С. МҰҚановтың «балуан шолақ» повесіндегі «бір» СӨзінің Қолданысы



Дата01.07.2016
өлшемі51 Kb.
#169386
С.МҰҚАНОВТЫҢ «БАЛУАН ШОЛАҚ» ПОВЕСІНДЕГІ «БІР» СӨЗІНІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Есматова М.Т., Тасқұл А.М.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікірдің растығын кемеңгер Абай атамыз дәлелдеген болатын. Қазақтың ақын-жазушылары тіліміздің шоқтығы биік, өзге тілдерден ерекше екенін өз шығармаларында айқын көрсетіп келеді. Солардың бірі – өзінің оқшау стилімен, нәзік сезімімен, жазушылық шеберлігінің сан қырлылығымен танымал болған жерлес жазушымыз Сәбит Мұқанов. Қазақ әдебиетінде өзінің елеулі орны бар жазушының шығармашылық еңбектері одан қалған мұра боп табылады. Сол еңбектерінде жазушы өз ойын оқырманына нақты, дәл көркем етіп жеткізуде шеберлігімен айқындалады. Проза саласындағы еңбектерінің ішінде «Балуан Шолақтың» өзіндік бағалы жақтары, тарихтық орны бар.

Қазақ тілінде «бір» сөзінің қолданысы – өзінше ерекшелігі мол құнарлы қолданыс. Осы сөздің сондай ерекшеліктерін Сәбит Мұқанов асқан шеберлікпен көрсетіп, сөйлемдердің мазмұнын аша түседі.

Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесіндегі осы «бір» сөзінің қолданысына тоқталып өтейік:



«Бір» сөзі, ең алдымен, есептік сан есімі ретінде заттың санын, мөлшерін білдіреді. Мәселен, оны мына сөйлемдерден көруге болады: Сол ниетпен қалтасына бір қорап сіреңке салды [1,13б.]. Бірақ ол өзіне ішінен ант етті: «Алдағы жаз қолым қырқылып қалмаса, қосымша берсем де, ақыма бір тай алармын!» [1,9б.] – Қой, - деді біреулер, - Түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісің [1,37б.]. Осы сөйлемдердегі бір сөзі қорап, тай, ұл деген зат есімдерді сан жағынан анықтап тұр.

Сондай-ақ: - Әке, - деді Нұрмағамбет үйіне бір барғанда, - енді кісі есігіне кіріптар болуды қой [1,27б.]. Келіншек Нұрмағамбетке қара көзінен нұр төге, төңкере бір қарады да, демін кеудесін кере алып, аяғын баяу басып жүріп кетті [1,42б.]. Тізгінін менің қолыма бір тигізші, қайтып тентектік мінез көрсетер ме екен? [1,59б.] – деген сөйлемдерде «бір» сөзі барғанда, қарады, тигізші деген етістіктертің алдында келіп, бастапқы нақты сандық мағынасын көмескілеп, кейіпкердің әрекетіне күшейткіштік мағына үстеп тұр.



Астындағы асау тай бір жерде өлтіріп кетпесе, не қылсын! [1,5б.] Андрейдің «Мама, шам жақ!» деген үрейлі дауысын естіп, бір жамандықтың барын, бірақ не екенін білмеген шеше дірілдеген дене, қалтыраған қолмен қараңғы бөлмеде кәресін лампысын әрең жақса, ағаш кроваттың үстіне әлдекім сұлап жатыр [1,34б.]. Осы сөйлемдерде «бір» сөзі жерде, жамандық сөздерімен тіркесіп, нақты қай жерде, қандай жамандықекенін көрсетпей белгісіздік мағына үстеп, белгісіздік есімдігі болып келген.

Жазушы «бір» сөзін сындық мағынаны күшейту мәнінде сын есіммен тіркестіріп қолданған: - «Алып анадан туады, ат биеден туады» деген қайда, - деді бір қартаң әйел [1,7б.]. Ат үстінде ұзағырақ жүріп сусаған ол осы үйге түсерде бір сүйретпе қымызды жалғыз ішерліктей болған еді [1,83б.]. Мұндағы «бір» сөзі қартаң, сүйретпе сын есімдерінің сындық мағынасын күшейтіп тұр.



Бір күні бесті шыққан тайын әкесінен сұрап мінді де, тұрымтайын алып аттанды [1,13б.]. Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақсақалдан басқа жан жоқ [1,41б.]. Көптің дүрмегінен шауып келе жатқан Балуан Шолақ бір кезде жан-жағына қараса, әркімдер басып озып барады! [1,57б.] – деген сөйлемдерде «бір» сөзі күні, уақытта, кезде деген сөздермен тіркесе келе, әрекеттің қай мезгілде болғанын болжалдық мағынада білдіреді.

Жазушының осы повесінде «бір» сөзі жаңа сөздер жасап та қолданылғанын көруге болады. Олар синтаксистік тәсіл арқылы да, аналитикалық тәсіл арқылы да жасалған. Қосарланып, тіркесіп, бірігіп келіп, сөйлемнің керекті жерінде өз орайын тауып тұр.

Мысалы: Атсыз баланы сүндетке отырғызу – балаға «өміріңде атсыз өт» дегенмен бірдей [1,9б.]. Бұл сөйлемде «бір» сөзіне –дей сөзжасамдық жұрнағы жалғануы арқылы бірдей сын есім жасалған. Барлық халық осылай біріксе, патшаның күлін көкке ұшырады [1,213б.]. Бұл сөйлемде біріксе сөзі «бір» түбіріне –ік жұрнағының жалғануы арқылы жасалған туынды етістік болып тұр.

Бір өсектерге қарағанда, «оның қатыны біреу емес, бірнешеу... және... бәрі де сұлу...» [1,201б.]. Бұл сөйлемдегі біреу сөзі «бір» сөзі мен –еу сөзжасамдық жұрнағы арқылы жасалып, сөйлемде жинақтық мәндегі сан есім болып келсе, енді бір сөйлемдерде белгісіздік мәндегі есімдік қызметін атқарады. Мысалы: - Мынаның былшылдап жоқты айтқаны несі? – деді екінші біреу ашуланып [1,4б.]. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады... [1,6б.]

Сонымен бірге, біреу белгісіздік есімдігі септеліп, тәуелденіп, заттанып та қолданыла береді. Мысалы: Әуелі үлкенірек баланың біреуіне мінгізіп бастықтырып ал, өзің мінем деп құлап қап жүрме! - Кәне, біреуің мініп, бастықтырып беріңдерші, - деді ол. - Өзің не айтып тұрсың, апа! – деді бала кейіп, - тілеулі тайымды біреуге мінгізетін мен жынды ма? [1,10б.]



Қасқыр бірде құрыққа ұмтылып, бірде жоғары шапшып жанталасты [1,19б.]. «Бір» сөзіне жатыс септігінің –де жалғауы жалғанып, қасқырдың ұмтылып, жанталасып жатқан әрекетінің мерзімін білдіріп,мезгіл үстеуі болып тұр.

Урядникке сол Кургановтың сөзімен өшіккен Нұрмағамбет, үйін күйдіруге жиналғанда, түнде ұрланып барып, қамысты төбесіне сіріңке тұтатқанда, өзге крестьяндардың үйлері де, Кургановтың үйі де бірге кетеді деп еш уақытта ойлаған жоқ еді [1,15б.]. Андрей мен Нұрмағамбет аса тату-тәтті боп, бірге туған адамдай болып өсті [1,30б.]. Барыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған бірге сөзі алғашқы сөйлемде өрттің бір ғана үйді емес, басқа үйлерді қоса алатынын көрсету мәнінде қолданылса, екінші сөйлемде бірге туған, туысқандық мағынасында қолданылған.

Ол кезде орысша киім ауылға тараған жоқ еді де, бірен-саран орысша киінем дейтін жігіттер болса, ауылдың діншіл ақсақалдары «шоқынасың» деп тыйым салатын [1,29б.]. Бұл сөйлемде «бір» сөзі арқылы жасалған күрделі қосарланған бірен-сарансөзі қолданылып тұр. Ол қосарлана келіп болжалдық, шамалық мағынасын көрсетеді.

«Бір» сөзі өзара бір-бірімен қосарланғанда үстеу, есімдік орнына жүреді: Осындай жайын көрген оны Қайрақтының байлары ақыны бірінен-бірі артық беріп, таласып жалдайтын болды [1,26б.]. Бірін-бірі есін білер шақтан танитын олар сол шақтан бірге ойнайтын дос та болып кеткен еді [1,30б.]. Полицейскийлерден ояздың қызы жоғалу туралы естіген-білгенін жиналған жұрт бір-біріне сыбырласып та, самбырласып та айтып жатты [1,121б.].

Бір санының әр түрлі сөздермен бірігуі арқылы жасалған сөздер біраз. Сондай сөздер туралы «Қазақ грамматикасы» оқулығында: «Өңкей, келкі, сыдырғы, ыңғай, тұтас, түрлі, қалыпты сөздерімен бірігуі арқылы сын есімдер жасалған. Аз, жолата, сыпыра, шама, талай сөздерімен бірігуі арқылы бірде сын есім, бірде үстеу сөз табының орнына жүреді» [2,473б.], - деп көрсетілген. Мысалы: Бірақ көлденең жұртқа көмескі нәрсе – ақша қылып, жамбасына басып жатса, өзі біледі де, ал басқа көзге көрінетін дүние жағынан пәлендей жарқырай қалған ештеңе жоқ, баяғы бірсыдырғы қоңыр дүрсін күйі [1,87б.]. Бұрынғы шығарған әндері Ғалияға ғана арналған ол елінен, жерінен алыстаған сайын сағынып, бірталай әнді осы сағыныштарына арнап шығарды [1,175б.]. «Көкшетау қаласына біртүрлі балуандар кепті дейді, бәрі де аждаһадай кереметтер дейді, оларға адам пар келетін емес дейді!..» [1,44б.] – деген сөйлемде «бір» сөзі мен сыдырғы, талай, түрлі сөзінің бірігуі арқылы жасалып, күй, ән, балуан сөздерінің сындық белгілерін анықтап тұр.

Төлебай бір байдың жылқысында еді, иесі оны: «Шықсаң, біржола кет, әйтпесе, жібермеймін», - деп босатпады [1,45б.]. Олар бірқыдыру уақыт жүрді[1,161б.]. «Бір» сөзі жола, қыдыру сөздерімен бірігіп, біржола сын-қимыл үстеуі «мүлдем, үзілді-кесілді» мағынасын, ал бірқыдыру мөлшер үстеуі «едәуір, біраз» мағынасын білдіріп тұр.

«Бір» сөзіне неше, деме сөздерінің кірігіп кетуі арқылы белгісіздік есімдіктері жасалған: Оған ере, ауылдан бірнеше әйелдер, балалар жүгірді [1,6б.]. Жүрегі қобалжи түскен ол, қамыс арасындағы алапқа шығып еді, түнді тескен көзіне ағараңдаған бірдеме көріне кетті [1,180б.]. Бұл сөйлемдердегі бірнеше, бірдеме сөздері әйелдердің нақты нешеу болғанын, түн ішінде көзге ағараңдап көрінген не нәрсе екенін анық көрсетпей тұр. Яғни, бірінде – заттың саны, екіншісінде – заттың өзі анық аталмай, көмескі, белгісіз мәнде берілген.

«Бір сөзінің осылармен бірге тұрақты тіркес жасайтындары да аз емес: бір ауыз сөз, бір сырлы, сегіз қырлы, бір сөзді, бір жасау, бір киер киім, бір сабақ жіп, бір табан жақын, бір тал шаш т.б.» [2,475б.].

Қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдердің табиғатына ғылыми талдау жасаған ғалым Г.Қ.Рысбаева, кейбір сан есімдер ұйытқы болатынын да айтып кеткен. Бір саны соматизмдермен тіркесіп соңғы, қорытынды деген мағына береді. Мысалы: бір ауыз сөз «соңғы сөз», бір ауыз сөзге келмеді «үндемеді», бір беткей «айтқанынан қайтпайтын (адам)», бір ауыздан «түгел, тегіс» және т.б. [3,43б.]

Сәбит Мұқанов повесінде де осындай «бір» сөзінің тұрақты тіркестер құрамында қолданылуын кездестіруге болады. Олардың түсінген, білгені – алғаш келгенде қазақша бір ауыз сөз білмейтін ол қайда туғанын ауыл арасында тұра келе, қазақ тіліне судай болып алды [1,15б.]. Мінезі ойнақы, қалжыңшыл ол әлдекімдерді сықақтап, бірерауыз өлеңді жанынан да шығарып жібереді [1,24б.]. Көзге мақтанғанымыз емес, ел сені «бір сырлы, сегіз қырлы» деп аңыз қылады, ақындық, әншілдік, серілік, балуандық, күлдіргіштік, шешендік, өткірлік, тапқырлық —осы сегіз сипат бір бойыңнан табылады дейді [1,51б.]. Бәйгіден бір сабақ жіп те алмаймын, ол көпшілік —сенің сыбағаң!.. [1,42б.] Жазушы «бір ауыз сөз», «бір ауыз өлең» - көп емес аз ғана сөз, «бір сырлы, сегіз қырлы» - өнерлі, талантты, «бір сабақ жіп алмау» - еш нәрсе алмау мағыналарында қолданып, оқырманына бейнелі, мәнерлі, айқын етіп жеткізген.

Ахмеди Ысқақов: «Бір» сөзінің осылайша әр тарапты болып келуі оның лексика-семантикалық және грамматикалық ерекшелігі мол екеніне, қолданылу өрісінің орасан көп және жан-жақты екендігіне әрі көрнекті дәлел де, әрі соларға байланысты» деген [4,202б.].

Сонымен, қорыта келгенде, С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде «бір» сөзінің түрлі қолданыстары анықталды.

Қазақ тілінде «бір» сөзі әр алуан мағыналарға қаншалықты бай болса, жазушы Сәбит аға да шығармаларына керекті нәрді, кестені осы «бір» сөзін қолдану арқылы өрнектеген. Жазушы Балуан Шолақтың халықтық күресіне жалпылық мазмұн беруде, оны жүйеге түсіруде едәуір күш жұмсаған.

Жазушы Шыңғыс Айтматов: «Сәбит аға – жас ұлттық әдебиетіміздің негізін салушы аға буын өкілі. Достықтың жыршысы бола білген қазақ халқының ұлы Сәбит Мұқанов, әрбір қырғыз аулына белгілі және сүйікті еді. Оның образы, оның еңбегі ешқашан ұмытылмасына мен сенемін»,- деген екен.



Сәбит Мұқанов қалдырған мұраларынан әлі де тың қазыналар табылары хақ.


Әдебиет:

  1. Мұқанов С. Балуан Шолақ: Повесть. Алматы: Жазушы, 2003. – 216 бет.  

  2. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. – 784 бет.

  3. Рысбаева Г.Қ. Сан есімдерге байланысты культтік фразеологизмдер. – Алматы, 2008. – 96 бет.

  4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – 2-басылымы. Филология факультеттері студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 384 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет