Тәжірибелік сабақ №7 Тақырыбы: Жер –кадастрлық картографиялық материал, оны әзірлеу және пайдалану әдістемесі
Мақсаты: Жер-кадастрлық картографиялық материалдардың құрылымын талдау және оны пайдалану әдістемесін білу
Қазақстан Республикасының геодезия және картография туралы заңына сәйкес жер туралы, жер бетінің объектілері, табиғи, техногендік және қоғамдық үдерістер мен нақты дүниенің өзгерістерін, оларды графикалық сандық, электрондық және өзге де нысандарды жасауда, жаңартуда, жер кадастрлық жұмыстарда арнаулы немесе салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет көрсету жолдары туралы міндеттер қарастырылған.
Сонымен қатар кадастр жасауда геодезиялық жұмыстардың маңызымен рөлі өте зор екендігі атап көрсетілген, яғни жер бетіндегі жылжымайтын мүліктермен жер телімдерінің орналасуы туралы мәліметтер қатаң түрде кеңістіктік өзара байланыста болуы тиіс.
Себебі жер бөліктерін (участок), жылжымайтын мүліктерді (ғимараттар) берер кезде жасалынатын құжаттар (техникалық паспорт, план) жерді түгендеу, межелеу және кадастрлық түсіріс материалдарына сүйеніп жасалынады.
Осындай жұмыстарды орындау барысында кешенді түрде геодезиялық және картографиялық қызмет көрсетіледі. Олардың құрамы кадастрлық жұмыстың қызметіне және автоматтандырылғандығына байланысты болады. Сондада көп жағдайда бұл жұмыстар мынадай жүйеде жүргізіледі:
1. Дайындық жұмыстары. Әдетте, дайындық жұмыстары барысында:
- жерге орналастыру жобасы;
- жер бөлігін (участок) бөліп беру туралы әкімшіліктің қаулысы;
- жер бөлігін жалға беру немесе сатып алу туралы келісім шарттары;
- жер бөлігін тіркеу кітабынан көшірме;
- жер телімінің топографиялық планы немесе шекаралық сызбасы;
- мемлекеттік немесе жергілікті геодезиялық тор пункттерінің (нүктелерінің) координаттық тізімі мен схемасы (нобайы);
- жер пайдалануы туралы мәліметтержинақталып, талданылады.
2. Геодезиялық тірек торлары пункттерінің далалық орналасу орындарын зерттеу. Геодезиялық жұмыстарды жүргізудің тиімді технологиясын таңдау үшін және бұрыннан орналастырылған тіректік тор пунктерінің сақталуын немесе
жаңадан пункт қою үшін далалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
3. Техникалық жоба жасау. Геодезиялық жұмыстарды жүргізу үшін алдын ала техникалық жоба жасалынады. Ол жоба: түсініктеме жазба, сызба материалдары және қаржылық шығындар есебі сияқтыбөліктерден тұрады (смета).
4. Кадастрлық түсірістер. Кадастрлық түсірулердің қызметіне байланысты топографиялық түсірістегідей масштабтарда, сондай тәсілдермен және сондай дәлдіктермен орындайды. Негізгі базалық масштаб 1:500, ал көп жағдайда – 1:2000, анықтамалық шолу жағдайында – 1:10000 және одан кіші масштабтарда орындалады.
5. Жергілікті жерде жер бөліктерінің шекараларын белгілеу үшін геодезиялық негіздеу пунктерінен сол жер бөлігінің ерекше нүктелерінің координатарын тауып, оларды арнайы межелік белгілерімен бекітеді. Егерде анықталатын шекара бұрыннан белгілі болса, онда бекітілген пункттік нүктелердің координаттарын қайталап анықтайды. Белгіленген шекараны келісу мемлекеттік үкімет өкілінің, жер бөлігінің иесінің немесе іргелес жер бөлігінің иелерінің қатысуымен жүргізіледі.
6. Жер бөліктерінің аудандарын анықтау. Жер бетін пайдалану кезінде, оларды бөліктерге бөліп, аудандарын анықтауға тура келеді. Аудандар план немесе карта арқылы, графикалық, аналитикалық және механикалық әдістермен анықталады. Жоғарғы дәлдікті қажет ететін жағдайда негізінен межелік белгі координаттары арқылы аналитикалық тәсілді қолданады. Кейбір жекеленген жағдайларда картографикалық материалдар пайдаланылады. Жер бөліктерінің аудандарын карта немесе план арқылы анықтауда жер бетін тікелей өлшегенге қарағанда төмен дәлдікті береді. Оның басты себептерімен әдістерін келесі параграфта қарастырамыз.
7. Жер бөліктерінің шекаралық сызбаларын жасау. Жер бөліктерінің шекаралық сызбаларын жергілікті жерде
белгіленген және келісілген нәтижелері арқылы негізгі кадастрлық план (немесе одан ірі) масштабында жасайды.
8. Кадастрлық жұмыстардың нәтижелерін тіркеу және тексеру. Кадастрлық жұмыстардың нәтижелері міндетті түрде далалық тексерілуі тиіс. Себебі түсіру кезіндегі мүмкін болатын қателіктермен келіспеушіліктері жойылады. Сонымен қатар топографиялық-геодезиялық жұмыстары нұсқауларына сәйкестігі және техникалық тапсырма талаптарының орындалуы тексеріледі. Жұмыс барысындағы алынған ақпараттар арнайы реестрге тіркеліп, кадастрлық картада немесе планда көрсетіледі.