Құрмалас сөйлемдердің пайда болуының
логика-философиялық табиғаты
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к. Бекмағанбетова Г.Ш.
К-12-1 оқу тобының студенті Мешітбаева Б.
Құрмалас сөйлемдердің пайда болуы мен олардың синтаксистік табиғаты туралы зерттеулерде құрмалас сөйлемдер мен жай сөйлемдердің ара жігін ажырата қарау жайы да сөз болады. Кезінде бұл мәселеге А.Байтұрсынұлы да назар аударған болатын. [1;121]. Әрине, ол сабақтас құрмалас сөйлем сыңарларының арасындағы қатынасты, яғни бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың арасындағы мағыналық қатынасты жіктегенде, мәселеге жай сөйлемдегі сөйлем мүшесінің қызметі тұрғысынан келгені белгілі. Бағыныңқы сыңарлардың бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, толықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқы деп аталуы осы себептен. Бірақ мына мәселеге де назар аударған жөн тәрізді: ғалым пысықтауыш бағыныңқы сөйлемдерді іштей мағыналық топтарға ажыратқанда, оларды мақсат, мезгіл, амал, себеп т.б. мағыналық түрлерге бөледі. Аңғара қарасақ, келтірілген екі жүйедегі мағыналық топтардың өзара бірыңғай емес екені айқын көрінеді: алғашқылары (бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, толықтауыш бағыныңқы) тек екі мүше (немесе сөйлемдегі екі сөз) арасындағы сөйлеммүшелік сипаттағы синтаксистік қатынасты ғана білдіреді.
Ал соңғылары - жаратылыс-болмыстағы негізгі заңдылықтарды бейнелеумен байланысты болатын категориалдық сипаттағы синтаксистік қатынастар (мезгіл, мекен, себеп т.б.) . Бұлар кеңістік пен уақытқа және осы кеңістік пен уақытқа қатысты жаратылыс-болмыста болып жататын алуан түрлі іс-әрекеттерге қатысты ғаламдық заңдылықтармен байланысты ұғымдар. Ішкі синтаксистік табиғаты тұрғысынан сәл бөлекшелеу болғанмен, шарттылық және қарсылықты қатынасты да біз осы негізгі заңдылықтар қатарына жатқызар едік. Біз осы тәрізді синтаксистік қатынас түрлерін құрмалас сөйлемдерге қатысты деп білеміз. Ал сөйлеммүшелік қатынас жай сөйлемдерге тән.
А.Байтұрсынұлының мәселеге нақты келіп, мұны өзі дәл осылай атамаса да, сөйлеммүшелік қатынас түрлері мен жаратылыстық-болмыстық заңдылықтарға байланысты синтаксистік қатынас түрлерін ажырата қарауы ғалымның тілдік деректер табиғатына жіті үңіліп, сөйлемдегі негізгі синтаксистік қатынас сипатын нақты айқындау мақсатынан туған дұрыс көзқарас болды деп білеміз. Кейіннен осы бағыттың үстемдік алуы да оның дұрыстығының көрінісі. болса керек.
Ғалым Т.Н.Ермекова өз еңбегінде құрмалас сөйлем категориясын жай сөйлемдердің «өзара байланысу» арқылы пайда болған жиынтығы түрінде түсіндіретін тәрізді. Ол: «Құрмалас сөйлем – жай сөйлемдердің өзара байланысуынан дамыған келесі сатыдағы әрекет», «... дербес қолданылған жай сөйлемдердің байланысуы нәтижесінде пайда болған құрмалас конструкциялар...» [2; 14], «құрмалас сөйлемдер дегеніміз – бұл жалпы грамматикалық және семантикалық белгілердің диалектикалық бірлігімен тұтасқан екі немесе одан да көп сөйлемдер жиынтығы» дегенде, құрмалас сөйлем туралы олардың жай сөйлемдердің «жай ғана жиынтығы» екендігі туралы ұғым қалыптасатын тәрізді.
Философиялық көзқарас тұрғысынан келгенде, жай құрылымнан күрделі құрылымға, жай мағынадан күрделі мағынаға өту кезінде жаңа құрылымның оны құраушы жеке құрылымдардың әрқайсысынан да өзгеше жаңаша, синтездік сипатта көрінетіндігіне, яғни жаңа құрылымның тек қана «жай жиынтық» болмайтындығына басты назар аударылады [3; 240].
Әдетте ғылыми әдебиеттерде құрмалас сөйлемге беріліп жүрген анықтамаларда олардың күрделі ойды білдіретіндігі басты назарда болатыны белгілі. Т.Қордабаев: «Құрмалас сөйлем деп мағыналық жағынан бір-біріне байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді айтамыз» [4; 194] – дейді. Бірақ бұл анықтаманың ақиқаттығы туралы қазірде күмәнды пікірлер де жоқ емес. Мәселе жоғарыда айтылған анықтамадағы «күрделі ой» ұғымы төңірегінде көрінеді. Ең әуелі осы «күрделі ой» дегеннің өзінің айқын түсінігі жоқ. Аталмыш автор: «...жай сөйлем қаншама жайылма болғанымен, ол жалаң бір ғана ойды білдіреді де, құрмалас сөйлем өзара байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралған күрделі ойды білдіреді» [2; 194-б] – дейді. Біздіңше, бұл да тиянақты пікір бола алмайды. Өйткені жай сөйлемнің кейбір түрлерінің де (күрделенген жай сөйлемдер) қазірде бірнеше ойды білдіретіндігі айтылып жүргені белгілі. Оның үстіне сөйлемнің күрделілігін оның құрамындағы ойлардың санымен айқындаудың өзі тек жай сан-мөлшерлік негізге ғана сүйенген, тілдік-теориялық негізі жоқ пікір екені де аңғарылып тұрады. Сондықтан біз мәселеге басқаша тұрғыдан келген жөн деп білеміз.
Проф. Т.Қордабаев: «Ой дамып жетілмеген, күрделенбеген замандарда күрделі ойдың көрсеткіші болып табылатын сөйлемдердің, яғни құрмалас сөйлемдердің болуы да мүмкін емес. Құрмалас сөйлем адамның ой-өрісінің, дүние тануының кеңейіп, күрделі ойлардың туып дамуымен байланысты, сол ойдың көрсеткіші ретінде қалыптасып дамыған» [4; 196-б] - деген пікір айтады. Осы пікір қазіргі ғалым тілшілеріміздің еңбектерінде де сол қалпында қайталанып жүргені де бекер емес. Мысалы, Б.Сағындықов: «Құрмалас сөйлем – жай сөйлемдердің өзара байланысуынан дамыған келесі сатыдағы әрекет. Адам миының жетілуіне сәйкес сөйлемнің жай түрі іске асады, оны күрделендіру – эволюциялық даму нәтижесінің еншісінде» – дейді [5; 31].
Т.Қордабаев жоғарыда аталған еңбегінде мынадай мысалдар келтіреді: Қатты жел тұрды. Теңіз толқыны күшейді. 2. Қатты жел тұрды да, теңіз толқыны күшейді. 3. Қатты жел тұрып, теңіз толқыны күшейді. Автордың түсіндіруінше, бұлардың үшеуінде де беріліп тұрған бір хабар. Айырмашылық тек бірінші жай сөйлемнің баяндауыш формасында ғана. Әрине, мұнда автор мәселеге тек құрылымдық тұрғыдан ғана мән беріп отыр да, мәселенің маңызды жағына назар аудармай отыр. Берілген жай сөйлемдер жеке-жеке айтылғандықтан, олардың арасында синтаксистік қатынас жоқ. Тек қана болған жайлар туралы жеке-жеке информациялар ғана бар. Келтірілген салалас құрмаластың сыңарлары арасындағы синтаксистік қатынас – ыңғайластық қатынас, ал сабақтас құрмаласта бұл – себептестік қатынас. Осы синтаксистік қатынастар мәселесі – құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі мәселесі болып табылады. Бұлардың арасындағы осы синтаксистік ерекшелікті грамматикада да, жалпы тілдік қолданыста да жеңіл-желпі мәселе деп қарауға болмайды. Тілдік құбылыстың терең астарында жататын осындай грамматикалық мағыналар сыры, жалпы алғанда, тілдік қатынастың (коммуникацияның) аса маңызды мәселесі болып табылады. Біздіңше, құрмалас сөйлем пайда болуының басты қозғаушы күші де осы – аса маңызды категориалдық сипаттағы қатынастарды тілдік бейнелеу мақсаты болған.
Жай сөйлем мен құрмалас сөйлем өздерінің осылайша коммуникативтік мақсаттары тұрғысынан да ерекшеленіп тұрады. Айталық жай сөйлемдерді олардың коммуникативтік мақсаты тұрғысынан үш түрге (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) бөлсек, осындай негізгі үш түрлі қатысымдық мақсат құрмалас сөйлемдерде де бар. Бірақ құрмаластардың жай сөйлемдерден басты ерекшелігіне орай, бұлардағы коммуникативтік мақсаттың ерекше түрі – жоғарыда айтып өткеніміздей, тек құрмалас сөйлемдерге ғана тән кең мағынадағы жаратылыстық-болмыстық сипаттағы синтаксистік қатынастарды білдіру мақсаты болып табылады.
Құрылымдық (структуралық) бағыттағы тіл білімі ғылымында сабақтас құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы сыңарлары басыңқы сыңардың белгілі бір мүшесі түрінде ғана түсіндірілетіні белгілі. Қ.Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты еңбегінде құрмалас сөйлем жайында: «... Сабақтас сөйлемнің ішінде басыңқы сөйлем болады да, оның бір мүшесіне жетек айқындауыш есебінде бағыныңқы сөйлем болады. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы шартты түрде (са) болады да, ішінде бір сұраулы сөз болады; басыңқы сөйлемде сол сұрауға сәйкес басыңқының баяндауышына, я басқа бір мүшесіне көніп, соның ауанынша белгілі бір түрге түскен «сол» болады... », - дейді [6; 360]. Кейінірек осы мәселеге байланысты пікір білдірген Т.Қордабаев: «Шартты бағыныңқылы сөйлемнің бағыныңқы сыңары басыңқыдағы ешбір сөзге тәуелді болмайды», [4; 162]–дейді. Біздіңше, бұл пікірдің негізі жоқ емес. Қалайда Қ.Жұбановтың бастауыш бағыныңқы, баяндауыш бағыныңқы, септес бағыныңқы, іліктес бағыныңқы, шақтас бағыныңқы, жанас бағыныңқы дегендерінің бәрі де шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемдердің бір алуан түрлері тәрізді.
Проф. Р.Әмір құрмаластық құрылымның пайда болуындағы коммуникативтік мақсаттар мен сөйлеушінің тілдік талғамына байланысты мәселелерге баса назар аударады. Ғалымның пікірінше, сабақтас құрмалас сөйлемдер тізбектілік талабын атқарады. Салалас құрмалас сөйлемдер сегментттік талабын өтейді. Қазақша сөзде, лебізді тізбекті етіп құрау қалаулы. Осы себептен сабақтас құрмалас сөйлемдер басым жұмсалады,-дейді . Ол, сондай-ақ, тізбектілік құрылымның (сабақтастың) таңдаулы болуы адамның о бастағы табиғат құбылыстарын, табиғаттағы заттарды көру, тану, айту дәстүріне байланысты, соны үлгі ету дәстүріне байланысты орныққан. Адам бұл айтылғандарды орналасу ретін, бірінен соң бірінің ілесіп келу ретін қуып көрген, айтқан, таныған. Осы дәстүр, тәртіп синтаксистегі тізбектіліктің орнығуына, қалаулы болуына негіз болды,- дейді. [7; 28].
Ғалым бұл жерде сабақтастық құрылымның о баста пайда болуына негіз болған басты факторды өте орынды көрсетіп отыр. Біздіңше, тек сабақтас құрылымдар ғана емес, жалпы құрмаластық құрылымдардың қай-қайсы да жаратылыс-болмыстағы алуан түрлі құбылыстардың жалпы заңдылықтарын, біз жоғарыда атап өткен философиялық категориялар дәрежесіндегі мезгілдік, мекендік, себеп-салдарлық, шарттық т.б. қатынастардың заңдылықтарын тілдік бейнелеу мақсатында пайда болған. Бірақ, соның өзінде проф. Р.Әмір атап көрсеткендей, тізбектілік сипаттағы құрылым мен сегменттік сипаттағы құрылымның, яғни сабақтастық және салаластық құрылымдардың өзіндік ерекешліктері бары да ақиқат. Ол шынында да, тек қана грамматикалық формалар түріндегі ерекшеліктер емес, белгілі бір нақты коммуникативтік талаптарды қанағаттандыруға арналған құрылымдар болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, құрмаластың басқа мағыналық түрлеріне қарағанда шарттылық қатынастағы сөйлемдердің сегментті құрылымды түрлерінен гөрі тізбекті құрылымды түрлері әлдеқайда мол кездеседі. Ал сегменттік құрылымдардың тілдік қолданыстары сирек те болса, ерекше модальдық, стильдік реңдерді бейнелеу мақсатында қолданылатын тәрізді.
Біздіңше, құрмалас сөйлем пайда болуының негізгі себебі күрделі ойды білдіру мақсаты емес, жоғарыда айтып өткеніміздей, кең ауқымдағы жаратылыстық-болмыстық сипаттағы заңдылықтарды бейнелеу мақсаты болып табылады. Қазіргі қазақ тілі синтаксисіне қатысты еңбектерде құрмаласты құраушы компоненттердің «жай сөйлемдер» деп аталмай, «сыңарлар» (компоненттер) деп аталуының өзі олардың синтаксистік бітім-болмысы жекеленген жай сөйлемдердің синтаксистік табиғатымен толық сәйкеспейтіндігінен деп білеміз. Т.Н.Ермекова: «Сөйлем деп аталатын синтаксистік категория мен құрмалас сөйлем компоненті болып саналатын жай сөйлем өз ішінде парадигмалық, синтагмалық қатынастағы кіші құрылымдарға негізделген өзара иррархиялық қатынастағы бірліктер болып саналады», -дегенмен, негізінен, құрмалас сөйлемді құраушы компоненттерді де жай сөйлемдер ретінде қарастыратын тәрізді [2; 12]. Автор жай сөйлемдердің компонент сипатында ұйымдасуының негізгі принциптері ретінде үйлесімділік, ортақтастық, параллельдік, жүйелілік принциптерін көрсетуге болатындығын айтады да: «Компоненттері жай сөйлем болып саналатын құрмалас сөйлемге төмендегідей анықтама беруге болады: «Құрмалас сөйлем деп бір мағыналық және интонациялық тұтастықты құрайтын, бірақ өзінің ішкі грамматикалық құрылысы бойынша субъект – предикаттық қатынасқа негізделген компоненттерден (екі немесе одан да көп) тұратын айрықша синтаксистік бірлікті атаймыз»,- дейді [2;13]. Осы берілген анықтамада негізгі мәселе (мағыналық және интонациялық тұтастықты құрау, өзінің ішкі грамматикалық құрылысы бойынша субъект – предикаттық қатынасқа негізделу) құрмаласты құраушы компоненттер (жай сөйлемдер) туралы ғана болып отыр және бұлар бұрыннан да айтылып жүрген жайлар. Берілген анықтамада құрмаласқа қатысты айтылған негізгі пікір - оның «айрықша синтаксистік бірлік» екендігі. Автор онан әрі құрмалас сөйлемді айрықша синтаксистік бірлік деп көрсетуінің өзіндік себептері бар екендігін, яғни аталған үш өлшем (мағыналық, құрылымдық, интонациялық) бойынша біртұтастықта қарастырылатын өзге де тілдік бірліктер де – күрделі синтаксистік тұтастық, абзац, мәтін – бар екендігін, бұлардан құрмалас сөйлемнің басты айырмашылығы оның бір ғана тиянақталған интонацияға негізделуінде екендігін айтады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, құрмалас сөйлем категориясы ерекше грамматикалық қатынастарды, яки жаратылыстық – болмыстық заңдылықтарға байланысты қатынастарды - жай сөйлемдерден өзгеше түрде тілдік бейнелеу мақсатында пайда болғандығын көреміз. Осы тұрғыдан келгенде, Күн жылы, жер қарада қораны жөндеп алыңдар - деген тәрізді сөйлемдерді құрмалас сөйлем деп атау ойлана түсуді қажет ететін тәрізді. Автор: « Бағыныңқы компоненттердің баяндауыштары бірыңғай формада, жатыс септік тұлғада (жылыда, қорада) тұр, соңғы компоненттегі баяндауыштың құрамындағы жатыс септік жалғауы ортақ»-деп түсіндіреді [6;161].
Біздіңше, бұларда құрмаластық қатынасқа түсетін компоненттер жоқ, яғни бұл – бар болғаны, бірыңғай мезгіл пысықтауышты жай сөйлем ғана. Демек мұндағы синтаксистік қатынас – сөйлеммүшелік қатынас. Ал құрмаласқа тән синтаксистік қатынас болу үшін компоненттер арасындағы синтаксистік қатынас сөйлем мүшелік сипатта емес, кең ауқымды категориалдық сипатта болуы керек. Ал ол жоқ жерде құрмалас сөйлем де болмайды. Жоғарыда келтірілген сөйлемде «күн жылы кезде» деген байлаулы мағына да аңғарылады. Құрмалас компоненттерін айқындауда осындай да мәселелер жоқ емес.
Құрмалас сөйлемдердің арасындағы синтаксистік қатынасты айқындау - күрделі мәселелердің бірі және мұнда сыңарлардың лексикалық құрамы мен құрылымы, т.б. компоненттік элементтері аса маңызды қызмет атқарады. О.Есперсен өз зерттеулерінде: «Грамматиканы сыртқы және ішкі жағынан қарастырамыз. Біріншіден, қызметтен (мағынадан) тұлғаға қарай, екіншіден, тұлғадан қызметке (мағына) қарай талдаймыз дей келіп: «... в центре внимания оказываются не столько «явные» грамматические категории, во многих отношениях достаточно изученные, сколько взаимодействие грамматических форм, лексики и контекста, правила функционирования языковых средств, используемых для передачи смысла. Эти средства образуют особую надуровневую систему функционирования грамматических единиц», [7; 39]-дейді. Яғни ғалым бұл жерде құрмалас компоненттерінің ішкі ерекшеліктерінің маңыздылығын ескеріп отыр. Біздіңше де құрмалас сөйлемдерді, олардың синтаксистік табиғатын зерттеу барысында екі компоненттің де өзіндік ерекшеліктерін, олардың әрқайсысының синтаксистік қатынасты айқындаудағы қызметтерін айқын анықтап алу маңызды болмақ.
Яғни құрылымдық тіл біліміндегі тәрізді тек бағыныңқы сөйлемнің баяндауыш тұлғасының ерекшеліктеріне ғана қарау жеткіліксіз екені, сонымен қатар басыңқы сыңардың да құрамындағы әрбір сөзге, лексикалық бірліктерге, контекске, басыңқының тұтастай сөйлем құрамындағы синтаксистік қызметіне ерекше көңіл бөлінуі басты назарда болуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынұлы. А. Тіл тағылымы. А., 1992
2.Ермекова Т.Н. Құрмалас сөйлемдердің қалыптасуы мен даму тарихы туралы // Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары, А., 2006.
3. Шептулин . А.П. Диалектический метод познания, М.,1983.
4. Қордабаев Т. Шартты райдың жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы туралы // Қазақ тілі мен әдебиеті , 1959., №12.
5 Сағындықұлы Б. Тең дәрежелі қатынастағы тілдік бірліктер.: филол.ғыл. др-ы. дисс. автореферат, А., 2004.
6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зертеулер, А.,1966.
7. Әмір Р., Әмірова Ж. Құрмалас сөйлемдер жүйесіндегі көрінетін коммуникативтік көріністер және олардың орындалуы // Тілтаным. Языкознание, 2009 №1.
8. Есперсен О. Философия грамматики М., 1958.
Достарыңызбен бөлісу: |