С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі



Дата10.06.2016
өлшемі106.47 Kb.
#126377
С.ТОРАЙҒЫРОВ МҰРАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДА ЗЕРТТЕЛУІ

ф.ғ.к.,доцент Айтбаева Айман Ералықызы

Қорқыт ата атындағы ҚМУ
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы рухани мәдениеттің даму жетістіктері - мемлекетіміздің Мәңгілік Ел болу ұстанымының негізгі көрсеткіштері. Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, халықтың рухани өміріне шексіз мол жаңалық әкелген, ұлттық ояну дәуірі туғызған Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет, Міржақып сияқты қайраткерлердің еңбектері – Қазақстан Республикасының қазіргі жаңа тарихының мәңгілік даму жолымен бірге ұрпақ кәдесіне жарай беретіні сөзсіз.

Профессор Т.Кәкішев: «Таптық поэзиядан арылып, догматикалық ойлау жүйесінен шыға бастаған кезде, қаулы-қарарлар бойынша қалыптасып қалған тұжырымдарды енді еркін де терең зерттеулермен түзете бастауымыз керек. С.Торайғыровтың әдебиет пен көркемөнер, әлеуметтік мәселелер жайлы еңбектері өзінің айтқан құнды ойларымен, насихаттаған идеясын нақты дәлелдермен баяндауымен, оқушы көңіліне ұялауымен «Айқапта» жарияланған сын мақалалардың ең құндысы және өнегелісі болды. Қазақ революциясына дейінгі сыншылдық ойды жаңа бір белеске көтерді. Өнерпаз дарынның ұлттық көркемдік көрінісі болуға жататын өнер үлгілерін өзіміздің таным-білігіміз деңгейінде баяндап, басқаға ұқсамас қырларын айқындай беру шарт. Қазақ ұлыларының «сегіз қырлы, бір сырлы» болғандығын енді ешкімнен қысылмай айта, жаза білсек қана елдің мәдени мәртебесі биіктей түседі»[1;81] дегеніндей, олардың еңбектерін бүгінгі күн талабымен зерттеу, ашылмаған, айтылмай келген құпиясын айту, жазу біздің парызымыз.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Еспенбетов Арап Сіләмұлының қазақ әдебиет тарихына арналған ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік еңбектеріне көптеген актуальды мәселелер арқау болды. Олардың ішінен С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі еңбектерін айрықша сөз етуге тұраралық. Ғалым А.Сіләмұлы 1975 жылы «С.Торайғыровтың лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық, 1993 жылы «С.Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ақын шығармашылығы жайлы бірнеше кітаптар мен мақалалардың авторы. Арап Сіләмұлы - 1945 жылы ұлылардың мекені Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауылда дүниеге келген.  «Дарақ бір жерде көгереді» демекші бүкіл саналы ғұмырын туған еліндегі білім ордасында абыроймен атқарып келе жатқан ғалым-ұстаздың халық тарихындағы еңбегі ұшан-теңіз. А.Сіләмұлы әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылымды дәріптеді, ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Ғылымға деген адалдығы, тазалығы, парасаттылығы, әділдігімен еліне танылған тұлға.

Сыр бойылықтар үшін де ғалым-ұстаздың орны ерекше. Арап Сіләмұлының Қызылордалық үш бірдей ғалымның (Б.Кәрібозұлы, Ұ.Н.Жанбершиева, А.Е.Айтбаева) ғылыми жұмыстарына ресми оппонент болып бекітіліп, оны сәтті қорғап шығуларына ықпал етуін үлкен азаматтығы, ағалық қамқорлығы деп білеміз. А.Еспенбетовтің ұланғайыр ғылыми еңбегі жайлы ой түйіндеу оңайға түспесін білемін. М.Базарбаев: «Мұхаңа (Әуезовке) лайық төрелікті айту үшін, оның дәрежесіне көтерілу шарт. Биіктен бәрі анық көрінеді» деген екен. Абай хакім айтпай ма: «Бір ғалымды көрсеңіз, ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз?».

Олай болса, қазақ әдебиеті тарихын зерттеу саласында қыруар ғылыми ізденістер жасап, халқының құрметіне бөленіп, кемел 70 жасқа келіп тұрған тұста Сыр бойылықтар да көрнекті ғалым Арап Сіләмұлының қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі жайлы бір-екі ауыз әңгіме қозғауды жөн ге санадық.

Сұлтанмахмұт мұраларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің ұзақ тарихы барлығын, оның басында Ж.Аймауытұлының тұрғандығын әдебиетші қауым түгел білмекке керек. 1926 жылы Ж.Аймауытов жазған ашық хатында: «Сұлтанмахмұт елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан , ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!»,-деп ақынның мұрасын жинап, бастыруға атсалысуға шақырған. Сол бір ашық хаттан кейін де, қаншама жылдар өтсе де сұлтанмахмұттану мәселесі күн тәртібінен түскен емес.


Ақын шығармашылығын зерттеу саласында Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Әуезов, З.Ахметов Т.Әбдрахманов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, А.Еспенбетов, З.Бисенғали, Қ.Жүсіп, Қ.Ергөбек сонымен бірге М.Оразбек, Ж.Ахметова, А.Айтбаева сияқты жас ғалымдар да сұлтанмахмұттану мұрасын танытуда сүбелі еңбек етті.

Сұлтанмахмұтты көптеген зерттеушілеріміз Абай шәкірті, дәстүрін жалғастырушы деген пікірлер білдірді. М.Әуезовтің: «Сұлтанмахмұт турасында оны Абайдың шәкіртіне қосу орынсыз. Жақсы болсын, жаманы болсын бұл ақын басқа дәуір, басқа тарихтық, әлеуметтік салт-саналық жай-жағдайлардың өзіне бөлек, өзінше бір үлкен өкілі. Оны Абайдың шәкіртіне қоссақ, революцияға дейінгі барлық жазушыларды да Абай шәкіртінің қатарына тізе беруге болады. Сұлтанмахмұтты бөліп алып, «Абай әсерін көрген кейбір ақындар» деп жік жасап, оған С.Дөнентаевты қосу керек» [2;12] деген сөзін ескерер болсақ, Сұлтанмахмұт Торайғыров - ХХ ғасырдың басындағы ұлттық ояну кезеңінің, ел еркіндігінің жалынды жаршысы, өзіндік стиль қалыптастырған дара тұлға.

Бар өмірін С.Торайғырұлын тануға, танытуға арнап «Сұлтанмахмұттың ақындығы» атты кандидаттық диссертациясында ақынды «социалист» етіп, ұлт ақыны, ұлтжанды болды десе ақиық ақын мұрасы сол кезде –ақ құрдымға кететінін білген профессор Б.Кенжебаев: «Қазақ халқы ой дүниесінде аз жасап, көп іс тындырған С.Торайғыров халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі. Абай дәстүрін жалғастырып, сонымен бірге өзінің ақындық қуатымен жаңалаушы, ілгері дамытушы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті аталатын тұтас дәуірдің айрықша ірі тұлғасы. Демократтық, революциялық бағытты жақтады, социалистік идеяға жуық ойлар айтты. Алашордашыларға еріп адасқан жоқ»,- деп жанұшырып ақтай жүре, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті аталатын тұтас дәуірдің айрықша ірі тұлғасы болғандығын жүйелеп, туындылары арқылы саралады. Б.Кенжебаевтың шындықты ашып айтуға әміршіл-әкімшіл жүйе қалыптастырған тоталитарлық саясат пен социалистік идеология мүмкіндік бермеді. Сондықтан біз бүгінде ғалымды кіналай алмаймыз. Т.Кәкішұлы айтқандай, қазір уақыт басқа.

Академик З.Ахмет: «С.Торайғыров - қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың басындағы бостандық, теңдік идеяларын уағыздаған ағартушылық, демократтық бағыттағы әдебиетіміздің көрнекті өкілі. 1909 жылы жүрегі елім деп соққан есті адамдарды түгел елең еткізген үш кітаптың жарық көргенін айтуға болады. Олар –Абайдың өлеңдер жинағы, А.Байтұрсынұлының «Масасы», М.Дулатұлының «Оян, қазағы». Халықты мәдени өркендеуге, өнер-білімді,ғылымды игеруге шақырған ой Абайдың идеяларынан, Абай заманынан бастау алса, жаңа ғасыр басындағы қоғамдық жағдайда сол озат идеялар жалғасын тауып, жаңаша мағына алып, ұлттық ояну, азаттық үшін күресу идеясы ұлттық ұранға айналған болатын. Алаш ұранына ілескен Сұлтанмахмұтты да қоғамдық өмір сахнасына шығарған да жаңа тарихи-әлеуметтік жағдай, ұлттық арман-мүддеден туған мақсат-мұраттар»[3:13]. Ақынды ұлтжанды еткен де, ұлтшыл еткен де орыстың отаршылдық саясаты деген қорытынды жасаған еді.

ҚР ҰҒА академигі С.Қирабаев С.Торайғыровтың 1993 жылы жарық көркем шығармалар жинағының алғы сөзінде: «Сұлтанмахмұттан қалған мұра әр салалы. Оның бәрі қазақ әдебиеті ұлт тағдырын тілге тиек ете бастаған заманда әдебиет жанрларының туып жетіле бастағанының куәсі. Сұлтанмахмұт- әдебиетіміздің бұл саладағы ізденістеріне, сондай-ақ реализм жетілуіне үлкен үлес қосты. Оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген. Оның тенденциясы да шыншыл. Ол ұлт көсемдері –А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, М.Дулатов идеясының жоқтаушысы болды. Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздады, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырды. Ақынның Алашордаға тілектестігін, олардың жорлын қуаттап еңбектер жазуын кездейсоқтық қарауға болмайды» [4:6] деп алаш әдебиеттануындағы, қазақ қоғамында алар орнын көрсетті. Шындығында ақынға патшаның құлауын пайдаланып, қазақ автономиясын құру жөніндегі алашордашылардың идеясы ұнаған еді. Ойы бар, намысы бар ұлт өкілінің оларды қолдамауының мүмкін еместігін білдірді. Сондықтан 1917 жылы Сұлтанмахмұт Семейге келген Ә.Бөкейхановты қарсы алып, Алашорда съезіне қатысқандардың ішінде болады. Бұл тарихи шындық.

Сұлтанмахмұттану мәселесін қозғағанда ауызға алынар алғашқылардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Еспенбетов Арап Сіләмұлының есімі тұрады. Ақын шығармашылығына байланысты ізденістері жаңа тың деректермен толықтырылған. Ғалым Сұлтанмахмұттың туған жылы, туған жері, өскен ортасы, ұлт әдебиетіндегі орны ,алаш қозғалысына қатысы деген мәселе төңірегіндегі айтыс-тартыстың нүктесін қойып, тиянақты пікір қалыптастырды.

Қазақ өлеңінің тәкаппар аспанында аққан жұлдыздай жалт етіп қана көрінген Сұлтанмахмұттың небәрі жиырма жеті жылдық өмір сапары жайлы өзекті әңгімені оның ұлылығын тануды қасиетті топырақтың киесінен бастайды. Құдіретті дарын иесі, өзіне ғана тән стиль қалыптастырған ұлы ақын, ғажайып құбылыс деп бағалайды. «...Сұлтанмахмұт – ұлы ақын. Ұлы тұлға ешкімді де қайталамайды, ешкімге де ұқсамайды. Сондықтан да Ұлы! Алатау мен Қаратау, Көкшетау мен Шыңғыстау, Қалбатау мен Баянтау бір–бірлеріне ұқсамайтын сұңғыла сұлулықтарымен жалқы қалпында тәкаппарлана көз тартса, ұлы тұлғалардың да табиғатынан дараланып, оқшаулана беретіндіктері ғажайып құбылыс» [6]. Ақынның өз әкесінің тегін алмай, Торайғырдың атын алуының себебін немере інісі Шәймерден Торайғыровтың естелігі арқылы көрсетеді.

«Сұлтанмахмұтқа Торайғыр төртінші ата, солай бола тұрса да, Сұлтанмахмұт өзінің фамилиясына Торайғырды таңдап алған. Оның себебі, Торайғырды қазақ халқы жақсылық жағынан ғана біледі. Торайғыр жасанған жаудан қайтпайтын найзагер батыр болған. Төрелік бергенде жат-жақынына қарамайтын өте әділ би болған» . Сұлтанмахмұттың ата-тегі, балалық шағы, білім алған ортасы, ер жетіп өскен Баянауыл өлкесі туралы толық деректі Ж.Аймауытовтың алғанына сілтеме жасап отырады. Сондай сұлу табиғаттың баурайында өскен ақын неге сұлулыққа құмартпас, сұлу жырлар тудырмас деген ойға жетелейді, оның шығармашылық әлеміне талдау жасап, ақын жайлы айтылмаған, айтылуға тиіс шындыққа оқырман көзін жеткізеді.


Ақын, азамат, публицист Торайғыровтың қалыптасуына Троицк кезеңінің айырықша мәнді, маңызды болғандығын ерекше бөліп айтады.
Күні бүгінге дейін орын теуіп келген С.Торайғыров ақпан төңкерісін кұшақ жая қарсы алды, Қазан төңкерісінен кейінгі жерде адасушылыққа ұшырады тәріздес сыңаржақ  пікірлерді толығымен қарастырды.

Бұл турасында Қ.Ергөбек «Сұлтанмахмұт социализмді қалай түсінді?» мақаласында: «ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының барлығының «патша тақтан құлады, күн туды, алақай» деп бөркін аспанға ата қуануының сыры Ақпан төңкерісі болмағанда қазақ біткен түгелге жуық шоқынып, жерінен айырылып, елдік, ұлттық болмысын біржолата жоғалтатын еді. Төңкеріс осы процесті тежеді, тажалды сәл де болса кейін серпіді. Қазақ оқығандары ақпан төңкерісінен көп үміт күтті. Қазақ бостандық алар деп ойлады. Көкейін тескен көп мәселенің бірі- қазаққа автономия, яки дербестік тиеді деп білді. Әлеуметтік жағдай орныққанша ақпан төңкерісін жасаушылармен селбесудегі түпкі мақсат –қазақ дербестігін алу, елдігін қалпына келтіру болатын. Ақпан төңкерісін бостандыққа балай, жар салып қуанған қарсы алғаны үшін ақынды еш уақытта кінәлауға болмайды. Кінәлау тарихи жағдайды түсінбегендік, сол себепті орынсыз. Ұзамай қазан төңкерісі болды. Бұратана халықтың барлығына теңдік берілетін сияқты болды. Үміт етті. Сұлтанмахмұт кеңес үкіметін де қапысыз қабылдады» деп ақынның кеңес үкіметіне сенгенін, алдағы болашақтан зор үміт күткендігін түсіндіреді [7,19]. Дәл осы сұрақтың жауабын А.Еспенбетов архив құжаттарымен бере отырып, ақынның социалистік жүйені өзінше түсінгенін, өзінше саралап, өз талаптарын да қоя білгендігін, социализмді адамзаттық деңгейде толғағандығын, оған куә –ұлы ақынның өмір жолы, іс-қимылы, өлеңдері, «Социализм» аталған қоғамтанушылық мақаласы екендігін алға тартады. 1917 жылғы 27-ақпанда Ресейде төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан құлатылғандығы жөніндегі қуанышты хабарды Сұлтанмахмұт Томскіде естиді. «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауым иттік», қараңғылық тұманы сейіліп, ел өмірі тұтастай өзгеріске түскен заманда халқыммен бірге боламын деп 1917 жылдың 10 наурызында Семей қаласына келіп жетеді. Бөліп, астын сызып айтуды керексінетін шындық күні бүгінге дейін Торайғыров өмірбаянының дәл осы кезеңі «Алаш» партиясымен байланыстырыла қарастырылғанын, пікір қозғаушылар бүгежектеп, жан-жағына жалтақтай қарап, қаламгер «адасты», «аяғын шалыс басты», «ұлтшылдар әуеніне ерді» сияқты ерқашты тіркестерді асығыс тізбектеп, сыдыртып өте шығуға әділетсіздік, ақынға жасалынған қиянат екенін егжей-тегжейлі қозғайды.

А.Еспенбетовтің Торайғыров туындыларын зерделеудегі астын сызып ерекше көрсететін тұс оның прозаға енгізген жаңалығы. Сұлтанмахмұт төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетін жанр, стиль, әдеби образдар байлығы жағынан мықтап дамытып, жетілдіреді. Сұлтанмахмұттың біздің әдеби тілімізде оқиғасы қазақ өмірінен алынған шын мәніндегі роман жанрын туғызғандығы. Шынында да, Торайғыровқа дейінгі Абай поэмаларының да сюжеті толық қазақ халқының өмірінен алынбаған еді. Сұлтанмахмұт жасаған Ахмет, Қамар, Аппақай, Әжібай, Тасболат, Қалтан, Нұрымдар, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмаларының жаңа кейіпкерлері бұрын қазақ әдебиетінде мүлдем кездеспеген, табиғаты бір-бірінен бөлек, шын мәніндегі әдеби-көркем образдар. Ә.Қоңыратбаев ескі ауыл адамдарының шынайы мінездерін жасауда Сұлтанмахмұттың қызметі Гоголь мен Флобер жаңалықтарына тән деген болатын.

Сұлтанмахмұт өмірі мен шығармашылығының көп аталмай жүрген кезеңі 1917-1918 жылдар. Зерттеуші осы тұста Семейдегі ақынға іш тартып көмек қолдарын созған зиялылар жайлы нақты деректер мен кейбір естеліктердегі мәліметтер негізінде нақтылай түседі.

Бұл кезде ол уақытының көбін Семейде өткізеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінде жұмыс істейді. Семейде Сұлтанмахмұт оқытушылар семинариясының студенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездеседі. Екеуі заман ағымы, қоршаған ортадағы өзгерістер төңірегінде ой толғайды. Оның біраз өлеңдері, «Таныстыру» поэмасы, «Социализм» атты мақаласы Абай елінде дүниеге келген. Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов Сұлтанмахмұтты қыс бойы қысырақтың қымызын ішіп, таза ауа жұтып емделсін, сергісін деген ниетпен Шыңғыстағы Медеу ауылына жібереді. Медеу — «Абай жолы» эпопеясындағы атақты Оразбайдың бел баласы, Абай ауылымен кұдандалы адам. Медеудің ұлы Санияз Тұрағұлқызы Ақышқа (Ақылия) үйленген. Сұлтанмахмұт 1917—1918 жылдардың қысында осы Санияз бен Ақыштың ауылында тұрған.

С.Торайғыровтан қалған ұрпақ бар ма? Бұл сауал төңірегінде Арап Сіләмұлы бұрын кездеспеген деректерді береді. Күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт жеке басының қамын күйттей алмайды. «Ден сау болса тағдырдың, көкке ұшырам күлдерін» деп жігерленіп, бел шешіп өмір үшін тайталасқа түскенімен дендеген дене дерті жанға шипа тапқызбайды. Әбдікәрім Ережепұлының Бағила деген қызына Сұлтанмахмұт ғашық болады. Оны сезген қыз әкесі ата салтын бұзбай, Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы Бұқабай байдың ұлы Ақсұлтанға ұзатып жібереді. Бағилаға үйлене алмаған Сұлтанмахмұт өз еліндегі мұғалім қыз Мәликеге көңілі кетеді. Жүсіпбек Аймауытовтың дерегінше, бұл — 1918 жылдың жазы. Қыз әкесі Мұхтар Кірбасұлына қазақ салтымен құда түсіп, той мәселесі шешіледі. Алайда асыл азаматтың пешенесіне сүйікті Мәликесімен де қосылуға тағдыр қоспайды.

Ақын шығармашылығына жан-жақты талдау жасаған А.Сіләмұлы қиын тарихи –әлеуметтік жағдайда қазақ жұртының болашақта бөтен жұрттар санасатын күшті ел болу үшін алдымен ұлттық намыс жоғары болу керектігін (Жоқ сенде мұндай намыс, көптен өлген, Бабаңды тұрғызбасаң, қайта көрден) Сұлтанмахмұттың «Айтыс» поэмасында қала ақынының аузынан айтқызуын үлкен ерлікке балайды. Ақынның құдіретті дарыны туғызған шығармалары бүгінгі ұрпақтың игілігіне асты, жаңа заманның, тәуелсіз еліміздің рухани қазынасына, ой дариясына, өнер әлеміне ұласты. Ақынның рухани мұрасы халық рухын көтеретін ұлттық идеямыздың сарқылмас қайнар көзі, мол суаты болып отыр. Ақын поэзиясының зор қоғамдық, танымдық, көркемдік мәні уақыт озған сайын тереңдеп ашылып, азамат ақынның алып тұлғасы биіктей бермек. Ж.Аймауытұлы, Б.Кенжебаевтар бұлақ бастауын ашқан, кейінгі толқын ғалымдар тобы жалғастырған сұлтанмахмұттану ғылымы үздіксіз жалғаса бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Кәкішұлы Т. Сұлтанмахмұттың «Айқаптағы» қаламгерлігі хақында.\\ Ақиқат,1993.№6.-81б

2.Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Алматы: Мектеп,1976

3.Қирабаев С. С.Торайғыров. Екі томдық шығ.жинағы.-Алматы: Ғылым,1993.-6б

4.Ахметов З. С.Торайғыров. Үш томдық шығ.жинағы.-Алматы: Жібек жолы,2002.1-том.-12-13бб

5.Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров.-Алматы: Ғылым,1992



6.Ергөбек Қ. Сұлтанмахмұт социализмді қалай түсінді? \\ Ақиқат.-1993.№5

 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет