Ақтөбе өңірлік Қ.Жұбанов атындағы университеті
Филология факультеті
ОСӨЖ-12
Тақырыбы: Қазіргі қазақ тіл біліміндегі сабақтас сөйлемнің зерттелу жайы
Дайындаған:Бектібаева Ж. Крил-301 т
Тексерген : Сәдірова Ә.С.
Ақтөбе-2022ж
Қазіргі қазақ тіл біліміндегі сабақтас сөйлемнің зерттелу жайы
Сабақтас құрмалас сөйлем — құрамындағы жай сөйлемдері бір-бірімен сабақтаса байланысқан құрмаластың түрі. Сабақтас құрмалас сөйлем құрамындағы алғашқы жай сөйлемнің баяндауышы тиянақсыз тұлғада келіп, екіншісіне бағына байланысады.
С.Аманжолов сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың алты түрлі жолын көрсеткен: көсемшелер арқылы, есімшелер арқылы, шылаулар қосу арқылы, етістіктің шартты райы арқылы, есімдік арқылы, жай етістікке шылау қосу арқылы жасалады деп көрсеткен. «Есімше, тұйық етістік арқылы жасалатын сөйлем түрлері анықталған: а) Есімшеге жалғанып, сабақтас жасайтын жалғаулар – жатыс, шығыс, көмектес септіктері. Мысалы: Біз келгенде, олар кетті. Біз келгеннен, олар кетті. Біз келгенмен, олар кетті. ә) Есімшеге, я тұйық етістікке жалғанған жалғау үстіне қосылатын жалғаулар мыналар: гөрі, бұрын, бері, басқа, кейін, соң (бұлар шығыс жалғаудан кейін келеді), қарай, лайық, таман, бола, дейін, шейін (бұлар барыс жалғауды керек қылады), бірге де (бұлар көмектес жалғауды керек қылады), орнына, алдына (ілікті керек қылады). Мысалы: Әшім баяндама жасағаннан гөрі, Хасен жасағаны тәуір. Әшім баяндама жасауына қарай, жұрт көп жиналды. Әшім баяндама жасаумен бірге, өзі ән-күйді басқарады. Әшім баяндама жасағанмен де, жұрт жалыққан жоқ. Әшім баяндама жасаудың орнына, әңгіме айтып кетті.
Жалғаусыз есімше я тұйық етістік шылаудың я жұрнақтың жәрдемімен сабақтас сөйлем жасайды. Мұндағы шылаулар: сайын, бойынша, кезде, мезгілде, түгел, шақта, күнде, уақытта. Мысалы: Әшім баяндама жасаған сайын, жұрт көп келеді. Әшім баяндама жасаған шақта (кезде, уақытта, күнде, мезгілде), біз жақсы тыңдадық.
автор қазақ тілінде сабақтас құрмалас сөйлемнің он үш түрлі бағынқы түрі бар деп көрсетеді: шартты бағыныңқы сабақтас, қарсылықты бағыныңқылы сабақтас, себеп-салдар бағыныңқылы сабақтас, мезгіл бағыныңқылы сабақтас, қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас, мақсат бағыныңқылы сабақтас, ұқсату бағыныңқылы сабақтас, үлектес бағыныңқылы сабақтас, аяулы бағыныңқылы сабақтас, қыстырмалы бағыныңқылы сабақтас, сілтеу бағыныңқылы сабақтас, ыңғайлас бағыныңқылы сабақтас, үдетпелі бағыныңқылы сабақтас. Бұл еңбекке автор сабақтас құрмаластың алдыңғы сегіз түріне қоса аяулы, қыстырмалы, сілтеулі, үстемелі, ыңғайлас сабақтас деп қосқан. Ғалымның айтуынша, септік жалғауының ілік, барыс, табыс түрлері толық мағынада сабақтас сөйлем жасай алмайды. Өйткені, олар құбылмалы, яғыни, ілік, барыс, табыс, шығыс жалғаулы есімшетерге тәуелдік жалғауы жалғанады. Мысалы: Ол айтқанның мен айтқаннан бөлек жоқ – Оның айтқанының менің айтқанымнан бөлегі жоқ. Ғалымның пікірінше, есімшеге жалғанып, сабақтас сөйлем жасайтын жалғаулар: жатыс, шығыс, көмектес. Мысалы: Біз келгенде олар кетті. Біз келгеннен, олар кете бастады. Біз келгенмен, оларды көрмедік
Есімдіктер арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер, С.Аманжоловтың зерттеуінше, біріншісі – 3-жақ жіктеу есімдігі, екіншісі-сілтеу есімдігі қатар келуі арқылы жасалады.(Бұл талаптың өз алдына тамаша жері сол, ол адамдарды бірлікке шақырды).Сонымен қатар автор сабақтас құрмалас сөйлем жасауда кейбір егеспелі сөздердің рөлі де бар дейді. Егеспелі сөздің көбі есімдіктен жасалады: неғұрлым-соғұрлым, қанша-сонша, кім-сол, нені-соны, қалай-солай, т.б. «Алайда бұлардың рөлі етістіктерден күшті емес, тек белгілі дәрежеде екі сөйлемнің бірін-бірі тәуелді етудегі ролі зор. Егеспелі сөздер шартты райлы сөйлемдерде көп кездеседі. Мысалы: Неғұрлым еңбек өнімді болса, соғұрлым тұрмыс жақсарады»,- деп көрсетеді.
Н.Т.Сауранбаев «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» еңбегінде сабақтастарды жіктеуде бағыныңқы қызметін «логика-грамматикалық жақтан бағыныңқылар басыңқы сөйлемдегі бір мүшенің қызметін атқарады, соның орнына жүреді» -деп түсіндіреді, сабақтастарды, негізінен сөйлем мүшелерінің атымен былайша жіктейді: 1)анықтауыш бағыныңқылы сабақтас; 2) пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас; оның ішінде: мезгіл пысықтауыш бағыныңқылы, себеп пысықтауыш бағыныңқылы, амал пысықтауыш бағыныңқылы, мақсат пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар; 3) толықтауыш бағыныңқылы сабақтас; 4) шартты бағыныңқылы сабақтас; 5) қарсылықты бағыныңқылы сабақтас; салыстырма бағыныңқылы сабақтастар .
Пайдаланған әдебиет:
1.Балақаев М.Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1992.
2.Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлемдер синтаксисі. Алматы, 1991.
3.Қазіргі қазақ тілі /Синтаксис/(Ф.Ш.Оразбаеваның редакторлығымен). 2005ж.
Достарыңызбен бөлісу: |