ӘОЖ 371.13:745/749 Қолжазба құқығында
САИПОВ АМАНГЕЛДІ
Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының
теориясы және практикасы
13.00.08 – Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі
Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Шымкент, 2010
Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалды
Ғылыми кеңесшісі: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор С.А.Ұзақбаева
Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Ш.А. Абдраман
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Ғ.З. Адильғазинов
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор А.Б. Абибулаева
Жетекші ұйым: Абай атындағы қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті
Қорғау 2010 жылы «___»_____________ сағат ____ М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.20.01 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5 үй, бас ғимарат, мәжіліс залы
Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5 үй, бас ғимарат, 2 қабат)
Автореферат 2010 жылы «___»_____________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы С.А.Жолдасбекова
К І Р І С П Е
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстанның қоғамдық, әлеуметтік-экономикасында болып жатқан өзгерістер білім беру жүйесінің жаңарып, жетілуіне елеулі ықпал етуде. «Білім беруді дамытудың 2005-2010 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасы» білім беру жүйесін қоғамның білікті мамандарға деген қажеттіліктерімен тығыз бірлікте дамытуды қарастырады. Мұның өзі бейінді оқытуды кеңейтуден және жекелеген пәндерді тереңдете оқыту мектептерінің ашылуынан көрініс табуда. Бұл бағытта шығармашылық, көркем-эстетикалық пәндер циклын оқыту ерекше мәнге ие болып отыр.
Бүгінгі әлеуметтік жағдайда түрлі көркем-шығармашылықтың ерекшеліктерін меңгерген адам өте қажет, өйткені ол қоғамдағы материалдық және рухани мәдениеттің бірлікте дамуын шешуші тұлға болып табылады. Адамдардың рухани, өндірістік-экономикалық, гедонистік қажеттіліктерін қанағаттандыратын көркемдік технологиялардың, жасанды өнер түрлері мен шынайы нәрсені көркемдеп қайта өңдеп жасайтын жаңа техникалық қондырғылардың, мәдени-көркем үйлесімдердің пайда болуымен көркемдік мамандықтардың саны артып, беделі жоғарылады, оны меңгерудің шарттары күрделенді.
Қазіргі әрекеттегі материалдық және рухани өндіріс салаларының бәрі қоғамдық мәні бар құндылықтарды жасай алатын, эстетикалық тұрғыда жетілген мамандарды талап етеді. Өйткені, өндірілетін отандық әрбір тауар өзінің көркемдігімен, сазды үйлесімділігімен, адам сезіміне беретін әсерімен тартымды болуы керек. Осындай талап тұрғысында кәсіптік оқыту мұғалімдерінің көркемдік-еңбекке даярлығы қоғамның әлем нарығында елеулі орын алатындай өзіндік үлес қосуы тиіс.
Әлбетте, бұл проблеманы бүгінгі, жаңа заман проблемасы деп қана қабылдауға болмайды. Бұл проблемамен ғалымдар ғасырлар бойы айналысқан. Оның кейбір бағыттарына Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский және т.б. аса мән берген. Еңбек мұғалімін даярлаудың мәнін, мазмұны мен жүйесін Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, П.П.Блонский және т.б. қарастырған.
Мұғалімдерді кәсіби даярлау процесінің әдіснамалық-теориялық негіздері, мәні, ерекшеліктері, функциялары Н.В.Кузьминаның, В.А.Сластенин, Ю.К.Бабанскийдің, И.Ф.Харламовтың, С.Н.Архангельскидің, Н.Д.Хмель, М.А.Құдайқұловтың, Ш.Т.Таубаеваның, Н.Н.Хан, А.А.Бейсен-баеваның, Ғ.З.Әділғазиновтың, Г.Ж.Меңлібекованың, Г.А.Умановтың еңбектерінде зерттеледі. Бірқатар зерттеу еңбектерінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің инженер педагогтарын даярлау мәселелері, оны жетілдіру жолдары қарастырылады (Л.Х.Мажитова, А.П.Сейтешев, О.Сыздықов, О.Мусабеков, Б.К.Момынбаев, Б.А.Абдыкаримов, В.В.Егоров және т.б.).
Бірқатар ғылыми зерттеулерде болашақ орта мектеп мұғалімдерін политехникалық даярлау (Ю.К.Васильев, Е.Т.Чарыев және т.б.), еңбекке баулу мұғалімдерін кәсіби даярлау (У.Н.Нышаналиев, Н.Сайидахмедов және т.б.), еңбек пәні мұғалімдеріне педагогикалық білім беру мазмұнының теориясы мен практикасы (К.Ә.Дүйсенбаев, Д.К.Пошаев және т.б.), көркем еңбек мұғалімін даярлау мәселелері (М.Ж.Қозыбақов) көрініс алады.
Болашақ мұғалімдердің кәсіптік, техникалық, политехникалық, технологиялық, графикалық, конструкторлық білімдері мен іскерліктері туралы бірқатар ғалымдардың (П.Р.Атутов, В.А.Поляков, А.П.Сейтешев, О.Сыздықов, Ш.А.Абдраман, Ж.Ж.Жаңабаев, О.С.Сәлімбаев, Б.Сыдықов және т.б.) зерттеулерінде қарастырылады.
Соңғы жылдары оқытудың жаңа технологиясын білім беру ісінде қолдану (С.Я.Батышев, В.П.Беспалько, И.Я.Лернер, Ж.Қараев, Г.К.Нургалиева, Г.Д.Жангисина және т.б.), технология пәні мұғалімінің даярлық құрылымына енетін компоненттерді жетілдіру (С.Д.Чуркина, Н.В.Васильев, Т.А.Панчук, А.А.Тимошенко, П.Б.Зубачек, А.В.Наумова, Д.А.Костыненко, Е.Н.Тронин, С.Маусымбаев, А.Б.Абибулаева, К.Беркімбаев, Б.Ортаев және т.б.) мәселеріне аса назар аударылып отыр.
Көркемдік-еңбекке даярлау мәселесі этнопедагогика, ұлттық педагогика саласында орындалған зерттеу еңбектерінде (С.Қалиев, К.Ералин, С.А.Ұзақбаева, Қ.Бөлеев, Б.А.Әлмұхамбетов, А.А.Қалыбекова, Р.А.Махаев, Ұ.М.Әбдіғаппарова, С.Жамансариева, О.С.Сатқанов, Қ.Шалғынбаева және т.б.) тарихи-теориялық, әдістемелік бағытта зерделенеді.
Солардың ішінде біздің зерттеуіміз үшін Қ.Ералиннің, Р.А.Махаевтың, Ұ.М.Әбдіғаппарованың еңбектері аса қызығушылық туындатады. Егер, Қ.Ералин Қазақстандағы өскелең ұрпақтың көркемдік тұрғыдан қалыптасуы мен эстетикалық тәрбие жүйесінің орнығуы және даму кезеңдерін ретімен ашып көрсетсе, Р.А.Махаев халықтың сәндік-қолданбалы өнер құралдары арқылы білім алушылардың бойында ұлтаралық қатынастар толеранттылығын дамытуға бағытталған көркем тәрбиелеудің педагогикалық технологиясын теориялық тұрғыда негіздейді, ал Ұ.М.Әбдіғаппарова болса, қазақтардың балалар мен жастарды сәндік-қолданбалы өнерге үйрету жолдарын ғылыми тұрғыда негіздеп дәлелдейді.
Көркемдік білім берудің теориясы мен практикасына тікелей қатысы бар А.Д.Мамедовтың, А.С.Хворостовтың, С.А.Жолдасбекованың, В.Ф.Максимо-вичтің және т.б. еңбектері бізге тұлғаға бағдарлап оқыту технологиясы жүйесінде болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлаудың теориялық-әдіснамалық тұжырымдамасының негіздерін айқындауда және оқыту қағидаларының жүйесін негіздеуде есептігін тигізді.
Сонымен, ғылыми зерттеулерге жасаған талдау ұсынылып отырған проблеманың педагогика ғылымында күні бүгінге дейін мақсатты түрде қарастырылмағанын дәлелдейді. Демек, көркемдік-еңбекке жоғары кәсіби даярлығы бар мұғалімдерге қоғам сұранысының өсуі мен мұндай деңгейдегі мамандарды даярлауға байланысты жоғары оқу орындарына арналған арнайы тұжырымдаманың жоқтығы арасында; болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбектегі даярлық сапасына талаптардың өсуі мен оның ғылыми-теориялық, практикалық негіздерінің жеткіліксіз зерттелуі және оқу-әдістемелік кешендермен жүйелі қамтамасыздандырылмауы арасында қарама-қайшылық анық байқалады. Осы қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты «Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының теориясы және практикасы» деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеу объектісі: жоғары оқу орындарында болашақ кәсіптік оқыту мұғалімдерін даярлау.
Зерттеудің пәні: болашақ кәсіптік оқыту мұғалімдерін көркемдік-еңбекке даярлау процесі.
Зерттеудің мақсаты: болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының негіздерін теориялық, практикалық тұрғыда дәлелдеу және осы даярлық процесін оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыздандыру.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығының әдіснамалық-теориялық негіздері анықталып, соның негізінде тұжырымдама жасалса және ол құрылымдық модель мен педагогикалық шарттар арқылы болашақ мұғалімдерге меңгертіліп, тиімді оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыздандырылса және арнайы әдістеме арқылы жүзеге асырылса, онда болашақ мұғалімдердің көркемдік еңбектен кәсіби білімі мен шығармашылықты тұлғалық қасиеттерінің сапасы артады, ал бұл болса оларға мектеп әрекетінде оқушылардың көркемдік-еңбекке шығармашыл көзқарасын қалыптастыруда көмектеседі.
Зерттеудің міндеттері:
1. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының әдіснамалық негіздерін анықтау.
2. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының тұжырым-дамасын жасау және мәні мен мазмұнын анықтау.
3. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығын қалыптас-тырудың құрылымдық моделін жасау.
4. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке қалыптастыру даярлы-ғының өлшемдерін, көрсеткіштері мен деңгейлерін анықтау және олардың педагогикалық шарттарын айқындау.
5. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығын қамтамасыз-дандыратын оқу-әдістемелік кешен жасау.
6. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының әдістемесін жасау және оның тиімділігін тәжірибелі-эксперимент жүзінде тексерістен өткізу.
Жетекші идея. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбектен кәсіби даярлығының негіздерін теориялық және практикалық тұрғыда дамыту оның кәсіби біліктілігі мен шығармашылық танымын қалыптастырады.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері болып, қоршаған орта құбылыстарының өзара байланысы, өзара келісімділігі туралы философиялық қағидалары, өзара себептелуі мен біртұтастығы туралы диалектикалық теориясы, жүйелі қатынас прициптері мен әдістері, іс-әрекеттік және тұлғалық-бағдарлық қатынастардың психологиялық тұжырымдамалары, тұлға теориясы, таным теориясы, іс-әрекет теориясы, біртұтас педагогикалық процесс теориясы табылады.
Зерттеудің көздері: зерттеу проблемасы бойынша философтардың, әлеуметтанушылардың, мәдениеттанушылардың, психологтар мен педагогтардың еңбектері; Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми материалдары, Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім беру мәселелері туралы нормативті құжаттары мен оқу кешендері (тұжырымдамалар, стандарттар, типтік оқу бағдарламалары, оқулықтар және т.б.); педагогтардың ғылыми жетістіктері мен озық тәжірибелері; ғылыми-педагогикалық мерзімді басылымдар; автордың педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі.
Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасына қатысты әдебиеттерге теориялық талдау, жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік құжаттарымен танысу, озық тәжірибелерді зерделеу, анкеттік сауалнама, бақылау, тест, әңгімелесу, практикалық тапсырма, шығарма жазу, зерттеу нәтижелерін математикалық өңдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні:
1. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының тұжырым-дамасы жасалды.
2. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының мәні және мазмұны анықталды.
3. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын қалыптастырудың құрылымдық моделі жасалды және оның өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды.
4. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын қалыптастыруға ықпал ететін педагогикалық шарттар айқындалды.
5. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын қалыптастыруды қамтамасыздандыратын оқу-әдістемелік кешен жасалды.
6. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын қалыптастыру әдістемесі жасалды және оның тиімділігі тәжірибелі-эксперимент жүзінде дәлелденді.
Зерттеудің практикалық мәні. Жоғары оқу орындары тәжірибесіне ендірілді:
- Қазақстан Республикасының жоғары білімінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары (0313 – «Кәсіби-еңбекке баулу», 0321– «Еңбек», 032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік», 050120 – «Кәсіптік оқыту» - бакалав), 6N0120 –Кәсіптік білім мамандығы (магистр);
- мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде орындалған типтік оқу және оқу бағдарламалары (Кәсіби педагогика, Кәсіби психология, Оқу-өндірістік практика, Тері мен былғарыны өңдеу және көркемдеп сәндеу, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері, Индустриалды-педагогикалық психология, Қазіргі кезеңдегі білім беру технологиялары мен оқытудың техникалық құралдары, Материалдарды өңдеу технологиясы практикумы, Жалпытехникалық пәндер және еңбек технологиясын оқыту әдістемесі);
- оқулықтар және оқу құралдары: Компьютерге оқыту технологиясы, Использование традиционных и активных форм и методов обучения в педагогическом процессе;
- оқу-әдістемелік құралдары: Педагогикалық іс-тәжірибе, Зергерлік өнер арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, Памятка наставнику молодой смены;
- электронды оқулық және оқу құралдары: Компьютерді оқыту технологиясы, Технология обучения компьютеру;
- монография: «Теоретико-методологические основы интеграции в системе художественно-трудовой подготовки будущего учителя».
Зерттеу нәтижелерін жоғары және арнайы орта оқу орындарында, педагог кадрлар біліктілігін жетілдіру институттарында пайдалануға болады.
Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылады:
1. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының тұжырым-дамасы қоғамның жоғары білікті мамандар даярлығына қойып отырған талаптарына және педагогика ғылымының болашақ мамандарды кәсіптік даярлаудағы жетекші қағидаларына негізделеді (білім беруді ізгілендіру мен ізгіліктендіру – болашақ мұғалімдердің өздігімен шығармашылық тұрғыда жетілуінің негізгі факторы; болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының біртұтас педагогикалық процестегі көрінісі; болашақ мұғалімдердің көркемдік шығармашыл қызығушылығын дамыту бағыттары; болашақ мұғалімнің кәсіби компетенциялары – көркемдік-еңбек даярлық сапасының көрсеткіші).
2. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының мазмұны кәсіптік оқыту маманын даярлаудың мақсатын, міндеттерін оқу процесіне қойылатын негізгі талаптарын, көркемдік-еңбекке даярлау жүйесінің жетекші принцип-терін, іс-әрекеттерді меңгеру деңгейлерін, маманды даярлауға қажетті кәсіби іс-әрекет түрлері мен функцияларын қарастырады.
3. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығын қалыптас-тырудың құрылымдық моделі болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлаудың мақсаты, міндеттері, мазмұны, педагогикалық технологиясы, олардың көркемдік-еңбекке даярлығын қалыптастыру компоненттері, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері жиынтығын құрайды.
4. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығын қалыптас-тырудың педагогикалық шарттары (оқытылатын пәндер бойынша меңгерілуге тиісті білім деңгейін анықтау; алдағы кәсіби іс-әрекетке қажетті білімді белгілі деңгейде студенттердің санасына қалыптастыру; маманды даярлауда саралы көзқарасты жүзеге асыру; студенттерде өздігімен білімін жетілдіру дағдысын қалыптастыру, ой еңбегі мәдениетіне тәрбиелеу; таңдаған мамандықты игеруге қатысты шығармашылық әрекетке даярлығының болуы; шығармашылық іс-әрекетке даярлығының бүкіл оқу кезеңін қамтуы; студенттердің дербес дамуын қамтамасыздандыратын вариативті бағдарламалардың болуы) осы даярлықты қалыптастыруды қамтамасыздандырады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде жасалған оқу-әдістемелік кешен (типтік оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқу құралдары, оқу-әдістемелік құралдар, электрондық оқулықтар және т.б.) болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын теориялық және практикалық тұрғыда дамытуда көмектеседі.
6. Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығы әдістемесінің тиімділігі тәжірибелі-эксперимент жұмысының нәтижесімен дәлелденеді.
Зерттеудің негізгі кезеңдері. Алғашқы кезең (1989-1997 жж.) қарастырылып отырған проблеманың зерттелу деңгейі анықталды, тақырып бойынша ғылыми аппарат құрылды, ғылыми мақалалар даярланып, басылым көрді, тақырып аясында материалдар жиналды.
Екінші кезеңде (1997-2003 жж.) тақырып бойынша материалдар жинау жалғасын тапты, Қазақстан Республикасының Жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары жасалынып, практикаға ендірілді. Оқулықтар мен оқу құралдары даярланып, басылым көрді.
Үшінші кезеңде (2003-2010 жж.) тақырыбы бойынша жиналған материалдар сұрыпталып, жүйеге келтірілді, тәжірибелі-эксперимент жұмысының анықтау, қалыптастыру, бақылау кезеңдері жүзеге асты, эксперимент бағдарламасы даярланды, тұжырымдама жасалды, аралық кесінділер алынды, эксперимент нәтижелері өңдеуден өтті, ұсыныстар даярланды, диссертация талап бойынша рәсімделді.
Зерттеу базасы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жаратылыстану-педагогикалық факультеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.
Зерттеудің дәлелділігі мен негізділігі әдіснамалық-теориялық, практикалық тұрғыда дәлелденуімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, кешенді әдістерді қолданумен, зерттеу нәтижелерін практикаға ендірумен, тәжірибелі-эксперимент барысында пайдаланған ұсыныстардың тиімділігімен, ғылыми болжамның дәлелденуімен, нәтижелердің практикаға ендірілуімен, ізденушінің жоғары оқу орнындағы жұмыс тәжірибесімен қамтамасыздандырылады.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру жоғарыда аталған зерттеу кезеңдеріне сәйкес іске асырылды және халықаралық ғылыми-теориялық-практикалық конференцияларда (Брянск қаласы, 1991 ж., Брест қаласы, 1992 ж., Шымкент қаласы (1998, 2003, 2004, 2006, 2007 жж.), Астана қаласы 2003 ж., Алматы қаласы 2003, 2004 жж., Днепропетровск қаласы 2005 ж.), жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының ғылыми-теориялық конференцияларында баяндалды (Тараз қаласы 2006 ж.). оқу құралдары мен әдістемелік құралдар, жалпыға міндетті білім стандарттары мен типтік оқу бағдарламалары, электрондық оқулық және әдістемелік нұсқауларда, мерзімді ғылыми-педагогикалық басылымдарда және жинақтарда басылым көрген. Зерттеу нәтижелері республиканың бірқатар жоғары оқу орындарына ендірілді.
Зерттеу материалдары бойынша 60-астам еңбектер жарияланды, соның ішінде: 1 монография, 3 оқу құралы, 3 әдістемелік құрал, 1 электрондық оқулық, 1 әдістемелік нұсқау, 1 тұжырымдама, 10 мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары, 10-нан аса типтік оқу бағдарламалары, 8 шетелдерде басылым көрген ғылыми мақалалар, 13 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынған басылымдарында жарық көрген ғылыми мақалалар, 15 мақалалар мен тезистер.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі, зерттеудің объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, ғылыми және теориялық жаңалықтары, практикалық мәні, қорғауға шығатын қағидалар, зерттеу кезеңдері, зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру беріледі.
«Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімде болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының әдіснамалық тұғырлары негізделді, көркем өнердегі көркемдік еңбектің көрінісі сипатталады; болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбекке даярлығының оқушылардың көркемдік шығармашы-лығын дамытудағы ролі қарастырылады және болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлау тұжырымдамасының мазмұны беріледі.
«Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының теориялық негіздері» атты екінші бөлімде болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының мәні және мазмұны негізделеді, болашақ мұғалімдердің көркемдік-даярлығын қалыптастырудың құрылымдық моделі, өлшемдері, көрсеткіштері ұсынылады, болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке оқушыларды оқытуға даярлаудың вариативті-тұжырымдамалық ұстаным-дары, көркемдік-еңбекке оқытудағы танымдық іс-әрекет жүйесі және танымдық белсенділігін арттыру жолдарын қарастырылады.
«Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығын әдістемелік тұрғыда қамтамасыздандыру» атты үшінші бөлімде болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлау проблемасының мемлекеттік стандарттардағы көрінісі баяндалады; болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлаудағы оқу бағдарламаларына, оқулықтарына мазмұндық сипаттама беріледі.
«Болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының әдістемесі» атты төртінші бөлімде болашақ мұғалімдерді көркемдік-еңбекке даярлаудың дидактикалық жүйесі қарастырылады, болашақ мұғалімдердің оқу және оқудан тыс іс-әрекеттерінде көркемдік-еңбекке даярлаудың формалары мен әдістері және тәжірибелі-эксперимент жұмыстарының нәтижесі келтіріледі.
Қорытындыда зерттеудің негізгі нәтижелері, қағидалары тұжырымдалады, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бүгінгі қоғам жағдайында терең білімді, ой-өрісі, рухани-адамгершілігі, танымдық қабілеті жетілген, ұдайы шығармашылық ізденісте жүретін жастарды тәрбиелеу – білім беру жүйесінің негізгі проблемасы. Бұл ғасырлар бойы адамзат жинаған тәжірибені жастарға жеткізетін педагогтардың алдына қойылатын талап деңгейлерін айқындап алуды қажет етеді.
Ғылыми еңбектерге жасаған талдау болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау проблемасы терең зерделенгендігін айғақтайды. Мәселен, егер, Б.Г.Ананьевтің еңбегінде педагогтің оқушы білімін жетілдірудегі рөлі қарастырылса, Ф.Н.Гоноболиннің еңбегінде мұғалімнің жеке-кәсіби ерекшеліктеріне, атап айтсақ, оқушымен жұмыс істеу қабілетіне, оқу процесін ұйымдастыру іскерлігіне аса мән беріледі, педагогикалық іс-әрекеттің тиімділігін қамтамасыз ететін тұлғалық қасиеттер, соның ішінде табандылық, өз-өзіне деген сенімділік, беріктілік, шыдамдылық, тапқырлық мен білімділік және т.б. мазмұндық сипат алады. Мұғалімнің кәсіби тұлғалық қасиеттері Ю.К.Бабанскийдің жіктемесінде үш топқа бөліп қарастырылады; жеке тұлғалық қасиет, оқу әрекетіне байланысты қасиет, мұғалімнің тәрбие жұмыстарына байланысты қасиеттері.
Бірқатар ғалымдар педагогикалық білімінің негізі кәсіби мұғалімдерді даярлау, сондықтан кәсіби педагог-мұғалім әдістемені жақсы меңгеріп, оқушыларды дамытуда оқу құралын мақсаттылықпен пайдалана білуі керек (Е.И.Исаев және т.б.), мұғалімнің кәсіби білімінің негізін антропологиялық білім жүйесі құрайды «біз типтік және тұрақты құрылымның негізінде шығармашылық педагогиканы дамытамыз. Осы жағдайда педагогикалық білімнің жеке бақылау технологиясы арта түседі» дегенді айтады (В.А.Сластенин және т.б.).
Ғылыми-зерттеу еңбектерінде кәсіптік оқыту мұғалімін даярлау мәселесіне, соның ішінде оның кәсіби әрекетіне қажетті креативтілік қабілетке аса назар аударылады (И.Б.Гриншпун, Г.И.Кругликов, В.Д.Симоненко және т.б.).
Біз ғалымдардың пікір көзқарастарына жан-жақты сипаттама бере отырып, креативтілікті шығармашыл тұлғаны қалыптастырудың негізгі қағидалары мен шарттарының бірі ретінде былайша топтастырамыз:
а) оқу-тәрбие үдерісінің міндеттері мен мазмұнын анықтаудағы креативтілік - бұл педагогика дамуындағы сабақтастық пен жаңашылдық диалектикасын бейнелеу, жаңа теория қағидалары арасында білім жүйесін демократияландыру қағидаларын оқыту мее тәрбиелеу әдістерінің және бағдарламаларының креативтілік қағидасының (латынша creatio – жасау, құру), шығармашылық («инновациялық») процесін, шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағдарланған оқыту процесін білу деген түсінік береді;
ә) ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін әзірлеу кезіндегі мұғалім шығармашылығы - мұғалімнің материалды жеткізудегі, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдістерін іздеп, табудағы іскерлігі, оны импровизациялау қабілеті, оқу материалын терең білуі, мұғалімнің педагогикалық тіл мәдениеті мен жеке қасиеттеріне сүйене отырып, әлеуметтік тәжірибені меңгерудегі вариативті бейнені құра білу қабілеті;
б) педагогикалық модельдерде маңызды-креативтік психологиялық негіздерінің әрекет етуі (көркем қызығушылық, шығармашылық қабілеттер және т.б.) - қызығушылық генезисін ұғынудағы креативтілікті анықтауы, соған сәйкес қызығушылықты ойлаудың шығармашылық іс-әрекет өнімі ретінде қарастыруы. Шығармашылық процестің кезеңдері мен салаларына сәйкес қызығушылықтың қалыптасу шарттарын жүйелеуі.
в) тұлға дамуының динамикасында шығармашылық процестің кезеңін есепке алу, шығармашылық заңдылықтардың тұлға өсуінің барлық процесіне ауысуы - көркем объект ретінде өзін көре білу, даму кезеңдерін дұрыс сақтау, дұрыс бейнелей білу икемділігі, жоғары мәдениет белгісі, көрсетілген сатыларды жасанды түрде бейнеге айналдыра білу, оларды ұқсас, белгілі бір жүйе ретінде түсінуге үйрете білу;
г) ғылыми-зерттеу ізденісінің креативтілігі, ғылымның болжам ретінде дамуы - теориялық тұжырымға дейінгі шығармашылық интуициялық белсенді іс-әрекет, шығармашылық логикасын, көркем шығармашылық психологиясын (психологиялық және әлеуметтік құбылыс, шығармашыл тұлға қасиеті мен сапасы ретіндегі шығармашылықтың маңызы; шығармашылықтың жалпы тұжырымдамасындағы көркем шығармашылықтың ерекшелігі және орны; балалардың көркем шығармашылығының ерекшеліктері және оның мектеп өмірінде балалардың тұлғалық дамуына әсері) меңгеру.
Әдетте, шығармашылық мәселесін әлеуетті және өзекті аспектіде қарастыруға болатындықтан, әлеуетті креативтілікті тұлғаның шығармашылық әлеуетіне, ал өзекті креативтілікті шығармашылық белсенділікке бөліп көрсетуге болады. Мәселен, Дж.Гильфорд шығармашылық әлеуетті «табысты ойлауға ықпал ететін қабілеттер мен қасиеттер жиынтығы» ретінде түсіндірсе В.А.Варданян көркем-бейнелеу әрекетіндегі шығармашылық әлеует өз көзқарасын білдіре отырып, тұлғаның шығармашылық әлеуетке түсінігінің аясын едәуір кеңейте түседі, оған мотвиациялық параметрлерді енгізеді. Біз өз зерттеуімізде М.В.Копосованың шығармашылық әлеует, индивидтің шығармашылық тұрғыда өзін-өзі іске көрсете білу мүмкіндіктерінің шамасын анықтайтын қасиет», В.Г.Рыцактың «шығармашылық әлеуеті жаңа жағдайда сәйкес ету тәсілдерін, мүмкіндігінше, ауыстыра білетін тұлғалық қабілеттер жүйесі» деген көзқарасына сүйенеміз. Және шығармашылық тұрғыда өзін-өзі көрсете білуге арналған мотивациялық даярлықты шығармашыл әлеуеттің қылаптасуы мен дамуының бастапқы факторы ретінде жеке бөліп қарастырамыз. Сонымен бірге, «көркем шығармашылық дегеніміз - өнер саласында құндылықтар жасаудағы адамның рухани іс-әрекет формасы, көркем мәдениетінің ажыралмас бөлігі» деп өз анықтамамызды ұсынамыз. Көркем мәдениетті, адамдардың рухани іс-әрекетіне сүйенетін эстетикалық мәдениеті ретінде қабылдаймыз және көркем шығармашылық ерекшеліктерін шығармашылық іс-әрекеттің басқа түрлерімен, атап айтсақ, ғылыми іс-әрекет түрімен салыстыра отырып мазмұндаймыз.
Көркемдік-еңбектің көркемдік-өнермен тығыз байланысын ескере отырып, көркем өнер түрлерінің жіктемесін негізге алып, олардың әрбірінің өзіндік ерекшелігіне, атқаратын функцияларына тоқталамыз және оларда көрініс алған көркемдік еңбек түрлеріне жан-жақты талдау береміз. Өйткені көркем өнер түрлері болашақ мұғалімнің көркемдік-еңбекке кәсіби даярлығының жоғары деңгейде қалыптасуының бірі болып табылады. Болашақ мұғалімнің көркемдік-еңбек саласында меңгерген білім-білігі, тұлғалық шығармашылық қасиеттері мектеп ісіндегі көркемдік-еңбек мәселелерін шешуде, оқушылардың көркемдік шығармашылық қабілеттерін дамытуда септігін тигізеді. Демек, оқушылардың көркемдік шығармашылығы болашақ мұғалімдердің көркемдік-даярлығының нәтижесіне байланысты. Осыған орай біз, болашақ мұғалімдердің өздігінен дербес шығармашылық тұрғыда жетілуінің негізгі факторы болып саналатын – білім беруді ізгілендіру, ізгіліктендіру мәселелеріне аса мән беріп, болашақ мұғалімдердің көркемдік-еңбек даярлығының біртұтас педагогикалық процестегі көрінісіне, көркемдік шығармашылық дамыту бағыттарына тоқталамыз. Бертрен Рассельдің логикалық типтер теориясы бойынша ұсынған «Логикалық деңгейлер» пирамидасын негізге ала отырып болашақ мұғалім тұлғасының шығармашылық қабілетінің қалыптасып, дамуына ықпал ететін қажеттілік-мотвиациялық факторларына аса назар аударамыз.
Осы пирамиданың иерархиялық сатылары құрылған заңдылықтарды жан-жақты зерделейміз. Біздің пікірімізше заңдылықтарды білу оқыту процесінің құрылымы мен динамикасын ұғынудың жаңа мүмкіндіктерін түсінуге, оларға тікелей әсер етуге бағдарлайды, студенттің логикалық деңгейінде кездесетін күрделі мәселелердің шешімін ұсынады, студенттің нені қажетсінетінін анықтауға көмектеседі. Ал бұл болса, тұлғалық-бағдарланған жаңа білім бағдарламаларын жасауда септігін тигізеді (сурет - 1).
Мұғалімдердің кәсіби қасиеттері мен ерекшеліктерінен түсінік беруге байланысты психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге жасаған талдау кәсіптік оқыту мұғалімі мамандығының күрделі де көп функционалды құрылым екендігін, оның тұлғалық қабілеті болашақ ұрпақты оқыту, дамыту және тәрбиелеудегі шығармашылық іс-әрекетті орындауға бағытталатынын айғақтайды.
Педагогикалық білім беру теориясының мазмұны да мұғалімге қойылатын кәсіби талаптары жиынтығының түрлі ұғымдармен берілетінін көрсетеді: а) мұғалім тұлғасының профессиограммасы; ә) кәсіби жарамдылық; б) кәсіби даярлық және т.б. Бұл ұғымдар соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен классификаторлар бойынша жасалған (2000 жылғы классификатор бойынша 0313 – «Кәсіптік оқыту және еңбек» мамандығы болашақ мұғалімдер, ал 2001-2002 оқу жылында 031340 – «Кәсіптік еңбек» (профиль бойынша) мамандығы мен 032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мамандықтары бойынша болашақ технология мұғалімі мамандары даярланған. 2004-2005 оқу жылында оқуға қабылданатын талапкерлер классификаторында 050120 – «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша технология пәні мұғалімі даярланды).
Бүгінгі таңдағы бірқатар зерттеулерде технология пәні мұғалімдерін кәсіби даярлау (П.Р.Атутов, В.А.Поляков, К.А.Дүйсенбаев, М.Ж.Қозыбақов және т.б.); технология мұғалімдерінің кәсіпкерлік қызметін іске асыру (П.Б.Зубачек), оқыту мазмұнын интеграциялау негізінде болашақ технология және кәсіпкерлік мұғалімдерін даярлау (А.И.Тимошенко), болашақ маманды дифференциалды бағыттылықта даярлау (И.Ш.Коган), технология және кәсіпкерлік мұғалімдерін кәсіби даярлау (Г.И.Кругликов, Е.М.Муравьев), әдістемелік негізде даярлау (Д.А.Костыненко), болашақ маманды әр түрлі пән бойынша даярлау (С.Д.Чуркин, Ю.К.Васильев, Г.В.Горбунова, А.В.Наумов және т.б.) қарастырылады.
Соңғы жылдардағы білім саласындағы өзгерістер педагогика ғылымында қордаланған тәжірибені зерттеп-зерделеп, практикада тиімді пайдалануды талап етіп отыр.
Осыны ескере отырып біз болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығын, оның әдіснамалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қарастырамыз, маманның кәсіби білігін айқындайтын негіздері ретінде зерттейміз. Даярлаудың әдіснамалық салаларына бойламас бұрын, қысқаша әдіснама категориясының міндетіне, мазмұнына, бүгінгі заман талабына қарай сипаттама бере отырып ғалымдардың әдіснама ұғымына берген түсініктерін жүйеге келтіреміз. Философтардың зерттеулерінде көрініс алған әдіснамалық білім деңгейлерін (философиялық, жалпығылыми, нақты ғылыми) бағыт-бағдарына қарай негіздейміз.
Бүгінгі шындыққа бағдарланған практика әдіснамалық білім философиялық деңгейінің негізінде ерекше категориялар мен философиялық заңдылықтар қалыптасқанын (қарама-қарсылықтың бірлігі және күресі, терістеуді терістеу, сандық көрсеткіштердің сапалыққа ауысуы), олардың объективті сипатқа негізделгенін көрсетеді. Ғылыми зерттеулерде сонымен бірге, жалпығылыми деңгейде зерттеу пәні ретінде, ғылыми жүйелілік, іс-әрекеттік, тұлғалылық және т.б. бағыттар жиі қолданылады.
Қазіргі педагогикада мынадай бағыт түрлеріне де аса мән беріледі: жеке тұлғалы-бағдарлық, креативтілік, антропологиялық, мәдениеттану, әлеумет-тану, технологиялық, ақпараттық, біртұтастылық. Солардың ішінде, әсіресе біртұтастылық – бүгінгі бағыттың бір түрі, ол жүйені материалдық компоненттер мен құрылымдар жиынтығы ретінде қарастырады.
Біздің пайымдауымызша, жаңа терминдерді пайдалануда және ұғымдарды қалыптастыруда, ең алдымен, оның не үшін қажет екендігін анықтап алған жөн. Педагогикадағы бағыттың мәні мынадай дәлелдемелерді түсінумен анықталады: білім беру жүйесі білім алушының іскерлігін шыңдауды, адамзаттың іс-әрекетін дамытуды қамтамасыздандыруды, әлеуметтік ортаға қажетті сапаны қалыптастыруды көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |