. Сонда буржуазиялық революция­лармен тығыз байланыста сайланбалы өкілдер арқылы жүзеге асырылған халық өкіметі жүйесі – халықтық өкілдіктер құрыл­ған болатын. Әрі қоғам екіге жарылып, әлеуметтік қайшылық­тар тереңдеп, мемлекеттің саяси өміріне бұқараның белсенді араласуы партия рөлін арттырып, өз кезегінде партиялар демократиялық мемлекеттің негізгі саяси тұлғасына әрі ажы­рамас бөлігіне айнала бастайды.

Саяси партия мемлекет басындағыларды біржақты жақтау үшін, не болмаса біржақты жамандау үшін тумайды. Ол қоғам­дағы процестерді реттеуге араласу үшін туады. Қоғамда би­ліктен өзге, бірақ билікке әсер ете алатын институттар болуы тиіс. Олардың қатарына саяси партиялар жатады.

Сонда халыққа жасалатын игіліке билік басындағылар бөгет болса, оларға партия қарсы тұрады. Ал билік басындағылар халыққа игілік әкеліп жатса, партия оларды қолдайды.

Сонымен қатар өзге қоғамдық бірлестіктерден (кәсіподақ­тар, мәдени және діни қоғамдар, экологиялық ұйымдар, кә­сіпкерлер одақтары, қайырымдылық және бейбітшілік қорла­ры, мүдделілік жөніндегі қауымдастықтар және т.б.) партияның айырмашылығы, ол мемлекет басқаруға тікелей мүмкіндік беретін парламенттегі және өкіметтегі орындар үшін ашықтан-ашық күреседі. Сөйтіп партиялар сайлауларға, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға және оларды іс жүзінде асы­руға белсене қатынасады.

Қоғамдық бірлестіктердің көпшілігі саяси өмірде белсенділік танытқанымен, тікелей саясатқа араласу олардың түпкі мақса­тына жатпайды, бұлар негізгі мақсаттарына жету жолындағы қосымша құралдары ғана іспетті. Саяси партиялар мемле­кеттік билікті тікелей иеленуге ұмтылса, қоғамдық бірлестіктен мемлекетке тек сырттай ғана ықпал жасауға тырысады.

Сондай-ақ саяси партияларды қысымшы топтардан да ажырата білу керек. Іс жүзінде қысымшы топтар парламент пен үкіметке кеңес беру және оларды арнаулы нормативтік қызмет мәселелері бойынша тиісті ақпараттармен қамтамасыз ету үшін құрылады. Қысымшы топтар өз аттарынан сайлауға қатынаспайды. Олар мемлекеттік органдарға идеологиялық ықпал жасаудан бастап, сатып алуға дейінгі қысым көрсету түрлерімен шұғылданады. АҚШ-та бұларды лоббистік ұйым­дар, мүдделі топтар деп атайды. Ұлыбританияда оларды парламент агенттері дейді.

Әлемдегі саяси партиялардың атқаратын қызметі тура­лы. Бұл ретте ең алдымен саяси партиялардың түпкі мәнін, қызметін ажыратып алудың маңызы зор.

Бұл ең алдымен партияның көздеген мақсатында көрініс табады. Сонымен қатар партия сайлауда өздерін жақтап дауыс берген жақтастарының мүдделерін қоғауға айрықша мән береді.

Саяси партиялардың мәні оның қызметінде таңбаланады:
а) партияның саяси бағдарын белгілейтін бағдарламасын жасау; б) партияның мақсаты, міндеттері, стратегиясы, такти­касы, сайлаушылар арасындағы іс жүзіндегі нәтижелері жөнін­дегі ақпараттар тарату, сондай-ақ партияға жаңа мүшелер тарту; в) мемлекеттік өкімет органдарын құруға партияның араласуы және олардың қызметтеріне бақылау жасау; г) қо­ғамдық түрлі әлеуметтік кикілжіңдерді шешуде, елде азамат­тық бітім мен келісімге келуге мемлекеттік органдарға жәрдем беру; д) қоғамның белсенді дамуына, прогреске жеткізетін әлеуметтік-психологиялық ахуал орнауына ат салысу; е) өзара қарым-қатынастарда келісімге жету үшін мемлекеттік құры­лымдар мен азаматтар арасындағы «тура» және «кері» байла­ныстардың дамуына араласу; и) елдің халықаралық беделінің артуына және халықаралық қарым-қатынастарының дамуына жәрдем беру; ж) партия мүшелері арасындағы белсенді жұ­мыстар және т.б.

Мемлекеттік өкімет органдарына сайлауға ұсынылған кан­дидаттарға дауыс беруші партия жақтастары оның электо­ратын құрайды.

Саяси партиялардың ұйымдық құрылымдары өз кезегінде бірқатар факторларға тәуелді болады. Партиялардың өзіндік ерекшеліктері, олардың тарихи және ұлттық ерекшеліктері де бар.

Ұйымдық құрылымдарына қарай партиялар: ұйымдық қалыптасқан және ұйымдық қалыптаспаған партиялар болып екіге бөлінеді. Бірінші топқа жататын партиялар әдетте сан жағынан аса үлкен емес.

Мұндай партия мен мүшелері арасында ұйымдық байланыс бар, партия нақты ұйымдастырылуымен және тәртібімен ерекшеленеді. Партияның әрбір мүшесі партия билетіне ие болып, мүшелік жарналарын уақытында төлейді, партия жар­ғысында қарастырылған барлық тәртіп, талаптарына қатаң түрде бағынады. Мұндай партияларды «кадрлық партиялар» деп те атайды. Олардың кәсіби орталық аппараты бар. Бұл партияның жекелей де ұжымдық та мүшелері бар. Ұйымдық қалыптасқан партияларға әр түрлі қоғамдық бірлестіктер – кәсіподақтар, жастар, әйелдер және басқа да қоғамдық ұйым­дар қосылуы немесе құрамына кіруі мүмкін. Мысалы, француз коммунистік партиясына Жалпыға ортақ еңбек конфедера­циялық кәсіподақтар бірлестігі қосылса, Британ лейбористік партиясының құрамына британ тредюниондары (кәсіподақтар) енеді.

Аталаған партиялар тобына, сондай-ақ Австрия халық­аралық партиясы, Үндістан ұлттық конгресі (И), ГФР-дың христиандық-демократиялық одағы, Швеция орталық партия­сы, Жапония либералдық-демократиялық партиясы және бас­қалар кіреді.

Ұйымдық қалыптаспаған партиялардың басты ерекшелігі оларда ресми мүшелік болмайды. Мұндай партияға мүше болып табылатындардың партиямен ұйымдық байланысы жоқ, оларда партбилет жоқ, өту және мүшелік жарнасын төлемейді, партиялық ортақ тәртіпке бағынышты емес. Мұндай партия­лардың мүшелері сайлауларда әлгі партияға дауыс берушілер болып табылады. Сонымен қатар ұйымдық қалыптаспаған партияларда ресми мүшелердің орнын осы партияның саяса­тын жүзеге асыруда басты рөл атқаратын кәсібилер мен белсенділердің құралған аумақтық ақпарат басады.

Аталмыш партиялардың қызметі ең алымен сайлау күресі­не, сайлаушылар дауысын қармап қалауға бағытталады.

Ұйымдық қалыптаспаған партияның айқын мысалы ретінде АҚШ-тың республикалық және демократиялық партияларын алуға болады. Екеуі де үлкен ұйымдар. Тиісті партиялар тізіміне сайлауларда дауыс беруші барлық сайлаушылар әлгі партияның мүшесі болып есептелінеді. Партия мен оның мү­шелері арасында ұйымдық байланыс болмайды. Бұл партия­лардың аппарттарының ұйымдық құрылымы аса күрделі де қым-қуат. Тұтастай алғанада ол ең алдымен сайлаудағы күрестерге лайықталған. Аумақтық партиялық құрылымдардың сайлау округтері орналасуымен сәйкес келуі де осыдан.

Ресми партиялық тетік жеке әрекеттік ұйымдармен толығып жатады. Бұларға, мысал үшін, Калифорния республикалық ассамблеясы, Калифорния демократиялық кеңесі жатады. Президент сайлау кезінде «Тәуелсіздер Никсон үшін», «Заң­герлер Хемфри үшін», «Бизнесмендер Кеннеди үшін» және т.б. ұйымдар құрылған.



Шетелдердегі саяси партиялардың әркелкілігі. Әлемдік іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, саяси партиялардың орнығуы, жетілуі тоқтаусыз жүріп жатыр. Егер ХІХ ғасырдағы консти­туцияларда қоғамдық-саяси және мемлекет өмірінде елеулі ықпал бола тұра саяси партияларға пәлендей мән берілмесе, ал қазір олар толыққанды конституциялық-құқылық институт­тар құрып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шетел­дерде қабылданған конституциялардың барлығында дерлік саяси партиялар жөнінде ережелер бар.

Шетелдерде саяси партияларды заңды институционализа­циялау әдетте саяси партиялар мәртебесіне төмендегі маңыз­ды элементтерді қамтиды:

– саяси партиялар түсінігі, саяси жүйе мен мемлекеттік механизмдегі оның орны мен рөлін белгілеу;

– партия қызметін құру, тоқтату тәртібі мен шарты;

– партия идеологиясы мен бағдарламалық тәртібіне қойы­латын талаптар;

– партияның ұйымдық құрылымы мен қызмет тәртібіне та­лаптар;

– партияның қаржылық-экономикалық базасы;

– бұқаралық өкіметпен қарым-қатынастары;

сайлауға қатынасуы;

– мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқарудағы өкілетті органдар қызметіне қатынасуы.

Егер ұйым ұлттық саяси партия ретінде тіркелгісі келсе, онда міндетті түрде қызметінің принциптер жиынтығын, бағ­дарламасы мен жарғысын тапсыруы қажет. Декларацияда кон­ституция мен мемлекет заңдылығын сақтауға: саяси, эконо­микалық және әлеуметтік салаларда идеологиялық негіздер, халықаралық ұйымдар мен шетелдік мекемелер немесе саяси партиялар ықпалына түсіп кетпеуге; бейбіт және демокра­тиялық жолдармен қызмет жасауға міндеттіліктер қамтылған.

Қызмет бағдарламасына принциптерді жүзеге асыру және көздеген нысанаға жету, ұлттық проблемаларды шешудегі саяси ұсыныстар, сондай-ақ партия мүшелеріне идеологиялық басшылық жасау әдістері, оларға саяси білім беру, сайлауға қатысуға жұмылдыру енеді.

Жарғыда бірқатар міндетті реквизиттерді, соның ішінде кан­дидаттарды сайланбалы мемлекеттік органдарға ашық ұсыну­ды қарастыруы керек. Заң сондай-ақ жарғыда партия орган­дарының жүйесін ашық көрсетуді көздейді.

Заңға сәйкес саяси партия Федералдық сайлау комиссия­сында тіркеледі. Партиялардың, айталық, радио мен теле­дидарға тұрақты шығуы, басылымдарға жариялануы үшін қар­жысы, сайлау науқанына қаржысы, алым-салықтардан боса­тылуы, байланыс-телеграфқа жеңілдіктері сияқты құқықтар мен міндеттерді заңда айқын белгіленеді. Ұлттық саяси қауымдастықтар идеялары талқыланып, идеологияны таратуға лайықталған азаматтық бірлестіктер болып табылады. Алайда олар сайлауларға тек партиялармен блок құру арқылы ғана қатыса алады.

Шетелдерде партиялар аумақтық принцип бойынша құры­лады, партия ұйымдарының құрылымдары сайлау округ­терімен және елдің саяси-аумақтық бөлінуімен белгіленеді. Сонымен қатар аумақты-өндірістік үрдістің де кездесіп қала­тыны бар. Әдетте бұл коммунистік партияларға тән.

Бірқатар елдерде сайлау науқанында тең жағдайды қамта­масыз ету үшін партиялардың мемлекеттік бюджеттен қаржы­ландырылатыны да болады. Мысалы, Дания, Германия, Италия, Швеция, Норвегия, Финляндия және т.б. елдерде сондай.



Бірқатар елдердің (Ұлыбритания, Германия, Франция, Үн­дістан) заңдарында радио мен теледидарды кеңінен пайда­лануға зор құқық белгіленген.

Қарастырылып отырған проблеманың аса күрделі, сан қыр­лы екенін әлемдік іс-тәжірибелер көсетіп отыр. Сөйтсе де Қазақстан Республикасындағы сан түрлі саяси партияларға конституциялық-құқылық мәртебелерін дамытуға байланысты мәселелерді шешуге шетелдік әріптестердің іс-тәжірибелері­нен сабақ алғандары, үйренгендері артық болмаса керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет