Шерлілер сөзін сағЫНҒан шернияз ақЫН



Дата11.07.2016
өлшемі62.1 Kb.
#190295
ШЕРЛІЛЕР СӨЗІН САҒЫНҒАН - ШЕРНИЯЗ АҚЫН
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың

оқытушысы, ф.ғ.к., доцент А.Е.Айтбаева


XIX ғасыр әдебиетінде ұлттық әдебиеттің өзіндік ерекшелігін танытатын ақын-жыраулар поэзиясы кеңінен қанат жайды. Қазақ ақын-жыраулары қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық, жанрлық, көркемдік, образдылық, өлең құрылысы жағынан байытып өркндетті. Жыраулар поэзиясы философиялық ой толғамды, дидактикалық насихатты жалғастыра отырып, отаншылдық, патриоттық сарынды лириканы реалистік суреттеудің алғашқы белгілерін, әдебиетке халықтық сипат, ұлттық рух әкелді. Сөз өнерінің халық тарихы мен өміріне тығыз байланыстылығын ел мұңын жырлау идеясын кіргізді. Шындығында, XVІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XІX ғасырдың алғашқы жартысы қазақтың патша өкіметіне бодандығын мойындап қана қоймай, оған отар болуға душар болған тәуелсіздік үшін күрестің жаңа кезеңін бастан кешкен дәуір болатын-ды. Қазақ халқы, оның елі үшін еңіреп туған ерлері патша қысымына бой ұрып, құлшылық етіп, оған теп-тегін бас ие берген жоқ. Олар өздерінін шама-шарқынша қарсыылық көрсетіп, отаршыл басқыншыларға тойтарыс жасап жатты. Патшалық, аға сұлтандық өктемдіктерге жергілікті үстемдіктер озбырлығы қосылып, қалың ел еңбекші бұқараның қасіреті молайып жатқан бұл кез поэзиямызда өзінің реалистік сипатын тапты. Шыдамы таусылып, басқа амалы қалмаған шаруа қара халықтың қолына қару алып, озбыр топқа қарсы көтерілуі үлкен оптимистікпен жырланды. [1,85]. Зұлымдыққа, әділетсіздікке қарсы батыл күрес идеяларын қолдай отырып, «Ереуіл атқа ер салуға» шақырды. Осылайша қазақ поэзиясында жаңа бір өршіл сарын пайда болды. Көтеріліске аттанған халықтың қаһарлы күші мен айбынды алып бейнелерін танытар жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл, төңкерісшіл поэзия бой көрсетті. Қазақтың төңкерісшіл поэзиясы - жыраулық дәстүрлерден бастау алған шығармашылық құрылыс деуге толық негізіміз бар. Қазақ ақын-жыраулары қазақ халықының ұлттық психологиясын адамгершілік, имандылық сапаларымен қаруландырып, намысты, жігерлі ел қалпында болуды көздеп, бұқарашыл идеяларын нығайтты. Ақындар бұрынғыша ру атынан сөйлесе де, дара ақын ретінде жыраулық дәстүр мен жыраулар эстетикасын негіз еткен, бірақ эсхатологиялық (ақырзамандық) сарыны басым кемел стильдіа ағымды құрады. Әсіресе, Дулат Бабатайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Шернияз Жарылғасұлы үйреншікті поэтикалық дәстүр аясында қалып қоймай, авторлық, даралық белгісін танытты, яғни сөз арқылы образ жасауға қол жеткізді. Би төрелер мен сұлтандардың, дін иелерінің екіжүзділігін, намыссыздығын, аярлығын аямай ажуалап, халық алдында әшкере етті. ХІХ ғасырдың өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін халық поэзиясы дәстүрін заманы ұсынған жаңа талаптарға сай түрлентіп, импровизаторлық өнерді өркендеткен, халық шерін толғаған Шернияз Жарылғасұлының да әдебиетіміздегі орны қанша уақыт өтсе де тұғырлы болмақ.

Ақын Ы.Шөреков: «Қазақтың ақындары» атты өлеңінде:

Майлыкете Шернияз,

Шерілер сөзін сағынған.

Секерден шырын сөзі бар

Тыңдағанға жағынған, -

деп Шернияздың өнердегі, өмірдегі орнына зор баға береді. Профессор Х.Сүйіншәлиев: «Шернияз - заманы атқан міндетті атқаруы жолында құлшына қызмет еткен жалынды ақын. Ол өз басынан талай ауыртпалықты өткізіп, озбырлар өктемдігін, халық азабын көріп шерлене түсті. Ханға қарсы қажырлы күрес үстінде шынығып, ақындық жолға шықты» деп бекер айтпаса керек. [2, 508]

Шернияз поэзиясының рухы - ерлік. Ол Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысып, таптық шайқастың табанды жауынгерлерінің бірі болды. Шернияз шашақты найза өңгерген, еркіндік үшін алысқан батырлар бейнесін Исатай образы арқылы сомдады. Ақынның Исатай туралы жырлары өр ұранға толы. Бірде:

Сағынам, аузыма алсам Исатайды,

Ер тумас ел бағына ондай жайлы

Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген,

Жігіт едтөрт тұрманы түгел сайлы, -

деп толғаса,

Исатай - ел еркесі, ел серкесі,

Бір мен емес, алашқа жайылым еді.

Елге алғау, маған алғау ер Исатай,

Айырылып шерін содан қайғылы еді, - дей отыры, өзінің қайғы-мұңға түсуінің басы Исатайдай ел қамқорынан қапыда көз жазып қалудан деп сезінеді.

Шернияздың шері - халықтың шері. Алаштың жоғын жоқтап, кегін кектеген ел қамқоры болған Исатайдан «елдің алтын сапты қылышы, арқа сүйер тынысынан айрылу» ел үшін де ауыр қайғы, Исатай өліміне себепкер болған Баймағамбетке ел атынан қарғыс, лағнет айтады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі халық басына түскен ауыр халды, келешегі бұлыңғыр, күңгірт күндерді былайша жырлайды:

Быт-шыт болып бүлінген қазақ жұрты

Заманға ұшырадық «бұл күн» деген

Төре кетіп, төбеде төбет қалып

Туып тұр ел басына «бұл күн» деген.

Шернияз Исатайдың ерлік тұлғасын басына қандай ауыртпалық іс түссе де, өз өмірі қыл үстінде тұрғанда да барынша асқақ, мінсіз қалыпта жырлайды. Көтеріліс көсемі Исатайдың образын жасау үстінде өзінің де шығармашылық келбетін көтерілістің рухымен айқындайды. Профессор Қажым Жұмалиев: «Махамбет өлеңдерінде қамшының өзегіндей тартылып жатқан идея - қамаушы тап өкілдеріне қарсы өзінің және халықтың өшпенділігін, олармен еш уақытта келісімге келмейтіндігін жеріне жеткізе жырлаушылық. Сол дәуірде алсақ, бұл мәселеге бұл шығыс елінде Махамбетке ешкім таласа алмайды» деген пікірімен санассақ, осы көтеріліске айрықша қатысы бар ақын Шернияз туралы ойымызды былайша дәйектегіміз келеді. Шернияз да Махамбетше бет-жүзіне қарамай, бек төрелерді, сұлтандарды өлеңменен сойып салады. Оларды ел алдында масқара ажуалады. Оған оның батылдығы да, жүректілігі де жетті. Дегенмен, Махамбет секілді еш уақытта олармен келісімге келмей тұра алмады. Осы тұста Ж.Тілеповтің: «Шернияздың Баймағамбетке келуі қазақ жағдайында сыйымсыз емес. Ондай жағдай талантты ақындар басына жиі түсіп отырған. Жанақтың Рүстемге келуі, Орынбайдың Ерден батырға келуі, Сүйінбайдың Тезек төреге, Шөженің Бәйтікке келуі бәрі сабақтас тағдырдың азабынан кезіндегі ақындар жағдайының ауыртпалығынан туған ащы шындық» [4, 514] екенін ескеруіміз керек. Бәрінен де бұрыш төбесінен қылыш төніп тұрған кезде тілі күрмелмей, өзін ажал көпірінен алып шыққан суырып салма ақындығы астарлы мысқылға (иронияға) жүйріктігі оның өзі тұрғыластарынан ерекшелемей қоймайтын қасиеті еді. Бұрынғы зерттеулерде Шерниязды ұсақ байшылдық көзқарасты дәріптеген ақын деген пікірлер де болды. Қашан да ақын өз қайғысын күйзеліспен жырласа да, оның үні, мүддесі халық тағдырымен астарласып жатады.

Байеке, күнім қайда баяғыдай

Байлардың шетке шықтым саяғындай.

Басыма пәле жауып тұр осы күнде,

Құдіреттің көктен түскен таяғындай

деген жолдардағы ақынның «басыма пәле жауып тұр осы күнде» деп тұспалдауы отаршылдықтың қамытын кие бастаған халқының да азапты күндерін меңзеуі. Қазақ қауымының бұрынғы дәуірінде мамыражай тыныштықпен өмір сүргенін жырлай отырып, отаршылдардың қанды шеңберіне шырмалып, бар байлығынан, жерінен айрыла бастағанына налиды.

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы

Жайлаған Арғын, Найман, Өтенсазы.

Ен қоныс, тоқты қоздап, тай құлындап

Бірі мың боп, ел лықып қысы-жазы.

Ол жаздың дәулетінде сұңқылдаған

Бейбақ ем, танымайсың танытайын

Мен едім Исатайдың Шерниязы...
Кешегі Исатайдың дәулетінде ішіп-жеп, ең дәулетті байша тұрдық...
Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған Төре емессің, төбетсің дым білмеген...
Ақ қайың, ақтылы қой өрісті алып, Тырнадай біткен жылқы тарлан боздан

Шеріңнің шертіп, тұрған заманы жоқ,

Дамбалдың иесімен жалғыз тозған...

Аса бір қорлық көрмесе Қонысын кісі қияр ма-ай? ...

Ел басына түскен қайғының қаншалықты ауыр болғанын осы жолдарынан қапысыз тануға болады. Бұрынғы атамекенінен сыртқы жаулардың қысымымен ел ауғанын, бақытты тұрмыс кешкен қоныстың қайырсыз, құтсыз мекенге айналғанына күйінеді.

Осындай тығырыққа тірелген шағында ақын атам заманда елді сыртқы жауға бермей қалқа болып, қайрат көрсеткен батырларды аңсайды.

... Батыр өткен шабынған,

Жүйрік өткен шабылған.

Не жайсаңдар өтпеген

Озған жүйрік табынан.

Неше шешен ақындар,

Жау жүректі батырлар

Жас басынан қағынған.

Шалқыған заман бар еді,

Іздегенің табылған - деп [5,242] толғайды.

Олардың батырлық ісін жас ұрпаққа өнеге етіп ұсынды. Шернияздың идеясы да, арман мүддесі де туған жер, атамекенді қорғау. Шалқыған қолайлы қонысты мекендеген халқының басынан өткерген бақытты, рахатты өміріне сүйсіне қарайды. Сондай-ақ «жер үлкейіп, шөп көркейіп, тумаған ту мал балалап, ат ыраңдап, ер таңдап, балалар от басында пышаңдаған» бақытты, тыныш күндерінің келешегін тұмшаланып бара жатқанына күйзеледі. Шерлі халық та Шерниязын сағынудан басқа шара қалмап еді.

Қорыта келгенде, Шернияз шығармасындағы ең басты сарын ерлікке, батырлыққа шақыру, дұшпаннан шегінбеуге жігерлендіру. Шернияз халықтың шерін толғаған, үстемдік еткен би-төрелердің жағымсыз мінез-құлқын, қиянатшыл әрекетін ащы мысқылмен әшкерелеген суырып салма сөз зергері.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
0. С.Мұқанов. Қазақтың XVІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиеті тарихынан очерктер. А., 1942. 85-86 бб.

1. Қ.Жұмалиев. XVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. А., 1967, 99 б.

2. Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. А.: Санат, 1997, 513-514 б

3. Бес ғасыр жырлайды. А.: Жазушы, 1989.



4. Ж.Тілепов. Тарих жіне әдебиет. А.: Ғылым, 2001, 218-221 бб.

5. С.Қазыбайұлы. XV-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. - Ақтөбе, 2004.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет