Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Сырдария ауданының әкімі Ғ.М.Әбілтайдың құттықтауы
Тереңөзек кенті 29 тамыз 2012 ж. Аудандық мәдениет үйі сағ. 10.00
Құрметті сырдариялықтар! Қадірлі ардагерлер!
Сіздерді «30-тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» мемлекеттік мерекесімен аудан халқы, аудан әкімдігі атынан шын жүректен құттықтаймын!
Ата заң. Аталар аманаты. Кешегі Қасымның қасқа жолы, Есімнің ескі жолы, Тәукенің Жеті жарғысының жалғасы, заңды мұрагері – біздің бүгінгі Конституция.
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Әрбір Қазақстан азаматы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетте өмір сүруге деген ниетін айқын білдірді.
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекеттігімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік.
Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.
Құрметті жерлестер!
Конституцияның: “Біз,.. Қазақстан халқы...” деген алғашқы сөздері - бұл көпұлтты еліміз бірлігінің мызғымас формуласы. Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі - біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты қайнар көзі.
Біздің Негізгі заң - бұл біз бірлесіп Жаңа қоғам, Жаңа мемлекет, Жаңа экономика тұрғызып жатқан сенімді іргетас.
Жиырма бірінші ғасырдағы Қазақстан халықтың сан ғасырлық үміті мен арманының, оның бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылысының іске асуын танытуда.
Еліміз өз тарихында тұңғыш рет басты міндеттерді шешті - мықты мемлекеттілік пен экономиканы құрды, халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алды. Бүгінде еліміздің жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды.
Негізгі заң - бұл әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты артуының кепілі. Тегін орта білімді, азаматтардың денсаулығын сақтауды, аналар мен балаларға, мүгедектер мен аға ұрпаққа қамқорлықты мемлекет қамтамасыз етеді.
Конституцияда Астананың біздің мемлекетіміздің жаңа елордасы ретіндегі мәртебесі бекітілді. Астана Қазақстанның жаңа дәстүрін - жасампаздықпен тұрғызу және жеңе білу дәстүрін бастап берді. Сондықтан да елорданың өркендеуі - бұл біздің халқымыздың саяси асқақ абыройы. Еуразияның жүрегіне, Сарыарқаның төріне орналасқан Елордамыз-Астана руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде әлемге танылды.
Бүгінде Қазақстан - әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптес, Орталық Азияның шешуші елі.
Конституцияның мызғымас құндылығы уақыт сынағынан өтті. Негізгі заң әлемдік экономикалық дағдарыстың күрделі жағдайында біздің қоғам тұрақтылығының кепілі болып отыр.
Біздің экономика осынау жаһандық апаттың қыспағына шыдас берді.
Мемлекет әрбір ауылға, әрбір қазақстандықтың отбасына көмек, қолдау көрсетіп келеді. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақы мен шәкіртақысы ұлғаюда. Шағын және орта бизнеске, құрылыс индустриясына, жетекші банктерге қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауыл халқына үстемесіз несиелер беріліп, кәсібін нәсіп етуге жағдай жасалуда. Болашағы зор инновациялық жобаларға орасан зор инвестициялар жұмсалуда, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Еліміздің экономикасы дамудың жаңа сапасына қол жеткізуге және барша қазақстандықтар өмірінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағдарланған.
Осының бәрі Ел Конституциясының халық үшін жасалған, халық қабылдаған және халықтың игілігіне қызмет ететіндігін білдіреді.
Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз - Негізгі Ата заңымызды, өз Отанымызды, өз Тарихымызды құрметтеу.
Әрбір қазақстандықтың Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен балалары үшін де мәнділігін бағалай білуі, конституциялық міндеттемелерді қастерлеп сақтауы және орындауы маңызды.
Конституция күні жылма-жыл жаңаша мерекеленіп келеді. Бүкіл еліміз бойынша салтанатты шаралар, бұқаралық патриоттық акциялар өтуде. Бұл игі істер дәстүрге айналуы тиіс.
Құрметті аудан тұрғындары!
Біз жыл сайын Конституция күнін елдің Негізгі Заңына, Қазақстан халқына, өзімізге деген құрмет үшін атап өтеміз.
Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндеттілік емес. Бұл – азат елдің артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз – жеке азаматтар емес, Қазақстан халқымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, азаматтық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін елміз.
Конституция күнінде біз Атажұрт алдындағы жауапкершілігіміздің қандайлық зор екенін айрықша ұғынамыз. Ең алдымен, мемлекеттің қызметінде жүрген жауапкершілікті ұғынамыз, әрі не үшін қызмет етіп жүргенімізді айқын сезінеміз. Бұл тамаша датаның мәні де осында жатыр.
Барлық қазақстандықтарды, сыр бойы халқын және жерлестерімді Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесімен құттықтаймын!
Ата Заңымыздың туған күні барлық сырдариялықтардың отбасына амандық, мықты денсаулық, табысты, жемісті еңбек, баянды бақыт әкелсін!
Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
Тыңдағандарыңызға рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |