Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы «___»___________
қаулысымен
бекітілген
Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер берешегі есебіне өткізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер берешегі есебіне өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер бойынша берешегі есебіне өткізу тәртібін анықтайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
ағылшын әдісі – бастапқы баға алдын ала жария етілген қадаммен электрондық сауда алаңында сауда-саттық мәні үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған (растаған) қатысушы қалатын сәтке дейін ұлғаятын сауда әдісі;
бағалаушы – мемлекеттік сатып алу жолымен анықталған және Компаниямен мүлікті бағалау жөнінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлға;
бастапқы баға – одан электрондық аукцион басталатын бағалаушы анықтаған мүлік құны;
борышкер – мүлкі мемлекеттік органның шешімі бойынша салық берешегін немесе кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу есебіне билік етуге шектелген жеке немесе заңды тұлға;
голландық әдіс – бастапқы баға жария етілген қадаммен қатысушылардың біреуі электрондық сауда алаңында жария етілген баға бойынша сауда-саттық мәнін сатып алуды растайтын сәтке дейін төмендейтін сауда әдісі;
Компания – «Активтерді оңалту және басқару компаниясы» АҚ;
кепілдікті жарна – борышкердің мүлкін сату жөніндегі электрондық аукционға қатысуға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға енгізген ақша сомасы;
қағаз құжаттың электрондық көшірмесі –түпнұсқа қағаз құжаттың ақпаратын электронды сандық қолтаңбамен куәландырылған электронды-сандық нысанда толығымен еске түсіретін электрондық құжат.
лот – бір заттан тұратын борышкердің мүлкі не біртекті заттар кешені не оларды бөлу оның шаруашылық мақсатының (функцияларының) өзгеруіне әкеп соқтыратын заттар кешені;
лоттың сатып алу құны – электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз лот сатып алуға ниет білдірген сома;
мемлекеттік орган – салық немесе кеден органы;
мүлік – борышкердің билік етуі шектелген мүлкі, оған мемлекеттік органның қаулысына сәйкес салық берешегін немесе кедендік төлемдер бойынша берешекті өтеу есебіне өндіріп алу айналдырылады;
мүлікті өткізу жөніндегі шығыстар – мүлікті бағалау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу сомасы және оны өткізуге байланысты өзге шығыстар;
сатып алушы – сатып алу-сату шартына қол қойған және лоттың сатып алу құнын енгізген электрондық аукцион жеңімпазы;
сәйкестендіру коды (Сәйкестендіргіш) – электрондық сауда алаңы электрондық аукционның әлеуетті қатысушыларына оларды сәйкестендіру үшін беретін электронды сандық нышандар жиынтығы;
электрондық аукцион – алдын ала анықталған уақытта ЭСА пайдалана отырып жүзеге асырылатын билік етуі шектелген мүлікті сату жөніндегі жария конкурстық сауда-саттықтар;
Электрондық аукцион әкімшісі – мемлекеттік сатып алу жолымен анықталған және Компаниямен электрондық аукциондарды техникалық сүйемелдеу жөнінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
электрондық аукцион жеңімпазы – лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған не осы Ереженің 36 немесе 43-тармақтарында көзделген жағдайларда өз ұсынысын бірінші болып растаған және электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қойған электрондық аукцион қатысушысы;
электрондық аукцион қатысушысы – электрондық аукционға қатысуға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға;
электрондық құжат – ақпарат электронды-сандық нысанда берілген және электронды сандық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
ЭСА – ақпараттық жүйе, дерекқорлардың, техникалық, бағдарламалық, телекоммуникациялық және қатысушыларға электрондық аукционға бірыңғай қатынау нүктесін беретін, электрондық аукцион өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін басқа да құралдар жиынтығы;
электрондық сауда алаңының техникалық істен шығуы – тіпті болмағанда бір қатысушының электрондық аукцион рәсіміне қатысуының техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын және/немесе Электрондық аукцион әкімшісінің қызметкерлеріне электрондық аукцион өткізуге қызмет көрсетуді орындаудың техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын электрондық сауда алаңының жұмысқа қабілеттілігінің бұзылуы;
ЭСҚ – электронды сандық қолтаңба, электронды сандық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиістілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электронды сандық нышандар жиыны.
2. Мүлікті өткізуге беру
3. Мемлекеттік органның борышкердің билік етуі шектелген мүлкіне өндіріп алуды айналдыру туралы қаулысы, мемлекеттік органның мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімі және мүлік тізімдемесінің актісі мүлікті өткізуге шығару үшін негіз болып табылады.
4. Мемлекеттік орган билік етуі шектелген мүлікке өндіріп алуды айналдыру туралы қаулы шыққан күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде қабылдап алу-беру актісі бойынша Компанияға осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды береді.
5. Мүлікті бағалау құжаттарды қабылдап алу-беру актісіне қол қойылған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
6. Мүлікті бағалау туралы есептің көшірмесін Компания мемлекеттік органға және борышкерге оны алған күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде жібереді.
7. Егер бағалау нәтижелері бойынша мүліктің құны мүлікті өткізу жөніндегі ұйғарылатын шығыстардан төмен болған жағдайда, Компания мүлікті одан әрі өткізуді жүргізбейді. Бұл жағдайда Компания 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік органға қабылдап алу-беру актісі бойынша осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды береді.
3. Мүлікті өткізуге даярлау
8. Компания алдағы электрондық аукцион туралы хабарландыруды оны өткізу күніне дейін кемінде 10 (он) күнтізбелік күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде Компанияның интернет-ресурсында орналастырады.
11. Электрондық аукцион өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) лоттың (мүліктің) атауы, оның сипаттамалары (қысқаша сипаттамасы);
2) лоттың бастапқы бағасы;
3) электрондық аукционды өткізу күні мен уақыты;
4) лоттың (мүліктің) орналасқан жері;
5) электрондық аукцион өткізу әдісі туралы;
6) электрондық аукционда қатысу үшін кепілдікті жарнаның мөлшері және кепілдікті жарнаны аудару үшін Компанияның банк деректемелері;
7) электрондық аукционға қатысуға өтінімдер қабылдау уақыты мен мерзімі туралы;
8) қосымша ақпарат алуға болатын анықтамаларға арналған телефондар мен мекенжайлар;
9) ЭСА интернет-ресурсы.
10. Компания электрондық аукционға шығарылған борышкердің мүлкі туралы ақпаратқа және ЭСА қызметін регламенттейтін ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
11. Компания электрондық аукционға қатысушылардың өтінімдерін қабылдау мен тіркеуді жүзеге асырады. Өтінімдерді қабылдау және тіркеу алдағы электрондық аукцион туралы хабарландыру орналастырылған күннен басталады және ол басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағат бұрын аяқталады. Электрондық аукцион өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген қабылдау мерзімі өткеннен кейін түскен өтінімдер қаралмайды.
12. Электрондық аукцион барысында электрондық аукционға қатысуға кедергі келтіретін ЭСА техникалық істен шығу туындаған кезде қатысушы дереу электрондық хабарлама арқылы, телефонмен немесе өзге қол жетімді тәсілдермен бұл туралы Компанияны хабардар етуі тиіс.
13. Компания ЭСА техникалық істен шығуының болу фактісін тіркейді және барлық қатысушыларды ЭСА-да ақпарат орналастыру арқылы хабардар етеді.
14. Электрондық аукцион өткізуге немесе электрондық аукцион өткізу рәсіміне кедергі келтіретін ЭСА техникалық істен шығу фактісі болған жағдайда, Компания қатысушыларды осы электрондық аукционның жалғасатын күні мен уақыты туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, техникалық істен шығуды түзеткен күннен кейін келесі 3 (үш) жұмыс күнінің біріне электрондық аукционды ауыстырады.
4. Электрондық аукционға қатысушы шарттары және қатысушыларды тіркеу
15. Лот бойынша электрондық аукцион қатысушысы ретінде тіркелу үшін Сәйкестендіргіш (ол болмаған кезде) алу қажет, кепілдікті жарна енгізу, сондай-ақ Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген мекенжай бойынша электрондық құжат нысанында мынадай қағаз құжаттардың электрондық көшірмелерін қоса бере отырып, осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес электрондық аукционға қатысуға өтінім жіберу қажет:
1) жеке тұлғалар үшін:
төлқұжаттың/жеке куәліктің электрондық көшірмесі;
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі куәлігінің электрондық көшірмесі не сәйкестендіру нөмірінің көшірмесі;
электрондық аукцион қатысушысының кепілдікті жарна сомасын аударуын растайтын банктің белгісі бар төлем құжатының электрондық көшірмесі;
2) заңды тұлғалар үшін:
Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің электрондық көшірмесі;
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі куәлігінің электрондық көшірмесі не сәйкестендіру нөмірінің көшірмесі;
электрондық аукцион қатысушының кепілдікті жарна сомасын аударғанын растайтын банктің белгісі бар төлем құжатының электрондық көшірмесі.
16. Электрондық аукционға қатысу үшін кепілдікті жарна лоттың бастапқы бағасының 5 (бес) пайызы мөлшерінде белгіленеді және Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген Компанияның банк деректемелеріне енгізіледі.
17. Кепілдікті жарнаны қатысушы не оның атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға енгізуі мүмкін.
Электрондық аукцион жеңімпазының кепілдікті жарнасы лоттың сатып алу құнының есебіне аударылады.
18. Электрондық аукцион қатысушыларының:
1) борышкердің мүлкі жөніндегі бар қосымша мәліметтерді алуға тегін қатынауға;
2) өткізілетін мүлікті алдын ала қарауға;
3) электрондық аукцион басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағаттан кешіктірмей осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өзінің өтінімін қайтарып алуға құқығы бар.
19. Сәйкестендіргіш және ЭСА арқылы ЭСА-да орындалған барлық іс-әрекеттер электрондық аукционға қатысушының атынан жүргізілген деп есептеледі.
20. Компания түскен электрондық аукционға қатысуға арналған өтінімдерді қарастырады және өтінімді аукцион қатысушыларының тізіліміне енгізу не енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Электрондық аукцион қатысушыларының тізіліміне өтінімді енгізу туралы шешім қатысушыға жіберіледі және қатысушының электрондық аукционға жіберілу құқығын береді.
21. Өтінімді берудің белгіленген нысанын және мерзімін бұзу, сондай-ақ осы Ережеде белгіленген құжаттар мен ақпаратты бермеу өтінімді қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылады.
22. Өтінімді қабылдаудан бас тартқан жағдайда Компания өтінімді қабылдаған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық хабарлама жіберу және электрондық аукцион қатысушыларының тізілімінде тиісті ақпаратты көрсету жолымен қабылданған шешім туралы қатысушыны хабардар етеді. Қатысушы ескертулерді жойғаннан кейін өтінімді және құжаттарды қайта бере алады.
23. Электрондық аукцион тізілімі электрондық форматта жүргізіледі және мынадай ақпаратты қамтиды:
қатысушылардың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) не атауын көрсете отырып, қабылданған өтінімдер тізімі;
қатысушылардың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) не атауын көрсете отырып, кері қайтарып алынған өтінімдердің тізімі;
бас тарту негіздерін көрсете отырып, электрондық аукционға қатысуға жіберуден бас тартылған қатысушылардың тегінің, атының, әкесінің атының (болған кезде) тізімі.
Бұдан басқа электрондық аукцион қатысушыларының тізілімінде мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс: қатысушы электрондық аукционда қатысатын нөмір, өтінім берілген лоттың атауы мен нөмірі, өтінімдерді қабылдау күні мен уақыты.
24. Компания өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттардың сақталуын, сондай-ақ олардың құпиялығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
5. Электрондық аукцион
25. Электрондық аукциондарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу жеңімпазы туралы, сондай-ақ электрондық аукционға қатысу шарттары туралы ақпарат Компанияның KRUA.KZ веб-сайтында орналастырылады.
26. ЭСА-да электрондық аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке күндерін қоспағанда, бес күндік жұмыс аптасы кезеңінде өтеді. Электрондық аукцион Астана қаласы уақытымен сағат 9:00-де басталады және сағат 17:00-де аяқталады.
27. Егер электрондық аукцион басталған сәтке дейін лот бойынша электрондық аукционның кемінде екі қатысушысы тіркелсе және болса, онда электрондық аукцион өтпеді деп танылады, ол туралы Электрондық аукцион әкімшісі хаттама ресімдейді.
28. Аукционды өткізу күні қатысушылар сәйкестендіру құралын пайдалана отырып, ЭСА-ға кіруі тиіс, электрондық аукцион жарияланған уақытта басталады.
29. Электрондық аукцион ағылшын немесе голландық әдіспен өткізіледі.
30. Бірінші электрондық аукцион ағылшын әдісі бойынша өткізіледі.
31. ЭСА-да лоттың бастапқы бағасы орналастырылады.
32. Бағаны ұлғайту немесе төмендету жағына қарай өзгерту қадамы бастапқы бағаның 5 (бес) пайызы мөлшерінде белгіленеді.
5.1 Электрондық аукционды өткізудің ағылшын әдісі
33. Егер электрондық аукцион басталғаннан 20 (жиырма) минут ішінде ЭСА бетінде кемінде екі қатысушы бастапқы баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың бастапқы бағасы белгіленген қадаммен ұлғаяды.
34. Егер белгіленген қадамға баға ұлғайтылғаннан кейін 20 (жиырма) минуттың ішінде кемінде екі қатысушы расталған сәтке белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың бастапқы бағасы жарияланған бағаны бір қатысушы ғана растамағанша, белгіленген қадаммен ұлғаюын жалғастырады.
35. Егер белгіленген қадамға баға ұлғайтылғаннан кейін 20 (жиырма) минуттың ішінде бір қатысушы ғана расталған сәтке белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда ол жеңімпаз деп танылады, ал электрондық аукцион өтті деп танылады.
36. Егер баға кезекті ұлғайғаннан кейін 20 (жиырма) минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі лотты сатып алуға өзінің ниетін білдірмесе, алдыңғы жарияланған баға бойынша өзінің ұсынысын бірінші растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады.
37. Ағылшын әдісі бойынша лот жөніндегі электрондық аукцион қатысушылардың біреуі ең жоғары баға ұсынғанға дейін жүреді.
38. Егер ағылшын әдісін пайдалана отырып, лот бойынша электрондық аукцион өтпеді деп танылған жағдайда, голландтық әдіс бойынша қайталама электрондық аукцион жарияланады.
5.2 Электрондық аукционды өткізудің голландтық әдісі
39. Компания бірінші электрондық аукцион өткізілген күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей қайталама электрондық аукционды өткізу күнін анықтайды және осы Ереженің 8 және 9-тармақтарына сәйкес ЭСА-да алдағы аукцион туралы хабарландыруды орналастырады. Бұл ретте қатысушылар осы Ереженің 15-тармағында көзделген іс-әрекеттерді жасайды.
40. Голландтық әдіспен қайталама электрондық аукционды өткізу кезінде лоттың ең төменгі бағасы бастапқы бағаның 50 (елу) пайызынан төмен емес мөлшерде белгіленеді.
41. Егер аукцион басталғаннан 20 (жиырма) минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі электрондық аукционда лот сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда лоттың бастапқы бағасы осы Ереженің 32-тармағында белгіленген қадамға азайтылады.
42. Егер баға азайтылғаннан кейін 20 (жиырма) минуттың ішінде екі немесе одан көп қатысушы растау сәтіне белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың соңғы жарияланған бағасы белгіленген қадаммен ұлғая бастайды және аукцион ағылшын әдісімен жалғасады.
43. Осы Ереженің 42-тармағында көрсетілген жағдай басталған кезде, егер баға ұлғайтылғаннан кейін 20 (жиырма) минуттің ішінде қатысушылардың бірде біреуі лот сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда алдыңғы жарияланған баға бойынша өзінің ұсынысын бірінші растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады.
44. Егер 20 (жиырма) минуттың ішінде бір қатысушы ғана растау сәтіне белгіленген баға бойынша лот сатып алуға ниетін растаса, онда ол жеңімпаз деп танылады, ал электрондық аукцион өтті деп танылады.
45. Егер электрондық аукционды голландтық әдіспен өткізген кезде лот үшін баға белгіленген төмен шегіне жеткен және қатысушылардың біреуі де лот сатып алуға өзінің ниетін растамаған жағдайда, электрондық аукцион өтпеді деп танылады, мүлік өткізілмеді деп танылады.
46. Әрбір лот бойынша электрондық аукцион нәтижелері осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді, оған аукцион аяқталғаннан кейін 20 (жиырма) минуттың ішінде электрондық аукцион жеңімпазы және Компания қол қояды. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама жеңімпаз, Компания және мемлекеттік орган үшін бір-бір данадан 3 (үш) данада жасалады.
47. Компания электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік органға жібереді.
48. Электрондық аукцион жеңімпазы электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген Компанияның банктік шотына лоттың сатып алу құнын енгізеді.
49. Егер электрондық аукцион жеңімпазы осы Ереженің 48-тармағында көрсетілген мерзімде электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоймаған не осы Ереженің 48-тармағында көрсетілген мерзімде лоттың сатып алу құнын енгізбеген жағдайда Компания өтпеген электрондық аукцион туралы акт жасайды және лот бұрын өткізілген әдіс бойынша қайталама электрондық аукционға шығарылады.
50. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама сатып алу-сату шартын жасасу үшін негіз болып табылады.
6. Электрондық аукцион қорытындылары бойынша шарт жасасу
51. Мүлікті сатып алу-сату шартына сатып алушы мен борышкер қол қояды. Мүлікті сатып алу-сату шартына қол қою қажеттілігі туралы хабарламаны электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік орган борышкерге жібереді.
52. Мүлікті сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан не борышкер хабарлама жіберілген күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күннің ішінде келмеген жағдайда сатушының атынан мүлікті сатып алу-сату шартына мемлекеттік органның өкілі қол қояды.
53. Сатып алу-сату шартын жасасқаннан және мүлікті өткізуден алынатын ақша қаражаты бюджетке түскеннен кейін мемлекеттік орган өткізілген мүліктен бұрын салынған шектеуді алып тастайды.
Мүлікті сатып алуға байланысты шығыстар сатып алушыға салынады.
54. Электрондық аукционнан өткізілмеген мүлік бойынша құжаттарды қабылдап алу-беру актісі бойынша 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде Компания мемлекеттік органға береді.
55. Мүлікті электрондық аукционнан алып тастау мемлекеттік органның борышкердің мүлкін билік етуін шектеу туралы шешімін жою туралы хатының негізінде ол өткізілгенге дейін жүргізіледі. Бұл жағдайда мүлікті өткізу бойынша Компания жүргізген барлық шығыстар борышкердің есебінен өтеледі.
7. Кепілдікті жарнаны қайтару тәртібі
56. Электрондық аукцион жеңімпазы деп танылмаған не осы Ереженің 18-тармағының 3) тармақшасына сәйкес электрондық аукционға қатысу туралы өтінімін кері қайтарып алған қатысушының кепілдікті жарнасын аукцион аяқталғаннан кейін 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде Компания қайтарып береді.
57. Кепілдікті жарна:
1) егер осы Ережеде белгіленген мерзім ішінде электрондық аукцион жеңімпазы лоттың сатып алу құнын енгізбесе;
2) осы Ереженің 49-тармағында көзделген жағдайларда;
3) егер электрондық аукцион қатысушысы электрондық аукцион басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағат бұрын өтінімді қайтарып алмаса қайтарылмайды.
Көрсетілген жағдайларда кепілдікті жарна осы Ереженің 58-тармағында көзделген тәртіппен бөлуге жатады.
8. Мүлікті өткізуден түсетін соманы бөлу
58. Борышкердің мүлкін өткізуден алынған сомадан мүлікті өткізу жөніндегі шығыстар және осы Ережеге 4-қосымшада көрсетілген ставкалардың регресті шәкіліне сәйкес Компанияның сыйақысы өтеледі.
Бұдан кейін Компания 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік орган берген деректемелер бойынша борышкердің берешекті өтеу есебіне бюджетке ақша қаражатын аударады.
Барлық талаптарды қанағаттандырғаннан кейін қалған сома борышкерге қайтарылады.
59. Осы Ереженің 58-тармағының шарттарын бұзған кезде Компания Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабында көзделген жауаптылықта болады.
8. Қорытынды ережелер
60. Табиғи монополия объектілері немесе тауар нарығында басым (монополиялық) жағдайға ие не азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер етуге қабілетті республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық мін бар нарық объектілері болып табылатын мүлікті өткізген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтардың және мемлекеттің мүдделерін қорғау мақсатында өткізудің ерекше шарттарын, тәртібін және мүлікті сатып алушыларға қосымша талаптар белгілей алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) стратегиялық объектілерге немесе Республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдарға жатқызылған ұлттық компаниялардың мүлікті сатып алуы туралы шешім қабылдай алады.
61. Биржалық тауарлар тізбесіне енетін мүлік «Тауар биржалары туралы» 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізіледі.
61. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешуге жатады.
_______________________________
Достарыңызбен бөлісу: |