Сарсенов Алдар Сарсенович Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі


Екінші тарау «Интеллектуалдық әлеуеттің алғышарттары»



бет3/5
Дата29.06.2016
өлшемі427.5 Kb.
#164958
түріДиссертация
1   2   3   4   5

Екінші тарау «Интеллектуалдық әлеуеттің алғышарттары» деп аталады.

Интеллектуалдық әлеуеттің қайнар көзі, иесі – адамдар. Адам ғана саналы іс-әрекетке, қоршаған ортаны тануға, оған әсер етуге қабілетті. Ал адамдардың іс-әрекеті қоғамдағы, мемлекеттегі мақсат–мүддеге, саяси құрылысқа, идеологияға, экономикалық–шаруашылық қажеттілік пен мүмкіндікке қарай, рухани–мәдени өре мен салт–дәстүрдің сақталу дәрежесіне сай анықталады. Сондықтан әлеуметтік практиканың әр тарихи кезеңге лайық мазмұны, формасы, өнімділігі, тиімділігі, ұйымдастырылуы, басқарылуы орын тебетіндігі заңды құбылыс. Түптеп келгенде интеллектуалдық әлеует дегеніміз – берісі жекелеген әлеуметтік субъектінің, әрісі адамдар қауымдастығының қабілеті мен мүмкіндігінің өзгермелі тарихи сұранысқа орай ашылуы әрі кәдеге жарау дәрежесі. Материалдық немесе материалдық емес өндіріс салаларын өзгертетін адам, сол өзгерістер уақыт өте жеке адамның өзін, кәсіби даярлығын, еңбек ету тәсілдерін, өмір салтын, дүниетанымын, т.б. өзгертеді. Ендеше, қоғамдағы интеллектуалдық әлеуетке ұдайы жетіліп отыру тән екен. Бұл заңдылықтан Қазақстан ауыл–селосының тұрғындары, интеллектуалдық әлеуеті де тыс тұрмағаны, оның ең бір мәнді кезеңі Ұлы Отан соғысынан кейінгі жарты ғасырға жуық уақытты қамтығаны күмәнсіз ақиқат.

1946–1991 жылдарда ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің мүмкіндігін арттыруға зор септігін тигізген фактор – аграрлық экономиканың материалдық–техникалық базасындағы ілгерілеу. Аграрлық экономиканың мәні мен маңызын кеңестер елін билеген коммунистік басшылық жақсы түсінді. Кезінде коммунистер көсемі В.И.Ленин: «Шаруашылықтың нағыз негіздері – азық–түлік қоры ... Бұл қор болмаған жағдайда мемлекеттік өкімет түк те емес. Мұндай қор болмаса, социалистік саясат әшейін бір тілек болып қана қала береді» - деп жазған болатын [40, 165–166 бб.]. Осындай идеялармен қаруланған КОКП басшылары аграрлық экономиканың материалдық – техникалық негіздерін нығайтуға септігін тигізген сілкіністерді ауық–ауық жүзеге асырып отырды. Бұл орайда 1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны, КОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы наурыз пленумының шешімдері, 1982 жылы қабылданған КСРО-ның азық–түлік бағдарламасы айрықша роль атқарды. 1946–1990 жылдарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумдарында ауыл шаруашылық мәселері 69 рет арнайы қаралған екен [41, С.255 –277.].

Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуетке бұрын-сонды көз көрмеген ілгерілеу тың игерумен келді. Біріншіден, ауыл шаруашылығына материалдық-техникалық және қаржы ресурстарын бөлу күрт ұлғайды. 1954 жылдың өзінде ғана Қазақстан МТС-тарының машина-трактор паркі 35-ға, кеңшарларында екі есе өсті. 1954-1955 жылдар ішінде ауыл шаруашылығына 6 млрд. 105млн. сом жұмсалды, бұл 1946-1950 жылдардағы шығыннан 4 еседей көп еді. Екі жылда Қазақстан кеңшарлары мен МТС-тарына 122 мың трактор (15 аттың күшімен есептегенде), 26 мың комбайн, 22 мыңнан астам жүк автокөліктері алынды. [42, С.28,30,75.].

Тың қазақ ауылының тағдырына күрт бетбұрыс әкелді. Ішінде жағымдысы да, жағымсызы да бар еді. Ең ауыры - объективті қажеттіліктен туындамаған науқан байырғы халықтың қалыптасқан өмір салтын бұзды. Бұл-бір.

Екіншіден, ұжымшарлар саны қысқарып, жаңадан көптеген кеңшарлар шаңырақ көтерді. 1955 жылы республикамызда 2631 ұжымшар болса, 1966 жылы олардың 442-сі ғана қалған болатын. Алайда осы аз ғана ұжымшарлардың материалдық-техникалық мүмкіншілігі бұрынғыдан айтарлықтай биік еді. Егер 1955 жылы негізгі өндіріс қорлары 381,3 млн. сом тұрса, 1966 жылы 675,6 млн. сомнан асып түсті, астық өндіру 2,3 есе ұлғайды [43, С.200,201.]. 1966 жылы ғана Қостанай облысына 2,2 мың трактор, 1,4 мың жүк автокөлігі, 3,1 мың астық комбайны, 7,1 мың сеялка, 2,3 мың соқа, т.б. техникалық жабдықтар бөлінген екен [44].

Диссертант ауыл-селоның техникалық жарақтануы жақсаруымен қатар елді мекендердің сәулет-құрылыс келбеті шырайланғанына, аудан орталықтарында, кеңшарлар мен ұжымшарларда ғимараттар, тұрғын үйлер салу, көшелер мен алаңдарды жүйеге келтіру, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту ілгерілегеніне жан-жақты тоқталады. Тек ұжымшарларда ғана XX ғасырдың 50-60- шы жылдарында жылына 10 мыңнан 48 мыңға дейін тұрғын үйлер салынып жатты, ал кеңшарларда пайдалануға берілетін тұрғын үйлер ауданы 621 мың шаршы метрден 1.854 мың шаршы метрге дейін ұлғайыпты [43, С. 226.].

Зерттеу жұмысында ауыл–селоның материалдық–техникалық базасына жүйесіз, мақсатты – нысанасыз жүргізілген горбачёвтік қайта құру қисынсыз қиыншылық әкелгеніне талдау жасалған. 80–ші жылдардың аяғына қарай одақтас республикалар арасындағы шаруашылық, қаржы – банкілік, іскерлік байланыстар бұзылғандықтан аграрлық саланы техникамен, көлікпен, құрылыс материалдарымен, түрлі тыңайтқыштармен жабдықтау дағдарысқа ұшырап, механизатор, малшы, құрылысшы, диқандар қауымының, мамандардың ырғақты еңбек ету мүмкіндігі тарылды. Көптеген шаруашылықтар шығынға белшесінен батып қалды. Қазақстандағы билік басына келген Г.Колбин және оның сеніміне кірген айналасындағылар кеңшар директорлары мен ұжымшар төрағаларын жаппай қызметтен алумен әуестеніп, еңбек ұжымдарындағы моральдық–психологиялық ахуалды ушықтырып жіберген еді.

Осылайша, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуетке негіз болатын материалдық–техникалық өсіп-өну социалистік құрылыстың соңғы 40–45 жылында толық кемеліне келмей, тарих қойнауына кірді. Оның мүмкіншілігін тежеген себептер көп болғанмен, ең бастысы шаруашылықты ұйымдастырудың әсіре саясаттанған, идеологияланған кеңестік үлгісінде жатыр.

Соғыстан кейінгі жылдарда ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру үдерісіне материалдық-техникалық фактордан маңызы бірде-бір кем емес оқу саласы зор ықпал етті. 40-шы жылдардың аяғынан баршаға бірдей міндетті жетіжылдық білім беру басты міндет деп танылды. Оның негізгі шарттарына мектеп жүйесін кеңейту, оқушылар, әсіресе қазақ қыздары контингентін сақтау, шалғайдағы малшылар ауылында білім беруді ұйымдастыру, білім беру мекемелерін мұғалімдермен қамтамасыз ету кірді. 1948–1951 жылдары республика бойынша мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі үкіметтің үш жылдық жоспарын орындау науқаны өтті [45].

1962 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мектептің өмірмен байланысын нығайту және халыққа білім беруді одан әрі дамыту туралы Заң қабылдады. Енді 7–15 жастағы, ішінара 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық оқу енгізілді. Заңға сәйкес жаңа оқу жоспарлары, оқулықтар мен бағдарламалар түзілді.

60–шы жылдар ортасында жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық білім беру аяқталды.Соғыстан кейінгі екі онжылдық барысында Қазақстан ауыл- селосындағы мектептердің саны 7002-ден 7800-ге жетті , оның ішінде толық емес орта мектептер 1515-тен 2727-ге, орта мектептер 429-дан 998-ге өссе, оқушылар 515 мыңнан 1.438 мыңға, тиісінше толық емес орта мектептерде 192 мыңнан 629 мың балаға, орта мектептерде 120 мыңнан 643 мың балаға , мұғалімдер саны 29 мыңнан 59 мың адамға көбейді. [46, С. 56–57.]. Егер 1946 – 1950 жылдары орта мектепті 40 мың адам бітіріп шықса, 1965 жылы ғана толық емес орта мектеп куәлігін 207 мың бала, орта мектептің кәмелеттік аттестатын 69 мың бала алып шыққан екен [46, С. 103.].

Осындай деректерді талдай отырып, диссертант ауыл-селодағы білім жүйесінің кеңеюі механизатор кадрларын даярлауды ұлғайтуға мүмкіндік ашқанын көрсетеді. 1950-1960 жылдарда Қазақстан ауыл шаруашылығына механизатор даярлау 4,5 есе ұлғайған екен (26,9 мыңнан 123,4 мың адамға). [43, С.260.]. 1950-1985 жылдарда қазақстандық кәсіптік-техникалық училищелерге қабылдау 16 есе,оларды бітіргендер 11 есе ұлғайыпты, яғни материалдық өндіріс саласына техникалық сауаты жоғары, өнімді еңбек етуге машықтанған, оң-солын тануға қабілетті жаңа буын келді деген сөз.

Зерттеу жұмысында Қазақстан ауыл-селоларының біліми даму ерекшеліктері сараланады. Біріншіден, соғыстан кейінгі жылдарда мектептердің және оларда білім алушы оқушылардың басым бөлігі ауыл-селоның үлесіне тиді.

Екіншіден, Қазақстан халқы құрамында 1970 жылға дейін ауыл-село тұрғындары басым болып келді де, XX ғасырдың соңғы 30 жылында сандық көрсеткіш бойынша қалалықтар алға шықты. Бірақ бұның өзі салыстырмалы ілгерілеу еді. Диссертант тап сол жылдары қалалардың урбанистік мәдениеті, әлеуметтік инфрақұрылымы, өмір салты аграрлық ортадан мүлде қол үзіп кетпегенін, тікелей өндірушінің рухани-интеллектуалдық қалыптасуы көп жағдайда ауыл-селодан бастау алып жатқанын нақты құжаттармен дәлелдеген.

Үшіншіден, ауыл-село тұрғындары үлесінің биік деңгейде сақталуы Қазақстандағы миграциялық үрдіс айтарлықтай кең етек жаймағанынан хабар береді. Бұл ұрпақтар сабақтастығының сақталып, интеллектуалдық әлеуеттің демографиялық негізі шайқалмағандығының көрінісі болып табылады.

Диссертант интеллектуалдық әлеуетті қалыптастыруда білімнің орасан ролін қолдай отырып, орын алған кемшіліктерді де көрсетеді. Олардың ең ірісі оқу орындарындағы оқыту және тәрбиелеу үрдісін жойдасыз идеологияландыру, саясаттандыру болып есептелінеді. Мұғалімнің қоғамдағы беделі, қадірі төмендеп кетті.

Осындай қиыншылықтарға қарамастан ауыл-село мұғалімдері сан-алуан мәдени-ағарту, қоғамдық-саяси іс-шараларды атқаруымен әлеуметтік қауымдастықтардың интеллектуалдық өресінің өсуіне қозғау салды.



Үшінші тарау «Интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы» деп аталады.

Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін өзіндік ерекшелігі мен өзгешелігі бар кеңістікте мемлекет алдындағы, қоғамдағы қажеттілікті дұрыс ұғынып, уақыт ұсынған міндеттерді шешуге саналы түрде әрі өсу үстіндегі қабілетімен араласатын адамдар қауымдастығы құрайды.

Ауыл-селоның адамдар қауымдастығы түрлі қасиеттері мен мәнді белгілеріне қарай күрделі әлеуметтік құрылымды түзейді. Бірінші кезекке интеллектуалдық әлеует қойылып отырғандықтан зерттеу жұмысында негізінен адамдардың әрекетіне, еңбегінің мазмұны мен сипатына басымдылық берілген.

Еңбектің мазмұны мен сипаты, оған жұмсалатын күш-қуаттың адам әрекетінің, болмысының қандай қайнар бұлағынан, нендей мақсатпен шығуымен анықталады. Егер еңбекке негізінен адамның ақыл-ойы, зердесі мен есі жұмсалуымен нәтижеге қол жетсе, интеллектуалдық әлеуеттің кәдеге жарағаны. Демек, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует алдымен интеллигенцияның санымен, сапасымен, әрекетімен, қоғам ісіне қатысуымен айқындалмақ. Әрине, бұл әлеуетке интеллигенциядан басқа әлеуметтік топтың немесе таптың қосары жоқ деуге болмайды. Интеллектуалдық әлеуетте оқушының өз орны, малшы мен механизатордың өз үлесі, диқан мен сатушының өз қосары бар. Әйткенмен ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеуеттің мәйегін оқығандар мен мамандар құрағаны даусыз.

Зерттеу жұмысында интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы кезеңдерге бөлініп сараланған, әр кезеңнің жетістіктері мен кемшіліктері нақты құжаттармен бекемделген. Сонымен бірге Қазақстан ауыл–селосының интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға орталық оқу орындарының, одақтас республикалардан келген мамандар мен механизаторлардың, 50-60- шы жылдар межесінде ауыл-селоның интеллектуалдық тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған – КСРО Қарулы Күштерін қысқартуға байланысты запасқа шыққан офицерлердің игі әсері баяндалған.

Ақиқатқа жүгінсек, 1946-1958 жылдары оқуға студенттер қабылдау мен маман даярлап шығарудың өскені рас. 1947-1948 оқу жылында республикамыздағы жоғары оқу орындарына 5,2 мың студент қабылданған екен, ал 1960 жылы бірінші курсқа түскендер 18,1 мың адам болыпты. Егер Ұлы Жеңіс жылы республика жоғары оқу орындарында 15,1 мың студент оқып жатса, арада 15 жыл өткен соң олардың қатары 80 мыңға жуықтады. 1946-1960 жылдарда жоғары білікті маман даярлау 7 еседен астам ұлғайды (1946 жылы оқу орындарын 1,5 мың маман, 1960 жылы 10,3 мың маман аяқтап шыққан еді). Төртінші және бесінші бесжылдықтар аясында ғана Қазақстан институттары мен техникумдарын бітірген 138 мың түлек диплом иесі атанды [46, С.157.]. Бірақ ауыл-селоның сапалы мамандарға қажетін өтеу ауылы әлі алда болатын.

Дегенмен де, 60-80–ші жылдары ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырған негізгі күш республика жоғары мектебі болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан ауыл–селоларында 31,5 мың жоғары білімді адам болса, 1989 жылы олар 256,0 мыңға жетті, үш онжылдық ішінде 8 есе артты. Ал арнайы орта білім иелері 119,6 мыңнан 643,2 мыңға өсіп, қатарлары 5,4 есеге ұлғайды. 60-шы жылдар қарсаңында ауыл-селодағы әр 1000 еңбек адамының 75 –інде ғана жоғары, аяқталмаған жоғары, арнайы орта білім болса, 30 жыл өткен соң көрсеткіш 277 адамға жетті. Есесіне толық емес орта және бастауыш біліммен еңбек етіп жүргендер қатары тиісінше 2 есеге жуық және 5 еседен астам қысқарған екен [47].

Диссертанттың пайымдауынша ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуеті 70–ші жылдарға қарай толық қалыптасқан. Өйткені, біріншіден, осы мерзім шамасында Қазақстан жоғары мектебі халық шаруашылығының мамандарға қажетін өтей алатын мүмкіндікке ие болды. Екіншіден, ой еңбегі саласындағылардың көпшілігін арнайы кәсіби білімі барлар құрайтын болды. Үшіншіден, аграрлық экономиканың негізі – кеңшарлар мен ұжымшарлардағы мамандар кәсіби білім иелерінен құралды.

Диссертацияда ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеуеттің әлеуметтік және тарихи-демографиялық келбеті жан-жақты сараланған. Соғыстан кейінгі жылдарда ауыл-селоның интеллектуалдық дамуына қозғау салушы тарихи-демографиялық және әлеуметтік факторлар елдегі саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени үрдістердің бәрін бойына жинады. Ауыл-село тұрғындарының саны көбейгенмен, республика халқының құрамындағы үлесі қысқаруға бет түзеді, ауыл шаруашылығында, кеңшарларда еңбек ететіндер саны өсе берді.

Интеллектуалдық әлеуеттің ең ауқымды демографиялық-әлеуметтік негізін аграрлық жұмысшы табы қалады. 60-80–ші жылдарда олардың құрамы 2 еседен астам ұлғайды [48]. Сөйтіп аграрлық жұмысшылар еңбекке тартылғандардың басым бөлігін құрады. 20 жыл ішінде (1959 – 1979) еңбек етіп жатқан ауыл – селолықтар 800 мың адамға көбейсе, жұмысшылар 1 млн. адамға жуық көбейіпті. 80–ші жылдарға қарай олар ауыл–село еңбеккерлерінің 65,5% - ын, Қазақстан жұмысшы табының 42,2% - ын құрағанынан интеллектуалдық әлеуетке ықпалын байқауға болады.

Интеллектуалдық әлеуетке кезінде демографиялық келбет берген колхозшылар күрт азайды. 1960 жылы республика халық шаруашылығында еңбек етіп жатқандар ішіндегі олардың үлесі 19,8% болса, ширек ғасырдан кейін бар болғаны 4,5% - ға жетті [49, С. 175.].

Сонымен, соғыстан кейінгі онжылдықтарда ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеуеттің тарихи–демографиялық және әлеуметтік бастаулары іргелі өзгерістерді бастан кешті, тұтастай алғанда оған ілгерілеу, жетілу тән еді.

Зерттеу жұмысында ауыл–село мамандары мен интеллигенциясының салалық жіктелуіндегі өзгерістер қарастырылған. Тұтастай алғанда, соғыстан кейінгі жарты ғасырдай уақыт ішінде ауыл–село өміріндегі экономикалық, әлеуметтік – рухани ілгерілеулер білікті мамандар мен интеллигенцияның аграрлық секторда жіктелуін жетілдіргені сөзсіз. Салалық жіктелудегі табыс ауыл–село қызметкерлерінің әлеуметтік–кәсіби тұрғыдан қалыптасқанын айғақтайды. Бірінші кезекте гуманитарлық интеллигенцияның мұғалімдер тобы жылдам өсті. 1945–1985 жылдарда ауыл–село мұғалімдерінің қатары шамамен 103 мың адамға толығыпты. Бұларға қоса мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерде педагогтар мен тәрбиешілердің қалың тобы еңбек етіп жатты. Тың игеруге дейін соңғылары жоққа тән еді. Мәселен, 1945 жылы бар болғаны 581 ауыл–селолық мектепке дейінгі мекеме есепке алынса, арада 45 жыл өткенде олар 10 есеге ұлғайғаны анықталды, 1989 жылы осы мекемелерде 34,6 мың маман болған екен [50, 7 б.].

Ауыл–селоның дәрігерлермен қамтамасыз етілуі жаңа белеске көтерілді. Шын мағынасында медициналық интеллигенция қалыптасты. 1940 жылы медициналық интеллигенцияның құрамында 590 дәрігер, 5,6 мың орта медицина қызыметкері болса, он жыл өткен соң тиісінше 1,4 мыңға және 7,4 мыңға жетті. 60-шы жылдар қарсаңында ауыл-селолық жерлерде 3 мың дәрігер мен 21 мың орта медициналық қызметкерлер еңбек етіп жатты, ал 1980 жылы дәрігерлердің саны 6 мыңнан асып, орта медициналық қызметкерлер қатары 36 мың адамға барды [51].

Егер 1980 жылы 10 мың қазақстандыққа 31,8 дәрігерден келсе, 1988 жылы бұл көрсеткіш 39,5 дәрігерге жетіпті [52, С. 198–202.]. Бұл ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуеті мен адамдарының денсаулығын нығайту жолындағы ірі табыс еді.

Ауыл-селодағы гуманитарлық интеллигенцияның көрнекті тобын мәдени – ағарту қызметкерлері құрады. 1952 жылы бұлардың қатарында 3628 адам болған екен [53]. 70–ші жылдар басында Қазақ КСР мәдениет министрлігі жүйесінде ғана мәдени–ағарту қызметкерлерінің саны 22,7 мың адам еді [54]. Арада 10 жыл өткенде интеллигенцияның осынау тобы тағы 12,2 мың адамға көбейіпті [55].

Мәдени-ағарту мекендердегі мамандардың ауыл–село тұрғындарына берген рухани азықты ақшамен, тоннамен өлшеу мүмкін емес. Бұлар балаға да, кәріге де әсемдік әлемін игеруде қолғабысын тигізді, жан дүниелерін байытты, осынысымен ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуетін ажарландырды.

Өндірістік–техникалық интеллигенцияның ауыл–селодағы тобы негізінен ұжымшарлар мен кеңшарларда еңбек етті. 1970–1985 жылдарда кеңшарлар мен ұжымшарлардағы басшылардың, қызметкерлердің саны 57,3 мың адамнан 81,5 мың адамға көбейді [56].

Өндірістік–техникалық интеллигенция ауыл шаруашылығы өндірісіне тартылған қол астындағы жүздеген мың (1959 жылы – 1 113 199 адам, 1979 жылы – 1 058 165 адам, 1989 жылы – 992 501 адам) [57] дене еңбегі адамдарының тәлімгері, ақылшысы, кәсіби жол нұсқаушысы болғанымен қатар, мәдени-техникалық таным дәрежесін көтеріп, ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуетін нығайта алғаны күмәнсіз ақиқат.

Қорыта келгенде, соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстан ауыл–селосының білікті мамандармен, интеллигенция өкілдерімен қамтамасыз етілуі жақсарып, олар интеллектуалдық әлеуеттің басты күшіне айналды.


Төртінші тарау «Интеллектуалдық әлеуеттің агроэкономикалық нәтижесі мен тағылымы» деп аталады. Қазақстанның кең-байтақ жері, шөбі шүйгін жайылымы мен шабындығы мал шаруашылығы үшін тапқызбайтын кеңістік. Тың игерудегі асыра сілтеу, жеке меншіктегі малды ескінің қалдығы ретінде тартып алу да мал шаруашылығына зор зиянын тигізгенмен ол Қазақстанда аграрлық экономиканың басты саласы болып қала берді. Мәселен, тың игеру негізінен аяқталған 1960 жылы ол ауыл шаруашылығының жиынтық өнімінің 51% - ын, тоқырау шыңына жеткен 1985 жылы 57% - ын берген екен. 1946–1985 жылдары республикадағы барлық шаруашылықтардағы ірі қара 3,5 млн. бастан 9 млн. басқа, сиыр 1,3 млн. бастан 3,2 млн. басқа, қой - ешкі 10,3 млн. бастан 36,1 млн. басқа, түйе 95 мың бастан 128 мың басқа, шошқа 149 мыңнан бастан 2,7 млн. басқа жеткен екен. [58].

Аграрлық экономиканың, оның ішінде мал шаруашылығының да іргесін ұжымшарлар мен кеңшарлар құрады. Мал шаруашылығының ілгерілеуі олардағы еңбек етіп жатқан жүздеген мың адамдардың еңбегінің арқасы еді. Демек, осыншама адамның еңбегін ұйымдастыру, кәсіби өсуі мен ізденістеріне бағыт беру интеллектуалдық әлеуетті үздіксіз жетілдіре беруді қажет етті. Қазақстан ауыл–селосында осыншалықты жауапты міндетті мал мамандары атқарғаны ақиқат.

Осы тұрғыда ізденуші зерттеу жұмысында мал мамандарына зәрулікті, оның қалай шешілгенін, өсу динамикасын, т.б. мейлінше бай құжаттарды пайдалану арқылы көрсетеді.

Әдепкі кезде аграрлық экономиканың басында орта немесе төменгі білімі бар басшылар тұрды. Сол себепті ауыл шаруашылығы басшылығын білікті мамандармен нығайту үшін арнайы шешімдер көптеп қабылданды. Ахуал 60–шы жылдарға қарай түзеле бастады. 1966 жылы республикадағы кеңшар директорларының 87 % - ы, ұжымшар төрағаларының 60% - ы кәсіби білімі бар мамандардан тұрды. 70-ші жылдар қарсаңында кеңшар директорларының 93,2 % - ы, ұжымшар төрағаларының 71,7% - ы жоғары білімді болды [59]. Ал 70-ші жылдар ортасынан бастап ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларының бәрі жоғары немесе арнайы орта білімді мамандармен жасақталды [49, С.129,130]. Осылайша аграрлық экономикаға тікелей жауапты интеллектуалдық әлеует түпкілікті қалыптасты.

Диссертацияда интеллектуалдық әлеуеттің жер шаруашылығындағы тағылымы жан-жақты қарастырылған. Ауыл шаруашылығындағы тіршіліктің бәрі жермен байланысты. Жер өсімдік атаулының, егіншіліктің деңгейін, малға қажетті жем–шөптің бабын анықтайды. Тіпті қолданымдағы техника мен тыңайтқыш толымды нәтиже әкелуі үшін топырақтың қасиетін ескеру керек. Сондықтан топырақты қорғау, жерді қорғау, оның өнімділігін көтеру ғаламдық мәселе болып отыр.

Қазақстанның жер аумағы ұлан–ғайыр. Өзінің көлемі жағынан ол әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Жерге құрметпен тер төгудің сан ғасырлық тарихын артта қалдырған адамзат жердің болмыс–бітімін сақтаудың қыр–сырын тірнектеп жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамының поэзиясы мен философиясында да жер, қоныс, ата-мекен ұғым-түсініктері айрықша қастерленген. Индустриялы даму сатысына өткенде жердің тілін білетін әлеуметтік-демографиялық қауым қалыптасты. Агроэкономикалык кеңістікте оларды агроном дейді. Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің жер шаруашылығымен ықпалдастығы көптеген факторларға тәуелді болғанмен агрономның орны мен қызметін ешкім алмастыра алмайтыны түсінікті.

Диссертант осы тұрғыдан Қазақстан ауыл шаруашылығының агроном мамандармен қамтамасыз етілуін 1946 жылдан бастап зерделейді, агрономиялық күштердің кәсіби толығуын үздіксіз ұштағаны деректер арқылы баяндалады. Жер шаруашылығына ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің әсері, сіңірген еңбегі үздіксіз жалғасып жатты, ал оның қозғаушы күші қарапайым еңбек адамдары мен агрономдар еді.

Аграрлық экономиканың техникалық жабдықталуы артқан сайын инженерлік еңбекке сұраныс өсе түседі. Түрлі машиналар, тракторлар мен комбайндар, станоктар, құрылыс техникасы – бәрі тиімді пайдаланылуы үшін олардың тілін білетін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар керек. Осы тұрғыдан келгенде инженер – көне кәсіптің бірі.

Диссертант Қазақстан ауыл–селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің инженерлік бөлігі ұзақ әрі бәрінен кейін қалыптасты деген тұжырымын ұсынады. Өйткені, біріншіден, жоғары оқу орындары мен техникумдарда инженер–техник мамандар аз мөлшерде даярланды, екіншіден, республика ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жасақталу деңгейінің төмен болғаны соншалықты тың игергенге дейін ұжымшарлар мен кеңшарлар инженер–техник қызметкерлерінің бар–жоғын айтарлықтай сезіне бермеді. Олардың орнында практиктер жүре беретін. Мәселен, 1948 жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы жүйесіндегі механиктердің 75% -ы практиктерден құралса, МТС–тардағы 2068 механиктердің ішінде 1667 практик (80,6%) бар еді [60]. Егер ауыл–селодағы агрозоовет интеллигенциясының түпкілікті қалыптасуы 60-70–ші жылдар межесіне дөп келсе, инженерлік–техникалық интеллигенцияның қалыптасуы 10 жылға кешікті. 70–80–ші жылдар аграрлық ортаның интеллектуалдық әлеуетін нығайтудағы инженерлік қызметтің маңызын арттыра түсті. Озат шаруашылықтардың тәжірибесі ғылыми негізге қойылған, білікті де бастамашыл мамандармен қамтамасыз етілген инженерлік қызмет биік нәтижелерге жетуге қабілетті екенін көрсетті. Ол интеллектуалдық әлеуеттің тірегіне айналды, аграрлық экономикадағы биік мәртебесін нығайта алды.

Зерттеу жұмысында Қазақстан ауыл–селосында интеллектуалдық әлеуеттің тағы бір айтулы күші – есеп–экономикалық қызметкерлер тобы өсіп шыққаны баяндалады. Бұл саладағылардың өсуі жылдам болғанмен, олардың сапалық құрамы ұзақ жылдар бойы әлсіз күйде қала берді. Осыншама тұралаудың себебі жоғары және арнайы орта оқу орындарында есеп-экономикалық мамандардың мейлінше аз даярлануында жатты. 60-шы жылдардың басына дейін олар тек арнайы орта білім ошақтарында даярланды.

Ауыл-селодағы есеп-экономикалық қызметті мамандармен қамтамасыз етуге 1963 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын ашу, бірнеше жоғары оқу орындары құрамынан экономикалық факультет құру, жаңадан арнайы экономикалық техникумдар ашу серпін берді. Бір ғана Целиноград қаржы-экономикалық техникумы ашылғаннан кейінгі (1964 жыл) 20 жыл ішінде 11,2 мың орта білікті маман шығарыпты [61]. 1983 жылы республикада экономист мамандарды 2 университет (КазМУ мен КарМУ), 13 институт, 6 филиал, ондаған техникум даярлап жатты [62]. Әйткенмен есеп-экономикалық интеллигенция құрамы сапалық тұрғыдан басқа әлеуметтік-кәсіби топтардікінен төмен тұрды. Олардың қалыптасуы 70-ші жылдардың соңында аяқталып, ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетінің құрамдас бөлігі әрі сол әлеуетті ілгерілеткен күш бола алды.

Бесінші тарау «Интеллектуалдық қарымның этномәдени қырлары» деп аталады. Ауыл–селодағы мәдени өмір дегеніміз – рухани өндіріс өнімдерін тарату тетіктері мен арналары және адамның, оның рухани әлемінің кемелдік дәрежесі. Басқаша айтсақ, ол екі құрамдас бөліктен тұрады: бірі – рухани өнімді таратуға қызмет ететін материалдық–заттай факторлардың жиынтығы, екіншісі – сол өнімді туындаушы немесе тұтынушы адам факторы. Бұлар бірімен бірі тығыз байланысты. Осынау диалектикалық байланыстың нәтижесі, үйлесімділігі мемлекеттік саясат пен басшылықта жатыр.

Диссертант Қазақстан ауыл-селосы жағдайында рухани өндіріс өнімдерін таратудың пәрменді арнасы мектептер мен мәдени–ағарту мекемелері болып қала бергенін көрсетіп, тиянақты мысалдармен бекемдейді. Бұл кезеңде әсіресе мәдени–ағарту мекемелеріне артылған жауапкершілік ерекше еді. Газет-журналдар, кітаптар осында шоғырланатын, түрлі мәдени шаралар негізінен кітапханаларда, клубтарда, музейлер мен парктерде ұйымдастырылатын. Мұның сыртында ауыл-селоны радиоландыру, теледидар бағдарламасымен қамту тым баяу жүргенін, қаланың мәдени-шефтік қамқорлығы әрқашан нәтижелі бола бермегенін, 1960-шы жылдардың басынан мәдениетті сарқынды принцип бойынша қаржыландыру орныққанын ескерсек, адам факторының басты позицияда тұрғанын қапысыз ұғынуға болады.

Адам факторы интеллектуалдық әлеуеттің мәдениетке ықпал-әсер байланысы мен қатынасының мәнін құрайды.Ауыл-селодағы мәдени мекендер қанша жерден көрікті, жабдықтаулы болғанымен, олардың нәтижелі жұмыс істеуі адам әрекетімен анықталады.

Ауыл-селодағы мәдени өмірді ұйымдастыруға партиялық-мемлекеттік назардың аууы ондағы интеллектуалдық әлеуетке, бірінші кезекте мәдениет қызметкерлеріне талапты күшейтті, олардың құрамының сандық және сапалық өсуіне септігін тигізді. Айталық, 1946 жылдың аяғында Қазақстандағы мәдени-ағарту қызметкерлерінің саны 4701 адам болса, 1960 жылы кітапханашылар – 6284 адам, клуб қызметкерлері 7240 адам болған екен, яғни 14-15 жыл ішінде 3 есеге өскен. Соғыстан кейінгі алғашқы жылы мәдени-ағарту саласында істейтіндердің 27-28%-ы жоғары және орта білімді болса, арада 20 жыл өткен соң бұлардың кітапханашылар арасындағы үлес салмағы 85%-ға, клуб қызметкерлері арасында 66%-ға көтерілді [63].

Мәдени мекеме қызметкерлерінің белсенділігі тың және тыңайған жерлерді игеру науқанында ерекше маңызға ие болды. Жаңадан ұйымдасқан кеңшарларда мыңдаған клубтар мен кітапханалар, мектептер ашылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР министрлер кеңесінің 1954 жылғы 9 сәуірде қабылдаған «Тың және тыңайған жерлерді игеру аудандарындағы МТС, кеңшар жұмысшылары мен колхозшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету туралы» қаулысы бар болғаны екі айдың ішінде ауыл-селолық жерлерде 215 кітапхана, 185 клуб, 60-тан астам кино- қондырғы ашуға тапсырма берді [64, С.73,80].

60-шы жылдары Қазақстан ауыл-селосы мәдениетінің деңгейі сапалы жаңа биікке көтерілді. Ауыл өнерпаздары Қазақстаннан тыс жерлердің сахнасына көтерілді. Шымкент, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл-селолық театрлар Москваға шығармашылық сапармен барып келді [65]. 70-80-ші жылдары Қазақстан халқының көркем шығармашылығын Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының, Жезқазған облысы Ақтоғай ауданының, Семей облысы Абай ауданының, Жамбыл облысы Мерке ауданының әуесқой ұжымдары шетелге шығарды.

Ауыл-село тұрғындарының шығармашылық өнерпаздықпен одақтас республикаларға, шет мемлекеттерге танылуының түпкі себебі әлеуметтік субъектілер бойындағы интеллектуалдық әлеуеттің өскенінде жатыр.

Ізденушінің пайымдауынша ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен мәдени өмірінде мәдениет ошақтары мамандарының терең із қалдырғаны күмәнсіз ақиқат. Алайда бұдан интеллектуалдық әлеует пен мәдени өмір ықпалдастығын арттыру үрдісінен ауыл-селоның басқа әлеуметтік күштері тыс тұрған екен деген қорытынды тумауы керек. Механизатор мен малшы да, мұғалім мен диқан да, дәрігер мен құрылысшы да, партия-кеңес қызметкерлері мен мектеп басшысы да өзара қарым-қатынасымен, бұқаралық ақпарат құралдарын оқу-тыңдаумен ішкі рухани әлемдерін байытты, интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуына түрткі болды. Айталық, ауыл-село мұғалімдерін алайық. 1945-1991 жылдарда олардың қатары 5 еседен астам (29 мыңнан 149 мыңға) ұлғайыпты [66]. Егер мектептер саны аса көп өспегенін қаперге алсақ, оқу орындарының мамандармен қамтамасыз етілуі жақсарғанын ұға аламыз.

Әлеуметтік дамудағы ілгерілеу мәдени ағарту қызметкерлеріне де тән еді. 1946-1981 жылдар аясында Қазақ КСР мәдениет министрлігіне қарасты мәдени-ағарту қызметкерлерінің саны 7 есе өссе, жоғары дәрежелі білімі барлар 32 есе ұлғайыпты. 1991 жылы ауыл-селоның кітапханашылар саны 9776 адам екен де, клуб қызметкерлері 10 мыңнан асып түсті, кітапханашылардың 72%-ында жоғары және арнайы орта білім болды [67].

Қазақстанның геосаяси орналасуы ежелден түрлі ұлттар мен халықтардың, мәдениеттер мен өркениеттердің түйісуіне қолайлы. Ресейлік отарлау тұсында алдымен казактардың, кейінде қарашекпенділердің қоныс аударуы нәтижесінде Қазақстан халқының ұлттық құрамы полиэтностық сипат алды. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтік сілкіністер мен қақтығыстар, соғыстар мен қуғын-сүргін ауыл-селоның этномәдени тарихындағы қасіретті беттерді тым қалыңдатып жіберді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан халқының саны, ұлттық құрамы үлкен өзгерістерді бастан кешті. Ол ауыл-селолық жерлерді де қамтымай қалмады. Ең алдымен көзге түскен өзгеріс ауыл-село тұрғындарының сандық ұлғаюы еді. 1950-1989 жылдары ауыл-селолықтар 4,1 млн адамнан 7,1 млн.адамға жетті [68]. Аграрлық тұрғындардың көп болуы Қазақстанда урбанистік мәдениеттің түпкілікті орнықпағанын әрі еңбек өнімділігінің төмен дәрежеде қалып отырғанын айғақтады. Тың игеру басталғанға дейін демографиялық үрдіс табиғи өсумен жүрсе, тың игеру жылдарында механикалық өсу бірінші орынға шықты. Бірінші кезекте қазақтардың саны мен үлесі көбейді. 1959 жылы Қазақстандағы қазақтардың 76%-ы ауыл-селолық елді мекендерде тұрып жатса, 1989 жылы бұл көрсеткіш 65%-ға тең еді. Орыстардың ауыл-селода тұратындарының үлесі 31,1%-дан 19,0%-ға дейін азайды. Осының нәтижесінде 90-шы жылдар қарсаңында республикадағы 19 облыстың 16-сында қазақтар ауыл-селолықтардың басым бөлігін құрады [69, 98,104,108-109 бб.].

Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақтан көпұлтты республикаға айналды. Диссертант бірнеше кестелерді мысал ретінде келтіру арқылы әрбір ұлттың (54 ұлт) 1989 жылға дейінгі өсуіне және кемуіне талдау жасаған. Соның нәтижесінде біздер көпұлтты Қазақстан ауыл-селосында тұрғындардың басым бөлігін қазақтар, орыстар, украиндар, немістер құрағанын көреміз.

Ауыл-село тұрғындарының көпұлтты құрамын тұтастай алғанда жағымды құбылыс ретінде қабылдауымыз керек. Тілі, діні, менталитеті сан алуан халықтардың араласа-құраласа өмір сүруі олардың рухани дүниесін, салт-дәстүрін әрлендірмей тұрмайды. Мұндай ортадағы адамдар қай өңірге барса да оңтайлы бейімделе алады, басқа ұлт өкілдерінің мүддесіне, талап-тілегіне жатсынбай, түсіністікпен қарауға қабілетті. Сондықтан да Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарға негізінен алғанда ынтымақтастық тән еді. Ұлттарға ұстанған партиялық-мемлекеттік саясат туралы мұны айта алмаймыз.

Төрт ғасыр бойы Ресейдің отарлау, жаулап алу саясатымен дүниеге келген Кеңестік империя тілі, діні, өмір салты, даму деңгейі әр қилы этностардың басын қосқанмен бұлардың табиғи-ырғақты дамуына қажетті жағдайды қалыптастыра алмады, халықтарды мидай араластырып жібергенімен олардың ұлттық тілімен мәдениетін дамытуға жағдай туғыза бермеді.

Ұлттық-тілдік бөгесіндікке келсек, 50-ші жылдардың аяғына дейін оқу орнына қабылдау емтиханының орыс тілінде өткенін ауызға аламыз. Қазақ қыздар педагогикалық институтын, кейбір педагогикалық училищелер мен пединституттардағы қазақ филологиясы факультеттерін есепке алмағанда барлық жоғары оқу орындары мен техникумдар қабылдау емтихандарын, оқу үрдісін, бұқаралық тәрбие жұмыстарын тек орыс тілінде жүргізді.

Мәскеулік билеуші топ ұлт мәселесін шешуде ұлы шовинистік белден басуды білім жүйесінің барлық сатысында қолданғанмен олардың ерік-жігеріне бағынбайтын объективті нәтиже бой көтерді. Ол Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың білім деңгейінің өскені еді. 1939-1959 жылдарда ауыл-селолардағы жоғары және орта (толық емес орта) білімді қазақтар саны 13 есе өсіпті (ерлер - 9, 2 есе, әйелдер - 31 есе), орыстар - 3,3 есе (ерлер - 2,5 есе, әйелдер - 6,3 есе), т.б. [70,С.188].

Сонымен, түйіп айтар болсақ, соғыстан кейінгі кезең ауыл-село тұрғындарының ұлттық құрамын бұрынғыдан да күрделілендірді. Ұлтаралық қатынастар мәселесі шешімін таппағандықтан қордалана берді.

Диссертацияның қорытындысында зерттеудің негізгі нәтижелері көрсетілген. Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени даму тәжірибесі Отан тарихының баға жетпес байлығы болып табылатындығы, интеллектуалдық әлеуетке әсер еткен факторлар, даму кезеңдері, ұлт мәселесіндегі қайшылықтар, тоталитарлық заманның зорлық-зомбылықтары, проблеманы зерттеудің болашақтағы міндеттері баяндалады.

Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует адам факторының сапасымен қалыптасты. Халықтың механикалық өсуі, яғни Қазақстан кеңшарлары мен ұжымшарларына байырғы тұрғындар - қазақтан басқа ұлт өкілдерінің келуі зерттеліп отырған жылдарда үзілген емес. Ол өзінің шарықтау шыңына тың игеру науқанымен шықты. 1941-1945 жылдары зорлықпен депортацияланғандар да республикамыздың ұлттық құрамын өзгертті. Осының салдарынан ауыл-селолардағы этномәдени өмір мемлекеттік саясат пен практиканың өткір бағытына айналғаны зерттеу жұмысының өзекті мәселелерінің бірі болып есептеледі.

Осылайша, 1946-1991 жылдардағы қазақстандық аграрлық ортадағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени ахуал ішкі және сыртқы факторлар әсерімен қалыптасқанын көреміз. Сыртқы фактордың ұйымдастырушысы Мәскеудегі билеушілер болса, ішкі фактордың басты міндеті Қазақстанның, қазақ халқының тұтастығын сақтап қалуға сайды. Орталықтың Қазақстан ауыл-селосына жүргізген басшылығы жергілікті ерекшелік пен мүмкіндікті ескере бермеді, және ол тоталитарлық тәртіп тоқырауға ұшыраған жылдарда да қолданылды. Мәселен, 70-ші жылдардағы Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізу жөніндегі іс-шараларды алайық. Орындалуы мүмкін емес осынау науқанның қырсығынан қазақ балалары шопан таяғын ұстап, көпшілігі кәсіби білім алу мүмкіндігінен айрылды. Демек, ұлттық интеллектуалдық әлеует пен рухани өмірді байытатын адам факторының мүмкіншілігі қазақтар есебінен тарылды. Сыртқы фактордың жағымды қорытындысына аграрлық экономиканың материалдық негізіндегі ілгерілеуді, өндірістік-әлеуметтік инфрақұрылымдағы жетістіктерді жатқызуға болады. Қазақстан астығы мен мал өнімдері КСРО тағдырында айрықша маңызды рольге ие екенін түсінген коммунистік басшылық республикамыздың аграрлық экономикасына қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болды, техникалық жасақталуын, энергия қуатымен қамтамасыз етілуін қаперде ұстады. Бірақ бұларды байырғы тұрғын-қазақтардың игілігі үшін қолға алынған шара ретінде қабылдауға еш негіз жоқ. Орталықтың саясаты ұлт республикасының мүддесіне әрқашан сәйкес келе бермесе де, жергілікті басшылық оны мүлтіксіз орындауға күш-қуатын жұмсады. Нәтижесінде тың игерудегі асығыстыққа жол берілді, Аралдың суы тартылды, жүгері егу науқаны қоғамдық санаға өз таңбасын қалдырды.

Сонымен Қазақстан ауыл-селосы ХХ ғасырдың екінші жартысында өрлеуі мен қайшылығы мол тарихи жолды жүріп өтті. Бұл сапарда оның экономикалық, демографиялық, мәдени, біліми келбеті үлкен өзгерістерге түсті. Өзгерістерді дүниеге әкелген де, солармен бірге өзгерген де адамдар еді. Ауыл-село тұрғындарының бойындағы өзгерістер қоғам мен орта сұранысына лайық болудан туындады. Осынау ілкемдікті интеллектуалдық әлеует деп айдарлауды жөн көрдік. Интеллектуалдық әлеуетке әсер еткен фактор сан- алуан болғанмен солардың ішіндегі ең пәрмендісі КОКП басшылығына келіп тірелгені сөзсіз.

Ендеше, зерттеліп отырған жылдар үшін саяси-идеологиялық ықпалды басты өлшем ретінде алсақ, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует тағдыры екі кезеңнен тұратынын көреміз. Бірі - сталиндік кезең, екіншісі - постсталиндік кезең.

Сталиндік кезеңдегі республика ауыл-село тұрғындары, әсіресе ұжымшарлардағы еңбек адамы материалдық өндірісте, жеке тұрмыста ауыр тіршілікті бастан кешті. Ауыл шаруашылығы өндірісінің әлжуаз материалдық-техникалық базасы, электрлендірудің, механикаландырудың мешел қалуы, кімді болсын титықтататын қол еңбегі, адам құқығының сақталмауы еңбеккерлерді мемлекет тарапынан қанаумен ұштасқан соң әл-ауқатты мейлінше құлдыратты. Әлеуметтік инфрақұрылым ішінде мектеп ісі ғана азды-көпті қолайлы жағдайда дамыды.

Ресми идеология, бұқаралық ақпарат құралдары, оқу орындары мен мәдениет ошақтары Кеңестер елінің ішкі-сыртқы өмірін, басқару жүйесін үздіксіз марапаттаумен, жеке басқа табынуды дәріптеумен қоғамдық сананы әміршіл-әкімшіл жүйеге тиімді бағытта қалыптастырғандықтан ауыл-селоның интеллектуалдық қарымына, болашағына зор қатер туды. Оған ұлт зиялыларының үздіктерін қудалау қосылып, ауыл-селолардағы шолақ белсенділердің қатары өсті. Бұлар интеллектуалдық әлеует пен этномәдени ілгерілеудің басты шарты - адам факторын жандандыруға көп кедергі тигізді.

Демек, 1946-1953 жылдар аралығында Қазақстанның аграрлық экономикасы қол жеткізген табыстарды, білім, мәдени-ағарту, демография салаларындағы оң нәтижелерді социалистік құрылыстың арқасында дегеннен гөрі әлеуметтік субъектілерге тән жасампаздық қасиеттердің айғағы ретінде қабылдау жөн деген тұжырым жасалады.

Постсталинизм кезеңі 1954-1991 жылдарды алып жатыр. Зерттеу жұмысында оның ең ірі табысы жеке басқа табынуды, адамның бас еркін шектеуді, тұтас халықтарды қудалауды жойғанында екені көрсетілген.

Бұл кезеңде интеллектуалдық әлеуеттің материалдық-техникалық іргетасы сапалы нығайды, өз кезегінде ол білім беру, мәдени қызмет көрсету, рухани азықты тарату, жас ұрпақты өмірге даярлау жүйесін соңынан ерте білді. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында түрлі кәсіби білімді игерген мамандар мен оқығандарға аграрлық экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымның, мемлекеттік-партиялық басқару жүйесінің сұранысы түпкілікті қанағаттандырылды.

Постсталинизм кезеңіндегі аграрлық экономикадағы тоқырау мен дағдарыстың сан алуан себептері болғанын мойындай отырып, олардың ең ауыры - әлеуметтік субъектілердің интеллектуалдық әлеуетін іске қосу, белсенді позицияға көшіру уақыт өткен сайын жетіле түсудің орнына консерватизмге ұшырағанында еді. Аграрлық экономикадағы тоқырау мен дағдарыстан да бұрын ұлт мәселесіндегі қайшылық Кеңестер Одағының ыдырауына әкелді. Халықтың 1%-ын да құрамаған коммунист басшылар ұлан-ғайыр билікті қолдарына шоғырландырып, утопияға айналған социалистік идеяға құлай сенген, өнімді еңбекке қабілетті жаңа адам қалыптастырғысы келді. Ал жаңа адамды қалыптастыру оны біліммен, мәдениет табыстарымен сусындату арқылы жүзеге асатын болғандықтан 1946-1991 жылдарғы ауыл-селоның біліми-рухани өресі, мектептер, мәдени-ағарту ошақтар жүйесі көзге көрінерліктей марқайды. Бірақ интеллектуалдық әлеуеті нығайған сайын, этномәдени қарымы артқан сайын ауыл-село халқының ақиқатқа көзі ашылып, ұлттық сана-сезімі оянайын деді. 1986 жылдың желтоқсанында Брежнев алаңына жиналғандар негізінен ауылдың жас қазақтары еді. Олар ұлт лидері Д.Қонаевты алмастырған Колбинге ғана қарсы шыққан жоқ, ұлт саясатындағы әділетсіздікке, ұлттық-тілдік құрылыстағы зорлыққа, қағаз жүзіндегі тартымдылығынан жұрдай болған социалистік идеяға, ұлт республикасының Конституциялық егемендігін таптаған КОКП-ның өктемдігіне қарсы шықты.

Қорыта айтсақ, аграрлық тарих - Отан тарихының құрамдас бөлігі. Әзірге кеңестік Қазақстанның аграрлық тарихы түпкілікті зерттеліп біткен жоқ. Алда көп міндеттер тұр. Бүгінде осы міндеттерді шешуге қажетті алғышарттар әбден пісіп-жетілді. Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын жүзеге асырып жатқан Қазақстанда ұлт тарихы бірінші кезекте отандық оқырмандарға арнап жазылатыны түсінікті. Ол қазақстандық патриотизмді оң қалыптастыру үшін ауадай қажет. Халық өз өткенін қоспасыз, қысқарусыз, қаз қалпында білуге құқылы. Бірақ біз таяу-алыс шетелдерде де Қазақстан тарихын насихаттауымыз керек. Шетелдік оқырманға арнап жазылған Отан тарихының кітабында 1945-1991 жылдардағы ауыл-селоның тағдыры, оның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени болмысы білгірлікпен зерделенетіні күмәнсіз ақиқат.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет