8-дәріс. XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ құқығы. Мақсаты: XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ құқығының ерекшеліктерімен таныстырып, ажырата білуге үйрету
Жоспары: 1.Қазақ құқығының сипаттамасы және ерекщеліктері.
2.Қазақ құқығының зерттелуі және оның негізгі кезеңдері.
3.Қазақ құқығының алғашқы жүйеленуі.
4. Қазақ құқығындағы меншік қатынастары.
Негізгі ұғымдар: Әдет-ғұрыптар – адат, сот-процеденті, шариғат нормалары, келісім-шарттың ерекше түрі – айырбас, хан мен сұлтандар.
1.Әдет-ғұрыптар – адат. Ауызша әдет-ғұрып ең көне заманнан, рулық қауымның қалыптасуынан бастау алады. Таптық қатынастардың күшейіп, әлеуметтік жіктелудің артуына орай ауызша әдет-ғұрыптар құқықтық сипат алып билеуші топтардың мүддесіне қызмет ете бастады.
Қазақ қоғамында малға жеке меншік адат нормаларымен реттеліп отырды. Азаматтардың сатуға, айырбастауға, сыйлауға және мұраға қалдыра алатын мүлкінің бәрі де жеке меншік заттары болып табылды. Ал жерге жеке меншік XIX ғасырға дейін болмады.
Қазақ қоғамында келісім-шарттар ауызша жүргізілді. Келісім-шарт жүргізудің өз шарты болды. Келісім-шарт жасау уәде беру, ант ету, куәлердің алдында келісім жасау т.б. жолдар арқылы жасалды.
Келісім-шарттың ерекше түрі – айырбас. Айырбас заттарды қолма-қол ауыстырғанда жасалды. Айырбас немесе сауда жағдайында өлшем бірлігі ретінде мал есептелді. XIX ғасырға дейін ақша өлшем бірлігі ретінде пайдаланылмады.
Сауын, келісімнің ерекше түрі. Ауқатты адамдар кедей руластарына сүтін сауып пайдалану үшін малын берген. Сауын алған адам оны берген бай адамға жұмыс істеп беруі тиіс болды. Сауын кедей адамдардың аш-жалаңаш қалмауына себеп болды.
Жылу жинау. Жұтқа ұшыраған немесе стихиялық сипатқа ұшыраған қоғам мүшелеріне руластарының, ауылдастарының мал немесе мүліктей беретін жәрдемі. Жылу мүлкі қарыз болып есептелмеген.
Отбасы-неке әдет-ғұрып құқығы тереңірек зерттелген сала. Қазақ қоғамының негізі ру болса, рудың негізі отбасы болды. Отбасының басшысы ер адам болды. Қазақтардың үлкен отбасы әкенің, балалардың, тәуелді жақын туыстардың, малшылар мен құлдардың отбасынан тұрды. Бай феодалдардың әр әйелі бір отау, кейде ауыл болып тұрды. Мұндай жағдайда бірнеше ауылдар отбасылық-ауылдық қауымды құрды.
Мұраға қалдыру жазба және ауызша өсиет түрінде жасалды. Ауызша өсиет болғанда куәлер қатысқан. Әдет-ғұрып құқығы бойынша әке мұрасына иелік ететіндер оның балалары, әйелдері, аға-інілері, жақын туыстары болды.
Мұра ретінде мал, қыстау, үй-жай, ақша және жесір қалып отырған. Ертеректе мұраға тіпті құлдар мен күндер де қалдырылып отырған.
Адат бойынша қылмыстық істер мен азаматтық құқық бұзушылықтың арасы ерекше бөлінбеді. Қылмысты қазақтар «жаман іс», «жаман сөз» деп те атады. «Айыпкер» ретінде тек қылмыс істеген адам ғана емес, оның туыстары, руы да есептелді. Сондықтан қазақтар арсында бір адамның қылмысы үшін бүкіл рудың, туыстарының ұжымдық жауапкершілігі қарастырылды. Сот билігін хан, сұлтандар және билер жүргізді. Хан мен сұлтандардың қарауында аса маңызды қылмыстық және азаматтық істер жатты. Олардың қатарында барымта, руаралық, ауыларалық дауалр, жер дауы, сұлтандар мен билік басындағылардың өлімі, сұлтандар арасындағы даулар болды. Аса маңызды істер билердің араласуымен жүрді және қалың көпшілік алдында өтті.