Медицина ғылымының өсіп-өркендеуіне байланысты денсаулық сақтау саласындағы медицина мейіргерлерінің рөлі артып келеді. Мейіргер мамандығының пайда болуы ағылшын қызы Флоренс Найтингельге байланысты.1860 жылдың 24 маусымы — мейіргер ісі тарихындағы атақты күн. Бұл күні Лондонда Қасиетті Томас госпиталінде Флоренс Найтингейльдің басшылығымен қайырымдылық мектебі ашылды. Осы мектепті бітіруші қыздар мен әйелдер тиянақты түрде ғылыми дайындықтан өтіп шығатын. Флоренс Найтингейль қоғам алдында ең бірінші болып мейіргер жұмысының мерейін көтерді. Ол ауруларды күтуге арнайы дайындық керек екенін жұртшылыққа дәлелдеп, сол кезден бастап мейіргер ісінің негізі қаланды.
Соңғы кезде мейірбикенің функциясына көзқарастар өзгеруде. Егер бұрын акцент науқастарды күтуге бағытталса, қазіргі таңда мейірбикелер басқа мамандармен бірге басты міндеті ретінде денсаулықты сақтау, ауруды алдын алу, адамдардың индивидуалды мүмкіндіктеріне сәйкес барынша тәуелсіздігін қамтамасыз етуді жатқызады.
Англияда белгілі бір аурулармен (қант диабеті, бронх демікпесі) ауыратын пациенттерге көмек көрсететін арнайы мамандандырылған мейіргерлер жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің күнделіклікті қызметін — пациенттерді бақылау, оқыту сияқты амбулаторлық қабылдау жүргізуді, басқа медициналық және әлеуметтік қызмет көрсететін қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған білім беру жұмыстарын атқара алады.
Көптеген дамыған елдерде мейіргер ісін дамыту мақсатында АҚШ-та және Германияда мейіргерлер көп жағдайларда біріншілік тексерулерді жүргізіп, пациентке арнайы медициналық көмек көрсететін мамандарға бағыт береді.
Дамыған Еуропа елдерінде жалпы практикадағы дәрігерлер пациенттерді үйде қарауға бармайды, сирек жағдайларды қоспағанда арнайы мамандандырылған мейіргерлер осы қызмет көрсетуді жүргізеді.Финляндияда халықаралық тәжірибе негізінде мейіргерлерді дайындауды қарастырайық. Фин білім беру жүйесі мейіргерлерді дайындауда әлемдегі ең үздік болып бағаланады. Мейіргер мамандығы Финляндияда зор құрметке ие. Мейіргерлер ауқымды алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Айта кететін болсақ, пациенттерге және оның отбасы мүшелеріне кеңес беру, кейбір медикаментозды терапияда рецептерді жазу сияқты жұмыстарды жүргізеді.
Емханаға алғашқы тексерілуге келгенде пациент алдымен мейіргерлермен ақылдасады. Мейіргер пациенттің жағдайын бағалап, қажетті тексерілулерді тағайындайды, және тиісті маманға жібереді.
Орта медицина қызметкерінің міндетіне өз жұмысын жетілдіру, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы басқа да манмандармен бірге әрекет ету, сонымен қатар көптеген пікір таластарға қатысып, жалпыға маңызды шешімдерді қабылдай білу кіреді.