Шынтасова Гүлзат Бурабайқызы Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының дамуы



Дата09.06.2016
өлшемі132.5 Kb.
#125233
түріРеферат


ӘОЖ 801.561.7: 802.434.2 Қолжазба құқығында

Шынтасова Гүлзат Бурабайқызы

Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының дамуы

6М011700-қазақ тілі мен әдебиеті

мамандағы бойынша педагогика ғылымдарының

магистрі академиялық дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның

рефераты


Қызылорда, 2013 ж.

Диссертациялық жұмыс Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекшісі: Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Ш.Бекмағамбетов


Ресми оппонент: Филология ғылымдарының кандидаты

Ж.Нұрсұлтанқызы

Диссертация 2013 жылы 3-маусымда сағат 9.00-де Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, 61. №1 оқу ғимараты, Филология факультеті, 133-дәрісхана) қорғалады.


Диссертациямен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.

Реферат 2013 жылдың «___» ___________ таратылды.

Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының хатшысы,

филология ғылымдарының кандидаты Г.Бекмағанбетова

Кіріспе
Қазақ тіл білімінің, соның ішінде қазақ тілі синтаксисінің зерттелуі ХIX ғасырдағы орыс миссионерлерінің алғашқы еңбектерінен басталады деп айтылғанымен, оның ғылыми негізде жолға қойылуы ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының еңбектерімен байланыстырылуы орынды.

Құрмалас сөйлем синтаксисі де - кешеуілдеп зерттеле бастаған сала. Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге алғаш көңіл аударған А.Байтұрсынов деп есептеледі. Ғалымның «Тіл – құрал» атты еңбегінен бастау алған құрмалас сөйлем мәселелері C.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Әміров сынды белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектерінде ғылыми негізде талданып, сараланған. Бұл тілтанушылардың құрмалас сөйлем, оның түрлері, проблемалары туралы пікірлері теориялық тұрғыдан маңыздылығымен қазақ тілі синтаксисін зерттеуші кейінгі ұрпақтың ғылыми ізденістерінің негізгі өзегі болып келе жатыр. Бүгінгі таңда құрмалас сөйлем синтаксисі мәселелерін қатысымдық тіл білімі тұрғысынан антропоөзектік принципке сүйене отырып, қызметтік ыңғайда зерттеудің жаңа мүмкіндіктер ашатыны көрініп отыр. Тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі негізгі қызметінде «тұлғадан мағынаға» бағытындағы принцип пен «мағынадан тұлғаға» бағытындағы зерттеулерді сабақтастыра қарастырудың алғашқы жетістіктері диссертация жұмысында жан-жақты талданады.



Зерттеу жұмысының өзектілігі. Құрмалас сөйлемдер – біртұтас тілдік жүйе. Синтаксистің бұл саласы жайында оқулықтар, монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалғанымен, құрмаластық категориясының мәселелері толық және жан-жақты шешілді деп айта алмаймыз. Себебі, функционалдық бағыт алдыңғы орынға шыққан қазіргі кезеңде негізгі теориялық мәселелерге жаңаша тұрғыдан қайта қарау қажеттілігі көрініп отыр. Ғылымдағы қалыптасқан көзқарастарды жаңаша пікірлермен салыстыра, сабақтастыра отырып, құрмалас сөйлемнің құрылымдық, функционалдық, коммуникативтік ерекшеліктерін жаңаша бағамдаған ғылыми көзқарастардың ерекшеліктерін саралай көрсету диссертацияның өзектілігін айқындамақ.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бүгінгі таңда құрмалас сөйлем мәселелерін теориялық-тәжірибелік жақтарынан жан-жақты зерттеген ғылыми еңбектер баршылық. Мәселен, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтар, С.Жиенбаев тәрізді қазақ тіл білімінің классиктер кезеңі өкілдерінің еңбектері өздерінің ауқымдылығымен, сан алуан көзқарастар ерекшеліктерімен көрінсе, орта буындағы М.Балақаев, Т.Қордабаев, Х.Арғынов, Х.Басымов, Қ.Есенов, Р.Әмір тәрізді ғалымдар сол алдыңғы жолды онан әрі дамытып, жалғастырушы буын ретінде көрінді. Осы тұста құрмалас сөйлем саласындағы жеке мәселелер бойынша зерттеулер жүргізген бірқатар ғалымдардың - Қ.Мамытбеков, Қ.Салиева, Қ.Шәукенұлы, Б.Шалабай, Ж.Жақыпов, Ш.Бекмағамбетов, т.б. еңбектерін атап өтуге болады. Кейінгі толқын өкілдері ретінде Т.Ермекова, Б.Сағындықұлы, К.Садирова, С.Айтжанова, А.Өмірзақова, Б.Елікбаев, Ә.Елшібаева, Г.Бекмағамбетова т.б. ғалымдарды көреміз.

Соңғы зерттеулерде қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем категориясының тілдік табиғаты, негізінен, құрылымдық тіл білімінен коммуникативтік-функционалдық бағытқа қарай дамуымен, жаңа ғасыр басына қарай жаңа ғылыми парадигмалар аясында қарастырылуымен ерешеленітіні көрінеді.



Зерттеудің нысаны. Қазақ тілі материалындағы құрмаластық құрылымдар, олар туралы қазіргі ғылымдағы негізгі теориялық, тәжірибелік сипаттағы ғылыми еңбектер зерттеу жұмысының негізгі нысаны.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты – құрмалас сөйлем категориясының қазақ тіл білімінде зерттелуінің басты бағыттарын (құрылымдық, функционалдық) айқындай отырып, құрмалас сөйлем синтаксисінің қалыптасуы мен дамуының теориялық және тәжірибелік мәселелерінің қазіргі жайына талдаулар жүргізу, негізгі мәселелер бойынша тұжырымдар жасау және коммуникативтік бағыттағы жаңашылдықтарды айқындау. Мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер орындалады:

- құрмалас сөйлем категориясының қазақ тіл білімінде зерттелуінің негізгі кезеңдері айқындалып, бұрын-соңды жарияланған ғылыми еңбектердегі негізгі тұжырымдарға ғылыми идеялардың дамуы тұрғысынан талдаулар жасалады;

- құрылымдық тіл білімі мен коммуникативтік, функционалдық тіл білімі талаптары арасындағы сәйкестікті сақтай отырып, құрмалас сөйлемнің теориясы мен тәжірибесіне қатысты жаңаша көзқарастар айқындалады.

Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесінің зерттелуі мәселелерінің перспективасы қарастырылады.



Зерттеудің дереккөздері:

  • Қазақ тілі құрмалас сөйлемдер синтаксисі бойынша ХХ ғасыр бойына жүргізілген белгілі тілші ғалымдардың еңбектері мен мақалалары;

  • Туысқан түркі тілдері бойынша құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты жарияланған негізгі еңбектер;

  • Орыс тілі құрмалас сөйлем синтаксисіне байланысты іргелі теориялық зерттеулер;

Зерттеудің әдicтepi. Зерттеу жұмысына қойылған міндеттерді шешу үшін мынадай кешенді әдістер қолданылды:

  • Құрмалас сөйлем теориясына қатысты қалыптасқан теориялық тұжырымдарды жаңаша көзқарастар тұрғысынан талдау, саралау;

  • Тілдік деректерді қызметтік-қатысымдық тұрғыдан талдау, саралау;

  • Теориялық және тәжрибелік сипатта айқындалған негізгі тұжырымдарды жинақтау, жүйелеу;

  • Материалды жүйелеу, жинақтау мақсатындағы салыстырмалы, сипаттамалы әдістер;

Зерттеудің теориялық-әдiстемeлiк негiзi. 3epттеyде құрылымдық тіл білімі мен қызметтік (функционалдық) тіл білімі бағыттарының талаптары тығыз байланыстырыла отырып, құрмалас сөйлем мәселелерін зерттеуші, oтaндық және шетелдік ғaлымдардың ғылыми пікірлері мен тұжырымдары басшылыққа алынады.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыста қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының пайда болып қалыптасуы мен дамуына бүгінгі кезең көзқарасы тұрғысынан және диссертанттың ғылыми ұстанымдары тұрғысынан талдама және қорытындылар жасалды. Жұмыстың негізгі тұжырымдары мыналар:

  • Қазақ тілі синтаксисінің қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөлуге болады:

І. Өткен ғасырдың 20 – 40 жылдары;

ІІ. Өткен ғасырдың 50-80 жылдары;

ІІІ. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі кезең.


  • Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының ғылыми негіздегі алғышарттары біз қазақ тіл білімінің классиктер дәуірі деп атаған алғашқы кезеңде жасалды;

  • Қазақ тілі синтаксисінің дамуы орыс тіл білімінің алдыңғы қатарлы көзқарастары негізінде қалыптасты Қазақ тілі синтаксисінің қазіргі кезеңдегі дамуында мынадай негізгі мәселелер жаңаша шешімін тауып отыр:

а) құрмалас сөйдем категориясының тілдегі негізгі қызметі;

б) құрмалас сөйлем компоненттеріне жаңаша көзқарас;

в) құрмалас сөйлемдердің компоненттерін байланыстырушы және синтаксистік қатынастар жасаушы тілдік тәсілдердің бұрын назарға ілікпей келген жаңа түрлерінің ғылыми айналымға ұсынылуы;

г) көп құрамды құрмаластардың және жалғаулықсыз іргелес салаластардың тілдік табиғатына жаңаша көзқарастардың қалыптаса бастауы;



Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Бұл диссертациялық жұмыстың басты жетістігі – қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем синтаксисінің өткен жолына талдау жасай отырып, қазақ тілі құрмалас сөйлемдер жүйесіне қатысты жаңа кезеңдегі теориялық және тәжірибелік мәселелердің ғылыми тұрғыдан саралануының жемісті бағыттарын айқындауында.

Қорғауға ұсынылатын тұжыpымдар:

  • Қазақ тілі құрмалас сөйлемдері жүйесінің зерттелуін бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, негізгі үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

  • Қазақ тілі құрмалас сөйлемдерін функционалдық, коммуникативтік тұрғыдан тереңдей зерттеуде мынадай жаңаша көзқарастар қалыптасып келеді:

  1. құрмалас сөйлемнің тілдегі негізгі функциясының нақтылай айқындалуы, осыған байланысты құрмалас сөйлем анықтамасының жаңаша тұжырымдамасының жасалуы;

  2. құрмалас сөйлем компоненттерінің құрылымдық-мағыналық сипаттарының жаңаша танылуы;

  3. құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстырушы амалдар кешенінің тереңдей таныла түсуі;

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары мен нәтижелері «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында, ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланды. Жұмыс нәтижелері бойынша ғылыми басылымдарда екі мақала жарияланды:

1. Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем теориясының зерттелуінің негізгі бағыттары. «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ руханиятының көсемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2013ж., 165-169б.

2.Жалғаулықсыз іргелес салалас құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстырудағы интонацияның қызметі. «Қазіргі тіл білімінің басымдықтары және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2013ж., 218-220б.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кiрiспеден, 3 тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi берiлген.

Негізгі бөлім
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және зерттелу деңгейі, зертеудің нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, дерек көздері, әдістері мен тәсілдері, теориялық-әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы айқындалды. Зерттеу жұмысының теориялық практикалық маңыздылығы көрсетіліп, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануыны баяндалды.

Зерттеу жұмысының бірінші тарауы «Қазақ тілі құрмалас сөйлем синтаксисінің ғылыми-теориялық негіздерінің қалыптасуы» деп аталады. Аталмыш тарау екі тараушаға бөлінген және онда төмендегі мәселелер қарастырылған.



    1. Қазақ тілі синтаксисінің зерттелу тарихын жүйелеудің мәселелері

Қазақ тілі құрмалас сөйлемдерінің зерттелу тарихы бізге дейін де кейбір еңбектерде арнайы сөз етілген. Мұны кеңестік кезеңде Қ.Есенов, Т.Қордабаев сынды ғалымдар қарастырып, құрмалас сөйлем зерттелуінің кезеңдеріне талдау жасаған [1.2.]. Аталмыш еңбектерде мәселенің ғылыми-теориялық жағына тереңдеп бармай, жалпы шолу түрінде айтылады.

Біз, ең алдымен, сол ғалымдардың еңбектеріне шолу жасай отырып, мәселеге бүгінгі күннің деңгейінен, синтаксис ғылымының қазақ тіл білімінде және орыс, батыс тіл білімінде қазіргі қарастырылуы тұрғысынан ой қорыттық.

Қ.Есенов өзінің 1969 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер» атты еңбегінде құрмалас сөйлемнің біраз мәселелерін қамтып, зерттелу тарихына тоқталған. Ғалым кеңес өкіметі тұсындағы құрмалас сөйлемнің зерттелу барысын сөз ете отырып, оны үш кезеңге бөліп қарастырды:


  1. 1930-1940 жылдардың арасы;

  2. 1940-1950 жылдардың арасы;

  3. 1950 жылдардан осы кезеңге дейінгі дәуір (автордың «осы кезеңі» шамамен, 60-жылдардың орта шені)[1, 9].

Алайда, Т.Қордабаев Қ.Есеновтің бұлайша бөлуін тарихи дәлсіздік деп қарайды. Ғалымның өз сөзімен дәлелдесек: «Автор (Қ.Есенов) қазақ тілі синтаксисінің кеңес дәуірінде зерттелу тарихын Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген бағдарламасынан бастауды жөн көріпті. Ақиқатына келсек, синтаксиске қатысты терминдер де, сөйлем мүшелерінің, сөйлемдердің күні бүгінге дейін қолданылып жүрген классификациялық жіктелуінің негізгі түрлері де 20-жылдардағы оқулықтардан басталады... С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев тәрізді ғалымдардың 50-жылдарға дейін қолданған сабақтас сөйлем компоненттерін сөйлем мүшелерінің атымен атаулары да осы 20-жылдардағы оқулықтардан басталған, - деп сын айтады [2, 60].

Біздіңше, Қ.Есеновтің бұлайша кезеңдерге бөліп қарастыруына түрлі жағдайлар әсер еткен. Біріншіден, ең басты себебі – ол кезде әлі қазақ тіл ғылымының негізін салушы, Т.Қордабаев айтып отырғандай, негізгі тіл терминдерін жасап кеткен, «ұлт көсемі» аталған А.Байтұрсынұлының аты саяси жаладан ақталмаған болатын. Қордабаевтың өзі де оны ашып айтпай, тек меңзеп қана отыр. Екіншіден, қазақ тілінің бағдарламасы мен оқулықтары алғаш рет 1930 жылдардың басынан жарық көрген. Осы жағдайларды ескере келіп, автор өз еңбегінде құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттелу барысын осылайша бөлуді жөн көрген секілді.

Дегенмен, сол алғашқы кезеңнің өзінде қазақ тіл білімі ғылымының теориялық негіздері сапалы ғылыми ізденістер негізінде қалыптаса бастағанын қазіргі зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан қазақ тілі синтаксисінің де теориялық берік негіздері сол алғашқы дәуірдегі қазақ тіл білімі классиктерінің еңбектерінде жатыр деп білеміз.

Ғалым Т.Қордабаев құрмалас сөйлем туралы қазақ тілінде айтыла бастаған алғашқы пікірлерді А.Байтұрсынов жазған «Тіл құрал» атты оқулықтан және оқу бағдарламаларынан кездестіруге болатындығын айтады. Ол: «Қазірде қолданылып жүрген басқа да көптеген лингвистикалық терминдер сияқты «құрмалас» сөзі сол оқулықтардан (20-жылдардағы) басталып еді. Терминнің мағынасы өзі атау болған категорияның мазмұнына сай келеді. Өйткені құрмалас деген атаумен аталатын сөйлем - екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын күрделі категория. Кейбір ғалымдар (Қ.Жұбанов) құрмалас сөйлем деген атауды «күрделі сөйлем» дегенмен ауыстыруды да ұсынды, бірақ бұл термин сіңісе алмады» - дейді[3, 14]. Ғалым қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесіне қатысты зерттеулердің отызыншы жылдардың аяқ кезінен бастап молырақ көріне бастағанын айтады. Бұл арада құрмалас сөйлемнің беделді зерттеушілеріне А.Байтұрсынов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтарды жатқызады.

Осы ізбен құрмалас сөйлем теориясын кейінгі кезеңде зерттеп жүрген Т.Ермекова Қ.Есенов атап өткен үш кезеңге төртінші кезеңді қосты. Себебі, төртінші кезең алдыңғы озық идеялы аға буын өкілдерінің ізін жалғастырушы жас ғалымдар легін қалыптастыстырды деп көрсетті. Ғалым олардың қатарында Р.Әмір, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, Б.Шалабай, Ж.Жақыпов, Б.Сағындықұлы т.б. ғалымдарды жатқызады[4, 17].

Біз де зерттеу жұмысымызда, жоғарыда айтып өткеніміздей, негізгі үш кезеңді ұсындық. Алғашқы кезеңді «қазақ тіл білімінің классиктер дәуірі» деп атадық. Бұл кезеңде құрмалас сөйлемнің зерттелуі, негізінен, оқулықтар мен бағдарламалардың төңірегінде практикалық тұрғыдан қалыптасты деп айтылып жүргенімен, шын мәнінде, қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясы мен тәжірибесінің алуан бағытта қарастырылып, негізі қаланған кезең – осы. Кейінгі зерттеулердің бәрі дерлік күні бүгінге дейін осы алғашқы бастауларға соқпай өте алмайды. Бұл еңбектердегі ғылыми-теориялық тұжырымдар уақыт талабына орай қайта қаралып жатса да, олардың берік негізі, зерттеу жүйесінің ғылыми және практикалық тұрғыдын тереңдігі, тілдік деректерді жан-жақты қарастыруы, пікірлер әралуандығы олардың ғылыми әлеуетінің мықтылығын көрсетіп келеді.

Кейінгі жылдары (1950-1980) құрмалас сөйлем теориясына қатысты мәселелер де ғылыми тұрғыдан жан-жақтылыққа ұмтылып, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардан басқа, монографиялар, ғылыми диссертациялар түрінде де зерттеле бастады. Бірқатар еңбектерде құрмалас сөйлемнің методикалық мәселелері зерттелді. Мақалалар жарияланып, ғылыми айтыстың төңірегінде дискуссияға айналды. Бұлар өзінің жемісін беріп, көптеген ғылыми мәселелердің шешімін табуға, жаңа бағыттарды белгілеуге ықпал етіп отырды.

Дегенмен, осы кезеңнің 70-80 жылдарында қазақ тілі синтаксис саласының кеңінен зерттелуінде баршама баяулықты байқауға болады. Қазақ тіл білімінің өзге салаларына қарағанда, осы кезеңде синтаксис саласында көрінген ғалымдар да санаулы ғана. Әрине, бұл олқылық, кейінгі үшінші кезеңдегі ғылыми ізденістер арқылы толысты.

Үшінші кезеңде (90-жылдардан бері қарай) құрмалас сөйлем теориясы жаңа қырынан – қатысымдық, қызметтік тұрғыдан, антропоөзектік парадигмалар тұрғысынан зерттелуге бет алды. Бұрынғы мәселелер қайта қаралып, жаңаша көзқарастар туындады. Құрылымдық бағыт ығыстырылып, алдыңғы орынға функционалдық бағыт шықты. Сөйтіп, құрмалас сөйлем синтаксисінің бірқатар қалыптасқан көзқарастары жаңаша қарастырылып, жаңа мәселелер алға қойылды.

1.2 Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем теориясы қалыптасуының классиктер кезеңі.

Екінші тараушада 20-40 жылдардағы классиктер кезеңін кейінгі – 50-80 жылдардағы және онан кейінгі уақыттарда жарық көрген ғылыми әдебиеттер деректерін пайдалана отырып, мүмкіндігінше, кеңірек көлемде қарастырып, алғашқы кезеңдегі құрмалас сөйлем теориясына қатысты ғылыми көзқарастардың тіл ғылымы дамуының қазіргі ахуалына қаншалықты ықпал жасап отырғандығын саралау көзделді.

Алғашқы кезеңде қазақ тіл білімінде «құрмалас сөйлем» деген атау қалыптасып, аталмыш мәселе оқулықтар мен бағдарламалар деңгейінде зерттелуімен қатар, бұл кезеңдегі А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, C.Аманжолов, Н.Сауранбаев сынды ғалымдардың еңбектерінде құрмалас сөйлем мәселелері әр қырынан қарастырылды. Ең алғаш құрмаластық құрылымның маңызды мәселелеріне қалам тартқан ғалым Ахмет Байтұрсынов болды. Ғалымның «Тіл құрал» деген атпен 1925 жылы шыққан еңбегінде: «Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: бірі – ішкі мағына жақындығы да, екіншісі – сыртқы қисын жақындығы» дегенді айта келіп, жай сөйлемдер бір-бірімен бірігіп, бір құрмалас сөйлем болу үшін олардың арасында осы екі жақындықтың, ішкі мағына жақындығы мен сыртқы қисын жақындығының болуы керек» делінген [5,300]. Бір сөзбен айтқанда, құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен мағыналық та, тұлғалық та қатынаста болуы керек.

Ғалым құрмалас сөйлемді сыйысулы және қиысулы деп екіге бөліп қарастырады. Осындағы қиысулы құрмаласты салалас және сабақтас құрмаластарға бөліп, мағыналық түрлерге ажыратады. Мұндағы көңіл бөлетін бір жайт – сабақтас құрмаластың басыңқы және бағыныңқы сыңарына берген пікірлерінде. «Басыңқы сөйлемнің бағыныңқы сөйлемнен гөрі сөйлемдік қасиеті молырақ. Басыңқы сөйлемді өз алдына оңаша алып айтқанда да, мағынасы толық, ой тыңғылықты айтып, біткен болып тұрады. Бағыныңқы сөйлем – бітпеген шала сөйлем»[5,303]. Ғалымның сонау тіл білімі ғылымының алғашқы кезеңінде айтқан бұл пікірлерінен қазіргі кезде актуальды түрде қарастырылып жүрген синтаксистік компоненттер мәселесін туындатуға болады. Себебі, А.Байтұрсыновтың айтып отырған «шала сөйлемдері» құрмалас сөйлем компоненттерін жай сөйлем деп қарауға емес, жай сөйлем типтес құрылым ретінде тануға бағыт береді. Жалпы алғанда, ғалымның көзқарастарынан тілдік құбылысты мағыналық тұрғыдан, мағынаға баса мән бере зерттеуге бейім екендігін аңғарамыз.

Сондай-ақ, ғалым қазақ тіліндегі көп компонентті құрмаластар жөнінде алғаш пікір айтқан. А.Байтұрсынов бұларды өрнекті сөйлемдер деп атап, мынадай анықтама берген: «Өрнекті сөйлем деп құрмаластардың бастары қосылып, кестелі болып құрылуын айтамыз. Ондай сөйлемдер нақ текеметке, яки кілемге салған түр сияқты болмағанымен, өрнек-өрнегімен айтылады. Өрнекті сөйлемді айтқанда, дауыс көтеріліп, төмендеп, әнше оралып, қайырылып отырады. Сондықтан өрнекті сөйлеу «оралым» деп аталады» - дейді [5,310]. Тілдің қызметтік бағытының алғашқы зерттеулерден-ақ көріне бастағанына осы және өзге де осы тәрізді көзқарастар айғақ бола алады.

Ал, Қ.Жұбанов «құрмалас сөйлем» деген терминді «күрделі сөйлем» деп атауды жөн көрді. Бұл алғашқы кезеңдегі пікір кейінгі ғалымдардың құрмаласқа берген анықтамаларынан көрініс тапқан. Себебі, ғылыми әдебиеттерде қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді зерттеген ғалымдардың көпшілігі оның кем дегенде екі жай сөйлемнен құралатынын, күрделі ойды білдіретінін ортақ пікір ретінде ұстанды.

Ғалым салалас сөйлемдерді ажыратуда тек олардың формалық белгілеріне қарап қоймай, мағыналық мәндерін де басшылыққа алу керек деп есептеген. Осыған орай Нұрымдікіне келсек, өзі кетіп қалған екен. Қой маңырап, түйе боздап, ауыл у-шу тәріздес сөйлемдерді салалас құрмаластың қатарына жатқызған[6, 358]. Дегенмен, мұндай сөйлемдер кейінгі зерттеулерде сабақтас құрмалас деп танылған.

Ал, сабақтас сөйлемнің жасалу жолынан тек шартты рай тұлғасы көрсетілген, мұның өзінде де оның құрамында қатыстық етістіктері (сілтеу, сұрау есімдіктері) қолданылатын түрі ғана ескерілген. Сөйтіп, сабақтас құрамалас сөйлемдер құрамындағы осындай сұрау, сілтеу есімдіктерінің қолданылу ыңғайына қарай жіктелген. Автор сабақтас құрмалас сөйлемдерді жеті топқа бөледі: бастауыш бағыныңқы, баяндауыш бағыныңқы, септес бағыныңқы, іліктес бағыныңқы, шақтас бағыныңқы, жанас бағыныңқы, қабыс бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемдер[6, 360]. Әйтсе де, ғалымның бұл бөлуі ғылымда орныға қойған жоқ.

Тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдер жүйесінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті мәселелерін танып білуде профессор С. Аманжоловтың ғылыми тұжырымдарының, атап айтқанда, сөйлем теориясының негізгі грамматикалық сипаттары, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің ара жігін айқындау, үйірлі мүшелі конструкциялардың жаратылысын тану, сөйлемдерді топтастыру мен олардың жіктелу принциптері, сөйлем теориясының даму жолдарына қатысты тұжырымдарын қарастыруының маңызы зор болды.

Осы мәселелердің ішінде, С.Аманжолов құрмалас сөйлем синтаксисіндегі даулы мәселелердің бірі үйірлі мүшенің табиғатымен тығыз байланысты екенін дұрыс аңғарып, алғашқылардың бірі ретінде оларды жай сөйлем қатарында таныды және мағыналық принципті алғаш рет басшылыққа алды. Құрмалас сөйлем синтаксисіне тән заңдылықтарды қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі, төл табиғаты тұрғысынан қарастыруды көздеді. Құрмалас сөйлемді төрт түрге бөліп қарады: салалас, сабақтас, аралас және тиянақты бағыныңқысыз сабақтас. Құрмалас сөйлемнің төртінші түрін, яки тиянақты бағыныңқысыз сабақтастар деп атаған түрін автор поэзиялық шумақтармен келетін сөйлем түрі ретінде таниды, оны қазіргі грамматикамызда тиянақты бағыныңқысыз демей, көп бағыныңқылы сабақтас түрінде қолданып жүр.

Ғалым С.Жиенбаев 1941 жылғы «Синтаксис мәселелері» атты кітабында салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерді ажырата отырып, әрқайсысын талдайды, әйтсе де, аралас құрмалас сөйлемді өз алдына бөлек категория ретінде қарамайды. Себебі «аралас құрмаластың өз алдына бір бөлек заңдары жоқ» деп көрсетеді[4, 10]. Автордың айтуынша, аралас құрмалас сөйлем салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдердің араласып келуінен тұрады. Сондықтан оны өз алдына бөлек сөйлем түрінде қарамай, құрмалас сөйлемнің екі түрі бар деп дәлелдейді. Бұл пікірді қазіргі кезде де ұстанушы ғалымдар бар.

Қарастырып отырған кезеңде қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелуіне Н.Сауранбаевтың қосқан үлесі зор. Н.Т.Сауранбаев өз шығармашылығының нағыз шарықтау кезеңінде құрмалас сөйлем синтаксисі мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Ғалым құрмалас сөйлемдердің табиғатын танып, тарихына көз жүгіртумен бірге, ішкі-сыртқы заңдылықтары мен ерекшеліктерін, жасалу жолдары мен жұмсалуын қарастырып, синтаксистік қызметін саралады.

Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің негізгі белгілері ретінде мыналарды көрсетеді:


  1. Құрмаластағы синтаксистік компоненттерде айтылатын ойдың дербестігі;

  2. Компонентте дербес бастауыш пен баяндауыштың болуы;

  3. Құрмаластағы компоненттердің интонациялық жігі айқын болуы [7,153].

Классиктер дәуірінің ерекшелігі олардың еңбектеріндегі ғылыми көзқарастардың әр алуандығымен, ғылыми проблемаларды еркін көтеруімен, ғалымдардың эрудициясының мықтылығымен, алдарына үлкен міндеттер мен мақсаттар қоюымен, сол кезеңдегі қазақ мәдениеті мен тілінің болашағын тереңнен ойлаған патриоттық ұмтылыстарымен ерекшеленеді. Қазіргі тіл білімінде жаңашылдық ретінде танылып жүрген функционалдық, коммуникативтік бағыттағы көзқарастардың негізі сол классиктер дәуіріндегі еркін ізденістерден аңғарылып отырады.

Диссертацияның екінші бөлімі «Құрмалас сөйлем теориясының қазақ тіл білімінде 50-80 жылдарда онан әрі зерттелуі» деп аталады. Онда орыс тіл біліміндегі синтаксис саласындағы зерттеулердің тіліміздегі құрмалас сөйлем теориясының дамуына тигізген ықпалы туысқан түркі тілдерінің зерттелуімен сабақтастырыла отырып баяндалады және қазақ ғалымдарының 50-80 жылдары құрылымдық тіл білімі бағытындағы қалыптасқан көзқарастары бүгінгі күн тұрғысынан саралана баяндалды.



2.1 Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының дамуына орыс және туысқан түркі тілдері тіл білімінің әсері.

Бұл тараушада А. Шахматов, А. Пешковский, Н. Шведова, М. Алехина, Н. Поспелов, В. Богородицкий, В.А.Белошапкова т.б. орыс тіл білімін зерттеуші ғалымдар мен М.Ш.Ширалиев, С.Дж. Наджафова, Г.А.Абдурахманов, Н.Нартыев т.б. түркітанушылардың еңбектеріндегі қазақ тіл біліміне әсер еткен көкейтесті мәселелер талданды.

Тіл білімінде құрмалас сөйлемдер туралы зерттеуші-ғалымдардың пікірі екіге жарылады. А. Шахматов, А. Пешковский, Н. Шведова, М. Алехина сияқты басқа да көрнекті ғалымдардың бір тобы синтаксистік байланыс негізінде жай сөйлемдердің тіркесуі арқылы жасалған сөйлемдерді құрмалас сөйлемдер деп таниды да, синтаксистік компоненттердің байланысу жолдарын алғашқы орынға қояды. [8, 10]. Ал, Н. Поспелов, В. Богородицкий т.б. ғалымдар тұтас сөз тәртібі және интонациясы бар бір коммуникативтік бірлік ретінде берілетін тұтас синтаксистік құрылымды құрмалас сөйлемдер деп санайды[8, 11]. Ғылыми бағытта зерттелуі тек кеңестік кезеңде ғана жүзеге аса бастаған қазақ тіл білімінің құрмалас сөйлем синтаксисі осы құрылымдық принципті негізге ала отырып дамыды.

Жалпы кеңестік тіл білімінің, соның ішінде түркі елдері тіл білімінің де, ол дәуірдегі дамуы орыс тіл білімімен тікелей байланысты болғаны белгілі. Бұл үрдіс әсіресе 50 – жылдардан бастап кең қанат жая бастады. Ал өз кезегінде орыс тіл білімі батыстық, әлемдік тіл білімімен байланысып жатты. Ғылым көкжиегіне шек қоюға болмайтыны белгілі. Ғылыми идеялар бірі мен бірі байланысып, бірін бірі байытып жатса, онан ғылым тек қана пайда көреді, табыстарға жетеді.

Орыс тіл білімінде орын алған интонациялық теория туыстас түркі тілдерінің де кейбірінің ғылыми зерттеу бағытына ықпал еткені белгілі. Мұнда интонацияны құрмалас сөйлемнің құрылымдық-мағыналық түрлерін ажыратуда негізгі критерий етіп алу үрдісі болды. Бұл бағыт көп ұзамай-ақ сынға ұшырап, теріске шығарылды. Ал, 80-90 жылдарда құрмаластық құрылымдардың интонациялық жағын эксперименттік тұрғыдан зерттеулер жасала бастады. Дегенмен, интонацияның құрмаластардың ішкі табиғатын айқындауда нақты тиянақ бола алмайтыны қазіргі тіл білімінде айқын мойындалған жай.

Қарап отырсақ, осы мәселелер қазақ тіл білімінде де әліге дейін маңызды болып отырғанын көрер едік. Яғни проблемалар ортақ деген сөз. Құрмалас сөйлем категориясының қазақ тіл білімінде де кешеулеу қолға алынғаны, оның алуан түрлі обьективтік және субьективтік себептері болғаны белгілі.



2.2 Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем теориясының 50-80 жылдарда орнығып қалыптасуы

50- жылдардан бастап қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдер туралы еңбектер орыс тіл біліміндегі қалыптасқан пікір, көзқарастарды ұлттық тіл деректері негізінде ескере келіп, алдыңғы классиктер дәуірі (20-40 ж.ж.) зерттеушілерінің еңбектеріндегі құрмалас сөйлем мәселелеріне қатысты соны идеяларды жалғастыра дамыды. Бұл кезеңдегі зерттеу еңбектері, негізінен, жоғары оқу орындарына арнап жазылған оқулықтар, сондай-ақ ғылыми монографиялар түрінде зерттелді, диссертациялар қорғалды.

М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, С.Исаев, М.Серғалиев, Р.Әмір, Ұ.Салиева, Қ.Мамытбеков сынды ғалымдардың құрмалас сөйлем төңірегіндегі пікірлері мен көзқарастары құрмалас сөйлем теориясы жайындағы классиктер кезеңінің зерттеулерін толықтырып, құрылымдық бағытты толық қалыптастырды.

Бұл жылдары құрмалас сөйлемнің негізгі мәселелерінің қатарына салаластық және сабақтастық мәселесі, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем айырмашылықтары, бағыныңқы сөйлемдердің басыңқымен байланысу амалдары және олардың типтік түрлері, т.б. кірді.

Т.Қордабаев құрмалас сөйлемге «екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын құранды категория» деп қарайды. Ол құрмалас сөйлемнің төрт түрлі негізгі белгілерін көрсетеді:

1. Құрмалас сөйлемнің әрбір компоненті, мейлі ол тиянақты болсын бәрібір, сөйлемдік мағынаға ие болуы, бір ойды қамтуы керек.

2. Құрмалас сөйлем компоненттерінің білдіретін мағыналары бір-біріне жақын, қандай да болмасын белгілі бір дәнекерлер арқылы ұштасып жататын желілес күрделі ой болады. Компоненттерді ұштастыратын дәнекер мағыналық та, тұлғалық та болуы мүмкін.

3. Құрмалас сөйлем құрамына енетін әр компонент, мейлі ол тиянақты болсын, мейлі тиянақсыз болсын бәрібір, жалпы сөйлемге тән қасиеттерге ие болуы шарт[3, 10].

Сондай-ақ, профессор Т.Қордабаев сабақтастарды бағыныңқы сыңардың сипатына қарап жүйелеу принципін қолдамайды. Бұл жөнінде ғалым: « ...классификацияланатын бағыныңқы компонент емес, сабақтас құрмалас сөйлем ғой. Бағыныңқы компоненттің мағынасы басыңқы компонентке тіркесе айтылғанда, сөйтіп бір бүтін болғанда айқындалады» дейді[2, 194]. Сондықтан, сабақтас құрмалас сөйлемдерді бағыныңқылармен атаудың қате екендігін түсінетін уақыт жеткендігін тілге тиек етеді. Мұны қазіргі кезде де ғалымдар дұрыс пікір ретінде мойындайды.

Құрмалас сөйлем синтаксисін жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі – Қ.Есенов. Ол құрмалас сөйлемнің жасалу табиғатына жеке жай сөйлемдердің өзара бірігу заңдылықтарын ғылыми жағынан терең зерттеп, тіл білімінің синтаксис саласына үлкен үлес қосты. Ғалым 1961 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер» атты тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғады. Бұл еңбек осы атпен арнайы монография болып жарыққа шықты[1].

Құрмалас сөйлемнің 1950-80 жылдарда дамуында алдыңғы буын еңбектерін жалғастырып, негізінен, ауызекі сөйлеу тілі деректері бойынша зерттеуге еңбек еткен ғалым – Р.Әмір.

Осы кезеңде қазақ тілінің жекелеген салаларын зерттеуге атсалысқан бірқатар тілші ғалымдардың болғандығын да жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Солардың қатарында Ұ. Салиева мен Қ.Мамытбеков еңбектері атап өтуге тұрарлық.

Сонымен, 1950-80 жылдарда құрмалас сөйлемнің құрылымдық-мағыналық сипаттары біршама толық айқындалғандай болды. Бұл жөнінде Т.Қордабаев: «Ғылым дамуының бүгінгі сатысында бұл мәселені құрылымдық жағынан да, оны құрайтын элементтердің бір-бірімен байланысу тәсілдері жағынан да, классификациясы мен терминдік жағынан да бір жүйеге түсіп, жұртшылық қабылдап, орнықты дәстүрге айналды, сол сияқты құрмалас сөйлемдерді ажыратуға қажетті критерийлер бұл күнде тегіс ашылды деуге болады»- деген пікір айтады[2,193]. Дегенмен, тіл атты әмбебап құралдың алуан түрлі ішкі-сыртқы мәселелерін толық зерттеп түгендедік деудің қате болатынын келесі кезеңдегі ғылыми зерттеулер көрсетіп берді.

Үшінші тарау «Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисінің функционалдық бағытта зерттелуі» деп аталады. Онда қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің 90-жылдардан бері қарай, яғни бүгінгі күнге дейін қарастырылып келе жатқан мәселелері сөз болады, функционалдық бағыттың жаңалықтары, жаңаша көзқарастар қарастырылады.



3.1 Жаңа кезеңдегі ғылыми ізденістердің әр алуандығы

Тілді құрылымдық және функционалдық аспектіден басқа бағыттарда да жан жақты зерттеулер қолға алынып отыр. Мысалы, синтаксис саласының өзі логикалық, семантикалық, коммуникативтік, прагматикалық т.б. аспектілерде қарастырылуда. Бұл тұрғыдан ғалымдар Ж.Жақыповтың, З.Ш.Ерназарованың, Т.Ермекованың, Ф.Ш.Оразбаеваның, Д.А.Әлкебаеваның, Б.Сағындықовтың, А.Алтаеваның, Қ.Ө.Айтмұхаметованың, Ш.Бекмағамбетованың т.б. ғалымдардың диссертациялық еңбектері мен мақалаларын атап айтуға болады. Бұл еңбектердің басты ерекшелігі қазақ елінің егемендік алуымен байланысты ғалымдарымыздың еркін ойлауына, өз көзқарастарын ашық айтуына, сонымен қатар ғылыми идеялардың жан-жақты көріне алу мүмкіндігінің молаюына байланысты болды. Қазірде осы аталған зерттеу бағыттарының әралуандығы негізінде оларды жалпылай, жинақтай келіп, негізгі екі бағытты ажыратады:



  1. құрылымдық-семантикалық бағыт;

  2. функционалды- семантикалық бағыт.

3.2 Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясында коммуникативтік, функционалдық бағыттың орнығу үдерісі.

Функционалдық бағыттағы ізденістер бүгінгі күннің ғана жемісі емес, ол қазақ тіл ғылымы дамуының өткен талай жылдар бойындағы дамуының да нәтижесі. Қазірде функционалды грамматика деп аталып жүрген бағыттың негізгі қағидалары да осы тіл табиғатын тереңдей тану талабынан туындайды. Функционалды грамматикада тіл сөйлеу деңгейінде (речь) танылып, динамикалық тұрғыда қарастырылады. Мұнда тілдік бірліктер мен тіл жүйесінің сөйлеудегі қызметі, жұмсалымы сөйлеу жағдаятымен, контекспен бірлікте алып зерттеледі. Сөйлеу жағдаяты тілден тыс, ал контекстік немесе сөйленімдік орта тілдік болып танылады.

Қазіргі таңдағы функционалдық бағыттағы негізгі ұстанымдары ретінде профессор Р.С.Әмір көзқарастарын қарастырамыз. Біздіңше, ғалымның басты бір жаңалығы – «құрмалас сөйлемдер табиғаттағы заттардың, адамдардың іс-әрекетіндегі байланыстарды көрсетеді» деген тұжырымы. Әдетте құрмаластар «күрделі ойды білдіреді» дейтін, мұны Р.Әмір «құрмаластар күрделі пікірді білдіреді» деп өзгерткен. Әрине «күрделі ой» және «күрделі пікір» арасындағы ерекшелікті автор ашып айтпаған, дегенмен қалыптасқан «күрделі ой» ұғымының құрмалас сөйлемнің тілдік табиғатын айқын аша алмайтындығы белгілі. Біріншіден, осы «күрделі ой» дегеннің қандай ой екендігі туралы нақты түсінік жоқ. Кей авторлар ішінара оны «екі не онан да көп ой» деп түсіндіретін жайлары кездеседі, бірақ бұл да сенімді көзқарас бола алмайды. Себебі, құрмалас сөйлем компоненттері қосылып, тіркесіп келіп бір ғана грамматкалық тұтастық болып, бір ғана грамматикалық ойды (синтаксистік қатынасты) білдіреді. Сондықтан да біз құрмалас сөйлемнің тілдегі қызметінің, жалпы құрмалас сөйлем категориясының тілде пайда болуының негізінде оның жаратылыс-болмыстағы алуан түрлі құбылыстар арасындағы байланыстарды синтаксистік қатынастар (мағына) түрінде бейнелеу қызметі тұрғандығы туралы пікірді құрмалас сөйлем категориясының тілдік қызметін айқын бейнелеген жаңаша көзқарас деп танимыз[9].

Құрмалас сөйлем категориясын функционалдық, коммуникативтік тұрғыдан зерттеудің бірқатар ерекшеліктері құрмалас компоненттерінің байланысу тәсілдерінің жаңа формаларының айқындалуымен де ерекшеленеді. Мәселен, интонацияның сөйлем табиғатын өзгертіп, синтаксистік қатынас жасау, яғни, мағынаны ажырату қызметі бар екендігі туралы Ш.Бекмағамбетов пікірі назар аударарлық[10]. Автор интонация қызметінің шешуші мәнін түсіндірмелі қатынас жасайтын –дай/-дей жұрнақтары арқылы жасалған құрмалас сөйлем мысалдарынан айқын көруге болатындығын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, функционалдық, коммуникативтік бағыт құрмалас сөйлем жүйесін тереңдей зерттеуге үлкен жол ашты.

3.3 Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясының әдістемелік тұрғыдан зерттелуі.

Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем синтаксисі, шын мәнінде, мектепте 1939 жылдан бері оқытылып келеді. 1940-1950жылдардағы басты мәселе қазақ тілі методикасының іргесін көтеру болды. Бұл абыройлы істі жүзеге асыру А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сынды алыптар кезеңінен басталып, келесі кезеңде белгілі әдіскер ғалымдар Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Х.Басымов, С.Қазыбаев, Б.Құлмағамбетова т.б. қазақ тілі методикасының негізін салушылардың үлесіне тиді. 1960-жылдан бастап, құрмалас сөйлемнің мектеп, жоғары оқу орындарда оқытылу жағы баса назарға алынып, методикалық зерттеу еңбектері көптеп шыға бастады.

Тиімді әдістерді өз мақалаларында сөз еткен С.Қазыбаев 1969 жылы «Сабақтас құрмалас сөйлемдерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» деген тақырыпта диссертациялық зерттеу еңбегін жазды[11]. Мұнда оқушыларға өздігінен жұмыс орындатудың методикасы жан-жақты баяндалды. Қазақ тілі синтаксисінің методикасы хақында бірнеше монографияның авторы Х.Арғынов өз кезеңінде жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерінің көпшілігіне тоқталып, құрмалас сөйлем синтаксисін оқытуға өз үлесін қосты. 1969 жылы автордың «Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері» атты көлемді монографиясы жарық көрді[12]. Бұл аталған методикалық еңбектер 1950-80 жылдарға қатысты.

1990 жылдан бастап мектептегі оқыту, тәрбие жұмыстарының мазмұнын, әдістерін жетілдіру бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары іске аса бастады. 1991-1992 жылдары мектептегі әрбір пәнді жаңаша оқыту тұжырымдамасын жасау міндеті қойылды. Осыған орай, жаңа ілімнің негізін салушы Р.Әмірдің «Қазақ тілін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру концепциясы» жарияланып, онда болашақта қазақ тілін оқытудың негізгі бағыттары сараланып ұсынылды. Бұл еңбек тәуелсіздік алған еліміздің жаңа тұрпатты мектебінде қазақ тілін оқыту жүйесін жаңартудың әдіснамалық негізін қалаған еңбек болды. Сөйлеуге үйретудің тәсілдерін, амалдары мен жолдарын табуды ұсынды. Білім мазмұнында ой-пікірді білдіруге қатысатын түрлі күрделі тәсілдерді, тіл бөлшектерін қамту қажеттігіне тоқталды. [13, 219].

Қорытындыда диссертацияда қол жеткізілген ғылыми нәтижелер тұжырымдалып берілді. Жүргізілген зерттеу нәтижелерін дамытуға нақтылы ұсыныстар жасалды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер. – Алматы, 1969. – 191 б.

2.Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Рауан, 1991. – 252б.

3.Қордабаев, Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. – Алматы: Санат, 1995. – 176 б.

4.Ермекова Т.Н. Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің грамматикалық-семантикалық сипатына қатысы: филол. ғыл. д-ры. диссертациясы. – Алматы, 2007. –257 б.

5.Байтұрсынов, А. Тіл тағлымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.

6.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – А., 1966. - 365б.

7.Академик Сауранбаевтың еңбектері//Шығармалары Т.3. – Алматы, 2000.

8.Елшібаева Ә. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылымдық, функционалдық арақатынасы. /Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация/ - Алматы, 2006. 127б.

9.Бекмағанбетова Г.Ш. Қазақ тіліндегі шарт қатынасындағы құрмаластық құрылымдардың функционалдық-семантикалық табиғаты/ Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2010. 129б.

10. Бекмағамбетов Ш.Қазақ тіліндегі түсіндірмелі қатынастағы құрмаластардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктері. – Қызылорда: «Тұмар», 2009. -94б.

11.Қазыбаев С. Қазақ тілі сабақтас құрмалас сөйлемдерін оқытудың тиімді әдістері. – Алматы: Мектеп, 1971. 88 б.

12. Арғынов Х. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. –Алматы, 1969. 292б.

13.Әмір Р. Қазақ лингвистикасы және лингводидактика мәселелері. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. 287 б.




Диссертация тақырыбы бойынша мынадай мақалалар жарияланды:
1. Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем теориясының зерттелуінің негізгі бағыттары. «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ руханиятының көсемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2013ж., 165-169б.

2.Жалғаулықсыз іргелес салалас құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстырудағы интонацияның қызметі. «Қазіргі тіл білімінің басымдықтары және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2013ж., 218-220б.



РЕЗЮМЕ

автореферата диссертации на соискание академической степени

магистра педагогических наук по специальности

6М011700- Казахский язык и литература

Шынтасовой Гульзат Бурабаевны
Развитие теории сложного предложения в казахском языкознании

Актуальность исследования. Исследуемые в советскую эпоху, в основном, в аспекте структурного языкознания теоретические вопросы синтаксиса сложного предложения казахского языка начиная с последнего десятилетия прошлого века рассматривались на более перспективном коммуникативно-функциональном направлении, открывающее новые возможности в углубленном изучении основных теоретических вопросов синтаксиса сложного предложения. Актуальность темы диссертации заключается в определении достигнутых новых теоретических результатов синтаксиса сложного предложения казахского языка в этом новом направлений современного языкознания.

Цель и задачи исследования. Основной целью работы является определение основных этапов и научных направлений в развитии теории синтаксиса сложного предложения в казахском языкознании и выявление теоретических и практических новшеств в изучении вопросов, касающихся сложного предложения в коммуникативно-функциональном аспекте, доказать их научную значимость в дальнейшем изучении данной категории.

Для достижения поставленной цели необходимо решить следующие задачи:

- Анализировать идеи известных ученых, касающихся синтаксиса сложного предложения казахского языка;

- Рассматривать вопросы влияния на развитие теорий синтаксиса сложного предложения в казахском языкознании теоретических идей в русском языкознании и в языкознании соседних тюркоязычных странах.

-Соблюдая взаимосвязь взглядов структурного и коммуникативно-функционального направлений, определить новые, перспективные научные идеи по теории сложного предложения в современном языкознании и расскрыть их научную значимость для дальнейшего исследования категорию синтаксиса сложного предложения.

Научная новизна исследования. Научная новизна работы заключается в определении основных этапов и научных направлений развития синтаксиса сложного предложения казахского языка и выявлении новых актуальных идей, позволяющих в перспективе на более глубокое изучение данной категории.

Положения, выносимые на защиту: В диссертации как результат функционально-коммуникативного направления современной науки о языке определяются следующие научные идеи синтаксиса сложного предложения в казахском языкознании:

а) новый подход к определению основной функции категории сложного предложения;

б) новый подход к различению своеобразных функциональных особенностей в языке простого и сложного предложений;

в) становление в языкознании новых критериев определения компонентов сложного предложения;

г) выявление, ранее не установленных исследователями новых способов связи между компонентами сложного предложения и определения их, в частности, синтаксических отношений;

д) новый подход к изучению многокомпонентных сложных предложений и бессоюзных сложных конструкций.



Структура работы. Магистрская диссертация состоит из введения, трех глав, заключения и списка использованной литературы.

SUMMARY

Abstract of thesis for academic degree of master of pedagogical sciences on specialty

6М011700 – the Kazakh language and literature

Shyntassova B. Gulzat

The development of a complex sentence in the Kazakh linguistics

The relevance of the research. In the Soviet time, mainly since the last decade of the twentieth century the problems regarding the theory of a complex sentence of the Kazakh linguistics which had been studied from the point of view of structure, were considered in the functional communicative direction that gave new possibilities to improve the theory of a complex sentence.

The aim and the objectives of the research. The main aim of the research is to identify the basic periods of studying the complex sentence category in the Kazakh linguistics, to demonstrate the theoretical and practical innovation in the formation and development of syntax of complex sentence, their essence and significance in the Kazakh linguistics. To achieve this aim, the objectives should be performed as follows:

  • to analyze the basic conclusions regarding the research of complex sentence category in the Kazakh linguistics which were published in the scientific works before;

  • to analyze the problems of studying the system of complex sentence in the Kazakh language taking into consideration the theoretical issues regarding the syntax of the Russian linguistics and other Turkic languages;

  • to determine the new views on the theory and practice of complex sentence of the Kazakh language, to reveal their scientific and practical significance while maintained the conformity between the requirements of the structural linguistics and communicative, functional linguistics.

The scientific novelty of the research. The main scientific novelty of the research consists in analyzing and identifying the latest scientific and practical achievements of syntax of a complex sentence in the Kazakh language.

The basic issues submitted for the defense:

As the achievements of functional linguistics regarding the syntax of the Kazakh language, the innovative nature of the following issues will be substantiated in the thesis:

a) the new determination of the basic function of a complex sentence category in the language;

b) the new explanation of main peculiarities of language function of complex and simple sentences;

c) the formation of a new view in recognition of components of a complex sentence;

d) the start of forming new views regarding the linguistic nature of multi-compound complex sentence and related classifications.



The structure of the work. The dissertation consists of introduction, three chapters, conclusion and resources.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет