Сабақтың тақырыбы:
Сабақтың мақсаты: 1. Бұл өмірде Ананың орны ерекше қастерлі, мейірімі шексіз тұлға екенін ұғындыру. 2. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете білетін ақ көңіл, мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелеу. 3. Ата-ана, оқушы, мұғалім арасындағы сыйластық қарым-қатынастарды дамыту.
2-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен қадірлі нәзік жанды аналар!
8 -наурыз халықаралық аналар мейрамы қарсаңында сіздермен жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Олай болса, аналар өздеріңізге арналған «Ана – құдіретті тұлға» атты шағын бағдарламамызды ашық деп жариялаймыз!
1-жүргізуші:
Адамзаттың соғып тұрған жүрегі,
Аналар тек бұл дүниенің тірегі.
Мәңгілікке жасай берсін аналар,
Ана бар да ұрпақ мәңгі күледі!
Құрметті абзал аналар, ұлағаттты ұстаздар!
Баршаларыңызды 8-наурыз халықаралық аналар мейрамымен құттықтай отырып, зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, салиқалы өмір, ұзақ ғұмыр тілей отырып, ұрпақтарыңыздың игілігіне бөленіңіздер. Сіздердің мейрамдарыңызға арнайы құттықтау ретінде дайындалған балаларыңыздың шағын концертін қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші:
Анам менің – ақ үлпегім, мамығым,
Сен арқылы дүниені таныдым.
Сен үйреттің жұмбақ әлем сырларын,
Жалғандық пен шыншылдықтың анығын.
«Ана» сөзін ешқандай сөзбен теңестіру мүмкін емес. Сонда да бүгінгі «Ана – құдіретті тұлға» атты тақырыбымызға лайықты, әр әріпті қолданып, «ана» сөзіне анықтама беріп көрсек.
«Ана – құдіретті тұлға»
2-жүргізуші:
Ендеше, осындай ғажайып жандардың алдыңда бас иеміз!
1-жүргізуші:
Бұл анықтама сөздер анаға деген ілтипаттың бір бөлшегі ғана. Шын мәнінде ананың кереметтігін сөзбен жеткізе алмаймыз. «Анасын ренжіткендерді Алла тағала да жақтамайды» демекті, ана, шынымен де, құдіретті тұлға. Ортамыздағы осындай жандардың құрметіне, Әкімжан Ұлан, Бисал Несібелі, Абилькаев Бекзат, Айсабеков Шыңғыс, Саринжапова Фариза өлең-шумақтар оқымақ. Қарсы алыңыздар!
1 – оқушы:
Адам баласы үшін – ең аяулы, ең қастерлі, қадірлі сөз – ана. Бала дүниеге келген күннен бастап өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық құшағы, мейірім толы көзқарасы арқылы барлық сүйіспеншілік, мейірімділік, махаббатын бере білген аналар үшін жер дүниені мекендеген адамзат қауымы бір күнді мейрам етіп белгілеген. Ол күн - 8 наурыз мерекесі.
2 – оқушы:
Халқымызға билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар
Жүрегіңнің бір бөлшегі – бала үшін,
Сізден жақын адам бар ма аналар!
Балаға ең жақыны сіз ғой, ана,
Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.
Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,
Теңесе алар бірақ нәрсе – Отан ғана.
3 – оқушы:
Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,
Махаббатың жүрегімде жүр менің.
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!
Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың!
Қарайтыным қас – қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым!
4 – оқушы:
Шын жүрек, ақ көңілмен,
Алғашқы көктемнің күлімдеген.
Құттықтаймыз 8 – наурыз мерекесі,
Халықаралық аналар күніменен.
Наурыз мейрам, жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен, күн – Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем!
5– оқушы:
Теңдесі жоқ данасың,
Арқа тұтар панасың
Еңбегіңді ақтайын,
Аман болшы, анашым.
Бар өмірдің жүрегі,
Өзің алтын ордасың
Тілегімнің тірегі
Уайымың болмасын.
2-жүргізуші:
Иә, шыр етіп дүние есігін іңгәлап ашқаннан, сызығың бітіп, мәңгілікке аттанғанша ананың аялы алақанында тіршілік шырынын татасың.
Ана – дүниенің тірегі, баға жетпес байлығы.
Ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, нәзік жанды ақын да, дорба асынған пақыр да ананың ақылына тоқтап, қарындастың аялына баққан. Демек, осынау мұң мен қуаныш аралас аз ғана өмірде күйкі тіршілікті кеше жүріп, «Ана» деген алып тұлғаның, құдіреттің алдында мың рет басымызды иіп, тағзым етсек те кем де кем.
1-жүргізуші:
Сіздерсіз ұйытқысы шаңырақтың,
Түлетіп ұл-қызыңды жамыраттың.
Шаттықтың шалқар әні шалқи берсін,
Сөнбесін аулаңызда шамы Бақтың!
2-жүргізуші:
Құрметті аналар, сіздерге арнап, мектебіміздің алдыңғы қатардағы ұстаздарының бірі, көптеген оқушыларға ұстаздық рөлі мен қоса екінші ана ретінде қамқорлығын аямай жүрген, 11 «А» сыныбының қиналғанда сырласы, біліммен сусындатқан ұстазы, тәлімін берген аяулы да нәзік жанды сынып жетекшіміз – Сапаргүл апайымызды сахна төріне шақырамыз!
Ән: «Ана туралы жыр»
1-жүргізуші:
Әр адамға анадан асқан жан жоқ. Анамызды құрметтеу – әр пенденің ең басты міндеті!
Себебі, ана саған өмір берді, осындай дүниеде көзінді ашты.
2-жүргізуші:
Әрине, дұрыс айтасын. Ананың алақанынан асқан жұмсақ зат жоқ, әлдиінен асқан ән жоқ, бұл фәниде. Осындай ойды әрі қарай өлеңдерімен жалғайтын Жеңісов Жанқуат пен Әкімжан Ұланды ортаға шақырамыз! Қабыл алыңыздар!
6– оқушы:
Анам менің – аялаған ақ гүлім
Анам менің – бақытым мен шаттығым
“Анашым” – деп балаң жырын арнаған
Неге ғана естімеген тәтті үнін
Анам менің – өмірдегі тірегім
Анам менің – кеудемдегі жүрегім
Егер менің қасымда сен болмасаң
Бұл өмірде қалай ғана жүремін.
7– оқушы:
Ана жаны тұңғиықтан жаралған,
Түлеп ұшқан тұңғиықтан, самалдан
Анасыз бұл тылсым дүние құр бекер,
Тіршілік тек аналардан нәр алған
Жадырап тұр бүгінде берекеміз
Бір тамшы білімді көл етеміз
Еңбегіңіз әрдайым жемісті боп
Құтты болсын бүгінгі мерекеңіз
1-жүргізуші:
Келесі кезекте, Құралай Омар «Өшпейді мәңгі үміт шырағым» атты поэзиядан туған тамаша туындыны, Құлатаев Сұлтан мен Саринжапова Фаризаның орындауында қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші:
«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй» демекші, тағы бір сәт ән тыңдап алсақ! Ендеше, сыныптастарымыз Дүйсенбаева Нұрайлым, Есілбай Аида, Матаев Самат және де Бексұлтанова Даянаның орындауында керемет әнді қабыл алыңыздар!
Ән
1-жүргізуші:
Анасыз өмір - өмір ме
Көтерілмес көңіл де.
Тек мәңгілік жасасын,
Аналар бұл өмірде!
Қазіргі таңда «ана» деген абзал жанға арнап жазған өлеңдер, шығармалар, ән менен жырлар жетерлік. Осылайша әр тұлға ананың құдіретін өз шығармасына қосуда. Анамыздың құдіреттілігін қара сөзбен жеткізуші, Тезекбай Нұрайымды сахнаға шақырамыз!
13-оқушы:
Қара сөз: Сен жарық дүниеге тұңғыш рет көзіңді аштың, көргенің өзіңе күле қараған анаңның ақ дидары болды.
Сен тұңғыш рет тыпырлап, өзіңнің тірлік иесі екеніңді таныттың, тепкілегенің анаңның кеудесі болды. Сен тұңғыш рет дәмге ұмтылдың, аузыңа салғаның анаңның ақ мамасы болды.
Тоғыз ай құрсақта көтерді; сен анаңның мүсінін бұзып, түрін алдың ба қайттің? Жоқ, жоқ, анаңның ең сұлу шағы – сол сені көтеріп жүрген кезі. Солай емес пе? Жер үстінде құрсақ көтерген әйелдің дене бітімінен артық қандай сұлулық бар? Анадан туған адам ананың бұл сұлулығын тебірене ұғып білмес пе?
Тоғыз күн толғатып жүрді; сен анаңды азапқа салдың ба қайттің?
Әрине, сен анаңды өмір мен өлімнің шегіне апарып қойдың. Сенің анаңа жасар ғұмыр бойғы рахымың оның осы тұста тартқан азабының бір минутына тұра ма? Жоқ. Олай болса, сен анаңа мәңгі – бақи қарыздарсың.
1-жүргізуші:
Керемет, көкейімізге түйгендей, ең нәзік, ең сұлу, ең қадірлі, ғажап жан, ол – Ана!
2-жүргізуші:
Ең сүйкімді, ең абзал, инабатты жан, ол да – Ана!
1-жүргізуші:
Иа, олай болса концертімізді әрі қарай жалғастыратын, Дүйсенбаева Нұрайлым, Бексұлтанова Даяна, Мелдебеков Талғат, Есілбай Аида мен Құлатаев Сұлтанды сахна төріне шақырамыз!
8 – оқушы:
О, анашым!
Таянышым, тірегім.
Бар бақытты бір басыңа тіледім!
Мені жақсы болса екен деп қашанда,
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.
Туған жерім,
Жайнап тұрған даламның,
Өзіңе арнап гүлін үзіп алармын.
Жүрек сырын өзіңе арнап жинадым
Міне, гүлім!
Мен де гүлдей баламын!
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай үн қаттың.
Өміріме нәр береді ақ сүтің
Кең құшағың – аясындай гүл бақтың.
Өзіңсің сүйікті ана құдыретім,
Жанымды жадыратын күлдіретін
Сендегі маған деген махаббатты,
Нұр толы қос жанарың білдіретін.
9-оқушы:
Ананың сүюі
Кім сендерді балалар сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сендерді, балалар тербететін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, те қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас деп өле – өлгенше.
10-оқушы:
Ана – жұмбақ, мен шуақ саябағы
Жеміс бермей жатсамда аялады.
Анам менің бпақытым, мен шырағым
Шөлдегенде сусындатар бұлағым
Ана әнім жер бесікті тербеткен
Ана деген мөлдір жасты селдеткен
Қуанғанда бола білді қасымда
Қиналғанда айтатыны жасыма
Ақын болам сен туралы жыр жазсам
Дана болам Ана деп бір үн қатсам
Сенің сол бір маған қарап күлгенің
Жарып шығар жүрегімді мұз қатқан
11-оқушы:
Айналайын атыңнан ана деген,
Бәрімізді аялап мәпелеген
Өмір жасың ұзақ болсын тілерім
Бақытты боп жүре бергін әр дайым
Анам менің дүниедегі ардағым
Өзіңсің ғой өмірдегі бар бағым
Құтты болсын мерекеңіз аналар
Айта берсем сөз жетпейтін паналар
Ана керек бәрімізге адамдар
12-оқушы:
Ана десе толғанбайтын бар ма адам,
О, аналар, құдіретіне таң қаламын!
Құттықтаймын мерекеңмен өзіңді
Бас иетін алдарыңда мен балаң
Барлық ана ардақты деп айта аламын,
Ана сүтін қалай ғана қайтарамын!?
Ана әлдиі – оның нәзік сезімі
Анаға арнап барлық бала айтады ән.
Анадан асқақ жан бар-ау демеймін,
Аналарды бар әлемнің байлығына теңеймін.
Балаң менен бақыттысың сен, ана,
Балаң үшін жасай берші дегеймін.
1-жүргізуші:
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген - бәйтерегі өмірдің,
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.
2-жүргізуші:
Ана деген – асыл жандар болаттай,
Ана деген – мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл Ананы,
Жат қылыққа ақыл ойды тонатпай.
1-жүргізуші:
Келесі кезекте «Анам алтын», әнін сыныбымызбен бірге шырқайық!
2-жүргізуші:
Құрметті аналар, сіздерге арнайы дайындалған шағын концертіміздің аяқталғандығын айта отырып, көңіл қойып, ықыласпен тыңдағандарынызға алғысымызды білдіреміз!
Міне, көктемнің жайма шуақ күні де келіп жетті.
Екінші наурыз күні 10 «А» сыныбында, оқушылардың аналар мен мұғалімдерге арналған «Ана-құдіретті тұлға» атты мерекелік сынып сағаты өткізілді.
Мереке сынып жетекшісі Мошке Сапаргулдің орындауындағы «Ана туралы жыр» әнімен басталып, оқушылардың өлеңдері мен ән жырларына ұласты. Олардың нақышына келтіріп орындаған өлең, әндері аналардың көңілін бір серпілтіп, мерекелік сезім туғызды. Сонымен қатар ата-аналарды қызықты ойындарға тартуы, бізге оқушылық өмірді бір сәт еске түсіргендай болды.
Мерекелік шара ата-аналармен оқушылар арасындағы спорттық сайыстарға ұласты. Спорттық жанұялық жарыс, қызықты және тартымды өтті. Бұл жерде ата-ана да, мұғалім де, оқушылар да үлкен-кішісіне қарамай шынайы көңілмен қатысқан спорттық дода болды. Спорттық көпсайыс түрінен төртке бөлінген топтардың ішінен 1- орынды «Тұлпар» тобы – Бексұлтановатар отбасы, 2- орынды «Сұңқар» тобы – Құлатаевтар отбасы, 3- орынды «Жалын» тобы – Саринжаповтар отбасы, 4- орынды «Керей» тобы – Матаевтар отбасы иеленді.
Волейбол ойны да ата –анамен оқушылар арасында қызықты, тартысты болды. Жақсы, шапшаң қимылдарымен көзге түскен ата-аналар сыйлықтармен марапатталды.
Бұл мерекелік сынып сағаты ата – аналардың көңілінен шықты. Осы шараны ұйымдастырған сынып жетекшісі Мошке Сапаргул мұғалімге және балалырымызға шын жүректен аналық алғысымызды айтамыз.
11-сынып ата-аналары атынан
Достарыңызбен бөлісу: |