С.ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
М.Б.Шындалиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан
ПМУ Хабаршысы.Филологиялық серия.№36 2010. Свидетельство №4533-Ж
1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.
С.Торайғыров өзінің публицистикасында материалға ерекше әлеуметтік, саяси тереңдік бере отырып, публицистикалық бастамаға басты орын береді. Әдетте публицистикалық шығармада өмірді көрсетуде қарапайымдылыққа, келтірілген суреттің қоғамдық ойын мазмұндауға бейім, мұнда образдық жүйе екінші орынға қойылады. Публицистика - әлеуметтік-саяси құбылыстардан, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, мәдениеттің түйінді мәселелерінен келелі ой қозғау, пікір айту үшін таптырмайтын форма. Өз пікірінің шындыққа сай екендігіне оқырман көзін жеткізу үшін жазушы сұрақтар қоя отырып, оған жауапты өзі қайтарып, болған оқиға дәйектерін суреттейді. Мұнда сюжет емес, публицистикалық тапсырма ұйымдастырушы элемент болып саналады. Өмірдің әр қырын автор көкейіндегі сұрақпен байланыстыра отырып, шығармадағы публицистика әрқашан бірінші орында тұрады. Публицистикалық туындыда автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, оқушысының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелеседі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады.
Сұлтанмахмұттың 1913 жылдары жазған публицистикалық туындылары қазақ халқының өмірінде болып жатқан сан қилы оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді. Ол публицист ретінде өз кезеңіндегі өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып қана қоймай, журналистиканың күрделі жанрларының бірі – очерк жазуда да өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата алған талант иесі. Саяси қайраткер қыруар қоғамдық жұмыстармен қатар, публицистикалық еңбектер жазып қана қоймай, редакторлық, баспагерлік жұмыстарды да қоса атқарған.
С.Торайғыровтың журналистік шығармашылығындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызығып оқитын бір саласы - оның тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты жазған публицистикалық очерктері дер едік. Публицистикалық очерктерінде алған тақырыбын терең зерттеп, көрген, білген, көкейіне түйгендерін оқушысына ұсынып отырған. С.Торайғыровтың шығармашылығына филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Марғұлан былай деп баға береді: “...Ауылған келгенде өзін басқадан жекелеп, ылғи ойға батумен, бір мәселелерді іздеумен уақытын алатын. Сұлтанмахмұтта ешбір жеңілтектік, бос сөзге үйір болу деген жоқ еді. Ол оқымаған жай халықтың арасында отырса да, ылғы мәдениет мәселесі туралы әңгіме айтып отыратын ” [1,211 б],-дейді.
Өз кезеңінде автор әрбір тарихи оқиғаларға байланысты жеке көзқарасын білдіріп, қазақ халқының ұлттық мүддесін әр қырынан алып, ХХ ғасыр басындағы төңкерістердің шиеленісу, қазақ халқына тигізіп отырған әсерін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп береді. 1918 жылы жазған “Социализм” деген публицистикалық очеркінде заман талаптары, Қазақстандағы саяси ағымдардың құрамы, мақсат-мүддесіне кеңінен тоқталады. Онда әлеуметтік-саяси құбылыстарға, қазақ халқының түйінді мәселелеріне байланысты ой қозғау, пікір айту, қарапайым халықпен сыр шертісу формасын таңдаған. Публицист өз ойы мен сезімі арқылы өз дәуірінің тынысын, сол кездегі өмір картинасын көз алдыңызға елестетеді. “Міне Жан Жак Руссо, Толстой секілді данышпандардың «мәдениетті жер жұтса, е, демеймін» деп мәдениеттен қарайған себебі осы. Неғұрлым дене азығы – өнер өскен сайын адам баласының бақытсыздығының өскені ” [?,43 б],- деп оқушымен шын сыр бөлісіп, шүйіркелеседі. Бұл публицистикалық очерктің ерекшелігі автор көкейіндегі ойды өз атынан баяндап, ой-өріс диапозонын, ақыл-парасатын, әр қилы мағлұмат-бағдардың молдығын байқата білген.
Бұл шығармасында публицист сол кездің де, бүгінгі күннің де күн тәртібінен түспей отырған мәселелер туралы өз пікірін білдіреді. Мұнда публицистикалық очерктің компоненттері молынан пайдаланылып, фактілерді іріктеп, шығармашылық електен өткізіп, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғай білген деуге болады. Публицист сол кездегі замандастарының рухани көркі мен сыр-сипатын жақсартуға шақырып, уағыздайды. Ол әр туындысында өнер, әдебиет, құлдық мәселесі, дене азығы туралы да айта келе, нәтижелі үгіт-насихат жүргізгенін де айқын көруге болады. Сонымен, автордың - ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысындағы оқиғалар мен құбылыстарды батыл, терең талдап, тартымды тілмен жазған тегеурінді публицист деуге толық негіз бар.
С.Торайғыров өзінің публицистикалық қарымын тіл, әдебиет, өнер мәселесіне бұрған тұста оқырмандармен тікелей әңгімелесіп, өзі әңгіме етіп отырған мәселе турасында халықпен ойласуға шақырады. “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, «Жаңа кітап», «Өлең һәм айтушылар», «Ескі сөз» атты мақалаларында публицистикалық сарындағы кең философиялық түйіндермен құнды мәселе төңірегінде әңгіме қозғайды. Автор ауқымды мәселелерді қозғап, қазақ елінің зәру проблемаларын публицист көзімен көре білген. Сол кездегі саясатты бағалай отырып, қорытындылары мен тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бейнелейді.
Бұл туындыларда нақты өмір шындығын көркем публицистикалық тұрғыдан ашып көрсетуге бағындырған. Келтірілген фактілердің бәріне дерлік көркем публицистикалық тұрғыда талдау жасауға, өз қабылдауындағы, түйсігіндегі бейнені суреттеуіндегі факті туралы әңгімелейді.
1913-1914 жылдары «Айқап» журналында редакциясына хатшы болып орналасады. Осы журналды қызмет істеген жылдары әр өнерге бой ұрып, өлең, әңгіме, мақаланы өндіріп жазған кезі екен. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең және айтушылар», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» деген проблемалық мақалаларын жазады. Осы мақалаларымен қоса басқа да маңызы зор кітаптары жазғаны туралы сұлтанмахмұттанушы Б.Кенжебаев: «...Бұлардан басқа да ол «Тентектің жинаған шоқпары», «Тамшы» деген кітаптар жазып баспаға береді. Бірақ ол кітаптары жоғалып кетеді» [1,6-б],- дейді.
1913 жылы жазған «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?» атты проблемалық мақаласы қазақ арасында оқу оқытып жүрген молдалар туралы. Молда атанған адамдардың ескі жолды таңдағандары да, жаңа жолды таңдағандары да ғылым мен педагогикадан хабарсыз екенін мақала авторы өкіне жазады. Бұл проблемалық мақалада автор осы жолдан шығудың жолдарын ұсынады.
Осы журналда қызмет істеп жүргенде «Жаңа кітап» атты рецензиясы шығады. Бұл М.Дулатовтың «Азамат» деген кітабына сын ретінде жазылған. Автор М.Дулатовтың бұл кітабына талдау жасай келе баспасы таза, бұрынғы жазғандарына қарағанда бөтен тілден аршыңқы, мағынасы тереңірек деп бағалай келе: «Әсіресе қышуға тиетін жері «Иә алла», «Қайтер едің?» «Газета, журнал» деп бастағандары. Қара жамылып, қайғы жұтып тұрған кезде жазған ғой. Кейбір уәзіндері бірінен бірі қысқа ойнақы емес, оқушының арбасы сазбен жүргендей ауырланып шығарлық»[2,87-б],- деп сынайды. Алдыңғы туған шығармаларға көш жүре түзелер деген ниетпен құрық тигізбеген сыншы кез келген шығарманың мінін бастан түзеу керек екенін де жазады. Бұл рецензияны жазу барысында Сұлтанмахмұт «жаманның барынан жоғы жақсы» деген принципті ұстанғанын байқаймыз.
1913 жылы осы журналда С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты сыни мақаласы жарық көреді. Автор бұл мақаласында «Зарқұм», «Салсал», «Алпамыс» сияқты қисса, ертегілердің қазақ әдебиеттіндегі алып келген орнына тоқталады. Мұнда да қазақ тілінде шыққан өлең кітаптарының тілі, көркемдігі жайынан үзінділер келтіре отырып сынаған тұстары ұтымды. Бұл мақаласында автор сол кезде шығып тұрған газет-журналдар туралы: «Қазақ секілді қараңғы, көшпелі халықтың ішінде шыққан газет, журналдың малтықпай тез жүріп, жеңіл кетулері сол етпеттен тұруларының арқасы, өйтпесе, Самарқан, Түркістан, Бұхара, Ташкент жақтағы газеттер секілді адым жер шықпай, арбасы төңкіріліп қала берер еді. Олар мәдениетті болғаны қайда? Атам заман. Ата-бабаларымыз өнер-білімді сол жақтан іздеген»[2,91-б],- дей келе, жаңа газеттер мен кітапта туып тұрған кезде де бұрынғыларымыз «хикаят» болса да тілі қазақша, рухы қазақ рухына жақын келетіндіктен де өзін сүйіндіруші еді деп пікір айтады. Жаңа газеттер мен кітаптарды өзге тілдің сөздері көп кездесетінін сынай келе публицист осы мәселеге аса мін беруге шақырады. Қайда қазақ тілі, қайда қайысқан назым деген сауал да қояды. «Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жарыпсал жаңа әдебиетімізді «нысаны нұсқаған қол, көрсеткен жолы жоқ құр «қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң, қазақ жазушылары-ау, алдарыңа салып айтып отырмын: құр ойбай дегенмен ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылайдың да жылауы бар ғой»,- дей келе, туыстағы тұрмыс дерті мен анық аты жоғалмайтын өнер туғызатын кез келгенін айтады. Басқаларға қарағандай пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла Абай өлеңдерінің қасиеті туралы публицист төгілте жазады. А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалынан» үзінділер келтіре отырып, әділ, шын деп баға береді. С.Торайғыров бұл сыни мақаласында қазақ тілінде бастырмалатып жазылған көп кітаптарда қазақтың иісі де жоқ екенін, рухы нашар, ана тілімізді алаланып, тілдің ағыны теріске бейімделіп бара жатқан шындықты бүкпесіз жазады. Бұл мақаланы жазып отырғанда сынап жазып отырмағанын, көзге ұрып тұрған кемшіліктерге шыдай алмай қолына қалам ұстағанын автор былай жазады: «Бұларды мен мен сыншы болып сынап жазып отырғаным жоқ: сыншы болуға өзім сыннан өткен кісі емеспін. «Сабасына қарай піспегі» деп көргенімше көзге шыққан көсеудей сүйелдерін ғана көрсетіп отырмын. Шын тездің қолына түсіп түзете бастаса, бір журналды бір кітаптың сыны толтырара әдебиетімізді бар деп атауға болады»[2,95-б],- дейді.
1913 жылы «Айқап» журналының №21 санында «Құран бұзған » атты мақаласы жарияланған. Мұнда Қазан қаласында Харитонов басып шығарған құран кітабына сын жазады. Бұл да құран кітаптарын аударудағы сол кзде жіберіліп отырған қателіктер мен тіл, стиліндегі кемшіліктерін көрсеткен құнды мақала болып есептеледі.
С.Торайғыров сөз тұсындағы қазақ ақын-жазушыларының ішіндегі әдебиет теориясы мен мәселелерін тереңнен қозғаған авторлардың бірі. Ол өз заманында шыққан өлең кітаптарына қысқа рецензия жазудың шеберлігін көрсете алды. Бұл тек қысқа рецензия ғана деп қабылданған жоқ, керісінше, өз тұстастарының арасында қазақ әдебиетінің тарихындағы көркем өнерге, әдебиетке тұңғыш анықтама берілген теориялық мақала да болып табылады.
«Айқап» журналында аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен «Ләпет бұлты шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер жазады. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», т.б. өлеңдерін, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.
1916 жылы 9 ақпанда «Қазақ» газетінде С.Торайғыровтың «Жазықсыз тамған қан» атты әңгімесі «Торайғыр» деп қол қойылып шығады.
1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің жарық көруіне арналған «Міне, алақай» өлеңі жарияланады, қазақ-қырғыз елдерінің жаугершілік кезеңі туралы «Жалаңаш баба» аңыз-әңгімесі жарияланады.
1916 жылы осы газетте жарық көрген «Жазықсыз тамған қан» әңгімесінде әдет-ғұрып, салт-сана құрбаны болған жастардың өлімі туралы жазылады.
1917 жылы Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің екі санында «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласы жарияланған. Бұл оқиғалы очерк сипатында жазылған туындысы. Оқиғалы очерк - қазақ әдебиетінде көрнекті орын алатын очерктің белсенді түрі, себебі, әрдайым жазуға лайық ғажайып оқиғалар болып жатады және оқырмандарға эмоциялық әсер беру қызметін де атқарады. Бұл туралы Төлеубай Ыдырысов: «Очерктің бұл түрінің «оқиғалы» деп аталуы әсте бірыңғай оқиғаны суреттеу деген сөз емес. Очерктің бәрінде де негізгі кейіпкер болып еңбек адамы алынатыны сияқты, бұл түрдің де түп қазығы - адам» [3,88 б],- дейді. Жазушылар өмірде болып жатқан ғажайып оқиғалардың куәгері ғана болып қоймайды, қаламгер тіліне тиек, шығармасына арқау етіп өзі куә болған оқиғаларды алады. Оқиғалы очеркте де көркемдік элементтермен қатар, деректер, авторлық шегініс, публицистикалық ой мен түйін қатар жүреді.
Сұлтанмахмұттың оқиғалы очерктерінің қайсысын алсақ та, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін, кең байтақ өлке, небір батыр, қарапайым адамдар туралы, олардың басынан кешкен оқиғалар, талай қызық тағдырлар жайлы толғайды. Өмір құбылыстарын үңіле зерттеген очеркші жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болу мақсатында оқиғалы, мазмұны тартымды очерктерді өмірге әкеліп отырған.
Семей қаласына Әлихан Бөкейхановтың келуі туралы бұл очеркінде автор Әлиханды көп халықтың асыға күткенін былай суреттейді: «...жұрт қадыр кісісін көргенде мұндай сүйсінбес. Әркім түрегеліп аяқбасқан жерінде қуаныштан бір-екі минут есінен айырылып па, әйтеуір дағдарыңқырап тұрды» [4,105-б],- дей келе, Әлиханның аман-сәлем құттықтайды қабыл алғанын білдіріп, қысқа ғана сөйлеген сөзі де келтіреді.
Торайғыров публицистиканың жанрларын жаңа арнада дамытты. Ол өз публицистикалық мақалаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы «Таныстыруда» Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың «бірі - күн, бірі - шолпан, бірі – ай» екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралады. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді.
Публицистика Торайғыров шығармашылығының табысы. Мұнда автор аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән үнмен ашына, ақтара жазады. С.Торайғыров публицистикасына арқау болған кейіпкерлер түрлі кәсіппен шұғылданған әділетті қоғам құрғысы келетін адамдар.
Торайғыров публицистикасы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның теңденциясы да сыншыл.
С.Торайғыровтың публицистикалық мұрасынан байқайтынымыз - қай туындысын алсақ та, өз кезеңінің желпінісін, келелі істердің әуенін, дәуір үнін, сол оқиғалардың лебін сезініп отыруға мүмкіндік бар. С.Торайғыров өмір кешкен дәуір мен орта өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Публицистің өз заманында атқарған ісі мен журналистік мұрасы баспасөз тарихындағы тұтас жүйе болып саналады. Ол - қазақ елінің ұлт мәселесіне, тіл, әдеби-сын мәселесіне үн қосып, бірнеше дүркін мақалалар жазып, қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде публицистік қарымын танытқан қоғам қайраткері, мұсылман халықтары арасынан шыққан талантты ақын ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар тұлға.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары. Алаш мұрасы. - Алматы:
Алаш, 2005.
-
Кенжебаев Б. Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мәселесі
Алматы: Қазақ университеті, 1968.
-
Ыдырысов Т. Очерк туралы ойлар. - Алматы: Жазушы, 1976.
-
Торайғыров С. Шығармалары. 3 том. – Алматы: Алаш, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |