«Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында өз ұстанымыңды дәлелдеп жаз
«Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімділігіне сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер болып саналады», - деп Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейтін нағыз қоғам дерті әрі ғаламдық індет. Ендеше, бұл індет неліктен кеңінен тамыр жаюда?
Менің ойымша, қазіргі кезде көпшілік материалдық құндылықтарды адами құндылықтардан жоғары қояды. Адамдардың көксейтіні жақсы тұрмыс, қымбат көлік, зәулім сарай, үлде мен бүлде. Ақшаның соңында кетіп түрлі қылмыстарға бой алдырып, жемқорлыққа жол береді.
Енді, осы дертпен қалай күресеміз? Осы орайда, халқымыздың «Малым жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деген нақыл сөзі еске түседі. Яғни, ата-бабамыз ар-ожданын өте жоғары бағалаған. Қазіргі жаһандану ғасырында ұлттық құндылықтарымызға, біздер, болашақ ұрпақ берік болуымыз керек.
Біріншіден, ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлінуі тиіс. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі. Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын бойына сіңіріп өскен баланың жүрегі «Елім, жерім, ұлтым» деп соғатын болады. Ол өз елінің нағыз жанашыры, патриоты болатыны сөзсіз. Сондықтан, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне аса көңіл бөлу- сыбайлас жемқорлықпен күресудегі жүзеге асырылуы қажет ең маңызды шаралардың бірі.
Екіншіден, болашақта жемқорлыққа төтеп бере алатын ұрпақ, ол - білімді әрі өз құқығын қорғай алатын жалынды жастар. Өйткені, білімді азамат кез-келген уақытта өз құқығын қорғауға қабілетті.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі екендігі анық. Егер де елімізде көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қатары артса, міндетті түрде « сыбайлас жемқорлықсыз» болашаққа қол жеткіземіз. Сол кезде елімізде экономика қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарады деп ойлаймын. Сонда ғана қоғамның мемлекетке деген құрметі мен сенімі артып, сыбайлас жемқорлық құрдымға кетеріне сенімдімін.
Қорытындылай келе айтарым, «сыбайлас жемқорлық» мемлекет үшін өте қауіпті кесел. Себебі, ол мемлекеттің дамуын тежейді, дағдарысқа ұшыратады. Қоғамымызда ұлттық мәдениеті жоғары, рухани дүниесі бай, әділетті де, сауатты азаматтар көбейсе, бұл індетті тамырымен жоюға болады. Әрбір азамат қоғам мен болашақтың өзгеруін қаласа, сол өзгерістерді тап қазір жасаған жөн. Мен, қоғамның бір мүшесі ретінде, осы індетпен күресу жолында өз үлесімді қосқым келеді. Алған білімімді, туған халқыма адал қызмет етуге жұмсаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |