Зерттеу жұмысының көлемі: Кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бір негізгі тарау мен төрт тараушадан тұрады.
І тарау Шәмші Қалдаяақовтың мол мұрасы
Қазақ халқының маңдайына біткен тума талант иегері, асқан дарынды сазгерлеріміздің бірі және бірегейі Шәмші Қалдаяқовтың қалдырған мол шығармашылығы мен халық жүрегінен тереңінен орын алған әндерімен қатар ұлтымыздың әнұранына айналған туындыны дүниеге әкелген сазгердің балалық шағы мен өмір белестеріне тереңірек тоқталмақпын.
1.1 Шәмші өмірбаяны
Шәмші Қалдаяқов 15 тамызда 1930 жылы , Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келіп, 1992 жылы ақпан айының 29-шы жұлдызында Алматыда дүниеден өтті. Композитор, Қазақстанның халық әртісі атағын 1991 жылы алды. Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан [1]
Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартуға құмар болған. Ауылға келген сыган жігітінен мандолина сатып алды. Бала кезінен әкесінің әперген патифонынан Күләш Байсейітованың жүрек толқытып, сезім тербейтін күміс дауысын тыңдап өскен. Сөйтіп, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өскен.
Шәмші бірден өнер жолына түспеген, әуелі Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде білім алған. Әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай қалғандықтан өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді.
Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі нағыз майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі және бірегейі, Қазақстанның халық әртісі.
Шәмші бала кезінен бойындағы бар талантын, дарынын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білді. 1950 жылдан бастап өзі түбегейлі шығармашылықпен айналысып, шыңдалды. 1956-1962 жж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында дәріс алды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен, құлаққа жағымды, жүреккке жақын әсем әуенімен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен әуезбен құнарландырды, яғни халықтық, ұлттық нақышпен қабыстыруында жатыр. Ал бұл Шәмшінің қазақ жұртының музыкалық дәстүрінің сүтін еміп өскендігінің тағы бір дәлелі еді.
Міне осылайша көне мен бүгінгі мақамдарды керемет ұштастыруы Шәмші Қалдаяқов шығармаларының атын, атағын дүрілдетіп шығарып, дүйім далаға қанатын кеңінен жайыуға мүмкіндік берді. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір "жыл келгендей жаңалық" сезіндіретін үздік құбылыс ретінде баға беріп кеткені белгілі. Жұрт аузында "бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші" атануының сыры осында болса керек. Сазгердің әндерін, әсіресе, 60-70-жылдардағы жастар сүйіп тыңдайтын болды. Кешеулеген "хрущевтік жылымық" дәуірінің жас адамдары шетел композиторлары мен орындаушыларына, мысалы, "Биттлзге" калай ынтығып тыңдаса, қазақстандық өз сазгерлерімізді де солай сүйіп, ынталана тыңдады. Бұл соңғысы мен арасында, әрине, Шәмші Қалдаяқов бірінші орында тұрды.
Шәмші Қалдаяков өз шығармаларымен әсем да ақылды көкөрім жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан ұлт адамдарының да көңілін баурап алатын еді. Халық арасында әсіресе күллі отаншылдық, елшілдік, патриоттық нотасын тап басқан "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастар, өрімдей ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шыққан болатын. 2005 жылдан "Менің Қазақстаным" туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді. [2]
Шәмшінің әуезді әндері республикамыздың қай өңірі болмасын жиі айтылып, ән сүйер қауым арасына барынша кең тараған. Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айырықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы сазгердің серісі. Біз ес білгелі бері еліміздің кең байтақ даласымен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезіміне толық қайталанбас Шәмші әуендері енді ХХІғасыр әлеміне бет алып әуелей беретіні ол енді тарихи ақиқат. Табиғат ерекше дарын иесі еткен дара тұлға Шәмші Қалдаяқовты қазақ баласы есінен ешқашан шығармас. Шәмші ағамыздың «Қорлан» әнін шырқаудағы өзіне ішкі сырын ашып айтпай сөз шешендігіне салып бұра тартып кететін кезері де болған. Кең жүрегімен табиғат берген дархан, дарынды Шәмші ағамыз өзінің жүрек тербейтін, қиял қозғайтын, терең ойға шомылдыратын ғажап әндерімен халқын рухани шабыттандырып, байытатын, олардың өмір сүруге деген құлшынысын, ынтасын арттырып, жігерлендіріп, рухтандыратын. Шәмші Қалдаяқов пиониноның да, домбыраның да құлағында ойнап, өте шебер жосылта тартатқан. Дегенмен, домбыраны екпіндете, төпелеп тартқанын замандастары мен таныстары көрген емес. Бір әсем әуенді шерте бастайтын да қоңырлата былқылдата ала жөнелетін. Нақтырақ айтқанда тұла бойы тұнып тұрған талант, өнер болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |