Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы



Дата24.02.2016
өлшемі183.83 Kb.
#16339
"Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы" № 167 Конвенция (Қазақстан 2007 жылғы 19 маусымдағы N 263 Республикасының Заңымен бекітілген)

  • A

  • A

  • A

 Женевада 1988 жылғы 20 маусымда Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 75-сессиясында қабылданған Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы конвенция (167-конвенция) ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының


      Президентi

  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК ҰЙЫМЫ

      167 КОНВЕНЦИЯ

Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы
конвенция
(1988 жылғы маусым айының 20 күнi қабылданған)

167 КОНВЕНЦИЯ

Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы конвенция 1

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi Женевада шақырған және 1988 жылғы 1 маусымда өзiнiң жетпiс бесiншi сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы, тиiстi халықаралық конвенцияларды және еңбек жөнiндегi ұсынымдарды, және атап айтқанда, Құрылыстағы қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi 1937 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Құрылыс өнеркәсiбiнде жазатайым оқиғалардың алдын алу iсiндегi ынтымақтастық туралы 1937 жылғы Ұсынымды, Радиациядан қорғау туралы 1960 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Машиналарды қорғаныс құралдарымен жабдықтау туралы 1963 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Ең ауыр жүк туралы 1967 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Кәсiптiк рак аурулары туралы 1974 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Өндiрiстiк орта туралы (ауаның ластануы, шу және дiрiл) 1977 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Еңбек қауiпсiздiгi және еңбек гигиенасы туралы 1981 жылғы  Конвенция  мен Ұсынымды, Еңбек гигиенасы қызметтерi туралы 1985 жылғы Конвенция мен Ұсынымды, Асбестi пайдалану кезiнде еңбектi қорғау туралы 1986 жылғы Конвенция мен Ұсынымды және Өндiрiстiк жарақаттану жағдайларындағы жәрдемақылар туралы 1964 жылғы Конвенцияға қосымшада келтiрiлген, 1980 жылы қайта қаралған кәсiптiк аурулар тiзбесiн назарға ала отырып, сессияның күн тәртiбiнiң төртiншi тармағы болып табылатын, құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы бiрқатар ұсыныстар қабылдауға қаулы ете отырып, бұл ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi шеше отырып, осы бiр мың тоғыз жүз сексен сегiзiншi жылғы маусым айының жиырмасы күнi, Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы 1988 жылғы Конвенция деп аталуы мүмкiн төмендегi Конвенцияны қабылдайды.

______________
1
 Күшiне енгiзiлген уақыты: 1991 жылғы 11 қаңтар

  I БӨЛIМ. ҚОЛДАНУ ЖӘНЕ АНЫҚТАМА АЯСЫ

  1-бап

      1. Осы Конвенция құрылыс қызметiнiң барлық түрлерiн, атап айтқанда, құрылысты, азаматтық құрылысты, кез келген процестердi, операцияларды немесе құрылыс алаңындағы тасымалдауды қоса, алаңды дайындаудан нысанды аяқтауға дейiнгi монтаждау және қайта монтаждау жұмыстарын қамтиды.


      2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын Ұйымның Мүшесi, мүдделi жұмыс берушiлерi мен қызметкерлердiң анағұрлым өкiлдiктi ұйымдарымен консультациялардан кейiн, мұндайлар бар болса, экономикалық қызметтiң жекелеген салаларын немесе оларға қатысты айтарлықтай сипаттағы ерекше проблемалар туындайтын жекелеген кәсiпорындарды, қауiпсiз және салауатты жұмыс ортасы қамтамасыз етiлген жағдайда, Конвенцияны қолдану аясынан немесе оның кейбiр ережелерiн қолдану аясынан алып тастай алады.
      3. Сондай-ақ, осы Конвенция жал бойынша жұмыс iстемейтiн, ұлттық заңнамада немесе ережеде осындай деп белгiленген адамдарды да қамтиды.

  2-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:
      а) "құрылыс" терминi мыналарды қамтиды:
      i) жер жұмыстарын және салуды, конструктивтiк өзгерiстердi, қалпына келтiру жұмыстарын, күрделi және ағымдағы жөндеудi (тазалауды мен сырлауды қоса) және ғимараттар мен құрылымдардың барлық түрлерiн бұзуды қоса құрылыс жұмыстарын;
      ii) жер жұмыстарын және салуларды, конструктивтiк өзгерiстердi, күрделi және ағымдағы жөндеудi және мысалы, аэропорттарды, айлақтарды, гаваньдердi, iшкi су жолдарын, бөгеттердi, өзендер мен теңiздер жағалауы бойындағы және опырылып құлау аймақтары жанындағы қорғаныс құрылымдарын, автомобиль жолдары мен шосселердi, темiр жолдарды, көпiрлердi, тоннельдердi, виадуктер мен коммуникациялар, дренаж, канализация, сумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау сияқты қызмет көрсетумен байланысты нысандарды бұзуды қоса азаматтық құрылысты;
      iii) зауыт өндiрiсi элементтерiнен ғимараттар мен құрылымдарды монтаждауды және қайта монтаждауды, сондай-ақ, құрылыс алаңында жинақтау элементтерiн өндiрудi қамтиды;
      b) "құрылыс алаңы" терминi а) тармағында көрсетiлген кез келген процестер немесе операциялар жүзеге асырылатын кез келген алаңды бiлдiредi;
      с) "жұмыс орны" терминi өз жұмысын орындау үшiн қызметкерлер болуға немесе баруға тиiс және е) тармағында белгiленгенiндей ол жұмыс берушiнiң бақылауында болуға тиiс кез келген орынды бiлдiредi;
      d) "қызметкер" терминi құрылыста жұмыс iстейтiн кез келген адамды бiлдiредi;
      е) "жұмыс берушi" терминi:
      i) құрылыс алаңында бiр немесе одан көп қызметкерлердiң еңбегiн пайдаланатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаны; және
      ii) мән-жайларға қарай, бас мердiгердi, мердiгердi немесе қосалқы мердiгердi бiлдiредi;
      f) "құзыреттi тұлға" терминi белгiлi бiр жұмысты қауiпсiз орындау үшiн тиiстi бiлiктiлiгi, мысалы тиiстi даярлығы, жеткiлiктi бiлiмi, тәжiрибесi және машығы бар адамды бiлдiредi. Құзыреттi билiк органдары мұндай адамдарды тағайындау үшiн тиiстi критерийлердi және мұндай адамдар орындауға тиiс мiндеттердi айқындай алады;
      g) "мiнбелер" терминi кез келген уақытша, стационарлық, аспалы және жылжымалы құрылымды және оның, адамдар мен материалдарды орналастыру үшiн немесе кез келген осындай құрылымға қол жетудi қамтамасыз ету үшiн тiреу ретiнде пайдаланылатын және h) тармағында берiлген анықтамаға сәйкес "көтеру механизмi" болып табылмайтын тiреу компоненттерiн бiлдiредi;
      h) "көтермелi механизм" терминi адамдар мен жүктердi көтеру немесе түсiру үшiн пайдаланылатын кез келген стационарлық немесе жылжымалы механизмдi;
      i) "көтеру жабдығы" терминi жүк көтермелi механизмге сол арқылы бекiтiлуi мүмкiн, бiрақ көтеру механизмiнiң немесе жүктiң ажырамас бөлiгi болып табылмайтын кез келген жабдықты немесе такелажды белгiлейдi.

  II БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

  3-бап

      Мүдделi жұмыс берушiлердiң және қызметкерлердiң анағұрлым өкiлеттi ұйымдарымен осы Конвенцияның ережелерiн жүзеге асыру үшiн қабылдануға тиiс шараларға қатысты консультациялар өткiзiледi.

  4-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялайтын Ұйымның Әрбiр Мүшесi, еңбек қауiпсiздiгi және еңбек гигиенасы үшiн мүмкiн қатерлердi бағалау негiзiнде Конвенция ережелерiнiң қолданылуын қамтамасыз ететiн заңнаманы немесе ережелердi қабылдауға және күшiнде сақтауға мiндеттенедi.

  5-бап

      1. Жоғарыда көрсетiлген 4-бапты орындау үшiн қабылданған заңнама мен ережелер, техникалық нормалар немесе құрылыс ережелерi, немесе ұлттық шарттар мен практикаға жауап беретiн өзге де тиiстi әдiстер арқылы олардың практикалық қолдануын көздей алады.


      2. Жоғарыда көрсетiлген 4-баптың және осы баптың 1-тармағының ережелерiн жүзеге асыра отырып, Ұйымның Әрбiр Мүшесi нормаларды белгiлеу саласындағы халықаралық ұйымдар танылған деп қабылдаған тиiстi нормаларды тиiсiнше ескередi.

  6-бап

      Ұлттық заңнамада немесе ережелерде белгiленген процедураларға сәйкес құрылыс алаңдарындағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасына жәрдемдесу мақсатында жұмыс берушi мен қызметкердiң арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету шаралары қабылданады.

  7-бап

      Ұлттық заңнама немесе ережелер жұмыс берушiлер мен жалданбай жұмыс iстейтiн адамдардың жұмыс орнында белгiленген еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы шараларын сақтауға мiндеттiлiгiн көздейдi.

  8-бап

      1. Екi немесе одан да көп жұмыс берушi бiр құрылыс алаңында бiр уақытта жұмыс жүргiзген кезде, әр жолы:
      а) құрылыс алаңындағы жалпы iс-әрекеттерге практикалық бақылауды жүзеге асыратын немесе негiзгi жауапты бас мердiгер немесе өзге адам немесе орган еңбек қауiпсiздiгi және еңбек гигиенасына қатысты белгiленген шараларды үйлестiруге және ұлттық заңнама мен ережелерге сәйкес осындай шаралардың сақталуын қамтамасыз етуге жауапты болады;
      b) егер құрылыс алаңындағы жалпы iс-әрекеттерге практикалық бақылауды жүзеге асыратын немесе негiзгi жауапты бас мердiгер немесе өзге адам немесе орган құрылыс алаңында болмаса, олар алаңда;
      а) тармақшасында көзделген шараларды үйлестiрудi және сақтауды олардың атынан қамтамасыз етуге қажеттi өкiлеттiгi мен қаражаты бар құзыреттi адамды немесе органды, ұлттық заңнамаға және ережелерге қаншалықты сәйкес келетiн шамада тағайындайды;
      с) әрбiр жұмыс берушi, өзiнiң қол астындағы қызметкерлерге қатысты белгiленген шаралардың сақталуына тұрақты түрде жауапты болады.
      2. Егер бiр құрылыс алаңында жұмыс берушiлер немесе жалданбай жұмыс iстейтiн адамдар бiр бiрiмен қызметтi бiр уақытта жүзеге асыратын болса, ұлттық заңнама ережелерiне немесе тәртiптерге сәйкес белгiленген еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы шараларын қолдануда ынтымақтаса еңбек етуге мiндеттi.

  9-бап

      Құрылыс нысанын жобалауды және құрылыс жұмыстарын жоспарлауды жүргiзетiн адамдар ұлттық заңнамаға, ережелерге және практикаға сәйкес құрылысшы-жұмысшылардың еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасын ескередi.

  10-бап

      Ұлттық заңнама немесе ережелер еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз етуге қызметкерлердiң кез келген жұмыс орнындағы жабдық пен еңбек әдiстерiн өзi бақылайтын шамада қатысуға және жүзеге асырылып жатқан жұмыс процедуралары еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасына әсер ете алатын болса, оларға қатысты өз пiкiрiн бiлдiруге құқылы және мiндеттi болуын көздейдi.

  11-бап

      Ұлттық заңнама немесе ережелер қызметкерлердiң:
      а) еңбек қауiпсiздiгi және еңбек гигиенасының ұйғарылған шараларын жүзеге асыруда жұмыс берушiмен мүмкiндiгiнше тығыз ынтымақтастықта болуға;
      b) өз қауiпсiздiгi мен денсаулығын және, iс-әрекеттерiне немесе жұмыстағы қателiктерiне байланысты зиян келтiрiлуi мүмкiн басқа адамдардың денсаулығын қамтамасыз ету үшiн саналы сақтық көрсетуге;
      с) өздерiне берiлген құралдарды пайдалануға және өздерiн қорғау немесе басқа адамдарды қорғауға арналған қандай да болса құралдарды тиiсiнше қолданбауға;
      d) белгiлi қауiп төндiретiн және олардың пiкiрiнше өздерi тиiсiнше орындай алмайтын кез келген жағдай туралы қауiпсiздiк техникасы мәселелерiмен айналысатын өзiнiң тiкелей басшысына немесе бар болса, жұмысшылар өкiлiне дереу хабарлауға;
      е) еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасының ұйғарылған шараларын орындауға мiндеттiлiгiн көздейдi.

  12-бап

      1. Ұлттық заңнама немесе ережелер, қызметкердiң қауiпсiздiгiне немесе оның денсаулығына сөзсiз және әжептәуiр қауiп туындайды деп пайымдауға дәлелдi негiздерi болса, оның қауiптi аймақтан кетуге құқылы болуы және ол туралы өзiнiң басшысын дереу хабардар етуге мiндеттiлiгiн көздейдi.
      2. Егер қызметкерлер қауiпсiздiгiне сөзсiз қауiп туындаған болса, жұмыс берушi жұмыстарды тоқтату және қажет болған жағдайда қызметкерлердi эвакуациялау үшiн шұғыл шаралар қабылдайды.

  III БӨЛIМ. АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

  13-бап
Жұмыс орындарындағы қауiпсiздiк

      1. Жұмыс орындарының қауiпсiз болуы және қызметкерлердiң қауiпсiздiгi мен денсаулығына қауiп төндiрмеуiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық алдын алу шаралары қабылданады.


      2. Барлық жұмыс орындарына кiрудiң және жұмыс орындарынан шығудың қауiпсiз жолдары қамтамасыз етiледi және олардың жақсы жағдайда ұсталады, сондай-ақ қажет болған жерлерде жол сiлтегiштермен белгiленедi.
      3. Құрылыс алаңындағы немесе құрылыс алаңы ауданындағы адамдарды, осындай алаңда, туындауы мүмкiн қауiптiң барлық түрлерiнен қорғау үшiн қажеттi барлық алдын алу шаралары қабылданады.

  14-бап


Мiнбелер және баспалдақтар

      1. Егер жұмысты жерде немесе жерден не құрылыстың немесе өзге стационарлық құрылымның кез келген бөлiгiнен орындау мүмкiн болмаса, қауiпсiз және нормаларға жауап беретiн мiнбелермен немесе қауiпсiз және нормаларға теңдей шамада жауап беретiн өзге құралдармен қамтамасыз етiледi және олар жақсы жағдайда ұсталады.


      2. Биiк жұмыс орындарына қол жеткiзуге өзге қауiпсiз құралдары болмаған кезде, нормаларға жауап беретiн берiк баспалдақтармен қамтамасыз етiледi. Олар байқаусыз орнынан жылжып кетпеуi мақсатында тиiсiнше бекiтiледi.
      3. Барлық мiнбелер мен баспалдақтар ұлттық заңнамаға және ережелерге сәйкес әзiрленедi және пайдаланылады.
      4. Мiнбелердi құзыреттi тұлға ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған жағдайларда және мерзiмдерде инспекциялайды.

  15-бап


Көтеру-тасымалдау механизмдерi мен көтеру жабдығы

      1. Әрбiр көтеру-тасымалдау механизмi және көтеру жабдығының элементi, олардың компоненттерiн, бекiтпе құрылғыларын, анкерлер мен тiректерiн қоса:


      а) дұрыс құрастырылған және әзiрленген болуға тиiс, сапалы материалдан жасалған және арналған мақсатқа сай төзiмдiлiкке ие болуға тиiс;
      b) тиiстi түрде орнатылуға және пайдаланылуға тиiс;
      с) жақсы жұмыс жағдайында ұсталуға тиiс;
      d) оларды құзыреттi тұлға ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған мерзiмде және жағдайларда қарауға және сынауға тиiс; көрсетiлген тексерулер мен сынақтардың нәтижелерi тiркеледi;
      е) ұлттық заңнамаға және ережелерге сәйкес қажеттi даярлықтан өткен қызметкерлер пайдалануға тиiс.
      2. Ауыр жарақатқа немесе адамдардың өлiмiне әкелiп соғатын төтенше жағдайларды қоспағанда және көтеру механизмiн қауiпсiз пайдалану мүмкiн болған жағдайда, ұлттық заңнамаға немесе ережелерге сәйкес осы мақсаттарға арнап әзiрленген, орнатылған және пайдаланылатын механизмдерде ғана адамдарды көтеру механизмдерiнiң көмегiмен көтеруге, түсiруге немесе орнынан ауыстыруға жол берiледi.

  16-бап


Көлiк, жер қазу және тиеу-түсiру жабдығы

      1. Барлық көлiк, жер қазу және тиеу-түсiру жабдығы:


      а) тиiстi түрде құрастырылған және эргономикалық принциптер мүмкiндiгiнше ескерiле отырып әзiрленген болуға тиiс;
      b) жақсы жұмыс жағдайында ұстауға тиiс;
      с) тиiстi түрде пайдаланылуға тиiс;
      d) ұлттық заңнамаға және ережелерге сәйкес қажеттi даярлықтан өткен қызметкерлер пайдалануға тиiс.
      2. Көлiк, жер қазу және тиеу-түсiру жабдығы пайдаланылатын барлық құрылыс алаңдарында:
      а) қауiпсiз және нормаларға жауап беретiн еркiн кiру қамтамасыз етiледi; және
      b) қозғалыс, оны қауiпсiз пайдалану қамтамасыз етiлетiндей болып ұйымдастырылады және тиiсiнше бақыланады.

  17-бап


Қондырғылар, тетiктер, жабдық және қол құрал-саймандары

      1. Қондырғылар, тетiктер және механикаландырылған, сондай-ақ механикаландырылмаған қол құрал-саймандарын қоса, жабдықтар:


      а) тиiстi түрде құрастырылған және эргономикалық принциптер мүмкiндiгiнше ескерiле отырып әзiрленген болуға тиiс;
      b) жақсы жұмыс жағдайы ұсталуға тиiс;
      с) егер құзыреттi тұлға оларды сындарлы мақсат шеңберiнен тыс пайдалану қауiпсiз болып табылады деген қорытындыға келмесе, өздерi арналып жасалған жұмыс түрлерiне ғана пайдаланылуға тиiс;
      d) қажеттi кәсiптiк даярлықтан өткен қызметкерлер пайдалануға тиiс.
      2. Қажет болған жағдайда әзiрлеушi немесе жұмыс берушi жұмыс iстейтiндер үшiн оларды қауiпсiз пайдалану жөнiнде түсiнiктi нысанда қажеттi нұсқаулықтар бередi.
      3. Компрессорлық қондырғылар мен жабдықтарды құзыреттi тұлға ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған жағдайларда және мерзiмде сынайды және тексередi.

  18-бап


Шатырларды қоса, биiктiкте орындалатын жұмыс

      1. Қауiптен сақтау немесе егер ғимараттың биiктiгi немесе көлбеу бұрышы ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған шамадан артық болса, қажет болған жағдайда адамдар, құрал-саймандар немесе басқа заттардың немесе материалдардың құлауының алдын алу шаралары қабылданады.


      2. Егер қызметкерлер жұмысты шатырларда немесе шатырлардың маңайында немесе тесiп өтiп құлауы мүмкiн, осал материалдармен жабылған жерлерде орындауға тиiстi болса, осал материалдар бетiн байқаусыз басудың немесе оны тесiп құлаудың алдын алу шаралары қабылданады.

  19-бап


Котловандар, құдықтар, жер және жерасты иммараттары мен
тоннельдер

      Әрбiр котлованның, құдықтың, жер немесе жерасты иммараты мен тоннельдiң iшiнде:


      а) қызметкерлердiң топырақтың, тастақ жердiң немесе өзге материалдың үгiтiлуi немесе құлауы төндiретiн қауiптен сақтану үшiн тиiстi бекiтпе арқылы немесе өзгеше түрдегi;
      b) адамдар, материалдар немесе заттар құлау, немесе котловандарды, құдықтарды, жер және жерасты ғимараттары мен тоннельдердi су бұзу салдарынан туындайтын қауiптен сақтану мақсатында;
      с) дем алуға қажеттi атмосфераны ұстау мақсатында және түрлi түтiндердi, газдарды, буды, тозаңды немесе өзге қоспаларды ұлттық заңнамаға немесе ережелерге сәйкес денсаулық үшiн қауiпсiз және зиянсыз құрамдағы деңгейге дейiн шектеу үшiн әрбiр жұмыс орнында жеткiлiктi желдетудi қамтамасыз ету үшiн;
      d) өрт болған немесе сумен бұзылған немесе материалдар құлаған жағдайда жұмыс iстеушiлердi қауiпсiз аймаққа эвакуациялау мүмкiндiгiмен қамтамасыз ету үшiн;
      е) қызметкерлердi сұйық циркуляциясы немесе газ қапшықтарының қысымы сияқты қауiптi жер асты факторлары болуының мүмкiн салдарынан пайда болатын қатерлерден сақтау үшiн, оларды табу мақсатында тиiстi iздеу жүргiзу жолымен сақтық шаралары қолданылуға тиiс.

  20-бап


Маңдайшалар мен кессондар

      1. Кез келген маңдайша мен кессон:


      а) тиiстi конструкцияда болуға тиiс, қолайлы және сапалы материалдан жасалуға және қажеттi төзiмдiлiкке ие болуға тиiс;
      b) су бұзған немесе материалдар опырылып құлаған жағдайда қызметкерлердi қауiпсiз аймаққа эвакуациялау үшiн қажеттi құралдармен жабдықталуға тиiс.
      2. Кессонның маңдайшасын орнату, орналастыру, оған өзгерiс енгiзу немесе бөлшектеу тек құзыреттi тұлғаның тiкелей қадағалауымен ғана жүргiзiледi.
      3. Әрбiр маңдайша мен әрбiр кессонды ұйғарылған уақыт аралығында құзыреттi тұлға инспекциялайды.

  21-бап


Сығымдалған ауадағы жұмыс

      1. Сығымдалған ауадағы жұмыс ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған шараларды сақтай отырып қана орындалады.


      2. Сығымдалған ауадағы жұмысты медициналық тексеру арқылы мұндай жұмысқа аттестатталған қызметкерлер ғана және өндiрiстiк операциялардың жүргiзiлуiн қадағалайтын құзыреттi тұлғаның қатысуымен жүргiзедi.

  22-бап


Көтергiш рама конструкциялары және қорама қалып

      1. Көтергiш рама конструкцияларын және олардың компоненттерiн, қорама қалыпты, тiреу конструкциялары мен қорама қалыпты ұстайтын ағаштарды құрастыру құзыреттi тұлғаның қадағалауымен ғана жүргiзiледi.


      2. Жұмыс iстейтiн адамдарды конструкцияның уақытша берiксiздiгiне немесе орнықсыздығына байланысты қауiптен сақтау мақсатында тиiстi шаралар қабылданады.
      3. Қорама қалыптың, тiреу конструкцияларының және қорама қалыпты ұстайтын ағаштардың конструкциясы оларға түсетiн барлық жүктеменi көтеретiндей конструкцияда жасалуға және сондай жағдайда ұсталуға тиiс.

  23-бап


Су үстiндегi жұмыс

      Егер жұмыс судың үстiнде немесе суға жақын жерде жүргiзiлетiн болса:


      а) адамдардың суға құлауын болдырмау;
      b) жұмыс iстеп жүрiп суға кету қаупi бар адамдарды құтқару;
      с) жеткiлiктi мөлшерде қауiпсiз көлiк тиiсiнше қамтамасыз етiледi.

  24-бап


Бұзу жөнiндегi жұмыстар

      Егер кез келген ғимараттар мен ғимараттарды бұзу жұмыс iстеп жүрген адамдар үшiн немесе айналадағылар үшiн қауiп төндiретiн болса:


      а) ұлттық заңнамаға немесе ережелерге сәйкес қалдықтар мен қалған материалдарды жинауды қоса, қажеттi алдын алу шаралары, операциялардың әдiстерi мен тәртiбi қабылданады;
      b) жұмыстар құзыреттi тұлғаның қадағалауымен ғана жоспарланады және жүргiзiледi.

  25-бап


Жарық беру

      Қажет болған жағдайда, тиiсiнше және жеткiлiктi, тасымалды жарық берудi қоса, әр жұмыс орнында және жұмыс iстейтiн адам өтетiн құрылыс алаңының кез келген жерiнде жарық беру қамтамасыз етiледi.

  26-бап
Электр

      1. Барлық электр жабдықтары мен қондырғыларын құзыреттi тұлға әзiрлейдi, орнатады және тиiстi жағдайда ұстайды әрi қауiп тудырмастай пайдаланады.


      2. Құрылыс басталғанға дейiн және оның барысында жұмыс iстейтiн адамдарға құрылыс алаңының астында, үстiнде немесе өзiнде орналасқан кез келген кернеудегi электр сымдары немесе электр жабдықтары тудыратын қауiптi анықтау және одан сақтану үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.
      3. Құрылыс алаңдарында электр кабельдерi мен электр жабдықтарын жүргiзу және тиiстi жағдайда ұстау кезiнде ұлттық деңгейде қолданылатын техникалық ережелер мен стандарттар басшылыққа алынады.

  27-бап


Жарылғыш заттар

      Жарылғыш заттар:


      а) ұлттық заңнамада немесе ережелерде ұйғарылған жағдайларда ғана сақталады, тасымалданады, орнынан ауыстырылады және пайдаланылады; және
      b) жұмыс iстейтiн және басқа да адамдардың денсаулығына қауiп төндiрмеудi қамтамасыз ету үшiн қажет шараларды қабылдайтын құзыреттi тұлға ғана оларды сақтайды, тасымалдайды, орнынан ауыстырады және пайдаланады.

  28-бап


Денсаулық үшiн қауiптi

      1. Егер жұмыс iстейтiн адамға химиялық, физикалық немесе биологиялық сипаттағы кез келген зиянды фактор, оның денсаулығына зиян келтiретiн көлемде әсер ететiн болса, мұндай әсердi болдырмау үшiн тиiстi шаралар қабылданады.


      2. 1-тармақта көрсетiлген алдын алу шаралары:
      а) мүмкiндiгiнше қауiптi заттарды қауiпсiз немесе қауiпсiздеу заттармен ауыстыруды; немесе
      b) қондырғылар, тетiктер, жабдық немесе технологиялық процестерге қатысты арнайы шаралар қабылдауды; немесе
      с) а) және b) тармақшалардағы ережелердi сақтау мүмкiн болмағанда, онда басқа жеке қорғаныс құралдары мен қорғаныс киiмiн пайдалануды қоса алғанда, басқа тиiмдi шаралар қабылдауды қамтиды.
      3. Егер жұмыс iстеушiлерден улы немесе зиянды заттары болуы мүмкiн немесе ауада оттегi құрамы төмен, немесе ауасы өрт қауiптi болуы мүмкiн аймаққа кiру талап етiлетiн болса, оларды қауiптен қорғаудың тиiстi шаралары қабылданады.
      4. Қалдықтар жойылады немесе құрылыс алаңынан денсаулыққа зиян келтiрмейтiндей әдiспен әкетiледi.

  29-бап


Өрт қауiпсiздiгi

      1. Жұмыс берушi:


      а) өрт туындау қаупiнiң алдын алу үшiн;
      b) тұтану ошақтарын жылдам және тиiмдi жою үшiн;
      с) адамдарды шұғыл және қауiпсiз эвакуациялауды қамтамасыз ету үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды.
      2. Тұтанғыш сұйықтар, қатты заттар мен газдар үшiн жеткiлiктi және лайықты қоймалар көзделедi.

  30-бап


Жеке қорғану құралдары және қорғану киiмi

      1. Егер жазатайым оқиғаның ықтимал болуынан немесе қолайсыз жағдайларды қоса, денсаулыққа келтiрiлетiн зияннан тиiстi қорғау өзге құралдармен қамтамасыз етiлмесе, жұмыс берушi қызметкерлер үшiн, жұмыстың сипаты мен қатерiн ескере отырып, ұлттық заңнамадағы  және ережелердегi ұйғарымдарға сәйкес тиiстi жеке қорғану құралдарын  және қорғану киiмiн тегiн бередi және оларды тиiстi жағдайда тегiн ұстайды.


      2. Жұмыс берушi қызметкерлерге жеке қорғану құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн қажеттi құралдарды бередi және олардың тиiстi қолданылуын қамтамасыз етедi.
      3. Жеке қорғану құралдары және қорғану киiмi құзыреттi органдар эргономикалық принциптердi мүмкiндiгiнше ескере отырып белгiлеген стандарттарға сәйкес болуға тиiс.
      4. Жұмыс iстейтiн адамдардан жеке қорғану құралдарын және қорғану киiмiн тиiстi пайдалану және ұқыпты ұстау талап етiледi.

  31-бап


Алғашқы көмек

      Жұмыс берушi кез келген уақытта алғашқы көмектi оқытылған қызметшiлер жасауына жауапты болады. Жарақат алған немесе кенеттен ауырып қалған қызметкерлердi, оларға медициналық көмек көрсету мақсатында эвакуациялауды қамтамасыз ететiн шаралар қабылданады.

  32-бап
Санитарлық-тұрмыстық жағдайлар

      1. Әрбiр құрылыс алаңы немесе одан қолайлы қашықтықта қажеттi сапалы ауызсу қорымен қамтамасыз етiледi.


      2. Әрбiр құрылыс алаңында немесе одан қолайлы қашықтықта жұмыс iстейтiн адамдар санына және жұмыстың ұзақтығына қарай қызмет көрсетiлетiн:
      а) санитарлық және жуыну бөлмелерiмен;
      b) киiм ауыстыратын, сақтайтын және кептiретiн бөлмелермен;
      с) тамақтануға және ауа райының жайсыз болуы себебiнен жұмыстағы үзiлiстерде адамдар паналауға арналған бөлмелермен қамтамасыз етiледi.
      3. Қызметкер әйелдер мен еркектер жеке санитарлық және жуыну бөлмелерiмен қамтамасыз етiледi.

  33-бап


Хабардар ету және оқыту

      Қызметкерлер тиiстi және лайықты түрде


      а) еңбек қауiпсiздiгi және жұмыс орындарында олардың денсаулығы үшiн ықтимал қолайсыз факторлар туралы хабардар етiледi;
      b) осы зиянды факторларды болдырмау, олармен күресу және олардан қорғану үшiн жүргiзiлетiн шараларға қатысты нұсқаулық алады және даярлықтан өтедi.

  34-бап


Жазатайым оқиғалар мен аурулар туралы хабарлау

      Ұлттық заңнамада немесе ережелерде өндiрiстегi жазатайым оқиғалар және кәсiптiк аурулар туралы құзыреттi билiк органына белгiленген мерзiмде хабарлау көзделедi.

  IV БӨЛIМ. ҚОЛДАНУ

  35-бап

      Ұйымның әрбiр Мүшесi:
      а) осы Конвенция ережелерiнiң тиiмдi сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тиiстi санкцияларды және түзету шараларын енгiзудi қоса алғанда, қажеттi барлық шаралар қабылдайды;
      b) осы Конвенцияға сәйкес қабылдануға тиiс шаралардың қолдануын бақылау үшiн тиiстi инспекция қызметтерiмен қамтамасыз етедi және өздерiнiң мiндеттерiн орындау үшiн бұл қызметтердi қажеттi ресурстармен қамтамасыз етедi немесе тиiстi инспекция жүргiзiлетiнiн тексередi.

  V БӨЛIМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

  36-бап

      Осы Конвенция Құрылыстағы қауiпсiздiк техникасы туралы 1937 жылғы Конвенцияны қайта қарайды.

  37-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми құжаттар тiркеу үшiн Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiледi.

  38-бап

      1. Осы Конвенция бекiту туралы құжаттарын Бас Директор тiркеген Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерiн ғана өзара байланыстырады.


      2. Ол ратификациялау туралы Ұйымның екi Мүшесiнiң құжаттарын Бас Директор тiркегеннен кейiн он екi ай өткен соң күшiне енедi.
      3. Соңынан ратификациялау туралы Ұйымның әрбiр Мүшесiнiң құжаты тiркелген күннен кейiн он екi ай өткен соң, осы Конвенция ұйымның сол мүшесiне қатысты күшiне енедi.

  39-бап

      1. Ұйымның осы Конвенцияны бекiткен әрбiр Мүшесi ол алғаш күшiне енгiзiлген кезден бастап он жыл мерзiм өткен соң Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына тiркеу үшiн жiберiлген және онда тiркелген күшiн жою туралы актi арқылы оның күшiн жоя алады. Күшiн жою туралы актi тiркелгеннен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.
      2. Ұйымның осы Конвенцияны ратификациялаған әрбiр Мүшесi алдыңғы тармақта айтылған он жыл кезең өткеннен кейiнгi бiр жыл мерзiм iшiнде күшiн жою туралы осы бапта көзделген өз құқығын пайдаланбаса, Конвенция келесi он жыл мерзiмде күшiнде қалады және кейiннен әрбiр он жылдық кезең өткен соң бұл Конвенцияның күшiн осы бапта белгiленген тәртiппен жоя алады.

  40-бап

      1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Ұйым Мүшелерi өзiне жiберген барлық ратификациялау туралы құжаттар мен күшiн жою туралы актiлердiң тiркелгенi туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерiне хабарлайды.
      2. Бекiту туралы өзi алған екiншi құжаттың тiркелгенi туралы Ұйым мүшелерiне хабарлай отырып, Бас Директор олардың назарын осы Конвенцияның күшiне енген күнiне аударады.

  41-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры алдыңғы баптардың ережелерiне сәйкес өзi тiркеген барлық бекiту туралы құжаттар, күшiн жою туралы актiлер жөнiндегi толық мәлiметтердi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тiркеу үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жiбередi.

  42-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi қажет деп тапқан жағдайларда, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндаманы ұсынады және Конференцияның оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселенi күн тәртiбiне енгiзудiң тиiмдiлiгiн қарайды.

  43-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе iшiнара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және жаңа конвенцияда өзгеше көзделмеген болса, онда:
      а) Ұйымның қайсыбiр Мүшесiнiң қайта қаралған жаңа конвенцияны бекiтуi, қайта қарайтын жаңа конвенция күшiне енгiзiлген жағдайда, 39-баптың ережелерiне қарамастан, осы Конвенция күшiнiң бiрден автоматты түрде кешiктiрмей жойылуына әкеп соқтырады;
      b) қайта қаралған жаңа конвенция күшiне енгiзiлген күннен бастап осы Конвенция оны Ұйым Мүшелерiнiң ратификациялауы үшiн жабық болады.
      2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бiрақ қайта қарайтын жаңа конвенцияны ратификацияламаған Ұйымның Мүшелерi үшiн нысаны мен мазмұны жағынан кез келген жағдайда өз күшiнде қалады.

  44-бап

      Осы Конвенцияның ағылшынша және французша мәтiндерiнiң күшi бiрдей.

      Осымен 1988 жылғы 22 маусымда жасалған "Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы" Халықаралық еңбек ұйымының 167 Конвенциясының бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.



       Қазақстан Республикасы Еңбек және
      халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң
      Еңбек және халықты жұмыспен қамту
      Департаментiнiң Директоры

       РҚАО-ның ескертуi: Бұдан әрi Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы конвенцияның (167-конвенция) ағылшын тiлiндегi мәтiнi берiлiп отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет