Секция: Қазақ тілі мен әдебиеті


ІІ ТАРАУ. «ТЫРМЫСЫП ӘЛ КЕЛГЕНШЕ КӨРГЕНІМДІ



бет3/6
Дата03.12.2022
өлшемі260 Kb.
#466330
1   2   3   4   5   6
гылыми жоба




ІІ ТАРАУ. «ТЫРМЫСЫП ӘЛ КЕЛГЕНШЕ КӨРГЕНІМДІ,
ЖАЛТАҚТАМАЙ, ИМЕНБЕЙ АШЫҚ ЖАЗДЫМ»



2.1. Б. МОМЫШҰЛЫ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҚ ТӘЛІМ – ТӘРБИЕ

«Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,»
Менде де жан бар, менде де ар бар жан тебіренткен,
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен» [3], - деген жолдар арқылы Бауыржан Момышұлы өзінің адами, азаматтық болмысын бір ауыз өлең жолымен танытқан.
Қаһарман жазушының болмысын сөз еткенде, ең алдымен, айқын танылары, батырлық қасиеті екені белгілі. Батырлығы – Отанын сүйген, елі үшін жаны күйген, ұлт тағдыры үшін қандай қиындыққа болса да қарсы тұрар қаһармандық болатын. Ал Бауыржан Момышұлының аты аталғанда, екі бірдей бейне көз алдымызға келеді. Бірі – батырдың, екіншісі жазушының бейнесі. Бойынан осы қасиеттің бірі табылып, бірі табылмағанның өзінде халқының асқан ардақтыларының бірі болары анық. Бауыржанның тұғырлы тұлғасында батырлық пен жасампаздық сипат бір - бірімен ғажап бірлік тауып, тұтастыққа айналған.
Адамдық парызын дала философиясымен үндесе отырып, халықтық тәлім - тәрбиеден іздеп, ұрпағына ой салған жазушы өз шығармаларында тарихи маңызы мен тәрбиелік құндылығын жоғалтпайтын оқиғаларға басты назар аударады. «Шығарманы қызықты етеміз деп, біз кейде құр оқиға қуалап кетеміз. Шығармаларымыздың елеулі кемшілігінің бірі, міне, осында» [4] деп ескерткен еді жазушы. Тумысынан асқан дарынды өзі үшін мүлде қиын да күрделі, халық даналығында айтқандай «Инемен құдық қазғандай» азапты тірлікке бет бұрып, сәтті туындыларды сыйға тарта білді.
«Адам қайраты», «Қанмен жазылған кітап», «Москва үшін шайқас», «Ұшқан ұя» шығармаларымен қатар, естелік кітаптарға қосымша газет - журналдарда жарияланған мақалалардан нақыл сөздерді жинақтаған болатынмын. Жұмысымның зерттеу бөлімі қазақ халқының мақал - мәтелдеріне арналған.
Жоғарыда аталған шығармалар бойынша жазушы қолданысынан төмендегі тақырыптар бойынша қазақ халқының мақал - мәтелдерін көптеп кездестірдік. Жазушы мына тақырыптар төңірегінде нақыл сөздер жазып қалдырған, өмірде қолданған. Олар: ерлік пен жаужүректік туралы, адам туралы, тіл және сөз құдіреті туралы, ел, Отан туралы, ақиқат пен шындық туралы, білім, ақыл және ізгілік, адамгершілік туралы, еңбек және бірлік туралы.
Айталық, «Адам қайраты» кітабында «Түсі жақсыдан түңілме», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», «Көз қорқақ, қол батыр», «Білек бірді, білімді мыңды жығады» [5] секілді халқымыздың даналығы жиі айтылады. Қай мақалға талдау жасасақ та, мағынасы адалдық пен ерлік, ұлттық рухқа саяды. Мақалдарды тізбектегенде халық даналығына 45 мақалды жатқызып, 7 тақырыпқа топтастырдық. Тақырыптарының өзі халықтық тәлім - тәрбиеге үндейді. Әсіресе ержігіттің бойына ерлік пен елдікті дарыту, қыз бойына әдептілік пен ар - ұят қасиетін сіңдіру әр қазақтың жауапкершілігі болса, қаһарман жазушы оны сезіне білді. Аз жазса да, саз жазатын, жазушылық бағытқа жәй келсе де, көп дүние қалдырған шығармаларында Бауыржан Момышұлының жүрегі «Әр қазақ - менің жалғызым» деп соққаны айқын көрінеді.

Енді назарларыңызға Б. Момышұлының әңгіме, повесть, романдарынан жинақтаған қазақ халқы ауыз әдебиетінің мақалдарын ұсынамын:
І.Ерлікпен жаужүрек туралы
1. Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді.
2. Күш - әкесін танымайды.
4. Азаматқа өмірден де ар қымбат, өлімнен ұят күшті.
5. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
6. Жығылған үстіне жұдырық.
7. Көз қорқақ, қол батыр.
ІІ. Адам туралы
1. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді.
2. Ағаш көркі - жапырақ, адам көркі - шүберек.
3. Баланы бастан.
4. Түсі жақсыдан түңілме.
5. Кісідегінің кілті - аспанда.
6. Қорыққанға қос көрінеді.
7. Түсі тәуірден түңілме.
8. Балалы үй ұрлығын жасыра алмайды.
9. Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра.
10. Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл
11. Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа.
12. Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі.
13. Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас болғын.
14. Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді.
15. Он үште отау иесі.
16. Жетіге келгенше, бала жерден таяқ жейді.
ІІІ. Ел, Отан туралы
1. Ел қадірін білмеген ер қадірін білмейді.
ІV. Еңбек және бірлік туралы
1. Еңбек түбі рақат.
2. Төртеу түгел болса төбедегіні алады.
V. Білім, ақыл және ізгілік, адамгершілік туралы
1. Білек бірді, ақыл мыңды жығады.
2. Қалауын тапса қарда жанады.
3. Қаға білсең киіз қазық та жерге кіреді.
4. Өлімнен ұят күшті
5. Жаным - арымның садағасы.
VI. Ақиқат пен шындық туралы
1. Өтіріктің балын жұтып тірі жүргенше,
Шындықтың уын ішіп өлген артық.
2. Шын айтпай, сын айтпа.
3. Өтірік – зиян, кесір.
4. Өтірік – барып тұрған зиянды у.
5. Шындық ақиқатты түсіндіруші.
6. Біздің нақты болмысымыз – шындық.
VII. Тіл және сөз құдіреті туралы
1. Сөз жүйесін, мал иесін табады.
2. Жылататын да, жұбататын да сөз.
4. Жаман айтпай - жақсы жоқ.
5. Сөз тапқанға қолқа жоқ.
6. Жақсы сөз - жарым ырыс.
8. Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді
Б.Момышұлының нақыл сөздерін шығармаларынан, кітаптардан, газет-журналдардан саралап үш топқа бөлдік: 1) қазақ мақал-мәтелдері; 2) өзінің мақал-мәтелдері; 3) өзінің афоризмдері. Осылардың ішінен баһадүр бабамыздың өзі шығарған нақыл сөздерін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
1. Қарабет болып қашқанша - қайрат көрсетіп өлген артық.
2. Әділдікті мойындау - адал кісінің ісі.
3. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық.
4. Намысты нанға сатпа.
5. Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
6. Сөз жылата да, жұбата да алады.
7. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту - бүкіл ата бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
8. Тіл - ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
9. Қазақ тілі - сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет берер ғажайып кемел тіл.
10. Жақсы сөз жанға - жақын, құлаққа - жағымды, ойға - қонымды келеді.
11. Ата-ана қадірін білмеген ел - қадірін біле алмас,
Ел қадірін білмеген - ата-ана қадірін біле алмас.
12. Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
13. Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.
14. Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше - шындықтың уын ішіп өлген артық.
15. Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.

2.2. БАТЫРДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ – ҚАҺАРМАНДЫҚ ҮЛГІ, ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ

Бауыржанның ерлікке, адалдыққа, адамгершілікке , патриоттық сезімге шақыратын шығамаларының бірі болып, оның қанатты сөздері саналды.


Ержүрек батырдың Москва түбіндегі шайқаста жауынгерлерді жігерлендіру, рухтандыру үшін қолданған «Шегінуге жол жоқ , артымызда Москва » деген атақты қанатты сөзі сол кездегі Отан соғысына қатысушы ерлеріміздің, отандастарымыздың барлығын жеңіске, батырлыққа жетеледі. Осы сөзді естіген бүкіл КСРО армиясы және тылдағы еңбеккерлер жігерлене түсті. Мұндай сөз ұлты орыс халықтан емес, қазақ азаматының аузынан шығуы ұлттар арасындағы бауырластықты , ынтымақтастықты , достықты күшейте түсті .
Ол өзі туралы « Мен 25 жыл әскерде болдым . Біле білген кісіге бұл – үлкен университет. Осы 25 жылдың ішінде мен талай қолбасшымен кездестім , сабақ алдым, талай генералдың қол астында қызмет істедім , тәрбие көрдім . Өйткені, командир деген әскери педагог қой . Өзімнің әр ұлт адамдарымен қызметтес болғанымды үлкен мектеп деп бағалаймын. Себебі, чуваш мынадай екен – ау қырғыз мынадай болады екен –ау деп ойлайсың.
Ана халық анадай дәстүрін қадірлейді, мына халық мынадай дәстүрін қастерлейді екен –ау деп толғанасың. Мен осы 25 жыл ішінде қарамағымда болған, үстеріне шинель киген солдаттар арқылы барлық халықтардың жанын ұқтым деп ойлаймын» деп толғайды .
Бауыржан соғыс кезінде «Красная Звезда » газетіне « Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз , оңбаған адам » деп жазады. Осы арқылы батыр әр солдатты ,әр офицерді , әр адамды өз халқын , өз Отанын , өз елін- жерін сүюге ,оны сыртқы жаудан қорғауға шақырады. Соғыс кезінде мұндай үндеулерді , қанатты сөздерді тыңдап , оқып жүрген әр азаматтың ,әрине , жүрегінде – туған жерге, елге деген үлкен сезім ұялап ,олар басын өлімге тіге отырып өз елін – жерін қорғауға бел буған. Олар біздердің ата – бабаларымыз.
Бауыржан Момышұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен
біздің ата- бабаларымызды алға ұмтылдырумен қатар , оларды өзінің сан алуан қанатты сөздері арқылы жігерлендіріп отырды.
Ол : « Отан үшін отқа түс күймейсің », « Ел үмітін ер ақтар – Ер намысын ел сақтар » деген сөздер арқылы жаужүрек сарбаздарымызды ерлікке бастады.
Ол « Жарымның опсыздығына сенбеймін » деп айтады да « Ее могут сломать, но не гнуть» , – «Иілмейді адалым , сынса сынар » деп өзінің жан- жүрегінен шыққан сөзі арқылы жауынгерлерді батырлыққа ер жүректілікке, тылда қалған жауынгерлердің жарларын адалдыққа, төзімділікке,шыдамдылыққа үндейді, жеңіске жігерлендіреді.
Өзінің өлең жолдары мен қанатты сөздері арқылы өз Отандастарын ел бірлігін сақтауға, кең байтақ туған жерді сыртқы жаудан ада етуге шақырды .
Бауыржан өз қанатының астындағы сабаздарын өзінің адуынды қанатты сөздерімен, туған елге – жерге деген адал, патриоттық сезімімен осы соғыста жеңуге жетелей отырып, шабуылдарда « Жаным – арымның садағасы »,
«Ерлік – батырлықтан туады » деп ұрандатып ,алдыңғы сапта жүрді . Мұндай рухты, қанатты сөздер мен әрекеттер жауынгерлерді тек қана алға ұмтылдыр ды. Осындай сөздермен қанаттанған олар өздерінің суықта тоңғандары мен бораған оқ астында жүргендерін ұмыта отырып ,жеңіс күнін жақындата түсті. Біз үшін олардың ерлік істері мәңгілік , ұмытылмас мұра .Келешек ұрпаққа өнеге, үлгі боларлық іс.
Қазіргі күні тек қана, компьютерленген, технологияланған заманда адамға адамның игі сезімі, Отанға адамның игі сезімі өте тапшы. Сондықтан, жастар арасында, жас өспірімдер арасында Отанға , туған жерге , туған елге ,
жан-жағындағы ортаға деген сүйіспеншілік кемде – кем .
Міне, осыларға деген сүйіспеншілікті арттыруда біздің атақты адамдарымыз – жазушыларымыз бен ақындардың,қоғам қайраткерлерінің , ардагер батырлардың қанатты рухты сөздері үлгі болмақ .
Мұндай сөздердің бірі және бірегейі – Бауыржан батырдың сөздері .Бұл сөз- дер ұрпақтан –ұрпаққа тарап, ғасырлар бойы өз құндылығын жоймақ емес.
Батыр сөзін ұрпақтары жаттап өсіп ,оның қанатты сөздері мен ерлік істері туралы ашық сабақтар, түрлі шығармашылық кештер, ғылыми конфе ренциялар өткізіп жатса , батырларымыздың ұрпақтары – патриоттық сезімі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтпақ емес .
Бауыржан Момышұлының адам баласының ой-өрісін, ерік – жігерін рухтандыратын, қанатты ұран сөздері бүгінгі ұрпаққа үлгі, келешекке даңғыл жол болып мәңгілік жасай бермек .
Өзінің бітім-болмысымен ерекшеленген Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы тек ел басына күн туғанда «етігімен су кешен» батыр ғана емес, кең тынысты суреткер де болды. Батырдың аузынан шыққан нақыл сөздері бүгінде ел аузында жатталып та қалды. Атаның қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын сөз еткенде, елді надандық пен қатыгездік, ұсақтық пен қанағатсыздық, маскүнемдік пен әділетсіздік, опасыздық пен өсек-өтірік қара түнектей қаптап алған заманда оның адамгершілік, әділет, қанағат, мейірімділік, оқу-білім, ақыл-парасат, салт-дәстүр сынды асыл дүниелер жөнінде сөз қозғауының өзі програссивті құбылыс. Ол мұраларында оқырманды дұшпанмен аянбай шайқасуға үндейді. Ол үшін қайратыңа ептілікті, ептілікке қырағылықты, қырағылыққа әдісті, әдіске ақылыңды жолдас ет дейді. Сонымен қатар, ол кісінің оймен өрнектеп, сөзбен кестелеген отанды сүюге, ізеттілікке, батылдыққа, адамгершілікке, өнегелілікке тәрбиелейтін өмірлік мәні зор нақыл сөздері келер ұрпақты қазақ мемлекетінің өр тұлғалы, ер мінезді қайсар азаматтары болуға насихаттайды. Атап айтқанда:
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі.
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!.
Отан үшін отқа түс – күймейсің.
Опасызда Отан жоқ.
Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды
Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!.
Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
Қырағының өзі де, көзі де батыр.
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет.
Сабырлық алдында дұшпан сасады, сабырсыздан береке қашады.
Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды.
Маған деген атақты міндет етсең, өзің ал. Әділдікке бас ұрып, У берсең де маған бал.
Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Қорқақ қаққа шөгіп өледі.
Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық.
Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды.
Намысты нанға сатпа.
Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рақаты.
Өмір үшін өлгенше күрес.
Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек.
Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз – ер болмайды.
Елсіз ер бола ма? Жұртсыз жігіт бола ма? Ерлік – елдің қасиеті.
Жүректілік – жігіттің қасиеті.
Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы.
Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық.
Именіп жүріп көрген игіліктен, қарсыласып жүріп көрген қорлық артық.
Ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң.
Ерлік елдің қасиеті, жүректілік жігіттің қасиеті.
Ерлік елеусіз қалмасын.
Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады.
Әділдік пен адалдық – адамның ең қымбат қасиеті.
Шегініп серке болғанша, секіріп теке болғын.
Жанын аяған тәніне жау.
Өлтірсең өлімнен құтыласың, өлтірмесең өлімге тұтыласың.
Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең, жеңдім дей бер.
Бұқсаң – сұқты, тығылсаң – тықты, именсең – езді, өлдім дей бер.
Айқаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен алғын.
Намысты адам намысы барды қадірлейді және намысы жоқты сыйламайтыны – заңдылық.
Елдікті, ұлттық намысты бәрінен жоғары қою — отансүйгіштіктің ең басты белгісі.
Әдіссіздік – әлсіздік, ептілік те – ерлік.
Елдік қасиеттер аспаннан түспейді, жоқтан жаралмайды. Өзі туған топырақ тозаңы және ана сүтімен ұйыған ұлтжандылық сыртында, өскен ортасы мен азамат ретінде қалыптастырған қоғамы дарытар терең де текті дүниетаным негізінде ғана түзіледі.
Міне, бұл атаның жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ғажайып нақыл сөздерінің бір парасы ғана.Ал, Қазақ тілін құрметтеу бағытында айтқан қанатты сөздерінің өзі бөлек дүние. Алдағы уақытта «Бауыржантанушы» ғалымдарымыз атаның мол мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп, қазақ жастарының бойына сіңіре беретініне сенеміз. Алайда, бұл нақыл сөздерді бесіктен бастап бала санасына құю, әрбір ата-ананың ұрпақ алдындағы басты парызына айналуы тиіс. Сонда ғана Бауыржан атадай өр тұлғалы, елім дегенде өзегін жұлып беретін, өжет те намысты азаматтарды тәрбиелейтінімізге кәміл сенемін.
Орынды зіркілдеу - сабақ, орынсыз зіркілдеу – азап. Орынды зіркілдеу жастарды дұрыс жолға, орынсыз зіркілдеу бұрыс жолға салады.
Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата - бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық.
Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетін күйеді, елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жұртың үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып істе.
Азаматқа өмірден де ар қымбат, өлімнен де ұят күшті.
Тексізден тезек артық
Баукеңнің өмірі - қаһармандық үлгісі, ұлттық намыстың қайрағы. Баукең мұрасы - ұлт рухының ұлы оқулығы. Баукең университетінен өткен әрбір адам халқына, ұлтына неғұрлым жақындай түседі, еліне деген перзенттік махаббаты арта түседі. Сөнген жұлдыздардың жарығы миллиондаған жылдарға жетеді екен. Туған халқы үшін, кейінгі толқын ұрпақтары үшін қазақтың бас батыры Бауыржан өнегесі таусылмақ емес. Ендеше, Баукеңнің алдағы жүз жылдық асуы да Алаш айбынын, мәртебесін асыра түсері сөзсіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет