ӘӨЖ: 008:(874.5) "19" Қолжазба құқығында
АБДРАЗАКОВА АЛМАГҮЛ УМУРЗАКОВНА
Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени дамуы: тарихи тәжірибе мен тағылым
(1917-1941 жж.)
6М011400 - Тарих мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі
академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының
РЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Қызылорда, 2013
Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Тарих, құқық және экономика институтының «Тарих, саясаттану және әлеуметтану» кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының кадидаты
Аңсатова М.Н.
Ресми оппонент: тарих ғылымдарының кандидаты
Серікбаев С.
Диссертация 2013 жылы «3» маусым сағат 9.00-де Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді (Мекен-жайы 120014, Қызылорда қаласы, Тарих, құқық және экономика институты, №1 оқу ғимараты, № 206 дәрісхана)
Диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Бұл магистрлік диссертацияда Оңтүстік Қазақстан өңірінің 1917-1941 жылдар аралығындағы мәдени дамуының жаңа тарихи – теориялық мәселесі қарастырылады.
Тақырыптың өзектілігі. Оңтүстік өңір мәдениетінің тарихында ХХ ғасырдың 20-40 жылдары айрықша орын алады. Социалистік құрылыстың алғашқы 5-10 жылында Қазақстанның, оның ішінде оңтүстік өңірдің де мәдени саласына қауырт өзгерістер келгені ақиқат. Миллиондаған адамдар сауатын ашып, мәдени құндылықтарды игеруге ұмтылыс жасады. Жаппай сауатсыздықпен күресу, жаңадан оқу орындарын ашу, мәдени – ағарту мекемелерінің жүйесін кеңейтуге зор мән берілді. Бұрын оқу – білімнен алыс тұрған кедей – кепшіктер өмірінде тұңғыш рет қолына кітап алып, газет – журналдардың бетін ашуға кірісті. Осының нәтижесінде, дүниетанымы большевиктік құндылықтарға бейімделген жас ұрпақ өсіп шықты.
Мәдениеттегі жаңа кезеңнің күнгейімен қатар көлеңкелі тұстары да аз емес еді. Олардың қатерлісі және үлкен зияндар әкелгені рухани өмірге өктемдіктің, әміршіл - әкімшіл тәсілдің қолданылуы деп білеміз. Большевиктік басшылық сөз жүзінде мәдениеттің сан – алуандығын мойындағанымен, іс жүзінде өз қағидаларынан тайып кетті.
Тоталитарлық жүйенің мәдениет саласындағы ауыр қылмысы зиялы қауымға көрсеткен зорлық – зомбылығы мен қуғын – сүргіні еді. Мәдениетті дамыту мен басқарудың кеңестік моделі ұлыстық, аймақтық, ұлттық ерекшеліктерді ескермеді. Осылайша ХХ ғасырдың 20-40 – жылдарындағы мәдениет теориясымен практикасының қайшылықтары большевиктердің өздері күтпеген нәтижелеріне алып әкелді. Бір жағынан халықтың білімі, кәсіби даярлығы өссе, екінші жағынан сол халықтың шынайы мәдени құндылықтарға ұмтылысына шек қойылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұл турасында «Тарих толқынында» деген еңбегінде: «Ұлттық сипаттың барлық көріністері үшін тоталитаризм әсіресе апатты болды. Жүздеген және мыңдаған жылдар бойындағы ұлттық тарих оның небір нәзік, небір шетін айшықтарымен қоса соншалықты өрескел озбырлыққа душар болды. Не бір кемеңгер билікшілері мен не бір ғажайып өнерпаздары бар қазақ даласының нақты тарихы бүкіл дүниені түп-түгел қайта құрудың жаңа доктринасы шеңберінде тек құны жоқ қайдағы бір «жабайы тағылық» ретінде қайта жазылды. Ал шындығына келгенде, нақты қазақ тарихы таптық талдаудың ұстындары мен әдістемелік кілтипандарынан қиян шалғайда жатыр – деп ойын білдіреді [1, 226-227 бб.].
Міне, ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылдығында орын алған осынау мәдени революцияның тарихи тәжірибесін, тағылымын, табыстары мен кемшіліктерін өрескел бұрмалауларын, халық санасына тигізген әсерін оң зерделеудің ғылыми танымдық қана өзектілігі бар десек ақиқат жолынан аттағанымыз. Себебі кешегі тоталитарлық дәуірде жарық көрген зерттеулерде Қазақстандағы және оның барлық аймақтарындағы мәдени құрылыстың тарихы сыңаржақ жазылып келді. Бұған ғалымдар кінәлі еместін. Бар билікті қолына жинақтаған коммунистік партия өзінің теориясы мен практикасын тек дәріптей зерттеуді талап етті. Әр затты өз атымен атауға азаттық арқасында ғана қол жеткіздік. Басқаша айтқанда социалистік мәдениеттің барын да жоғын да әділдік таразысына салып өлшейтін жағдай енді туды. Осының өзі біз қолға алып отырған тақырыптың өзектілігін анықтайды деп білеміз.
Зерттеу тақырыбының және бір өзектілігі әр өңірге тән ерекшеліктер мен өзгешеліктерді ашуға саяды. Егер бұл қағиданы оңтүстік өңірге байланысты тарқатар болсақ, мынадай жағдаяттарды көреміз. Біріншіден, кеңестік құрылыстың барша кезеңінде оңтүстік өңір халқының негізгі денін қазақтар құрап келді. Бұл да мәдениетке оң әсерін тигізбей тұрмады. Сондықтан да демографиялық құрамында орыстар басым түскен кейбір аймақтарда ұлттық салт – дәстүрлер, әдет – ғұрыптар, мәдени үрдістер солғын тарта бастаса Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарында бұл кереғар құбылыс тамырын тереңге жібере алған жоқ.
Екіншіден, оңтүстік аймақта өзбек, дұнған, қырғыз ағайындардың ежелден келе жатқан мәдени ынтымақтастығы мен байланысы сақталып қала берді. Оңтүстіктен шыққан тұлғалардың өзбек, қырғыз, түрікмен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі туралы да көп айғақтар келтіруге болады. Мәдениеттегі тап осындай тарихи – табиғи үндестікті Қазақстанның басқа өңірінен кездестіре қою әсіресе, кеңес заманына байланысты алға тарту өте қиын.
Бұл қарастырылып отырылған магистрлік дисертация тақырыбының маңыздылығы – Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің тарихына қоғамдық шығармашылықтың қызығушылығының өсуімен түсіндіріледі. Яғни тарихымыздағы ақтандақтарға объективті түрде баға беру қоғамның мәдени дамуының факторы екендігінде дау жоқ. Осыған орай, бүгінгі күнде әр аймақтың мәдени даму ерекшеліктерін зерттеу дәстүрге айналып, тарихта ерекше көрініс беріп, қолдау табуда. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан мәдениетінің ХХ ғасырдың 20 - 40 – жылдардағы даму тарихын арнайы дербес тақырып ретінде зерттеу – ғылыми – танымдық тұрғыдан да, қолданбалы бағыты бойынша да өзекті болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кеңестік Қазақстан мәдениетінің тарихнамасы мейлінше ауқымды. Бұл кезеңдегі мәдениет тарихы отандық тарихнамада жан – жақты зерттелгенмен, объективті тұрғыдан енді ғана зерделеніп келеді. Қарастырылып отырған жылдардағы Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени дамуы, өзінің проблемалық негізінде белгілі деңгейде ғылыми танымдық, практикалық маңыздылығын әлі де жойған жоқ. Бұл зерттеп отырған жылдардағы мәдени құрылыстың тәжірибесі алғаш рет партия, кеңес басшыларының еңбектерінде тұжырымдалды. Нақты айтар болсақ, Л.И. Мирзоян, О. Исаев, Т. Жүргенов т.б. қазақ даласындағы мәдени қайта құрудың мәнін, барысын, нәтижелерін, кемшіліктерін газет – журнал беттерінде, баяндамаларында, кітапшаларында жазды.
Сөз жоқ, бұл жарияланымдар ғылыми тұрғыдан алғанда өте құнды. Оларда заманының ұғым – түсінігі, идеологиясы, тартысы, нақты мәліметтері айрықша көзге түседі. Дегенмен, партия, кеңес басшыларының қаламынан туған жарияланымдарда, біріншіден, бүкіл қазақстандық мәдени үрдіс қарастырылады. Оңтүстік өңірге қатысты жүйелі, арнайы талдау берілмейді. Екіншіден, тарих тәжірибесін ізі суымай жатып таразыға салған асығыстық іс болады. Мұның сыртында өткен ғасырдың 20-40 – жылдарында еркін ойлау мүмкін болмағандығын, идеологиялық өктемдік салтанат құрып тұрғандығын бір сәтке де естен шығармауымыз керек.
Қазақ қоғамының білім мен мәдениетке тартылуы С. Нұрпейісовтың [2], ал сауатсыздықты жоюдағы бастауыш білім берудің орны мен мұғалім кадрларының даярлануы Г. Березаның [3-4] еңбектерінде біршама дәйекті ашылған.
30-шы жылдары бұл проблеманы зерттеу бір жағынан қауіпті да еді. Өйткені қазақ халқының сауатын ашу, ұлттық санасын қалыптастыру Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың қызметімен тікелей байланысты еді. Қазақ алфавитін жасау, оқулықтар шығару, қазақ тілін зерттеп, дамыту сияқты келелі проблемаларды нақты дер кезінде А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Садуақасов және т.б. сияқты репрессияға ұшыраған қайраткерлер шешкені мәлім.
Мәдениет тарихын кешенді зерделеу шын мағынасында Ұлы Отан соғысынан кейін қолға алынды. Тап осы кезеңде жоғары оқу орындары құрамында тарих факультеттері ашылып, 1945жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институты шаңырақ көтергендіктен тарих ғылымына кәсіпқой зерттеушілер келгені объективті шындық. Бұл дәстүрдің басында Ә. Қанапин [5-6], Ш. Тастанов[7], Р. Сүлейменов [8-9], Х. Бисенов[10], сынды тарихшы ғалымдар тұрған еді. Ғалымдар өз еңбектерінде Қазақстан мәдениеті, ғылымы мен өнерінің дамуы туралы бай материалдарға талдау жасап қазақ халқының мәдениет, өнердегі табыстары мен жетістіктеріне, кемшіліктеріне баға берді.
Қазақстан мектебінің тарихы Ә. Сембаев [11], Ғ. Сапарғалиевтің [12], Г.М. іргелі зерттеулерінде қарастырылады. Ал Қазақстан жоғары мектебінің тарихы Қ.Ж. Жаманбаевтың [13] еңбектерінде тұжырымдалған.
1957 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген Е.Ривлин және У.Тұралиев жазған «Народное образование в Кызылординской области» атты еңбектің құндылығы біз қарастырып отырған өңірдегі білім беру ісі туралы алғашқы мәліметтер бір аймақ төңірегінде, яғни тек Қызылорда облысы тұрғысында беріледі.
70 – жылдардың екінші жартысы және 80 – жылдардағы отандық тарихнамада пайда болған тарихи мәдениеттанудан зерттеулер жоғарыда аттары аталған аға буын ғалымдардың бейнелеп айтсақ, шинелінен шыққандар. Бұл жылдары Қазақстан мәдениетінің тарихы кандидаттық және докторлық диссертацияларға арқау болып, негізінен салалық принциппен зерттелді. Мәселен, жұмысшы факультеттерінің тарихы Н.Т. Кенжебаевтің [14], 20 -30 – жылдардағы мәдени саясаттың тарихы Р.Балғозинаның [15], сауатсыздыққа қарсы күрестің тарихы Ш. Біткенбаеваның [16], қыздарға білім берудің тәжірибесі К. Құнантаеваның [17] диссертациялары мен еңбектерінде зерделенді.
Республиканың мәдени дамуы, қазақтың шығармашылық интеллигенциясының қалыптасу мәселелері, тарихи тәжірибесі Х.М. Әбжанов Л.Я. Гуревич [18] еңбектерінде зерттелген.
Сауатсыздықтың қалың жайлаған аймағы ауыл – селолар болғаны белгілі. Зерттеушілер Ш.К. Біткенбаева , Т. Омарбековтің жарияланған еңбектерінде сауатсыздық жайлаған ауыл – селолар мәселесі жаңа қырынан талданады.
90 - шы жылдардың басында мәдени революцияның тарихнамасына арналған Р.Б. Сүлейменовтың ғылыми мақаласы жарияланды. Автор мақалада мәдени құрылыстың кезеңдеріне тоқталып, оның проблемаларын анықтаған [19].
Тәуелсіздікке қол жеткен соң ұлттық тарих ғылымы қайта түледі. Академиктер М. Қозыбаев [20], К. Нұрпейісов [21], зерттеуші ғалымдар М. Қойгелдиев [22], Т. Омарбековтің [23] қаламынан шыққан еңбектерде ХХ ғасырдың 20-40 - жылдарындағы Қазақстан мәдениетіндегі түбегейлі өзгерістердің болмыс - бітімі, тапқаны мен жоғалтқаны, идеологияланғаны мен саясаттанғаны бұрын-соңды беймәлім құжаттар негізінде ашылды. Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметі Тұрсын Хазретәлі Маханұлының диссертациясында зерделенді.
Дегенмен, тәуелсіздік жылдарындағы мәдениет тарихына арналған зерттеулерінде Оңтүстік Қазақстан өңірінің 1917-1941 жж. аралығындағы рухани өмірі арнайы зерттеу объектісі болмаған.
Түркістан қаласының 1500 жылдығы мен Тараз қаласының 2000-жылдығына арналған салтанатты мерейтойлар қарастырып отырған тақырыптың тарихнамасында елеулі із қалдырды. Мәселен, Түркістанның мерейтойына арнап кітаптар, жинақтар, мерзімді басылымдарда сан алуан мақалалар жарияланды, сондай – ақ қарастырып отырған мәселе бойынша аймақтық тұрғыда жаңа құнды мәліметтерді қамтыған «Түркістан» атты халықаралық энциклопедия жарыққа шықты.
Ал, тарих ғылымдарының докторлары, профессор Х.М. Әбжанов [24-27], Д.Махат [28] отандық тарихнамадағы өзіне дейінгі интеллигенция тақырыбына жазылған еңбектерді жүйелеп, тың зерттеулер ұсынды. Ұлттық зиялылардың қуғынға ұшырауы тақырыбы Б. Қойшыбаевтің [29], Бәкіровтің [30], К.Есмағамбетовтің [31] еңбектерінде кең көрініс тапты.
Сондай – ақ, ХХ ғасырдың 20 - 30 жылдарындағы мәдени құрылыстың жетістіктері мен кемшіліктері соңғы жылдары қорғалған Ф.К. Қайырханова, Қ.Қ Ахметов, С.М. Түменовалардың диссертациялық зерттеулерінде жан – жақты қарастырылған. Байқағанымыздай, бұлардың бірде – бірінде Оңтүстік Қазақстан өңірі мәдениетінің ХХ ғасырдың 20-40 – жылдарындағы даму тәжірибесі мен тағылымы сөз болған емес.
Бірен – саран мәліметтер, оңтүстік өңірдің ХХ ғасырдың 20–30 жылдардағы мәдени өмірінен сипаттамалар 2010 жылы жарық көрген бес томдық Қазақстан тарихының төртінші томында кездеседі.
Сонымен мәселенің тарихнамасына жасалған қысқаша шолу Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени даму тарихы әлі де жеткіліксіз зерттеліп отырғанын көрсетеді. Сондықтан да аталмыш проблеманы біз диссертациялық жұмыстың арқауы етіп алдық. Өйткені мәдениет тарихынан жарық көрген зерттеулердің негізгі денін коммунисттік иделогияға сай жазылған зерттеулер құрайды. Әзірге мәдениеттің тағдырына тоталитарлық өктемдік әкелген қасірет объективтік ақиқат биігінен зерделенбей жатыр. Бұл Оңтүстік Қазақстан өңірі мәдениетінің тарихына да тікелей қатынасты. Сондықтан, бұл мәселе бүгінгі таңда өзекті және оны зерттеу ғылыми ізденістің маңызды бағыты болып табылады.
Диссертациялық жұмыстың нысаны ретінде ХХ ғасырдың 20-40 – жылдарында Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени дамуы алынды. Осы аталған кезеңде республикада қалыптасқан қоғамдық - саяси, әлеуметтік – экономикалық факторлардың өлкенің даму жағдайына, мәдени өміріне тигізген әсері зерттеу жұмысының пәні болып табылады..
Зерттеу жұмысының мақсаты. Кеңестік кезеңдегі мәдениеттің құндылықтары мен мазмұнына тән үрдістерді және тағылымды Оңтүстік өңір мысалында көрсету. ХХ ғасырдың 20 - 40 жылдарында Оңтүстік өңірде жүзеге асырылған кеңестік мәдени революцияның ішкі заңдылықтары мен кезеңдерін, қайшылықтары мен нәтижелерін, аймаққа ғана тән ерекшеліктерін бұрын ғылыми айналымға ене қоймаған тарихи деректер негізінде жан – жақты зерттеп, жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан объективті баға беру болып табылады.
Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылып отыр.
- ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірінің қоғамдық – саяси, мәдени – рухани ахуалын анықтау;
- Оңтүстік өніріндегі сауатсыздықты жою науқанының барысын, сипатын, мәні мен мазмұнын және мақсатын айқындау;
- қазақ қоғамының арасындағы сауатсыздықты жоюдағы қиыншылықтар мен қайшылықтарды ашу;
- білім беру ісінің даму деңгейін көрсету;
- Оңтүстік өңірде орныққан мәдени – көпшілік жұмыстардың түрлері мен тәсілдерін ғылыми танымның тарихилық принципі негізінде зерделеу;
- кеңес өкіметінің әдебиет пен көркем мәдениеті салаларында жүргізген шараларын тарихи деректер негізінде айқындай түсу;
- Оңтүстік өңір зиялыларының өсу жолдарын, құрамы мен санын талдау;
- әміршіл - әкімшіл жүйенің ұлттық мәдениет құндылықтарына әкелген зардабы мен зиянын әшкерелеу.
Зерттеу жұмысының теориялық - методологиялық негіздері. Тарихи танымның методологиясы түбегейлі өзгерістерге толы қазіргі кезеңде әр зерттеушінің ұстанымы болатыны табиғи құбылыс. Мемлекеттегі барша құбылысты қоғамдық – экономикалық фундаментімен, меншік түрімен, белгілі бір таптың үстемдігімен байланыстырған кеңестік – коммунистік қағидалар ендігі келмеске кетті. Өз зерттеуімізге біз ғылыми танымның басты ұстанымы, методологиялық қағидасы ретінде мәдени және рухани құндылықтарды бірінші кезекке қойып отырмыз. Ғылыми танымның объективтілік, тарихылық, жүйелілік, дамушылық тәрізді әмбебап принциптерін де қаперден шығармадық.
Сонымен қатар автор тарих ғылымында енді орныға бастаған жаңа методологиялық тұжырымдарға арқа сүйеді. Атап айтар болсақ, адамзат баласының дамуы екі жолды білетінін басшылыққа алды. Бірінші жол – қоғамның табиғи – тарихи ырғақты даму жолы. Екінші жол – қоғамның сырттан күшпен танылған зорлыққа толы жолы. Автор ұстанған келесі методологиялық тұжырымның мәнісі әлемдік өркениеттен тыс қалған елде ұлттық мәдени өркендеу шектеулі шеңбер аясында қалатынын естен шығармау болып табылады.
Зерттеудің методологиясын анықтағанда мәдениеттегі сабақтастық пен жалғастықтың қандай дәрежеде жұмыс істегенін ашуға баса назар аударылды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен ұлт тарихына жаңаша ұстанымдарын қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Ақиқаттың ақ жолы» еңбектері және жаңа бағыттағы ғылыми ой – пікірлер мен тұжырымдар негізге алынды.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізін мұрағаттық құжаттар мен жарияланған жазба тарихи деректер құрады. Тақырыпқа байланысты пайдаланылған деректерді деректану ғылымының қағидаларын негізге ала отырып шартты түрде төмендегідей топқа бөліп қарастыруға болады:
Бірінші топқа зерттеу жұмысына негіз болған ғылыми құндылығы аса жоғары мұрағат құжаттары жатады. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының қорынан табылған құжаттар мен материалдар. Айталық, 1917-1925 жылдар аралығындағы Оңтүстік өңірдің мәдени өміріне қатысты құжаттай деректер Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы Түркістан АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 25 - қоры, Түркістан АКСР Орталық Атқару комитетінің 17 - қоры, Түркістан АКСР Халық Ағарту Комиссариатының 34 - қорларынан алынды. Өйткені, сол жылдағы Қазақстанның қазіргі Оңтүстік облыстары (Қызылорда, Шымкент, Жамбыл) Түркістан Республикасы Сырдария облысының құрамында болды. Аталған облыстарға қатысты кеңестік дәуірдегі құжаттай деректер 1925 жылдан, яғни, 1924 жылғы ұлттық – мемлекеттік межелеу нәтижесінде Түркістан Республикасының Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері толығымен, Әулиеата уезінің 24 болысы Қазақ Республикасына біріктірілгеннен кейін басталады.
Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатынан 1925-1941 жылдар аралығындағы Оңтүстік өңірде жүргізілген мәдени іс-шаралар, сауатсыздықпен күрес барысындағы қиыншылықтар мен кедергілер, мектеп ісінің көтерілуі, кәсіптік-техникалық білім беру ісі, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарының қалыптасуы, дамуы, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20–40 -жылдарында өңірге тән қалыптасқан мәдени – көпшілік жұмыстың формалары – қызыл шайхана, оқу үйлері, диқаншы үйлері, қызыл отаулар, т.б. қалыптасуы, қызметі жайлы құнды құжаттар мен материалдар алынды. Яғни зерттеу жұмысында осы мұрағаттың мынандай қорларының деректері қолданылды: 81 -қор - “Қаз ССР Халық Ағарту Комиссариаты”, 766 - қор - “Сауатсыздықты жою” қоғамының өлкелік кеңесі , 769 - қор - «Қосшы» одағының өлкелік комитеті, 1692 - қор - Қаз ССР Халық Ағарту министрлігі, 755 - қор - Орта Азиядағы Қаз ССР өкілділігі, 849 - қор - Сырдария облыстық Революциялық комитеті.
Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатты: 1- қор –“Қаз ССР Халық Ағарту Комиссариаты”, , 190 - қор – “Қызылорда округтік ауыл шаруашылығы ұжымының Одағы”. Бұл қорлардан қазақ мәдениеті мен ғылымның дамуына байланысты көп деректер алынды. Осындай мұрағат қорларындағы тарихи құжаттар зерттеу жұмысымыздың негізгі деректік көздерін құрады.
Екінші топта статистикалық есептер, шолулар мен санақ жинағы сияқты жарияланған материалдар есепке алынды. Оңтүстік өңірдің мәдени әлеуетінің өсу деңгейін анықтауда түрлі жылдарда жүргізілген халық санақтары да мол мәлімет берді. Бұл орайда 1920 - жылғы бүкілресейлік халық санағы, 1926, 1939 - жылдардағы бүкілодақтық халық санақтарының мәліметтері пайдаланылды. Сондай-ақ Оңтүстік өңірінің әр жылғы шолуларын өзара салыстырып талдау арқылы мәдени даму анықтауға болады «Весь Казахстан. Справочная книга», (1931), «Народное хозяйство Кызыл - Ординской области», Статистический сборник. (1968), «Народное хозяйство Казахстана за 60 лет». Статистический сборник. (1980)т.б. бар.
Үшінші топқа жүйелі түрде осы кезеңде өзекті болған мәдени мәселелерін көтерген мерзімді баспасөз материалдары кірді. Қазақстан Республикасы ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қорлар бөлімінен ХХ ғасырдың 20 - 30 жылдарында араб, латын, кириллица әліпбиімен шығып тұрған “Еңбекші қазақ”, “Лениншіл жас”, “Советская степь”. “Социалды Қазақстан”, “Қазақстан большевигі”, “Ауыл тілі”, “Ақ жол”, “Оңтүстік Қазақстан” сияқты мерзімді басылымдарда жарияланған материалдар қарастырылып, молынан қолданысқа түсті. Қазақ зиялыларының халық арасындағы белсенді жұмысының жаршысы болған бұл газеттерде сол кездегі өзекті деген халық ағарту ісі, сауатсыздықты жою мәселесі, мәдениет мәселелері көтерілген.
Төртінші топқа жарияланған құжаттар жинақтары жатады. Өңір мәдениетінің тарихынан мол құжаттар әр жылдары жарық көрген құжаттық жинақтарда шоғырланған. Олардың ішінде «Культурное строительство в Туркестанской АССР». Сборник документов, (1973), «Культурное строительство в Казахстане», Сборник документов, (1965) , «Культурное строительство КазССР за 20 лет», (1940), Алаш қозғалысы: құжаттар мен материалдар жинағы.
Бесінші топқа анықтамалық энциклопедиялар мен өлке тарихына қатысты барлық анықтамалық әдебиеттер енді .
Зерттеу тақырыбының хронологиялық шеңбері мен территориялық қамту аймағы. Диссертациялық зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1917-1941 жылдар аралығын қамтиды. 1917 жыл Қазақстан тарихының барысын күрт өзгерткен қазан төңкерісімен ерекшеленеді. Ол қазақ мемлекеттігін құруға, әкімшілік – аумақтық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. 1917-1941 жылдардағы өңірдің мәдени тарихы ілгерілеулер мен іркіліске толы. Ол ішкі байланысы, барысы мен нәтижелері тұтасып жатқан кезең ретінде зерттелуге лайық.
Ал территориялық қамту аймағына келер болсақ: Оңтүстік Қазақстан өңірін, яғни, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарын қамтиды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Біріншіден, бұрын зерттелмеген және жаңа құжаттарға, баспасөз беттерінде жарияланған материалдарға сын көзбен қарау негізінде ХХ ғасырдың 20–40 -жылдарындағы Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени дамуын, өңірде жүзеге асырылған кеңестік мәдени революцияның ішкі заңдылықтары мен кезеңдерін, қайшылықтары мен нәтижелерін, аймаққа ғана тән ерекшеліктері талданды. Екіншіден, ізденушінің тоталитарлық жүйенің ұлттық мәдениет құндылықтарына әкелген зардабы мен зияны және қоғамды басқару тәсілдеріне тарихи шынайы баға беріліп, жаңаша ойлау тұрғысынан зерттелді.Үшіншіден, мәдени құндылықтарды дүниеге әкелуші зиялылар қауымы екенін басшылыққа ала отырып, ХХ ғасырдың 20 – 40 - жылдарында оңтүстік өңірде социалистік типтегі мәдениетті орнықтыруда, оны халық игілігіне айналдыруда айтулы үлес қосқан қайраткерлердің өміріне және әлеуметтік практикасына қатысты жаңа пайымдаулар жасалды.Төртіншіден, көптеген мұрағаттық деректер мен құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. 1917-1941 жылдардағы Оңтүстік Қазақстан өңірінің мәдени дамуының ерекшеліктерін ашуға байланысты мына мәселелер қорғауға ұсынылады.
- Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі мәдени үрдіс Қазақстандағы мәдени құрылыстың құрамдас бөлігі ретінде, республиканың әлеуметтік – экономикалық және саяси негіздерінің біртектестігін айқындады;
- кеңес өкіметінің мәдени шаралары ұлттық тұрғыда емес, таптық тұрғыда жүргізілді. Партияның нұсқауларын бұлжытпай орындауға міндеттелген қоғамдық ұйымдар мен мәдени мекемелер оның іске асуына жағдай туғызды.
- ХХ ғ. 20-40 жылдардағы мәдени салада жүргізілген реформалар (алфавитке байланысты) қазақ халқының мәдени дамуына кері әсерін тигізді.
- кеңестік тұрғыдағы мәдени жүйе мен құндылықтарды қалыптастыру барысында оңтүстік өңірде орын алған бұрмалаулар мен өктемдіктер зардабы анықталып, қоғамның интелектуалды әлеуетін бәсеңдетті.
- Оңтүстік өңірдегі қазақ ұлттық интеллигенциясы мәдени – шығармашылық орталықтарының қызметін атқарды.
- Қай қоғамда болмасын мәдениеттің өресі мен нәтижелері мемлекет ұстанған идеологияға орай орнығады. Мәдениетте бір ізділік және абсолютті ұқсастық болуы мүмкін емес. Әр аймақтың ерекшеліктері мен өзгешеліктері сақталып қала береді. Оңтүстік өңірінде сақталған салт - дәстүр, әдет – ғұрыптар өзіндік мәдени дамуына әсер етті.
Диссертацияның қолданбалы маңызы. Диссертацияда қолданылған материалдардың басым бөлігі ғылыми айналымға тұңғыш рет түсіп отыр. Зерттеу пайымдаулары мен қорытындылары республика көлемінде жоғары оқу орындары үшін Қазақстан тарихы, мәдениеттану пәндері бойынша лекциялар курсын және арнайы курстар, оқулықтар даярлағанда қолдануға болады. Зерттеу жұмысында түйінделген тұжырымдар, ғылыми айналымға енгізілген деректер мен құжаттар оңтүстік өңірі тұрғындарының арасында үгіт – насихат жұмыстарын жүргізуге септігін тигізіп қана қоймайды, сондай-ақ олардың дұрыс тарихи санасын қалыптастыруға да қызмет ете алады.
Зерттеу қағидалары мен қорытындылары мәдениет тарихындағы күні бүгінге дейін сақталып келген ақтаңдақтарды жоюға жәрдем береді деп ұғамыз. Өйткені Отан тарихындағы ақтаңдақтар туралы жалпы Қазақстандық зерттеулерде көп айтылғанымен әлі жеткіліксіз дәрежеде қалып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |