Сабақтың жоспары: Кіріспе «Сарғайған суреттер сыр шертеді» Майданнан келген хаттарға шолу



Дата27.06.2016
өлшемі65.82 Kb.
#162107
түріСабақ
Сабақтың тақырыбы: Өмірін қорғап өзгенің.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, №241 орта мектептің

тарих пәні мұғалімі : А. Мәмбетова
Сабақтың мақсаты: 1. Ұлы Отан соғысына қатысқан ауыл ардагері Батырхан Айтуғановтың қайда, қашан және қандай қызмет атқарғанын, оның Ұлы жеңіске жету үшін қосқан үлесін таныстыру;

2. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиыншылықтарды, халық көтерген қасіреттерді еске ала отырып, оқушыларға Отанға деген сүйіспеншілікті ұғындыру;

3. Өз еліне қызмет етуге, қандай қиындық болса да әзір болуға және батылдыққа, төзімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың жоспары:

1. Кіріспе

2. «Сарғайған суреттер сыр шертеді»

3. Майданнан келген хаттарға шолу

4. Ауыл ардагері Б. Айтуғановпен болған сұхбат (бейнетаспадан көрсету)

5. Қорытынды



Сабаққа қатысушылар: 10 – сынып оқушылары, сынып жетекшісі, әскери жетекші, кітапхана меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі.

Даярлық кезеңі: Сыныпты безендіру, сабақтың тақырыбын ілу, кітапханашы көмегімен соғыс туралы материалдардан көрме жасау, нақыл сөздер, альбом, жиналмалы кітапшаларды, картаны орналастыру.

Сабақтың барысы:

Кіріспе. Мұғалім сөзі. Сабақтың тақырыбын хабарлап, жоспарымен таныстырып, мақсатын айту.

  • Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Қарғалы ауылының тұрғыны болған Ұлы Отан соғысының және одан кейінгі бейбіт өмірдегі еңбек ардагері, «Даңқ» орденінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ ССР Қызыл Крест қоғамының және оның облыстық комитетінің, сол сияқты аудандық денсаулық сақтау бөлімінің әр жылдардағы көптеген грамоталарының иесі, өмір бойына халыққа шипагерлік қызметін ұсынып өткен Батырхан Айтуғанов өзгеге өмір сыйлаған денсаулық сақшысы деп атауға лайықты жан болатын.

1 - оқушы: Батырхан Айтуғанов 1922 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Жөлек ауылында дүниеге келген. 7 жылдық мектепті бітірген соң, 1939 жылы Қызылорда медициналық техникумына оқуға түскен. Жастай армандаған сүйікті мамандығына қолы енді жетіп, халыққа қамқор қолын ұсына бастаған шағында тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы оның бейбіт өмірдегі қызметін соғыс даласында жалғастыруына себепкер болды. Сөйтіп 1941 жылдың желтоқсанында Батырхан да қатар құрбыларымен бірге майданға аттанып кетті.

Майданға әні
2 – оқушы: Ұлы Отан соғысына санитарлық нұсқаушы болып кірген оған үнемі алғы шептен, жаралы жауынгерлер жанынан табылуға тура келді. Алма кезек шабуылдардың бірінде пулеметші С. Морозовқа жау оғы тигенін байқап қалды. Еңбектеп жылжып жаралы жауынгер жанына жеткен ол жарасын таңып берді. Тағы бірнеше жаралы жауынгерлерге ем көрсетті. Байқаса қатардан шыққан жауынгерлер көп екен, ойланбастан пулеметті өзі қолына алды. Оны жауынгерлер қансырап, жаралы жатқан жерінен тауып алғаннан кейін, есін жиған соң бірақ білді. Жан беріп, жан алысқан осындай шайқастың бірінде жауынгерлерге жедел жәрдем көрсетудегі батырлығымен үлкен айқаста құнды мәліметтер берген неміс солдатын қолға түсіргені үшін ол «Данқ» орденімен наградталды.
3 – оқушы: Содан кейінгі жорық жолдарын туысқан Венгрия, Югославия, Украина, Румыния, Болгария, Австрия, Чехославакия елдерін зұлым жаудан азат ету мақсатында жалғастырған ол майданның әр тарабында санитарлық, фельдшерлік қызметін мінсіз атқара білді. Оқ пен оттың ортасында жүріп талай жаралы жауынгерлердің ажалына арашашы болды, қанға оранған талай азаматтардың өмірге қайта оралуына ықпалын тигізді.

Эх, дороги әні
4 – оқушы: Соғыстан оралғаннан кейін де қарап отырмай алғаш «Еңбекші», «Жиделіарық», «Ақтөбе» колхоздарында, кейін «Коммунизм», «Гигант», «Қарғалы» колхоздарының Қызылқұм қойнауындағы алыстағы малшыларына дәрігерлік қызмет көрсетті. Табиғатынан елгезек ол малшы ауылдарды көбіне жаяу аралайтын. Өмірден өткенінше өзі тұратын «Қарғалы» елді мекеніндегі балтыры сыздап, басы ауырған, науқасқа шалдыққан жандарға қол ұшын беріп кетті.
Сарғайған суреттер сыр шертеді.

5 – оқушы: - Украина шекарасына жақын орналасқан бір ауылда кейін қарай шегініп бара жатқан немістердің еңбекке жарамды жергілікті тұрғындарды поезға тиеп, Германияға жөнелткелі жатқанын сенімді көздер арқылы естіп білдік,-деген Батырхан ата бізбен әңгімесінде.

- Айнала ну орман, жолдан адассаң ұйыққа батасың, күндіз жүрсең жау көзіне түсесің. 1 эшалон адамды құтқару жайында нұсқау алып, 2 ат арбамен қажетті қару-жарақты алған 12 жауынгер түнделетіп жолға шығып кеттік. Әрең деп белгіленген жерге жеттік. Жан-жағы тоғай, бұл жерде поез жәй жүреді екен, оның қай уақытта келетін шамасы да белгілі болды. Рельске құлағымызды төсеп, тың тыңдаймыз. Көп ұзамай-ақ поездың келе жатқанын байқадық.

Шамын бірде жандырып, бірде өшіріп, жайлап қозғалып келеді. Жақындағанда рельсті жарып үлгердік. Оны байқаған машинист поезды тоқтатты. Сол сәтте артындағы қалған рельсте жарылды. Мықты күзетпен келе жатқан эшалон алдын-ала жасалынған жоспардың негізінде біздің жауынгерлердің қолына көшті. Ондағы 800-дей адам түгел босатылып, қауіпсіз жерге орналасты. Бізге онда тұтқында келе жатқан өзіміздің адамдарымыздың да көмегі аз тиген жоқ. Солардың біреуінің жарасы ауырлау екен. Қажетті дәрі дәрмегімді жайып салып, жарасын таңуға енді кірісіп жатқанымда бір жас орыс қызы пайда болып, көмекке келді. Керекті затты айтқызбай, қас қабағымнан түсініп, алып беріп жатыр. Кейін білдім, Харьковтегі дәрігерлік училищені бітірген Наташа Левченко деген қыз екен, жаралы жігіт оның әкесінің інісінің баласы болып шықты. Кейіннен төрт-бес айдай майдан даласында бірге болып, көптеген жауынгерлердің ажалына араша тұрдық. Мынау суреттегі сол кездің ескерткіші,-деп ардагер ата суретке ұзақ, ойлана қарап еді.

6 – оқушы: - Югославия жері үшін болған алғашқы айқас менің есімнен кетпейді. Күні бүгінге дейін сол күйінде жадымда-деген Ұлы Отан соғысының ардагері алпыс жылдан астам уақыт өтсе де.

-Дұшпан күштерінің қаhары сынған кез. Румынияны толығымен азат еттік. 1944 жылдың қыркүйегінде бауырлас оңтүстік славян халықтарына бостандық әперу жорықтарын бастадық. Алдымызда ағып жатқан Морава өзені дұшпан үшін кәдімгідей қорғаныс та, біз үшін тосқауыл. Таң саз бере соғыс тәңірісі-зеңбіректер мен артиллериялар біздің шепті дамылсыз соққының астына алды. Снарядтар айналаның топырағын аспанға атып жатты. Қарсы көтерілген біздің атқыштар батальоны жиі-жиі шығынға ұшырай берді. Өзеннен өту- алынбас қамалдай. Өзеннің арғы жағалығы кең көлемді егістік алқап. Орылып, қомдалынып, бауланып қойылған жүгері үймелері. Әлден уақыт дұшпан жағының өршелене көрсеткен қарсылығы бірден сап тынды. Екі жақ демде у шу, қоян қолтық айқасқа айналып кетті. Біз аң-таңбыз. Жеделдете шабуылға көтерілдік. Біріміз дайын салдармен, біріміз қайықпен есіп, арғы жағаға жеттік. Ұзамай дұшпан күштері быт-шыт болып қаша жөнелді. Сонда барып істің мән-жайын түсіндік. Сөйтсек әлгіндегі шоғыр-шоғыр жүгері үймелерінің арасы партизандарға толы екен. Түннен келіп орналасқан югославтық туыстар ұрыс қыза түскен шақта дұшпан жауынгерлеріне ту сыртынан тап берді. Сасып қалған фашистер қарсылық көрсетуге шамалары келмей безіп ала жөнеліпті. Осы жерде гитлершілдер үлкен шығынға ұшырады. Қолға дұшпан қару-жарақтарын, соғыс олжаларын түсірдік.

-Мынау сонда Югославия партизандарымен бірге түскен суреттеріміз еді,-деп Батырхан ата бірнеше фото суреттерді қолымызға ұстатқан болатын.
7 – оқушы: -Майдан жолдарын Германияның оңтүстігіндегі Траунштейн қаласында аяқтадым,-дейді ол әңгіме үстінде. –Түбегейлі жеңістің болғандығы жөніндегі хабар жеткенде орман ішінде демалып жатқан едік. Орталықтан аға лейтенант Александр Новоенков атпен құйғытып шауып келді де айқай салды:

-Ура, жолдастар! Жеңіс, жеңіс!

- Мынау сол жеңіс мерекесін тойлап жатқандағы суретіміз. Суреттегілер: А. Новоенков – Лени нградтағы Штеринберг атындағы обсерваторияның 3 – курс студенті екен. М. Александров – Омскіден келген студент. И. Степанов – Молдовиядан екен. Ш. Төленов – Жетісайдан, Н. Журба – Украинадан екен.

Көгершіндер әні
Майданнан келген хаттарға шолу

8 – оқушы: Батырхан атаның майданнан жазған хаттарын қарындасы Шырынхан жинап сақтаған. Өйткені ардагер атамыз хатының барлығын дерлік осы қарындасы Шырынханға жазып отырған. Хаттардың мазмұны мынадай:

Шырынхан!

Мен сенің октябрдің ортасында жазған бір хатыңды алдым. 15 ноябрь күні. Әрине көптен бері хат алмаған соң, мен ойлап ем анада айтқан жаққа кетіп қалды ма деп. Ол жағынан қандай әңгімелеріңіз бар? Ол туралы менің сентябрь айында жазған 2-3 хатымды алған боларсың. Ал, қазір ел жағдайында, ауылда қандай өзгеріс, қандай жаңалықтар бар? Сонсын сіздің ауылдағы басшылардың кімдер екені туралы жазған хатыңды сентябрдің ішінде-ақ алғанмын. Шырынхан, мен әр хатымда сұраймын: қыстау жағдайларыңызды, жаңа жас балалардың оқуы жайын, бірақ бұл сұраққа ешқандай жауап жоқ. Жоқ осы уаққа дейін киіз үйде отырсыздар ма? Осы соңғы хатыңда хатты жақсы жазғансың, бірақ адресті білмеймін, Аймаш жазған ба (қарындасы Айымхан), Күлмаш жазған ба (қарындасы Күлімхан), үйткені адам танып болатын емес. Сондықтан 1,5 ай жолда жүрген. Дамеш, жеңешем, көкеме тағы басқаларға менен сәлем.

Батырхан

15.11.43

Священная воина әні

Ауыл ардагері Б. Айтуғановпен болған сұхбат бейнетаспадан оқушыларға көрсетіледі.
Қорытынды. Мұғалім сөзі.

- Ауылдастары Батырхан ата жанұясын «Шипагерлер шаңырағы» деп орынды мақтан етеді. Олай атаудың да жөні бар. Інісі Амангелді Айтуғанов Алматы медициналық институтының түлегі, аудандық тубдиспансердің дәрігері болған. Сол сияқты қарындасы Айымхан да медициналық жоғары білімі бар маман болып, Жамбыл қаласындағы облыстық ауруханада қызмет атқарды. Тұңғышы Мақсат аудан орталығындағы ауруханада медбике болып еңбек етеді. Қазіргі таңда немере қызы Бота атасының жолын қуып, Шымкент қаласындағы медициналық колледжде білім алып, медицина саласында қызмет етуде.



1982 жылы Батырхан ата құрметті еңбек демалысына шығып, өмірінің соңына дейін «Қарғалы» елді мекенінде тұрды. Бес жылдай соғыста жүріп, аман-есен елге оралып, үйленіп, жұбайы Құлманова Ауахан екеуі 11 балалы болды. 6 ұл, 5 қыз өсірді. «Батыр Ана» атағын алған жұбайы 2001 жылы дүниеден өтті. Қазірде 36 немересі мен 3 шөбересі бар Батырхан атамыз 85 жасқа келіп, 2007 жылы 9 ақпанда дүние салды. Адамзат алдындағы абзал міндетін абыроймен атқарған, өзі берген сертімен антының асқар шыңынан көріне білген Батырхан Айтуғанов өмір белестерінен осылайша өтіп кетті.
Бейбітшілік сақталады әні

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет