Шетелдік тәжірибе және қазақ тіліндегі жаттығулар жүйесі иманқұлова Салтанат Меркібайқызы



Дата17.07.2016
өлшемі132.44 Kb.
#205454
ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖАТТЫҒУЛАР ЖҮЙЕСІ
Иманқұлова Салтанат Меркібайқызы

ф.ғ.к., доцент, әл Фараби атындағы ҚазҰУ,

Алматы, Қазақстан

saltanat.imankulova@yandex.ru
Аңдатпа. Мақалада тілді оқыту әдістемесіндегі жаттығулар жүйесі, олардың түрлері мен типтері, жаттығулар жүйесіне қойылатын талаптар мен құру өлшемдері, мақсат-міндеттері шетелдік әдіскер-ғалымдардың тәжірибелері арқылы және профессор З.С. Күзекованың «Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері» атты ғылыми еңбегімен сабақтастырыла қарастырылады. З. Күзекованың еңбектеріндегі жаттығулар жүйесін құру ерекшеліктері, сөйлеу дағдысына сай жаттығулар таңдау бағыты, материалдарының тілді меңгертудегі қызметі, тіл үйренушілердің сұранысына сай келуі, сөйлетуге жетелейтіні және т.б. автордың көзқарасымен дәлелденеді.

Тірек сөздер: жаттығу жүйесі, шетел ғалымдарының тәжірибесі, жаттығуларды құру өлшемдері, типі мен түрлері.
Аннотация. В статье рассматриваются система упражнении по методике обучения языка, их виды и типы, требования к системе упражнении и способы их составления, цели и задачи на основе научного труда профессора З.С. Кузековой «Лингвистические основы теории учебников казахского языка как второй» и зарубежных ученых методистов. Особенности составления системы упражнении, способы выбора упражнении навыков речи, роль материалов в освоении языка, их соответствие в изучении языка и в использовании речи в трудах З.С. Кузековой обосновывается с точки зрения автора.

Ключевые слова: система упражнении, опыт зарубежных ученых, способы составления упражнении, их типы и виды.
Қазақ тілін екінші тіл ретіндегі оқыту әдістемесінде жаттығулар жүйесі ең маңызды орын алады. Себебі тілді меңгертудегі жаттығулар жүйесі – теориялық тілдік білімді практика жүзінде бекіту, ойды жүйелі жеткізу, жағымды қарым-қатынас орнату, тілді меңгеруде тиімді нәтижеге жету, ой қабілетін дамытуда және т.б. таптырмас құрал. Жаттығу дегеніміз – тілдік материалдарды байланыстырушы және оқытудың алға қойған мақсаттарын жүзеге асырушы нысан. Басқаша айтсақ, жаттығулар тек тілдік материалдарды меңгерту құралы ғана емес, сонымен қатар сөйлеу әрекетінің түрлерін (тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым) игеру құралы да болып табылады.

Қазақ тілін екінші тіл ретіндегі оқытудың теориясы мен практикасын зерттеген, бірнеше оқулық пен оқу құралдар жазған автор, профессор З. Күзекова: «... оқытудың да, оқулықтың да нағыз құралы – жаттығулар. Тек қана жаттығуды орындау мақсатқа жеткізеді. Олардың болмауы – барлық оқыту мақсатының болмауына, жоқтығына әкеледі» [1, 119 б], – деп жаттығулардың маңыздылығына тоқталады.

Ғалым зерттеу еңбегінің 2.1.«Қазақ тілі оқулығы: жаттығулар мәселесі» » [1, 115 б] атты тараушасында отандық ғалымдардың (П.Ф. Митрофанов, И.А. Грузинская, И.В. Рахманов, Н.М. Лариохина, В.Г. Костомаров, Е.И. Пассов, В.А. Скалкин, г.А. Рубинштейн, А.А. Миролюбов, Г.А. Биехтина, И.И. Гез, Б.А. Лапидус, М.С. Ильин, О.В. Сухих, және т.б.) еңбектеріндегі жаттығулар жүйесі, оның түрлері (тілдік материалдарды меңгертуге арналған, сөйлеуді дамытуға арналған) мен типтері, оған қойылатын талаптар, мақсаты, бағыты, оны ұйымдастыру жұмыстары, жаттығуларды құру өлшемдері туралы кеңірек тоқталып өтеді. Оқулықтардағы беріліп жүрген тапсырмаларды жаттығу деп тануға бола ма, болмай ма деген маңызды мәселенің басын ашып береді.

Жаттығулардың түрлі жағдайларда орындалуына қарай әдіскер ғалымдардың көзқарастары әрқилы екенін байқауға болады. Бір ғалымдар оны оқу материалын ұйымдастырудағы әдістемелік құрылымдық бірлік ретінде, екіншілері өзге тілде сөйлеу әрекетін жүзеге асыру бірлігі ретінде, ал психологтер меңгеру мақсатына қарай түсіне отырып немесе саналы түрде түзете отырып белгілі бір іс әрекет пен қызмет түрлерін бірнеше мәрте орындау барысын (Л.Б. Ительсон) жаттығу деп түсінеді. И.Л. Бим жаттығуды оқушы мен мұғалімнің арасындағы іс әрекеті ретінде таниды. Сөйтіп төмендегідей элементтерін көрсетеді:



  1. Міндет қою,

  2. шешу жолдарындағы нұсқау (тірек сөздер, бағдар),

  3. оны шешу,

  4. бақылау (өзара бақылау).

С.Ф. Шатилов жаттығулар деп оқу жағдайына байланысты арнайы ұйымдастырылған сөйлеу (немесе тілдік) сипатындағы бір не бірнеше операциялардың бірнеше мәрте орындалуын айтады. Және төмендегідей параметрлермен сипаттайды:

  1. мақсаты (мақсат қою),

  2. сөйлеу міндеті (шартты немесе шынайы),

  3. тілдік әрекеттер,

  4. тілдік форма мен мазмұны,

  5. жаттығулар жүйесіндегі нақты бір орны,

  6. белгілі бір орындау уақыты,

  7. оны орындау барысындағы жеткен нәтижесі,

  8. ауызша және жазбаша материалдары,

  9. жаттығуларды орындау әдісі,

  10. жаттығуларды орындаудағы ұйымдастыру формасы.

Жаттығулар мәселесін шешуде екі маңызды сұрақ туындайды:

1) жаттығулар түрін (тип) ажыратудың өлшемдерін анықтау;

2) анықталған өлшемдер негізінде нақты жаттығулар жүйесін құру.

Бірінші маңызды мәселе бойынша профессор И.А. Грузинская алғаш рет жаттығулар жүйесі теориясына назар аударып, төрт топқа ажыратады: фонетика орфографиялық; грамматикалық; сөздік; белсенді дағдыларды қалыптастыратын жаттығулар. Алайда бұл жаттығулардың түрлері шетел тілін оқытуда өнімді нәтиже бермейді, нақты айтсақ, тіл үйренушіні өзбетінше сөйлетуге жетелемейді.

Осындай жүйені П.Б. Гурвич те құптайды. Ол: формалды, формалды мазмұнды, мазмұнды формалды және мазмұнды жаттығуларға бөледі [3, 85 б]. Ғалым қазіргі әдістемеде кеңінен қолданып жүрген сұқпатты (диалог) қызметіне қарай тілдік аспекті бойынша дәстүрлі әдіспен жіктеп көрсетеді.

И.В. Рахманов сөйлеу тілін дамытуға арналған жаттығулар жүйесін: тілдік материалдарды меңгеруге арналған жаттығулар және сөйлеу тілін дамытуға арналған жаттығуларға жіктейді. Яғни, тілдік және сөйлеу, репродуктивтік және рецептивтік жаттығулар[15, 85 б]. Сөйтіп И.В. Рахманов тұңғыш рет жаттығуларды типологиялық тұрғыдан топтастырып көрсетеді.

Н.М. Лариохина тілдік жаттығуларды сөйлеу жаттығуларынан ажырататын белгіні айырып береді: тілдік жаттығулар үшін – тілдік тұлға, ал сөйлеу жаттығулары үшін – мазмұн көрсеткіш болады.

Р.К. Миньяр-Белоручев жаттығулардың төмендегідей түрлерін көрсетеді: таныстыру, таныстыру дайындық (қайталау), таныстыру ізденістік (жаңа тілдік құбылыстарды оқушылар өздері тауып, біріктіреді), дайындық (сөйлеу әрекеттері мен операцияларымен және тілдік материалдармен танысқан соң қайталау), дайындық ізденістік (төмендегідей тапсырмалармен сипатталады: «Бос орынға белгілі бір қосымшаны қойыңыз...», «... тіркесті пайдалана отырып, сөйлемді аяқтаңыз», «Тіркесті мағыналас сөзбен және т.б. алмастырыңыз» және т.б.), ізденістік (жағдаяттық тапсырмалар, пікірталас, шығарма, эссе т.б.) [3, 86 б].

Біздіңше мұндай жаттығулар түрлері тіл үйренушіге еркіндік бергенімен, зерттеуге жетелегенімен, тілді толық меңгертуге мүмкіндік бермейді. Бірақ қазіргі біздің жағдайымызда жаттығулардың осы түрлері кеңінен қолданылып келеді.

70-80 жылдары шетел тілін оқыту әдістемесінде сөйлеу әрекетіне қатты мән берілді. Бұл үрдіс жаттығуларды қатысымдық құндылық тұрғысынан сипаттап, тіл үйренушінің қызығушылығын қанағаттандыруға бағытталды. Ондай жаттығулар шартты сөйлеу және сөйлеу жаттығулары (П.Б. Гурвич, Б.А. Лапидус, Е.И. Пассов, С.Ф. Шатилов және басқалары) деп аталды.

Б.А. Лапидус жаттығулар жүйесі төмендегідей екі түрден тұруы керек деп санайды:

І түрі: тілдік материалдарды белсенді қолдануға мақсатты түрде бағытталған жаттығулар: таза дайындық жаттығулары, қарапайым аралас жаттығулар, аралас жаттығулар.

ІІ түрі: жоғары деңгейге арналған тілдік практика жағдайындағы тілдік материалдарды белсенді қолдануға бағытталмаған, реттелмеген жаттығулар [3, 86-87 б]. Яғни, күрделі мәселелерді шешудегі немесе ойлауға ерік беретін жаттығулар. Кез келген аудиторияда кездесетін тосын жағдайлар және т.б.

Біздің ойымызша, тіл қатып қалған құбылыс емес, оның белгілі бір заңдылықтары болғанымен, сабақ барысында оның шегінен асып жататын жағдайлар жиі кездесіп отырады. Б.А. Лапидустың екінші жіктеуі тілді меңгерудің жоғары деңгейіне бағытталғандықтан, қазіргі практикадағы сыни ойлау әдістемесін қолдану нақты мысал бола алады деп ойлаймыз.

В.Л. Скалкиннің қатысымдық бағытқа арналған жаттығулар жүйесі мамандардың қызығушылығын тудыруда. Респонсивтік жаттығулар: сұрақ жауап (ақпараттарды сұрау, сөйлеу амалдарына қозғау салу), репликалық (бекіту, шақыру, пайымды бағалау, көңіл күй белгілері және т.б.), ауызша әңгімелесу (айтылымдағы коммуникативтік жаттығулардың түрлері еркін ауызша қарым қатынас жасаудың белгісі). Ситуативтік жаттығулар: тіл үйренушілерге жағдаяттық тапсырмалар беріліп, соны аяқтап, қорытынды жасау. Репродуктивтік жаттығулар: мазмұндау (әңгіме, кинофильмдегі үзінді, телебағдарлама, дәрістен үзіндіні айтып беру), аударма мазмұны, диалогтік, монологтік мәтінді екі үш адамға айтқызу, тілдік формаларды еске түсіруге арналған имитативтік жаттығулар, диалог шаблондар, драматизациялау, тасымалдау (лексика грамматикалық формаларды) және т.б. Сипаттау жаттығулары: қарапайым көріністі, сюжеттерді, статистикалық мәліметтерді, шынайы объектіні сипаттау. Пікірталас жаттығулары: оқу барысындағы пікірталас, түсініктеме беру. Композициялық жаттығулар: дайын сюжет бойынша әңгіме, берілген тақырып бойынша әңгіме, берілген мақал мәтелдер мен қанатты сөздер бойынша әңгіме, жеке тақырып бойынша әңгіме. Бастамашыл (инициативные) жаттығулар: тіл үйренушілердің сұрақтары, пресс-конференция, бастамашыл пікірлерге бағытталған сұқпаттық композиция [5, 15 б].

О.В. Усачёва бұл айтылған жаттығулар түріне тиімді (продуктивные) жаттығуларды қосады. Оған талдау мен шешімді талап ететін тапсырмалар; ойлап табуға арналған жаттығулар, себеп салдарды анықтайтын тапсырмалар, салыстыруды талап ететін тапсырмалар, мәліметтің мазмұнын бағалайтын тапсырмалар, мағыналық бөліктері қалдырылып кететін тапсырмалар, проблемалық рөлдік ойындар жатады [2, 88 б]. Және жеке тұлғаға бағытталған білім беру жүйесіне қатысты тапсырмалардың назарда болуына мән береді.

Сонымен жаттығулар жүйесі отандық ғалымдардың еңбектерінде міндетіне, әрекет нысанына, орындалу тәсілі мен шартына байланысты ерекшеленеді. Міндетіне қарай жаттығулар тіл аспектісі мен сөйлеу әрекетінің түрлеріне, әрекет нысанына қарай – тілдік материалдар және дағды мен шеберлікке, орындалу тәсіліне қарай – оқу қызметінің түрлері бойынша, орындалу шарты – орындалу орнына, сөйлеу формасына байланысты жіктеледі. Осындай жалпы бөліністен кейін жаттығулар іштей түрлерге жіктеледі. Тіл аспектісі бойынша: фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жаттығуларға, сөйлеу әрекетіне қарай: айтылым, жазылым, тыңдалым және жазылым жаттығуларына бөлінеді. Тілдік материал тілдік және сөйлеу жаттығуларын ажырату үшін, ал дағды мен шеберлік – дайындық және практикалық жаттығулар үшін негіз болады.

Қазіргі таңдағы қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарындағы жаттығулар жүйесіне зер салсақ, алдымен З. Күзекованың оқулықтары мен оқу құралдарын (жалпы саны – 14) іздейтініміз өтірік емес. Себебі ол материалдар аудиторияда тиімді қолданылады: тіл үйренушінің сұранысына ие, қызығушылық басым, тілі жеңіл, меңгеруде аса қиындық келтірмейді, берілген жаттығулар жүйелі, «жеңілден күрделіге» қарай құрылған, мақсат міндеттері нақты, өмір шындығына сай қолданыстар, құрылымдар іріктелген, яғни, практикада белсенді қолданылады, қатысымға шығуға септігін тигізеді, сөйлеу дағдысын қалыптастыруда нәтижеге жеткізеді.

Профессор З.С. Күзекова «Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері» атты докторлық диссертациясында жаттығулар жүйесіне жан жақты талдау жасайды. Нәтижесінде 90-жылдардан кейінгі қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарында тілдік материалдарды меңгертуге арналған жаттығулардың басым бағыт алғанына тоқталады. Бастапқы кезеңге арналған оқу құралдарын талдау барысында оқытушыларға сауалнама таратып, тілдік жаттығулардың тіл үйренуде толық нәтиже бермейтінін, тілдік құбылысты орындауда пайдасы болғанымен, сөйлеу тіліне келгенде өз ойын айтуға жеткіліксіздігін анықтайды. Яғни, оқу материалдарының 20% ы – тілдік, 80% ы – сөйлеуге арналған жаттығу болса, нәтиже болатындығы анықталады.

Ғалымның еңбегінде жаттығулар: оқытуға бағытталған жаттығулар жүйесі, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар деп үлкен екі топқа бөлініп, қандай жаттығу жұмыстары болмасын, алдымен тіл үйренушінің сұранысын қанағаттандыруға бағытталуы керектігі айтылады. Қазақ тілі әдістемесіне «сөйлеу жаттығулары» деген қолданысты енгізеді. Сөйлеу жаттығуларын төмендегідей төрт топқа бөледі:

І. Тыңдаушыны ақпараттандыруға мақсатты бағыттандыру.

ІІ. Тыңдаушының жауап беруіне бағытталған сөйлеу жаттығулары.

ІІІ. Тыңдаушының шешім қабылдауына бағытталған сөйлеу жаттығулары.

IV. Тыңдаушының әрекетке қатысты сөйлеуіне бағытталған сөйлеу жаттығулары.

Сөйлеу жаттығуларының негізгі бес түрін көрсетеді. Олар:


  1. Хабарлауды үйрететін сөйлеу жаттығулары (заттың көптігі, процестерді сипаттау);

  2. Фактілерді, хабарлауды оқытып үйрететін сөйлеу жаттығулары (әрекет себептері, әрекет сипаты);

  3. Фактілерді, дәлелдеуді үйрететін сөйлеу жаттығулары;

  4. Фактілерді хабарлап, өз қатынасын, көзқарасын білдіруді үйрететін сөйлеу жаттығулары;

  5. Фактілерді, хабарлауды, оған қатынасын және факті шындығын дәлелдеуді үйрететін сөйлеу жаттығулары [1, 138 б].

Сөйлеу жаттығуларының тиімділігін теория жүзінде ғана емес, практика жүзінде де дәлелдеп көрсетті.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін З.Күзекованың соңғы шыққан кез келген оқулықтары мен оқу құралын алып қарайық.



Репродуктивтік жаттығулар.

Модель бойынша сұқпаттасу ( диалог) құрыңыз.

а)


А: Мына кісі кім?

Б: Ол дәрігер.

А: Бұл дәрігер осында жұмыс істей ме?

Б: Иә, осында.



жұмыс істеу:

заңгер, инженер, журналист;



оқиды:

студент, аспирант;



тұру:

студент, спортшы



б)

Мына қала........... қалай аталады?

Мына (бұл) аялдама қалай аталады?

Бұл көшелер қалай аталады?



Модель бойынша сұқпаттасу құрыңыз ( диалог).

а)


А: Мына адамға қалай қарайсың?

Б: Мен оған сенемін.



ақпарат, уәде, әйел, болжам, сөз, журналист, адамдар, хабарлама

б)

А: Мына саясаткерге қалай қарайсыз?

Б: Бұл саясаткерге сенбеймін.



газет, банк, кандидат, телеарна, мәлімет.

Сұрақтарға модель бойынша жауап беріңіз.

А: Білесіз бе, оның ағасы қайда жұмыс істейді? (ол)

Б: Білмеймін. Ол өзінің ағасы туралы ешқашан айтқан емес.

1. А: Оның отбасы қайда тұрады? Білесіз бе? (ол)

Б: _____________________________________

2. А: Оның шешесі қайда жұмыс істейді? Білесіз бе? (ол)

Б: _____________________________________

3. Оның ағасы қайда оқиды, білесіз бе? (ол)

Б: _____________________________________

4. А: Оның көршісі кім? Білесіз бе? (ол)

Б: _____________________________________

5. А: Оның ата-анасы кім? Білесіз бе? (ол)

Б: _____________________________________

2. Респонсивтік жаттығулар.

а) Сұраққа жауап беріңіз.

1. Сіз қай тілдерде сөйлейсіз?

2. Сіздің достарыңыз қай тілдерде сөйлейді?

3. Латын Америкасында қай тілдерде сөйлейді?

4. Швейцарияда қай тілдерде сөйлейді?

б) Ойнайық. Біреуі елді айтады, ал біреуі сол жақта сөйлейтін тілдерді айтады.

Мысалы: - Канада. - Канадада ағылшын және француз тілдерінде сөйлейді.

в) Ойнайық. Біреуі тілді атайды, ал басқасы осы тілде сөйлейтін елді атайды, бұл ел қайда және онда кімдер тұратынын айтады.



Мысалы: - Португал тілі. - Португал тілінде Португалияда, Бразилияда, Анголада сөйлейді, Португалия португалдықтар тұрады.

3. Бастамашыл (инициативные) жаттығу.

а) Диалог құрыңыз, бір-біріңізге сұрақ қойыңыз: кім қайда, қашан туылды?

б) Ойнайық. Диалог құрыңыз. Бір-біріңізге танымал адамдар туралы сұрақ қойыңыздар (тізімнен таңдаңыз немесе өз нұсқаңызды ұсыныңыз).

Мысалы: - Абай туралы не білесіз? – Абай – қазақ ақыны. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрді.

Альберт Эйнштейн – АҚШ – ХХ ғасыр; Христофор Колумб – Испания – ХV ғасыр; Ахмет Байтұрсынов – Қазақстан – ХХ ғасыр; Михаил Васильевич Ломоносов – Ресей – ХVІІІ ғасыр; Исаак Ньютон – Англия – ХVІІ-ХVІІІ ғасыр; Иоганн Себастьян Бах – Германия – ХVІІІ ғасыр.



4. Сипаттау жаттығулары.

а) Өзіңіздің бірнеше таныстарыңызға мінездеме жазыңыз, кім қанша жаста, кімнің бойы қандай, кімнің жүзі, көзі қандай конструкциясын пайдаланыңыз.

ә)Танысыңыздың қалып күйін, қоршаған ортаның жағдайын сипаттап жазыңыз.

б) Өзіңізге таныс құс, жәндік, аңды естуі, көруі, қабілеті бойынша; в) өзіңіз білетін металл, газ, тұз, табиғат құбылысын және т.б. көлемі, түсі, формасы, сапасы бойынша сипаттаңыз.



Ие, өзгешелену, ерекшелену, сипатталу байланыстырушы-етістіктерді қолданыңыз.

5. Ситуативтік жаттығу.

Айтылған ойға келіспесеңіз, қарсылығыңызды білдіріңіз, оқиға датасын нақтылаңыз. (Үлгі: Алматы (бұрынғы атауы Верный) ХІХ ғасырдың соңында салынған.

- Жоқ, меніңше ғасырдың соңында емес, 1861-ші жылы салынған.

1. Радионы ХХ ғасырда ойлап тапқан.

2. Студенттердің қысқы сессиясы ақпанда.

3. Ғарышқа адам бірінші рет өткен ғасырдың елуінші жылдары ұшты.

4. Астана Ақмолаға 2000-шы жылдың басында көшті.

Жоғарыда берілген жаттығулар сөйлеуге құрылғандығын байқаймыз. Ғалым еңбектерінде тілдік жаттығу да кездеседі, алайда сөйлеу жаттығуларына басымдық берілген. Біз мұнда тек екі кітаптан ғана[6], [7]мысал қарап отырмыз. З. Күзекованың барлық еңбектерін талдап шығар болсақ, жаттығулардың сан алуан түріне (бақылауға арналған жаттығулар, пысықтауға арналған жаттығулар, сөйлеу дағдыларын дамытатын коммуникативтік жаттығулар, тіл үйренушілердің, оқушылардың тілдік материалды меңгергенін қорытындылауға арналған жаттығулар) жолығарымыз сөзсіз. Оны жиырма жылдан аса тәжірибемізде көріп жүрміз.



Қорыта келгенде, жаттығулар жүйесі – оқу үдерісін құрастыратын құрылыс материалы іспеттес. Әрбір жаттығу белгілі бір оқу мақсатын көздейді, соған жаттықтырады. Жаттығулардың мақсаты соңғы нәтижеге байланысты. Ал соңғы нәтиже – тіл үйренушінің тілді меңгеру дағдысы мен шеберлігі. Ол үшін тілдік тұлғаның қызығушылығына, сұранысына сай тиімді жаттығулар жүйесін құру профессор З. Күзекова сияқты көп ізденісті, қажырлы еңбекті талап етеді.
Әдебиеттер:

  1. Күзекова З. Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2005. –306 б.

  2. Усачёва О.В. Система упражнений как особый вид формирования компетентности учителя иностранных языков/ Вопросы современной науки и практики. №11(25). –Тамбов, 2009. –85-89 с.

  3. Гальскова, Н.Д. Современная методика обучения иностранным языкам / Н.Д. Гальскова // М.: АРКТИ, 2000. – 165 с.

  4. Рахманов, И.В. Проблема рецептивного и репродуктивного овладения иностранным языком в школе / И.В. Рахманов // М.: высшая школа, 1954. – 84 с.

  5. Скалкин, В.А. Основы обучения устной иноязычной речи / В.А. Скалкин // М.: Просвещение, 1981. – 154 с.

  6. Күзекова З.С. Қазақша сөйлейміз: Оқу құралы. – Алматы: Раритет, 2010. – 160 бет.

  7. Күзекова З.С. Қазақ тілі практикумы. Грамматикалық жаттығулар жинағы. –Астана: «ІС-Сервис», 2010. – 160 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет