Сценарийі жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар



Дата09.06.2016
өлшемі57 Kb.
#124262
түріСценарий
«ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ ЖАНДАР»

ЖЕРГІЛІКТІ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

СЦЕНАРИЙІ


Жүргізуші:

Армысыздар құрметті қонақтар.

Баршаңызды қаламызға 75 жыл және «Қаламгер» әдеби- бірлестігіне 10 жыл толған мерекелеріңізбен құттықтаймыз.






Слайд

Жүргізуші:

1938 жыл. Қарашаның 24-і. Балқаш тарихының ең жарқын беті... Комбинаттың алтын әріппен жазылған шежіресі. Дүниеге ең алғашқы Балқаш мысы келді. Айналасы 10-ақ жылдың ішінде болашақтың әсем қаласы орнап, болашақ күндердің игілігіне бағышталған Балқаш мысы таң нұрындай алаулап туды.

Туған жерім, Балқаш құтты мекенім

Алыс кетсем аңсап саған жетемін.

Шежірелі, сырға толы тарихыңды,

Бәрін оқып, жырға қосып өтемін.


Жүргізуші:

Балқашқа 75 жыл... Бұл Қарағанды облысында ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға. Тәуелсіз мемлекетіміз – ҚР-ның картасында көл жағасына орналасқан қала және ондағы ірі кәсіпорын – Балқаш кен-металлургия комбинаты, қазіргі «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігі сонау 30-жылдардан қазіргі уақытқа дейін отандық түсті металлургия мен Қазақстан экономикасындағы көшбасшылардың бірі болып келеді.

Балқаш – жастық қаласы. Өнер мен білім отауы. Спорт пен мәдениет ошағы. Мәдениеті гүлденген Көкше теңіздің жағасындағы жасыл желекті қала өнері де шарықтап биікке өрлеумен келеді.

Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2002 жылы С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханада сол кездегі қала әкімі Қасымхан Ахметовтың тікелей басшылығымен, сол кездегі мәдениет бөлімінің басшысы Г.М.Жақыпбаеваның және

кітапхананың директоры Л.Ә.Шопанаеваның ұйымдастыруымен «Қаламгер» әдеби-бірлестігі құрылған болатын. Содан бері 10 жыл өтті. Әдеби бірлестіктің негізгі қызметі жергілікті ақын-жазушылардың баспадан жарық көрген шығармаларын қала жұртшылығына таныстыру. Бүгінде әдеби-бірлестік біраз жұмыстар атқарды. Ақын-жазушыларға арналған конференциялар, кітаптың тұсау кесері, әдеби жыр кештері өткізілді.


Мысалы,

  • «Балқаш – менің өмірім» - С. Каукербековпен кездесу кеші.

  • «Күмбірге толы жыр кеудем» - Сәкен оқулары.

  • Өздеріңіз куә, белгілі ақындарыңыз Қуандық Сәденов, Нұрдос Кәрім, Ілияс Мұқаев, Қуаныш Аманқұловтардың ақындық өнерге баулыған шәкірттерімен «Тәуелсіздік – ардағым!»- атты жыр кеші өткен болатын.

Жүргізуші:

Осы мерекеге байланысты ақын ағалар сіздермен поэзия кешін өткізгелі отырмыз.

Жүргізуші:

Ерлерім бар қадір тұтар өткенін

Қайта оралтып өлгені мен өшкенін.

Елін сүйер азаматтар сау болсын,

Құтты болсын тойың бүгін текті елім.






Ән

Жүргізуші:

«Қаламгер» ә.б-нің төрағасы, қаламыздың ардақты азаматы, қаланың саяси-әлеуметтік өміріне атсалысып жүрген, әдебиеттің жанашыры, Балқаш қаласының тарихында өзінің қолтаңбасы бар, дәрігер, сазгер ақын Көбен Бекмағамбетовке сөз кезегін берсек.




К.Бекмағамбетовтың сөзі.

Жүргізуші:

Келесі сөз кезегін өлкетанушы, тарихшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, мәдениет жанашыры, осы ә.б. алқа мүшесі Күлаш Ыбыжанқызына беремін.

Балқаш, Балқаш – сән қала,

Айналаңда нұр дала.

Сені көріп толқыдым,

Көкірегімде ән ғана.





Ән

Жүргізуші:

Поэзия – азабы мол, ауыр жол. Поэзия адам баласының рухы. Поэзияға тән рухты әдебиеттің басқа жанрларынан табу қиын. Адам бар жерде поэзия бар. Өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия. Алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Сезіну бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату бар. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді.

Оның аты – Ақын. Адамның сезімі - алынбас қамал. Ендеше, сол сезім қамалының жаулаушысы да, иесі де – ақын.



Сөз кезегі Балқаш өңіріндегі жыр әлемінің марқасқалары Махмет Нұртазаұлы, Нұрғазы Нұрмұханбетов, Әбіл Кәріпбаев, Айтбай Кәріпбеков ағаларымызға беріледі.




Ән

Жүргізуші:

Поэзия ғашық жүректен туады. Ешкім ақындық оқуды бітіріп, ақын болмайды. Ақындық тума талант, құдіретті өнер. Ақынның міндеті - өз сезімін тұншықтырмау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтып құтылу. Ақынның бірінші ерекшелігі осы болса, екіншісі – ақын сыры жұртшылықтан жасырылмақ емес, сырын жасыруға да шамасы келмейді.Ол жылай отырып күлгенін, күле отырып жылап алғанын өзі де аңғармайды. Ақындар сезім дүниесі бөлек жандар. Ақын үшін жүректен жарып шыққан жырдан артық қымбат дүние жоқ.

Келесі сөз Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, ақын-жазушы, белгілі шашубайтанушы Жанболат Башар, Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, ҚР журналистер Одағының мүшесі Оралбек Жүнісұлына, ақын апайларымыз Асыл Әбілқайырқызына, Мөлдір Бөлековаға беріледі.


Сазы мен назы бөлек әндерді тудырған сұңғыла сазгер, арқалы ақын, жалынды журналист, шежіреші, жеті өнерді бойына жиған Қуандық ағайды ортаға шақырсам.

Сұрақ:

Қуандық аға, сіз өлеңге әнді көп жазған ақынсыз.

Музыка мен поэзия бір-біріне жақын өнер түрлері.

Бірақ музыканың жазылуында мынадай бір ерекшелік бар: бүгінде музыкалық гармонияның дамығандығы сондай, композицияның қағидаларын, аранжировканың тәсілдерін азды-көпті меңгерген кез-келген адам гармониялық тұрғыдан тәп-тәуір әндер немесе басқа да музыкалық шығармалар жаза алады. Ал поэзияның технологиясының басты ерекшелігі неде? Сіздің ақындық өнеріңізге музыка қалай әсер етті?

- Бір ән шырқап жіберсеңіз.

Жалған айтсам сөзімді жұрт айыптар,

Ілияс деген, дүниеде төрт алып бар.

Бірі - әулие, пайғамбар, бірі – ақын,

Бесіншісі – жас шайыр Мұқаев бар


- деп Қуандық ағамыз жырлағандай, Республикалық Нұрлан Мәукенұлы, Бұқар жырау, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтардың иегері, «Ғұмырымның көктемі» атты жыр-жинақтың авторы І. Мұқайды және ақын-сазгер, әнші, сахна кештерін жүргізуші Қадыр Баймырзаны ортаға шақырсам.

Сұрақ:

Өлең - әуелі шығармашылық, азабы мол, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды, тыныштықты сүйеді. Шабытты сәттеріңізде сезім селіне сүңгіп, арман көгінде қалықтап кеткендеріңізді де сезбей қаласыздар. Ақын үшін шабытты сәт – ең бақытты сәт. Ілияс, сондай шабытты, бақытты сәттеріңіз туралы сыр шертсеңіз.

Жүргізуші:


Балқаш – жеңіс шапағатының нұры.

Балқаш – табысқа жетіп жатқан жерлестеріміздің жүзінде ойнаған шуақ.

Балқаш – балқыған мыстың таң шапағы.

Ана-Балқаш өз ұлдары, өз перзенттеріне толқыған көлімен ән боп жеткен, уілдеген желімен күй болып құйылған.






Күй

Жүргізуші:



«Қаламгер» ә.б. ұйымдастырушылардың бірі, 2002-2009 жылдар аралығында ә.б-тің тұрақты хатшысы болған, қазір №15 мектептің кітапханашысы Гүлнәр Тайкенқызына сөз беріледі.

Келесі құттықтау сөз кезегі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Дина Тұрсыновнаға беріледі.

Жүргізуші:

Қымбатты ақын жазушылар, бүгінгі кеште өр де өткір, нәзік те сыршыл сезімдеріңізді ортаға жайып салып өздеріңіз де бір құмардан шыққандай болдыңыздар. Біз де, жыр сүйер қауым, осындай әдемі кеште әсем жыр тыңдап көңіліміз көтеріліп қалды. Өмірге ғашық жандар ол мәңгі жас адамдар екен. Ендеше, жандарыңыз қартаймасын, жүректеріңіздегі өмірге деген ғашық оты сөнбесін. Уақыттарыңызды бөліп поэзия кешімізді өткізуге тірек болғандарыңыз үшін сіздерге алғысымызды айтамыз. Келесі кездескенше сау болыңыздар!


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет