АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ, ШАЛҚАР АУДАНЫ
№6 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МУЗЫКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
ҚОҢЫРАТБАЕВА САҒИРА ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ
ПӘНІ: САЗ ӨНЕРІ
СЫНЫБЫ: 4 «А»
САБАҚТЫҢ ТАҚЫРЫБЫ: ҚАЗАҚТЫҢ КӨНЕ АСПАПТАРЫ-ЖЕТІГЕН
ЖӘНЕ ШЕРТЕР
Сабақтың мақсаты:
1.БІЛІМДІЛІК: Оқушыларды қазақтың көне аспаптары жетіген
және шертер аспаптарымен таныстыру
2. ДАМЫТУШЫЛЫҚ: Оқушылардың өнерге деген эстетикалық
қызығушылығын арттыру, қиялын дамыту.
3.ТӘРБИЕЛІГІ: Ұлттық тәрбие көзі ретінде халық музыка аспаптарының үнділігі, саздылығы көркем эстетикалық тұстарын тереңірек талдау арқылы балаларды өз Отанының нағыз азаматы болуға баулып,халқымыздың мәдени дамуына үлес қосуға тәрбиелеу
Көрнекілігі: Интерактивті тақтада жасалған слайдтар,
домбыра, үнтаспа.
Сабақтың типі: Аралас сабақ
Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, топтық
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру
IV. Сергіту сәті. Музыка тыңдау
V. Жаңа сабақты пысықтау
VI. Домбыра үйрену
VII. Қорытындылау. Сөзжұмбақ шешу.
VIII. Үйге тапсырма беру
IX. Бағалау
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, назарларын сабаққа аудару
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау
-
Болат Сарыбаев кім?
-
Болат Сарыбаев қанша көне саз аспаптарын қайта жаңғыртады?
-
Болат Сарыбаевқа кім бата береді?
-
Болат Сарыбаев көне аспаптарды жинауда қандай еңбек етті?
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру
Жетіген: сиқырлы сазға бай аспаптың құпиясы
Жетіген – жеті ішекті дыбысты көне шертпелі аспап. Аспап келбеті ұзынша келген жәшік тектес болады. Беті жұқа тақтайшамен жабылып, үн беретін ойықтар салынады. Көне түрінде 7 ішегі болған және оларға тиек ретінде 7 асық тағылған. Ішектер аттың қылынан тартылып, әуен ырғағын қалпына келтіру үшін асықтар қойылған. Бұл аспаптың қазіргі заманда шыққан жаңа түрінде ішектер саны 25-тен асады. Дыбыс көлемі 2-2,5 октаваға дейін жетеді. Барлық ішектеріне құлақ күйін келтіретін арнайы үлкен тиектер тағылады. Тыңдаушыларға жағымды әсер сыйлайтын жетігенді ертеде көк пен жерді байланыстыратын ғажайып қасиетке бай аспап деп, оны тек сарайларда, шағын топ алдында ғана ойнаған.Жетіген аспабы түркі тілдес халықтарында кездеседі. Татар халқы «етиган», тыва халқы «жадықан», хакастар «Чатхан» т.б. халықтар аспапты өз тілінде атаған.Жетіген аспабының ноталық жүйесін белгілі этнограф-ғалым Болат Сарыбаев анықтады. Бұл күнде аспап кеңінен насихатталып, халыққа танылып, дамып келеді.
Жетіген аспабының шығу тарихы
Жетіген аспабының қайта жаңғыруына зор үлес қосқан Болат Сарыбаев.
Болат Сарыбаев ел арасынан жетіген аспабы жа йлы мынадай аңыз-әнгіме жазып алып келген болатын: «Бағзы заманда бір қарттың жеті ұлы болған екен. Ел ішінде бір жылдары қатты жұт болып, көпшілік қауым ашаршылыққа тап болады. Аштықтан жеті ұлы қайтыс болады. Қания есімді үлкен ұлы қайтыс болған кезде кепкен ағаш бөлігін ойын алып, ішек тартып, тиек тағады. Қайтқан тұңғыш ұлына арнап, «Қарағым» күйін шығарады. Қаниядан соң, екінші ұлы Төралым қайтқан кезде, екінші ішекті тартып, «Қанат сынар» күйін орындайды. Үшінші ұлы Жайкелді өмірден өткенде "Құмарым", төртінші ұлы Бекенге арнап "От сөнер", бесінші ұлы Хауасқа "Бақыт көшті", алтыншы ұлы Жүлзарға "Күн тұтылуы" күйлерін шығарады. Ең кіші ұлы Қияс қайтыс болғанда ақсақал жетінші шекті тартып, "Жеті баламнан айрылып құса болдым" атты күй шығарады. Қара жамылған қарт әр күйді орындау барысында әр баласының бейнесін әуен арқылы көрсетеді. Бұл күйлер кеңінен таралып, әрі қарай дамып «Жетігеннің жеті күйі» не «Жетігеннің жетеуі» деп танылады. Аспап атауы жеті және ән сөздерінен құралып, «жетіген» деп аталған. Қазіргі таңда жетіген аспабының ішектері көбейіп диапазоны көбейіп фольклор ансамбльдері мен оркестрлерінде кеңінен орындалады.
Шертер - қазақ халқының шертпелі музыкалық аспабы
Шертер – қазақ халқының көне шекті музыкалық аспабы. Кей деректерге сүйенсек, бұл аспап домбыра мен қобыздың арғы тегі болып саналады.Сырт келбеті қобызға жақын, көлемі жағынан домбырадан кіші. Аспапта бір ғана бұранда болады. Шертер аспабы ағаштан ойылып, шанағы ешкі терісімен қапталған. Ішегіне аттың қылы тағылады. Ішектердің бір басы бұрандаға, бірі басқы жағына бекітіледі. Аспап ұзындығы 65-70 см-ден аспайды. Шертер аспабында ойнау тәсілі домбыра тартуға ұқсайды. Дыбыс күші қапталған тері мен ішектердің қалыңдығына байланысты. Бастапқы кезде аспапта перне болмаған. Көп ұзамай перне орнатылып, аспаптың беткі жағы біраз өзгеріске ұшыраған.
Шертер аспабын ән-жыр, аңыз-әңгімелер айтылған кезде тартқан. Көбіне бақташылар арасында кеңінен танымал болған. Қазақтың көне шертпелі музыкалық аспаптарының бірі болғандықтан аспап шертер деп аталған. Шертер аспабы фольклор ансамбльдері мен оркестрлерді өзіндік бояуы бар негізгі аспаптардың біріне айналды.
IV. Сергіту сәті. Музыка тыңдау!
Қарақат Әбілдинаның жетіген аспабында «Әгугай» әнін тыңдайық!
Шертер аспабында Азамат Мензапировтың орындауында «Ата толғауы» күйі.
V. Жаңа сабақты пысықтау
- Не себепті аспаптың аты жетіген аталды?
- Жетіген аспабының жаңғыруына кім үлес қосты?
- Шертер аспабының домбырадан айырмашылығы неде?
VI. Домбыра үйрену
Қазанғаптың күйі «Шынаяқ тастар»
VII. Қорытындылау. Сөзжұмбақ шешу.
VIII. Үйге тапсырма беру.
Қазақтың көне аспаптары «Жетіген» және «Шертер» тақырыбын оқып келу. «Шынаяқ тастар» күйінің үйренген буындарын қайталау.
IX. Бағалау
Достарыңызбен бөлісу: |