Байрон – әлем әдебиетіндегі романтизм бағытының белгілі өкілі
Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді. Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді. Орыстың ұлы сыншысы Белинский: «Әрбір ұлы ақынның ұлылығының өзі – оның қасіреті мен қуанышы қоғам өмірімен, тарихымен терең тамырлас болуында,-дей келіп, – тап осындай өмірі де, шығармасы да тарихи-қоғамдық өмірмен тығыз байланыста болған орасан зор ақын – Байрон», — деп құрметпен жазған. Пушкин, Лермонтов, Мицкевич сынды поэзия кемеңгерлерінің өзі Байронның ғажайып ақындық даналығы мен адамзаттың азат өмірін аңсау жолындағы тарихта теңдесі жоқ ересен ерлік өмірін мейлінше қадір тұтып, өздеріне өнеге санаған.
Осындай бірталай елдердің әдеби өміріне аса бағалы рухани мұраларымен белгілі, әлем поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Джордж Ноэл Гордон Байрон. Ол 1788 жылы 22 қаңтарда Лондон қаласындағы ірі ақсүйек жанұясында дүниеге келген. Болашақ ақын жастайынан әділдікке, ерлік рухқа бой ұрып, алғашқы әлеуметтіккүресінен бастап-ақ өз отанындағы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрды. Өзі ақсүйек ортадан шығып, бала кезінен «лорд» мәртебесіне ие бола тұрса да, өз ортасымен, яғни Лондонның билеуші озбыр да өзімшіл тобымен сиыса алмай, азаттық үшін күресіп жатқан елдерге сапар шегеді.
Байрон лордтар палатасында мемлекет басшылығының халыққа қарсы ұстанған саясатын қатты сынға алып, екі рет сөз сөйледі. Бірінші сөзінде ол жазықсыз луддиттерге қолданылып отырған өлім жазасына ашық қарсы болса, екінші сөзінде ирландтық шаруа-католиктерді қайыршылық халге жеткізген ғасырлар бойғы үстемдікті жойып, Ирландияға егемендік берілуін талап етті. Дегенмен, ақынның бұл талаптары орындалмай, сөз жүзінде ғана қалды.
Ақын 1809 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін Испания, Швейцария, Италия, Албания, Греция елдерінде болып, олардың саяси-әлеуметтік күрестеріне өзінің отты жырларымен үн қосады. 1816 жылы ағылшын озбыр топтарымен саяси тартысы мейлінше шиеленісіп, солардың қудалауымен ол өз отанынан біржолата кетеді. Сол жылы ақын Швейцарияда барып, ағылшын поэзиясының тағы бір шыңы Шеллимен кездесіп, танысады. Бірақ ол көп ұзамай Италияның Венеция қаласына қоныс аударып, өзінің жемісті шығармашылық жолын жалғастырған.
Достарыңызбен бөлісу: |