Заң факультеті Азаматтық және қылмыстық құқықтық пәндер кафедрасы



бет1/4
Дата13.06.2016
өлшемі1.18 Mb.
#133714
  1   2   3   4

ШЖН-МБ-002/04-001



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Шымкент институты
Заң факультеті
Азаматтық және қылмыстық құқықтық пәндер кафедрасы


МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ
Тақырыбы : “ Экологиялық құқық бұзушылықтар салдарынан азаматтық жауапкершілікке тарту.”

Орындаған: Оразбек Айнұр
Ғылыми жетекшісі: з.ғ.к Ахмедов Э.М.


Қорғауға жіберілді:

Кафедра меңгерушісі: з.ғ.д. академик _Шайбеков К.А.


«____»_____2008 ж.

ШЫМКЕНТ 2008

МАЗМҰНЫ



Кіріспе..............................................................................................................3
I –тарау. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің түсінігі және жалпы сипаттамасы
1.1. Қоршаған ортаға келтірілген зиянның ұғымы мен ерекшеліктері............................................................................................................11

1.2. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің түсінігі және оның түрлері........................................................................................................................30

1.3. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін материалдық жауапкершілік және оның құрамы..............................................................................................................34

II - тарау . Экологиялық заңдарды бұзу салдарынан келтірілген материалдық зиянды өтеудің құқықтық негіздері
2.1. Азаматтық құқықтарды қорғау мен залалдарды өтеу.................................45

2.2. Экологиялық зиянды өтеуді құқықтық реттеу тәсілдері мен олардың тиімділігін арттыру мәселелері..............................................................................52



Қорытынды..............................................................................................................61
Пайдаланылған әдебиеттер......................................................................................65

КІРІСПЕ




Тақырыптың өзектілігі. ХХI ғасырдағы ғылымның ұлы жетістіктерінің бірі – технология жетістіктерін пайдалануға қол жеткізу болса, бұл бір жағынан адамзат баласының алдындағы көптеген күрделі мәселелердің шешілуіне, ғылым мен техниканың дамуы барысында үлкен бетбұрыс алуына мүмкіндік жасаса, екінші жағынан ол өзінің кері әсерін де тигізіп отыр.


Экологиялық тұрғыдан алғанда Қазақстан аумағы жағынан да, тұрғындардың жан басына шаққанда да әлемдегі ең лас аймақ болып табылады. Демек, ел аумағының экологиялық ластануы адамзаттың өмір сүруін тоқтататындай жағдайға таяуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында күн тәртібінде республикадағы экологиялық ахуалдың арнайы қаралуы осының айғағы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 6 ақпан 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысты бірнеше бағыттағы өзгерістер енгізу қажеттігін атап көрсеткен. Соның ішіндегі төртінші бағытында - жеке меншік тұрғын үй құрылысында индустриялық , арзан және экологиялық таза технологияларды игеру басымдыққа ие болуға тиіс. Шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін кеңінен қолдану керек деп атап өтті.

Үкімет осымен бір мезгілде өзінің күш- жігерін қуат жинақтаушы және экологиялық таза технологиялар енгізуге жұмылдыруы тиіс делінген. [1]

Яғни кез-келген салынып жатқан немесе болашақта салынатын құрылыс кешендері тек қана экологиялық стандартқа сай, қоршаған ортаға зияндарын тигізбейтіндей жан-жақты зерттеліп барып құрылысын жүргізуі тиіс.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында баршаға мәлім болған деректердің негізінің өзінде, экологиялық мәселенің ең күрделі, әрі көкейтесті екендігіне көз жеткіземіз. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басына дейiн Арал теңiзi әлемдегi ішкі теңiздердiң аумағы бойынша төртінші орында болды. Оның аумағы 64,5 мың шаршы километрге жетті, тереңдігі - 68 метрді құрады. 60-шы жылдардан бастап Арал теңiзiне құятын сулар лезде азайды. Теңiз аумағы теңiз түбінің үш миллионнан астам гектарын жалаңаштап екі есе қысқарды. Теңiз деңгейi 19 метрге төмендедi, көлемi 1064-тен 210 км3-қа қысқарды. Теңiз суының минералдануы 33,3-тен 60 г/л-ға дейiн екі eceге жуық көтерiлдi. Арал өңiрiнде пайда болатын, тұзды-шаңды ағыстар ғарыштан түсiрiлген суреттердiң деректерi бойынша 150-300 және одан да үлкен километрлерге таралады. Шаңның таралу және шөгуi аймақтарының көлемi шамамен 25 млн. гектар құрайды.Арал теңiзi айдынының апатты қысқаруы аумағында 178 елдi мекен орналасқан, 186,3 мың адам тұратын экологиялық апат аймағы деп, мәлiм болғандай, Арал өңiрiн жариялаудың себебi болды. Ауыз сумен қамтамасыз ету негізiнен, ашық су қоймалары мен әкелiнетін сулардың есебiнен, 25% құрайды. Қазiргi уақытта, Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2004 жылғы 7 мамырдағы №520 қаулысымен 2004-2006 жылдарға арналған Арал өңiрiнiң проблемаларын кешендi шешу жөнiндегi бағдарлама бекiтiлдi. [2]

Семей аймағы (Семей ядролық сынақ полигоны - СЯСП) полигон әсерiмен сипатталатын, денсаулық пен ауру жай-күйінің негiзгi көрсеткiшi бойынша ең қолайсыздың бiрi болып қалуда. СЯСП-та ядролық қаруды сынау нәтижесiнде Қазақстан халқының денсаулығына келтірiлген зиянды бағалау жүйесі түпкілікті анықталып әзiрленген жоқ және шаралардың тиiстi кешенiн жүргiзудi белгілейдi. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы №182-ө өкiмімен құрылған Ведомстволық жұмыс тобы бұрынғы әскери-сынақ полигонын, оның iшiнде, СЯСП-ты зерттеу үшiн кешендi бағдарлама әзірлеуді жүргiзуде. Бағдарламада осы жерлердегі нақты радиациялық жағдайды анықтау үшiн жерлердi қайта өңдеу, оңалту iс-шараларының кешенін әзiрлеу және орындау жөнiндегі жұмыстарды одан кейінгі жүргiзумен iрi көлемдi ғылыми зерттеулер көзделетін болады. Толық көлемдi зерттеулерді полигонның өзінің жерлерінде ғана емес, сонымен, полигонға жақын аудандар аумақтарында да жүргiзу қажет.

Каспий теңізiнің көмірсутегi ресурстарын игеру бастылары балық аулауға кедергi келтіру, теңiз түбiндегі бұзушылықтары, балықтар миграциясының бұзылуы, айдынды шеттету, судың лайлылығын арттыру, өндiру және тасымалдау кезiнде технологиялық, авариялық төгiнділер, шығарындылар және жайылулар болып табылады. Каспий экожүйесiнiң бiрегейлігін ескере отырып, тиістi экологиялық талаптар мен стандарттармен шаруашылық жүргізудің ерекше шарттарын әзiрлеу қажет.Каспийдiң солтүстiк және солтүстік-шығыс тайыз қайраң аймағы негізін бентостық, планктондық жануарлар мен балдырлардың үлкен әртүрлiлiгi құрайтын балықтар мен (оның ішінде бекiре тұқымдастар) құстардың табиғи молаюының бай таралу аймағын бiлдiредi. Қайраң аймағының және Еділ мен Жайық өзендері атырауының аумағы 1974 жылдан бастап қорық аймағы болып жарияланған, бiрақ оны зоналауды қорық режимiмен учаскелердегі жұмыстарды толық тыйым салу үшін аяқтау талап етіледі. Теңiздiң солтүстiк шығыс бөлігiндегi аралдарда Каспий итбалығының негiзгі мекен ету ортасы, ал батпақты-сулы алқаптарда суда жүзетін құстарды, оның iшiнде көшiп-қонып жүретiн құстар мекен етедi. Каспий экожүйесiнiң бiрегейлігін ескере отырып, тиістi экологиялық талаптар мен стандарттармен шаруашылық жүргізудің ерекше шарттарын әзiрлеу қажет. [3]

Мұндай экологиялық ахуал тек қана Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқан жағдай.

Мұндай экологиялық тығырыққа келудің себебі не? Бұған берілетін түсініктер аз емес: ведомстволық бюрократизм, жетілдірілмеген заңдылық, нашар ғылыми техникалық база. Бірақ мұның барлығы тығырықтың пайда болуының негізгі себебі емес, салдары болып табылады. Яғни басты себеп емес.

Айналадағы табиғи ортаны қорғау - ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын , болашақ ұрпақтың мүдделерін қамтамасыз етуге , табиғи ортаға қарсы зиянды іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге , табиғи тепе-теңдікті сақтау мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану мақсатын көздейді.

Жалпы экология табиғат пен қоғам қатынастарын ,адам мен табиғаттың тікелей байланысын, айналадағы табиғи ортаны қорғауды реттейтін құқық ережелерінің жиынтығы болып табылады .

Бүгінгі таңда ғылымның бір ағымы, қоғам талабы, адамзаттың күн көрісі үшін табиғат байлығын пайдалануды кеңейтуді қажет деп тапса, келесі бір ағым қоғам талабына, адамзат қажеттілігіне қарама-қарсы, яғни табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы қажеттігін айтады. Демек өндірістік дамудың зиянды жерін азайта отырып, табиғатқа ешбір залал келтірмей, оның өзін-өзі реттеп отыру белсенділігін сақтау деген сөз.

Зерттеу жұмысында анықталғандай Қазақстанның бүкіл аумағының экологиялық жағдайы өте нашар. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді Сондықтан да бүгін қоршаған ортаны, ондағы тіршілік иелерін оның залалынан қорғаудың мәселесі өткір тұр. Соған орай экология саласында құқықтық зерттеулерді жан-жақты жүргізу қажет.

Ата заңымыз негізінде азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығы танылған. Қоршаған ортаның қолайсыздығынан келтірілген залалдың орнын толтыру құқығы да негізделген. Бірақ бұл өте күрделі теориялық та практикалық та маңызы зор мәселе.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Осы күрделі мәселені шешу көптеген ғылымдардың атсалысуын қажет етеді. Соның ішінде құқық ғылымының рөлі зор. Құқық - бұл саладағы туындаған қоғамдық қатынастарды реттеп, олардың дамуын қамтамасыз етеді.

Заңгер-эколог ғалымдар соңғы жылдары қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық мәселелерінің кейбір аспектілерін зерттеді.



Ол ғалымдар Әбдірайымов Б.Ж., Бектұрғанов Ә.Е., Байсалов С., Байдельдинов Д.Л., Еренов А.Е., Мұхитдинов Н.Б., Сахипов М.С., Насырова Л.Р., Тукеев А.Ж., Мороз С.П., Стамқұлұлы Ә., Сүлейменов М.К., Әбдірайымов Б.Ж., Хаджиев А.Қ., Қосанов Ж.Х., Еркінбаева Л.Қ,, Қуандықов Қ.Ж. еңбектерінің маңызы зор.

Осы теориялық еңбектердің қорытындысының негізінде алғаш рет Қазақстанда нақты қоғамдық қатынастардың көрінісі бейнеленген, әрі сол қатынастарды өркениетті деңгейде реттеуге қабілетті заңдар мен нормативтік –құқықтық актілер қабылданды.

Қазақстан Республикасының «2005-2007 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау» бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 5 қыркүйектегі N 903 қаулысымен бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi іс-шаралар жоспарының 7.5.1-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 3 ақпандағы №131 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағына сәйкес әзiрленген.Бағдарлама қоршаған ортаны ластау деңгейiн а зайтуды және оны тұрақтандыру жөніндегi іс-шаралар жоспарын әзiрлеудi көз дейтін 2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Экологиялық қауiпсiздігі тұжырымдамасының бiрiншi кезеңiн (2004-2007 жылдар) iске асырудың тетігі болып табылады. Бағдарламада Қазақстандағы барлық экологиялық проблемаларға талдау жүргiзiлген және қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесiн оңтайландыруды қоса, оларды шешу жөніндегі шаралар әзiрленген. Бағдарлама iс-шараларын iске асыру нәтижесiнде қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру жөніндегі мiндеттердi шешу үшін жағдай жасалатын болады және сәйкесiнше экологиялық ахуалдың бұдан әрi нашарлауының және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығына оның әсер етуiнiң нақты және ықтимал қатерлерінің алдын алуға болады. [3]

Ормандардың биологиялық әртүрлілігіне қауiп төндiретiн факторларға өрт, өздігінен жаппай кесу, малды жаю жатады. Соңғы 10 жылда Шығыс Қазақстанда жолақты қарағайлы орман алаңы 0,16 млн. га-ға немесе 20%-ке кемiдi. Осы проблемаларды реттеу үшін "Мемлекеттік орман қорының учаскесiнде қылқан және ceксеуіл екпе ағаштарын басты пайдаланудың кесуiне тыйым салу және оларды сақтау жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 23 сәуiрдегi №460 қаулысы қабылданды.Eгep өткен ғасырдың соңғы он жылдығының басына орман қалпына келтіру жұмыстарының жыл сайынғы көлемi республика бойынша орташа алғанда, шамамен 80 мың га құраса, онда 1997 жылы орманды қалпына келтiру көлемдері 8 есе қысқарды және қазiргi уақытқа дейiн іс жүзiнде осы деңгейде қалуда . Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 14 мамырдағы №542 қаулысымен «2004-2006 жылдарға арналған Қазақстан ормандары» бағдарламасы бекiтiлдi. Бағдарламаны iске асыру нәтижесiнде ормандардың сақталуы, орманмен көмкерілген жерлердiң біртіндеп ұлғаюы, өрттерден ормандарды қорғауды жақсарту, зиянкестер мен аурулардан оларды қорғау, ормандардың жастық құрылымын, сапалық құрамын және санитарлық жай-күйiн жақсарту қамтамасыз етіледi. [4] Қазақстанның жануарлар әлемi омыртқалы жануарлардың 835 түрiмен және омыртқасыздардың 100 мыңға жуық түрлерiмен берiлген.Қазақстан Республикасы Yкiметінің 2002 жылғы 10 сәуiрдегi №408 қаулысымен сүт қоректілердiң 40 түрі, құстардың 57 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрi, қос мекенділердiң 3 түрі, су жануарларының 19 түрі - сирек кездесетiн және жойылу қаупі төнген жануарлардың тiзбесi бекітілген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 маусымдағы №573 қаулысымен Қызыл кiтапқа енгiзу үшін омыртқасыз жануарлар түрлерінің тiзбесi бекiтiлген. Барлығы 96 түр.Ормандарды жою, топырақтардың эрозиясы, iшкі және теңiз су қоймаларының ластануы, биологиялық ресурстардың шамадан тыс алу өсiмдiктер мен жануарлар түрлерiнің жойылуына, генетикалық деңгейде жоғалтуға және экожүйелерді тиiсті өзгерiстерге алып келедi.Соңғы уақытта Қазақстан экологиялық факторлары үшін нақты сыртқы қатердi әлемде кең таралған генетикалық өзгерiске ұшыраған организмдер мен өнiмдердi әкелу болып табылады. Өсімдіктер мен жануарлардың жат тектi түрлерiн интродукциялау биоәртүрліліктi жоғалту есептерінің бiрi және ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етедi.Республиканың су ресурстарының жай-күйі жалпы жеткiлiксiздiкпен, жалғасып жатқан ластанумен және тозумен бағаланады. Қазақстандағы тұщы су ресурстары 524 км3 құрайды, олардан 100,5 км3 өзен ағысына келедi.Жер асты суларының барланған қорлары (16 км3) болжамды ресурстардың салыстырмалы шағын бөлiгiн - шамамен 27% бiлдiредi. Тұщы судың жер асты қорларына, стратегиялық pecуpc мәртебесін беру қажет.2002 жылы шаруашылық-ауыз суын пайдалану көлемi 1995 жылмен салыстырғанда екі есе төмендедi. Халықтың жан басына шаққандағы eceпте шаруашылық-ауыз су мақсатындағы сулар орташа алғанда, шамамен тәулiгiне 150 литрден келеді. Республиканың ауыл халқы қала халқына қарағанда суды үш есе аз тұтынады.Жыл сайын шайынды сулардың төгінді көлемi 5 млрд. м3-ден артықты құрайды, Қарағанды, Оңтүстiк Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда облыстары оған елеулі үлес қосады. [5]

Зерттеу пәні. Бұл ғылыми зерттеу еңбегінің мақсаты қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан туындайтын азаматтық құқықтық жауапкершіліктің құқықтық негіздерінің теориялық мәселелеріне талдау жасап, оны қалыптастыру ,бұл бағыттағы барлық нормативтік актілерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, олардың тиімділігін арттырудың негіздерін ашу болып табылады. Зерттеу базасын қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан туындайтын азаматтық құқықтық жауапкершіліктің құқықтық негізі болатын Қазақстан Республикасының нормативтік актілері, салыстырмалы түрдегі кейбір шет мемлекеттердің нормативтік актілері, халықаралық шарттар мен келісімдер құрайды. Сонымен бірге зерттеу жұмысын жүргізу барысында заңгер-ғалымдардың, құқық теоретиктерінің еңбектері, ондағы тұжырымдар назарға алынды.


Жұмыста ғылымдық танымның жалпы әдістері және салыстырмалы-құқықтық талдау, функционалды-құрылымдық талдау, жүйелі және тарихи амалдар сияқты арнайы ғылыми әдістер және т.б. қолданылған. 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздiк тұжырымдамасына сәйкес климат пен озон қабатының өзгеруiмен, биологиялық әралуантүрлілiктің қысқаруымен, шөлейттенумен, топырақ қабатының, судың, ауаның ластануымен, қалдықтардың жиналуымен және тағы басқаларымен байланысты елдiң неғұрлым күрделi экологиялық проблемалары болып табылады. БҰҰ-ның климаттың өзгеруi жөнiндегi үлгілік конвенциясын (1995 жыл) бекiткен және осы Конвенцияға Киото хаттамасына қол қойған Қазақстан көмiрсутегi отынын жағудан парник газдары көлемiнiң тұрақты ұлғаюымен байланысты жаһандық жылынудың алдын алу жөнiндегi жалпы әлемдiк қозғалысқа қосылды. [3]

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін азаматтық құқықтық жауапкершілік құқықтық негіздерінің практикалық және теориялық мәселелеріне арналған зерттеу жұмысы маңызды ғылыми еңбек болып табылады.

Автор Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешу үшін қолданатын заңдарға талдау жасап, қоршаған ортаны экологиялық ластанудан қорғауға байланысты, құзыретті органдар қабылдаған нормативтік актілерді қарастырады. Магистрлік жұмыста қоршаған орта ұғымы, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан келтірілген зиян, қоршаған ортаны ластанудан құқықтық қорғаудың түсінігі кеңінен ашылып, оның негізгі айырымдылық белгілері көрсетіледі. Сонымен бірге бұл бағыттағы мемлекеттік басқарудың түсінігі, басқару органдарының қызметі, жүйесі ашылып көрсетіледі. Нормативтік актілердің мазмұндарына, құрылымы мен мәніне, жүйесіне талдау жасалып, олардың тиімділігін арттырудың бағыттарын айқындаған.

Егер Конституциялық принципті, яғни азаматтардың денсаулығын сақтауға құқылы екендігін (29 бап. 1 б.), мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қоятындығын (31 бап. 1б.), мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (1 бап. 1 б.) екендігін, және басқа да заңдық принциптерді, соның ішінде мәселен, экологиялық заңда көрсетілгендей, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау басымдығы, халықтың өмірі, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіру екендігін ескерсек, мұндағы барлық нормалардан нақты азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға ие болу құқықтарының танылуын және оның сақталуының мемлекеттік кепілдігі берілетіндігін көре алмаймыз.[6] Сондықтан қолайлы қоршаған ортаға ие болу және экологиялық залалдарды өтеу құқығы конституциялық сипатта болуы қажет.

Зиян келтірушіні анықтау мүмкін болмаған жағдайда, немесе ол анықталып, сот шешімінің орындалуы жауапкердің төлем қабілетсіздігі салдарынан мүмкін болмаған жағдайда зиянды өтеу тетіктері қалыптастырылу қажет. Ол үшін арнайы экологиялық қор ұйымдастыру ұсынылады.

Жұмыстың тәжірибелік маңызы.

Магистрлік зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы сонда, жұмыстағы идеялар, қорытынды мен ұсыныстар қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың құқықтық негіздерін одан әрі ғылыми зерттеуге негіз болады, оның теориялық қорын кеңейтеді. Бұл қоршаған ортаны ластанудан қорғауға, одан келген материалдық залалды өтеуге, сауықтыруға байланысты мәселелерді шешу барысында негізгі материалдар бола алады. Алынған нәтижелер ұйымдастырушылық құрылымдар мен нормативтік қорды жетілдіру мәселесін шешу барысында тиісті органдардың пайдалануына болады. Диссертациядағы ғылыми жұмыстың талдау қорытындысы жоғарғы оқу орындарындағы экологиялық-құқықтық пәндерді оқыту және қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың және келтірілген залалды өтеудің құқықтық мәселесін одан әрі зерттеу барысында пайдаланылуы мүмкін.

Мысал ретінде алып қарайтын болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2005 жылғы статистикалық есеп мәліметтеріне сай жалпы шығарынды 31 мың тоннаны құрайды. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғары. Яғни кәсіпорын шығарындыларының жалпы көлемі келесі тенденцияда өседі:
- Мұнай өңдеу бойынша – мұнай өңдеудің артуына байланысты;

-Құрылыс материалдарын шығару бойынша – құрылыс индустриясының интенсивті дамуына байланысты;

-жылу энергетикасында, қаланың дамуына және жылу және электр энергияларының қажеттілігі артуына байланысты және өсімдік шикізатын өңдеуде, өсімдік шикізатын өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың көбеюіне және шығарылатын өнім көлемі артуына байланысты.

Оңтүстік Қазақстан облысы атмосфералық ауасының ең ірі ластауыштары Шымкент қаласында шоғырланған, оларға келесі кәсіпорындар жатады:

-“Петро Казакстан Ойл Продактс” ААҚ – 14254,4 тонна немесе 45,8%;
 -“Энергоорталық-3” ААҚ – 1568,4 тонна немесе 5,04%;

-“Южполиметалл” өндірістік Корпорациясы” АҚ – 5761,7 тонна немесе 18,5 %;

-“Шымкентцемент” ААҚ – 1650,9 тонна немесе 5,3 %.[7]

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аса жиі анықталатын заң бұзу түрлері:


- атмосфералық ауаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік бөлігінде – шаңгазтазалау қондырғыларын және аспирациялық жүйелерді орналастыру ережелерін бұзу, ластауыш заттардың атмосфераға нормадан жоғары шығарындысы, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысынсыз нысандарды жабдықтауды және олардың құрылысын жүргізу, шекті рауалы шығарындының белгіленген нормативтерін сақтау бойынша кәсіпорындағы ластауыш көздерінің құралдық қадағалауының, өндірістік мониторинг және бақылаудың болмауы және т.б.;
- жер қойнауын, су қорларын қорғау бөлігінде – нормаланбаған төгінділер, қоршаған ортаны ластау төлемдерін енгізу ережелерін бұзу, қоршаған ортаны өз бетінше ластау, жер қойнауын пайдаланушылардың келісім шарттарын орындамауы, экологиялық талаптарға қатысты және т.б.;
- жер қорларын қорғау бөлігінде – топырақтың өндіріс және тұтыныс қалдықтарымен, химиялық заттар және материалдармен, іркінді сулармен ластануы, бұзылуы, топырақтың сортаңдануы;
- қалдықтарды орналастыру және залалсыздандыру бөлігінде – қалдықтарды қоймалау ережелерін бұзу, тұрмыстық және өндіріс қалдықтарын арнайы бөлінбеген және жабдықталмаған жерлерде орналастыру. ¤ткен жылы келесі кәсіпорындар тексерілді: “Южполиметалл” өндірістік Корпорациясы АҚ, “Петро Казакстан Ойл Продактс” ЖШС, “3-Энергоорталық” АҚ, “Химфарм” АҚ, “Су ресурсы-Маркетинг” ЖШС, “Шымкентцемент” ААҚ, “СП Инкай” ЖШС, “Бетпақ-Дала” ЖШС, “Волковгеология” ГБЭ-7” АҚ.
2006 жылдың басынан бері кәсіпорындар мен нысандарда 2722 тексеріс жүргізілген, 997 заң бұзушылық анықталған, заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 9035,879 мың теңгеге 671 айыппұл салынған, жалпы сомасы 45885,128 мың теңгеге 95 шағым және талап жасалынған. Әкімшілік айыппұлдың қайтарылымы 100 пайызды құрайды. Бұл өткен жылғы шығын деңгейіне алынған сомамен салыстырғанда 136 пайызды құрайды.
2007 жылдың 1 тоқсанында жалпы саны 235 кәсіпорын тексеріліп, 218 заң бұзу фактілері анықталған. 229 нұсқама беріліп, оның 70% орындалған. 3478,43 мың теңге сомасында 195 әкімшілік айыппұл салынып, 121 әкімшілік айыппұлдан 1939,6 мың теңге қайтарылған. 19 ескерту берілген. 700,8 мың теңге сомасында 12 нұсқама берілген. Сотқа 15929,987 мың теңге сомасында 2 шағым жіберілген. 4621,6 мың теңге сомасындағы 1 шағым қанағаттандырылған. 6 жеке кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылған.
“Южполиметалл” өндірістік Корпорациясы АҚ-да жүргізілген тексеріс нәтижесінде жалпы сомасы 989,73 мың теңгеге 21 әкімшілік айыппұл салынып, 405,2 мың теңгеге 4 талап қойылған.
Облыста тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және залалсыздандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету жақсы дамымаған, қоқыстарды жинау және тасымалдау бойынша арнайы және техникалық жабдықталған қызмет жеткілікті мөлшерде емес, тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру мәселесін жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобалар қажетті деңгейде дайындалмайды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар жүргізіліп отырады.
Сондай-ақ, фосфор және қорғасын зауыттары жұмыс істеп тұрған жылдары жиналған және де Шымкент, Кентау қалаларындағы полиметалл кендерін байытуда түзілген өндірістік және радиоактивтік қалдықтарды, оның ішінде иондандырылған сәулешығару көздерін залалсыздандыру мәселелері орын алған.[7]


I –тарау. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің түсінігі және жалпы сипаттамасы

1.1.Қоршаған ортаға келтірілген зиянның ұғымы мен ерекшеліктері
Экологиялық зиян ұғымын белгілеу, оның жалпы сипаты мен ерекшеліктерін айқындау проблемасы бүгінгі таңда әлеуметтік және құқықтық зор мағынаға ие болып отыр. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда ол қоршаған ортаның ауыр күйімен байланысты. Соңғы кездері қоғамдық экологиялық қатынастарға қол сұғудың әлеуметтік заңдылығының елеулі түрде өзгергені күмән тудырмайды, қайта ол келтіретін зиянның сипаты күрделене түсіп, іс жүзінде әр қырынан танылып отыр. Кей жағдайларда оның жағымсыз салдары ұзақ уақыттан кейін және мүлдем өзге аумақта пайда болуы ықтимал. Бұл оның шекарамен теңдесетін табиғатын танытады.

Сонымен бірге, экологиялық құқық теориясында экологиялық зиян ұғымын зерттеуге көп мән берілмеуде.

“Экологиялық құқық бұзушылық” және “экологиялық зиян” ұғымдарын теориялық тұрғыдан терең зерттеу қажеттілігіне 80-ші жылдардың басында белгілі ғалым С.Б.Байсалов назар аударған. [8] Қазақстандық құқықтық әдебиетте экологиялық құқық бұзушылық үшін жауапкершілік мәселелері бойынша жекелеген зерттеулер шығып, онда қаралып отырған мәселенің кейбір аспектілері өз шешімін тапты. [9] Сонымен бірге, экологиялық зиян ұғымының жалпы жұршылыққа танылған бірыңғай анықтамасы әзірше жоқ.

Экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан келтірілген зиянның ұғымы туралы мәселе тиісті құқық бұзушылық объектісі ұғымымен тығыз байланыста қарастырылады, себебі заңсыз әрекеттердің салдарынан нақ осы экологиялық ортаның өзіне зиян келтіргендіктен ол жалпы құқық бұзушылық объектісіне айналады.

Заң әдебиетінде заңсыз құқық бұзушылық болмайды деп әділ айтылып жүр, қандай да болмасын құқық бұзушылық зиян әкеледі, себебі қоғамдық қатынастар қол сұғу объектісі болып табылады.

Осыған орай, экологиялық құқық бұзушылық объектісі ұғымы жөніндегі ғалымдардың көзқарасын қысқаша қарастырып, зерделеген жөн.

Кейбіреу экологиялық құқық бұзушылық объектісі ретінде материалдық және материялдық емес игіліктерді, атап айтқанда, заң бойынша ластаудан, тозу және күйреуден қорғалатын табиғи объектілер мен кешендерді, сондай-ақ жалпы қоршаған ортаны, табиғи ортаның сапасына байланысты адамның денсаулығы мен материалдық құндылықтарды не қоршаған ортаның сапасын, басқалары-құқық қорғау мүддесін алып жүр.[10] Кейбір ғалымдар заң тұрғысынан маңызды әлеуметтік қатынастар мен оларды реттейтін құқықтық нормалардың ажырамас байланысы туралы тұжырымға негіздеп, құқық бұзушылық объектісінің құрамына заңнаманың табиғатты қорғау және табиғи ресурстар саласындағы нормаларын және олар реттейтін қоғамдық қатынастарды енгізіп отыр.

Міне, осы айтылғандар экологиялық құқық ғылымындағы осы құқықтық санат бойынша біркелкі түсініктің жоқтығын білдіреді.

Бізге экологиялық құқық бұзушылық объектісі ұғымын экологиялық сипаттағы қоғамдық қатынастардың күрделі тұтас кешені ретінде қарастырып отырған ғалымдардың көзқарасы жақын.

Мысалы, қазақстандық ғалымдардың “Правовое обеспечение рационального природопользования” атты еңбегінде экологиялық құқық бұзушылық объектісі адамның қызметі мен қоршаған ортаның арасындағы тиімді қарым-қатынасты қолдануға, табиғи байлықты сақтап, қалпына келтіруге, оларды тиімді пайдалануға бағытталған, қоғам қызметінің нәтижелерінің тікелей немесе жанама түрде табиғатқа және адам денсаулығына зиянды ықпалының алдын алатын шаралар жүйесін жүзеге асыру барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастар, сондай-ақ мемлекеттің табиғи объектілеріне жеке меншікті қорғау жөнінде қалыптасқан қатынастар ретінде берілген. [11]

Осы соңғы көзқарасты қолдай отырып, қазіргі өзгерген экономикалық және саяси-әлеуметтік жағдайлар бұл ұғымды кеңейтіп, оған субъективтік экологиялық құқықтарды (оның ішінде табиғи ресурстарға мүліктік құқықтарды) қорғау бойынша қалыптасқан қоғамдық қатынастарды қосуды талап етеді.

Сонымен, құқық нормалары арқылы реттелетін және қорғалатын, табиғи ресурстарға меншік және өзге мүліктік құқық қатынастардан, табиғатты пайдалану саласындағы басқарушылық қатынастарынан, қоршаған ортаны зиянды әсерден қорғау жөніндегі қатынастардан, субъективтік экологиялық құқықтарды және адам мен азаматтың заңды құқықтарын қорғау жөніндегі қатынастардан тұратын, жалпы қоршаған орта мен оның жеке құрамдары бойынша қоғамдық қатынастардаң жиынтығы экологиялық құқық бұзушылық объектісі болып табылады.

Мұндай түсінік экологиялық заңсыз әрекет нәтижесінде жағымсыз әсер алуы мүмкін алуан түрлі әлеуметтік қатынастардың тұтастай кешенін қамтиды.

Экологиялық құқық саласындағы мамандар экологиялық құқық нормаларымен тыйым салынған әрекеттер жасалған кезде экологиялық қатынастарға зиян, әдеттегідей, сол қатынастардың нысанына әсер ету арқылы жүзеге асырылады деп есептейді.[12] Осыған байланысты экологиялық құқық бұзушылықтың объектісі мен нысанасының арақатынасын анықтау қажеттілігі туады.

Қоғамдық қатынастарға себеп болған құбылыстар сол қатынастардың нысанасы болып табылады және оның субъектілерінің танымдық және практикалық қызметі жүзеге асырылады. Экологиялық қатынастар нысанасы әрқашанда материалдық нысанан екені белгілі, себебі қоршаған орта мен оның құрамы материалдық қабаттан тұрады.

Экологиялық құқық бұзушылық объектісі мен нысанасының айырмашылығы мынада: заң материалдық дүниенің заттарын емес, қоғамдық қатынастардың элементтері ретіндегі заттарды (мүлікті) қорғайды, және оларға қол сұғу тиісті қоғамдық қатынастарға қол сұғу болып табылады. Сондықтан біз қоршаған ортаны және оның құрамын экологиялық құқық бұзушылық объектісі ретінде қарастыратын авторлармен келісе алмаймыз.

Демек, жалпы табиғат объектілері мен қоршаған орта материалдық, басқаша айтқанда, заттай объектілер болып табылады. Олар арқылы экологиялық құқық қатынастары қарым қатынастарын белгілі бір қырлары мен қасиеттері танылады.

Құқықтық қорғауға алынған табиғи объектілердің шеңбері ҚР Экологиялық кодексінің 1-бабында белгіленген. Оларға: атмосфералық ауа, су, жер, оның қойнауы, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ климат жатады. [13]

Табиғи объектілердің қоршаған ортаның ажырамас құрамы ретінде міндетті түрде мынадай белгілері:


  1. табиғи жаратылысы;

  2. экологиялық жүйелермен өзара байланысы болуы тиіс.

Бұл белгілерінің екіншісінің анықтаушы маңызы бар, себебі заңсыз әрекетті экологиялық құқыққа қарсы әрекеттер қатарына жатқызу үшін ол жасалған кезде құқыққа қарсы әрекеттің заты қоршаған ортамен өзара табиғи байланыста болуға тиіс. Бұл белгі бойынша үй жануарларын ұрлауды, зоопарктегі жабайы аңдарды жоюды және т.б. экологиялық құқық бұзушылықтарға жатқызуға болмайды.

Жоғарыда айтылғандардың маңыздылығына қарамастан, осы санатпен байланысты мәселеллер мұнымен шектелмейді. Осы орайда “экологиялық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген зиян” және “экологиялық зиян” ұғымдарының ара қатынасын ашып көрсету қажет.

Бұл үшін кейбір бастапқы ережелерді анықтап алайық. Біріншіден, заңмен қорғалатын кез келген қоғамдық қатынастарға қол сұғудың негізгі құқықтық тәртіпке келтірілген зиян. Демек, экологиялық құқық бұзушылық жасау барлық жағдайда жалпы экологиялық құқықтық тіртіпке зиян келтіреді, ал оны біз экологиялық құқық нормаларымен бекітілетін және реттелетін қоғамдық қатынастардың ұйымдастырылуы деп түсінеміз.

Сонымен бірге, жекелеген жағдайларда құқықтық нормалармен қатар субъективтік құқықтар бұзылып, құқық бұзушылықтың нысаны – нақты мүліктік және мүліктік емес игіліктердің маңызы төмендетіліп жатады.

Сондықтан, заң әдебиетінде зиянның екі түрі көрсетіледі – заң-әлеуметтік және нақты зиян. Бұл орайда, нақты зиян (субъективтік құқықты бұзу, мүліктік немесе мүліктік емес игіліктердің маңызын төмендету) болмаса да, заң-әлеуметтік маңызы бар зиянның туындауы мүмкін екендігіне назар аударылады.

Сонымен, заңға қарсы әрекет салдары ретінде экологиялық-құқықтық нормалармен қорғалатын қоғамдық қатынастарды бұзушылық экологиялық құқық бұзушылық объектісіне келтірілген зиянның әлеуметтік сипатын ашып көрсетеді. Сондай-ақ, экологиялық құқық бұзушылық нысанасына тікелей жағымсыз әсер еткен жағдайда, мұндай әрекеттер өзінің физикалық сипаты бойынша материалдық болып, заттай объектілерді бұзу немесе жою арқылы танылады.

Осы зерттеулерге сүйене отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: кез келген құқықтық экологиялық талаптарды бұзушылық қоршаған ортаға оның сапасын нашарлату немесе санын азайту арқылы нақты зиян келтіре бермейді.

Жоғарыдағы айтылғандардың негізінде экологиялық құқық бұзушылық арқылы келтірілген зиянды былай топтастыруға болады;

1) жалпы экологиялық құқықтық тәртіпке келтірілген зиян (заң-әлеуметтік мағынадағы зиян);

2) қоршаған ортаның сапасын нашарлату немесе сандық көрсеткіштерін азайту арқылы келтірілген нақты зиян.

Экологиялық құқық бұзушылықтар арқылы келтірілген нақты зиян да өзінің құрылымы бойынша біркелкі емес. Біздіңше, кейбір экологиялық заңдарды бұзушылық, мысалы, заңсыз аң, құс, балық аулау, заңсыз ормандағы ағаштарды кесу және т.б., қоршаған ортаның сапасы және экологиялық тепе-теңдікті сақтау тұрғысынан жағымсыз экологиялық салдарға соқтырмайды, бірақ табиғи ресурстардың меншік иесі-мемлекетке немесе жекелеген табиғат пайдаланушыға мүліктік зиян келтіреді.

Сондықтан, мұндай зиянды топтастыру үшін қоршаған ортаға келтірілетін жағымсыз әсерлердің экологиялық тұрғыдан неғұрлым маңыздыларын егжей-тегжейлі қарастырған жөн.

Экологиялық зиян, біріншіден, қоршаған орта күйінің сапасына келтірілетін болғандықтан, оның сипаттамасын берер алдында құқықтық қорғау нысанасының дұрыс, бұзылмаған қалпының сипаттамасын беру керек. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның сапасы түсінігін беру керек.

Заң әдебиетінде қоршаған ортаның сапасы мәселесі туралы біраз айтылып жүр. Кейде қоршаған ортаның сапасы деп адам мекендеген орта ішіндегі, адам мен оның мекендеген ортасы арасындағы заттар мен қуаттардың үнемі және тұрақты түрде алмасуы қабілетін сақтаған, шаруашылық қызмет барысында жетілдірілген және өзгерген табиғи экологиялық жүйелердің күйі деп түсіндіріледі. Кейбір авторлар қоршаған ортаның сапасы биологиялық, химиялық және өзге де қасиеттермен белгіленеді деп көрсетеді, үшіншілері оны-табиғи ортаның нормативтік жағынан бекітілген, мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген, адам мен қоғамның дамуының осы кезеңінде олардың биологиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени талаптарын қанағаттандыратын жиынтығы деп нақтылай түседі.

Біздің ойымызша, қоршаған ортаның сапасы төмендегі өлшемдердің жиынтығымен сипатталады.

1. Биологиялық тұрғыдан алып қарағанда, қоршаған ортаның адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы күйі оның сапасының өлшемі болып табылады. Табиғаттағы құбылыстар мен процестердің өзара байланысы мен өзара шарттасуын ескерсек, адам өзінің мекендеген табиғи ортасымен өзара әрекеттеседі. Адамның табиғи физиологиялық - дем алу, шөл басу, тамақтану сияқты қажеттіліктерін табиғаттың жеке элементтері тікелей қанағаттандырады. Ал, бұл-қоршаған ортаның биологиялық тұрғыдан тазалық (ластанбаған) өлшеміне сәйкес келу қажет екенін білдіреді.

2.Табиғи байлықтар өздерінің экономикалық қасиеттеріне және белгілі экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты адамдардың әртүрлі материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру көзі болып табылады. Осының салдарынан адамның минералды ресурстарды, өсіидіктер мен жануарлар өнімдерін пайдаланбауы мүмкін емес, ал бұл қоршаған ортаның кейбір құрамының санының азаюына әкеп соқтырады. Нәтижесінде сапалық өзгерістер (экологиялық тепе-теңдіктің, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, т.с.с.) туындауы мүмкін. Алайда жаңартылатын табиғи ресурстарды олардың өзінен өзі қалпына келуінің табиғи жолдарын есекере отырып, оларды ақылмен және ғылыми негізде пайдалану немесе жаңартылмайтын табиғи ресурстарды тұтынудың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан негізделген режимі қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына шектеу болар еді.

Сонымен, экономикалық тұрғыдан қоршаған ортаның сапасы адамзаттың даму барысына көбейе түсетін материалдық қажеттіліктерін (өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, энергетика, көлік т.б.) қанағаттандыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан, қоршаған ортаның қолайлы күйінің экономикалық көрсеткіштері оның ресурстарының сыйымдылығы (бітпеушілігі) және табиғи ресурстарының өндірушілік қабілеті.

3.Әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қоршаған ортаның сапасы адамның эстетикалық, рекреациялық, ғылыми, мәдени қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс, себебі табиғатпен қарым-қатынас барысында адам өзінің физиологиялық және материалдық қана емес, сонымен бірге рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады. Бұған осы орайда қоршаған ортаның сапасын алуан-түрлілік және эстетикалық байлық сияқты өлшемдерге жауап беруі қажет.

4.Құрылымдық функционалдық тұрғыдан алып қарағанда қоршаған орта экологиялық орнықтылық (экологиялық құрамдастардың балансы), табиғи экологиялық байланыстардың сақталуы сияқты өлшемдерге сәйкес келуге тиіс.

Сонымен, қоршаған орта сапасының өлшемдеріне:

1) қоршаған ортаның тазалығы (ластанбағандығы);

2) табиғи ресурстардың сыйымдылығы (бітпеушілігі) және табиғи ресурстардың өндірушілік қабілеті;

3) алуан түрлілік және эстетикалық байлық;

4) экологиялық орталық және табиғи экологиялық байланыстардың сақталуы жатады.

Бұл қоршаған орта келтірілетін зиянның құрылымына не әлеуметтік-мәдени, не экономикалық, не биологиялық аспектілердің барын білдіреді. Сондай-ақ олардың жалғаса пайда болуы мүмкін. Экологиялық тепе-теңдіктің жоғалуына әкеп соқтыратын, табиғи экологиялық байланыстардың құрылымдық-функционалдық бұзылуы экономикалық және (немесе) биологиялық аспектілердің деңгейіне байланысты.

Бұл орайда, жоғарыда аталған аспектілердің кез келгені жалпы қоғам үшін және жекелеген табиғат пайдаланушы үшін міндетті түрде жағымсыз материалдық салдарға әкеп соқтыратынын атап көрсеткен жөн, ал ол табиғи объектілерді қайта өңдеуге және жақсартуға бұрын жұмсалған қаражаттарды, көзделген табысты жоғалтуға, оны қалпына келтіру үшін шығындануға мәжбүр етеді. Сондықтан біз А.Хаджиевтің экологиялық зиян келтірген кезде оның соңының міндетті түрде жағымсыз экономикалық салдардың ере жүретіні туралы пікірін толық қуаттаймыз.[14] Алайда, біз оның табиғатқа келтірілген экономикалық зиянның экологиялық зардаптар келтіре алмайтыны туралы тұжырымына келісе алмаймыз.

Мысалы, аулауға рұқсат етілген жануарлар, құстар, балықтардың табиғи ортасында оларды заңсыз аулаудың салдарынан келтірілген зиянның экологиялық өлшемдері жоқ. Мұндай әрекеттердің заңсыздығы тиісті рұқсат қағаздарының болмауында, сондықтан бұл жерде жағымсыз экологиялық салдардың пайда болуы туралы айтуға ешқандай негіз жоқ. Б.Г.Розовский айтқандай, бір атылған броконьерлік оқ болашақта биосфераның өзгеруіне әкеп соғады десек, шындыққа қарсы шығамыз.

Сондықтан табиғи ресурстар санының азаюына әкеп соқтырған (отауға және сатуға арналған орман алқаптарының жойылуы, т.с.с.) нақты зиян олардың жүдеуіне немесе өзге жағымсыз экологиялық салдарға әкеледі деуге болмайды. Мұндайда мемлекетке немесе табиғат пайдаланушыға келтірілген мүліктік зиян туралы айтқан жөн.

Бұл көзқарасты Д.Л.Байдельдинов те қолдайды. Ол табиғатқа келтірілген зиянды екі дербес: экономикалық және экологиялық зиянға ұсынады. «Экономикалық зиян табиғат пайдаланушылардың мүліктік мүддесін қозғайды және заттандыруға келеді. Мұндай зиянның орнын толтыру жалпы азаматтық-құқықтық жауапкершілік негіздер бойынша жүргізіледі.Экологиялық зиян табиғаттың хал-ахуалын қозғайды… Экологиялық зиянның салдарын жою үшін ақшалай төлемдер емес, табиғи объектіні бастапқы қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуі қажет.»[15]

Сонымен, экологиялық зиян деп қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзудың нәтижесінде қоршаған ортаның жай-күйі сапасының нашарлауын немесе жағымсыз экологиялық салдарға әкеп соқтыра алатын оның санының азаюын, сондай-ақ осымен байланысты заңмен қорғалатын материалдық және материалдық емес игіліктердің, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығының азаюын ұғынған жөн.

Қоршаған ортаның қандай да болмасын жекелеген құрамына жағымсыз әсер оның жалпы жай-күйінің әсер ететіндіктен жеке табиғи объектілерге зиян келтіру туралы тікелей айтылмайды. Сондықтан табиғи объектіге келтірілген зиян қоршаған ортаға келтірілген зиянның түрі болып табылады.

Экологиялық зиянның ерекшеліктерінің анық көрінетініне ғалымдардың барлығы ортақ.

Біріншіден, жағымсыз антропогендік әсер көбіне нақты табиғи объектіге тікелей зиян келтіріп қана қоймай, онымен байланысты басқа да объектілерге немесе жалпы қоршаған ортаға зиян келтіреді. Бұл бұзылған жойылған объектінің барлық табиғат жүйесімен экологиялық байланыстардың жойылуына әкеп соқтырады.

Табиғи-ғылыми тұрғыдан табиғат орта қолдан өзгертілген кез келген жағдайда жасанды өзгерісті немесе жаңа табиғи жүйелерді жоюға бағытталған, бір-біріне тізілген табиғи реакциялар пайда болады.

Сонымен, қоршаған орта элементтерінің өзара байланысына және өзара тәуелділігіне негізделген зиянды салдар «тізбекшісінің» туындау мүмкіндігі – экологиялық зиянның ерекшелігі болып табылады.

Екіншіден, зиянды салдардың барлығы бірден біліне бермейді, олардың көбі потенциялды сипатта.

Үшіншіден, экологиялық зиянның маңызды бір ерекшелігі – оны экономикалық тұрғыдан бағалау үшін алдымен жағымсыз антропогендік әсер салдарының көлемін анықтау қажет. Сондықтан, тап сол кезеңдегі ғылыми-техникалық мүмкіндіктерге сәйкес анықталып, көлемі белгіленген жағымсыз өзгерістерді ғана экологиялық зиян деп тануға болады.

Төртіншіден, экологиялық зиянның пайда болуының ерекше нысандары бар. Олар туралы төменде айтылады.

Экологиялық зиянның пайда болу нысандары алуан түрлі.

Ол адам мекендеген қоршаған табиғи ортадағы сан мен сапалық шығындар арқылы байқалады. Қоршаған ортаның немесе оның жеке объектілерінің ластануы; олардың бұзылуы немесе жойылуы (яғни, олардың сан немесе сапалық жағынан ішінара немесе толық жарамсыз болуы); ортаның тозуы және оның компоненттері арасындағы экологиялық байланыстардың бұзылуы (табиғи объектілер және жалпы қоршаған орта қызметінің азаюы немесе жоғалуы, жойылуы) арқылы байқалады.

Сонымен, экологиялық зиянның негізгі түріне: табиғи ресурстарды ластау тоздыру, жою, бұзу, табиғи экологиялық ресурстарды бүлдіру жатады.

Қоршаған ортаны ластау «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде» қоршаған ортаға ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістердің және өзге зиянды физикалық ықпалдардың әсері деп белгіленеді.

Қоршаған ортаны ластаудың негізгі түрлері – физикалық, химиялық, биологиялық ластау.

Физикалық ластау қоршаған ортаның физикалық өлшемдерінің температуралық-энергетикалық (жылумен ластау), толқынды (жарық, шу, электромагнитті ластау) өзгерістерімен байланысты.

Жылумен ластау – температураның табиғи деңгейден кезең-кезеңімен немесе ұзақ мерзімге көтерілуі.

Жарықпен ластау - өсімдіктер мен жануарлар өміріндегі құбылыстарға әкеп соқтыруы мүмкін жасанды жарық көздерінің әсері нәтижесінде мекендердегі табиғи жарықтың бұзылуы.

Шумен ластау – көлік, өнеркәсіптік құрылыстар, тұрмыстық құралдар жұмысының нәтижесінде және т.б. себептерден табиғи шу деңгейінен асу және шу сипаттамаларының (дыбыс мерзімділігінің, күшінің қалыптан тыс өзгеруі.)

Электромагниттік ластау қоршаған ортаның электромагниттік қасиеттерінің (электр, радио, ТД жүйелерінен және т.б.) өзгеруі нәтижесінде туындайды. Электромагниттік ластау кең ауқымды және жергілікті құбылыстарды туғыза отырып, электрондық жүйелер жұмысының бұзылуына және нәзік клеткалық және молекулярлық биологиялық құрылымдардың өзгеруіне әкеліп соқтырады. Электромагниттік өзгерістерден қорғалудың негізгі тәсілі – ластау көзінен қауіпсіз ара қашықтық белгілеу қажет. Электромагниттік толқындар көбіне ғимараттар қабырғалары мен төбелерінің материалдары арқылы сіңіріліп, шағылысады.

Радиоактивтік ластау - қоршаған ортадағы элементтер мен заттардың табиғи радиоактивтік ахуал мен деңгейден асып кетуімен байланысты (бұл ретте радиоактивтік ластау физикалық және химиялық ластау ретінде бірдей қарастырылуы мүмкін). Ядролық реакторлардың жұмысы, сондай-ақ изотоптарды өндіру және қолдану барысында пайда болатын қолданылмайтын радиоактивтік заттар – радиоактивтік қалдықтар болып табылады. Радиоактивтік қалдықтарға сондай-ақ радионуклидтер құрамы белгіленген нормадан асып, өз қорын игерген және әрі қарай қолдануға келмейтін материалдар, бұйымдар, құрал-жабдықтар немесе зақымданған радионуклид көздері жатады. Физикалық жай-күйі бойынша радиоактивтік қалдықтар шаң-газ тектес, сұйық және қатты, ал белсенділігі бойынша баяу, орташа және жоғары белсенділерге бөлінеді. Шаң-газ тастандылары радиоактивтік аэрозольдардан тазалау шаң ұстағыштардың барлық түрлерін қолану арқылы жүзеге асырылады. Баяу және орта белсенді суларды радионуклидтерден тазалау үшін әртүрлі тәсілдер қолданылады (буындыру, ион алмасу, сорбиялық тәсілдер және т.б.). Радиоактивтік қалдықтар арнайы полигондарда мұқият көмілуге тиіс. [16]

Химиялық ластау - қалыпты қоршаған ортада жоқ немесе оның табиғи құрамын қалпынан арттырып өзгертетін үлы заттардың оған енуі нәтижесінде қоршаған ортаның табиғи химиялық қасиеттерінің өзгеруі.

Құрамында қоршаған ортаға енген кезде оған тікелей немесе жанама түрде, қолма-қол немесе келешекте қоршаған ортаға зиян келтіре алатын заттарды немесе қоспалары бар органикалық немесе органикалық емес химиялық зат, қоспа немесе өнім улы зат болып табылады. [17]

Мысалы, мұнай өңдеу барысында жанар май жағылған кезде қоршаған ортаға құрамында физиологиялық тұрғыдан белсенді азот, сера, көміртегі бар газдар шығарылады, ал олар орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, тұншықтыруға, қан қысымының түсуіне әкеп соғады. Сонымен бірге, су, топырақ және атмосфералық ауа күйіндегі химиялық өзгерістер ақыр соңында жануарлар мен өсімдіктердің өзгеруіне әкеледі.

Биологиялық ластау аз зерттелген ұғым. Сондықтан оның жалпы танылған түсінігі жоқ. Бұл жерде жануарлар санының (биомассаның) табиғи қалыптан артып, көбеюі, сондай-ақ табиғи ортаға бұрын болмаған жануарлардың пайда болуы туралы айтылуда. Биолигиялық ластау салдары адам үшін зиянды арам-шөптердің, жәндіктер мен жануарлар санының күрт өсуі арқылы білінеді. Жоғарыда айтылған биологиялық объектілердің кейбірінің жұқпалы ауруларға шалдықтыратыны қосымша қауіп төндіреді. Қоршаған ортаға зиянды биологиялық әсердің өзге де салалары пайда болуы мүмкін: кей жануарлар өрісінің көбеюі жемшөп қорының тозуына, ал ақыр соңында – жерлердің шөлге айналуына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да, “Жануарлар дүниесін қорғау, өсімдіктерді молайту және пайдалану туралы” ҚР Заңында жануарларды жаңа мекендеу орындарына көшіру, фауна үшін жануарлардың жаңа түрлерін жерсіндіру, жануарларды қайта жерсіндіру және будандастыру, Қазақстанға енгізу және одан тыс шығару тек ғылыми-зерттеу институттарының тиісті қорытындылары ескеріле отырып, рұқсат алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Биотехнология мен тек инженериясының дамуы – агрессивті микроорганизмдердің қоршаған ортаға келіп түсу мүмкіндігі де жаңа экологиялық қауіп төндіруде.

Табиғи ресурстардың жекелеген түріне қатысты олардың ластануы ұғымы арнайы құқықтық-нормативтік актілерде жан-жақты берілген.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 27 маусым 2007 жылғы «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалдың экологиялық ережесін бекіту туралы» №535 қаулысы бойынша антропогендік қызмет нәтижесінде қалыптық деңгейден асатын және жердің қор экономикалық және санитарлық-гигиеналық құндылығын төмендететін, ауылшаруашылық өнімнің, қоршаған ортаның өзге объектілерінің сапасын, халықтың тұрмысын нашарлататын әртүрлі заттар мен организмдердің жерде жиналуын – жерді ластау деп ұғыну қажет. [18]

Жерді ластаудың негізгі түрлеріне мыналар жатады:

- физикалық (радиоактивтік) ластау – жерлердің радионуклидтермен, оның ішінде пайдалы қазбаларды алу және өңдеу, ядролық жарылыс, ядролық қондырғыштардың жұмысы, иондық сәуле көздерін, радиоактивті заттарды сақтау және көму орындарын пайдалану, ядролық радиациялық апаттар, сондай-ақ радиоактивті заттармен байланысты өзге де қызмет нәтижесінде ластануы;

- химиялық ластау - өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, тұрмыстық және өзге де адам қызметінің ықпалымен топырақтың құнарлылығы мен сапасының төмендеуіне әкеп соқтыратын, топырақтың химиялық құрамының өзгеруі;

- биологиялық ластау – жерлердің бактериологиялық, гельминтологиялық, энтомологиялық және арамшөп-карантиндік ластануы;

- шаруашылық-тұрмыстық ластау – жерлердің өндірістік қалдықтарымен және ағынды сулармен ластануы.

Суды коммуналдық, өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, балықшаруашылық және басқа да мақсаттарда пайдалануы мүмкін болмаған жағдайда оны судың ластануы деп түсіну керек, ал нәтижесінде су объектісінің гидрологиялық күйін нашарлататын және суды пайдалануға кедергі жасайтын өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды суға тастау – суды қоқыстандыру болып табылады (ҚР Су кодексінің 100-бабы).[19]

Сонымен, шаруашылық қызмет барысында қоршаған орта міндетті түрде ластанады. Сонымен бірге, ҚР Жоғарғы сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы N16 қаулысының 9-тармағында кез келген ластанудың емес, қоршаған орта сапасының белгіленген нормативтерінен асатын ластанудың (нормативтен тыс ластау) заңды мәні болады деп түсіндіріледі.[20]

Қоршаған ортаны нормативтен тыс ластау ұғымы «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі» бекіткен «табиғат қорғау заңдарын бұза отырып қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшерін анықтаудың уақытша тәртібінде» берілген. Осыған сәйкес мемелекеттік аспаптық бақылау, талдау мен есеп айыру әдістемесі барысында анықталған шығарындылар мен тастандылардың белгіленген лимидтерден артықтығынан және ластандырғыш заттарды орналастыру табиғи ортаның нормативтен тыс ластануына әкеп соқтырады.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаға зиянды әсерлердің шектеулі өлшемдерін анықтау, сондай-ақ атмосфералық ауаны, сулар мен топырақты химиялық, физикалық және биологиялық сипаттамалар бойынша сапасын бағалау үшін экологиялық нормалау жүйесі, яғни қоршаған орта сапасының нормативтерін белгілеу жүйесі қолданылуда.

Қоғамның экономикалық және экологиялық мүдделері арасындағы шын мәнінде қажетті ымыра ретінде бұл нормативтер қоршаған ортаның сапалы күйін мүмкіндігінше ғылыми негізде қамтамасыз етуге арналған.

Экологиялық нормативтердің ерекшелігі – олар өз мәнісі бойынша техникалық нормалар бола тұра, өздері бекітілген кезден бастап күшіне енеді. Экологиялық нормативтер заң шығарушылық деңгейде («ҚР Экологиялық кодексінің» 35-42-баптары), сондай-ақ министрліктер мен ведомстволар деңгейінде бекітілетін заң актілерімен тиянақталады.

Сонымен бірге, оларды жасау мен бекітудің рәсімі заң бойынша бекітілмегендіктен, кейбір нормативтердің заңды күші жөнінде сұрақтар туындайды. мысалы, “Мұнай өнімдер” МАҚ-ның бұйрығымен бекітілген “Стационарлық, контейнерлік және жылжымалы жанармай станцияларын қолдану ережелерінің” 11.3. тармағында белгіленген жанармай станцияларының жұмыс аумағында зиянды заттардың шоғырлануы нормативтері.

Әсіресе нормаландыру принципін атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттеу кезінде қолданудың маңызы зор. Себебі ауаның ластануын бір ғана тәсілмен – нормативтерді қолдану арқылы анықтауға болады. Демек бұл ауаны қорғаудың жалғыз құралы.

Айта кететін жай, қазіргі қоршаған ортаның сапасын нормалау жүйесі мінсіз емес. Оның басты кемшіліктері – ластайтын заттар әрекеттестігінің қолданысын (кумулятивтік) ескермейді, адамдар жасаған және қолданып жатқан ластайтын заттарға (мысалы, ауаны жоғары молекулярлық биополимерлермен ластау) қатысты нормативтер жоқ.

Сонымен бірге, нормаландыру жүйесінің шартты болуына қарамастан, бүгінгі күні қоршаған ортаның ластану фактісі туралы айту үшін ол жалғыз мүмкіндік болып табылып отыр.

ҚР Экологиялық Заңының 22-бабында экологиялық нормалау қауіпсіздікке және халықтың денсаулығын қорғауға кепілдік беретін, қоршаған ортаның ластануына жол берілмеуін, табиғи ресурстардың молықтырылуы мен ұтымды пайдалануын қамтамасыз ететін қоршаған ортаға ықпал етудің ғылыми негізделген шекті жол берілетін нормаларын белгілеу мақсатын көздейді делінген.

Қоршаған орта сапасын нормалаудың негізгі түрлеріне мыналар жатады:

- қоршаған ортада зиянды заттардың жол беруге болатын шекті мөлшерде шоғырлану нормативтері;



  • шудың, тербелістің, магнит өрістері мен өзге де зиянды физикалық әсерлердің жол беруге болатын шекті деңгейінің нормативтері;

  • қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шекті мөлшерде шығарылуы және тасталу нормативтері;

  • радиациялық әсердің жол беруге болатын шекті деңгейінің нормативтері;

  • агрохимикаттарды ауылшаруашылығы мен орман шаруашылығында қолданудың жол беруге болатын шекті нормалары;

  • қорғау, санитарлық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аумақтарының нормативтері (ҚР Экологиялық Заңының 23-бабы).

Атмосфералық ауаны, суды, топырақ пен жер қойнауын ластауы ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттардың жол беруге болатын шекті мөлшерде шоғырлануының нормативтері Қазақстан Республикасы аумағының барлығына бірдей болып табылады.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасындағы жер бетіндегі суларды қорғау ережелерінде халықтың шаруашылық-ауыз су және мәдени-тұрмыстық қажеттіліктері үшін, сондай-ақ балық шаруашылығының қажеттіліктері үшін қолданылатын судың құрамы мен сапасына қойылатын жалпы талаптар көрсетілген. Осы талаптарды ескере отырып, заттардың салмағы, түсі, исі, дәмі, температурасы, рН (қышқылдыққа) реакциясы, минералдық құрамы, еріген оттегінің, ауру қоздырғыштарының болуы, улылығы сияқты көрсеткіштерді нормаландыру және бағалау жүргізіледі.

Топырақты химиялық заттардың, органикалық қоспалардың, пестицидтердің жол беруге болатын шекті мөлшерде шоғырлану деңгейі, топырақтағы ауыр металл мен күшәланың жалпы түрлерінің жол беруге болатын құрамы Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі» бекіткен атмосфераны, жер және су ресурстарын мұнай өнімдерімен, жер қабаттарының суларымен ластау және рұқсат етілмеген мұнай қоймаларын орналастыру кезінде зиянды есептеудің уақытша әдістемесінде көрсетілген.

Қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шекті мөлшерде шығарылу және тасталу нормативтері, сол аумақтағы ластаудың барлық көздері мен көлемдерін ескере отырып, ластаудың әрбір көзі бойынша нақты көлемде белгіленеді (ҚР Экологиялық Заңының 27-бабы).

´Өндірістердің сұйық, газ тектес және қатты қалдықтарын жою арнайы табиғат пайдалану құқығының бір түрі болып табылады. Ластаудың стационарлық көздері үшін, объектінің өндірістік қуаты және өзге де факторлары ескеріле отырып жеке номативтер белгіленеді.

Қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығарумен (тастаумен), сондай-ақ өндіріс қалдықтарын орналастырумен байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар табиғатты пайдалану үшін арнайы рұқсат алуы керек. Ондай рұқсатты, ҚР Қоршаған ортаны қорғау Министрінің арнайы бұйрығымен бекітілген «табиғатты пайдалануға арнайы рұқсат беру ережелерінде» көрсетілген тәртіп бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті мемлекеттік орган береді.

Қоршаған ортаны радиациялық ластаудың әлеуметтік және экологиялық салдарын ескерсек, радиациялық әсердің жол беруге болатын шекті деңгейін нормалауды тиімді етіп реттеудің маңызы зор.

Қоршаған орта мен тамақ өнімдеріндегі радиациялық әсердің жол беруге болатын шекті деңгейінің нормативтері адамның денсаулығы мен генетикалық қорына төнетін қауіпті болдырмау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында белгіленеді .

“Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы” ҚР заңының 7-бабында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік нормаландыру халықаралық стандарттарды ескере отырып, радиациялық қауіпсіздік нормаларын, санитарлық ережелер, тазалық нормативтерін, құрылыс нормалары мен ережелерін, еңбек қорғау ережелерін белгілеу, радиациялық қауіпсіздік жөніндегі әдістеме, нұсқаулық және өзге де құжаттар арқылы жүзеге асырылады деп көрсетілген.

Радиациялық әсердің шекті мөлшерлері жүйесі және оларды пайдалану принциптері Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 1996 жылғы 29 тамыздағы N14 қаулысымен бекітілген “Гигиеналық нормативтер ГН2.6.1.054-96” НРБ-96 Радиациялық қауіпсіздік нормаларымен жан-жақты реттеледі.

Радиациялық қауіпсіздік нормалары мына принциптерге негізделген:

- иондаушы сәулелендірудің барлық көздерінен азаматтардың сәуле алуының жеке мөлшерінің жол берілетін шегінен асырмау (нормалау принципі);

- иондаушы сәулелендіру көздері пайдалану жөніндегі қызметтің барлық түріне тыйым салу, бұл орайда алынған пайда адам мен қоғам үшін табиғи радиациялық ортаға қосымша сәуле алу келтіретін ықтимал зиян қатерінен аспайды (негіздеу принципі);

- иондаушы сәулелендірудің кез келген көзін пайдалану кезінде сәуле алудың жеке мөлшері мен сәуле алатын адамдар санының экономикалық және әлеуметтік факторларын ескере отырып, мүмкіндігінше төмен және қол жетерлік деңгейде ұстау (оңтайландыру принципі).

Ауыл және орман шаруашылығында агрохимикаттарды қолданудың жол беруге болатын шекті нормативтері – соңғы кезде жаңа нормативтердің бірі болып табылады. Бұрын минералды тыңайтқыштар мен улы химикаттар пайдаланған кезде олардың нормасы экономикалық қажеттіліктерге сәйкес белгіленіп, экологиялық факторлар ескерілмейтін.

ҚР Экологиялық Заңының 27-бабында ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында минералдық тыңайтқыштарды, өсімдік қорғау құралдарын, стимуляторларды және басқа да агрохимикаттарды, тамақ өнімдеріндегі топырақ пен судағы химиялық заттар қалдықтарының жол берілетін шекті норматитерінің сақталуын қамтамасыз ететін мөлшерде қолдануға жол берілетін шекті нормалар көзделген.

Жоғарыда айтылғандай, табиғат байлықтары адамның әртүрлі материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырудың көзі болып табылады. Алайда, табиғи ортаға тұтынушы тұрғысынан ғана қарау, табиғи ресурстарды табиғи биологиялық қалпына келу процестерін ескермей, шектен тыс тұтыну – оның тозып, құлдырауына әкеп соқтырады.

Сонымен, қоршаған ортаға зиян оның сапасының нашарлауы салдарынан ғана емес, оның сандық сипатының төмендеуіне әкелетін заңсыз әрекеттер, атап айтқанда, табиғат жүйесін табиғи ресурстарды шектен тыс алу немесе табиғи ресурстарды өз бетімен заңсыз пайдалану салдарынан келтіреді.

Заң шығарушылар табиғат ресурстарының жекелеген түрлеріне олардың тозуы ұғымын береді. мысалы, белгілі бір аймақ шегінде жер беті су ағысының ең төмен щегінің азаюы немесе жер асты сулары қорларының қысқаруы сулардың сарқылуы болып табылады (ҚР Су кодексінің 105-бабы).

Табиғи ресурстарының тозуына жол бермеу мақсатында ҚР Экологиялық Заңының 15-бабында табиғат пайдалану лимиттері мен квоталарын белгілеу көзделген.

Табиғат пайдалану лимиттері мен квоталары экологиялық шектеулер жүйесі болып табылады. Олар табиғи ресурстарды шектен тыс пайдаланудың (алып қоюдың), қоршаған ортаға ластайтын заттардың шығарылуы мен тасталуын, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастырудың табиғат пайдаланушыларға белгілі бір мерзімге белгіленген көлемі болып табылады.

Жер туралы және жер қойнауы туралы заңдарда жер және (оның тозуының алдын алу құралы ретінде) пайдалы қазбаларды пайдаланудың нормалары әлі де дамыған жоқ.

Табиғи ресурстарды өз бетімен пайдалану салдарынан мемлекетке келтірілетін зиян екі сипатта болады. Арнайы табиғатты пайдалануға қатысты енгізілген рұқсат алу тәртібі тиісті құқықтық қатынастарды реттеу, оның ішінде табиғи ресурстарды тұтыну мен олардың қалпына келуінің табиғи процесі арасындағытиімді арақатынасты белгілеу мақсатымен жасалған. Сондықтан, бұл тұрғыдан табиғи ресурстарды рұхсатсыз пайдалануды белгілі бір жағдайларда табиғи ресурстардың тозуына әкеп соқтыратын әрекеттер ретінде қарастыруға болады. Екінші жағынан, нақты бір құқық бұзушылыққа қатысты мемлекет мүддесіне экологиялық зиян емес, экологиялық заңдарда көзделген төлемдерді алмай қалу арқылы білінетін, мүліктік зиян келтірілгені туралы айтуға болады.

Табиғи ресурстарды бүлдіру және зақымдау ұғымдарының заң тұрғысынан түсінігі ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бекіткен “Табиғатты қорғау заңын бұзушылық арқылы табиғи ортаға келтірілген зиянның мөлшерін анықтаудың уақытша тәртібінде” берілген.

Табиғи ресурстарды жою, олардың қалпына келтірілуі мүмкін емес, әлде арнайы жұмыстарды талап ететін (жердің өңделуін, орманның көшеттелуін, түбі тазартылатын және басқа да жұмыстар), оның ерекше шаруашылық, тауарлық, ландшафтты-дем алатын орнын және эко-жүйелік (су реттеу, топырақ қорғау, климат жасау және басқа) құндылығын толық жоғалту деп саналады.

Мысалы, механикалық әсердің кейбір түрлері (арық қазу, ауыр көліктердің жүруі және т.б.) топырақтың құнарлы қабатын бұзуға немесе толық бүлдіруге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Табиғи ресурстардың зақымдануы деп саналатын, олармен ішінара, олардың ерекше құндылығы, оны қалыпқа келтіруге рұхсат етілген жұмыстарын тездеп жүргізуде жіберілетін, әлде табиғат ресурстардың өздігінен қалпына келу әрекеті.

Жер туралы заңнамада жерді зақымдаудың ерекше тәсілдері ретінде оларды тиімсіз пайдалану көрсетіледі. Тиімсіз пайдалану деп – жағымды нәтижелер алу мақсаттарын орындамай (топырақ құнарлылығының нашарлауына әкеліп соқтыратын ауыл шаруашылық өндірісінің тиімсіз технологияларын пайдалану т.с.с.), сондай-ақ жерді су және жел эрозиясынан, селден, сазданудан, қайта сорланудан, кебуден, тығыздалудан қорғау жөніндегі талаптарды орындамай шаруашылық жүргізуді түсіну қажет.

Экологиялық тепе-теңдік пен табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы-экологиялық зиянның ең ауыр түрі болып табылады.

Экологияда зат-энергетикалық әрекеттестіктер негізінде біріккен тірі организмдер мен олардың мекендейтін ортасы жиынтығын экологиялық жүйе деп түсінеді.

Экологтар мұны микроэко жүйеге (мысалы, шіріген ағаш), мезоэко жүйеге (орман, тоғай) және макроэко жүйеге бөлінеді. Биосфера - ғалымдық экологиялық жүйе болып табылады.

Экологиялық тепе-теңдік дегеніміз – осы жүйенің бүтіндігі мен ұзақ және тұрақты өмір сүруін қамтамасыз ететін құрамдарының белгілі бір сан және сапа қатынасымен сипатталатын экологиялық жүйенің жай-күйі.

Экологиялық тұрақтылық деп экологиялық жүйенің сыртқы және ішкі (оның ішінде антропогендік) факторлар әсеріне қарамастан, өз құрылымын және функционалдық ерекшеліктерін сақтауға қабілетін ұғыну керек.

Экологиялық тепе-теңдіктің және экологиялық жүйелердің бұзылуы қоршаған ортадағы жағымсыз өзгерістердің ең тұрақтысы, оны жою мүмкін емес не ол үшін көп жылдар қажет.

Міне, экологиялық зиянның негізгі түрлерінің жалпы сипаттамасы осындай. Оның ерекшеліктерінің экологиялық құқық бұзушылық әрекеттерді дәрежелеуге маңызы зор.

Қазақстан халқы денсаулығының нашарлауына, аурулар мен өлімнің артуына, орташа өмір ұзақтығының қысқаруына негіз болып отырған фактордың бірі – ластанған қоршаған ортаның жағымсыз әсері.

Медико-гигеналық зерттеулердің дәлелдері бойынша аурулардың 80 пайызына және халық арасындағы өлімнің 20 пайызына себеп болып отырған қоршаған ортаның экологиялық қолайсыздығы.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы – ең көкейкесті мәселе болып отыр.

“Халық денсаулығы” мемлекеттік бағдарламасында мынандай ақпарат бар:

- тек негізгі өндіріс көздері Қазақстанның ауа бассейініне жыл сайын 6 млн. тонн ластайтын заттар тастауда;

- шаруашылық қызметінің нәтижесінде барлық өзендер мен су объектілерінің гидрохимиялық, гидробиологиялық, санитарлық тәртібі қатты өзгерген;

- топырақтағы металдың шоғырлануы жол беруге болатын деңгейден 10 есе асқан техногендік аймақтар құрылуда;

- радиоактивтік қалдықтар оларды көму үшін жағдайдың жоқтығынан жиналуда, сәуле шығарушы көздерді ұрлау, жоғалту және бағыты бойынша пайдаланбау салдарынан радиациялық апаттардың саны өсуде;

- қоршаған орта объектілері күйінің нашарлауы тамақ өнімдері сапасының нашарлауына әкеп соқтырады, халықтыі дені тиімсіз және жеткіліксіз тамақтануда;

- ауыз судың микробиологиялық және химиялық ластануы өсуде, су арқылы келетін жұқпалы аурулардың деңгейі жоғары. [21]

Денсаулыққа келтірілген экогендік зиянды өтеу – заң тұрғысынан алып қарағанда күрделі мәселе. Заңгерлердің көбі мұның себебеін сондай зиянның туындау және пайда болу еоекшелігінде деп тануда. Туындау көзі бойынша ол экологиялық, ал пайда болу сипаттамасы бойынша – антропологиялық (адамға қатысты) болып табылады. Сондықтан оны өтеу азаматтық заңдардың денсаулыққа келтірілген зияны туралы ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

Медициналық тұрғыдан алғанда денсаулық дегеніміз – толық физикалық, психикалық және әлеуметтік қолайлы жағдайдың объективті күйі және оны субъективті сезіну. Қоршаған орта сапасының нашарлауы адам организімінің бейімделу мүмкіндіктерін төмендетіп, оның салдарынан денсаулық бұзыла бастайды.

Ластанған қоршаған опртаның жағымсыз әсері бар аурулардың ағымын жеделдетуге және оның пайда болуына тікелей себеп бола алады.

Мысалы, кез келген қолдан жасалған дыбыстардың нәтижесінде адамның тез шаршап қалуына, ақыл-ой белсенділігінің бәсеңдеуіне еңбек өнімділігінің төмендеуіне, дене және жүйке ауруларына әкеп соқтыратын күш арқылы ластау деп қарастыруға болады. Шу деңгейі 110 дБ-дан жоғары болған жағдайда ол “шудан мас болуға”, одан сол есту қабілетін жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін. Шуға бейімделу мүмкін емес.

Мұнай өңдеу және жанармай жағу барысында пайда болатын газдар құрамында азот оксидтері (жартылай оксидтер, оксидтер, азот ангидридтері, диоксид, тетраоксид және азоттық ангидридтер) болады. Барлық азот оксидтері физиологиялық тұрғыдан өте белсенді. Азоттың жартылай оксидтері оттегімен араласқан кезде әлсіз есірткінің дәрежесіне жетеді, ал одан жоғары деңгейде шоғырланған кезде қабындырып тұншықтыруға әкеп соғады. Азот оксиді орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, көп мөлшерде оксигемоглабинді метогемоглабинге айналдырады. Азот диоксидтері мен тетраоксидтері өкпені кей жағдайларда оларды ісіндіріп, қан қысымын төмендетуі мүмкін. Атмосферадағы азот оксидтері бұған қоса созылмалы аурулардың асқынуына ықпал етеді.

Қоршаған ортаның ауыр металдармен, фтормен және бензапиреннің қоспаларымен ластануы дем алу органдары, бауыр қуық ауруларына жол ашады.

Құрамында бром, бор, магний жоғары хлорид-натрий суларын ұзақ пайдалану жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларына негіз болады.

Қоршаған ортаны улы заттармен ластау нәтижесінде адам денсаулығы үшін қысқа мерзімді және ұзақ мерзімде де салдар пайда болуы мүмкін.

Ластанған қоршаған орта адамға тікелей не биологиялық буын арқылы әсер етеді:

1-кесте


Ластайтын заттар



Тасымалдау ортасы: ауа,су

Шоғырлану және сақталу ортасы :

топырақ, түзілген қалдықтар.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет