Аудан әкімі А.Бекбосыновтың «Катонқарағай ауданының 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері туралы» халық алдында есеп беру баяндамасы
Құрметті есепке қатысушылар!
Мемлекет басшысының «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен барлық экономикалық жетістіктері мен табыстары халықтың сапалы өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған.
Елбасы осы Жолдауында қазақстандық жолдың жаңа кезеңі – ол экономиканы нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа міндеттер екенін атап өтті.
Осыған орай, алдымызда орындайтын көптеген міндеттер тұр.
Бүгін, өткен жылды қорытындылай келе, 2011 жылға қойылған барлық міндеттер орындалды деп сеніммен айта аламын.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бюджеттен бөлінген қаражат толығымен игерілді. Ауданның өзіндік кірісі 373,3 млн.теңгені немесе болжамның 105,1% құрады.
Жалпы аудан бойынша экномиканың барлық саласында өсім байқалады.
2011 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 28,3 % өсіп, 12,3 млрд. теңгені құрап, сүт, ет, жұмыртқа өнімдерінің өсімі байқалады.
Ауданда 15 мал бордақылау алаңы, 12 қолдан ұрықтандыру пункті, 13 мал өлекселерін көметін орындар, 17 мал сою алаңы, 13 асыл тұқымды шаруашылығы жұмыс істейді. Оның 7 асыл тұқымды шаруашылығы 2011 жылы құрылған.
Ауданда 185 мың тонна шөп, 4 мың тонна пішендеме, 7 мың тонна сүрлеме дайындалды, 21484 тонна астық, 16414 тонна күнбағыс, 20686 тонна картоп, 4936 тонна жеміс - жидек өндіріліп, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 13 центнерді, күнбағыс 8 центнерді құрады.
Мемлекетке «Продкорпорация» АҚ арқылы 3525 тонна астық тапсырылды.
Шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстары да қолға алынып, 216 ұсақ шаруа қожалықтары 27 ірі ауылшаруашылық құрылымдарына біріктірілді. 49 ауылшаруашылық техникалары 160,9 млн. теңгеге сатып алынды.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау және дамыту мақсатында 167 млн. теңге субсидия бөлініп, жанар-жағар май бағасын арзандатуға, минералды тыңайтқыштар және мал азығын алуға, сүт пен еттің сапасын арттыруға, биязы жүнді өндіруге, асыл тұқымды мал сатып алуға, қымыз өндіруге жұмсалды. Марал және омарта шаруашылықтарын дамыту мақсатында облыс әкімі Б. Сапарбаевтың қолдауымен облыстық бюджеттен 34,3 млн. теңге бөлініп, игерілді.
Аудан экономикасын дамытуда қаржы институттарының да үлкен үлесі бар. Өткен жылы шаруа қожалықтарына және басқа да заңды және жеке тұлғаларға 173,8 млн. теңгенің несиесі берілді. Соның ішінде «Мұзтау несие» ұйымынан 58 адам 38 млн. теңгенің несиесін, «Ауыл шаруашылығын
қаржылай қолдау» АҚ арқылы 43 заңды және жеке тұлғалар 53,7 млн.теңге, «Катонқарағай несие серіктестігі» арқылы 15 шаруашылық құрылымдары 11 млн.теңге, «Казагро» қаржы институттары арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 9 шаруа қожалығы 508 ірі қара сатып алу үшін 71 млн. теңге көлемінде несие алды.
Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2011 жылы 1,3 млрд теңгені құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Малдың қауіпті ауруларын алдын алу мақсатында мал дәрігерлік қызметі өз деңгейінде жұмыс істеуде.
Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде қолданылмай жатқан жерлер тексеріліп, 2011 жылы комиссия шешімімен қолданылмаған жер 16,3 мың гектарды құрап, оның 7 мың гектар егістік алқабы иесіз ретінде есепке қойылды. Соның ішінен мемлекеттік меншікке жалпы ауданы 1370 гектарды құрайтын 32 жер телімі қайтарылды. Бұл бағыт бойынша жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табады.
2011 жылы Аққайнар ауылында 180 орындық мектеп құрылысы, аудан орталығында 250 орындық балалар бақшасының құрылыстары басталды. Жеке тұлғалардың өз қаражаты есебінен 23 тұрғын үй қолданысқа берілді 2011 жылы ауданды қаржыландырудың барлық көздері есебінен негізгі капиталға жалпы көлемі 1431,2 млн. теңгенің инвестициясы тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 966,4 млн.теңгені құрады.
Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, қазіргі кезде, ауданда 2349 шағын бизнес субъектілері тіркеліп, онда 4765 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 30,4 % құрайды. Олардан бюджетке 71,8 млн. теңгенің түсімдері түсті немесе есепті кезеңге 3,8 % өсті.
Елбасы өзінің Жолдауында туризмнің дамуына ерекше назар аударды. Бұл саланы іске асыру үшін біздің ауданда барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Атап айтқанда «Рахман қайнары», «Нұр-Бұлақ» шипажайлары және басқа да 9 пантымен емдеу орындары өз қызметтерін көрсетуде.
Катонқарағай Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің жаяу және атпен жүру маршруттары үлкен сұраныспен қолданылады. 2011 жылы демалушылар мен туристердің саны 9 мыңнан асып, 28,4% көбейді. Жалпы туризм саласына қызмет көрсету мөлшері болжаммен 131 млн.теңгені құрады.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына және оларды ұстап тұруға 2011 жылы 197,8 млн. теңге бөлініп, игеріліп, Согорное-Барлық-Ақсу, Ақсу-Жазаба, Малонарым-Новополяковка жолдарына, Бесүйге кіре беріс жолына, Үлкен Нарын ауылындағы Сурка өзенінің көпіріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Ақбұлақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру барысында Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарындағы су құбырлары жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге 100,1 млн. теңге, Малонарымка және Новоберезовка ауылдарындағы су жүйелерін қайта жаңғыртуға 91,2 млн. теңге бөлініп, игерілді. Өрел және Приморское ауылдарындағы су құбырлары жүйелерін қайта жөндеуге 10,5 млн.теңгеге жобалы сметалық құжат әзірленді.
Облыс әкімінің тікелей араласуымен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 12,6 млн.теңгеге Шыңғыстай ауылындағы Көктерек өзенінің жағасы бекітіліп, арнасы тереңдетілді.
Көшелерді жарықтандыруға қарастырылған 17,2 млн.теңге толығымен игерілді.
2011 жылы ауданда автомобиль көлігімен 86 мың тонна әр түрлі жүктер тасымалданып, 70,2 млн. теңгенің қызметі көрсетілді.
Қазіргі уақытта 33 елді-мекен автобус қатынасымен қамтылып, Өскемен, Зырян бағытында жолаушыларды тасымалдау ұйымдастырылған. Аудан ішіндегі бағыттарды қолдауға жергілікті бюджеттен 1,2 млн. теңге бөлінген.
Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2011 жылы ауданда 1519 жаңа жұмыс орны құрылып, 2010 жылмен салыстырғанда 400 жұмыс орынға өскен. Жұмысқа орналасуға 512 адам тіркеліп, 427-і жұмысқа орналастырылды.
«Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 16 әлеуметтік жоба ұсынылып, 351,6 млн.теңге бөлінді, 351 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ұйымдастыру үшін 1,2 млн.теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде 13 жас маман жұмысқа жіберілді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша кәсіптік оқыту және қайта даярлауға 151 адам жіберіліп, кәсіпкерлікті дамыту үшін 64 млн.теңге несие бөлінді.
2011 жылы аудан тұрғындарына 16,2 млн. теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі, 1,7 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі, 16,1 млн. теңгенің балалар жәрдемақысы көрсетілді.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бойынша жеке кәсіпкерлермен және шаруа қожалық басшыларымен 217 млн.теңге көлемінде 83 меморандумға қол қойылды.
Аудандағы азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында 2011 жылы Астана, Өскемен, Семей қалаларында 5, ауданда 12 ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өткізілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында ауданға облыс орталығынан «Керуен» жәрмеңкесі келіп, Белқарағай, Топқайың, Жаңа Үлгі, Шыңғыстай, Өрел ауылдарында өткізілді.
Аудан кәсіпкерлерімен тауардың негізгі түрлеріне және дәрілік заттарға 10 пайыздан артық үстеме баға қоспау бойынша 253 меморандумға қол қойылды.
2011 жылы білім беру мекемелерінің деңгейін дамыту үшін 1,8 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Оның 57,9 млн.теңгесі мектептердің материалдық - техникалық базасын нығайтуға, 42,6 млн.теңгесі мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, 14,2 млн. теңге оқулықтар алуға, 26,1 млн. теңге 1-4 сыныптардағы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жұмсалды.
Қазіргі уақытта аудан мектептеріне 30 мультимедиялық, 17 физика, 16 биология, 6 химия кабинеттері алынған. Соның ішінде 2011 жылы республикалық бюджеттен 5 биология, 5 мультимедия және жергілікті бюджеттен 2 химия кабинеттерін жабдықтау үшін қаражат бөлінді. Облыс бойынша кабинеттер желісімен біздің аудан ең көп қамтылған.
Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижесі бойынша аудан бес жыл қатарынан облыс бойынша бірінші орынды алып келеді. 2011 жылы аудан бойынша орташа бал 99,87 балды құрады.
Шығыс Қазақстан облысы тарихында бірінші рет мұғалімдердің облыстық тамыз конференциясы аудан деңгейінде өтіп, біздің Катонқарағайда ұйымдастырылды.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 4,7 млн.теңге бөлініп, 98 пайызы сауықтыру және демалыспен қамтамасыз етілді. «Нұр Бұлақ» шипажайында бірінші рет оқушылардың қысқы демалысы ұйымдастырылып, 200 ден астам оқушы жанұясымен барып қайтты.
Қосымша оқыту жүйесін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2011 жылы Катонқарағай ауылында саз мектебі, ал биылғы жылы «Жас турист» бекеті ашылды. 2011 жылғы қазан айында Үлкен Нарын ауылдық лицейінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универститетінің даярлық факультетінің филиалы «Оқыту-кеңес беру орталығын» ашылды. Оқыту-кеңес беру орталығында жоғары сынып оқушыларын университетке түсуге даярлау үшін мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетіледі, педагог қызметкерлерінің ақпаратпен алмасу біліктілігін көтеру, жекелеген мәселелерді бірігіп шешуін жүзеге асырады, Катонқарағай ауданының түлектерінен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да оқуға облыстан даярлауды қамтамасыз етеді.
Спорт түрлерін дамыту мақсатында Үлкен Нарын ауылының «Алтай» спорт кешеніне, шаңғы базасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығында шағын футбол алаңы іске қосылып, 18 хоккей қорабтары жұмыс істей бастады. Ақсу ауылында «Екі Дос» серіктестігінің демеушілігімен футбол және волейбол алаңы салынды. Топқайың және Коробиха ауылдарындағы спортзалдар қалпына келтірілді.
Мақсатты ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде біздің спортшымыз Аян Қалибеков Әлем чемпионатында жасөспірімдер арасында қола жүлдеге ие болды. Республика, облыс көлеміндегі жарыстарда аудан намысын қорғап жүрген Замир Нұрланов, Самат Жакупов, Марат Садуевтарды да атап өткен жөн.
Өскемен қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен облыстық спартакиададан біздің мемлекеттік қызметкерлер командасы шағын футболдан 2-орынды иеленді.
Ауданда «Балапан» бағдарламасы жүйелі жұмыс істеуде, барлығы 7 балабақша, 37 шағын орталықтары жұмыс істейді. 2011 жылы Новоберезовка, Өрел жэне Новоберезовка ауылдарындағы балабақшаларға 75,8 млн.теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Белқарағай ауылындағы балабақша ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аудан толығымен медициналық мекемелер желісімен қамтамасыз етілген. 2011 жылы Катонқарағай ауылында 75 орындық аурухана пайдалануға беріліп, ауданға 6 жас дәрігер келді. Өткен жылы жылжымалы мамографиялық кешен, жедел жәрдем автокөлігі, ультрадыбыстық аппарат және балалар реанимациялық кешені алынды. Новоберезовка және Ново-Хайрузовка ауылдарында дәріханалық бөлімшелер ашылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Жас нәресте өлімі, туберкулез және онкологиялық аурулар азайды.
2011 жылы мәдениет саласында жеткен жетістіктеріміз де аз емес.
Алматыда өткен «Күншуақ» республикалық балалар шығармашылық байқауында Мирас Ерболов І орынды, «Шығыс саздары» облыстық байқауында Немерехан Дәулетхан І орынды, «Ұстаз деген ұлылық» облыстық байқауында Талғат Байгереев І орынды, «Шығыс әуендері» облыстық байқауында «Достар» ансамблі І орынды, «Мен таланттымын» облыстық домбырашылар байқауында Немерехан Дәулетхан мен Жұмабек Қилымқан ІІ орынды иеленіп, Мұрат Мұрзашев «Ең үздік клавиште ойнаушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Жанұялық ансамблдер» байқауында Ақсу ауылынан Серікқалиев Ермек марапатталды.
Клуб мекемелерінің жүйесі де кеңейтілуде. Мемлекеттік меншікке 9 мәдени ошағы қайтарылды.
2011 жылы 26,7 млн. теңгеге Жамбыл ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Құрметті жерлестер!
2011 жыл маңызды саяси оқиғаларға толы жыл болды. Бұл жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісімен өтті. Еліміздің басты мерейтойына орай әртүрлі қоғамдық саяси, мәдени, спорт шаралары өткізілді. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 жарқын іс», «Туған жерге тағзым», «Туған ел-алтын бесігім» акциялары қарқынды түрде ұйымдастырылып, 715 млн.теңгені құрайтын 283 жоба іске асырылды.
Ауданымыз облыстық «Туған ел-алтын бесігім» акциясындағы ауылшаруашылық жәрмеңкесін жоғары деңгейде өткізгені үшін, ІІ орынды иеленіп, облыс әкімінің дипломымен марапатталды.
«Туған жерге тағзым» акциясының нәтижесінде облыс әкімі Қайрат Ахметов пен Мәлік Садуевті марапаттады.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің негізгі саяси науқаны Ел Президентінің сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 95,5 % дауыс алып, жеңіске жетті.
Осы сайлауда аудан халқы ел Президентіне 99% дауыс берді.
2012 жылдың 15 қаңтарында өткен сайлауда Парламент Мәжілісі, облыс және аудан деңгейіндегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Бұл сайлауда да аудан халқы өздерінің ұйымшылдығын және саяси білімділіктерін көрсете білді.
Облыс әкімі Б. Сапарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында 26 – 27 тамыз күндері «Алтай – алтын бесігім» халықаралық форумы өтіп, Жапония, Корея, Қытай, Греция, Ресей сияқты 12 мемлекеттің өкілдер қатысып, қорытынды бөлімі Берел тарихи мәдени қорығында «Алтай – алтын бесігім» атты музыкалық фестивалімен жалғасты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында «20 жұлдызды күндер» жоспарын жүзеге асыру аясында ірі шаралар ұйымдастырылды.
Шекаралық аудандармен әлеуметтік қарым – қатынасты жақсарту мақсатында Алтай Республикасының Қос – Ағаш ауданымен біздің аудан арасында тәжірибемен алмасу жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында марал шаруашылығы жөнінде, ұлттық табиғи парктің құндылықтарын сақтау, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы меморандумдарға қол қойылды.
«Үміт» балалар үйімен әлеуметтік көмек көрсету бойынша меморандум жасалды. Осының негізінде ауданда қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Құрметті жерлестер!
2011 жылы өткен есептік кездесулерге төрт мыңнан аса адам қатысып, 53 сұрақтар мен ұсыныстар түскен, олардың 37-не кездесу кезінде тиісті жауаптар қайтарылды. 16 ұсыныстың орындалуы бақылауға алынып, қазіргі уақытта оның 15-і орындалды, Аққайнар ауылында мектеп салу мәселесі бойынша ұсыныстың орындалуы 2012 жылға ауыстырылды.
Экономикалық және әлеуметтік саладағы негізгі мәселелерді қорытындылай келе, ағымдағы жылға төмендегі жобалар жоспарланып отыр, атап айтқанда:
- Юбилейное, Коробиха, Маралды, Шұбар-Ағаш ауылдарына кіре беріс жолдарға, Новохайрузовка - Кұндызды, Жаңа Үлгі- Жамбыл-Берел, Новополяковка-Ульяновка ауылдарының арасындағы жолдарға, Үлкен Нарын, Катонқарағай ауылының ішіндегі көшелерге, Солдатово ауылындағы Астана көшесіне, Қабырға ауылындағы Бірлік көшесіне, Ақмарал ауылына баратын жолға көпірімен бірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Үшбұлақ, Жазаба, Приморское, Ақмарал ауылдары мектептерінің шатырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Кайыңды, Кызыл-Жұлдыз, Берел ауылдық клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Солоновка, Аршаты ауылдарындағы клубтарды мемлекет меншігіне қайтару.
- Жамбыл орта мектебінің шатырын қайта құрастыруға, Аршаты, Сенное, Қабырға мектептеріне қосымша құрылыс салуға; Катонқарағай ауылының мектеп жанындағы интернатын жөндеуге; Катонқарағай ауылындағы қатты – тұрмыстық қалдықтарды тастайтын алаң салуға; Катонка өзенінің арнасын тереңдетуге жобалық сметалық құжаттар әзірлеу;
-Үлкен Нарын, Катонқарағай, Топқайың ауылдарында типтік мал өлекселерін көметін орындар салу;
- Малонарымка және Новоберезовка ауылдарында су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылады;
-Катонқарағай, Новоберезовка, Ново-Хайрузовка ауылдарын көркейту, Үлкен Нарын ауылының су жағалауын көркейтуді жалғастыру.
- Еңбек, Берел ауылдарындағы су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Новополяковка, Солдатово, Ново-Хайрузовка ауылдарындағы су қорларының мониторингісін бекіту жұмыстарын жүргізу;
- Майемер, Солоновка, Белқарағай, Шыңғыстай Катонқарағай ауылындағы Рыков орта мектептеріне химия кабинеттерін алу;
- Сенное және Ақмарал ауылдарындағы мектептерге мультимедиялық кабинеттер алу;
- Малонарым орта мектебіне және Катонқарағай ауылындағы Ленин орта мектебіне бокс рингін алу;
- Жамбыл ауылындағы мектеп жанындағы интернатқа УАЗ автокөлігін алу.
2012 жылға «Жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 282,9 млн.теңгеге 138 жұмыс орындарын ашу және 10 жобаны іске асыру жоспарлануда, олар:
- Новополяковка, Новоберезовка, Берел ауылдарындағы мектептерге, Катонқарағай ауылындағы Ленин орта мектебіне, Ақсу, Солоновка ауылдарындағы балабақшаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Катонқарағай, Шыңғыстай, Новоберезовка ауылдарындағы клубтарға және Үлкен Нарын ауылындағы мұражайға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында жергілікті өзін - өзі басқаруды қолдау үшін республикалық бюджеттен 3,8 млн.теңге бөлініп, Аққайнар, Ақсу, Новополяковка ауылдарында көшелерді жарықтандыру жоспарлануда.
«Октябрь өткелі – Алтайка – Ново-Хайрузовка» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 51-83 км жолдарын жөндеу үшін 121,7 млн. теңге бөлінді. Облыстық маңызы бар «Үлкен Нарын – Күршім» бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін 150 млн. теңге бөлінді.
Облыстық бюджет есебінен Үлкен Нарын ауылында шығармашылық Үйін салуға, Үлкен Нарын ауылындағы орталық жылыту жүйесін қайта салу үшін жобалы сметалық құжат әзірлеуге, Аққайнар ауылындағы 180 орындық мектептің құрылысын аяқтауға, Аршаты ауылындағы Бұқтырма өзенінің көпірін салуға қаражат қарастырылған.
Аққайнар, Ақсу, Шыңғыстай, Топқайың ауылдарында жер асты суының мониторингісін жүргізу мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстарын жасау жоспарланған.
Жыл көлемінде жоспарланған іс-шараларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Әрине, бұл жұмыстар ауқымын және қаражат көлемін үлкейту үшін жүргізілетін болады.
Құрметті жерлестер!
Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев біздің ауданымызға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Сонымен бірге облыс басшысы бізге үлкен сенім артады. Биылғы 2012 жылы да біз бұл сенімді ақтаймыз деп сенемін. Әрине алда әлі талай жұмыстар бар. Сондықтан бірлігіміздің арқасында өз мақсаттарымызға жетеміз деп ойлаймын. Бірлесе отырып атқарған еңбектеріміз арқылы ғана биік белестерді бағындырамыз!
Назарларыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |