Шәкәрім А.С.Пушкиннің “Дубровский” шығармасын қалай аударған еді
Задан ЖҰМАҒАЛИ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Абайдың тікелей қатысумен бірсыпыра деңгейге көтеріліп қалған қазақ-орыс әдеби байланысының одан әрмен дамуына зор үлес қосқан алаш арыстарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой сынды алыптардың өмір жолын, басты-басты шығармаларын үлкен білімдарлықпен, ерен талант қуатымен зерделей келіп, аттары аталған ойшылдардың ту етіп көтерген эстетикалық-философиялық концепциялары жекелеген ұлттың дара жетістігі емес, бүкіл адамзаттың мүддесіне ортақ қызмет ететін бірегей рухани байлық деп таныды. Туған халқының осындай озық кәусардан барынша мол сусындауын игілікті іс деп білген Шәкәрім дүние жүзі, орыс классиктерінің таңдаулы деген шығармаларын ана тілінде сөйлете бастады. Соның ең елеулілерінің бірі – А.С.Пушкиннің “Дубровский” романы.
Шәкәрімнің аталмыш шығарманы аударғанда қандай принциптер ұстанғанын әңгімелемес бұрын мына жайларға қысқаша тоқталайық. “Руслан мен Людмила”, “Евгений Онегин” сынды қайталанбас рухани қазыналарды дүниеге әкелген ұлы классиктің кей сәт прозаға барғаны, бұл саладағы творчестволық ізденістердің де ойдағыдай болғаны баршамызға мәлім. Зерттеушілердің сөзіне бақсақ, ол өзінің кейбір замандастарына орыс прозасына көңілі онша толмайтынын, оның поэзияға қарағанда қарабайырлау, шабан дамып келе жатқанын талай рет айтса керек. Бұл Пушкиннің 1975 жылғы 10 томдық шығармалар жинағының 5-томындағы С.Петров жазған соңғы сөзде байқалады. “Дубровский”, “Капитан қызы” шығармалары мен тағы басқа әңгіме, повестері әйгілі суреткердің сол олқылықтың орнын толтыру мақсатындағы талпынысы екен. Ақынның ара-тұра прозаға баруының себебі осылай делік. Ал Шәкәрімнің өзінің де қара сөзге келгенде құр аттай желетінін іс жүзінде дәлелдей тұра, “Дубровский” мен “Боранды” қазақы қара өлең – поэзия тілімен сөйлеткені қалай? Бұл орайда әртүрлі болжам болуы мүмкін. Біздің де аздаған өз топшылауымыз бар.
Тәржімемен және оның саналуан проблемасымен айналысқандар поэзияны аударушының түпнұсқаның авторымен қайткенмен де бәсекелесіп отыратынын, ал прозаны аударушының түпнұсқаның авторының айтқанына көніп, айдағанына жүріп дегендей, оның ықпалына түсетінін, құлақкесті қызметшісіне айналатыны, құдды дирижердің қолындағы таяқшаның әрбір қимылынан көз жазбауға тырысатын музыкант сияқты ерекше күй кешетінін айтады. Бұл арада әңгіме аударманың өнерлік деңгейде жеткен түрі жөнінде болып отыр. Пушкиннің жоғарыда аталған шығармаларын қазақшалағанда Шәкәрімнің қандай жан азабын бастан кешкенін көзге дәл елестету қиын. Қара сөзбен берілген ойды, сан қилы суретті поэзия тілімен жеткізу орасан зор еңбекті қажет еткені талассыз. Бір ашық нәрсе – қашанда, қайсымыз да Пушкинді ең алдымен ақын деп қабылдайтынымыз. Шәкәрім үшін де оның көркем поэзияның дүлдүлі болғаны даусыз. Сондықтан қазақ әдебиетінің классигі оның прозасын, қазіргіше айтқанда, автордың маркасын сақтай отырып сөйлетуді жөн көрген. Оған қоса тағы бір жорамал, аударма саласында да молынан танылып үлгерген ол орыс әдебиетінің мынадай кесек үлгілерін сахара тұрғындарына ана тілінде таныстыру арқылы өз мүмкіндігінің қаншалықты екенін сын сарабынан тағы бір өткізгісі келген ойы да болған шығар. Тіпті мұны оның ұлы ақынмен бір сәт өнер сайысына түскені десек те шындықтан шығандап кетпейміз. Осы болжамдарға қоса тағы бір айтпағымыз, Шәкәрім қажы мына жағдаятты – өз кезіндегі жазу-сызу өнерінің жарытымсыз болуына байланысты поэзиядан гөрі проза беделінің төмендеу, сұранымының аздау екенін ескерген бе дейміз. Жан дүниесін қозғайтын өлеңді жұрт іздеп жүріп тауып, жаттап алады. Ал қара сөзде қаншама ой, сырлы сурет тұнып тұрғанымен төкпей-шашпай жадыңа ұстай алмайсың. Қысқасы, “Дубровский ” мен “Боранның” Шәкәрім қажы жасаған нұсқасы хақында айтылар салиқалы әңгіменің өз кезегін күтіп тұрғанында еш күмән жоқ.
Түпнұсқа мен Шәкәрімнің “Дубровскийін” әліміз жеткенше өзара салыстырып қарағанымызда, қазақ ақынының аталмыш полотноның бүкіл бітім-болмысын мейлінше толық шығаруға күш салғанын байқаймыз. Пушкин қағазға түсірген хикаяның сыртқы нобайы ғана емес, ішкі иірімдері де, айсбергтің су астындағы бөлігінің сұлбасы да нақышын жоғалтпаған. Кейіпкерлердің мінез-құлқын, олардың әрқайсысының даралық сипаттарын өрнектеудегі түпнұсқа авторының қолтаңбасы білімдарлықпен қоса бесаспап суреткерлікпен жүзеге асқан. Дегенмен Шәкәрімнің Пушкин соқпағынан табан аудармауды жалаң мақсатқа айналдырмағанын азды-көпті кейбір еркіндіктерге бару арқылы шығарманың жұртшылыққа түсініктірек болуы жағын негізгі нысана еткенін атап айтуымыз керек. Мұны алдымен ескерткен Шәкәрімнің өзі. Аударманың кіріспесіндегі:
Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,
Қазақтың шағылдырар надан көзін.
Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,
Туралап көре алмас күннің көзін.
Сөйтсе де кете қойман шетке басып,
Айтармын алыстамай шын жанасып.
Әншейін ертек айтып отыр демей,
Жүрекке тыңдағайсың ақылдасып, – деген жолдар соның дәлелі.
Бәрімізге мәлім, замана сырын жан-жақты әрі тереңнен қамтуда прозаның мүмкіндігі әдебиеттің басқа салаларына қарағанда әлдеқайда мол. Ал поэзияның жолы өз алдына бөлек. Ол прозадай емес, өткен-кеткеннің тек елеулілерін теріп алады да кездейсоқтарды, ұсақ-түйектерді жіпке тізе бермейді. Егер М.Әуезов Абайдың өмір жолын, ол өмір сүрген дәуірдің кескін-келбетін өлеңмен жырласа, бізге эпопеядан таныс талай-талай эпизодтар, штрихтар сахнаның сыртында қалып қойған болар еді. Кейіпкерлердің де бірсыпырасымен ұшырасу, тілдесу мүмкіндігінен айрылған болар едік. Бұл айтылғанның “Дубровскийдің” Шәкәрім қажы жасаған нұсқасына да тікелей қатысы бар.
Пушкинде романның сюжеті бірден: “Несколько лет тому назад в одном из своих поместий жил старинный русский барин, Кирила Петрович Троекуров” (с.128) деп басталса, Шәкәрімнің “Дубровскийі” 124 жолдан тұратын прологтан кейін барып желі тартады. Пушкиннің ой-өрісін, қалам ұстау өзгешелігін, азаматтық позициясын толық та терең зерделей білген дала ақыны әр дәуірдегі адамның, қоғамның болмысын шола келіп, жеке мен жекенің, жеке мен көптің арасындағы үйлестіктің не қайшылықтың әрқилы себептерге байланысты бір қалыпта тұрмайтынын тілге тиек етеді. Бүгінгі бардың ертең жоқ болуының, бүгінгі достың ертең жауласып шыға келуінің әлеуметтік, психологиялық астарына үңілуге талпынады. Түптеп келгенде бұл – романда айтылатын ойдың негізгі қазығын, идеялық нысанасын меңзейді:
Жазған жоқ Пушкин мұны ермек үшін,
Мақсұты: бізге ғибрат бермек үшін.
Қиянатшыл, зорлықшыл, парақордың,
Мінезінің суретін көрмек үшін.
Осындай толғаныстан кейін барып біз жоғарыдағы Пушкиннің өзінен алынған жолдардың қазақшасын оқимыз:
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай.
Келтірілген шумақтың бастапқы екі тармағы жоғарыда Пушкиннен алынған үзіндіде жоқ, аудармашының өз тарапынан берілген прологтағы айтылатын ойдың қайталамасы. Ал оның есесіне түпнұсқадағы “старинный русский барин” деген айқындама қалдырылып кеткен. Бірақ оқырман романмен әрмен қарай танысу барысында Троекуровтың ата-бабасынан бері атақты алпауыттар тұқымынан екеніне көз жеткізеді. Демек бұл – қалдырылып кеткен ол тіркестің орны жоқталмайды деген сөз.
Пушкиндегі Тимошканың жарамсақ сөзіне қатал тойтарыс берудің орнына, дарақылана мәз болған Троекуровқа Дубровскийдің қатты ренжігені, сөйтіп, аңға шығудан осы жолы көпе-көрнеу бас тартқаны, оның бұл “тәртіпсіздігіне” өлердей долырған әпербақан алпауыттың думанды сайранға өзге үзеңгілестерін ертіп кете барғаны, бірақ қырсық шалғандай ұзақты күн тек бір қоянды ғана олжалап, кешке имениесіне көңілсіз оралғаны баяндалатын елеулі эпизодты Шәкәрімнің сол бастапқы өңін жоғалтпай жеткізуге ерекше күш салғанын айқын көреміз. Бірақ келтірілген эпизодтың соңғы тұсы қазақшасында аздап өзгертілген. Яғни, Кирила Петрович “на возвратном пути, со всею своею охотою нарочно поехал полями Дубровского” (с.132) деген жолдар:
Андрейдің егінін таптап-таптап,
Кешке келді үйіне қайта салып, – деп тәржімаланған. Бұл ауытқуда үлкен мән бар. Айталық, ол кездегі өлшеніп, пішілген және онысы мұқият хатталған мекен-жайда тіршілік еткен орыс жұртындай емес, кең сахараға бытырай қоныстанған көшпелілер үшін ауылдың не жайлаудың үстінен салт аттылардың өтіп кететіні жан сыздататын әрекеттің қатарына қосыла қоймайды. Ал егінді таптау деген қашанда үлкен қастандықпен, бүліншілікпен пара-пар қимыл. Шығармада өрнектелетін тартыстың қандай себептерден бастау алып, бара-бара қалай асқынғанын молырақ аңғарту орайында аудармашы әлгіндей еркіндікке әдейі барған.
Пушкиндегі Троекуров пен Дубровскийдің ара қатынасы бара-бара қатты шиеленісіп, ақыры соңғысының ауыр сырқатқа ұшырағаны, төсек тартып жатып қалған оның маңына қызметшілерінің батып жақындай алмағаны, қожайынды тек Егоровнаның күтіп-баққаны, соның қолынан ғана аздап дәм татқаны баяндалатын жолдарды Шәкәрім мейлінше тартымды, әрі жатық сөйлете білген. Тек түпнұсқадағы: “Она (Егоровна – З.Ж.) смотрела за ним (Дубровским – З.Ж.), как за ребенком, напоминала ему о времени пищи и сна, кормила его, укладывала спать” (с.139) – деген жолдар қазақшасында:
Уақытымен жатқызар төсек салып,
Стақанмен шәй берер қолына алып.
“Тамақ ішер мезгілің болды ғой”, деп
Нан салады аузына майға малып, – болып өзгеріп шыққан. Бұл – аудармашының жағдаятты дала оқырмандарына толығырақ, толымдырақ жеткізу ниетінен туған еркіндік. Түпнұсқаға тигізер қиянаты, залалы жоқ толықтырма.
Пушкиннің қолынан шыққан нұсқадан Троекуров пен Дубровскийдің тартысқа түскен тұсында соңғысының жалғыз ұлы Владимирдің Кадет корпусын бітіргеннен кейін Петербургтегі жаяу әскер полкінде қызмет атқарып жүргенін оқысақ, аудармада аттары аталған орыс Капулеттиі мен Мантеккиінің өзара сойылдасу кезінде Владимирдің астанадағы “университет деген медреседе” дәріс алушылардың бірі екені айтылады. Бұл ауытқудың себебі не? Біздің ойымызша, романдағы негізгі орталық тұлғаның бірі – бала Дубровский. Оның озық түр-тұрпатын толығырақ жеткізу мақсатында Шәкәрім қажы осы тұста да аздап еркіндік қажет деп білген. Демек, қатардағы көп ұланның қайсысынан да үлкен білім ордасында тәрбиеленіп жүрген талапкер жастың еңсесі биік, аруақты, айбынды деп топшылаған. Университет деп дара атасам, мүмкін кейбіреулер түсінбей қала ма деп, оған үлкен-кішінің бәріне мәлім медресе атауын тіркеуді орынды көрген.
Пушкиннің “Дубровскийінде” Егоровнаның хатынан бірсыпыра жайдан хабардар болып, асығыс үйіне оралып келе жатқан Владимирді Антон жәмшіктің “Песочное” стансасында (аудармада “Құмдыбекет”) күтіп алғаны, жолда бала Дубровскийдің әкесінің жай-күйін сұрағаны, қызметшінің нендей жауаптар қайтарғаны жөнінде бір алуан мәлімет бар. Бұл эпизод Шәкәрімде жоқ. Мұның мәнісі, біздіңше, мынау. Оқырмандар Троекуровтың қолдан жасаған қиянат-қысымынан кәрі Дубровскийдің дертке ұшырап, қатты науқастанып қалғаны туралы бұрыннан толық таныс болатын. Екі байдың не себептен араздасқаны шығарманың бұдан кейінгі беттерінде там-тұмдап әртүрлі жағдаяттарға орай қайталанып отырылады. Сондықтан Шәкәрім алдында айтылып өткен оқиғаны жұрттың есіне тағы да бір сала кетуді артық деп санаған. Прозада әуел бастағы белгілі эпизодтарды белгілі бір мақсатпен қайыра жаңғыртулар жасауға бола береді. Ал поэзияның табиғатына мұндай жомарттық жараса қоймайды. Аудармашы мұнда міне, осы ұстанымда қалған сияқты.
Пушкинде жас Дубровскийдің жәмшік Антоннан біраз жәйттің сырын аңғарғаннан кейін көңіл-күйі құлазып, көпке дейін өзімен-өзі болғаны қысқаша баяндалса, қазақ ақыны оның сол сәтіндегі мұң мен шерге толы ішкі әлемін молырақ қамтуды дұрыс деп санаған. Мұны дастанның бойындағы ең бір тартымды жолдар деп білеміз.
Шал Антон бишік бұлғап божы қақты,
Сар желді күрмедегі ат, шеткі ат шапты.
Өткенін қанша уақыт пайым етпей,
Владимир тым терең ой ойлапты.
Ат пыр-пыр, арба күр-күр,
қоңырау шылдыр,
Тау, ағаш кейін қалып, қақты бұлдыр.
Бұлардан Владимир түк сезбейді,
Әкетпес әлдеқайда көңіл құрғыр.
Түпсіз ой, түпсіз қиял неше мыңдап,
Бірі бүйт, бірі сүйт деп тұрады ымдап.
Тұңғиық тұманданған алдыңғы өмір,
Тұрғанын біліп болмас не дайындап.
Қайрайды, кейде ыза боп, жауға тісін,
Ойлайды кейде реттеп, қылмақ ісін.
Ашық көзі жұмулы есепті боп,
Көрсе де көрмегендей түктің түсін.
Осындай ұйқылы-ояу бір ой басты,
Қайғы, үміт, қайрат, ыза араласты.
“Әнекей, “Покровский” қышылақ” деген,
Антонның дауысымен көзін ашты.
Осы келтірілген үзінді аудармашының сөзбен келісті өрнек сала білетін үздік талант иесі, майталман психолог екенін, демек Пушкиннің суреткерлік қолтаңбасын жетік түсінгенін айнытпай айғақтайды. Нағыз өнер сайысы осындай болмақ. Арбаға жегілген аттардың қайсысының қалай жортқаны да тәржімешінің өзінің болжамасымен дүниеге келген жолдар. Төл еңбегі.
Пушкинде кәрі Дубровскийдің ауыр сырқаттан дүние салған сәті: “Он лежал в креслах, на которые перенес его Владимир, первая рука его висела на полу, половина опущена была на грудь – не было уже и признака жизни всем теле, еще не охладело, но уже обезображенном кончиною” (с.145) деген жолдармен берілсе, Шәкәрімде сол көрініс:
Өлмей, өшпей тұра ма адам фәні,
Мұзға айналып қалыпты ыстық тәні.
Басы иіліп кетіпті кеудесіне,
Ашулы оң қолының алақаны.
Басын имек – тағдырға көндім демек,
“Фәрмәнына мойнымды бердім”, – демек.
Алақаны ашылған ишараты –
“Несін алдым, мен ақтан өлдім” – демек, – деген өлең тармақтарымен бейнеленген. Шәкәрім қажы түпнұсқадан арнайы ауытқи отырып жер басып жүргендердің бәріне қатысты ой түйеді. Кім болсаң ол бол, тіршіліктегі көрген жақсылық пен жамандықтың бәрі көз жұмылған соң түгел тәмам. Жиған-тергеннің қадыр қасиетін, береке-бұйыруын бас аман, ден сауда бағалай біл. О дүниеге қора-қора мал айдап, бума-бума ақша алып кеткен ешкім жоқ. Ең ақырғы алар еншің – қол созым қараңғы қуыс пен 3-4 аршын шүберек қана. Осының жайынан кәрі-жастың бәрі хабардар. Бірақ жұрттың бәрі жер үстінде жүргенінде тәңірге бағып, бұйырғанға шүкіршілік ете қоя ма. Бастың құнына татитындай нәрсе болса бір сәрі, кейде қотыр ешкінің терісіне тұрмайтын бірдеңе үшін жанжалдасып, сойылдасып жатқаны.
Өмірде талай-талай қақтығыс-тартыстың куәсі болған ғұлама ақынның орыстың сонау кезден өзара сырласып, сыйласып келген екі алпауытының аяқ астынан нілдей бұзылып, бір-біріне көр қазуға дейін барғанын зерделеу үстінде ой тұңғиығына тағы бір терең бойлағаны күмәнсіз. Адам табиғатының оңы мен солын шындықта болған немесе болуы мүмкін оқиғаны қисынын келтіре әңгімелеу арқылы таразыға тартып, замандастарын өзара сыйластыққа, мейірімділікке, бірлікке үндеген, шынайы сезімнің қарапайым пендешілікпен қоңсы қона алмайтын шуақты нұрын шырқата әуелеткен Пушкиннің жай аударушысы ғана емес, ол оның бірегей пікірлесі, әріптесі екенін дәлелдейді.
Шәкәрім жасаған нұсқада Владимирдің Дефорж деген жалған есіммен Троекуровтың имениесіне алғаш мұғалімдік қызметке келген бетінде кейінгісінің келіссөз соңында оған мынадай қатаң шарт қойғаны айтылады:
Білмейді французша байдың өзі,
Наданның тіпті топас келер сөзі.
Марияны тілмаш қылып жігітке айтты:
“Жүрмесін қызымда боп екі көзі”.
Аталмыш деталь Пушкинде бұдан біраз өзге. Онда Троекуровтың “французға” басты міндеті Сашаны жақсылап оқытып, тәрбиелеу екенін, қызметші қыз-келіншектерге көз салмауын, егер осы орайда кінәсі сезіле қалса, иттің күшігі құсатып қуып жіберетінін ескертеді. Бұл арадағы әңгімеге Мария Кириловнаның қатысы жоқ. Ал Шәкәрім осының бәрін біле, ұға тұра жаңағыдай ауытқуға неге барған? Оның мәні, біздіңше, оқырмандардың бүкіл назарын Мария Кириловнадан өзгеге бұрмау мақсатынан туған. Түпнұсқаның бастапқы беттерінің бір жерінде “Покровское” қыстағының қызметші қыз-келіншекке толы екені, оның кейбіреулері Троекуровтың рұқсатымен тұрмысқа шыға қалса, орны жас бикештермен толықтырылып отырылатыны, аталмыш мекен-жайда қожайынның өзінен айнымайтын, бірақ ресми әкесі белгісіз сәбилердің көрген күні, хал-жағдайы туралы қысқаша мәліметтер бар-тын. Мұны аудармашы қажетсіз деп есептеп, қалдырып кеткен. Өйткені күнделікті өмірдегі ұсақ-түйекті прозаның қамтуға мүмкіндігі көтергенімен, поэзияның табиғатына жинақылық, аз сөзділік қана жарасады. Алдында керегі жоқ деп танылған детальды біраздан соң шегініс жасау арқылы сюжетке енгізген жағдайда, басқа түк те емес, бір бүйір қысыр кеңеске орын берілген болар еді. Сондықтан қазақ ақыны жұртшылықтың ықыласын әуел бастан жақсы таныс Мария Кириловнадан басқа жаққа аудармауды дұрыс санаған да, азды-көпті әлгіндей иіп-бүгуге барған. Біздің ойымызша, бұдан ұтпаса ұтылмаған. Бұл – бір. Екіншіден, мол байлықтың арқасында кердеңдей басып, кесірлене сөйлеуді әдетке айналдырған дарақы байды өзінің туған жалғыз қызының көзінше солай бейпіл сөйлету арқылы жұртшылықты жақсылық пен жамандықтың не екені туралы тағы бір рет шындап пікір түюге шақырады. Троекуров тәрізді жандармен қандай қарым-қатынас ұстаған дұрыс? Осы сауалдың лайықты да тиімді жауабын ойластыруға жетелейді.
Владимир Дубровский бастаған кекшілдердің үлкен жолмен әрлі-берлі өткен жүргіншілерді тонап, зәбірлеуі күшейген тұстың бірінде Антон Пафнутьич есімді чиновниктің Троекуровтың үйіне келгені, оның қауіпсіз деген жобамен түнде Дефорждың бөлмесінде тыныстағаны, бірақ бишара жанның көйлегінің ішіне жасырып жүрген мол қазынасынан қалай айырылып қалғаны Пушкинде: “Он (Пафнутьич. – З.Ж.) чувствовал сквозь сон, что кто-то тихонько дергал его за ворот рубашки. Антон Пафнутьич открыл глаза и при лунном свете у осеннего утра увидел перед собою Дефоржа; француз в одной руке держал карманный пистолет, другою отстегивал заветную сумму” (с.167) деген жолдармен берілсе, Шәкәрімде ол көрініс:
Көзін ашса шошынып бір мезгілде –
Француз кеудесіне мінген мүлде.
Бір қолында алтыатар ақшаны алған,
Қорыққаннан бай айтты: “Тақсыр бұл не?” – деген өлең тармақтарымен кестеленген. Осы келтірілген үзінділерді өзара салыстырып қарасақ, олардың ара-қатынасында бірсыпыра алшақтықтың бар екені байқалары сөзсіз. Түпнұсқада күзгі таңның тәтті ұйқысына қаннен қаперсіз балбырай берілген Павнутьичтің ақшаға толы дорбасынан қалай айырылғаны қарапайым баяндалса, қазақ классигі оның мұқият жасырған қазынасын айқыш-ұйқыш қызу айқастың нәтижесінде амалсыздан алдырғанын айтады. Аудармашының пайымдауынша, дала оқырмандары үшін соңғы көріністің бояу нақышы әсерлілеу. Біз де осы тұжырымға қол қоямыз. Айта кету керек, бұл да жоғарыда келтірілген мысалдар сияқты ұлы данышпанға жасалған орынсыз базыналық, немесе баса-көктеу емес, өмірі, салт-дәстүрі өзгелеу халықтың психологиясын мұқият ескеруден, шығарманың мейлінше жылы, шынайы қабылдануын ойластырғандықтан туған творчестволық еркіндік.
Тағы бір салыстырма. Зер сала қарасақ, Мария Кириловна мен Дубровскийдің ең соңғы жолығуы суреттелген эпизод екі авторда түп-түгел бірдей шықпаған. Жат адамның тұтқынынан құтқарғалы келіп тұрғанын білдірген Владимирге қыз ол күтпеген, мүлде тосын жағдайды хабарлайды. Яғни, кейінгі күндердің оқиғаларына орай бұрынғы берген уәдеден тайғанын, шариғат заңын бұза алмайтынын, некелескен адамымен тұрмыс құруға бел буғанын, қояр ақырғы өтініші – қасындағы жол серіктерін қиянат-залалсыз жөндеріне босатып жіберуі екенін айтады. Пушкинде Владимирдің мұны естігендегі көңіл-күйі былайша суреттелген: “Он (Дубровский. – З.Ж.) упал у колеса, разбойники окружили его. Он успел сказать им несколько слов, они посадили его верхом, двое из них его поддерживали, третий взял лошадь под уздцы, и все поехали в сторону, оставил карету посреди дороги, людей связанных, лошадей отпряженных, но не разграбя ничего и не пролив ни единной капли крови в отомщение за кровь своего атамана” (с.192). Ал орталық тұлғалардың мәңгілікке қоштасар сәті Шәкәрімде:
Тұрды да Владимир аң-таң қалып,
Естімей сөз аяғын кетті талып.
Қансырап жарасынан талды ғой деп
Әкетті жолдастары сүйреп алып.
“Қош” – деді біраз ғана есін жиып,
Ауыздан айырыларда бір-ақ сүйіп.
Қарасы үзілгенше қарап тұрып,
Аһ, деді Мария талды жанып, күйіп, – деген шумақтармен берген. Бұл келтірілген үзінділер арасындағы айырмашылықтың мәні неде? Аудармашы екі жастың бір-бірін қатесіз танып, құлай ұнатқанын, олардың қашан да, қайда жүрсе де сол ардақты, аруақты сезімге қылау жолатпайтынын, негізінен табиғаты қатал, кесек әрекеттің иесі Владимирдің мүмкіндіктері бола тұра ата жауы Троекуровқа, сондай-ақ дүниедегі қимасын жүрегінен суырып алып бара жатқан Верейскийге ешбір қиянат жасамауына махаббаттың құдіреті себепкер деген ұғымды оқырмандардың зердесіне тереңірек сіңіру мақсатында тағы бір ептеген еркіндікке барған ба дейміз. Романның қазақша нұсқасының:
Залым кім, парақор кім, жазықсыз кім,
Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?
Кекті кім, кекті жеңіп кешірген кім?
Білдің бе күшті екенін махаббаттың? – деген риторикалық сұрақтармен аяқталуы сол айтылған ойға жетелейді.
Біз бұл мақалада Шәкәрімнің “Дубровскийді” ана тілімізде сөйлету ісін қолға алғанда нендей мақсат-міндет қойғаны және оның жүзеге қалай асқаны туралы өз ойымызды білдірген болдық. Түйген-түйсінгендерімізді нақты мысалдармен дәлелдеуге тырыстық.
Ақпарат көзі: www.TemaKosan.net интернет сайты
Достарыңызбен бөлісу: |