Айқын. – 2011. №33. – 22 ақпан Сүлеймен Ғ. Алатау баурайындағы алапат айқас



Дата15.06.2016
өлшемі46.66 Kb.
#136595
Айқын. – 2011. - №33. – 22 ақпан

Сүлеймен Ғ.
Алатау баурайындағы алапат айқас

Жексенбі күні бокстан ел чемпионаты аяқталды. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында жалауы желбіреген бұл бәсеке Қазақстан Республикасының ІІІ жазғы спартакиадасы аясында өтті. Сол себепті қатысушы командалар әр салмақ дәрежесі бойынша бір-бір ғана спортшыны жарыс жолына шығару мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, 14 облыс және Астана мен Алматы қалалары атынан сынға түскен 160 үміткер бір апта бойы жұдырықтасып, өзара бәсеке арқылы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Бірден айта кетейік, биылғы ел чемпионаты тосын оқиғаларға толы болды. Халықаралық аренада мол тәжірибе жиған бірқатар былғары қолғап шеберлеріміз алғашқы айналымдарда-ақ сүрініп, жүлдегерлер қатарына қосылған жоқ. Солардың бірі - Еркебұлан Шынәлиев. Бұған дейін 81 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі 2006 жылдан бері көпшілік назарында жүрген еді. Әуелде ол жастар арасындағы әлем біріншілігінде күміс медальді иеленді. 2007 жылы ересектер дуына қосылып, АҚШ-тың Чикаго қаласындағы әлем чемпионатында қолаға қол жеткізді. Ал 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында атой салды. Сол кезде 21 жастағы жас өрен талай мықтыны жолынан ығыстырып, үшінші тұғырға табан тіреген болатын. Олимпиададан кейін біраз уақыт демалыс алған Шынәлиев былтыр үлкен спортқа қайта оралды. Бұл жолы ол 91 келі салмақта күш сынасуға бел буды. Алайда екі жылға созылған үзіліс бекер кеткен жоқ. Бастапқы бәсекеде-ақ Еркебұлан маңғыстаулық Әділбек Балқожадан ұтылды.



Сондай-ақ Әділет Қапезов (49 келі), Мұхит Амантаев (56 келі), Әділет Егізеков (64 келі), Әділбек Ниязымбетов (75 келі), Хамзат Гелисханов (91 келі) және Виталий Бондаренко (+91 келі) сынды белді боксшылар бастапқы бәсекелерде жеңіліс тапса, былтырғы жылғы ел чемпиондары Ілияс Сүлейменов (49 келі) пен Мирас Жақыпов (52 келі) дәл сондай жағдайға тап болды.
Жоғарыда есімдері аталған мықтылардан айласын асыра білген бірқатар жас спортшылар биылғы чемпионатқа нағыз бабында келгендерін байқатты. 49 келі салмақта бас жүлдені иеленген тараздық Азамат Исақұлов пен 81 келі салмақта қарсылас шыдатпаған қызылжарлық Арман Рысбекке біздер ерекше риза болдық. Бұрын-соңды бұл жігіттердің халықаралық турнирлер тұрмақ, елішілік жарыстардың өзінде жеңіс тұғырына көтерілген кездерін көрген жоқ едік. Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында олар асқан шеберлік танытып, бас жүлдеге қол жеткізді. Азамат жартылай финалда Мардан Беркібаевтан басым түссе, финалда әлем чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері Біржан Жақыповтан айласын асырды. Ал Арман Азамат Белгібаев пен Алмат Серімов сынды танымал боксшыларды жолдарынан ығыстырды. Сөйтіп, есімдері көпшілікке беймәлім айтулы қос былғары қолғап шебері Алатау баурайында өткен жарыста жасындай жарқырады.
52 келі салмақтағы маңғыстаулық Әли Байбозовтың да топ жаруын жақсылыққа жорыған жөн. Иә, былтыр бұл спортшының ел чемпионатында жүлде алғаны рас. Алайда Әлидің өзге бәсекелерде оза шапқан кездері сирек. Тіптен Алматыдағы жарыс қарсаңында Байбозовтан көпшілік пәлендей нәтиже күткен жоқ еді. Ал ол шешуші тұста Қанат Тұрғанбаев пен Нұрсұлтан Көшеғұловқа тізе бүктіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады.
56 келі және 60 келі салмақ дәрежелері бойынша 2010 жылы Астанада ел чемпионы атанған Данияр Төлегенов пен Айдар Әмірзақов 2011 жылы Алматыда ақтық айқасқа жолдама алумен шектелді. Жартылай финалда Данияр жастар арасындағы Азия чемпионы Нұрбол Қалжановты қапыда қалдырса, Айдар тәжірибелі Елдос Сайдалинге сан соқтырды. Финалда Төлегеновтың жолын ақтөбелік Мәди Шолақов бөгеді. Әмірзақов өте шиеленісті жекпе-жек барысында тараздық Ғани Жайлауовқа жеңілді. Бір айта кетерлігі, Нұрлан Ақүрпековтей білікті бапкерден тәлім алған Жайлауовтың өнері бұл жарыста өте жақсы әсер қалдырды. Ақтық айқас алдында ол әккі боксшы Самат Башеновтен басым түсті.
Мамандардың пайымдауынша 64 келі салмақта Данияр Елеусінов (С.Сейфуллина атындағы Казақ агротехникалық университетінің 2 курс студенті) топ жаруға тиіс еді. Иә, қырағы бапкерлер қателеспеген екен. Былтыр Азия ойындарында жеңімпаз атанған жас өрен қатарынан екінші рет Қазақстан чемпионатында дара шықты. Бірақ бұл жеңістің оған оңайлықпен келмегенін айта кету абзал. Елордалық боксшы алғашқы айналымда қарағандылық Думан Сүлейменовті әзер ұтса, жартылай финалда ақмолалық Нұрдәулет Жармановпен жұдырықтасты. Ақтық сында шымкенттік Алмасбек Әлібековпен айқасты. Соңғы қос кездесуде Данияр Елеусінов қарсыластарына қарағанда бір ғана соққы артық жұмсады. Алайда соның өзі жарыс жеңімпазы атануы үшін жеткілікті еді. Ал оның туған ағасы Дәурен Елеусіновке алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. 75 келі салмақта бақ сынаған ол шешуші бәсекеде Азия ойындарының қола жүлдегері Данабек Сужановпен кездесті. Бұл тартыс Шығыс Қазақстан облысынан келген шымыр жігіттің пайдасына шешілді. Данабек үшін бұл Қазақстан чемпионатының үшінші алтыны.

69 келі салмақта Рустам Сыбаев жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Кей кездері алғашқы раундта қарсыластарын алға жіберіп алған Сыр бойының саңлағы шешуші тұста таразы басын теңселте білді. Ақтық бәсекеде Рустам астаналық Бақытжан Қожабековтің осал тұсын оңай тапты. Негізі бұл салмақтың тізгіні Серік Сәпиевтің қолында екенін жанкүйер қауым жақсы білді. Алайда ол Алматыдағы жарысқа қатысқан жоқ. Ұлттық құрама бапкерлері әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазына демалыс беруді жөн көрді. Сол себепті Рустамға босаңсуға болмайды. Бұл салмақтың теңдессізі кім екені алдағы уақытта Сәпиев пен Сыбаев арасындағы жекпе-жек барысында анықталатын болады. 91 келі салмақта астаналық Василий Левит пен талдықорғандық Данияр Үстембаевтың шабысы ширақ болды. Екеуі де қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырды. Левит жартылай финалда Александр Гулевскийді бас көтертпей соққының астына алса, Үстембаев Михаил Никифровты есінен тандырды. Оның алдында қандасымыз «Астана арландары» сапында шеберлік байқасып жүрген Марат Молдагереевті сабаған болатын. Сол себепті Данияр Үстембаев Василий Левитті де тұғырдан тайдырады деп ойладық. Ал ол финалда өте сылбыр қимылдап, жеңісті қарсыласына беріп қойды.


Аса ауыр салмақта биыл мықты бәсекелестік белең алды. Бас жүлдеден үміткерлер қатарында әр жылдары ел чемпионы атағына қол жеткізген алматылық Рустам Іргебаев пен Иван Дычко, талай мәрте жүлдеге қол созған шымкенттік Досжан Оспанов, қарағандылық Виталий Бондаренко, астаналық Ермек Үсенов және 91 келі салмақтан ауысып келген былтырғы жылғы ел чемпионы, тараздық Жан Кособуцкий сынды жуан жұдырықты жігіттер болды. Солардың жан алысып, жан беріскен айқастарының нәтижесі бойынша төрт мықты жартылай финалға жолдама алды. Бұл сынақтан Дычко мен Оспанов сүрінбей өтті. Иван Рустам Іргебаевты ұтса, Досжан Жан Кособуцкийді ырқына оңай көндірді. Финалдық жекпе-жекте Иван Дычконың мерейі үстем болды. Қандасымыз қанша талпынғанымен, бойшаң қарсыласына жойқын соққыларын дарыта алмады.
Сонымен, Алатау баурайында өткен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Балуан Шолақ атындағы стадионға жиналған көрермендер бір апта бойы сол бәсекелерді айыздары қанғанша тамашалады. Қай боксшының тегеуріні күшті немесе қай спортшының қарқыны бәсең екеніне бапкерлер де, басқалары да анық көз жеткізді. Енді ел чемпиондары мен жүлдегерлерінің алдында үлкен міндет тұр. Жуан жұдырықты жігіттеріміз алдағы уақытта өтетін әлем чемпионаты мен аса ірі халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыройлы қорғап, Қазақстан боксының даңқын асқақтатуға тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет