Рух күші. (поэма) Төкеев Бертай Есмаханұлы



бет1/4
Дата15.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
#136183
  1   2   3   4
Рух күші. (поэма) Төкеев Бертай Есмаханұлы.

Қыз әкесі төрт жыл бойы,

Орынынан қозғала алмай,

Байыпты нақ сөзге оралмай,

Тар төсекте ішқұса боп жатқаны.

Болған үш қыз,екі ұл тойы,

Бүгінгі күн тас қамалдай,

Жаутаң жанар жасқанардай,

Мың ойлармен қаншама атты ақ таңы.
Бар әлемге жайып құшақ,

Күн-түн еңбек еткені.

Қолға ілінген көктегі.

Кішкентай қыз жақын еді әкеге.

Ауыр науқас,байлап,тұсап,

Жұмбақ болып жеткені.

Кешегі күн ұмыт тарих беттері,

Қажылық та,барып қайтқан Меккеге.


Денсаулық-ай, асқан байлық,

Ешнәрсе де тең келмейді екен-ді.

Қалай қиып, кетер ғажап мекенді,

Кіші қыздың тойын жасап,көре алмай,

Өзін түйіп,тас қамал қып,

Намыс езіп,қинала бір жөтелді.

Денсаулықсыз бақыт,байлық бекер-ді.

Ешнәрсе де керек болмас, о Алла-ай.


Қыз бой жетіп тал шыбықтай,

Көзге түсті көркімен.

Шарпылғанда махаббаттың өртімен,

Жігіт жақтан құда түскен қарбалас.

Өн бойына шаң жуытпай,

Ерді сүйіп,еркімен,

Айнымастай болды жастар сертінен,

Жүрек жанып, жандарында жанталас.


Қайран әке алысты аңсап,

Қай жерлерде қате қадым басқанын,

Есеп берген,өмір екен қас қағым.

Тұнжыраған,бұл жалғаннан не ұтты?

Жете алмаған ой түбіне мың шаршап,

Көтерердей намыс,жігер-асқақ үн.

Көзбен шолып ауылының жастарын,

Іштен тынып,булықты.


Кенже қызы орны бөлек,

Жүрегінің жұлынғандай жартысы.

Бұл қорлыққа шыдайды ма нар кісі?

Ақ батасын бере алмады-ау қол жайып.

Туған туыс келген елеп,

Ерге елдің алғысы.

Іштен күйіп,жанды іші,

Бала деген бауыр етің қандай,ұқ!


Сыйластық-ай қандай ғажап!

Жанға жақын-тым қымбатты.

Сүйген өмір-шын ырғақты.

Адамға тән құрметімен құралар.

Ұмытылмас сәт өмірде аз-ақ.

Қайран ғұмыр тез зырлапты.

Атса таңың,тез күн батты.

Мәңгі кімдер тұра алар?


Сағыныш –ай,сағынды қарт кемпірін,

Жастық шақтың өткізгендей елесін.

Бір тартыпты ауыр «Өмір кемесін»

Іздеп жатты тілге келмей ардағын.

Аялауға, жылы сөзге кем бұрын,

Қаталдықтың пайымдаған өресін,

Нені ексең соны жинап, тересің.

Ертеңіңді тез бүгіннен қамдағын.


Бір беткейлік қанмен келген қасиет,

Жетістікке жеткені де сондықтан.

Бітпей іске көңілі болмас орныққан,

Бір сөзді боп,сөзді сыйлап келгені.

Айтылмай тұр жүректе мың өсиет,

Дауысы шықпай үн келеді қарлыққан.

Көрінгенмен алтын шықпай сандықтан,

Көңілсіздік жаулап алды бөлмені.


Қыран қартты сыйлап ауыл аймақ та,

Қабағына қатуланған қарады.

Тілеулес қой өніп,өссе дарағы,

Шығарып та сала алмай тұр не шара?

Ауру жанда ауыртпалық салмақ та,

Өзін тежер, жыламаса жарады.

Кенже қызды иеленіп барады.

Кеше сәби, бүгін боп тұр жас ана.


Сұлу жеңгей жанарына жас алып,

Сыйлық жасап,орамалын ұсынды.

«Тауыпсың-деп,бүгін қыран құсыңды»,

Ақ тілегін жайып салды ортаға:

«Жұбыңмен жүр жасарып,

Қия алмаймыз сендей әппақ мүсінді!

Ұрпағыңмен сезінерсің күшіңді!

Өсіп өнгін, сіңгін жаңа ортаңа!»


«Ұрпақтарды тәрбиеле келешек!

Малға толсын қораң да,

Ынтымақ боп араңда,

Атамыздың әруағы қолдасын!

Ал есімін елесек,

Басыңа қонсын табанда!

Ата-анаң қымбат саған да,

Қыдыр болсын жолдасың!»


Ал қиналған қарт есімі Бақ еді,

Имандылық жан жүрегін жандырған!

Үлкен кіші мәңгі есінде қалдырған!

Тектілікпен қамқор болған әр ісі,

Рух кернеген өн бойында шақ еді,

Көзі жайнап,жігер оты жаңғырған,

Қуат келіп, құйылғандай таң нұрдан,

Алға сүйрер ішкі күші,намысы!


Келінінің сөзі рухты қамшылап,

Мөлдіреген қызын тіпті қия алмай,

Ішкі дауыл көкірекке сия алмай,

Ғаламат күш тас төсектен көтерді!

Төрт жыл күткен,елдің жасы тамшылап,

Қуаныштан жылай берді ұялмай,

Бәріне де себепкер ғой бір Алла-ай,

Перзентіне махаббаты өтелді!


Перзентінің бетін сүйіп, қауышып,

Жәутеңдетпей жанарын.

«Бақытты бол, бағалым»,

Депті қыран шаттанып.

Содан бері жылдар жылға ауысып,

Кір шалмапты ақ арын.

Рух күші жоғары үн

Елде қалған сақталып!


Тектіліктен түп тамырың қаланбақ!

Киелілік талпындырар биікке!

Қасиетің қадіріңді үйіп те,

Қаланады «Адам» деген ғажап ат!

Адам үшін өтер болсаң алаңдап,

Еліңменен еленерсің, сүйіп те!

Бақыт, байлық адамдықпен бірлікте,

Рухтың асқақ болуымен ғаламат!!!

07.04.2009 жыл.
Әке өсиеті. (поэма)

Ертеректе болған екен бұл аңыз,

Өз жерінде бақ дәулеті тасыған,

Көмектесіп, елге жаны ашыған,

Бұл өмірде өлім деген елде сын.

Даналығы дара, тұлға, жыр, абыз,

Көрсетпеген жанарын да жасыған,

Қариям-ай елде болған асыл ән,

Шақыртты ұлын, көп тұрмасын білгесін.

Ойланды әке,толғанды да, торықты,

Жалғастырып кетер ме екен ұл ісін?

Өссең,өнсең ұрпағыңмен ұлысың!

Қаншама арман қалып барады артында...

Парықсыздау перзентінен қорықты,

Жүргендей ме өзге жерде күні үшін?

Тәтті тамақ,таңдар аттың мінісін,

Басын шайқар тар төсекте нар тұлға!
Өмірі ағып,өзендей боп,бұралып,

Осы күнге қалай ғана жеткізді?

Мұз жастанып,қар кешумен өткізді.

«Қалдырам»-деп перзентіне дәулетті.

Ұлы болса той думанға сұранып,

Әрбір күнін баянсыз қып өткізді.

Ойлауменен жүйрік атты, тек қызды,

Әкесі бар,барлық іске немкетті...


Ұлы келді әкесіне жүгініп,

Бейжай көңіл,әке көзі аспанда.

Бірер сәтте айналардай дастанға,

Өсиетін бастап кетті,күш жинап.

«Әкең барда көрген жоқсың бүгіліп,

Ажал мені құтқармайды қашқанда.

Түсінерсің менсіз қадым басқанда,

Сонда мені жүрерсің-ау шын сыйлап»!


«Өсиетім төрт бөлімнен тұрады,

Әр күн сайын тәтті жегін,

Сонда нұрға бөлебегің,

Денсаулығың мықты болар күн санап.

Ынтымақ қой бақыт,байлық тұрағы,

Жетелейді алға сенім.

Намыс түзер артық кемін,

Нақ осыдан бүкіл әлем-гүл алап!»


«Әр аптада бір сұлу құш,

Көркем болып көрінеді өзгеден.

Басқаларды көңіл сірә сезбеген.

Жарқыраумен жайнай берер жаның да.

Көңіл шалқып, құлпырар іс,

Мақсатыңа тез жетерсің көздеген.

Сұлулық-ай жеткізе алмас сөзбенен.

Дәулет тасып, таси берер бағың да!».


«Әр қалада үйің болсын ең жақын,

Бара қалсаң күтіп алар әнменен.

Ықыласы теңелетін көлменен,

Сезінетін өмір мәнін аңғарып.

Сол үйіңде құрмет, терме, жыр, ақыл.

Қауышарсың алтын қазына кенменен.

Тауысарсың күй төгілсе көмбеден.

Ғаламатты сезінерсің таңқалып!»


«Осыларды орындауға күйзелсең

Ендігі шарт қиын–ды,

Тек ақылға сыйымды.

Үзілмейтін жіп аларсың қолыңа,

Тек осыдан түзелсең...

Тауып,жетіп ескі қыстау үйіңді,

Асыларсың, істете алсаң миыңды,

Бұл-мүмкіндік, бақ тілеген жолыңа!»


Үлгерді айтып,үзілді де соңғы дем,

Сонда ғана ұлы тұрды аһ ұрып.

Жан әкесін жүрегімен шақырып,

Тез сезінген қамқоршысы жоқтығын.

Өкінді де күнде көңіл бөлмеген.

Сезімсіздеу болған қандай мақұлық.

Әке-асқар тау,әке-мәңгі тақырып!

Жылағанмен,жалынғанмен жоқ бүгін.


Жанарда жас, енді неден бастамақ?

Әке барда сауықпенен күн кешкен.

Өткен күндер шығады ма мәңгі естен?

Өсиетке түк түсінбей адасты.

Әке бағы мүлдем сірә басқа бақ,

Араласпай бұл өмірге білместен,

Жанашырмен бірге өмір сүрместен,

Қателесіп жалғандықпен жарасты...


«Өсиеттен бар байлығың тасиды»

Деген әке,еске алып сөздерін.

Әр күн сайын тәтті нан жеп өзгенің,

Шашып жатты әкесінің байлығын.

Әкесіне риза болып,бас иді.

Сұлу сүйді, жәудіретіп көздерін,

Жеткізе алмай пәк сезімін, сөздерін,

Бәрі жетер,ұмытылды қайғы мұң!


Әр қаладан бір үй алып,жар салып,

Мал азайды,сауық сайран көбейді.

Деген әке: «Көңіл шіркін жебейді»

Бұрылып та қарамады артына.

Жалған-өмір,күй кешкенмен тамсанып,

Өзге байлық перзентке де өгей-ді,

Жан қинамас түбі бір күн кедей-ді,

Бұл өмірдің заңдылығы,шарты да!


Күндер кетті, айлар асып,жыл жылжып,

Мол байлықтан түк қалмады таусылып.

Бақ,дәулет те өте шығар маусым, ұқ,

Қадіріне жете алмасаң кезінде.

Күйзелгені-ай,жігіт тұрды күмілжіп,

Түпсіз ойдан жаны жылап,жаншылып,

Қара көзден жас емес-ау қан шығып,

Өкінішті,мүлдем құру тезінде...


Дана қарттан білу үшін жұмбақты,

Арнайы кеп сәлем берді алдына.

«Өсиеттің жете алмадым парқына,

Әке малы балаға мал болмай ма?

Сағындырған сағым әке қымбатты,

Жұмбаққа ену ғұламаның салты ма?

Шеше алмадым бұл түйінді алқына,

Өсиетте мың сыр жатыр қандай да».


Қарт ойланып,өсиетке үн қатты:

-«Ең тәтті нан еңбекпенен келмей ме?

Бұл өсиет мәңгі азық сендейге,

Еңбекпенен ердің бағы жанбай ма?

Әкең ұлы болған екен қанатты,

Ер азамат қиындықты жеңбей ме?

Бола ма екен сонша төмен деңгейде?

Еңбек етпей, нанға жетпей, ән қайда?»


-«Әр аптада бір сұлу құш дегені,

Жан жарың ғой аңсап жеткен алыстан.

Қандай ғажап сағынысып, табысқан!

Еңбектеніп, мол сыйлықпен жеткенде,

Өз отбасың ғашықтардың мекені!

Апта көрмей жаңа жұп боп танысқан,

Келін аққу, сен боларсың арыстан!

Бал бақытын бағалай ма көп пенде?!»


-«Әр қалада үйің болсын дегені,

Достар үйі сенің де бір баспанаң!

Ардақтымен ашылады астанаң,

Аяулы дос өмірдегі өрнегің!

Басқа жаққа бұрыпсың-ау кемені,

Қиын менен қызықта дос қашпаған!

Адамдықтың ақ жолынан аспаған!

Доспен өсіп өрлегін!»


Әкесінің досы еді бұл қария,

Өсиетін жеткізген-ді сыр етіп,

Доссыз міне өтіп жатыр күн өтіп,

Амалы жоқ, ұлды жалғыз қалдырды.

Сабыр сақтап, елге етпей жария,

Бақылаған ұлды сырттай гүл етіп.

Жастық, байлық кетеді екен шын өтіп,

Өмір ғой бұл-шексіз, терең, сан қырлы!


Жерге басын ұрып, жігіт қамықты,

Бәрінен де айырылғанын қарашы.

Бақыт пенен бейшаралық арасы,

Көз ілеспес тым жақын-ақ екен-ау.

Ізденеді жан-жүрекке жарықты,

Бәлкім осы аяулы әке наласы,

Жазылмайды-ау жүректегі жарасы,

Бәрі жалған, бәрі алдамшы бекер-ау...


Қыл арқанды қолына алып, дірілдеп,

Әрең жетті ескі қыстау үйіне.

Қоштасатын келді өмірмен күйі де,

Орындалмақ әке үкімі өсиеті.

Өмір-ғажап, күн аспанда күлімдеп,

Мөлдіреп тұр табиғат та сүйіне,

Ғанибет қой үндес әлем иіле,

Сұлулыққа бүкіл ғалам бас иеді!!!


«Тым болмаса осы келер қолымнан,

Өсиетке адал болам қалайда.

Қу нәпсіден айналыппын малайға,

Әрбір адам тағдырына себепші,

Ешкім мені тоқтата алмас жолымнан»

Кіріп барды бөренелі сарайға,

Осы болар бәрінен де оңай да,

Қыл арқанын қолына алды көмекші...


Ортадағы бөренеден асырып,

Қыл арқанды дәл ортадан лақтырды.

Қалш-қалш етіп, өкіруге шақ тұрды.

Мойында жіп, үстел кетті домалап,

Ақылды әке мол алтынды жасырып,

Бөрененің ортасында бақ тұрды,

Сынып ағаш, мол қазына таптырды.

Өлім,өмір арасы да шамалы-ақ.


Мол қазына бөренеден төгіліп,

Сынған бойда үстін жапты жігіттің.

Белгісіндей қайта оралған үміттің

Жігіт сенбей естен танып мол жатты.

Кеш түсініп, боз-боран боп егіліп,

Қанталаған көздің жасын сығып мың,

Аш жалаңаш, әлі кетті құрып тым,

Әкені аңсап аласұрып таң атты.


Ұл түсінді, қайта өмірге оралды,

Әкесінің жалғастырды ұлы ісін.

Өзгертті де жан дүниесін, болмысын,

Байлығынан бөліп берді еліне!

Жақсы ісі елге лезде таралды!

Сезе білді халық жайын, тынысын,

Үлгі етіп, алар елім мұны шын!

Бар тіршілік тартпай қоймас тегіне!


Тіршілігің өрілетін үміттен,

Талпынтады таңғажайып табысқа.

Қозғаушы күш-ар, ұятың, намыста,

Жақсылықпен адам құшақ жая алды!

Сенімімен адал шығар түнектен,

Тек мақсатпен өміріңді қарышта!

Арман сені апарады алысқа!

Адамдықпен бақытың да баянды!

Жазылу уақыты 05сағат 48минут-17сағат25минут08.04.2009жыл.

Шатасу шыңы.

Көп нәрсеге мән бермейміз, өзгерген,

Күйбің тірлік, кінә артамыз өмірге.

Көп уақытың босқа өтеді кейбірде,

Өзімізді жұбатамыз арманмен.

Ешнәрсе де қолдан келмес, сезгенмен,

Айтылмайды, қарап ылғи көңілге,

Жалған дүние кіріп алған сенімге,

Жасалғандай ерекше бір талғаммен...
Жер анада құдіреттің барлығы,

Бір Ұлы Күш жаратқаны саналса,

Адам ата Хауа анадан таралса,

Өскен ұрпақ бәрі бауыр емес пе?

Жерді бөлген пейілінің тарлығы,

Бір-біріне қиянатқа бара алса,

Бай мен кедей бөлінумен қаралса,

Қайда барады бұл адамзат елесте?


Көк талпынып, көркейеді келбеті,

Жер ананың шын баласы ұмытылған.

Барлық жайлау аяусыздан жыртылған.

Өзге жерден бидай келген нық басып.

Содан бері ажырық боп жендеті

Өз баласы өгей болып, құртылған,

Жантақ, тікен жау көрінген сыртынан.

Өгей-егін өз баласы жұптасып...


Бар мағына өзгеруде біртіндеп,

Ұят, ар, намыс азайғандай секілді.

Бала әкеге баласындай жекірді,

Мейірімділік қалып барады алыстап.

«Интернетте барлық өмір, кілтің»-деп,

Жапондықтар бүгін қатты өкінді.

Роботқа айналғанда не түрлі,

Адамдықпен қашан бала таныспақ?


Адамдықтан алға қойдық ақшаны,

Көзді ашқаннан бала соған ұмтылар.

Машинаға тым ерекше құлқы бар,

Қайда қалар ата салтың, дәстүрің?

«Бесік жырын» білер ана тап, кәні?

Қауіп те бар, асқақтаған бір құлар.

Үш тіл білген аузы көкіп, жұлқынар,

Ана тілмен сөйлей ме екен, естігін...

Жақсылығың жақсылықпен қайтады!

Қатыгездік жаралайды жаныңды.

Неге ынтықсаң соны жүрек сағынды,

Өміріңе өзің ғана иесің...

Рух күші адамзатты байытады!

Еңбегіңмен сезінерсің бағыңды!

Жұрт білетін жақсылығың жағымды!

Өзіңді өзің танып, елді сүйесің!


Әрбір жанның формуласы бөлек-ті,

Келуі де бұл өмірге мақсатпен.

Ғанибет қой өте алса жақсы атпен,

Жауаптылық-ұмытылмас заңдылық!!!

Имандылық тамырында қоректі,

Сіңірсе ғой бар адамзат бір сәттен!

Бір-біріне қараса ғой құрметпен!

Күн қия алмай, атар еді-ау таң күліп!

09.04.2009жыл. 06сағат11минут-11сағат07минут.
Өмір толғау.

Әрбір адам жетуге асық бақытқа,

Гүл-өмірдің шеше алдық па түйінін?

Ең күрделі жаратылыс, күйі мың,

Адамдардың адам жанын ұға ма?

Кінә артылар тағдырына, уақытқа,

Қадіріне жете ала ма сыйының,

Өмір-өрнек қайталанбас иірім,

Көңіл шіркін бір сәтке де тына ма?
Ата-ананың қадірін де түсіндік,

Өзіміз де ата-ананың бірі боп.

Олар үшін перзентіндей ұлы жоқ,

Барлық жағдай жасап кетер әлінше.

Жүрегіне мүмкін жүк те түсірдік?

Ата-ананың арқасында ірі боп.

Адамзаттың бір-бірінсіз күні жоқ,

Сыйлы өмір сымбатты ғой меніңше.


Қандай жақсы күнде жүрсең еленіп,

Көңіл шіркін күндей болып жарқырар.

Мақсат болса арайланып, таң тұрар.

Елді сыйлап, құрметтесең сый күткін!

Тек еңбекпен мол байлыққа кенеліп,

Мұхит болу тамшылардан қамтылар.

Бай болудың тым ерекше шарты бар!

Нәтижесі шыдам, арман, үміттің:


Өмір сүру-алға қарай ұмтылу,

Әр нәтиже күреспенен шешілер.

Кейде өзін құртып жүрер есіл ер,

Өзін таппай қиналады шегінде.

Мәңгі не бар? Танымал боп ұмытылу...

Тарих өзі зерттеп танып, өсірер!

Құдіреттен барлық үкім кесілер!

Ешқашанда жасыма да егілме!


Арманымен асқақтайды адамзат!

Мақсатымен талпынтады ісі де!

Ынтымақта берекесі, күші де!

Аулақ болса зиянды артық сейілден.

Ден сау болса келер байлық, әр мансап,

Жақсы мінез нұр шуақтай кісіде.

Сыйластықпен әлем, үйдің іші де,

Бар жақсылық ниет пенен пейілден!!!

10.04-13.04.2009жыл.
Сұлулық.
Әлемнің тартылысы сұлулықтан,

Мөлдірер ғажайып бір көріністе.

Ес кетіп, естен танып, берілісте,

Адамзат қимай кетер бұл мекенді!

Тұратын жанға жайлы жылылықтан,

Жүректе тым ерекше өрілісте,

Әдемі әрлендірер, сенім іште,

Сұлуды дәлелдейтін гүл екен-ді!


Сұлулық адамзаттың аңсағаны,

Көркімен көрінісін табары анық.

Ішкі рух жан дүниеден бастау алып,

Сезіммен жүрек келер дір-дір етіп!

Ай- арудан ескендей таң самалы,

Жанарына қаларсың шын қамалып.

Күн-түн сайын сағыныш мың жамалып,

Көкірегің күй төгер күркіретіп!


Ай дидар, күн келбетті, елік мүсін,

Елітіп, елжіретіп, еріксізден.

Алаңдап,елеңдеумен, серіксізден,

Аңсаған қаншама жан аласұрып.

Алып та меңгере алмас дүлей күшін,

Бар тіршілік осынау келіпті ізбен!

Күтетіндей жемісін сеніп күзден,

Махаббаттың ақ жолы салар құрық!


Сұлулық бар әлемді құтқарады!

Көңілді көркем етер көрікті қыз!

Бойыңды балбыратса желік қымыз,

Әдемі әлденені ұмыттырар!

Келісті көркем істен құт қалады!

Жер астын ойлаймыз ба жер үсті біз?

Көркемді көреміз бе,уақыт тығыз?

Сұлулық өмір мәнін шын ұқтырар!


Аспанда қалықтатса асқақ сезім,

Жасқанба тағдырыңда барлық үміт.

Жақсы көрсе өзгерер қыз бен жігіт,

Сұлуға сынық көздер көп табылар!

Ұмытылмас жаныңа жақын кезің,

Жақсылығың алдыңнан күтер шығып.

Аяулыны аяулы іздер ұғып,

Жүрекке жақын алған мол сағынар!


Суреттеп сұлулыққа жеткен емес,

Арудың ажарына арбаласың.

Құтқармас бейберекет жанталасың,

Көркемнің келбетіне көз тойған ба?

Соңыңнан мәңгі бақи қалмас елес,

Өмірде өрмекшіге таң қаласың,

Өзін шейіт қып, өрбітер бар баласын,

Сезімін өмірден де биік қойған ба?


Сұлулық салқындықты қаламаған,

Өртеніп, жалын болып көрінесің,

Қаншама күшті болсаң, берілесің,

Махаббатсыз тіршілік үйлеспеген.

Көркейтіп өзін-өзі даралаған,

Жеткізбес талпынғанмен, шегінесің.

Сұлуды сүю болар тек үлесің,

Сұлулық-жету жолы күреспенен!!!

14.04.2009жыл.
Қарақшының қасіреті.

Ажал алды арпалысқан қария,

Денесі ысып бейне отқа оранған,

Бірде тоңып, үсігендей бораннан,

Көз алдына елес келер қорқыныш.

Өмір өлім-арпалысқан дария.

Адам да бір ит жанды боп жаралған,

Надан болып, қиянатқа бара алған,

Жата алмады жылдар бойы ол тыныш.
Көз алдына бүкіл ғұмыр елестеп,

Тізбектеліп,өте шықты шынында.

Бұл өмірдің көрген ғажап, сұмын да,

Қарақшылық кәсібі еді пір тұтқан.

Адамдыққа не өмірде теңеспек?

Себепші екен қаншама мың шығынға,

Оның бәрі ұмытылатын ұғымда,

Бір қиянат кетпей естен, қан жұтқан.


Қиналғаны-ай, қалш-қалш етіп, қан құсып,

Бұл мың азап, айлар бойы жалғасты.

Жігіт кезде нағыз алып, алмас-ты,

Инеліктей иілгіш боп қалғаны.

Жарымапты бала сүйіп, жар құшып,

Көңіл сұрар жаға ұстап, тарқасты.

Ажал тағы кеңірдектен жармасты,

Шықпай жаны, есіне алар Алланы.


Өмір бойы есінде боп қиянат,

Тілгілеген жан жүрегін мазалап.

Сол қиянат қазір жатыр жазалап,

Ес жиғанда тез шақыртты туысты.

Жасаураған көзде үміт ұялап,

Асқақтаудың арты мүлдем азап-ақ,

Жан жүрегін кету үшін тазалап,

Құпиясын тез айтуға тырысты.


«Мен атақты қарақшының бірімін,

Ешкім менің ақ жолымды кеспеген.

Елде сонда қорқынышпын сеспенен,

Есімімнен бала қояр жылауын.

Ай заман-ай, арыстандай ірімін,

Тонай салу түк емес-ті көш деген,

Талай қырғын жасадым-ау кеште мен,

Ертелі кеш айқын еді құлауым».


«Құнықтық та тоймай кеттік байлыққа,

Тартып алу біз үшін бір заңдылық.

Жастық-жалын, ойландырмас әңгүдік,

Барымтамен талай алдық үйірді.

Қиянаттан қанат сірә жайдық па?

Мына өмірде не тұрушы еді мәңгілік?

Қасиетсіз қалар жалғыз қаңғырып,

Бір Алладан осы азап бұйырды».


«Баянсыздық жеткізе ме бақытқа?

Небір айла жасадым-ау сан құрық.

Мал көбейсе, өмірімнен мән құрып,

Бір уақиға жүрегімді тесті де.

Қандай бейқам болғанмын сол уақытта,

Сол кезеңдер елес, бәлкім жаңғырық.

Қарақшы боп тұрам деппін мәңгілік,

Әттең бәрі өтті, кетті, кеш міне».


«Лақап атым елде Қара қарақшы,

Ай аңдумен, жылмен жеттім пыраққа.

Үйір жылқы, сусындаттым бұлаққа,

Ай сәулесі көрік қосқан тоғайға.

Сұлулық-ай,өзім куә, сарапшы,

Жер жаннаты осы маған тұрақ па?

Өзен ағып, әсем ағаш, құрақ та,

Сыңғыр күлкі ойды бұзды алайда... »


«Осы жерде ұрпағымды өрбітсем,

Сұлу құшсам, өміріме жар етіп.

Кеңи ме еді өмір бойы тар етік?

Оқыс үннен шошып кеттім, тың тыңдап,

Қуғыншы ма?...Үрейленіп, ентіксем,

Екі ғашық сөзі жетпей әндетіп,

Қол ұстасып, сезімдерін селдетіп,

Назданады күлкісімен қыз сұңғақ»


«Бұлар кімдер? Көрді-ау үйір жылқыны,

Қуғыншыға айтпасына кім кепіл?

Есітіп қалса құтқармайды қу нөпір,

Айдалада жүрген жын ба, сайтан ба?

Қасқырдан да адам жаман құлқыны,

Алда мені күтіп қандай жүлде тұр?

Ашылмайды деп ойлама мүлде сыр.

Ай аруды жан жар етіп қайтам ба?»


«Ал ғашықтар құшақтары айқасып,

Бейқам көңіл, ешнәрсені сезбеген.

Өмір бойы бірге өтуді көздеген,

Ыстық леп пен от шарпыған бойларын,

Бір-бірінен құлпырады жайнасып,

Шын сезімін жеткізе алмай сөзбенен,

Көріктіге көңіл кетті көзбенен,

Көрсетсем бе қарақшының айбарын?!»


«Алғаш сәтте қорқытам деп ойлағам,

Жүрегі жоқ жігіт қашар, қыр асып,

Ай-арумен сонда жағдай сұрасып,

Қанжығама байлай салсам нем кетер?!

Дәу шоқпармен ат үстінде қайнағам,

Шауып келдім, өткір-жігіт сынасып,

Нағыз қыран, жекпе-жекте гүл ашып,

Қайратынан қайысады жер бетер!»


«Қорған болып, аруына қасқайып,

Арыстанша атылады аспанға.

Тиді бастан, атым үркіп, сасқанда,

Күрзі шоқпар мүлт кетпейтін әдетпен.

Мөлдіреген жанарынан жас тайып,

Құтылмасын білді ме екен қашқанда?

Ару қыздан әлемде өзге асқан ба?

Жан айқаймен қырқылды өмір кенеттен»


«Ақылды ару өзге мінез танытпай,

Қашуды да қаперіне алмаған.

Көнгендей ме? Тағдыры осы Алладан,

Орамалмен бетін жапты жігіттің.

Үн шығармай, зарламай да, қамықпай,

Қапа болмай бұл бағына жанбаған,

Қайран қалдым, бір тамшы жас тамбаған,

Жанарымен шамын жаққан үміттің»


Ару екен табиғатпен үйлескен,

Сұлулығы әсем баққа теңесер.

Ақылы мол, дана туған, кеңесер,

Дидарынан сәуле шашты айменен.

Шауып келіп, тұрып қалдым тиместен,

Күшім сыймай ақылсызбын, мен есер.

Дегендей-ақ: «Қайсың тағы келесі ер?»

Текті ару тіл қатқаны жайменен:


-Қыз тағдыры ауыр болар, қанықпын,

Жалын болып, өте шықты есіл ер.

Дәм таусылса айқара ашар төсін жер,

Шын мәнінде кімдер мәңгі тұрады?

Сіз туралы көп естігем, таныспын,

Азаматым мені ұғып кешірер,

Мәселеңіз сіз ойлаған шешілер...

Тапсырайық, Жер-ана ғой тұрағы...


«Жүрегім де жарылардай қуанып,

Өлген жанның аттап өтіп үстінен,

Ойлағанмын, бар әлемде күшті мен,

Түнжарымда көр қазуға кірістік.

Ару қыздың әрбір сөзін құп алып,

Азаматқа топырақ боп түс кілем,

Неткен жауыз, қанішермін, міскін ем,

Тас қаладық, күмбез етіп, бір үштік»


«Таң келеді арайланып, нұр шашып,

Сұлу қызды көрсетті де айқындап,

Қыз сұранды жуынуға салқындап,

Бар өмірін маған қиған сияқты.

Ойлағанмын, ұмытылды шын ғашық,

Кербез басар, қалай ашық айта алмақ?

Жүрек сыры жанарынан байқалмақ.

Келбетінен көнгендей бір күй ақты»


«Шай қайнатым уақыттың өткені анық,

Шыдамсызбын шыққанша қалың нудан.

Тұрыппын-ау жындыдай сағым қуған,

Шыдамай жетіп барғам жүрек тулап.

Елестеткем елесін естен танып,

Көйлек қалған көк шөпте паң арудан,

Елік мүсін көрінер терең судан,

Қорқыныш ұялады қарға шулап...»


«Арудың тектілігі байқалғаны,

Қорламай азаматын көміп кетті.

Қор етпей өзін-өзі көрікті етті,

Сертіне соншалықты берігін-ай!

Жұлынып жауқазындай жайқалғаны,

Жеңілдім, ол мені шын жеңіп кетті.

Жүз жасқа жан жүрегім өлі кепті,

Егілте, ес жиғызған елігім-ай»


«Сонда ғана түсініп, аһ ұрғанмын,

Қолаң шашпен тамырға байланыпты.

Пәк болып өтуге алдын сайланыпты.

Сұлуды су түбінен әрең алып,

Тістерім тіске тиіп сақылдадым.

Орнынан қозғала алмай ай қалыпты.

Куә боп сол бір өзен, сай қалыпты,

Өмірім өмір болмай жанда тамұқ»


«Аруға көр қазылып, тас үйілді,

Жанарға еріксізден жас келеді.

Көргенсіздің көңілі пәске енеді.

Содан бері қанша жыл босқа өтті.

«Құдайы»-деп тараттым барша үйірді.

Кім ойлаған қос ағаш тасқа өнеді?

Сол қиянат мәңгілік өшкен еді,

Бірақ та ел әулие етті қос теректі»


«Дүние дос болмады, кетті алыстап,

Күндіз-түн жәутең жанар мазалады.

Әр істе жолым болмай, жазалады.

Қиянаттан қиянат өрілгені.

Адам жастық дәуренмен мың шалыспақ.

Қателікпен таусылар ғажап әні.

Кім біледі, алда тұр тозақ әлі?

Кешірсе ғой қос мұңлық сонда мені...»


Сонда қарттың көзі жайнап, талпынып,

Иықтағы зіл батпанды түсірді.

Сезінгенін жеңілдікті түсінді.

Жазғандай боп жанындағы жарасын,

Соңғы демдер келгендей ме алқынып?

Елестетті әппақ сұлу мүсінді,

Көз алдына келді батыр пішінді,

Жүрек тоқтап, құлап түсті «Қара шың»


Әрбір істен ой түйеміз ойлансақ,

Жұмыс өзі бағыт, бағдар көрсетер.

Кей адамды кей қылығы ерсі етер!

Мінсіз адам табылмайды-ау әлемде!

Қандай жақсы құрметпенен сыйлансақ,

Беделдінің ісі арқылы сөзі өтер,

Өтірік сөз өкпеліні өш етер.

Ал адамдық-биік, шексіз, көлемде!


Не тындырдық, адам болып жаралдық?

Азаматтық кітап, кино, өлеңде.

Өзін сыйлау мәдениеті төменде.

Өзімізді танып, сірә білдік пе?

Ашылмаймыз, сөйлесуде сараңдық,

Талпынуға құлықсыздау өрен де.

Күшті болсаң күштілер бар сенен де,

Сыйластыққа не жетеді тірлікте!!!


Өлмейтіндей өршеленер кей пенде,

Өзге түгіл өз қадірін біле ме?

Өз өмірін өзге үшін сүре ме?

Өскен ұрпақ өркен жаяр өнермен!

Беделіңмен орын алсаң төрден де,

Адамды сүй, мәңгілікке кім еге?

Жерде байлық, көркейерсің гүл еге!

Жақсылыққа жетуің де тек елмен!


Қиянаттан тек қиянат туады!

Жақсылығың алдан күтер нұр болып,

Ынтымағың-бақыт,байлық бір толық.

Адамдық ат жарқырайды мәңгілік!

Жаман әдет ерді шетке қуады,

Әр адамның гүл өмірі сыр тұнық!

Барлық нәрсе кетпес сірә ұмытылып,

Мызғымайтын бұл өмірде заңдылық!!!

22.04.2009жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет