Сарысу ауданының әкімі Қ. Мәдібектің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013 жылғы қаңтар-шілде айларындағы қорытындылары туралы аудандық Мәслихат депутаттары алдындағы есебі



Дата23.02.2016
өлшемі175.44 Kb.
#11433
Сарысу ауданының әкімі Қ.Мәдібектің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013 жылғы қаңтар-шілде айларындағы қорытындылары туралы аудандық Мәслихат депутаттары алдындағы есебі
Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар!
Елбасының Жарлығына сәйкес бұған дейін қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша есеп бергелі тұрмыз.
Ауданда атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар осында отырған аудан активінің белсенді қатысуымен жүргізілуде.
Олардың бірқатарына бүгін тоқталатын боламыз.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы негізінен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында айқындалған басымдықтар мен оларды жүзеге асыру жөніндегі Үкімет, облыс әкімдігі тапсырмаларына, мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларға сай іске асырылып келеді.
Есепті мерзімде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің негізгі салаларында оңды өзгерістерге қол жетті.
Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен 1 млрд. 714 млн. теңгеге өнім өндірілді.
Қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1,9 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға артық.
Экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабiлеттiкті арттыру арқылы орнықты және теңгерiмдi өсудi қамтамасыз ету мақсатында құрылған үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы оң өзгерістер қалыптастыруда.
Бұл жерде біз аса ауқымды жоба ретінде аймаққа «ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясының келуін айта аламыз.
Жобаның жалпы іске асырылу құны 1 млрд.тан 2,5 млрд. долларға дейінгі аралықта болады.
Жұмысқа мамандар қабылдана бастады. Биылғы жылдың аяғына дейін 300 адамды жұмысқа алу жоспарланып отыр.
Алдымен жергілікті мамандарды тарту үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасы арқылы орналастыру жөнінде компания басшылығымен келісілді. Өндірістің алғашқы тау-кен жару жұмыстары қазан-қараша айларына қойылған.
Қазір қажетті жерлердің 554,0 гектары берілді. Өндіріс алаңдары мен техникалық жолдарды салатын мердігерлер белгіленді. (тәуелсіз сарапшылар).
Олардың бірі «Жаңатас монтаж сервис» компаниясы ауданда тіркеліп, жұмысын бастады.
«ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясымен бірге аймаққа табиғи газдың келуі жоспарланды. Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың тапсырмасымен 49,0 млн. теңге бөлініп, жобаның техникалық экономикалық негіздемесі дайындалды. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін ұсыныстар әзірленуде.
Келесі Қазақ-Түрік бірлескен кәсіпорны «Central Asia Green Power» және «ВЭС Жанатас» компаниясы «Жел электр станциясы жобасын жүргізуде.
Бүгінде компанияның сұранысы бойынша қуаттылығы 100 МВт болатын 40 трубина қою үшін 233,0 гектар жер берілді. Құрылыстың техникалық экономикалық негіздемелері мемлекеттік сараптамаға өткізілді.
Жақын күндері жылына 5 млн. дана кірпіш шығаратын жобаға қатысты ұсыныс түсті. Біз бұл жобаны Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына қатыстыруға облыс әкімінің орынбасарына ұсыныс бердік. Зауыт іске қосылғанда 40 адамды жұмыспен қамтитын болады. Жалпы құны 76,0 млн. теңге.
Бұған дейін айтылып жүрген «Қазақсода» компаниясының жобасы қазір тоқтап тұр. Жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жоспарланған болатын. 49 жылға ұзақ мерзімді пайдалану құқығымен 1437,0 гектар жер учаскесі 2012 жылғы қаңтар айында берілген.
Осы жер көлеміндегі ауыл шаруашылығына келтірілетін залалдар үшін төленетін 23,0 млн. теңге бүгінгі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сондықтан, тиісті шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар дайындалуда.
Сонымен қатар, ауданда «Қазфосфат» компаниясы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің суспензиялық байыту және ұсақтау-ұнтақтау фабрикасын іске асыру қолға алынуда.
Осындай ірі жобалардың пайда болуы аймақтағы шағын кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Сондықтан, азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмысшыларға арнайы киім, көлік және медициналық қызметтер көрсету және т.б. кәсіптің түрлеріне қолдау көрсетуіміз керек.
Биылғы жылдың қаңтар-шілдесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнімнің көлемі 6,0 пайызға (1,6 млрд. теңге), шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 17,0 пайызға (1531 бірлік), онда жұмыс істейтіндер саны 7,0 пайызға (4298 адам) жетті. Олардан түскен салықтың көлемі 27,7 млн. теңгеден 29,4 млн. теңгеге артты.
Бұл біз үшін аса үлкен көрсеткіш емес. Яғни, шағын кәсіпкерлеріміздің басым көпшілігі сатып алып, сатумен ғана айналысуда. Ал, өнімдерді қайта өңдейтін шағын цехтар ұйымдастыру, күнделікті халық тұтынатын қарапайым тұрмыстық заттар шығару, өнімдерді сақтайтын мұздатқыш, тоңазытқыш қоймалар салу қолға алынбай келеді.
Қазір қалада жақсы бір монша және қонақ үй жоқ. Жастардың бос уақытында барып демалатын орындары да аз.
Жыл басынан бері осы мәселелер бірнеше рет көтеріліп, екінші деңгейлі банктердің облыстың филиалдары өкілдерінің қатысумен семинарлар өткізілді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы берілетін жеңілдіктердің барлық талаптары түсіндірілді.
Дей тұрғанмен, несие алуға келгенде кедергілер көп. Бір кәсіпкер төменгі мөлшерде банктен несие алу үшін 15 түрлі құжат жинайды екен. Және ол жобалар банкте 30 күннен астам уақыт қаралуы мүмкін.
Бізде 3 ай өтсе де банкте оң шешімін таппай жатқан жобалар бар.
Кейбір жекелеген жобалар бойынша банктердің басшыларына бірнеше рет тікелей жолықтық. Облыс әкімінің осы саланы басқаратын орынбасары арқылы да шықтық.
Нәтижесінде облыстағы 14 екінші деңгейлі банк филиалдарының ішінен «Халық банкі» мен «Банк Центр Кредит» ғана біздің ауданмен жұмыс істей бастады.
Несие алуға ниет білдіріп отырған 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 шаруа қожалығы, 16 кәсіпкер құжаттарын рәсімдеп отыр.
Олардағы жобалардың жалпы сомасы 145,0 млн. теңге.
Бұлардың ішінен «Рагай» ЖШС-гі ғана 3,0 млн. теңге несие алып, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерге қол жеткізді.
(Әр ауылдан 2 жобадан дайындау). Бұл істе табандылық керек.
«Жұмыспен қамту орталығы» арқылы осы уақыт ішінде 3,0 млн. теңгеге дейінгі шағын несиелер 45 адамға берілді. Олардың жалпы сомасы 90,0 млн. теңгені құрады. Несие алған азаматтарға инфрақұрылым жеткізу бағдарламасы бойынша 3 шаруаға 3 кВт-тың шағын жел электр қондырғылары қойылуда.
Бұдан бөлек аудандағы шағын несие ұйымдары арқылы 167,0 млн. теңгенің несиелері берілген.
Жаңа өндірісті дамытуға гранттар беруге 6,5 млн. теңге қаралған. Бұл қаржы да бүгінгі күнге дейін қозғалыссыз жатыр.
Құрметті депутаттар!
Өздеріңізге белгілі, аудан орталығы моноқалалар тізіміне кіргелі бері көптеген ауқымды шаралар атқарыла бастады.
1,9 млрд. теңгеге қаладағы ішкі су жүйлерін жаңарту қолға алынды. 1,7 млрд. теңгеге канализация жүйесін ауыстыру басталды.
1,6 млрд. теңгеге шайынды суларды тазарту имаратын салу жоспарлануда.
Қарап отырсақ, осы 3 жобаның өзіне 5,2 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалайын деп отыр. Ал, бұл шамамен былтырғы пайдалануға берілген 310,0 млн. теңгенің балабақшасы тәрізді 16 нысанның құны.
Бір сөзбен айтқанда республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаржының қаншалықты қомақты екендігін осыдан-ақ көруге болады.
Қаланы абаттандыру үшін осы бағдарлама аясында былтырғы жылы 83,0 млн. теңге игерілсе, биыл 411,0 млн. теңге бөлініп отыр.
Оған орталық алаңдағы «Еңбек ерлері» аллеясы (46,0 млн. теңге), орталық саябақ (26,0 млн. теңге) жөнделе бастады.
Қаладағы апатты жағдайдағы 104 көп қабатты үйден 62 үйдің орны тазартыла бастады (338,0 млн. теңге). Бүгінгі таңға 15 үйдің орны тазартылып бітті.
Тазартылу барысында проблемалар аз болып жатқан жоқ. Шығарылған үйлердің орнына топырақ төгуде заң бұзушылықтар орын алып, прокуратура тарапынан қалпына келтірілді.
Тасымалдау кезінде көшелерде бетон сынықтары шашылып, арнайы белгіленген орынға жеткізбей төгу фактілері кездесті. Бұзуды бастап, жұмыстың ортасына келгенде тоқтап қалып жатқандары да бар.
Бетон қалдықтарының бәрі қаладан 3,5 шақырым жерде белгіленген орында жиналып жатыр.
Осы қалдықтарды қайта өңдеу үшін шағын цех қоюға жергілікті кәсіпкер бизнес-жоба дайындауда. Жоба іске асырылған жағдайда ол қалдықтар да қалмайтын болады.
(жаңа өндіріс орындарына қажетті материалдар)
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғасады. Осы мерзім ішінде бағдарламаның мүмкіндіктерін толық пайдаланған дұрыс.
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және халықтың тұрақтануына жағдай жасау.
Бүгінде 600-ден астам бала балабақшаға, 800-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын 1,0 мыңнан астам сәби дүниеге келуде. Халықтың саны Жаңатас қаласында 21,3 мыңға жетті.
Осыған байланысты «Дегерес» аймағынан жаңа балабақша құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге сұраныс берілді.
Биыл 120 пәтерлі бір көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Тағы бір 60 пәтерлі үйді сатып алу жоспарлануда.
Және 120 пәтерлі бір үйдің, 70 пәтерлі бір үйдің құжаттары толық дайындалып, қаржы бөлу үшін жоғарғы бюджеттердің қарауына ұсынылды.
2013 жылдың қаңтар-шілде айларында аудан бойынша пайдалануға енгізілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 3,1 мың шаршы метрді құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға өскен. Жалпы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің барлығы халықтың өз қаражаттары есебінен жүргізілген.
(Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы).
«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша елді мекендерді дамытуға өткен жылы 2,2 млн. теңге бөлінсе, биылғы жылы 15,5 млн. теңге қаралды. 8 ауылда көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Бұған дейін де бірнеше рет айтылып жүргендей, ауданда 13 елді мекен (Талас, Қызыл Дихан, Маятас, Ақтам, Жарқұдық, Майлыкөл, Әбілда, Шығанақ, Жайлаукөл, Досбол, Шағалалы, Көкдалда-1, Көкдала-2 ауылдары) даму әлеуеті төмен ауылдардың қатарына кіріп кеткен. Ол ауылдарға үшінші тізімде болғандықтан, «Өңірлерді дамыту бағдарламасына» сәйкес қаржы бөлінбейді.
Сондықтан, Қызыл Дихан, Маятас, Әбілда, Досбол, Шағалалы сияқты елді мекендерді орта деңгейдегілердің қатарына шығару үшін Өңірлік даму министрлігіне облыс әкімдігінің тиісті басқармасы арқылы ұсыныс жолдадық.
Бірақ, елді мекендердің санатын анықтау жөніндегі әдістемелердің өзгеруіне байланысты бұл мәселелер тоқтап тұр.

Ағымдағы жылы барлығы 88 ауыл шаруашылығы құрылымдары 30,4 млн. теңгенің субсидиясын алуға өтініш берді. Өткен жылы 12,7 млн. теңге субсидия берілген.


Облыс әкімдігі жүгерінің әр гектарына төленетін субсидияны 16,0 мың теңгеге жеткізді. Осыған байланысты жүгерінің көлемі 242 гектарга дейін ұлғайды.
Дегенмен, егістік жерлер әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ. Жыл басынан бері 104 шаруа қожалығының 6417 гектар жерлері иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 8 шаруа қожалығының пайдалану мерзімі өткен көлемі 337,5 гектар жері мемлекеттің жер қорына қайтарылды.
Жерге түгендеу жұмыстары одан әрі жалғасатын болады.
Себебі, бізде 10 жылдан астам бос жатқан жерлер бар. Бұл шаралар сол жердің иелеріне қозғау салуы тиіс. Өздері пайдаланбаған жағдайда біз ол жерлерді мемлекеттік жер қорына қайтаруымыз қажет.
Егістік жер көлемінің ұлғаюымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларына дегенде сұраныста арта беретіні белгілі. Жүгерінің алқабы едәуір ұлғайып отыр. Ал, оны оратын комбайн тапшы.
Бұл бағытта шаруаларға лизингке техника алу жолдары тұрақты түсіндіріліп келеді. Олардың пайыздық мөлшерлемесі де 7,0 пайызға дейін субсидияланады.
Бірақ, техника алып жатқан шаруалар аз. Былтыр аудан бойынша 2 технка алынған болса, биыл 4 техника алынды.
Сондықтан, күздегі жиын-терін кезінде шаруалармен осы проблеманы тағы да көтеру керек.
Құрметті әріптестер!
Үстіміздегі жылы барлығы 7930 гектар жердің егіні орылуы тиіс.
Оның ішінде масақты дәнді дақылдар көлемі 3530 гектар, мақсары 4400 гектар. Бүгінгі күнге дәнді дақылдар жиналып бітті.
Гектар түсімі бидайдан 8,5 центнер, арпадан 13,4 центнер, орташа 10,0 центнерден айналды.
Алдағы мал қыстату маусымына 80,0 мың тонна ірі сабақты мал азығын дайындау жоспарланған. Қазір оның 98,0 пайызы дайын.
Мал басында тұрақты өсім бар. Тек құстың саны 54,6 пайызға дейін азайып кетті. Себебі, құс санына қатысты кейбір есептер нақты санмен сәйкес келмейтін фактілер кездесті.
Есептеуді ерекше бақылауға алу нәтижесінде құс санына ғана қатысты өзгерістер болды. Жекелеген ауылдарда қой-ешкінің де саны өзгерді. Мысалы, Жаңаарық ауылдық аймағында қой-ешкі 31,0 мың бастан 25,0 мың басқа дейін азайып кетті.
Алдағы уақытта бұндай келеңсіздіктерге жол бермеу Жаңатас қаласы және ауылдық округтер әкімдеріне қатаң тапсырылды.
Шаруалардың иелігінде 5 қой малын, 3 мүйізді ірі қара малын, 2 жылқы малын, барлығы 10 қарапайым мал бордақылау алаңдары бар.
Олардың кейбіреулері үй маңында орналасқан. Осы бордақылау алаңдарына есептік нөмір алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
(Бұған дейін есептерде көрсетілмеген).
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша биылғы жылы несиеге 25 бас сиыр, 9 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Бағдарламаның тиімді тұстары туралы халыққа жеткілікті түрде насихатталып жүр. Бұл жерде де шаруалардың бірінші проблемасы - кепілге қойылатын мүлік.
Бүгінде аудан бойынша 25 бас асыл тұқымды бұқа бар.
Жоғарыдағы бағдарлама бойынша 3 шаруа қожалығы 59 бас мүйізді ірі қара алу мақсатында құжаттарын өткізді. Жалпы жылдың аяғына дейін барлығы 200 бас МІҚ алу жоспарлануда.
Мал шаруашылығында мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі өзекті болып қала береді. Биыл жоғарғы оқу орындарымен, оқуды аяқтаған жас мамандармен жұмыс жасай жүріп, 6 маманның келуіне қол жеткіздік. Тағы 10 маман керек.
Келесі жылдан бастап жоғарғы оқу орындарына ветеринар мамандығы бойынша баратындарға грант беру жөнінде ұсыныстар дайындалуда.
Жыл сайын кем дегенде 3 студентке грант беруді ойластырған дұрыс.
Жыл сайын көлік түрлерімен жолаушы тасымалдау қызметі тұрақты дамып келеді. Биыл қала ішінде жолаушылар автобустар арқылы тасымалдана бастады.
Бұл бағыттарды субсидиялауға бюджеттен 2,0 млн. теңге бөлінді. Қазір мектеп оқушыларының демалысы уақытында тоқтап тұр. Қыркүйек айында қайтадан жүргізіле бастайды.
Қаланың ішіндегі су және канализация жүйелерінің жөнделуіне байланысты жаз мезгілінде біршама қиындықтар туындап жатыр. Шаң-тозаң, қазылған шұңқырлар көшенің кейбір тұстарында адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасауда.
Бірақ, мұның барлығы уақытша орын алып отырған проблемалар. Өйткені, келесі жылдан бастап негізгі көшелер жөнделе бастайды. Мысалы: ең үлкен Жібек жолы және Әулие ата көшелерін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жоғарғы бюджеттің қарауына ұсынылды.
Биыл облыс шекарасынан Жайылма ауылының қиылысына дейінгі автомобиль жолы, Түркістан-Арыстанды жолы, Қызылдихан ауылының жолы, Жайылмаға кіре беріс, Ұйымның негізгі көшесі, Ақтоғайда негізгі көше, Саудакенттегі Кәриев көшесі мен Ұ.Сыздықбайұлы ауылының Жарылқап көшелері жөнделуде.
Бұған барлығы 182,0 млн. теңге бөлінді.
Келесі жылы да жол жөндеу жұмыстар жалғасады. Олардың ішінде Саудакент-Жаңатас, Түркістан-Үшбас, Саудакент, Жайылма, Тоғызкент және Досбол ауылдарының негізгі көшелері бар.
Сол сияқты, Досбол-Шығанақ жолы да ұсыныстар тізіміне енгізілді. Және Жайлаукөлдегі Шу өзеніне салынған көпірді жөндеу үшін құқықтық мәртебесін реттеуге құжаттары сотқа әзірленуде.
Аудандағы басқа да облыстық және жергілікті мәндегі көпірлердің құжаттарын ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Қазір бірде-бір көпірдің стратегиялық объект бола тұра паспорттары жоқ.
27 ауылдық елді мекеннің 13-і ауыз сумен қамтылған.
Биыл Саудакент, Жайлаукөл, Ақтоғай ауылдарында ауыз су жүйесін жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары 20,0 млн. теңгеге әзірленуде.
Келесі жылға осы елді мекендердің және Игілік-Өндіріс топтастырылған ауыз су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында қаржы бөлуге ұсынылып отыр.
Ұ.Сыздықбайұлы және Арыстанды ауылдарының үй маңындағы жерлерін суару үшін су реттегіш тоғандар салуға жоба дайындалды.

Құрметті сессияға қатысушылар!


2013 жылдың 1 тамызына аудан бюджеті кірістер бойынша 5,3 млрд. теңгеге немесе жоспар 99,6 пайызға, өзіндік кірістер бойынша – 249,7 млн. теңгеге (122,3%), трансферттердің түсімдері бойынша – 4,7 млрд. теңгеге орындалды.
Бюджет шығындары осы мерзімде 4,5 млрд. теңге болды. Бұл жоспардың 88,6 пайызы. Игерілмеген қаржылар негізінен мемлекеттік сатып алулардың мерзімінде өткізілмеуінен орын алды.
Сонымен бірге, жобаның дұрыс жасалмауынан да бірқатар кемшіліктер болды. Олар қазір қалпына келтіріліп, жауаптыларға тиісті шаралар қолданылды.
Бюджет қаржысының уақытында әрі тиімді игерілуі Үкіметтің және облыс әкімдігінің қатаң бақылауында тұр. Сондықтан, бағдарлама әкімшілері, әрбір жобаға қатысты қаржылардың қозғалысын тұрақты қадағалап отыруы тиіс.
Қаңтар-шілде айларында барлық деңгейдегі бюджет жүйесіне 588,5 млн. теңге жиналды. Жоспар 15,7 пайызға артық орындалды.
Жыл басынан бері қосымша резервтерді көбейту мақсатында камералдық бақылаулар жүргізілді. Нәтижесінде 408 салық төлеушілерден 5,5 млн. теңге бюджетке қосымша түсім жасалынды.
Қаржы Министрлігі Салық комитетінің тапсырмасына сәйкес жеке кәсіпкерлердің жылжымайтын мүліктерінің құнын қайта бағалау жұмыстарының нәтижесінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 466,8 млн. теңгені құрап, 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 92,9 пайыз болды.


Аталған көрсеткіштің салыстырмалы түрде өспей тұрған себебі – қалада бөлшек сауда тауар айналымын қамтамасыз ететін үлкен сауда үйлері, мини-маркеттер жоқ. Бұл да аудан кәсіпкерлерінің қолға алуы тиісті жұмыстарының бірі.
Бағаны тұрақтандыру бағытында Жаңатас қаласының «Темірлан» сауда орталығының алдында жәрмеңке ұйымдастыру жалғасып келеді. Онда жыл басынан бері 40 млн. теңгеден астам ауыл шаруашылығы тауарлары сатылды. Олардың бағалары күнделікті базар бағасынан 10-15 пайызға төмен.
Ұн және нан өнімдері бағаларын тұрақтандыру үшін өткен 7 айдың ішінде облыс орталығынан 519 тонна арзандатылған ұн алынды.
Нәтижесінде Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында жұмыс жасап жатқан наубайханалардағы бір бөлке нанның бағасы 35 теңгеден өндіріліп, 40 теңгеден сатылуда.
Шалғайда орналасқан елді мекендерде нан пісіретін наубайханалар жоқ болғандықтан облыстық тұрақтандыру қоры арқылы 391 тонна арзандатылған ұн ауыл тұрғындарына (50 теңге/кг) сатылды.
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылы 408,0 млн. теңге бөлінді. Оның 107,0 млн. теңгесі игеріліп отыр.
Бағдарлама аясында 61 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 90,0 млн. теңге шағын несие беру, ауылдарда 2,2 млн. теңгеге инженерлік инфрақұрылым орнату қарастырылған.
Сол сияқты, жастар тәжірибесіне 178 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен 85 адам тартылып отыр.
Осы мерзім ішінде жалпы 237 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылды. Олар: құрылыс саласында 97, білімде 80, денсаулықта 5, саудада 43 және басқа салаларда 12.
Жұмыс орындарына 600-ден астам барды.
Сонымен, 7 айда барлығы 1304 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
Әлеуметтік жәрдемақылар бойынша қарыздар жоқ.
Ал, кедейшілік деңгейі жыл басымен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін тағы да өзгеретін болады.
Қазір кедейшілік шегінен төмен тұратын 92 отбасындағы адамдардың саны 421 немесе аудан халық ішіндегі олардың үлесі 1,0 пайыз болып қалыптасты.
Бір қызметкердің орташа жалақысы 2013 жылдың қаңтар-мамырында кәсіпорындардың толық шеңбері бойынша 65474 теңгені құрады. Бұл номиналдық есептеуде 2012 жылдың тиісті кезеңінен 15,1 пайызға артық.
Өмір сүрудің ең төменгі мөлшері 18037 теңге болып, 5,4 пайызға өсті.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауданда денсаулық сақтаудың Бірыңғай Ұлттық Жүйесін жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Өткен мерзімдерге қарағанда ана мен бала өлімі деңгейі, туберкулезбен ауыру, психикалық және наркологиялық, қатерлі ісік, сарып, қант диабеті аурулары деңгейі төмендесе, қан айналым жүйелері аурулары деңгейі өсіп келеді. Мұның негізгі себебі – скринингтік зерттеулердің жаппай жүргізілуінен болып отыр.
Жалпы аудан бойынша 10 мың тұрғынға шаққандағы дәрігерлермен қамту деңгейі 15,7-ден 16,3-ға дейін өсті.
Биыл орталық аурухананың басшылығымен бірлесе отырып, ауданға 4 жас маманның келуіне қол жеткізілді. Тағы 6 маман келуі тиіс.
Бізге әлі де 12 дәрігер қажет.
Және де олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пәтер беру мәселесі қарастырылуда.
Осы жылдың аяғына дейін Арыстанды, Қызылдихан ауылдарындағы медпункттер пайдалануға беріледі. Келесі жылға да салынатын осындай нысандар туралы ұсыныстарымызды бердік.
Білім беру жүйесін қаржыландыруға ағымдағы жылы бюджеттен 2,8 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 568,0 млн. тенге бөлінді.
Қазір Әйтеке би, Сарысу, Жаңаталап, Адамбаев, Абылайхан орта мектептерінде, Қарлығаш, Балдырған балабақшаларында, Саудакент, Игілік өнер мектептері мен балалар жасөспірімдер орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Келесі жылы да осы жұмыстарды жалғастыру үшін жобалық- сметалық құжаттар әзірленуде.
Мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Оған аудандық бюджеттен 10,0 млн. теңге бөлінген.
Білім нысандарына қажетті 3848 тонна көмір келді. Оның 90,0 пайызы тиісті орындарға тасымалданды. Қалғаны осы аптаның ішінде тасымалданып бітуі тиіс.
27 мектептің барлығы компьютерленген және телефон байланысы қосылған. 20 мектеп кең жолақты Интернет желісімен жұмыс істейді.
Үшбас, Арыстанды мектептерінде Интернет желісі дұрыс жұмыс істемей отыр. Жаңа қондырғы орнату үшін 1,5 млн. теңге қаржы бөлу керек, алдағы бюджетті нақтылау кезінде. Бұл жөнінде аудандық телекоммуникация торабы басшылығымен алдын ала келісім бар.
Білім саласындағы күрделі мәселе – Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындыларының төмен болуы. Биыл бұл көрсеткіш облыс бойынша ең төменгі 3 ауданның қатарында болды. Шығанақтағы, Өндірістегі, Тоғызкенттегі мектептерді бітірушілер білімі төмен екендігі белгілі болды.
Сондықтан, жаңа оқу жылынан бастап Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық жөнінде аудан бойынша нақты іс-шаралар қабылдау тапсырылды. Алдыңғы қатардан көрінген мектеп ұжымдарының оң тәжірибесін басқаларға тарату керек.
Ағымдағы жылы Игілік ауылындағы «Балбөбек» балабақшасына қосымша 25 балаға арналған 1 топ және Саудакент ауылындағы «Ақбота» балабақшасына қосымша 25 балаға арналған 1 топ ашылды.
Нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 54,3 пайызға жетті.
Жыл аяғына дейін Жаңаталап орта мектебі жанынан 25 орынды 1 шағын орталық ашылады.
Балабақшалар желісі жыл сайын өскенімен, мектепке дейінгі мекемелерге қажеттілік азаймай отыр. Аудан бойынша 791 бала балабақшаға кезекте тұр.
Мәдениет саласын қаржыландыруға биыл 215,0 млн. теңге бөлінді. 6,0 млн. теңгеге аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарына арнайы киімдер алынды.
Мерзім ішінде 120-дан астам мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауқымды шаралардың барлығы ауданның 85 жылдығы мен Ықылас Дүкенұлының 170 жылдығына арналды.
Осы жылы алғаш рет Саудакент ауылындағы мәдениет үйінде танымал айтыскер ақындардың қатысуымен жаңа форматтағы шоу өткізілді. Әзіл-ысқақ театрларының концерттері тамашаланды.
Ауылдардағы клуб үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу одан әрі жалғасатын болады. Қазір Тоғызкент және Игілік ауылдарындағы клуб үйлерін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуге қажетті 222,0 млн. теңгенің алғашқы бөлігі алдағы облыстық бюджетті нақтылау кезінде қаралады деп күтіп отырмыз.
Дене шынықтыру және спортты дамыту бүгінгі таңдағы күн тәртібіндегі негізгі мәселе.
Биыл бұл салаға аудан бюджетінен 5 млн. теңге берілді. Сол сияқты, алғаш рет спорттың 5 түрінен облыстық ашық біріншіліктерді ауданда өткізуге қол жеткізілді.
Оның ішінде грек-рим күресі мен шахмат ойындары өтті. Қазақша күрес, бокс және каратэ-до алдағы айларға жоспарланған.
Қазір аудандағы барлық спорт нысандары меншік түріне қарамастан қол жетімді. Бұл жөнінде арнайы кесте жасылынып, аудандық газетте жарияланды. Әр ауылдық округ әкімдері жанында бір-бірден спорт нұсқаушылары жұмыс істеп отыр.
Ауданда қылмыстық жағдай өте күрделі. Себебі, қаңтар-шілде айларында 167 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 2 есеге артық.
Аудандық ішкі істер бөлімі көрсеткіштің мұнша өсуін барлық шағымдардың міндетті тіркелуімен түсіндіреді. Бүгінде тұрғындардың тұрмыс жағдайы біршама жақсарып келеді. Халық санының өсімі байқалғанымен сырттан келіп жатқандар аз.
Сондықтан, қылмыстың алдын алу шараларын белсенді жүргізу басты назарда болуы тиіс.
Мен аудандық мәслихат депутаттарына осы мәселені түбегейлі зерттеп, алдағы міндеттерді белгілейтін нақты шешім қабылдауды ұсынамын.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Сіздер ауданның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныс болдыңыздар. Жыл аяғына дейін жоспарланған шараларды толық жүзеге асыру міндеті тұр.
Ауылдардағы мәселелер, жекелеген елді мекендер мен көшелерге қатысты сұрақтар өткен ауылдар мен Жаңатас қаласы әкімдерін сайлау барысында кеңінен айтылды.
Ол проблемалардың барлығы біздің бақылауымызда. Оны кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырамыз.
Құрметті депутаттар!
Халық айтады: «Бір шаңырақтың баласы бірлік қылса озбас па?» деп. Өткен Жаңатас қаласы мен ауыл әкімдерін сайлауда аудан халқымен бірге ауызбіршіліктің үлкен үлгісін көрсеткендеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіреміз.
«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деп Күлтегін айтқандай, ендігі жерде біздің міндетіміз еліміздің тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында сапалы еңбек ету. Бұл бағытта Сіздер сайлаған әкімдер халықтың сенімін ақтайды деген ойдамын.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет