Реферат зерттеу еңбегі Қазақстан тарихындағы бетбұрысты тарихи кезең 1924-1926 жылдарғы ұлттық мемлекеттік үшін күрестің жай-жапсарына соның ішінде Қазақстанның территориясының жиналақталуы мәселесіне арналған



бет2/6
Дата25.02.2016
өлшемі499.5 Kb.
#20366
түріРеферат
1   2   3   4   5   6

Зерттеудің методологиялық негізі. Зерттеу жұмысы жан-жақты тексерілген, обьективті ғылыми жүйелілік негізінде орындалды. Тарих материалдарын бағалауда қоғамның даму шындығының тарихи және логикалық қисындарын әділ сараптау жолымен қорыттық. Тарих сахнасынан ығысқан билеуші партияның "маркстік-лениндік методология" атты ғылыми таным құралымен қарастырылып бағаланған оқиғаларды талдауымызға пайдаланғанда, оны анықталған дәл тарихи фактілер негізінде қайта саралап, тарихи деректерді салыстырып қарау әдісін қолдандық.Ұлттық мемлекеттік идеясына байланысты XX ғ. алғашқы ширегінде ұлт зиялылары (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын, М.Шоқай және т.б.) еңбектерінде айтылған теориялық тұжырымдар зерттеуде басты методологиялық принцип ретінде негізге алынды.

Осыған байланысты мына жәйтті еске сала кету ләзім. 20-жж. қайраткерлерінің тарихтағы рөлі мен орыны әлі күнге дейін жеткілікті дәрежеде, тарихи контексте, объективтілікпен зерттеліп-анықталмаған қызметтерінің тиісті бағасы беріле қоймаған Олардың кейбірінің өз істердегі қызметіне орай қалыптасқан қилы пікірлер бар. Бұларды талдап ақ-қарасын ажырату біздің жұмысымыздың міндетіне жатпайды. Сондықтан біз оларды зерттеу тақырыбымыздың талабы тұрғысынан, белгіленген уақыт кесіндісінде ғана қарастырамыз.

Қазақстан Ресей империясының отарына айналғаннан бастап, жер-су мәселесі ұлттың тұтастығын, халықтың елдігін сақтаудың ең өзекті проблемаларының біріне айналған еді. Бұл жайында XX ғ. алғашқы онжылдықтарында қилы әрекеттер жасалды. Депутат Бақытжан Қаратаев 2-мемлекеттік дума мінбесінен қазақтардың жер-су мүддесін қорғаған атақты сөзін сөйледі. Ресей конституцияшыл - демократтар партиясы орталық комитетінің мүшесі Әлихан Бөкейхановтың кадеттер қатарынан кетіп, Алаш партиясын құруға кірісуінің басты себептерінің бірі осы жер иелігін шешу мақсатынан [16]. Әкелерден мұраға қалған атамекен аумағын сақтау - қазақ халқының ұлттық экономикасын дамытып, ұлттық тұрғыда дамуының негізгі шарты еді. Сондықтан да 1917 ж. жалпықазақ Желтоқсан құрылтайы федеративті негізде ұйысуға тиіс Ресей Республикасының құрамында қазақтардың саяси және экономикалық дербестігі бар автономиясын құру қажет деп қорытқанды.

Орыс демократиясының және большевизмнің табиғатын терең тани келе, Түркістандағы (Орталық Азия аумағы) түркі халықтарының ұлттық тұтастығы үшін күресі барысында, Мұстафа Шоқай осы тұжырымды ілгері дамытты. Ол шынайы ұлттық мемлекеттікті тек тәуелсіздік жағдайында ғана құруға болады деп есептеп, эмиграцияда өткен бүкіл публицистік-қайраткерлік ғұмырын сол ойды насихаттауға арнады. Оның бұл реттегі көзқарастары "Ресейдегі ұлттық мемлекет мәселесіне орай" деген мақаласында неғұрлым айқын қорытылған. М.Шоқайдың тұжырымдауынша, КСРО «орыс» емес халықтардың мемлекеттігі мен тәуелсіздігіне жау жалғыз ғана ел... Осы елдің құрамындағы Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгел, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары туралы сөз болуы мүмкін емес. Өйткені қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады. Британия халықтар одағы құрылымындағы басты фактордың бірі - еркін сауда байланысы болса, орыс халқының әдеті - басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды". [18] Осындай пайыммен М.Шоқай қазақ халқының ұлттық дамуын тек тәуелсіз ұлттық мемлекеттік қана қамтамасыз ете алатынын дәйектеді.

Алайда большевизм тарих сахнасында тұрғанда, М.Шоқай бағ-дарламасындағы азаттыққа жету мүмкін емес еді. Осындай жағдайда, ұлттық өркениетке сай өркендеуін қамтамасыз ететін ұлттық мемлекеттік идеяны тек сол большивизмнің өз тұғырында дамытып өмірге енгізу міндеті алға тартылды. Ал оны жүзеге асыру - Тұрар Рұсқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов, Сейтқали Меңдешев, Темірбек Жүргенов секілді қазақ коммунистерінің үлесіне тиген-ді. Олар, маркстік-лениндік теорияны игерудегі даярлығы жеткілікті коммунистер ретінде, қарастырылған уақыттық кеңістік шегінде, қолда бар қазақ мемлекеттігінің мазмұнын осынау мұратпен байытуды қалады. Бірақ, орталықтың қасаң да бірізді тоталитарлық бағытын жүзеге асырушылар ондай ізденістерге жол бермейтін. Осылай ұлттық мемлекеттік үшін күрес туды. Уақытында ол әртүрлі ауытқушылықтар мен антипартиялық бұрмалауларға баланды да, кеңестік тарихнамада өзіне тиесілі көрініс таппады. Тарихи мәніне сай бағаланбады.

Осы жәйттерді қарастыруда - тәуелсіздік жарияланғалы бергі уақыт ішінде гуманитарлық ғылым саласындағы мәселені зерттеу теориясы мен методологиясында Қазақстанда қол жеткізілген жетістіктер ескерілді. Соның нәтижесінде, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай тұжырымдауындағы ұлттық мемлекеттіктің ұғымының дәлелдік, салыстырмалық үлгі ретінде, жаңа парадигма санатында алу жолымен, сондай-ақ, үстем идеология қысымымен бұрмаланған деректік құжаттарды жаңаша қарастыру, бұрын беймәлім болып келген деректерді ғылыми айналымға енгізу арқылы, зерттеліп отырған кезеңді мейлінше объектиівті бағамдауға талпыныс жасалды. [17]



Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми мәнділігі партия-кеңес дәуірінің тарихшылары соңғы кездерге дейін ашып айтпай, идеологиялық ой-долбар орайымен бұрмалап түсіндіріп келген, алайда кеңестік автономияның алғашқы жылдарындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілікте маңызды орын алған құбылысқа жаңаша көзқараспен талдау жүргізуінде; қазақ саяси элитасы тарапынан еліміздің даму жолымен өзектесе жүргізілген ұлттық мемлекеттік кеңестік ауқымда іздеу және оны орнықтыруға тырысу желісін арнайы қарастыруында.

Қазақстандағы мемлекеттіктің мазмұнына байланысты, қазақ басқарушы тобының 1924-1926 жж. Орталықпен, сондай-ақ республикалық партия үкімет органдары аясында жүргізген күресі кезінде кеңестік тарихнама тұрғысынан "оңшылдық" немесе "ұлтшыл - ауытқушылық" көрінісі ретінде бағаланды. Ал шын мәнінде бұл қызмет кеңестік жүйе шеңберіндегі ұлттық мемлекеттік үшін күрестің нағыз өзі болатын. Талқыға ұсынылып отырған диссертациялық жұмыста мәселе осы тұрғыдан, яғни ұлттық мемлекеттік үшін күрес мағынасында.

Ұлттық мемлекеттік үшін күрес неге жеңіліске ұшырады? Кеңес үкіметі құрған автономиялық республиканы ұлттық мемлекетке айналдыру идеясы неге жүзеге аспай қалды? Осылай алғаш рет тұжырымдалған сауалға дисертациялық зерттеу өз тұрғысынан жауап береді; Коммунистік тоталитаризм дәуірінде зерттеуге жабық саналған, тәуелсіздік кезеңінде де қолға алынбай, соңғы уақытқа дейін ғылыми тұрғыда қайта қаралмаған саяси науқан - Орта Азияны 1924 ж. ұлттық-аумақтық жіктерге бөлшектеудің астарын, шындығын ашады;

Жұмыс Орталық Азия мен оны мекендейтін халықтар тағдырын өзара сан дәнекермен жалғасқан тұтастықта қарастырады. Осы орайда қазақ мемлекеттігінің Орта Азияда бой түзеген басқа ұлттық құрылымдармен тығыз байланыста дамытылуы қажеттігін жан-жақты дәйектеген қайраткерлер көзқарастарын ғылыми айналымға тартады. Түркістан және Қазақ республикаларының аса көрнекті қайраткері С.Қожановтың Орта Азия Федерациясын құру және Орта Азия республикалары мен Қазақстанды бір экономикалық қауымдастыққа біріктіру идеясының бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де өзектілігін дәйектейді.



Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Диссертацияның негізгі тұжырымдарын мәселеге қатысты іргелі зерттеу еңбектерін жазғанда, мәселен, "Қазақстан тарихын" оқуға пайдалануда пайдалануға болады. Кеңесік дәуірдегі ұлттық мемлекеттік үшін күрестің басқа да толық ашылмаған, яки мүлдем қозғалмаған тұстарын зерттеуге оның нәтижелері мен қорытындылары қолданыла алады. Олар, сонымен бірге, коммунистік идеологияның ұзақ жылдарғы үстемдігі қанға сіңірген құлдық психология зардаптарын жоюға, жаңа тарихи сана өрісін кеңейтуге бағытталған оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаға асырылуы ықтимал.

Зерттеу жұмысы сондай-ақ, тәуелсіз еліміздің тарихын және 20-жылдар қайраткерлерінің көзқарастары мен іс-әрекеттерін қазіргі таң тұрғысынан, жаңаша бағамдау қызметін көрсете алады. Өткенді шынайы тану арқылы бүгінгі тәуелсізідік келбетін айқын танып, тәуелсіздіктің болашақта нығаю шарттарын дұрыс түсінуге мүмкін болмақ. Осы орайда ол ұлттық идиологияны қалыптастыру ізденістеріне де өз септігін тигізе алады.

Ресей империясы шекарасындағы Орталық Азияда [Түркістанда] тұрған түркі халық ұлтарының ішіндегі саны ең көбі қазақтар еді. Революция қарсаңыңда олардың жартысы Дала өлкесінде, екінші жартысы Орта Азияда [Түркістан генерал-губернаторлығы, Бұхара, Хиуа хандықтары аумақтарында] өмір сүрді. Түркістанда орнаған кеңес үкіметі алғашқы қадамын көшпенділер мүддесін елемеуден, іс жүзіне оларды ұлттық апатқа ұшыратқан "аштық саясатын" жүргізуден бастады.

І Тарау. Орта Азия республикаларындағы ұлттық-

территориялық межелеудің барысы
Қазақстанның оңтүстік мемлекеттік шекарасына келетін болсақ еліміз тәуелсіз болып, өз шекарасын көрші елдермен айқындайтын кезде, біраз болса да келеңсіз мәселелер туындаған болатын. Бұл көршілес, тағдырлас, бауырлас түркі тілдес елдердің территориялық мәселелерінің тарихи тереңде жатқаны баршаға мәлім.

Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы территориялар бірнеше ғасырлар бойы сол тұстағы тарихи жағдайға байланысты бір елден екінші елге алма кезек өтіп отырғаны белгілі.

Екіншіден, Сыр өзені бойындағы қалалар мен Түркістан қаласының бірнеше ғасырлар бойы қазақ хандығының астанасы болуы екі елдің арасындағы қарым-қатынас мәселесіндегі маңызды істердің бірі болып табылады. Қазан төңкерісіне дейінгі тарихтың қай кезеңін алсақ та, Орталық Азия мен Қазақстан тарихы тұтастай бірігіп жатыр. Бұл ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы ұлттық бірлік, тәуелсіздік үшін болған қозғалыстар мен көтерілістер.

XIX ғасырда Қазақстанның оңтүстік территориясын үш өзбек хандықтары – Бұқар, Хиуа және Қоқан хандықтарымен шектесіп жатты. XIX ғасырдың бірінші жартысында Қоқан және Хиуа хандықтары көрші қазақ, қырғыз және түрікмен халықтарына қарсы экспансиялық саясат жүргізіп отырды. XIX ғасырдың 20 жылдарына қарай Қоқан хандығы батысында Арал теңізі, шығысында Шу және Іле өзендері бассейндері аралығында орналасқан Ұлы және Кіші жүз иеліктеріндегі ұланғайыр территорияны басып алды. Сол кезде Қоқан хандығының қол астында 150 мың қазақ отбасы өтті деп көрсетеді С.Мадуанов [19. 37-38б.].

Ресей патшалығы Орта Азиялық хандықтарды жаулап алғаннан кейін, орталығы Ташкент қаласында орналасқан Түркістан генерал-губернаторылығы құрылды. Түркістан генерал-губернаторылығының қарамағына қазақ жерлерінің Жетісу және Сырдария облыстары қарады. 1876 жылы патша өкіметі Ферғана даласындағы халық көтерілісін әскери күшпен басып, Қоқан хандығын толықтай жойды. Қоқан хандығының территориясын тұтастай Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына – Ферғана облысы деген атпен қосты.

Патшалық Ресейдің 1867-1868 жылдары Қазақстанда жүргізілген әкімшілік реформаларының нәтежиесінде Сырдария облысы: Қазалы, Перовск, Шымкент және Жизақ уездерінен құралды. 1886 жылғы Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже енгізілгеннен кейін, Ходжент уезі жаңа құрылған Самарқанд облысының құрамына кірді. Осы тұста Түркістан уезі қысқартылып, оның территориясы Шымкент және Перовск уездері арасында бөлінді. Ал құрамының өзі Ташкент болып өзгертілді.

Жаңа реформа бойынша Жетісу облысына құрамындағы Сергиополь, Капал, Верный, Ыстық көл уездеріне қосымша Алатау округі мен Тоқмақ және Жаркент уездері қосылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан генерал-губернаторлығының территориясының көп бөлігі 1918 мамыр айында Түркістан өлкесі Кеңестерінің V-съезінде құрылған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социялистік Республикасының құрамына өтті. Сондай-ақ, оның құрамына Қазақстан жеріндегі Жетісу және Сырдария облыстары да кірді.

Бүкіл ресей Орталық Атқару Комитеті және Халық Комиссиялары Кеңесі Совнаркомның 1919 жылғы 10 шілдедегі №354 қаулысына сәйкес Қазақ АКСР-і территориясының шекарасын бекіткен болатын. Бұл құжат бойынша Қазақ АКСР-і құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары мен Закаспий облысының Маңғышлақ және Краснавод уездері, Астырахань губерниясының Синемор және Бөкей ордалары, сонымен қатар қосымша біраз жерлер қосылды. Ал қарастырып отырған қазақ жерлерінің оңтүстік шекарасына келгенде, Декретке Түркістан құрамына кіретін қазақ жерлері халықтың қалауы бойынша шешілсін деген бап енгізілген болатын [20].

Орталық Азияда ерте заманнан экономикасы, шаруашылығы мен мәдениеті дамыған қалалардың көп болғандығын біз осы аймақта өткізілген архиологиялық зерттеулер мен бізге жеткен жазба деректерінен білеміз, ал табиғатының қолайлығы мен осы аймақтан дүниенің бір басымен екінші басын жалғап жатқан Жібек Жолының өтуі мұнда халықтың көптеп шоғырлануына алып келеді. Аймақта халықтың тығыз және аралас орналасуы XX ғасырдың 20 жылдарының бас кезеңінде ұлттық республикалар арасында әкімшілік шекараларды анықтау барысында көптеген қиындықтар туғызғаны белгілі.

1921 жылы Түркістан Республикасы БОАК-тің 1921 жылғы 11сәуірдегі Декретіне сәйкес РКФСР құрамындағы Түркістан Автономиялы Кеңестік Социялистік Республикасы болып қайта құрылды.Бірақ кеңес үкіметі «Ресейдің ескі әкімшілік бөліністерін», яғни крепостник-помещиктер мен самодержавиелік-крепостниктік мемлекетінің шенеуніктері орнатқан бөліністерді ескі деп тауып, оның орнына жаңа шарушылық өмірдің талаптарына және тұрғындардың ұлттық құрамына сәйкес жасау керек деп айтқан болатын.

Түркістанды ұлттық-территориялық межелеу мәселесі БОАК-тің 1921 жылғы 11 сәуіріндегі Декреті қабылданғанға дейін көтерілді.Межелерді жүргізу үлкен дайындық жұмыстарын талап етті, ал осы кезде аймақта жағдай өте ауыр еді. Аймақтағы әлеуметтік-экономиялық ахуал үздіксіз соғыстар мен көтерілістердің нәтежиесінде күрт қиындады. 1920 жылдың басына дейін Закаспийде ағылшындар мен ақ гвардишыларға, біріккен Хиуа және Қоқан хандарына қарсы соғыс жүріп жатты. Ферғанада басмаш құрылымдары белсенділік танытса, 1920 жылдың сәуіріне дейін Жетісу майданы жойылмаған болатын. 1920 маусымда Верныйда кеңеске қарсы бүлік шықты. Тек Хиуа мен Бұқараны алғаннан кейін ғана, Орта Азиядағы жаңа ұлттық-территориялық бөліністері мен қайта құрылған Қазақ АКСР-ның шекарасын анықтау мәселесін шешуге мүмкіндіктер туды.

Бұрынғы Хиуа мен Бұқара хандықтарының орнына жаңадан Хиуа мен Бұқара Республикалары құрылды.1920 жылғы қазандағы Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің құрылтай съезінде Түкістанның қазақ облыстарын Қазақ АКСР-нің құрамына қосу мүмкіндіктері талқыланды.Аймақтағы саяси-экономиялық жағдай күрделі болғандықтан Орталық Азияда мемлекеттердің шекараларын ұлттық құрамына қарай бөлу тек 1924 жылы ғана іске асты.1923 жылы Түркістан, Бұқара және Хорезм ұлттық республикаларын біріктіру ісі жүзеге асты.

1920 жылы 25 қыркүйекте Жанкелдин, Әлібеков, Меңдешев және т.б. қатысқан Облбюроның мәжілісінде республиканың шекарасын анықтауға қатысты жасалған баяндаманың тезисі тыңдалды. Мәжілісінің шешімі бойынша Қазақ АКСР-іне қазақтардың Сырдария обылысынан Торғайға көшкенге дейін мекендейтін жерлері қойылсын деген шешім қабылданады. Ал Сырдария облысының бөлігін нақты анықтау әкімшілік бөлу секциясына жүктелді.

РКФСР аймақта барлығына ортақ ақша белгілерін енгізді, бүкіл Орталық Азияға ортақ сыртқы сауда мен темір жол басқармасы құрылды, бірыңғай экономикалық жоспарлау орнатылды. Хорезм және Бұқара республикалары халықтың республикадан социалистік республикаға ауыса қайта құрылып, КСРО құрамына кірді.

Орталық Азия республикалары арасында ұлттық-территориялық межелеуді жүргізу аса күрделі мәселе еді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңде жатуы мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Сондай-ақ, экономикалық орталықтар мен ірі елді-мекендерді бөлу мәселесі көп жағдайда тығырыққа тіреліп отырды. Экономиканың даму деңгейі мен халықтың ұлттық құрамы туралы статистикалық мәліметтердің мардымсыздығы жағайды одан әрі қиындатты. Осының бәрі көптеген жұмысты талап етті. Осы мақсатта РК(б)П ОК Орталық Азиялық бюросы жанынан және әр ұлттық республикалардың жеке комиссия бөлімшелері құрылды.

РК (б)П-ның XII съезіндегі кейін Орта Азия республикаларының партия және кеңес органдары РК (б)П ОК-нен Орта Азияны ұлттық территориялық жағынан межелеуді жүргізу мәселесін құрауды сұрап тілек білдірді. Қазақ АКСР-інің үкіметі 1924 жылы қаңтарда кеңестердің IV съезінде берген есебінде Жетісу мен Сырдария облыстарындағы қазақ аудандарын қосу туралы мәселені орталық партия комитетінің және мемлекет органдарының алдына қойды. Түркістан кеңестерінің XII съезінде делегаттары сөйлеген сөздерінде межелеу жөніндегі мәселені тез арада шешу қажеттігін ерекше атап көрсетті.

1924 жылы 31 қаңтарда РК(б)П ОК-нің хатшысы Я.Э. Рудзутакқа осы мәселе жөнінде Ташкентте кеңес шақыруды тапсырды. Кеңес 1924 жылы наурызда өткізілді. Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі туралы Түркістан коммунистік партиясының орталық коммитетінің хатшысы А. Рахымбаев баяндама жасады [21]. Кеңеске қатысушылар межелеудің жүргізілуін қолдады. Түркістан ОАК төрағасы Айтақов өз сөзінде Орта Азияның ұлттық-территориялық межеленуін және түркімен халқының біртұтас кеңес республикасына бірігуінің қолайлы екенін айтты.

Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері С.Асфендияров өз сөзінде Қарақырғыз автономиялы облысын құрудың заңдылығын дәлелдеді. Бұны өз сөзінде Атабаев қолдады. Орта Азиялық экономикалық кеңестің төрағасы М.А. Посуцкий “аймақтың экономикалық бірлігі қолайлы” дегенге сүйеніп, Орта Азияның барлық республикаларын біріктіруді талап етті. Ол шындығында межелеуге қарсы шықты. Сұлтанбек Қожанов “түркі тайпалары бірыңғай түркі тілдес халықты құрайды, оны жасанды түрде айыруға болмайды”,-деді. Кеңес Пасутский мен Қожановтың пікірлерін қабылдамай тастады. Ол Рақымбаевтың Орта Азияны межелеу туралы баяндамасының негізгі тезистерін мақұлдады. Жергілікті ұйымдардың пікірлері анықталғаннан кейін мәселені талқылау РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы мен орталық партия органдарына көшірілді.

Сонымен қатар, С. Қожанов 1924 жылғы 10 наурызда өткен ұлттық-территориялық межелеуге байланысты мәжілісте Орталық Азияны федерацияға, экономикалық жағынан емес, саяси әкімшілік жағынан біріктіру туралы ұсыныс жасады.

Ал 1924 жылы 26 тамыздағы РК(б)П Киробком Төралқасының мәжілісінде Меңдешев Түркістан АКСР-і мен арадағы шекараны межелеуге байланысты баяндама жасайды. Меңдешев республикалар арасындағы шекараны анықтауға әр елден үш адамнан өкіл қатысқан коммисияның күрделі және келісімді жұмыс атқарып жатқандығы жайлы хабардар етіп, біраз қарама-қайшылықтар тудырып отырған мәселелерге ерекше тоқталып, комиссияның ұлттық-территориялық межелеуге қатысты шешімдерінің қорытындысымен таныстырды. Ташкент уезінің ұлттық құрамы төрт белбеуден тұратын, Біріншісі – Ангрен өзені бойында орналасқан 8 болыстан тұратын Құрамыс рулары мекендейтін шығыс белдеуі, ол қазақ делегациясының пікірінше, қазақ ұлты өкілдері болып саналады, ал өзбек делегациясы, керісінше, олардың өзбектерден тарайтындығын дәлелдеді. Екіншісі – Шыршық өзенінің сол жағалауында қазақ халқы басым тұратын 8 болыстан құрылған белбеу. Үшіншісі – 4 болыстан тұратын, халқының құрамы талас тудырып отырған, 1920 жылғы халық сынағына сүйенген өзбек жағының пікірінше, мұнда өзбек халқы басым, ал қазақ өкілдерінің ойынша, бұл жерде қазақ халқы басым тұратын орта белбеу. Төртінші белбеу – тұтастай қазақ халқы мекендейтін Ташкент уезінің батыс бөлігі. Комиссия құрамында жұмыс жасаған қазақ бюросының жобасы бойынша, бүкіл Ташкент уезі Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрамына өтуі тиіс болды. Ал Өзбек бюросының жобасы бойынша, Қазақстанға тек төртінші белбеуді беру қарастырылған. Комиссияның қарауына осындай 2 жоба ұсынылды. Екі жақты пікір алысудың нәтижесінде комиссия Ташкент пен оның айналасын 30 верст радиус көлемінде Өзбек Республикасына беру жөнінде шешім шығарды. Ташкент уезінің қалған территориясын межелеу жобасы айтарлықта талас тудырмайды.

Екінші талас тудырған мәселе – Мырзашөл уезі болды. Бұл уездің барлық территориясы көшпелі қазақ елін суландыруға бағытталған бір арнаның жүйесімен шектелді. Қазақ делегациясы 3 өзбек болыстарынан басқа уездің барлық территориясын Қазақстанға қосуды ұсынды, ал өзбек делегациясы, керісінше, мүлде қарама-қайшы ұсыныстар жасады. Комиссия бұл мәселені қарастыра келе, қазақ делегациясының ұсынысын қабылдады. Қазақтар мен түркмендер арасындағы шекара сол қалпында қалдырылды. Экономикалық межелеуге қатысты жұмыс бұл кезде әлі жүріп жатты. Комиссия межелеу бойынша барлық дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін, ал 20 қазанда межелеу белгіленген тәртіппен толық аяқталуы тиіс деген шешім шығарды. Межелеу туралы ереже қабылдау мақсатында қыркүйек айында Орталық Азия республикалары Орталық Атқару Комитеттерінің кезектен тыс сессиялары шақырылсын деген қаулы қабылдайды. РК(б)П Киробкомы Төралқасы мәжілісінде Меңдешевтің жасаған баяндамасы негізгі алынсын деп, мәжіліс Ташкент қаласының айналасы қазақтармен қоршалған, сондықтан Орталық комитеттен оны Өзбек республикасына жатқызу жөніндегі шешімін қайта қарау жөнінде өтініш білдіру керек деген қаулы қабылдайды.

С. Қожанов “Түркістан” газетінің 1924 жылғы 18 тамыздағы санында жариялаған мақаласында Орталық Азияда сол тұста жүргізіліп жатқан ұлттық-территориялық межелеу саясатына өз көзқарасын білдірді [17, 59 б.]. “Біріктіру үрдістері, −деп жазды ол, ұлттық-территориялық межелеудің маңызын төмендете алмайды, оның үстіне олар қайта құрылған республикалар тарихында оңтайлы рөл атқаруға негізделген, келешекте олар Кеңестік республикалар одағының толыққанды мүшелігіне өтетін болады. Мұның өзі Кеңестердің ұлт саясатының іс жүзіндегі шынайы сипатын куәландыратын болды...”.

Егер С.Қожановтың айтқандай, бірігу үрдісі жүргізілсе, онда Ембінің мұнайы, Каспийдің балығы, Риддер мен Екібастұздың көмірі, алтыны, Қазақстан мен Орталық Азияның табиғи байлықтары Түркістан-Сібір шойын жолы арқылы Ресейдің алақанына түспес еді.

Ал С.Сәдуақасов 1924 жылы “Қызыл Қазақстан” журналының № 7,8,9, сандарына “Қазақстанды қалай құрған жөн? Орта Азияда ұлтаралық шекара жүргізу және Қазақстан Республикасының құрылуы” атты мақаласын жариялайды [24, 81 б.]. Мақалада С. Сәдуақасов: “Осы күнгі алдымызда тұрған мәселенің үлкені: Орта Азиядағы республикалардың шекарасын бөлу туралы. Бұл мәселе жөнінде жұрттың көбі қараңғы. Қазақстан Республикасы да бұл әңгімеге жуырда ғана кірісті. Орта Азия деген қай жер? Онда қандай халықтар, қандай мемлекеттер бар? Қазақстан Республикасында болып жатқан әңгіменің қаншалықты қажеттілігі бар? Орта Азия ұлттарының шекараларын бөлу Қазақстан өміріне қандай өзгерістер әкеледі? Қандай жаңалық бар?” деген сұрақтар қойып, сол сұрақтарға жауап тапқан жағдайда ғана біз оны іс жүзеге асыруға кіріскеніміз абзал деп жазады.

С.Сәдуақасов мақаласында сол кезеңдегі халық арасындағы сауатсыздықтың әлі тым жоғары екенін, халық, әсіресе кедей өзінің ауылынан басқа дүниеден мақұрым, жұрттың бәрі жағрапия, шаруашылық ғылымын оқымағандығын баяндайды. Сондықтан болып жатқан әңгіме жалпы елге ұғымсыз, түсініксіз қалуы мүмкін. Сол себептен Орта Азия, Қазақстанға қатысты жүріп жатқан іс шаралармен жалпы еңбекші табы мен бұқара халық танысып, білуі қажет. Мақалада автор қазақ жерлеріне, соның ішінде Қазақ АКСР-іне қосылатын Жетісу мен Сырдария облыстарына, оның ішінде олардың республикаға қосатын шаруашылық-экономикалық пайдасына шолу жасайды. Сонымен С.Сәдуақасов: «... қай дәлелді алсақта, барлық қазақ жұрты бір республикаға қосылу керек деген пікірге келеміз. Қазақ халқы бірігеді, бір республика туының астына жиналады », - деп тұжырымдайды.

1924 жылы 9-сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, ұлттық мемлекеттік межелеудің жүргізілуін негізінен мақұлдады. РК(б) П ОК-нің Орталық Азия бюросына Орталық Азияның жаңа құрылатын республикалары мен облыстарының этнографиялық, саяси және экономикалық карталарын қосып, барлық материялдарды әзірлеп, партияның орталық комитетінің қарауына беру тапсырылды.

1924 жылы сәуірдің соңында РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы мен Түркістан компартиясы ОК-нің бірлескен мәжілісінде Орта Азияны межелеуді әзірлеу және жүргізу жөнінде комиссияның мәселені зерттеу, жүргізу жұмысының барысы қаралды. Орта Азияны межелеуді әзірлеу және жүргізу жөніндегі қазақ, өзбек және түркімен қосалқы үш комиссиясы құрылғандығын біз жоғарыда айтқан болатынбыз. Комиссияның кейбір мүшелері Орта Азиялық республикалар федерациясын құруды ұсынған еді, бірақ мұқият талқыланғаннан кейін межелеуді федерация құрмай-ақ жүргізу керек деп шешілді. Орта Азияны межелеу туралы комиссияның материялдарын қарап, РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы 1924 жылы 12 мамырда одақтық екі республика - Өзбек пен Түркімен және автономиялы екі облыс – Қарақырғыз және Өзбекстан құрамында болатын Тәжік автономиялы облыстары құрылсын, ал Түркістанның қазақ аудандары Қазақ АКСР-і құрамына қосылсын деген шешім қабылдады. Комиссияның шешімдері мен РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросының шешім партияның орталық комитетіне тапсырылды.

1924 жылы 12 маусымда РК(б)П ОК Орта Азия да ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізу туралы тарихи шешім қабылдап, онда межелеудің басты принциптері мен оны жүзеге асыру жөніндегі нақты ұсыныстарды мақұлдады. Осы қаулының бір тармағында КСРО ОАК-нің ұлттар кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуі мен Орта Азияның барлық ірі ұлттарының өкілдерінен РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы жанынан арнаулы территориялы комиссия құру көзделді [23, 118 б.].

Территориялық комиссия саяси, экономикалық, статистикалық және бірнеше ұлттық қосалқы комиссиялардан тұрды. Олар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарда жұмыс жасап, ел жағдайын жандандыруға бағытталды.

1924 жылы 24 қыркүйектегі РК(б)П Киробком Төралқасының мәжілісінде қарақалпақ халқы атынан келген делегацияның өтініші тыңдалды. Мәжілісте қарақалпақ делегациясы өкілдері Досназаров пен Бекімбетов баяндама жасады. Баяндамашылар бұрын патша заманында қарақалпақтардың жапа шеккенін және оның кеңес үкіметі орнаған күннің өзінде тоқтамай отырғанын баяндайды. Олар межелеу басталғанға дейін өкіметтің олармен санаспай келгенін өкінішпен еске алып, Орталық Азия ОК бюросы қарақалпақ автономиялы облысын құру жөнінде мәселе көтергенін, бірақ оны қай республикаға бөлетіні жайлы нақты шешім қабылдамағанын айтты. Делегация өкілдерінің негізі көтерген мәселесі жаңа құрылғалы жатқан автономиялы облысын оның көрші өзбек және түркімен республикаларындағы тиісті территорияларын өзіне қаратып алып, географиялық, тілдік, тұрмыстық жағынан жақын Қазақ АКСР-нің құрамына қосу жөніндегі өтініштері еді. Яғни, олар Мәскеу алдында көтермес бұрын, осы ұсынысқа байланысты республика басшылығының пікірін білгісі келді. Бұл ұсыныстарын мәжіліске қатысып отырған Жангелдин, Меңдешев, Қожанов және т.б. бірден қолдап, оны жүзеге асыру жөнінде пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жасады. Осы мәжілісте, сонымен қатар, Бұхара қазақтары делегациясы өкілдері де тыңдалған болатын. Делегация өкілі Наурызбаев баяндама жасады. Олардың ұсыныстары Өзбек республикасы құрамындағы Бұқара қазақтарынан автономиялы облыс құру жөнінде, Орталық Азия межелеу комиссиясында қазақ делегациясын қолдау туралы мәселе көтерді. Делегация өкілдері автономиялық облыс құрудың негізгі себептерін Бұхарадағы қазақ халқы өкілдерінің тұрмыс-тіршілігінің төмендігімен, олардың өзбек халқымен аралысып жойылып бара жатқандығымен және ондағы негізгі ұлт өкілдері тарапынан қазақтарға жасалынып отырған қысымшылық пен қуғын-сүргіннен туындап отырғанымен түсіндірді. Мәжіліс екі делегация өкілдері тарапынан жасалған баяндамаларды қолдап, оның негізінде қаулы қабылдап, тиісті құзырлы органдарға тапсырмалар берді.

1924 жылы Орта Азия бюросы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік құрылыстың күрделі мәселелерін шешуге байланысты межелеу кезінде күрделі қиындықтармен кездесті. Үлкен қалалардың бірі республикаға өтуі талас тудырып, республикалар мен облыстар ішінде “автономиялы қалалар”, ұлттық анклавтар мен автономиялы ұсақ бөлшектер құру жобалары ұсынылды. Сонымен қатар, осы кезде Ташкент қаласының айналасында екі республика комиссиялары арасында үлкен талас туды. С.Қожанов бастаған топ Ташкентті қазақ автономиясына қарату керек деген ұран тастады. Ол осы қаланың тарихында Ташкенттің он екі қақпасын қазақтар билеген, Төле би және қазақтың басқа да атақты билерінің осында жерленгенін тілге тиек етті.

Ұлттық-территориялық межелену негізінде ТАКСР-ның бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының көптеген жерлері Қазақ АКСР-іне қарайтын болды. 1924 жылы қарашадан бастап бұл облыстарды басқару ісін республика үкіметі құрған революциялық комитет жүргізді. Қазақ АКСР-іне қосылған жеке уездер мен болыстардың шекарасын анықтау бірнеше айға жалғасты. Межелеудің қортындысы бойынша Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері және Әулиеата уезінің көбі, Сырдария облысындағы Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқанд облысы, Жизақ уезінің көшпелі алты болысы өтті. Жетісу облысынан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уездінен Георгиев, Шу, Қарақоныс болыстары қосылды. Осының нәтижесінде Қазақ АКСР-інің территориясы 797,9 мың шаршы шақырымға жуық, яғни үштің біріне ұлғайып, 2,7 млн. шаршы шақырым құрады. Ол Орталық Азияның межеленген жерлерінің 45,7% еді (оның ішінде 112мың шаршы шақырым Қарақалпақ автономиялы облысының жері болды). Ал халқы 1млн. 468 мың адамға өсіп, оның жалпы саны 3 млн. 986 мыңға жетті. Жаңа шекарадағы Қазақ АКСР-інің жері Өзбек КСР-і жерінен 5,5 есе, Түркімен КСР-і жерінен 4 есе үлкен, халқы тиісінше 1,5 және 5 есе көп еді. “Сондықтан да соңғыларымен тең дәрежеде, тәуелсіз республика ретінде, келісімшарттар негізінде, КСРО құрамына кіруі керек”, − деді Қазобком пленумының қаулысында. Пленум аяқталған күннің ертесінде, 29 қыркүйекте ҚазОАК-тің 3 сессиясы ашылды. Сессияда Қазақстанның Түркістан республикасындағы толық өкілетті өкілі Т.Жүргенов баяндама жасап, межелеу нәтижелерін шешуі күрделі болып тұрған жәйттерді түсіндірді. “Егер Ташкент туралы мәселені шешу кешіктірілген жағдайда үкімет Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығын ауыстыруға шара қабылдауы керек”, - деген ұсыныс айтып, оны жан-жақты дәйектеді. Сессияның қаулысымен бұл ретте үкіметке тиісті тапсырма берілді. “Ташкент алқабы мен Ташкент қаласының бүкіл қазақ даласы үшін маңызы зор екенінін және елеулі ықпал тигізетінін ескере отырып КСРО орталығына Ташкент қаласын беру БОАК-тің 2сессиясынан сұралсын”,- деген қаулы қабылданды. РК(б)П ОК Орталық Азия бюросы мен оның территориялық комиссиясындағы дау-дамай, пікір таласты ескергендіктен, қаулыға: “Өзбектердің Ташкент қаласымен “Ескі бөлігі” жайындағы талаптарын әділ деп таба отырып, оны Өзбек КСР-іне беруге болады деп саналсын, бұл ретте Қазақ АКСР-іне Ташкенттің “Жаңа бөлігі” берілетін болсын ”, -деген шешім жазылды. Алайда, Қазақстанның ең жоғарғы билігі шығарған үкіметтік-партиялық қаулыларды Мәскеу ескерусіз қалдырды.

Қазақстан және Орта Азия республикалары мен облыстарының партия ұйымдары барлық ұлттардың еңбекшілеріне кеңес мемлекетінің ұлттық саясатында шағын ұлттарды кеміту, олардың мүдделердің тежеу дегенің ешқандай формада мүмкін емес екендігін және территорияны шамадан тыс бөлшектеу ұсақ-ұсақ автономиялы бөлшектерді қолдан жасау шағын ұлттардың өздерін экономикалық әлеуметтік жағынан өркендетуіне теріс әсерін тигізетіндігін түсіндірді. ТАКСР-ін ұлттық территориялық межелеуді бүкіл халық болып талқылау барысында қарақалпақ еңбекшілері Хорезм республикасы Ходжелі облысының қарақалпақтармен қосылуға, Қазақ АКСР –інің құрамында Қарақалпақ автономиясын құруға тілек білдірді. 1924 жылы 16 қыркүйекте Түркістан ОАК-тің ІІІ төтенше сессиясында ТАКСР-ін ұлттық-территориялық межелеу барысында, оның құрамында қазақ облыстарына Қазақ АКСР-і құрамына қосылу құқық берілді.

1924 жылы 11 қазанында РК(б)П ОК саяси бюросының кезектен тыс мәжілісі болып, оған барлық республикалар мен облыстардың өкілдері шақырылды. Онда Орта Азиялық республикаларының партия және кеңес органдарының баяндамалары мен РК(б)П ОК-нің комиссиялық қосымша баяндамасы тыңдалды. Осы өкілетті жиында экономикалық межелер және мемлекеттер қорлары мен қаржыларын жаңа республикалармен автономиялы облыстарға бөлу тәртібі белгіленді. Осы РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде Ташкент Өзбекстанға беруді ұйғарды.

1924 жылы 27 қазанда КСРО Конститутциясына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясы қаулы қабылдады. “Ұлттардың өзін-өзі билеу принципі ” бойынша ТАКСР-і мына республикаларға: құрамында автономиялы Тәжік Кеңестік Социалистік Республикасы бар Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасына, Түркмен Кеңестік Социалистік Республикасына, РКФСР құрамына енетін Қарақырғыз автономиялы облысына бөлінетіндігі және Түркістанның қазақ бөлігінің РКФСР құрамына кіретін Қырғыз (Қазақ) Автономилы Кеңестік Социалистік республикасына қосылуы туралы қаулысы бекітілді. Ал қазақ-өзбек шекарасы мәселесіне келетін болсақ, екі елдің комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартыс мәселелерінен кейін шекара анықталып, Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы шекара Ташкент және Мырзашөл уездері арқылы анықталды. Ташкент Өзбек КСР-інің құрамына өтіп, оның астанасы аталды. Жаңа құрылған автономиялы республикалар мен облыстар заң жүзінде бекітілді. Осы мәжілісте КСРО Орталық Атқару комитеті “еңбекші халықтың өз еркін білдіру жоғарғы заң болып табылады” деп атап көрсетіп ОАК Төралқасына талаптарға сай рәсімдеуін жүзеге асырып тапсырды. Жер-суы, халқы бірігіп іргесі кеңейген үлкен Қазақ Республикасы Кеңестерінің съезі Ақмешітте 1925 жылы сәуірде өтті. “Кеңестердің Бесінші съезі Қазақ Республикасы ғұмырындағы елеулі бет-бұрыс болды. Бұл съезді біз бірінші съезд деп атаймыз”, −деді съезд делегаты, Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет