САҚТАНДЫРУ РЫНОГІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІҢ ИНДУСТРИАЛДЫ ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕГІ ТӘЖІРИБЕСІ
Берикболова У.Д.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
Индустриалды дамыған елдерде сақтандыру рыногын мемлекеттік реттеудің бай тәжірибесі жинақталған және де олардың кейбірі отандық тәжірибеде жиі қолданылып келеді. Батыс тәжірибесін қолдану қажеттілігі бірқатар себептермен айқындалады. Біріншіден, тарихи тұрғыдан Қазақстанның сақтандыру жүйесі әрдайым индустриалды дамыған елдермен салыстырғанда біршама артта қалушылықпен қалыптасты. Алшақтау әсіресе 1918-1988 жылдардағы мемлекеттік сақтандыру монополиясы уақытында күшейе түсті. Қазіргі күні біз бұл артта қалушылықты жою үшін бірқатар шаралар жасап жатырмыз, оның өзі отандық сақтандыру рыногындағы теріс үдерістермен тежеліп отыр.
Екіншіден, қазіргі заманда жекелеген елдегі сақтандыру оқшауланған түрде, қайта сақтандырудың халықаралық желілері тәуекелді халықаралық қайта бөлудің қатысуынсыз дами алмайды. Қазақстан, өзінің тарихи және географиялық ерекшеліктеріне байланысты ірі тәуекелдерге ие бола отырып, оны қайта бөлудің әлемдік үдерістеріне тартылу үстінде.
Үшіншіден, заманауи сақтандыру қызметінде дамыған филиалдар, еншілес компаниялар мен әлемнің түрлі елдерінде өкілдіктері бар көптеген халықаралық сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары қатысады. Осы ұйымдар қазіргі рыноктың танылған көшбасшылары болып отыр. Шет елдік компаниялардың отандық рынокқа жіберілуінде сақтандыру қызметін ұйымдастырудың шет елдік тәжірибесі әсіресе құнды болады.
Төртіншіден, рыноктық экономиканың жаһандану үдерістерінің тереңдеуіне байланысты мемлекеттік реттеу ұлттық сақтандыру жүйесінің шегінен шығып кетуде. Көбіне реттеуші функциялар халықаралық деңгейге аударылу үстінде. Қазақстан халықаралық сақтандыру рыногына интеграциялану барысында сақтандыру қызметі мен оны реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу қажеттілігімен кездесетіні сөзсіз.
Әлемдік тәжірибе сақтандыру рыногын мемлекеттік реттеудің екі түрлі бағытын қалыптастырған. Бағыттың әрқайсысы белгілі құқық жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады яғни «континентальдық» және «англо-американдық».
«Континентальдық» құқық жүйесі (Германия, Франция, Италия, Испания, Жапония және т.б. елдерде әрекет етуші «роман-германдық» жүйе) рынок субъектілерінің қызметін қатаң заңнамалық реттеуге негізделген және де құқықтық негізгі көздері заңдар мен кодекстер болып табылады. Континентальдық жүйе шеңберінде сақтандыру ісін қатаң реттеу моделі әрекет етеді, сақтандыру операцияларын жүргізгенде заңдылықтардың сақталуын жүйелі түрде қадағалау және сақтандырушылардың қызметінің барлық жақтарын егжей-тегжейлі реттеумен сипатталады
Сақтандыруды реттеудің континентальдық үлгісі үшін сақтандыруды қадағалау органдарының сақтандыру тарифтерін бекіту немесе тарифтердің ауытқу шегін белгілеу, сақтандыру келісім-шарттарының типтік формаларының мазмұнын бекіту, бизнес-жоспарлардың орындалуын тексеру, ағымдық операцияларды бақылау, сақтандыру компанияларын тұрақты түрде тексеру сияқты реттеу формалары тән. Қазақстан рынокқа көшу кезеңінде реттеудің осы моделін дамытты.
Құқықтың «англо-американдық» жүйесінің негізгі белгісін («жалпы» немесе «прецеденттік» құқық жүйесі АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Канада және т.б. елдерде қолданады) заңгерлер құқықтың негізгі көзі ретінде заң басыңқы рөл атқармайтынын, онымен қатар соттық прецедент маңызды рөл алатынын атап көрсетеді. Заңдар экономикалық қызметтің құқықтық шегін егжей-тегжейлі реттемейді, жалпы шарттармен ғана шектеледі. Бұл құқықтық жүйе шеңберінде сақтандыруды реттеудің либеральды моделі қалыптасады, онда басты назар компанияның есептерін зерттеу негізінде оның қаржылық жағдайын бақылауға аударылады, сақтандыру операцияларын қатаң реттеу, сақтандыру тарифтерін бекіту қолданылмайды.
Либеральды модельдің екі түрі бар: орталықсыздандырылған және орталықтандырылған. Сақтандыруды мемлекеттік реттеудің орталықтандырылу дәрежесі елдің мемлекеттік құрылымы қағидаларымен анықталған (федеративтік немесе унитарлық мемлекет).
Мемлекеттік реттеудің орталықсыздандырылған моделі (АҚШ) экономикалық федерализм қағидаларына сәйкес келеді. Әрбір штаттың өзіндік, автономиялық сақтандыру жүйесі, штаттағы қфзмет етуші сақтандырушылардың есептілігін бақылаушы және сақтандыру қызметінің нормативін бекітуші сақтандыруды қадағалау органдары бар. Бірыңғай сақтандыру жүйесі жоқ. Федеральдық деңгейде сақтандыру қызметінің жекелеген аумақтары ғана реттеледі, ал негізгі реттеуші әрекеттерді штаттағы сақтандыруды қадағалау органдары жүргізеді. Орталықсыздандырылған реттеу түрлі штаттағы сақтандырушылардың түрлі жағдайлармен жұмыс істеуіне алып келеді.
Орталықтандырылған модель (Ұлыбритания) реттеудің бірыңғай жүйесімен сипатталады. Британдық жүйеде сақтандыруды қадағалаудың бір жүйесі қызмет етеді. Барлық сақтандырушылар жалпы ережелер мен нормативтерге бағынады. Мұндай жүйе сақтандыруды мемлекеттік реттеу мақсаттарымен қатар, сақтандыру қызметінің өзіне де қолайлы.
Британдық модель сырт көзге қарағанда сақтандырушыға қатысты либеральды қатынаспен сипатталады. Реттеу жүйесінде мемлекеттік реттеумен қатар өзін-өзі реттеу тетіктері маңызды орын алады. Сақтандыру операциялары континентальдық модельдегідей лицензияланады, алайда сақтандырушылар қызметін мемлекеттік органдар тарапынан бақылау салыстырмалы түрле әлсіз және көбіне сақтандырушылардың қаржылық жағдайын бақылауға көңіл бөлінеді.
Сақтандыруды реттеудің британдық моделі Еуропалық Одақ деңгейінде реттеу жүйесін құруда негізге алынды. Қазіргі күні еуропалық елдерде дамыған сақтандыру жүйесі қалыптасқан, олар тұтынушыға 400-500 сақтандыру қызмет түрлерін ұсына алады. Еуропаның әрбір елінің бай сақтандыру дәстүрлері және екінші дүниежүзілік соғыстан кейін белсенді жүрген экономикалық интеграциялық үдерістер ұлттық сақтандыру жүйелерінің біртұтас еуропалық сақтандыру жүйесіне кірігуінің алғышарттарын құрады. Бірыңғай сақтандыру жүйесінің құрылу күнін еуропалықтардың өзі 1994 жылдың 1 маусымы деп атайды. Ол өзіне 18 ұлттық рынокты қосады, онда шамамен 5000 сақтандырушы қызмет етеді.
Сақтандыру бизнесінің интерұлттануы оны реттеудің унификациялануын талап етті. Өзгелерден бұрын ғаламдық сақтандыру рыногына қосылған еуропалық елдер оны реттеудің интерұлттануы жолында басқаларда бұрын алға кетті. Осыған байланысты ғаламдық сақтандыру рыногы түсінігіне кеңірек тоқталу қажеттілігі туындап отыр.
Батыс мамандарының ойынша, «ғаламдық сақтандыру рыногы соңғы 50 жыл ішінде қалыптасты, Қазақстан оған тек соңғы уақытта ғана қосыла бастады. Оның мәні қаржылық қатынастардың астасуында және сол арқылы ұлттық рыноктардың бір-біріне және жалпы әлемдік рынокқа әсер етуі» [1]. Сақтандыру рыногының ғаламдануының белгілері мыналар:
-
Сақтандыру капиталының шоғырлануының жеделдеуі, сол сияқты акцияларды сатып алу мен түрлі елдердің сақтандыру компанияларының қосылуының белсенуі;
-
Тәуекелді қайта сақтандырудың интерұлттануы мен географиялық қайта бөлінуі.
Сақтандыру рыногының интерұлттануын халықаралық ұйымдардың қызмет ету аясына қарай екі деңгейге бөлуге болады: ДСҰ деңгейінде және ЕО деңгейінде. Сақтандыру рыногын реттеу де осындай екі деңгейде жүзеге асырылады. Жалпы экономиканы реттеудің ғаламдануының сақтандыру рыногын реттеудің ғаламдану ерекшелігі мынадай:
-
Сақтандыруда, оның қаржы саласымен, сол сияқты қоғамның ақпараттық жүйесімен тығыз байланысты интерұлттық бизнес болуына байланысты, ғаламдану үдерісі қаржылық және ақпараттық секторлармен қатар жоғары қарқынмен жүруде.
-
Ұлттық деңгейдегі сақтандыру рыногының шамадан тыс реттелуімен байланысты, ғаламдық реттеудің бірқатар ерекшеліктері бар: бір жағынан, ұлттық заңнамалық құжаттарды бірыңғайлылыққа келтіруде біршама қосымша қиындықтар болуына қарай, ол сақтандыруды интеграциялануын күрделендіреді, екінші жағынан, жақсы басқарушылы сала түрлі мемлекеттік ықпалға оңай берілетіндіктен, оның ішінде мемлекетаралық деңгейде, жағдайды жеңілдетеді.
Еуропалық деңгейдегі сақтандыруды мемлекетаралық реттеу жүйесі өзін-өзі реттеу мен мемлекеттік реттеуді біріктіреді. Өзін-өзі реттеу сақтандырушылардың халықаралық бірлестігімен жүзеге асырылады. Оның ең бастысы – сақтандыру жөніндегі Еуропалық комитет (Comite Europeen des Assurance, CEA). Ол 1953 жылы Еуропалық қауымдастық құрылғаннан бес жыл бұрын пайда болған. Бұл ұйымның басты міндеті – СЕА ұйымы мүшелерінің мүддесін халықаралық ұйымдарда, бірінші кезекте ЕО білдіру. Қазіргі күні аталған ұйымға 29 еуропалық елдің сақтандырушылар ассоциациясы енеді. Ұйым қызметінің бағыты – қоғамдағы сақтандыру мәдениетінің қалыптасуына ықпалдасу, конференцияларды ұйымдастыру, сақтандыру саласындағы баспалық қызмет, сақтандырушыларды ақпараттық қамсыздандыруды дамыту, халықаралық құқық нормаларын өңдеуге қатысу, ұлттық рынок қатысушыларының экономикалық мүддесін олардың үкіметпен өзара қарым-қатынасында қорғау және т.б.
ЕО деңгейіндегі сақтандыруды мемлекеттік реттеу өмірді сақтандару бойынша және жалпы сақтандыру бойынша жеке қабылданған Директиваларды қабылдау мен орындауға негізделеді. Жаңадан құрылған компаниялар үшін өмірді сақтандыруды сақтандырудың басқа түрлерімен қатар жүргізуге тиым салынады.
Еуропалық мамандардың пікірі бойынша, ЕО мемлекетаралық реттеу жүйесі үш кезеңде қалыптасқан:
1 кезең (1973-1987) – ЕО елдерінің сақтандырушыларының еншілес компаниялары мен филиалдарының қызметіне шектеулерді алып тастау. ЕО сақтандыру бойынша алғашқы Директивасы 1973 жылы қабылданды. Осы Директиваға сәйкес ЕО мүше-елдердің сақтандыру ұйымдары еншілес компаниялары мен филиалдарын лицензиялау тәртібін жеңілдетуге қол жеткізді.
2 кезең (1987-1994) – унификацияланған реттеуге көшу кезеңі. 1987 жылы Бірыңғай Еуропа жөнінде Келісімге қол қойылды, оған сәйкес 1992 жылға қарай унификацияланған реттеуге жататын тауарлар тізімі бойынша бірыңғай еуропалық рынок құрылуы тиіс болды. Бұл кезеңде Одаққа мүше-елдердің сақтандырушылары кез-келген еуропалық елде жергілікті сақтандыруды қадағалау органдарының рұқсатынсыз сақтандыру операцияларын жүргізу құқығына ие болды.
3 кезең 1994 жылдан бастап – унификацияланған реттеу жүйесі бар бірыңғай еуропалық сақтандыру рыногының қызмет етуі.
Тұтынушыларға байланысты белгілі бір дауларды жою мәселелерін шешу мақсатында өкілетті органның пікірі бойынша сақтандыру омбудсманы түріндегі соттан тыс механизмдерді құру қажеттілігі туды. Дауларды шешуде осындай механизмді қолдану икемділікке алып келеді, ол тұтынушылардың да, сақтандырушылардың да тұтыныстарына мейлінше сәйкес келуі мүмкін, атап айтқанда: төмен шығындар, процедуралардың жылдамдығы мен бейресми сипаты, сақтанудырушылардың қабылданған шешімді міндетті түрде орындауы. Сақтандыру омбудсманын енгізудің тартымдылығы да осыған келіп тіреледі.
Оның қызметінің белгілі бір шешімдерді қабылдайтын кездегі тәуелсіздігі мен алалықсыздығы, объективтілігі мен мөлдірлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін, сондай-ақ олардың дауларды шешуге бағытталған балама механизмдердегі сенімділігін жоғарылату үшін ауқымды мәнге ие болады.
Сақтандыру омбудсманы институттарын қолданудың әлемдік тәжірибесі сақтандыру арақатынастарын тұтынушылардың тарапынан қадағалау мақсатында үкіметтік агенттіктердің, заң шығарушы комитеттердің, сақтандыру компаниялары өкілдерінің және сақтандыру қызметі тұтынушыларының оларды құруға қатысты мүдделерін біріктіруге келіп тіреледі.
Бірінші омбудсман Швецияда 1809 жылы пайда болды, ал екінші бүкіл әлемдік соғыстан кейін швед тәжірибесін көптеген басқа да елдер пайдалана бастады. Бүгінгі күні омбудсман институтына әлемдегі жүзге жуық мемлекет иелік етеді. Осындай институтты Қазақстанда қолдануды ұсыну үшін біз шетелдік аумақпен және тәжірибемен танысуымыз керек.
Сингапур: омбудсманның кеңсесі.Омбудсман кеңсесі қаржы басқару органының сақтандыру департаменті өкілдерінің Кеңесімен, автомобиль қауымдастығымен, сонымен қатар бухгалтерлік есепке алу, заң шығару және медицина саласындағы мамандармен құрылады және ең қызықтысы бұл кеңесте сақтандыру компанияларының өкілдері жоқ. Кеңсе жеке тұлғаларды сақтандыруға ғана қатысты сұрақтарды қарастырады. Кеңсе іс соттың немесе кез келген өзге инстанцияның қарауына өтіп кеткен болса, оны қарастырмайды. Іс жаңа жәйттар туындаған кезде ғана қайта қарастырыла алады. Кеңсеге клиент істі сақтандыру компаниясының өзі қарастырғаннан кейін ғана жүгінетін болады. Компания мен клиент өзара келісімге келмеген жағдайда клиет істі кеңсеге компания шешім қабылдағаннан кейін 6 айдың ішінде бере алады.
Кеңсенің шешімі заңдардың, келіспеушіліктер туралы жиналған мәліметтердің, сонымен қатар кейбір жағдайларда сақтандыру бизнесін адал жүргізу моралінің негізінде шығарылады. Шешім шығарғаннан кейін кеңсе оны клиент пен сақтандыру компаниясына жөнелтеді. Клиент осы шешімді қабылдауға да, одан бас тартуға да құқылы. Сақтандыру компаниясы кеңсемен берілетін нұсқауларды назарға алуы керек. Клиент кеңсенің шешімімен келіспейтін болса, ол сотқа немесе өз қалауына орай өзге инстанцияға жүгіне алады. Омбудсман кеңсесімен қарастырылатын сұрақтардың тізіміне мыналар кіреді:
-
Клиенттердің алдындағы сақтандыру компаниясының қандай да бір міндеттемелерді орындамауы;
-
Сақтандыру бойынша бара-бар емес соманы төлеу;
-
Сақтандыру ұйымының міндеттемелерін уақытылы орындамауы.
Ұлыбритания: әкімшілік істері бойынша парламенттік өкілетті тұлға (омбудсман). Парламенттік өкілетті тұлға Ұлы мәртебелінің Letters Patent тағайындалады, яғни үкіметтің тура ұсынысы бойынша ресми тағайындалады, бірақ оны тағайындағанға дейін парламентте ұсынылған партия жетекшілері өздерінің келісімдерін берулері керек. Өкілетті тұлға парламентке есеп береді.
Заңдармен Парламент мүшелері арқылы және олар арызды беруды мақсатты түрде орынды деп тапқан жағдайда ғана омбудсманға жол беріледі деп қарастырылған. Арыз омбудсманға келіп түскенге дейін барлық құқықтық құралдар пайдаланылу керек. Арыз омбудсманға сақтандыру компаниясымен шешім қабылданғаннан кейін 6 айдың ішінде жолдану керек. Өкілетті тұлға қайсы бір келісім-шартқа, қайсы бір елдің заңдарына, жалпы сақтандыру принциптеріне және халықаралық ережелерге сүйене отырып негізгі шешім қабылдайды.
Сақтандыру полистеріне қатысты және келесі межелерге жауап беретін барлық жолданған арыздарды қарастыру:
1. Сақтандыру полисі:
- компаниямен, сақтандыру кеңсесінің мүшесімен жазылып берілу керек;
- жеке тұлғаға жазылып берілу керек;
- Ұлыбританияның шегінде жазылып берілу керек;
- сол елдің заңдарынеа сәйкес келуі керек.
2. Арыз:
- сақтандыру полисі бойынша міндеттемелерге, маркетингке және компанияның әкімшілігіне байланысты болуы керек;
- сақтандыру полисін жазып беруге байланысты болмауы керек (жыныстық, нәсілдік,мүгедектік кемсітуге байланысты жағдайларды есепке алмағанда);
- шешімі клиентпен қабылданбаған компанияның басқармасымен қарастырылуы керек;
- сақтандыру компаниясының шешімінен кейін 6 айдың ішінде омбудсманға жолдану керек;
- осы полисті ұстаушы немесе елдің резиденті болып табылатын немесе сақтандыру полисін жазып беретін кезде резиденті болған туысымен жолдану керек;
- компания ұзақ уақыт бойы ұстанып келе жатқан стандарттарға, принциптерге, есептеу ерекшеліктеріне байланысты болмауы керек;
- соттың немесе өзге инстанцияның қарауында болмауы керек;
- жаңа жәйттар пайда болған жағдайда ғана қайтадан омбудсманға берілуі керек.
Швейцария: сақтандыру қорғанысының мекемесі. Швейцар сақтандырушылар бірлестігімен сақтандыру қорғанысының мекемесі құрылады. Құрылтай кеңесінің құрамына парламентте сайлау құқығы бар тұлғалар кіреді. Мекеменің заңды және әкімшілік өкілеттіктері жоқ. Оның функциялары негізінен ақпараттық сипатқа ие. Оған сақтандырушылар да, сақтанушылар да жүгіне алады.
Ирландия: омбудсман. Омбудсман заңмен сақтандырушыларды, сондай-ақ брокерлерді қаржылық реттеу органы ретінде бекітілген. Омбудсманның басқармасы мен кеңесі бар. Омбудсман кеңеске есеп береді. Кеңес 6 адамнан тұрады: сақтандырушылардың өкілдері, бұрынғы тұтынушылар қауымдастығының мүшесі, бухгалтер. Омбудсманның төрағасы сақтандыру бизнесіне жатпауы керек. Басқарма сақтандырумен шұғылданатын 9 мүшеден тұрады.
Омбудсман қауымдастықтың мүшелері болып табылатын компаниялардағы ғана арыздарды қарастырады. Қарастыру талаптары:
-
Арыз компанияның басқармасымен қарастырылған немесе оны бергеннен кейін 2 айдың ішінде қарастырылмаған;
-
Сотта қарастыру басталмаған;
-
Арыз алдыңғы арыздарға қатысты болмауы керек. Ол компанияның басқармасымен қарастырылғаннан кейін 6 айдың ішінде берілуі керек. Омбудсман кеңесші, бітімген және төреші ретінде сөйлейді.
Германия – сақтандыру қорғаушысының офисі. Сақтандыру қорғаушысы сақтандырушыларды қамтитын ерікті қауымдастық мүшелерінің жиналысымен сайланады. Жиналыспен сайланған тұлға (қорғаушы) сақтандырушылардың, тұтынушылық ұйымдардың, сақтандыру қадағауы мен саяси партиялардың 27 өкілінен тұратын кеңеспен мақұлдануы керек. Қорғаушы өзінің міндеттемелерін сақтандырудың түрлі салаларынан 20 маман кіретін офис арқылы жүзеге асырады. Офис телефон арқылы, сондай-ақ жазбаша нысанда да екі тараптың да арыздарын қабылдайды. Қорғаушы сақтандырушымен төленетін 5 мың. евроға дейінгі өтемақыны тағайындау туралы шешім шығарады. Сома көрсетілген мөлшерден асып кеткен жағдайда қорғаушы дауласатын тараптарға нұсқаулар ғана береді.
Жоғарыда аталып өткендей қазіргі кезде өкілетті орган көлік құралдары иегерлерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырушы мен сақтанушының (жәбірленушінің) арасындағы дауларды реттеу мәселелерін шешу мақсатында Қазақстанда сақтандыру омбудсманының меншікті тәжірибесін құру мүмкіндігі туралы сұрақты қарастырып жатыр.
Статистика көп жағдайда сақтандыру шартына қатысушылардың аарасында дәл осы сақтандыру түрі бойынша даулардың туындайтындығын куәландырып отыр. Сөзсіз, сақтандыру омбудсманы мемлекеттік, сонымен қатар соттық органдарды қатыстырмай шартқа қатысушылардың арасындағы дауларды шешетін кезде делдал ретінде сөйлеуі керек, бұл арыздарды қарастырудың қысқа мерзімдері сияқты белгілі бір артықшылықтарды береді, ол өз кезегінде соттық тексерулермен салыстырғанда клиенттердің шығындарын барынша азайтуға алып келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
Коломин Е.В. «Теоретические вопросы развития страхования»// Вестник Финансовой академии, №1, 1998 г., с.25-32
-
Шахов В.В. «Страхование»:- Москва, 1997 г., с.53
-
Зубец А. «Эффективность страхового регулирования»//Страховое дело, 1997 г., №6, с.30-32
-
Шахов В.В. «Страхование»:- Москва, 1997 г., с.67
-
Мюллер П. Доклад на «Всероссийском собрании по развитию национальной системы страхования в РФ» 3 марта 1999 г., Москва
-
Алдамберген А. Страховой рынок: качественный и устойчивый рост// Рынок страхования, №3 (78), Март, 2011
-
2011 жылғы сақтандыру нарығының жағдайы, www.afn.kz
Достарыңызбен бөлісу: |